аса кауипты
.docxЖітілеу түрінде ауру белгілері нашар байқалады, баяу дамиды. Ауруға шалдыққан малдар жүдейді, әлсірейді, аяқтары іріңді қабынып, тұяқтары түсіп қалады. Ауру 15-30 күнге созылып, малдар баяу сауыға бастайды. Мұндай ауру ағымдары жергілікті қой тұқымдарына тән болады.
Абортивті түрінде дене қызуы қысқа уақытқа көтеріледі, симптомдары нашар байқалады. Гиперемия, қанталау, жара, ісік, тілдері сыртқа шығып тұрады. Жануарлардың біраз бөлігі организмнің сусыздануынан өлімге ұшыраса, қалған бөлігі іш тастайды немесе тіршілікке бейімсіз кем-тар төлдер туылады.
Патологоанатомиялық балауы. Өлекселер жүдеу, ауыз бен мұрын қуыстарының кілегейлі қабаттары, еріндері, қызыл иектері, тілі ісінген, гиперемияланған, эрозияланған және жаралар болады. Мойын, жауырын мен арқасының тері астында қызыл түсті желатинделген учаскелер байқалады. Бұлшық еттері, жіңішке ішектері, миокарды мен эпикарды, тыныс жолдары мен қуықтың кілегейлі қабаттары, бауыры мен бүйрегі қанталаған.Лимфа бездері мен талағы ұлғайған болады. Тұяқ аумақтарында іріңді процесстер көрінеді. Ошақтық бронхопневмония, ателектазалар мен эмфиземалар екінші ретті белгілер болып саналады.
Дифференциалдық балауы. Қойлардың катаральды қызбасын (Блютангты) қой мен ешкілердің контагиозды эктимасынан, аусылдан, везикулярлы стоматиттен, Рифт алқабының қызбасынан, Найроби ауруынан, жүрекке сарысудың жиналуынан, ірі қараның вирустық диареясы мен жұқпалы ринотрахеитінен, қатерлі катаральды қызбадан, ценуроздан, және некробактериоздан ажырату қажет.
Зертханалық балауы. Вирустарды өсіру. Вирусты 6-8 және 11-13 күндік тауық эмбриондарында, жаңа туылған тышқан мен қалтаауыз балаларының организмінде, қозы мен ірі қара эмбрионының бүйрегінен дайындалған алғашқы жасуша өсінділерінде, ВНК-21, МВ-2, VERO және HeLa жасуша өсінділерінде өсіруге болады.
Блютанг вирусы бар материалды тауық эмбриондарының сарыуыз қапшығына және хориоалантоис қабықшасына жұқтырғаннан кейін, 33,6оС-де инкубациялнған тауық эмбриондары 3-6 күннен кейін өледі. Мұндай тауық эмбриондарының түсі қою-қызыл түске иемденеді. Олардың бұлшық ет ұлпалары, бауыры мен миында дегенеративті өзгерістер байқалады. Интрацеребральды жолмен жұқтырылған тышқан мен қалтаауыз балаларының миында вирустар көп мөлшерде жиналып, энцефалит белгілері байқалады да, 3-5 күннен кейін олар өлімге ұшырайды. Ересек тышқандардың организмінде вирустар жиналғанымен, инфекция инаппарантты түрде өтіп, онда жиналған вирустардың 1 грамм ұлпадағы концентрациясы 106-108 ЛД50/г құрайды.
Қозылардың бүйрегінен дайындалған алғашқы жасуша өсінділерінде адаптацияланған вирустарды ВНК-21, МВ-2, және HeLa жасуша өсінділерінде өсіруге болады. Зақымданған ВНК-21 жасушалардағы өзгерістер 18 сағаттан кейін пайда болып, олардың толық деструкциялануы 59 сағаттан соң байқалады. Мұндай жасушалар дөңгеленеді, цитоплазма құрамындағы заттар редукцияланып, жасуша құрылымы өзгеріске ұшырайды. Жасушалардың цитопатогендік өзгерістері вирустардың титріне байланысты болады. Блютанг вирусы жұқтырылған жасушалардың ішінде өзек тәрізді бөлшектер 12-16 сағаттан соң пайда болады.
Биосынама. Қойларға вирусы бар материалды интраназальды, интрацеребральды жолмен, қан тамырға, құрсақ қуысына, тері астына, тері ішіне, бұлшық етіне егу арқылы жұқтыруға болады. Қан тамырына вирулентті вирусы бар қанның 0,01 мл-ін егеді. Летальды инфекцияларды болдыру үшін қоздырушыны жаңа туылған тышқандар мен қалтаауыздарға интрацеребральды жолмен жұқтырады. Тақ тұяқтылар, ит, мысық, сасық күзен мен теңіз шошқалары бұл вирусқа сезімтал емес.
Вирустардың индикациясы мен идентификациясы. Тауық эмбриондарында, зертханалық жануарлар организмінде және жасуша өсінділерінде өсірілген вирустардың типтерін анықтау үшін олардың типтеріне телімді қан сарысуларының көмегімен бейтараптау, комплементті байланыстыру мен диффузиялық преципитация реакциялары, жасуша өсінділеріндегі вирустарды тез арада анықтау үшін иммунофлуоресценция реакциясы және иммунды ферменттік талдау қолданылады. Вирус антигендерінің идентификациясында иммунофлуоресценция, бейтараптау реакциялары, моноклоналды антиденелер негізінде жүргізілетін иммунды электронды микроскопия мен иммунды ферменттік талдау әдістерін, ал вирустың нуклеин қышқылдарын анықтау үшін гибридизациялық талдау мен полимеразалы-тізбекті реакция пайдаланылады. Жануарлардың қан сарысуларының құрамындағы антиденелерді анықтау жұмыстары комплементті байланыстыру, диффузиялық преципитация реакциялары мен иммунды ферменттік талдау көмегімен жүргізіледі.
13-дәріс
ҰСАҚ МҮЙІЗДІ МАЛДАР ШЕШЕГІ
(Variola ovium et caprarum)
Ұсақ мүйізді малдардың шешегі жіті ағымда өтетін, қызбамен, тері мен кілегейлі қабықшаларында іріңді түйіндердің пайда болуымен, уланумен және өліммен сипатталатын аса жұғымтал жұқпалы вирустық індет.
Табиғи жағдайда қойлар қойлар мен ешкілер (әсіресе будандастырылған тұқымдары) шалдығады.
Ауру қоздырушысы ДНҚ-лы бар вирустар тобына, Poxviridae тұқымдастығына, Capropoxvirus туыстығына жатады. Қой шешегі вирусы антигенділігі жағынан жұқпалы түйінді дерматитке ұқсас келеді. Қоздырушының эпителиотропты қасиеті бар, жасушаларда қарапайым микроскоппен көрінетін Пашен денешігін түзеді. Қазіргі кезде шешек вирусының 100-ден астам түрі белгілі. Бұл вирусты 1903 жылы француз ғалымы А. Боррел анықтаған. Вирион ірі, пішіні сопақша келген, нуклеоидында ішкі және сыртқы мембранадан тұратын қабығы, беткейінде талшықтары бар, диаметрі 200-400 нм болады.
Шешек вирусы сыртқы орта әсерлеріне төзімді келеді. Құрғақшылықта 1,5 жылға дейін, қораларда 6 ай, жүнде 2 ай, лиофильденген жағдайда 20 жылға дейін сақталады. Дезинфекциялаушы заттар ретінде карбол, күкірт және тұз қышқылдарының 2-5%-ды ерітінділерін, хлорамин, 3%-ды күйдіргіш натрий, қолданылады.
Ұсақ мүйізді малдардың шешегін балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне және зертхана жағдайында микроскопиялық зерттеуге, вирустарды бөліп алуға, гистологиялық зерттеулерге және ауруды анықтаудың қосымша әдістері ретінде иммунофлюоресценция, вирустарды бейтараптау, диффузиялық преципитация реакциялары мен иммунды ферменттік талдау пайдалануға негізделген.
Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі 8 күннен 21 күнге (орта есеппен 12 күн) дейін созылады. Ауру субклиникалық (тасты және абортивті), папулезді-везикулярлы (жарақаттарының бір-біріне қосылған) және нодулярлы (геморрагиялық немесе қара шешек) түрде өтеді. Бұл жағдайда малдар жүдейді, анарексия болады, дене қызуы 41-42оС-ге дейін көтеріледі. Қабақтары ісінеді, конъюнктивит, жарықтан қорқады, көздерінен жас ағады, танауларынан серозды-кілегейлі сұйықтық ағады, дыныс алуы қиындайды. Шешекке тән бөртпе ошақтары қызарып, 1-4 күннен кейін жүні аз жерлерінің терісінде (енінде, желінінде, ерінінде, тұмсығында, көз айналасында, құрсағы мен аяқтарының ішкі беткейлерінде) жақсы байқала бастайды. 1-2 күннен соң қызарған бөртпелер дөңгеленген, тығыз папулаларға айналады. Кейбір жануарларда папулалар некрозға ұшырап, құрғап, қабыршаққа айналып, 3-6 күннен кейін түсіп қалады. Түсіп қалған қабыршақтарының орындары ашық қызыл немесе қызғылт түсті болып тыртықтанады. Шешекке шалдыққан жануарлардың шамамен 15-25%-ында патологиялық процесс созылып, 3-5 тәуліктен кейін папулалар везикулаларға айналады. Шешек бөртпелері қатты қышып, патологиялық процесс терінің басқа жеріне жайыла бастайды. Везикулалар мен пустулалар бір-бірімен қосылып, үлкен іріңді жарақатқа айналады. Аурудың бұл ағымдарында дене қызуы қатты көтеріледі, жағдайы қиындап, малдардың көпшілігі өлімге ұшырайды. Терілерінде терең жарақаттанған жағдайда қан тамырлары зақымдалып, сау терілері, кілегей қабықшалары, папулалар, везикулалар мен пустулалар қанталайды. Бөртпелер беттері қабынып, іріңді экссудат жиналып, беттері қараяды (геморрагиялық түрі). Бұл жағлайда мұрындарынан, тістің қызыл иегінен қан ағады, қан аралас іші өтеді. Малдар тез әлсірейді, дене қызуы қатты көтеріледі, организм уланады, жұдеп, өледі. Аурудың абортивті түрінде малдардың өлімге ұшырауы 2-5%-дан аспайды, ал геморрагиялық немесе қара шешек түрінде жануарлардың өлімі 70-100%-ға дейін жетеді. Ешкілерде бөртпелер негізінен желін терісінде болады, ал лақтарда ауыз және мұрын қуыстарының кілегейлі қабықтары зақымдалады.
Патологоанатомиялық балауы. Патологоанатомиялық өзгерістер клиникалық белгілерінің пайда болуына, аурудың ағымы мен ұзақтығына, сонымен қатар аурудың асқынуына немесе аралас инфекцияның болуына байланысты болады. Өлексе жүдеу, сусызданған, жүндері тікірейген, терісі әр түрлі сатыдағы экзантемаға ұшыраған. Ауыз, мұрын, трахея, үлкен қарын, ұлтабар кілегей қабықтарында, қынабы мен ұрық бездерінде, желін үрпілерінде эрозия мен жаралар байқалады. Өкпесінің беткейінде лимфа бездеріне ұқсас көптеген сұрғылт-ақ түсті ошақтар, жиі жағдайда крупозды пневмония мен гангренаға ұшыраған бөліктері байқалады. Лимфа бездері ұлғайған, гипрермияланған, серозды қабықшалары ісініп, қанталаған. Бауыры, жүрегі мен бүйректерінің паренхиматозды дегенерацияланғандығын көруге болады.
Дифференциалдық балауы. Ұсақ мүйізді малдардың шешегін аусылдан, везикулярлы стоматиттен, қой мен ешкілердің контагиозды эктимасынан, қойлардың катаральды қызбасынан, ұсақ малдар обасы мен жұқпалы есес экзема этиологиясынан ажырату қажет.
Зертханалық балауы. Шешек вирусын бөліп алуға және идентификациялауға қажетті материал ретінде теріде пайда болған бөртпелері, өкпенің зақымданған ошақтары мен қан сарысулары алынады.
Микроскопиялық зерттеу жүргізу үшін жаңадан пайда болған папулаларды алғаннан кейін кесіндінің ішкі жағынан зат шыныларына жағынды жасап, бекітіп, Морозов әдісімен бояйды (карболды Циль фуксині, азотқышқылды күміс). Боялған жағындыны микроскоппен қарау нәтижесінде ұсақ, кокктардың таза өсінділері тәрізді – элементарлы денешіктерді көруге болады.
Гистологиялық препараттарды жарақаттанған теріден алынған үлгілерден дайындап, гематоксилин-эозинмен бояғаннан кейін, жарық микроскоппен қарау арқылы Боррель денешіктерін анықтайды.
Вирустарды өсіру. Вирустарды бөліп алу үшін қозылар мен лақтардан алынған тестикулярлы жасушалары мен лақтардың бүйрегінен алынған жасуша өсінділері пайдаланылады.
Қозылар мен лақтардың бүйрегі мен тестикулаларынан алынған алғашқы және қайтара себінді жасалған жасуша өсінділеріне жұқтырылған шешек вирусы 48-96 сағаттан кейін жасушалардың 50%-ын цитопатогендік өзгерістерге ұшыратып, көп мөлшерде жиналады.
Биосынама. Әдетте биосынаманы аурудың абортивті түрінде және ауру ағымы белгісіз жағдайларда иммунделмеген жас қойлардың жүні жоқ жерлерінің терісінің ішіне зерттеуге алған суспензияны 0,1-0,15 мл мөлшерінде егіп, 10 күн бойы бақылайды. Оң нәтиже болған жағдайда инъекция жасалған орындарында шешекке тән белгілер (розеола, папула, везикула, пустула, некроз) пайда болады. Олардың телімділігі шешекке тән ошақтардың кесінділерінен дайындалған жағындыларды вирусосокопиялау арқылы элементтарлық денешіктерді көру арқылы айқындалады.
Вирустардың индикациясы мен серологиялық идентификациясында комплементті байланыстыру, иммунофлюоресценция, вирустарды бейтараптау, диффузиялық преципитация реакциялары және иммунды ферменттік талдау тәсілдері қолданылады.
14-дәріс
ЖЫЛҚЫЛАРДЫҢ АФРИКАЛЫҚ ОБАСЫ
(Pestis africana equorum)
Жылқылардың африкалық обасы – жіті ағымда өтетін, қызбамен, тері асты клетчаткаларының ісінуімен, ішкі органдарының қанталауымен, тыныс мүшелері мен қан айналымының зақымдануымен және малдардың көпшілігінің өлімге ұшырауымен сипатталатын, қан сорғыш насекомдар арқылы трансмиссивті жолмен тарайтын вирустық індет.
Табиғи жағдайда тақ тұяқтылар: жылқы, қашыр, есек пен зебралар жиі шалдығады.
Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Reoviridae тұқымдастығына, Orbivirus туыстығына жатады. Жылқылардың африкалық оба вирусының ортақ комплементті байланыстырушы антигені бар 9 түрлі серологиялық типі бар. Бұл вирусты 1934 жылы алғаш рет анықтаған ғалымдар Александер мен Ди-Туа. Вирионның пішіні икосаэдр тәрізді, диаметрі 70-80 нм болады.
Жылқылардың африкалық оба вирусы сыртқы ортаның түрлі әсерлеріне төзімді келеді. Вирус +50оС-де 3 сағаттан соң, +60оС-де 15 минуттан кейін ғана белсенділігін жояды. Ауру мал қанын +70оС-ге қыздырғанда 5 минутта, ал +45оС-де 6 тәулікке дейін шыдайды. рН-ы 6,0 мен 12,0 аралығында тіршілігін жоймаса, қышқылдық орталарға сезімтал келеді. Лиофилизацияланған вирустар бірнеше жыл бойы сақталады. Сілтілердің, формалиннің, тотықтырғыштар мен бірхлорлы йодтың әсерінен вирустар инактивацияланады.
Жылқылардың африкалық обасын балау эпизоотологиялық деректерге (жаз айларында көп тіркелуі, тек тақ тұяқтылардың шалдығуы, т.б.), клиникалық белгілеріне (лихорадка, ісік, жөтел, танауынан сұйықтықтар ағуы, жүрек қызметінің нашарлауы), патологоанатомиялық өзгерістеріне (тері асты клетчаткалары мен өкпесінің ісінуі, дене қуыстарында экссудат жиналуы, қанталаулардың болуы, т.б.), биосынама нәтижелері (ауру мал қанын жылқылардың қан тамырларына немесе тышқандардың миына жұқтыру) серологиялық реакциялар (АР, ГАТР, ДПР, БР, КБР, ИФТ), сонымен қатар вирустарды бөліп алу мен олардың антигендік туыстығын анықтауға негізделген.
Клиникалық балауы. Табиғи жағдайда аурудың жасырын кезеңі 7-14 күн, ал кейбір жағдайларда 2 күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру өте жіті (симптомсыз), жіті (өкпелі) және жітілеу (жүректі) және аралас (жүректі-өкпелі) ағымда өтеді. Бұл ауруға шалдыққан жылқылардың 70-95%-ы, қашырлардың 50%-ы, ал есектердің 10%-ға жуығы өлімге ұшырайды.
Өте жіті ағымында жылқылардың дене қызуы 40,5-42оС-ге дейін көтеріледі, әлсіздік байқалады, тыныс алуы жиілейді, тамыр соғуы үдеп, жануарлар 3-5 күннен кейін клиникалық белгілері байқалып, өлімге ұшырайды.
Жіті ағымында малдардың дене қызуы күрт көтеріледі, тыныс алуы қиындайды және демікпе, ауыртпалы құрғақ жөтел пайда болады, танауынан көпіршікті экссудат ағады, өкпесі ісінеді, кілегей қабықшалары көгеріп, 5-7 күні мал өледі.
Жітілеу ағымында дене қызуы 40-41оС-ге дейін көтеріледі, жүрек қызметі бұзылады, басы мен мойынының қатты ісінуімен ерекшеленеді. Малдардың дене қызуы қалыпты жағдайға келіп, 1-2 күн өткеннен кейін өлімге ұшырайды.
Аралас ағымында жоғарыда көрсетілген клиникалық белгілер бір мезгілде байқалып, жүрек қызметінің бұзылуы салдарынан жануарлар бір апта аралығында өліп қалады.
Патологоанатомиялық балауы. Патологоанатомиялық өзгерістер аурудың өте жіті ағымында байқалмауы мүмкін. Тілі қанталаған, ерін, қабақ пен кеудесі мен құрсақ аумақтарының тері асты клетчаткалары ісінген. Көкірек пен құрсақ қуыстарында және перикардта сарғыш түсті мөлдір сұйықтық жиналған. Трахеясында, бронхыларында, танауында сарғыш көпіршікті экссудат жиналған, өкпесі мен лимфа бездері ісінген. Жүректің коронарлы тамырларына, эндокард пен көк баурының капсуласына, бүйрегіне, асқазанына, жіңішке және жуан ішектерінің кілегейлі қабықшаларына, бас миының ақ заттарына қан құйылған, бауыры қанға толған болады.
Дифференциалдық балауы. Жылқылардың африкалық обасын сібір жарасынан, жылқылардың жұқпалы анемиясынан, вирустық артериттен, трипанозомоздан, пироплазмоздан ажырату қажет. Аталған аурулардың барлықтарында өлекселердің көк бауыры ісінген болады, ал жылқылардың африкалық обасында көк бауыр ұлғаймайды.
Зертханалық балауы. Жылқылардың африкалық оба вирусын бөліп алуға және идентификациялауға қажетті материал ретінде 50%-ды глицерин, 0,5%-ды фенол, 0,5%-ды калий оксалатының ерітіндісімен немесе гепаринмен консервіленген ауру малдардың қаны, өлген малдардың көк бауыры, өкпесі мен лимфа бездері алынады. Алынған патологиялық материалдар салқындатылған (+4оС) контейнерлермен зертханаларға жеткізіледі.
Вирустарды өсіру. Вирустарды бөліп алу үшін теңіз шошқасы мен ақ тышқандардың организмін (әсіресе жас тышқандардың миында 3-4 пассаждан кейін жақсы өседі), тауық эмбриондарын, қозы бүйрегінен алынған алғашқы жасуша өсінділерін, тауық эмбриондарының фибробласттары мен маймыл бүйрегінен алынған жасуша өсінділерін пайдаланылады.
Биосынама. Иммунделмеген жылқыларға вирусты тері астына, тері ішіне, қан тамырына, құрсақ қуысына, интратрахельды және интрапульмональды жолмен жұқтыруға болады. Құрамында вирусы бар материалдың 5 мл-ін қан тамырға еккен жағдайда жылқылардың дене қызуы көтеріліп, 10-15 тәулікте өлімге ұшырайды. 0,03-0,25 мл дозадағы материал интрацеребральды жолмен жұқтырған 4-6 күндік ақ тышқандар 4-22 күн аралығында өліп қалады. Агональды жағдайдағы тышқандардың бас миын стерильді жағдайда алып, 1:10 қатынасында физиологиялық ерітіндімен араластырғаннан кейін оларды қайта жұқтыруға пайдаланады. Вирусы бар материалды атжалмандардың жүрегіне жұқтырып, дене қызуы көтерілгеннен кейін оларды өлтіріп, көк бауырын (құрамында вирусы бар) алады.
Вирустардың индикациясы мен идентификациясы. Вирустардың идентификациялау үшін алынған үлгілерді комплементті байланыстыру реакциясы, бөліп алған вирус штамдарының типтерін анықтау үшін вирустарды бейтараптау реакциясы, патологиялық материалдар мен жасуша өсінділерінің құрамындағы вирустың антигендерін табу үшін иммунофлюоресценция реакциясы мен иммунды ферменттік талдау, сонымен қатар гемагглютинацияны тежеу және диффузиялық преципитация реакциялары қолданылады.
15-дәріс
ШОШҚАЛАРДЫҢ АФРИКАЛЫҚ ОБАСЫ
(Pestis africana suum)
Шошқалардың африкалық обасы – жиі жағдайда жіті ағымда өтетін, қызбамен, септицемиямен, токсикозбен, тері цианозымен, геморрагиялық диатезбен, лимфоиты ұлпаларының некробиозымен сипатталатын және шошқалардың өлімімен аяқталатын аса жұғымтал вирустық ауру.
Ауру қоздырушысы ДНҚ-лы бар вирустар тобына, Iridoviridae тұқымдастығына жатады. Шошқалардың африкалық обасы вирусының құрамында топқа тән комплементті байланыстыратын, преципитиндейтін және түрге тән гемадсорбцияны тудыратын антигендері бар. Бұл вирусты 1921 жылы алғаш рет Монтгомери анықтаған.Вирус пішіні икосаэдрге ұқсас, көлемі 175-215 нм болады.
Шошқалардың африкалық оба вирусы кептіруге, мұздатуға және қоршаған ортаның түрлі әсерлеріне төзімді келеді. Вирус нәжісте, топырақта және етте 5-6 ай, өлекседе 2,5 ай, +37оС-де 15-30 күн, +5оС-де 5-7 жыл бойы сақталады. +56оС-де қыздырғанда 1 сағатқа дейін шыдайды. Вирус қышқылды және сілтілі орталарға төзімді келеді. Құрамында хлоры бар дезинфекциялаушы заттардың әсерінен вирустар 4 сағаттан кейін инактивацияланады.
Шошқалардың африкалық обасын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, вирустарды бөліп алуға, шошқалардың классикалық обасына қарсы иммунделген және иммунделмеген жануарларға жұқтыру арқылы және серологиялық реакциялармен (ИФР, ДПР, КБР, ИФТ, гемадсорбция реакциясы) анықтауға негізделген.
Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 22 күнге дейін созылады. Клиникалық белгілерінің байқалу дәрежесі мен даму процесінің жылдамдығына қарай ауру өте жіті, жіті, жітілеу, созылмалы және латентті ағымда өтеді.
Өте жіті ағымында шошқалардың дене қызуы 40,5-42,5оС-ге дейін көтеріледі, демікпе, жөтелу, шөлдеу сияқты белгілер байқалады, 1-2 тәуліктен кейін дене қызуы төмендейді, артқы аяқтары салданып, аурудың 2-3-ші тәулігінде жануарлар өлімге ұшырайды.
Жіті ағымда шошқалардың дене қызуы көтеріледі, мұрыны мен көзінен серозды-кілегейлі сұйықтықтар бөлінеді, қабақтары ісінеді, қан аралас іші өтеді, құсады, өкпенің қабынуы байқалады, жөтеледі. Құлақ, тұмсық, көкірек және қарын аумақтары көгеріп, кейіннен сол жерлеріне қан құйылады. Өлуіне 1-2 күн қалған кейбір жануарларда паралич, кератит, менингоэнцефалит белгілері байқалады. Буаз мегежіндер іш тастайды. Ауру 4-10 күнге созылып, өліммен аяқталады. Үй шошқаларының өлімге ұшырауы 100%-ға жетеді.
Жітілеу ағымы 15-45 күнге созылады. ауру белгілері жіті ағымдағыдай болып, жануарлардың 30-70%-ы өлімге ұшырайды. Осыдан тірі қалған шошқаларда ауру созылмалы түрге ауысады.
Аурудың созылмалы ағымы бірнеше айға созылады. Шошқалар біртіндеп арықтайды, бойлары өспейді, перикардит, бронхопневмония, артрит байқалады. Аяқтарының, басының, арқасының терілері некрозға ұшырайды. Некрозға ұшыраған құлақтары түсіп қалады. Жақтың тері асты клетчаткалары мен лимфа бездері ісінген болады. Қатты жүдеген жануарлар өліп қалады, ал тірі қалғандары вирус тасымалдаушыларға айналады.
Латентті ағымдағы шошқаларда аурудың клиникалық белгілері байқалмай, вирус тасымалдаушы, яғни шошқалардың африкандық оба қоздырушысын сыртқы ортаға таратушыларға айналып, сау жануарларды ауруға шалдықтырады.
Патологоанатомиялық балауы. Шошқалардың африкалық обасыннан өлген шошқалардың ретикулоэндотелиальды жүйесі қатты зақымдалған, геморрагиялық диатез, түрлі органдарда дистрофиялық және некротикалық ошақтарды байқалады. Өлексенің сіресіп қалуы тез дамиды және анық көрінеді. Ауыздың жыныс мүшелері мен конъюнктиваның кілегейлі қабықтары, терілерінің кейбір жерлері көкшілденіп, жаппай қанталаған. Көкірек және құрсақ қуыстарында фибрин, кейде қан аралас серозды геморрагиялық экссудат жиналған. Лимфа бездері ұлғайып, қанталап, оларда ұйыған қан немесе гематома кездеседі. Көк бауыр қара қошқылданып, шектен тыс ұлғаяды. Өкпенің домбығуы байқалады. Бүйрек қанға толы, бауыр мен өт қабы ұлғайған. Тері асты шелі, құрсақ қуысындағы органдардың және шажырқайдың қан тамырлары ұйымаған қанға толы болады.
Дифференциалдық балауы. Шошқалардың африкалық обасын шошқаның классикалық обасынан, шошқа тілмесінен, пастереллезден, сальмонеллезден, сібір жарасынан және кез келген уланудан ажырату қажет. Шошқалардың африкалық обасын классикалық обадан ажырату үшін міндетті түрде вирус жұқтырылған шошқаның лейкоцитарлық өсінділерін гемадсорбция реакциясымен зерттейді. Себебі, классикалық обада вирустар гемадсорбцияланбайды, ал африкалық оба вирусы гемадсорбцияланады.
Зертханалық балауы. Зерттеуге қажетті материал ретінде шошқалардың дене қызуының алғашқы көтерілуі кезінде алынған қан үлгілері (1:10 қатынасында гепарин қосылған), көк бауыр, бүйрек, лимфа бездері мен ауру және сауығып келе жатқан жануарлардың қан сарысулары алынады. Патологиялық материалдар +4оС-де сақталады.
Вирустарды өсіру. Шошқалардың африкалық оба вирусын бөліп алу үшін шошқа моноциттерінен, жілік майы жасушаларынан алынған алғашқы жасуша өсінділері қолданылады. Вируспен зақымдалған жасушалар сопақша келіп, көлемі ұлғаяды, сосын көп ядролы жасушалар пайда болады. Сонымен қатар вирустарды тауық эмбриондарында және 3-4 айлық торайлардың, қозылардың және қояндардың организмінде өсіруге болады.
Биосынама АӨК мемлекеттік инспекциясы Комитетінің рұқсатымен 2-4 айлық торайларға қойылады. Егер вирус жұқтырылған жануарлар ауруға шалдықса немесе өлімге ұшыраса бұл індеттің балауы деп есептеледі.
Вирустардың индикациясы мен идентификациясы. Вирустардың индикациясында жасуша өсінділерін гемадсорбциялау реакциясы, идентификациясында иммунофлуоресценция, комплементті байланыстыру, диффузиялық преципитация реакциялары және иммунды ферменттік талдау әдістері қолданылады.
16-дәріс
ШОШҚАЛАРДЫҢ КЛАССИКАЛЫҚ ОБАСЫ
(Pestis suum)
Шошқалардың классикалық обасы – қызбамен, қан айналым жүйесі мен қан түзейтін мүшелерінің зақымдалуымен, өкпенің крупозды қабынуымен, ішектің крупозды-дифтериялық қабынуымен, геморрагиялық диатезбен сипатталатын, жануарлардың өлімге ұшырауымен аяқталатын аса жұғымтал індет.
Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Flaviviridae тұқымдастығының Pestivirus туысына жатады. Вирус құрамында 3-4 құрылымды белоктары бар, көлемі 40-60 нм болады. Вируленттілігі жағынан қоздырушының А, В және С варианттары анықталған. А тобының вирулентті штамы барлық жастағы шошқаларды, В тобына жататындары тек торайларға вирулентті, ал ересек шошқаларды атипті немесе созылмалы оба ауруын шалдықтырады. Ал С тобына вируленттілігі төмен америкалық 331 штамы жатады. Бұл ауруға шалдыққан жануарлардың организмінде вирусты бейтараптаушы және комплементті байланыстырушы антиденелер түзіледі. Бұл вирусты 1908 жылы алғаш рет Швейнитц пен Дорсе анықтаған.
Қоршаған ортада шошқалардың классикалық оба вирусы ұзақ уақыт сақталады, әсіресе қыс мезгілінде. Лиофилизацияланған вирус жақсы сақталады. Вирус топырақта 1-2 аптаға, өлексе мен көңде 3-5 күнге дейін белсенділігін жоймайды. –5оС-де тұрған қанның құрамында 6 ай, салқындатылған етте 2-4 ай, мұздатылған етте бірнеше жыл, тұздалған етте 10 ай, ысталған етте 3 ай бойы сақталады. Вирус +60оС-де 10 минутта, ал қайнатқанда сол сәтте инактивацияланады.
Тиімді дезинфекциялық препараттар ретінде күйдіргіш натрийдің 2-3%-ды ерітіндісі, формальдегидтің 2,5%-ды ерітіндісі, 15-20%-ды хлорлы әк қолданылады. Бұл дезинфектанттар вирустарды 1 сағат аралығында жояды.
Шошқалардың классикалық обасын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, вирустарды бөліп алуға, гистологиялық зерттеулерге, торайлар мен иммунделмеген шошқаларға биосынама қоюға және серологиялық реакциялармен анықтауға негізделген.
Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады, ал вирустардың вируленттілігі мен шошқалардың бұл індетке сезімталдылығына қарай бұл көрсеткіштің мерзімі 3 аптаға дейін созылуы мүмкін. Ауру жіті, жітілеу, созылмалы және сирек жағдайда аса жіті ағымда өтеді.
Аса жіті ағымында шошқалардың дене қызуы 41оС-ге дейін көтеріледі, жүрек соғуы мен тыныс алуы жиілейді, құсады, терісінде қызыл дақтар пайда болады, жануарлар тез әлсіреп, 1-2 күнде өледі. Індеттің бұл түрі иммунделмеген жас шошқаларда жиі кездеседі.
