Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Гражданское право - общая часть - 3 кредита- ка...doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.04.2025
Размер:
881 Кб
Скачать
☆

Міндеттемені тоқтату

Міндеттемені тоқтату ұғымы және негіздері(ҚР АК 367—377 баптары)

Міндеттемені тоқтату дегеніміз - борышқор мен несие берушіні байланыстыратын және міндеттеменің мазмұнын құрайтын тараптардың құқықтары мен міндеттерінің тоқтатылуы.

Міндеттемені тоқтату негіздері:

Міндеттемені орындау арқылы тоқтату – міндеттеме тиісті дәрежеде орындалғанда тоқтатылады.

Бас тарту төлемі (отступное) – тараптардың келісімі бойынша міндеттеме орындалудың орнына бас тарту төлемін юеру (ақша төлеу, мүлік беру т.б.) арқылы тоқтатылуы мүмкін. Бас тарту төлемінің мөлшерін, мерзімдерін және тәртібін тараптар белгілейді.

Міндеттемені есепке жатқызу арқылы тоқтату – міндеттеме мерзімі жеткен, не мерзімі көрсетілмеген немесе мерзімі талап ету кезімен белгіленген біртектес қарсы талапты есепке жатқызу арқылы толық немесе бөлік-бөлігімен тоқтатылады. Есепке жатқызуға бір тараптың өтініші жеткілікті. Дегенмен, егер тараптардың бірінің өтініші бойынша талапқа заңды талап мерзімін қолдануға болса және ол мерзім өтіп кетсе; азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы; алимент өндіріп алу туралы; өмір бойы асырау туралы талаптарды; заңдарда немесе шартта көзделген нақты өзге де жағдайларда есепке жатқызуға жол берілмейді.

Міндеттеменің жаңғыртылуына байланысты тоқтатылуы – міндеттеме тараптардың арасында болған бастапқы міндеттемені ауыстыру туралы келісіммен сол тұлғалардың арасындағы орындаудың өзге нысанасын немесе әдісін көздейтін басқа міндеттемемен жаңғыртылуға байланысты тоқтатылады.

Борышты кешіру – несие беруші борышқорды мойнына алған міндеттерінен босатқанда, егер бұл несие берушінің мүлкіне қатысты басқа тұлғалардың құқықтарын бұзбайтын болса, міндеттеме тоқтатылады (мысалы: сыйға тарту т.б.).

Орындауға мүмкіндік болмағандықтан міндеттеменің тоқтатылуы – егер мүмкіндіктің болмауы борышқор жауап бермейтін жағдайлардан туындаса, орындауға мүмкіндік болмағандықтан міндеттеме тоқтатылады. Бұл ереженің күші ақшалай міндеттемелерге қолданылмайды. Борышқор несие берушінің әрекеттері кінәсінен міндеттемені орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда несие берушінің одан міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.

Мемлекеттік органның актісі негізінде міндеттеменің тоқтатылуы – егер жергілікті өкілді және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың акті (жария акті) шығаруы салдарынан міндеттемені толық немесе ішінара орындау мүмкін болмаса, міндеттеме толық немесе тиісті бөлігінде тоқтатылады.

Борышқор мен несие берушінің бір тұлға болуы себепті тоқтатылу – міндеттеме борышқор мен несие беруші бір тұлға болуы себепті тоқтатылады. (Мысалы: заем шарты бойынша заем беруші қайтыс болғаннан кейін талап ету құқығы мұрагерлікпен борышқорға өткенде, борышқор бір мезгілде несие беруші болып шығады).

Егер міндеттемені орындау борышқордың жеке өзінің қатысуымен жүргізілмейтін болса немесе міндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса (алименттік міндеттемелер, азамат өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян орнын өтеу міндеттемелері) борышқордың қайтыс болуымен міндеттеме тоқтатылады.

Егер міндеттемені орындау несие берушінің жеке өзіне арналса, не міндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, несие берушінің қайтыс болуымен міндеттеме тоқтатылады.

Таратылған заңды тұлғаның міндеттемесін орындау заңдармен басқа заңды тұлғаға (азаматтың өмірі мен денсаулығына зиян келуі салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша) жүктелген жағдайлардан басқа реттерде, міндеттеме заңды тұлға (борышқор немесе несие беруші) таратылғанда тоқтатылады.

Жергілікті өкілді және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қызметін тоқтату немесе оларды қайта құру осы органдар борышқор болған міндеттемелерді тоқтатпайды. Егер тиісті органдардың қызметін тоқтату немесе оларды қайта құру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, көрсетілген міндеттемелерді орындау қарамағында бюджет қаражаты бар органға жүктеледі.

Тақырыпты пысықтау үшін қажетті сұрақтар:

- Міндеттемені тоқтатудың негіздерін атаңыз және олардың әрқайсысына спиаттама беріңіз.

- Борышқор мен несие берушінің бір тұлға болуына байланысты міндеттеменің тоқтатылуы мүмкіндігін ашықтаңыз.

- Борышты кешіруге байлансты міндеттеменің тоқтатылуына мысалдар келтіріңіз.

13 – тақырып: Аза­мат­тық құқық бойынша жауапкершiлiк

(ҚР АК 349—366 баптары)

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің ұғымы, ерекшеліктері, түрлері

Азаматтық-құқықтық жауапкершілік – азаматтық айналымның заңи тең қатысушыларының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және қалыпты экономикалық қатынастарын көтермелеуге бағытталған мүліктік сипаттағы санкцияларды қолдану жөніндегі мемлекеттік күштеу шарасы.

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің ерекшеліктері:

- мүліктік сипатқа ие болуы, бұзушы жеке басымен емес, мүлкімен жауап береді;

- бір контрагенттің (бұзушының) екінші бірісінің (жәбірленуші) алдындағы жауапкершілігі;

- жәрдемақы сипатында болуы, яғни азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізгі мақсаты – жәбірленуші тараптың мүліктік жағдайын қалпына келтіру болып табылады;

- азаматтық-құқықтық жауапкершілік көлемінің келтірілген зиян немес залал көлеміне сәйкес болуы;

- азаматтық-құқықтық жауапкершілік шарасын қолданған кездегі азаматтық айналым қатысушыларының теңдігі.

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің түрлері:

пайда болу (туындау) негіздері бойынша:

- келісімді (шарттық) жауапкершілік – шарттан пайда болған міндеттемені орындамағанда немесе тиісінше орындамағанда туындайды;

- шарттан тыс жауапкершілік – шарттық қатынастарда жоқ зиян келтірушінің жәбірленушіге зиян немесе залал келтіруі негізінде туындайды. Мысалы, қылмыс жасау арқылы жәбірленушінің мүлкіне зиян келтіру.

егер міндетті тарап жағында бірнеше тұлға болса, жауапкершілік:

- үлестік жауапкершілік - әр борышқордың заңмен немесе шартпен белгіленген нақты үлесіне сәйкес жауапты болуы;

- ортақтасқан жауапкершілік - заңмен немесе шартпен тікелей қарастырылған жағдайларда ғана туындайды (мысалы, бірлесіп зиян келтіру ҚРАК 932 бабы);

- субсидиялық жауапкершілік – негізгі борышқордың міндеттемесі бойынша субсидиялық борышқордың қосымша жауапкершілігі. Мысалы, он төрт пен он сегіз жас арасындағы азамат келтірген зиян үшін оның ата-анасы немесе өзге заңды өкілі қосымша жауапты.

- аралас жауапкершілік – зиян немесе залал екі тараптың да кінәсінен туындайды.

- регресс тәртібі бойынша жауапкершілік.

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің алғышарттары

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің туындау негізі болып заң немесе шарт талаптарын бұзатын азаматтық құқық бұзушылық табылады. Кез келген азаматтық құқық бұзушылық азаматтық-құқықтық жауапкершілікті туындатуға әкелетін типтік алғышарттарға ие болады, мұны азаматтық құқық бұзушылықтың құрамы деп атайды және ол мына элементтерді (алғышарттарды) қамтиды:

- бұзушы жасаған әрекеттің/әрекетсіздіктің құқыққа қайшылығы дегеніміз – заңнама немесе шарт талаптарын бұзу және тұлғаның субъективтік құқығын кеміту;

- зиян немесе залалдың болуы. Зиян дегеніміз – тұлғаның жеке және/немесе мүліктік игілігінің кемуі, азаюы. Зиян мүліктік немесе моралдық болуы мүмккін. Залал дегеніміз – келтірілген зиянның ақшалай баламасы. Залал құрамына шығындар – жәбірленуші мүлкінің жойылуы немесе бүлінуі (нақты зиян), оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қажетті шығындар және алынбаған кірістер – жәбірленушінің құқығы бұзылмағанда азаматтық айналымның әдеттегі жағдайында оның алатын кірістері (айрылып қалған пайда)

- құқыққа қайшы әрекет/әрекетсіздік пен зиян немесе залал келтіру арасындағы себепті байланыс - әрекет немесе әрекетсіздіктің зиянның туындауына және келтірілуіне негіз болған байланыс;

- құқық бұзушының кінәсі. Кінә дегеніміз – құқық бұзушының өзінің құқыққа қайшы мінез-құлқына (жүріс-тұрысына) және оның нәтижесіне қатысты психикалық көзқарасы. Кінә нысандары:

- теріс пиғыл – тұлғаның зиянды салдардың туындайтынын білуі және оның туындауын қалауы немесе туындауына қалай болса солай қарауы;

- абайсыздық (өрескел және өрескел емес) тұлғаның зиянды салдардың туындайтынын білуі, бірақ өз сенімімен оның алдын алуға үміттенуі немесе зиянды салдардың туындайтынын білуі қажет және мүмкін болса да, білмеуі (ҚР АК 935 бабы).

- құқық бұзушы кінәсінің презумпциясы – құқық бұзушы өзінің кінәсіз екенін дәлелдегенге дейін кінәлі болып табылады.

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің кінәға байланыссыз туындау жағдайлары:

кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлға міндеттеменің орындалмауын немесе тиісінше орындалмауын бой бермейтін күш негізінде болғанын дәлелдей алмаса жауапты болып табылады. Дүлей (бой бермейтін) күш дегеніміз – төтенше және алдын алу мүмкін жағдайлар (оқиғалар).

жоғары қауіптілік көздері (көлік ұйымдары, өнеркәсіп орындары, құрылыстар т.б.) иелерінің жауапкершілігі (ҚР АК 931 бабы)

кәсіби сақтаушының жауапкершілігі (тауар қоймасында, ломбардта сақтау)

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің мөлшері:

Зиян келтіруші келтірген зиян немес залал орнын толық көлемде өтеуге тиіс.

Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің мөлшерін төмендетуге (азайтуға):

- егер зиян екі тараптың да кінәсінен туындаса (жол-көлік авариясы)

- егер несие беруші залал мөлшерінің ұлғаюына ықпал етсе немесе залалдың азаюы үшін ақылға қонымды шараларды жүзеге асырамаса;

Егер заңдармен тыйым салынбаса, тараптардың келісімімен заңды айып төлеу мөлшері көбейтілуі мүмкін (ҚР АК 295 бабының 2-ші тармағы).

Тақырыпты пысықтау үшін қажетті сұрақтар:

  1. Келісімді (яғни, шарттық) жауапкершілік пен деликтілік жауапкершілік айырмашылықтары неде?

  2. Азаматтық құқықтағы кінә мен қылмыстық және әкімшілік құқық салаларындағы кінә мәселелерінің заңнама тұрғысынан шешілу жағдайлары

  3. Қандай жағдайда азаматтық құқық бойынша зиян келтіруші (кінәсіне қарамастан) жауапкершіліктен босатылмайды?

14 – тақырып: Шарт туралы жалпы ережелер

Шарт ұғымы, шарттан туындайтын қатынастар, шарт еркіндігі, бағасы, қолданылуы

Шарт дегеніміз – екі немесе одан да көп тұлғаның азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату жөніндегі келісімі.

Шарт екі және/немесе көп жақты болуы мүмкін.

Шарттан міндеттемелік, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкін.

Азаматтар мен заңды тұлғалар шарт жасасуға ерікті. Азаматтық кодексте, заң актілерінде немесе өз еркімен қабылдаған міндеттемеде шарт жасасу міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берілмейді.

Тараптар заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алады.

Шарттың орындалуы тараптардың келісімімен белгіленген баға бойынша төленеді. Заң актілерінде көзделген жағдайларда уәкілдік берілген мемлекеттік органдар белгілейтін немесе реттейтін баға (тарифтер, бағаларғ ставкалар және т.б.) қолданылады. Шарт жасалғаннан кейін бағаны өзгертуге шартта, заң актілерінде көзделген реттер мен жағдайларда немесе заң актілерінде белгіленген тәртіп бойынша жол беріледі. Ақылы шартта баға көзделмеген және шарт ережелерін негізге ала отырып оны анықтау мүмкін болмаған реттерде шартты орындау шарт жасасу кезінде осыған ұқсас жағдайларда әдетте осы сияқты тауарлар, жұмыс немесе қызмет үшін алынатын баға бойынша жүргізілуге тиіс деп есептеледі.

Шарт оны жасасқан кезден бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болып табылады. Тараптар өздері жасасқан шарттың ережелері олардың шартты жасасуға дейін пайда болған қатынастарына қолданылатындығын белгілеуге құқылы. Егер заңдарда немесе шартты шарттың қолданылу мерзімі көзделсе, осы мерзімнің аяқталуы, шарт бойынша тараптар міндеттемелерінің тоқтатылуына әкеліп соқтырады. Қолданылу мерзімі көрсетілмеген шарт тараптардың онда белгіленген міндеттемелерді орындауы аяқталып біткен кезге дейін қолданылады деп танылады. Шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуы осы мерзім біткенге дейін орын алып келген шартты бұзғандық үшін жауапкершіліктен босатпайды.

Шарт тараптар үшін оны жасасу кезінде қолданылып жүрген заңдармен белгіленген міндетті ережелерге (императивтік қалыптарға) сәйкес келуге тиіс. Егер шарт жасалғаннан кейін шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшін міндетті ережелер заңдармен белгіленген болса, жасалған шарттың ережелері оның күні бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгілегендегіден басқа жағдайларда, өз күшін сақтайды.

Аралас, ақылы және ақысыз, жария, қосылу, алдын ала жасалатын, үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарттар

Аралас шарт дегеніміз – әртүрлі шарттардың элементтерінен тұратын шарт.

Өз міндеттемелерін орындағаны үшін тараптың ақы алуы немесе бір-біріне бір нәрсе керек болса – ақылы (өтемелі) шарт болып табылады.

Бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған шарт – ақысыз шарт болып табылады.

Коммерциялық ұйыммен жасалған және өз қызметінің сипатына қарай оған өтінішпен келетін әркімге қатысты жүзеге асырылатын тауарларды сату, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету жөніндегі оның міндеттемелерін белгілейтін шарт жария шарт деп танылады. (бөлшек сауда, көпшілік пайдаланатын көлікпен тасымалдау, байланыс қызметін көрсету, энергиямен қамтамасыз ету, медицина, мейманхана қызметін көрсету және т.б.).

Ережелерін тараптардың біреуі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда белгіленген және басқа тарап оны ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолы деп қабылдай алатын шарт қосылу шарты деп танылады. Егер қосылу шарты заңдарға қайшы келмегенімен, бұл тарапты осындай шарттар бойынша берілетін құқықтардан айыратын болса не қосылған тарап үшін онда анық қиындық келтіретін, шарттың талаптарын белгілеуге қатысатын мүмкіндігі болып тұрғанда өзінің ақылға қонымды түсінілетін мүдделерін негізге ала отырып қабылдамай-ақ қоятын талаптары болса, шартқа қосылған тарап шартты бұзуды талап етуге құқылы. Осы көзделген мән-жайлар болғанкезде, өзінің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруына байланысты шартқа қосылған тараптың шартты бұзу туралы қойған талабы, егер қосылған тарап шарттың қандай жағдайларда жасалғанын білсе немесе білуге тиіс болса, қанағаттандырылуға жатпайды.

Алдын ала жасалатын шарт бойынша тараптар алдын ала жасаалатын шартта көзделген жағдайларда мүлік беру, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету туралы болашақта шарт жасауға міндеттенеді. Алдын ала жасалатын шарт негізгі шарт үшін заңдарда белгіленген нысанда, ал негізгі шарт нысаны белгіленбесе, жазбаша түрде жасалады. Алдын ала жасалатын шарт нысаны туралы ережелердің сақталмауы оның жарамсыз болып қалуына әкеліп соқтырады. Алдын ала жасалатын шартта негізгі шарттың мәнін, сондай-ақ басқа да елеулі жағдайларын белгілеуге мүмкіндік беретін ережелер болуға тиіс. Алдын ала жасалатын шартта негізгі шартты жасасуға міндеттенетін мерзім көрсетіледі. Егер алдын ала жасалатын шартта мұндай мерзім белгіленбесе, олар көздеген шарт алдын ала жасалған кезден бастап 1(бір) жыл ішінде жасалуға тиіс. Егер ниеттер туралы хаттамада (ниеттер туралы шартта) тараптардың оған алдын ала жасалатын шарт күшін беру ниеттері тікелей көделмесе, ол азаматтық-құқықтық шарт болып табылмайды және оның орындалмауы заңдық зардаптарға әкеліп соқтырмайды.

Тараптар несие берушіге емес, шартта көрсетілген немесе көрсетілмеген және борышқордан міндеттемені өзінің пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшінші жаққа борышқор орындап беруге міндетті деп көрсеткен шарт үшінші жақтың пайдасына жасалған шарт болып танылады. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, үшінші жақ борышқорға шарт бойынша өз құқығын пайдалану ниетін білдірген кезден бастап тараптар өздері жасасқан шартты үшінші жақтың келісімінсіз бұза алмайды немесе өзгерте алмайды. Борышқор шартта өзінің несие берушіге қарсы қоя алатындай қарсылықтарын үшінші жақтың талаптарына қарсы қоюға құқылы. Үшінші жақ шарт бойынша өзіне берілген құқықтан бас тартқан ретте несие беруші, егер заңдарға және шартқа қайшы келмесе, бұл құқықты пайдалана алады.

Шарт жасасу: шарттың елеулі ережелері, нысаны, оферта, акцепт, шарт жасасу тәртібі, шарт жасасатын жер

Тараптар арасында шарттың барлық елеулі ережелері бойынша тиісті жағдайларда талап етілетін нысанда келісімге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледі. Шарттың мәні туралы ережелер, заңдарда елеулі деп танылған немесе шарттардың осы түрі үшін қажетті ережелер. Сондай-ақ бір тараптың мәлімдеуі бойынша келісімге қол жеткізуге тиісті барлық ережелер елеулі ережелер болып табылады. Егер шарт жасасу үшін заң актілеріне сәйкес мүлікті беру қажет болса, шарт тиісті мүлік берілген кезден бастап жасалды деп есептеледі.

Егер тараптар белгілі бір нысанда шарт жасасуға уағдаласса, заң бойынша шарттардың осы түрі үшін бұл нысан талап етілмесе де, шарт оған уағдаласқан нысан берілген кезден бастап жасалды деп есептеледі.

Шарт жасасу туралы бір немесе бірнеше нақты жақтарға жасалған ұсыныс, егер ол жеткілікті дәрежеде айқын болып, ұсыныс жасаған жақтың ол қабылданған жағдайда (акцепт) өзін сонымен байланысты деп есептеу жөніндегі ниетін көрсетсе, оферта деп танылады. Егер ұсыныста шарттың елеулі ережелері немесе оларды анықтау тәртібі көрсетілсе, ол жеткілікті дәрежеде айқын деп табылады. Оферта жіберген жақ оны алушының қолына тигеннен бастап байланысты етіп қояды. Егер офертаны қайтарып алу туралы хабар офертаның өзінен бұрын немесе онымен қатар келсе, оферта алынбаған болып есептеледі. Егер офертаның өзінде өзгеше айтылмаса не ұсыныстың мәнінен немесе ол жасалған жағдайдан туындамаса, алушының қолына тиген офертаны оның акцепті үшін белгіленген мерзім ішінде қайтарып алуға болмайды. Жарнама және беймәлім тұлғалар тобына жіберілген өзге де ұсыныстар, егер ұсыныста тікелей өзгеше көрсетілмесе, оферта жасауға шақыру ретінде қаралады. Ұсыныс жасаушы жақтың кез келген хабарлаушысымен ұсыныста көрсетілген жағдайларда шарт жасасу еркі көрінетін, шарттың барлық елеулі ережелері бар ұсыныс оферта (жария оферта) деп танылады.

Оферта жолданған жақтың оны қабылдағаны туралы жауабы акцепт деп танылады. Акцепт толық және бұлтарыссыз болуға тиіс. Егер заң актісінен, іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан немесе тараптардың бұрынғы іскерлік қатынастарынан өзгеше туындамаса, жауап қайтармау акцепт болып табылмайды. Офертаны алған жақтың оның акцепті үшін белгіленген мерзімде онда көрсетілген шарт ережелерін орындау жөнінде жасаған әрекеттері (тауарлар тиеп жөнелту, қызмет көрсету, жұмыс орындау, тиісті соманы төлеу және т.б.), егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе офертада көрсетілмесе, акцепт деп есептеледі. Егер акцепті қайтару туралы хабар оферта жіберген жаққа акцептің өзінен бұрын немесе онымен қатар келсе, акцепт алынбаған болып есептеледі.

Офертада акцептіге арналған мерзім көрсетілген жағдайда, егер оферта жіберген жақ акцепті онда көрсетілген мерзім (мерзім көрсетілмесе – жеткілікті дәрежеде қажетті уақыт) ішінде алса, шарт жасалған болып есептеледі. Офертада ұсынылғаннан өзге жағдайларда шарт жасасуға келіскендік туралы жауап акцепт болып табылмайды. Мұндай жауап офертадан бас тарту және сонымен бірге жаңа оферта деп танылады.

Егершартта оны жасасатын жер көрсетілмесе, шарт азаматтың тұрғылықты жерінде немесе оферта жіберген заңды тұлғаның орналасқан жерінде жасалған болып танылады.

Шартты өзгерту және бұзу

Егер заңнама мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келісуімен өзгертілуі және бұзылуы мүмкін.

Тараптардың біреуінің талабы бойынша шарт:

  • екінші тарап шартты едәуір бұзған кезде;

  • басқа да жағдайларда тек сот шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.

Тараптардың біреуі шартты бұзып, ол екінші тарап шарт жасасу кезінде үміт артуға құқылы болғанынан едәуір дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуір дәрежеде бұзылуы деп танылады.

Шартты орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда (шартқа негізделген міндеттемені орындау мүмкін болмаған, банкрот деп таныған, мемлкекттік органның актісі күшін жойған жағдайда) шарт өзгертілді немесе бұзылды деп есептеледі.

Шартты бұзу кезінде тараптардың міндеттемелері тоқтатылады. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгіленбесе, тараптардың шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін міндеттеме бойынша өздері атқарған жұмысты қайтарып беруді талап етуге құқығы жоқ.

Шартты бұзуға немесе өзгертуге бір тараптың шартты едәуір бұзғаны негіз болса, екінші тарап шарттың өзгертілуінен немесе бұзылуынан келтірілген залаладың орнын толтырылуын талап етуге құқылы. Тараптар шарттың қолданылуын жаңа мерзімге ұзартуға құқылы.

Тапсырмалар:

  1. Азаматтық құқықтық қатынастар бойынша жасалатын шарт пен еңбек құқықтық қатынастары бойынша жасалатын шарттың айырмашылықтары бар ма? Өз көзқарасыңызды дәлелдеуге тырысыңыз.

  2. Шарт пен уәде арақатынасы қандай? «Уәде – құдай сөзі», «Шарт ақшадан да қымбат» дегенді қалай түсінесіз?

  3. Үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын шарттарға мысал келтіріңіз.