Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
біз мектепке барамыз.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.03.2025
Размер:
459 Кб
Скачать
☆

Балалардың жас ерекшелік мүмкіндігіне сипаттама

Бес-алты жасқа қараған балалардың дамуында елеулі өзгерістер болады. Баланың денесінің салмағы шамамен айына 200 г, бойының ұзындығы 0,5 см артады. 5-6 жасында баланың бойы - 116 см, денесінің самағы - 21,5 кг жетіп, кеуде қуысының көлемі 67 см жетеді.

Баланың мінез-құлық әрекетін реттеуде ми қабының рөлі артады. Жоғары жүйке жүйесінің қызметі жетіледі. Балалардың қимыл белсенділігі артып, негізгі қимыл әрекеттерін жетік меңгереді. 5-6 жастағы балалардың қозғалысы көбіне жігерлі, әрі нақты болып, әсемдік пен жеңілдікке ие болады. Балалар жүгіріп келіп биіктік пен ұзындыққа тоқтамай секіруді, заттарды кезеніп жігерлі лақтыруды беріліп орындайды. Олар допты бір қолымен қағып ала алады, бір орында тұрып, аяқтарын кезектестіріп секіре алады.

Бес-алты жасында саусақтарының жетілгені соншалық, бала өз бетімен қағаздан түрлі пішіндерді (дөңгелек, сопақша, тіктөртбұрыш, т.б.) қиып ала алады, адам мен жануарлар мүсіндерін жасап, қарындашпен, бояумен еркін сурет сала алады.

Бұл кезең баланың психикалық дамуында елеулі өзгерістермен ерекшеленеді. Сондықтан, баланың психологиялық даму жағдайы күрделеніп, қарым-қатынас жасау әдістері де өзіндік сипатқа ие болады. Мысалы: дамудың әлеуметтік жағдайы 5-6 жастағы баланың үлкендермен қалыпты жағдайдан тыс - тұлғалық қарым-қатынас жасау түрінің пайда болуымен ерекшеленеді.

Бес жасар бала үшін үлкен адам тек білімнің көзі ғана емес, сонымен қатар айнала қоршаған әлемнің қыр-сырын білетін, әлеуметтік қатынастардың үлгісі, адами әрекеттердің қағидалары мен білімдерінің көзі болып табылады. Бала үшін өзін мазалаған мәселелерімен, қызықтырған сұрақтарымен, пікірімен үлкендермен бөлісу өте маңызды. Сондықтан ол адами қарым-қатынастар мен адамгершілік қағидалар туралы сұрақтарды көп қоя бастайды. Мұның себебі баланың күнделікті өмірде кездесетін жағдайлардан туындаған алаңдаушылығымен байланысты.

Бұл кезеңде баланың айналаны танып-білуге құштарлығы артқаны соншалық, ол үлкендерге қоршаған әлем туралы өзін қызықтырған сан алуан сұрақтар қоя алады.

Егер 4-5 жастағы балалар үлкендермен жан-жануарлар, машиналар, табиғат құбылыстары жайлы әңгімелессе, ал мектепке дейінгі ересек жастағы балалар өзін-өзі ұстау ережелері, өзі және ата-аналары жайлы әңгімелескісі келеді.

Бес-алты жастағы бала мектеп жасына дейінгі балалардың (бұл әсіресе балабақшаға баратын балаларға тән) құрдастарына бағытталған барлық құбылыстарының «ошағы» болып табылады. Өзінің тартымдылығымен құрдастары үлкендерді басып озып бала өмірінде ерекше орынға ие болады. Қарым-қатынастың негізгі мазмұны — іскерлік ынтымақтастығы мен біріккен ойын әрекеті арқылы ашылады. Балалардың қарым-қатынасы әсіресе, сабақ және ойын әрекеті үстінде айқын көрінеді. Бала құрдастарының әрекетіне сынай қарап, іштей қызғанады, оларды өзінше бағалайды және үлкендердің бағалауын өзіндік әсермен қабылдайды. Кейбір жағдайда құрдасының сәтсіздіктеріне онымен бірге қамығады. Бірақ мұндай қатынас тұрақты бола бермейді. Ол өз мүмкіншіліктері мен жетістігіне мақтанып, өзін басқадан биік ұстайды, өзгені қызғанады, оны өзіне бәсекелес санайды. Қарым-қатынасында жиі жанжалдасып қалу сипат алады. Ызақорлық пен қымсыну сезімінің пайда болуы әсерінен қарым-қатынас шиеленісе түседі. Әрдайым өзінің артықшылығын дәлелдеу мақсатында басқа балаларды өзімен салыстырып отырады. Қарым-қатынаста үлкендердің де, құрдастарының да оның пікірімен санасқанын, өзіне сыйластықпен қарағанын қалайды. Сонымен қатар, өзара қарым-қатынасында түсініспеушілік пен жанжалдарды болдырмаудың жолын табуды меңгеру арқылы баланың қатынас құзіреттілігі қалыптасады.

5-6 жаста сюжеттік-рөлдік ойындар ойнату арқылы тәрбиелеу мен оқыту одан әрі жетіле түседі. Балалар сомдауы арқылы жасалған адамдар арасындағы қарым-қатынас ойынның негізгі мазмұнын құрайды. Балалар 3-4 адамнан құралған тұрақты ойын бірлестігін құрады. Рөлдік ойындарда бала сомдап тұрған кейіпкерінің атынан басқа кейіпкерлермен сөйлеседі. Осылайша баланың мазмұнды сөйлеу тілі қалыптасады, рөлдік қарым-қатынастардың мәні ашылады. Қойылымда көрсетілетін әрекеттер ықшамдалып, баланы жалықтырмайтындай қысқа, рет-ретімен, орынды қойылып, сюжеттің мазмұны ашылатындай болуы керек.

Осы кезеңде баланың жаңа дағдылары мен білімдері, қалыптасқан тәртіп ережелері мен психикалық үдерістері, қиялы, қарым-қатынас жасау дағдылары мектепке дейінгі жастағы жетекші іс-әрекет — сюжеттік рөлдік ойындар арқылы қалыптасып, дамиды. Басқа әрекет үстіндегі баланың мінез-құлқы бұл әрекет кезінде мүлдем басқаша болады. Қойылым кезінде бала өз-өзін тез жинап, өзін байсалды ұстайды, сюжеттің мазмұнын есінде тез сақтап қалады. Ойын үстінде басқалардың пікірімен санаса отырып, өз талаптарын да орындата алады. Осылайша түсініспеушіліктерді шешіп, бірлесіп жұмыс жасайды. Басқаша айтқанда, қарым-қатынас іскерлігіне үйренеді.

Осы кезеңдегі маңызды құрылымдардың бірі — өзін-өзі ұстау ережелері болып табылады. Бала бұрын өзінің эмоцианалдық көңіл күйін кез келген ортада еркін көрсетсе, енді өзінің іс-әрекетінде тәртіп нормалары мен қағидаларын сақтайды. Дегенмен де, бұл кезеңде өзін-өзі ұстай білу дағдысы енді қалыптасу сатысында болады. Алғаш рет өзін қалай ұстау керек деген сұрақ туады. Бала санасында өз әрекетін реттеп отыратын өзін-өзі ұстау тәртібінің үлгісі құрылады. Сол үлгі арқылы бала өз әрекетін реттеп отырады. Өз мүмкіншіліктерін, нені істей алатындығы мен істей алмайтындығын сезеді, өзгелермен қарым-қатынаста өз орнын біледі, өз әрекетін ғана емес, ішкі жан күйінің тербелістерін (қуаныш, реніш, қобалжу, толқу, т.б.) де сезінеді, үлкендердің талаптарын түсініп, өз пікіріне сай келсе саналы түрде орындай алады. Психологтердің пайымдауынша, бес жастан кейін олармен «келісуге», тапсырмалар беруге, жаңа іспен қызықтыруға болады.

Дәл осы кезеңде өзін-өзі ұстау еркіндігі — бала психикасының дамуы мен жан дүниесінің қалыптасуының көзі болып табылады. Бала нені қаласа, соған жетуге тырысады. Оның өзін-өзі ұстауы айналасындағы жағдайға байланысты емес, өз шешіміне қарай болады. Осы құбылыстар бала дамуының бар саласында көрініс табады және бекітіледі.

Дүниетанымдық түсініктері. 5-6 жастағы балалар қоршаған әлем мен өзі туралы тұрмыстық түсініктерді біледі. Тұрмыстық түсініктер бұл күнделікті сөйлеу тілімен байланысты ұғымдар. Осыған орай мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың түрлі дүниетанымдық мәселелер туралы өзіндік түсініктері бар. Жағдайдан тыс-тұлғалық қарым-қатынас пен сюжеттік-рөлдік ойындардың нәтижесінде баланың үлкендердің өзара қарым-қатынасы мен әлеуметтік жағдайы туралы түсініктері қарқынды дамиды. Сөздік-қисынды ойлау қабілеттерінің дамуы кейбір түсініктердің нақты-бейнелі мазмұнының абстрактілі, ерікті салыстырмалы түрін жасайды. Өзін ерекше бағалап, өзінің «мен»-ін жақындарынан да, достарынан да оқшау қояды.

Бұл кезеңде бала жаны тез жараланғыш келеді. Сонымен қатар көптеген балаларда ашуланшақтық, ұялшақтық, ызақорлық, өзін-өзі көрсетуге құмарлық сияқты қасиеттер пайда болады. Үлкендер бұл өзгерістерді дер кезінде байқап, тиісті шаралар қолданбаса, ол бала бойында өмір бойы сақталып қалуы мүмкін.

Баланың ойлау қабілеті. Ішкі психологиялық өмірі мен өзін-өзі реттеуінің қалыптасуы – танымдық салада бірқатар жаңа құрылымдардың пайда болуымен байланысты. Ең алдымен, бала ортақ түсініктер бойынша әрекет ету қабілетін меңгереді, оқиғалар мен құбылыстардың себеп-салдарлық қарым-қатынасын құра алады.

Бұл кезеңде баланың қоршаған әлемді түсінуге талпынысы артады және әлем туралы алғашқы түсінігінің кескіні пайда болады. Алайда, бұл қисынды түсінік емес, небары көрнекі-бейнелі ойлау ғана.

Көрнекі-бейнелік ойлау — ойлау қабілетінің кең тараған түрі. Ол тікелей затқа емес, сол заттың бейнесі мен баланың зат туралы түсінігіне бағытталған. Ойлау қабілетінің бұл түрінің маңызды шарттарының бірі — ойын. Ойын арқылы балада бір затты екінші заттан айыра білу дағдысы қалыптасады. Жаңа бейне жасау мүмкіншілігі туады. Бұл мақсатты осы кезеңнің маңызды құрылымдарының бірі — елестету арқылы іске асырады.

5-6 жаста сөздік-қисынды ойлау қабілетінің күрт дамуы байқалады. Сол арқылы балада көзге көрінбейтін заттар мен құбылыстар арасындағы байланысты түсіну қабілеті қалыптасады. Осылайша, өзі қолымен ұстап, көруге болмайтын заттар мен құбылыстардың байланысын бақылауына, түсінуіне мүмкіншілік береді. Нақты бейнелі ойлауға бағытталған түсініктен, қисынды шешім шығарып, оны сөз арқылы бейнелеуді меңгереді, оқиғалар мен құбылыстардың себеп-салдарлық қатынасын белгілей алады.

Ең бастысы, бұл кезеңде бала психикасы қалыптасу мен даму үстінде екендігін естен шығармауымыз керек.

КҮН ТӘРТІБІНІҢ ҮЛГІСІ

Баланың мектепке дейінгі ұйымдағы күн тәртібінің уақыты 12 сағатқа шамаланған

Күн тәртібінің элементтері

Уақыты

(сағ., мин)

«Сәлеметсіңдер ме, балалар!»

Балаларды қабылдау, тексеру, ойындар, ертеңгілік гимнастика. Гигиеналық шаралар. Таңғы ас. Ойындар, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне дайындық.

7.30 – 9.10

«Ойнайық та, ойлайық» Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті.

9.10 – 10.10,

9.10 – 10.40

«Табиғат аясында»

Серуенге дайындық. Серуен. Табиғатпен таныстыру, ойындар, еңбек. Серуеннен оралу. Гигиеналық және шынықтыру шаралары.

10.10 – 12.50

«Ас — адамның арқауы»

Түскі ас

12.50 – 13.20

«Тәтті ұйқы»

Гигиеналық және шынықтыру шаралары. Күндізгі ұйқыға жатқызу.

13.20 – 15.10

«Ұйқымызды ашайық»

Ұйқыдан ояну, шынықтыру шаралары.

Бесін ас.

15.10 – 16.00

«Алақай, ойын!»

Сюжеттік-рөлдік, шығармашылық және дидактикалық ойындар. Серуенге дайындық, серуен, қимылды ойындар. Гигиеналық және шынықтыру шаралары.

16.00 – 17.40

«Ас — адамның арқауы»

Кешкі ас

17.40 — 18.00

«Ертеңге дейін...»

Балалармен, ата-аналармен қарым-қатынас. Балалардың үйге қайтуы.

18.00 – 19.00