Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
БКМ-УМКОнерТарих20_01_12.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Зергерлік өнердің пайда болуы

Қазіргі Қазақстан аумағында техникалық және көркемдік тұрғыдан жетілген зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде-ақ пайда болған. Жетісудан жануарлар – таутеке, ілбісін, қабан бейнесі бедерленген мыс қазандар мен ғибадат бұйымдары , сақ ханзадасының алтынмен апталған сауыт-саймандары, әйелдің алтын бас киімі, жарқырауық тас орнатылған сырғалар табылған. Бұларда бірін-бірі толықтыратын техникалық тәсілдер – бейнелеп құю, бедерлеу, қалыпқа салып қысу, бір затқа бір затты оюластыру, кіріктіру, күмістеу, термелеу, өру, бұрау, тоқымалау, әбзелдеу, сіркелеу, қақтау, әшекейлеу, т.с.с. қолданылған.

Ежелдегі мүсіндер

Әсіресе, ежелгі зергерлер қолынан шыққан шебер мүсіндер – арқардың (не қошқардың) басы, мүйізі. Ол жүзіктерде, білезіктерде, алқаларда, шолпыларда көбірек кездеседі. Сондай-ақ, ежелгі зергерлік өнерде кездесетін көркем мүсіннің бір түрі –таутеке бейнесі. Мысалы, таутекенің қияда қатып тұрған сәті (қаптырмада), басы, мүйізі (жүзікте), бөкеннің, еліктің басы, олардың жаудыраған көзі (ілгекте, қаптырмада, жүзікте) әдемі шекілген. Сол кездегі зергерлер, әсіресе, арыстанды бейнелеуге көп көңіл бөлген. Арыстанның бас бейнесі алқаға, білезікке әсем түсірілген, кейде қанатты арыстан түрінде келтірілген. Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері бұйымдарындағы бейнелердің барлығы құю, қырнау, безеу, қақтау әдістерімен, жұмыр мүсін не рельеф түрінде жасалған. Олардың көпшілігі ат әбзелдерінде, кісенің ілгектерінде, киімнің қапсырмаларында, әйел әшекейлерінде, музыка аспаптарында, қару-жарақтарда тамаша әшекей рөлін атқарып, ғажайып үндестік тапқан. Сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі шеберлер зергерлік ісін өте биік сатыға көтерген. Металл қақтау, оны құю, жұмырлау өнерін толық меңгеріп, неше алуан ғажайып мүсіндер жасай білген. Алтыннан, күмістен, қоладан пішін жасаумен бірге, оның бетіне асыл тас орнату әдісін де меңгерген.

Күнделікті тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқ жасау өнерінді қыш-құмыраның алатын орны зор. Керамика (грек. Keramіke – қыш өнері, keramos – саз) – қыш-саз бен олардың минералды қоспаларымен араласқан органикалық емес қосындылардан (карбидтер, боридтер, нитридтер, силицидтер, т.б.) күйдіріліп жасалған бұйымдар мен материалдар. Қыш-құмыра жасау өнері адамзат өмірінде ертеден пайдаланылған. Ежелгі замандарда, атап айтқанда б.з.б. ІІ-І мыңжылдықта жасала бастап, ғасырлар өткен сайын технологиясы күрделене түскен. Саздан түрлі бұйым жасап, оның беріктігін арттыру үшін күйдіру ісі кең таралған. Керамика жасауды әр халық өз бетімен ойлап тапқандықтан, олардың өзіндік ерекшеліктері де бар. Халқы мен заманына тән ерекшелігі, әр түрлі ою-өрнектер мен таңбалардың, тіпті, кейде жазулардың болуы бұларды бағалы тарихи ескерткіштер қатарына жатқызады. Ең алғашқы керамикалық бұйым ас пісіру және сақтау үшін қолданылатын ыдыс түрінде жасалған. Күйдіру арқылы беріктігін дамытып, әдемілік үшін ыдыстың қалың бүйірлеріне әр түрлі оюлар салған. Қыш ыдыстар жасау өнеріне тоқталатын болсағ, Энеолит дәуірінен бастап (б.з.б. 3 – 2-мыңжылдық) жазу да жазады. Б.з.б. 4 – 3 мыңжылдықта Мысыр, Бабыл және Таяу Шығыс елдерінде сыртына шыны тектес қабат күйдіріліп бекітілген (глазурьленген) керамикалық заттар кездесе бастайды. Б.з.б. 3 – 1-мыңжылдықта түрлі түсті өрнектелген архит. кірпіштер шыққан. Осы елдерден кейін грек саяхатшылары Шығыстың ұлы өркениетті мәдениетімен танысып, оның озық үлгілерін өз елдерінде жасауға, орнықтыруға асықты. Керамиканың даму тарихында ежелгі гректердің орны ерекше. Б.з.б. 1-мыңжылдықтан бері грек шеберлері шығыс үлгісіндегі керамика жасауды қолға алып, өзіндік әдіспен дамыта білді. Соның нәтижесінде Ежелгі Грекия, Римде керамика жасаудың мектептері қалыптасты, жүздеген шеберханалар жұмыс істеді. Олардың өнерінің өзге халықтарға да ықпалы мол болды. Керамика қазіргі Қазақстан аумағында ежелден (б.з.б. 17 – 15 ғ-лардан бастап) өзіндік белгімен, әдіспен дамыды. Осы кезеңде қазіргі қомша, текемет өрнектеріне ұқсас белгілер салынған ыдыстар күнделікті өмірде орын алды. Керамиканың ежелгі заманда дамыған жерлері Оңт. Шығыс Азия, Орт. Азия елдері, Ежелгі Мысыр болды, бірақ кұрлықтың түкпір-түкпірінен жәдігерлері көптеп табылуда. Қазақстан жерінен табылған қыш ыдыстар соның дәлелі. Ал б.з.б. 10 – 6 ғ-ларда (Беғазы – Дәндібай мәдениеті) беті глазурьленген, түрлі түсті айшықтары бар ыдыстар пайда болған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. http://kk.wikipedia.org/

  2. http://el.kz/4455

  3. http://koshpendi.kz/index.php/koloner/zhun-cyrmak/

  4. http://yandex.kz/

Көшпенді халықтарға мінсе –көлік, ішсе –сусын, кисе –киім, тамағына азық болған жан-жануар, төрт түлік мал десек қателеспеспіз. Сол мал өнімдері ежелгі замандардан-ақ іске асырылған. Жүн – жануарлардан алынатын табиғи материал. Оны қазақ халқы мыңдаған жылдар бұрын іске асырған. Қой, ешкі, қоян, түйе жүндерінен жіп иіріп мата өндіруге, тоқыма, кілем, алаша тоқуға қолданған. Қой жүні – күзем және жабағы жүніне бөлінеді. Қойдың қозысынан алынған жүнді қозы жүн деп атайды. Қой жүнін қырқып алған соң, оны жуып кептіреді де, сабауға дайындайды. Жүнді сабау технологиясына сабау мен тулақ құралдары қажет. Содан кейін жүнді тарақпен тарап, қолмен түтеді.

Қолмен жіп иіру неолит дәуірінен белгілі. Алғаш жіп иіру құралы ретінде талшық түтетін қол тарақ пен қол ұршық пайдаланылды. Келе-келе адамзат ұршықты доңғалақ арқылы айналдыру тәсілін, бір мезгілде шүйкелейтін және иіретін құралды ойлап тапты. Қазақ қолөнершілері тоқу ісіне көбінесе жүннен иірілген жіптерді пайдаланған. Ондай жіптер түйе мен қой жүнінен, ешкінің түбітінен иірілетін. Мұндай жіптер таза, жұмсақ, әрі төзімді, созылмалы да әдемі. Иіруге арналған жүнді әбден тазартып жуады, кепкен соң қолмен майдалап түтеді. Түтілген жүн қыл-қыбыр, шөп-шаламынан тазарып, ұйысқаны жазылып, жұп-жұмсақ үлпілдеп тұрады

Ұршық сөйлемі мынадай мағыналарға жатуға мүмкін: 1) Жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналған жеңіл аспап; жіп иіретін құрал. Қазақстан аумағында ұршықты шаруашылық қарекеттерде пайдалану неолит заманынан басталады. Әсіресе, қола дәуіріндегі ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған ұршық қалдықтары көптеп табылған. Ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған. Дәстүрлі қазақ қоғамындаұршық мал өнімдерін пайдаланудағы басты еңбек құралдарының бірі болды. Ол – мұрындық (сірге ағаш), басы мен саптан тұрады. Ағаш, мүйіз, құс, тас, сүйек (түйе мен өгіздің ортан жілігінің айдар басы), қорғасын сияқты материалдардан жонып жасалған ұршық басы дөңгелек немесе жарты шар тәрізді болады, оның ортасына сап өткізетін тесігі орналасады. Сабы ұршық басынан 3-4 см шығып тұрады, оған жіп жүретін иіретілген ойық жол жасалынады. Кейде басына бір елі қашықтықтан соң мұрындық (ши, шырпы) орналастырылады. Мұрындық немесе иіретілген ойық жол жіптің сіргеде біркелкі болып жинақталуына септігін тигізеді. Ұршықпен қап, дағар, алаша, басқұр, терме бау, шекпен, т.б. тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектерге арнап жіптер тоқылған. Аз жіп иіруге арналған ұршықтың басы жеңіл, сабы қысқа етіп жасалады.

Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтап қалыптастырған мәдениеті мен өнері сол елдің өзіндік паспорты (құжаты) сияқты. Соған қарап-ақ ол халықтың қаншалықты дамыған өркениетті ел екенін, тарихын топшылап, көңіл сарайында таразылап білуге болады.

Жалпы адамзат тарихына көз жіберсек, “көшпенділер” деген атпен әйгіленген сақ-скиф тайпа бірлестіктеріне кіретін халықтар өмірі мен мәдениеті еске түседі. Тақырыбымыздың басында атап өткеніміздей, міне осы көшпенді бабаларымыз кезінде бір шеті Қытай, екінші шеті Солтүстік мұзды мұхит бір жағы батыс Европаны басып өтіп, Мысырға дейін көшіп-қонып, әр дәуірде билік құрып, үстемдік еткен. Олардың сол кезеңдерде түрлі елдің мәдениетіне, өнеріне тигізген әсері ұшан-теңіз. Бүкіл әлем халықтарының өнерінде, әсіресе сәулет саласында тайға таңба басқандай көшпенділер ықпалының табы, стилі сезіледі. Көшпенділердің сол мәдени ықпалын қаншама жылдар бойы ұлы державалық саясат жасырып-жауып айтпай келді, тек соңғы кездерде ғана сең сөгілгендей болды. Тарихи шындықты қалай да бұрмалап, бүркемеленгенмен, бәрібір түнекті жарып шығып, өз орнын табады, солай болды да.

Таңбалы – өткен дәуiр белгiсi.

Қазақстанның бай табиғи және мәдени мұраларының айқын куәсi, ежелгi жартас бейне ескерткiштерiнiң шоғырланған орны Таңбалы тас шатқалы болып табылады. Ол қола ғасырдан бастап (б.з.д ХIV-ХIII ғғ. ортасы) ХХ ғ. басына дейiнгi бiртұтас археологиялық кешен құрайтын дiни наным-сенiм ғимараттары, қорымдар және қоныстар мен петроглифтер. Таңбалы тас аймағында негiзiнен ерте темiр (б.з.д I м.ж.) ғасырындағы мал өсiрумен күнелткен тайпалар мен қазақтың Ұлы жүз рулары қоныстанған. Дала көрiнiсiндегi тас үйiндiлер мен ғимараттар қирандылары, қоныс және қорғандар түрiндегi археологиялық ескерткiштердiң басым бөлiгi жақсы сақталынған. Таңбалыдағы жартас бейнелерiнiң жалпы саны бес мыңға жетедi. Таңбалы археологиялық картасына қарап отырып, қоныстар мен қорымдар, петроглифтер тәрiздi әр түрлi ескерткiштердiң дала аймағында қызметтiк сәйкестiгiне қарай топтастырылғанын байқауға болады. Таңбалы тас шатқалындағы петроглифтердi ең алғаш 1957 жылы 19 қыркүйекте археолог А.Г. Максимова бастаған ғылыми зерттеу тобының фотографы А.А. Попов тапқан. Ғылыми экспедицияда Қарақұдық шатқалындағы қола дәуiрiндегi ежелгi қорымдарға қазба жұмыстары жүргiзiлген болатын. Бiрнеше күндер көлемiнде Таңбалы (I-V топтар) петроглифтерiнiң ең басты орналасқан жерлерi зерттелiнiп, ең құнды деген композициялары суретке түсiрiледi. 1977-1978 жылдары зерттеу жұмыстары жалғаса бередi. Тұңғыш рет Таңбалы территориясы тұтас зерттелiнiп петроглифтердiң негiзгi шоғырланған жерлерiнiң схемасы құрылады. 1980-шi жылдардың соңында ғылыми мақалалар топтамалары басылымдары мен жартас бейнелерiнiң альбомдары шығуының арқасында Таңбалы кеңiнен танымал болып, отандық және шетелдiк мамандар назарына жиi iлiгедi. 1990-1994 жылдар аралығында Таңбалы тас ескерткiштерiне ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргiзу кешендi сипатқа ие болып, петроглифтердi сақтау және консервациялау мақсаттарымен тығыз байланыста дамиды. «Таңбалы шатқалындағы жартас бейнелерiн консервациялау» атты Мемлекеттiк жоба негiзiнде ақпараттық база құрылымы құрастырылып, петроглифтердiң даладағы сипаттамалық формасы дайындалып, үш мыңнан астам бейнелер ресми түрде белгiленедi. 1994 жылдан кейiн петроглифтердi зерттеу жұмыстары қаржыландыру мүмкiндiктерiнiң болмауына байланысты тоқтатылады. 1998 жылы Таңбалы кешенiнде ғылыми зерттеу жұмыстары қайта қолға алынады. Қазақстан мәдениет министрлiгiнiң қолдауымен Таңбалыны кешендi түрде зерттеу және сақтау бағдарламасының құрылуы басталады. 2003 жылдың 14 қыркүйегiндегi ҚР өкiметiнiң №1052 арнайы Қаулысымен Мәдениет министрлiгi жанынан жалпы көлемi 3,8 га «Мемлекеттiк тарихи-мәдени және табиғи қорық – Таңбалы мұражайы» құрылады. 2004 жылы 30 шiлдеде Таңбалы археологиялық аймағының петроглифтерi ЮНЕСКО әлемдiк мәдени мұралар тiзiмiне енгiзiледi. Таңбалы кешенi Қожа Ахмет Иассауи мавзолейiнен кейiнгi дүние жүзiндегi ең атақты мәдени ескерткiштерi мен табиғаты әсем жерлер санатына кiрген Қазақстанның екiншi обьектiсi. Таңбалы жартастық бейнелерiнiң тақырыптары әр алуан. Олар: күнбасты құдайлар, дөңгелектi арбалар, адамдар, жануарлар, аңшылық көрiнiстерi, құрбандық шалу, рәсiмдiк билер, түйелер мен бұқалар бейнелерi. Ежелгi шеберлер жартас бетi жазықтықтарын өте шебер пайдалана бiлген. Бейнелерге түсетiн тәулiктiң әр кезеңiндегi күн сәулесi түсуiнiң ерекшелiгiн ескере отырып, жарық түсу жақтарына қатысты нақты бағытын тауып отырған. Шатқал беткейiнде бiрнеше петроглифтер мен күрделi композицияға бiрiктiрiлген бейнелi жартастардың тұтас топтары көрiнетiн нүктелер де бар. Бұл жердегi бейнелердiң орналасуы, ондағы акустикалық қасиеттер, орындалатын киелi рәсiмдерде қолданылуы әбден мүмкiн. Петроглифтер негiзiнен үлкен аймақты қамтып (3 км х 10 км) б.з.д ХIVғ. – б.з VI – VIII ғғ. уақытымен белгiленедi, яғни қола дәуiрiнен бастап түркi халықтарының Ұлы Даланы игерген уақытына дейiн. Олардың едәуiр бөлiгi (шамамен 2000) 250м х 500м ауданында шоғырланған. Таңбалыда петроглифтердiң жалпы саны 5000-ға жуық деп есептелiнедi. Бұл Жетiсу және Балқаш бассейнi аймағындағы 50 жартастық бейнелер орталығының iшiндегi ең танымалы. Таңбалы шатқалына жақын маңда қола дәуiрiнiң (б.з.д ХI – Х ғғ.) және ерте кездегi көшпендiлердiң (б.з.д III ғ. мен б.з II ғ.) қорымдары мен қоныстары орналасқан. Таңбалының ежелгi тұрғындары петроглифтердi орындай отырып, тұрғын орындарын көркемдеу мен тас мазарларын тұрғызу арқылы шатқал даласына қайталанбас көркем келбет беру арқылы қоршаған әлемдi әсемдеген. Таңбалы петроглифтерiнiң шамамен жарты ғасырлық зерттеу тарихы мен оған қатысты үш буын зерттеушiлердiң қосқан үлесi, бүгiнде көптеген сұрақтарға жауап табуға мүмкiндiк бередi. Әр зерттеу жұмысының сәттiлiгi қызықты жартастық өнер ескерткiштерiнiң әлемдiк бай тәжiрибесiн пайымдай отырып, оны өз кезегiнде қолдана және ұйымдастыра бiлуiмен байланысты. Петроглифтердiң киелiлiк, қасиеттiлiк маңызы жайлы осы тақырыптағы әдебиеттердiң сыни шолуында айтылады. Киелi орындарға арнайы жер таңдалу оның архитектоникасы мен табиғи обьектiлердiң орналасуы тәрiздi негiзгi компоненттердiң өзара байланысу жүйесiмен, дiни рәсiмдiк қызмет тәжiрибесi себептерiмен және басқа да дүниетанымдық көзқарастарымен байланысты болды. Сонымен қатар, табиғи және астрономиялық көрсеткiштерi обьектiнiң күнге немесе айға қатысты орналасуын, жартастық геологиялық құрылымын және тектоникалық аймақтағы биофизикалық аномалиялардың болу мүмкiндiгiн ескерiп отырған. Тастың бетiне бейнелер салу үрдiсi қасиеттi ғибадат орнында өтетiн көпсатылы күрделi рәсiмнiң бiр бөлiгi болуы да мүмкiн. Сонымен бiрге тас материалы сияқты қатты жазықтықта әр бейненiң қашалып салынуына белгiлi бiр тәжiрибелiк машық-дағдылар мен қандай мақсатта, не нәрсе салынып жатқаны жайлы бiлiм қажет етiлдi. Тамғалыда шатқалдың екi аймағы дiни ғибадат орны болып табылады (IV және V топтар). Сай-сай болып ағып жатқан бұлақтармен бөлiнiп жатқан далада табиғи акустикалық ерекшелiк байқалады. Ол жерде жартастық баспалдақты шығу жолдары – «амфитеатрлар» көрiнiсiне «күнбастылардың» салынған екi мехрабтық кешенi сәттi бiрiктiрiлген. Тамғалыдағы басқа бейнелiк топтар алшақ аймақ ретiнде есептелiнедi, мұндай жерлерде маңызды табиғи компоненттердiң болмауы себебiнен екiншi орындағы дiни қызметтер атқарылған. Ғибадатхана және дiни ғибадат орны бiр мағынадағы құбылыс болғанымен де, кейде әр түрлi қолданыс мақсатын айқындайды. Тамғалы петрголифтерiнiң шығу тегi әр түрлi уақытты қамтиды. Бұл туралы көптеген фактiлердi келтiруге болады. Бұған мысал ретiнде, әрине бiрiншi кезекте көптеген зерттеушiлерiмiздiң алғашқы қауым өнерiне жатқызатын қола дәуiрiнiң бейнелерiн айтамыз. Олар: дөңгелектi арбалар; скиф-сiбiрлiк стильде орындалған арқар, бұғылар бейнелерi, шынайы, реалистiк көрiнiстер арқылы уақыттарын жеңiл ажыратуға болатын ортағасырлық ту ұстаған түркi жауынгерлерi бейнелерi. Тамғалыда көпқабатты, бiрiнiң үстiне бiрi салынған бейнелер – палимпсесттер де көп кездеседi. Мәселен, шатқалдағы бiр тастың бетiндегi бұғы бейнесi күнбасты құдай мен адам бейнелерiнiң үстiне бейнеленген. Мұның өзi үлкен мүйiздi бұғыларды күнбасты құдайлардан кейiн қашаған деп айтуға негiз бередi. Шатқалдың төменгi бөлiгiнде орналасқан Тамғалының әр алуан жартастық бейнелерi қола дәуiрiне жатқызылады. Мұнда құнарлылық пен күнге жоғары құдай ретiнде табынудың дамуы кезеңiндегi гравюраларда күнге табыну көрiнiстерi көптеп орын алған. Тамғалы жартастық бейнелерiнiң iшiнде күн бейнесi таңбалары тәңiрлiк символдарын бiлдiредi. Дөңгелектi арба бейнеленген сюжеттердiң басым көпшiлiгi ежелгi адамдардың мифтiк және дiни көзқарастарымен байланысынан хабардар етедi. Сол сияқты күнбасты антропоморфтық құдайлар бейнелерi де кездеседi. Олардың бейнеленуiнде тұрақты ереже жоқ. Тұлғалардың пiшiндерi мен өлшемдерi әр түрлi, бастарында диск немесе күн сәулесi шашқан тұлға кейпiнде бейнеленедi. Мұндай бейнелердiң шығыс елдерiнде кеңiнен жайылған ежелгi құдайлар бейнелерi де болуы мүмкiндiгi жоққа шығарылмайды. Тамғалыда күнбасты құдайлардың зооморфтық өзгерiске ұшыраған түрлерi де кездеседi. Рәсiмдiк билер бейнелерi қола дәуiрi уақытымен белгiленедi. Зерттеушiлер оларды аңшылық, жауынгершiлiк, рәсiмдiк және құнарлылыққа табыну рәсiмдерi түрлерiне бөледi. Соңғыларына шеңбер құрған бишiлер тобы жатады. Олар адамдардан сәл iрiлеу бейнеленген күнбасты құдайларды айнала қоршаған он екi адамның бейнесi. Мүмкiн бишiлер жылдың он екi ай мезгiлi белгiсiн бiлдiрiп, қола дәуiрi адамының космогониялық және календарлық таным-түсiнiгiн жеткiзетiн болар. Екiншi бишiлер жұбынан тұратын композициядағы бейнелер құйрығы бар аң терiсiн киген антропомофтық кейiпте берiлген. Бұл аң аулау көрiнiсiнiң имитациясы немесе дiни-рәсiмдiк қызмет атқарған шаман бейнелерi болуы мүмкiн. Тамғалы петроглифтерiнде құс тұмсықты құйрықты құбыжық бейнелерi, түрлi эротикалық көрiнiстер және көптеген дiни-рәсiмдiк ұғымдағы таңбалық бейнелер көптеп орын алады. Тамғалы шатқалының төменгi бөлiгiнде көне петроглифтер орын алса, жоғарғы бөлiктерде, сайлар мен жота төбелерiнде сақ дәуiрi уақытымен белгiленген бейнелер табылған. Олардың iшiндегi осы кезге тән графикалық нақтылықпен және стилизация мәнерiнде орындалған үш бұғы бейнесiндегi композицияны дәлелге келтiруге болады. Көптеген зерттеушiлер бұғы тастарды б.з.д VIII-V Iғғ. жатқызады. Алдыңғы екi аяғын бауырына тартып, секiруге дайындалған сәтi көрсетiлген жануарлардың бейнелерi сақ дәуiрiне тән деп саналады. Сонымен, қарастырылған бейнелердiң iшiнде ерте (б.з.д VIII-IV ғғ.) және кейiнгi (б.з.д V ғ.) уақыттарын айқындауға болады. Осы ғасырлар бойында Жетiсу өңiрi территориясында мекендеген сақ тайпалары, қарастырылған гравюраларды мұраға қалдырған деп айтылады. Алайда, бейнелердiң бiршама бөлiгi осы аймақты б.з.д VII ғ. мен б.з III ғ. аралығында мекендеген үйсiн тайпаларына тән екендiгi жоққа шығарылмайды. Оған Тамғалы шатқалы жанындағы қорымдар мен қоныстар куә бола алады. Түркi уақытына байланысты жартастық шығармашылықтың басты тақырыбы – салт атты жауынгер бейнесi, дала эпосының айқын көрiнiсi ретiнде ғана емес, сонымен бiрге сол кездегi шынайы оқиғалар мен белгiлi бiр күнделiктi өмiр көрiнiсiн айқындайды. Көшпендiлер өмiрiнде аттардың маңызының ерекшелiгiн тағы да айшықтап көрсетедi. Жылқы малы қасиеттi деп саналып, оны тек қана ең басты құдай саналатын Тәңiр ханға арнаған. Хазар қағанатында қағанның өзi мен мазарына табыну аспандағы салт аттыға және Тәңiр ханға табыну деп саналған. Қаған көсемге және оның тәңiрлiк күшiне табыну белгiлi бiр деңгейде антропоморфтанған аспан-күн құдайына табынуға ұласады және оны да өз кезегiнде киелi күш дарыған көсем санатында қабылдаған. Қазақстанның шығыс және оңтүстiк-шығыс ауданы тайпалары VI ғасырда Түркi, содан кейiн Батыс Түркi қағанаты құрамына енедi. Сол кезде Түркi мемлекетi «ұзын найза мен өткiр қылыш» күшiмен құрылады. Ал «түрiк кавалериясына» ешқандай қарсылас тең келмейдi деп айтылған. Бұл халықтардың бұдан кейiнгi тарихы қарлұқ, қимақ, қыпшақ ертефеодалдық мемлекеттердiң бiрiгуiмен байланысты болады. Түркi кезеңiнiң петроглифтерi Тува мен Сiбiр жерлерiнде жан-жақты зерттелiнген. Қазақстанда жуық уақытқа дейiн мұндай бейнелер аса көп табыла қоймаған. Соңғы жылдары Тамғалы шатқалы мен оған көршiлес аймақтарда және Шолақ тауларында бiрнеше ондаған ту ұстаған салт атты жауынгерлер бейнелерi табылған. Тамғалы жылқылар бейнелерiнiң жалдарының ұштары үшкiр үшбұрышты пiшiндi болып келедi. Ту мен найза ұстаған салт атты жауынгерлер бейнелерiнiң түркi мәдениетiне жататыны олардың қару-жарақтарының сипаты берiлген жазба дереккөздермен расталады. Тас тақталардың бiрiнде сұңқармен саятқа шыққан көрiнiс бейнеленедi. Мұндай көрiнiстер ортағасырлық бейнелер iшiнде кездеседi. Олар мұның алдыңғы кезеңдердегi петроглифтерден сюжет желiсi мен орындалу техникаларының ақшыл түсiмен, қашауларының саяздығымен ажыратылады. Тамғалы кешенi Қазақстандағы ашық аспан аясындағы бiрегей мұражай. Кешеннiң табиғи әсемдiгi мен тарихи маңыздылығын осы аймақтағы қоныстанған халықтардың теңдессiз көркем шығармалары мен көптеген ұрпақ өкiлдерiнiң соңында қалдырған өмiр салты мен еңбек қызметтерi, мәдениетi мен эстетикалық таным-талғамдарын танытады. Осынау адамзаттың жасампаздылығы мен табиғаттың шын мәнiсiндегi сыйлығы, сирек кездесетiн бiрегей рухани байлығымызды сақтау мемлекет пен заманауи қоғамның мiндетi. Кешеннiң бүгiнгi күндегi өзектiлiгi Тамғалының дәстүрлi функционалды топографиясының бұзылуымен байланысты болып табылады. Ол кейiнгi кездегi Тамғалыдағы бақылаусыз ағылып жатқан туристер тобы мен автомобиль жолдарын салу, жол бойындағы тас тақталардағы көне бейнелердiң үстiне жаңа суреттер салу мен қорымдар территориясына тұрғын үй және шаруашылық обьектiлерiн тұрғызып, ондағы петроглифтер салынған тастарды құрылысқа қолдану тәрiздi көптеген келеңсiз себептермен айқындалады.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ

Қазақ мәдениетінің бастаулары

Әлемдік мәдениет ырғақтарын анықтаған соң, қазақ мәдениетіне тоқталайық. Қазақтар – Қазақстан Республикасының негізгі тұрғындары, әлемдегі жалпы саны 13 миллионнан асады, исламдық суперөркениеттің солтүстік шығыс жағын мекендейді, діні жағынан ханифиттік мағынадағы мұсылман сунниттер, Алтай тіл бірлестігінің түрік тобының қыпшақ топтамасына жатады. Бұл мәдениетті түсіну мақсатында алдымен оны кеңістік өрісі мен уақыт ағынында қарастырып, кейін қазақ мәдениетінің типтік ерекшеліктерін айқындайық. Қазақ мәдениеті еуразиялық Ұлы дала көшпелілерінің мұрагері болып табылады. Сондықтан осы ұлттық мәдениетті талдауды номадалық (көшпелілік) өркениет ерекшеліктерінен бастайық.[1]

Көшпенділер өркениеті

Әрбір ұлттық мәдениет бос кеңістікте емес, адамдандырылған қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени кеңістік оқшау, мәңгіге берілген енші емес. Ол тарихи ағынның өрісі болып табылады. Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті – оның тылсымдық сипаты. Мысалы, «ата қоныс» ұғымы көпшелілер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындайды. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әрбір жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзен- көлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жататын молалардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырылған.

Белгілі бір парасаттылық, ізгілік, ұстамдылық, интуициялық жоғары қабілеттері жоқ адамдар қатал далада өмір сүре алмас еді. Кеңістікке үйлесімді мәдениетте адам мен табиғаттың арасында «қытай қорғаны» тұрған жоқ. Керісінше, мәдениет олардың арасындағы нәзік үндестікті (гармонияны) білдіретін дәнекер қызметін атқарады. Қазақтың төл мәдениетінде экологиялық мәселе әдептіліктік жүйесіндігі обал және сауап деген ұғымдармен тікелей байланыстырылды.

Табиғат аясындағы мәдениетті қатып-сеніп қалған, өзгеріссіз әлем дейтін пікірлер де әдебиетте жиі кездеседі. Алайда, бұл осы мәдениетке тынымсыз қозғалыс тән екендігін аңғармаудан туады. Шексіз далада бір орында тоқталып қалу көшпелілік тіршілікке сәйкес келмейді. Ол мезгілдік, вегитациялық заңдылықтарға бағынып, қозғалыс шеңберінен шықпайды. Әрине бүл қозғалыс негізінен қайталанбалы, тұрақты сипатта болады. Қуаң даланы игеру табиғатты өзгертуге емес, қайта оның ажырамас бір бөлігіне айналуға бағытталған. Яғни, адам табиғат құбылыстарына тәуелді болып қалады.

Қазақстан территориясындағы ертедегі көшпенділер мәдениеті мен өнері Біздің заманымызға дейінгі бір мыңыншы жылдары бүкіл Евразия даласында скиф-сақ тайпалар одағы өмір сүрді. Ұшы-қиыры жоқ кең даланы игеріп, әртүрлі патшалықтар бірлестіктерін құрып, күшті жауынгер елге айналды. Оларды батыстағылар (гректер) скифтер десе, парсылықтар (Иран, парсы патшалықтары) сақтар деп атады. Бірақ та осы екі атау да Евразия даласын жайлаған халықтардың ортақ аты еді. Скиф, сақ тарихын тілге тиек етіп, тереңірек үңілетін болсақ, оларды құрайтын бірнеше тайпалар көне жазба шежірелерде жиі кездесетінін көреміз, сарматтар, дайлар, аландар, массагеттер, үйсіндер. Кезінде осы тайпалар бірлестіктері қазақстан территориясын жайлаған, қазақ халқының арғы ата-бабалары болып табылады. Бұлардың ішінде, әсіресе, массагеттер, аландар, үйсіндер туралы тарихи деректер көбінесе Иран, парсы, грек жазбаларында біршама кездеседі. Ал аландар туралы көне қытай жылнамаларында дәйекті де айшықты жазылған. Ең бір көне деректер ежелгі парсылардың діни кітабы –Авестада көрініс береді. Сонымен бірге дайлармен бірге Иранның шығысында орын тепкен көшпелі тайпа “тұрларды” да атап өтеді. Ал осы “турларды” ежелгі гректер массагеттер деп атағанын айтсақ, кітаптан түрік тектес халықтардың, дәлірек негіздесек қазақ халқының арғы ата-бабаларының географиялық жайлап жатқан аймағын танып білеміз. Массагеттер мен турлардың (түріктердің) туысқан бір тайпа бірлестіктерінен тұратынын тарихтың атасы атанған Геродот та жазып кеткен. Ежелгі дәуірде Орта Азия мен Қазақстан жерінде тайпа бірлестіктерінің ең күштісі массагеттер, аландар болды. Олар әрдайым көрші патшалықтармен қарым-қатынаста болып, жауласқанмен жағаласып, тойласқанымен табысып отырды. Көшпенді де еркін, ержүрек халықты табанына таптау үшін талай рет парсы, грек, қытай патшалары жорық жасаған. Жаулардың ешқайсысына да берілмей қайта өздеріне айықпас соққы беріп отырған. Скифтердің әйелдері де батыр, қайсарлықтарымен тарихта өз аттарын қалдырып отырды. Соның бірі, әйгілі әйел патша –Томирис. Массагеттер патшасы Томирис өз кезегінде ешкім тоқтата алмаған парсы патшасы Кирге қатты соққы беріп, әскерін талқандап, өзін қолға түсіріп басын алады. Уақиға туралы Геродот өзінің әйгілі “Тарих” шығармасында (б.э.д. 440-430ж.ж.) мынандай дәйекті келтіреді: “Парсыларды женгеннен кейін массагеттер падишасы Томирис торсыққа толтырып қан құйғызып: “Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!”- деп, оған Кирдің басын салдырған. Әлемнің жартысын жаулап алып, төрткүл дүниеге қаталдығымен, жойқын жаугершілігімен Мәшһүр болған Кир және одан кейінгі “жеңілмес” патшалар: Дари, Ескендір Зұлқайнар массагеттер даласына келгенде таулары шағылып, кері қайтып отырған. Қайсар-батырлықтың арқасында сақ-скиф, массагеттер кең байтақ Евразия даласын ешкімге бермей жайлап жатты. Көшпенділер мәдениеті мен өнері өзінің жаулары мен жақтастарын таңдандырып, құндылығымен жарты әлемге мәшһүр болды. Сақ-скифтер қолынан туындаған өнердің ықпалы ежелгі шығысқа да, батысқа да үлкен әсер етті. Әсіресе “аң бейнелі” әдіспен әсемделіп соғылған нәзік те нақышты дүниелері басқа елдердің құрметпен қарауына мойын ұсынылды. Ертедегі эллиндік және қытай шеберлері көшпенділер өнеріне тәнті болып, оны өз байларына сіңіруге тырысты. Көшпенділер өнерінде алтыннан түйін түю, қола құйма әдістері ең жоғарғы жетістікке жетті. Оған археологиялық қазбалардан табылған асыл заттар куә. Соның бірі –Украин археологтары талқан скиф қорғанының әр түрлі алтын әшекей заттары. Заттар “толстая магила” қорғанынан шыққан, ішіндегі ең бір құндысы –“пектораль”- алқа. Пектораль өте нақышты, нәзік соғылған әшекей бейнелер скифтердің ғарыштық ой жүйесінің тақырыбына құрылған. Алтын әшекейдің төменгі бөлігінде о дүниені, өлім табиғатын, оның қасіретін бедерленген, ал жоғарғы жағында адамдар өмірінен сыр шерткен. Екінші бір айта кетерлік дүние – Қырымдағы Күл-Оба қорғанынан табылған алтын құмыра. Тек саф алтыннан, күмістен құтылар, онша таралмаған. Құмырада скиф жауынгер батырларының бейнесі аса бір ынталықпен бедерленіп, өрнектелген. Бүкіл Евразияның байтақ даласын күн шуақты – алтынды “аң тәсілді” өнерімен көмкерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағы мақтанарлықтай өлмес мұралар қалдырды. Соның бірі әлемдегі өнер сүйер қауымды елең еткізген, біртума ескерткіш Есік қорғанынан табылған “Алтын адам” кейіпі жерленген мәйіттің басынан аяғына дейін алтынмен апталған киім киісіне қарағанда, оның анау-мынау адам емес, патша сарайы қызметшісі немесе бір тайпа елдің көсемі екеніне шүбә келтірмейсіз. Алтын адам киімі – сирек кездесетін ғажайып өнер туындысы. Бұл тек құнды археологиялық олжа ғана емес, ата-бабамыздың жоғары мәдениеті, тарихы, біздің тарихымыз, мәдениетіміздің алтын тұғыры. Төрт мыңнан астам алтын пластинкалардан құрылған қапсағай сауыт, қанатты тұлпар (пырақ) мен архар бейнесі қондырылып, алтын жебелермен көмкерілген шошақ бөрік және басқа да әшекейлер – озық ойлы, талантты шебердің қолынан шыққан құдіретті туынды емес пе? Әлем мәдениетіне қайталанбас, эстетикалық талғамы зор өнер стилін әкелген сақ-скиф тайпа бірлестіктері басқа елдердің өнерінің дамуына игі ықпалын тигізді. Көшпенділер өнерінің шуағы бір шеті Қытайға, екінші шеті ертедегі Иберияға (Испания) дейін жетті. Сол дәуірде скиф-сақ тайпалар бірлестіктерінің ішіндегі аландар, совраматтар, сарматтар ежелгі грек, Римге дейінгі жерді жайлап, тіпті кейде сол өңірге өз үстемдіктерін жүргізіп те отырған.

Кейіннен сақтарды безендіру ағымының ықпалынан полихромдық өнер ағымы пайда болды. Полихромдық ағымда негізінен екі бағыт қатты дамыды; оның біріншісі – дәнекерлеп жасаған ұяларға түрлі–түсті тастар орнатылады, сонымен бірге әсем түйіршіктер мен жылтырлаған сымнан өрнектер жасалды, екініш бағыттағыларда фон (түс-қабыршық) болмайды дәнекерленіп жасалған қоршауларға асыл тастар орнатылады. Осы екі бағытта жасалған әшекей заттар Қазақстанның кең байтақ даласында көптеп табылуда. Көбінесе, солардың ішінде; сәукеле, шекелік, жүзік, сырға белдік, қын, қылыштың сабы т.б. заттар кездеседі.

Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтап қалыптастырған мәдениеті мен өнері сол елдің өзіндік паспорты (құжаты) сияқты. Соған қарап-ақ ол халықтың қаншалықты дамыған өркениетті ел екенін, тарихын топшылап, көңіл сарайында таразылап білуге болады. Жалпы адамзат тарихына көз жіберсек, “көшпенділер” деген атпен әйгіленген сақ-скиф тайпа бірлестіктеріне кіретін халықтар өмірі мен мәдениеті еске түседі. Тақырыбымыздың басында атап өткеніміздей, міне осы көшпенді бабаларымыз кезінде бір шеті Қытай, екінші шеті Солтүстік мұзды мұхит бір жағы батыс Европаны басып өтіп, Мысырға дейін көшіп-қонып, әр дәуірде билік құрып, үстемдік еткен. Олардың сол кезеңдерде түрлі елдің мәдениетіне, өнеріне тигізген әсері ұшан-теңіз. Бүкіл әлем халықтарының өнерінде, әсіресе сәулет саласында тайға таңба басқандай көшпенділер ықпалының табы, стилі сезіледі. Көшпенділердің сол мәдени ықпалын қаншама жылдар бойы ұлы державалық саясат жасырып-жауып айтпай келді, тек соңғы кездерде ғана сең сөгілгендей болды. Тарихи шындықты қалай да бұрмалап, бүркемеленгенмен, бәрібір түнекті жарып шығып, өз орнын табады, солай болды да. Батыстық мәдениеттанудың көптеген өкілдері өздерінікінен бөлек өркениеттер болды деген ойдың өзін бекерге шығарған. Олардың пікірі бойынша, тек бір үлкен әріппен жазылған Өркениет (ол, әрине, еуропалық) бар, ал басқа кеңістік «тағыларды мәдениетті адамға айналдырудың полигоны» болып табылады. Батыстық миссионерлер жергілікті тұрғындарды «туземдіктер» деген кемсіту атымен атап келді. Бұрын бүл сөз адамгершілік қасиеті жоқ жабайы адамдар дегенді білдірген. Олар сол территориядағы жануарлар және өсімдіктер дүниесінің бір бөлігі деп қарастырылды. Ал флора мен фаунаға көзқарас екі түрлі: не олар – арамшөптер мен зиянды жануарлар, сондықтан оларды құрту парызға жатады. Егер, «туземдіктер» пайдалы болса, оларды өсіріп, қолда ұстауға болатын жағдайға жеткізу керек. Соның өзінде олар «адамсымақтар» деңгейінен көтеріле алмайды. Батыстың көптеген ғұламалары осындай көзқарастардың жалғандығын өз шығармаларында көрсете білді. А. Тойнби былай дейді:

«Адамға «туземец» деп немқұрайлы аяусыз қараудан оның белгілі бір нәсілге жататындығы негізінде адамдық, тұлғалық намысын аяққа басуға дейін бір-ақ қадам бар. Бұл хайуандықтың ең бір өрескел көрінісі. Біріншіден, ол адамдардың белгілі бір тобында тұлғалық қасиеттердің барлығын, оны дәлелдемей- ақ бекерге шығарады. Екіншіден, адамзатгың нәсілдік дихотомиясы барлық діни, мәдени, саяси-экономикалық дихотомиялардан өзгеше, адамзаттың арасынан өте алмайтын және абсолютті жыра қазады. Үшіншіден, нәсілшілдік өлшем (критерий) ретінде адамдық табиғаттың сыртқы, мәнді емес, қарапайым белгісін қабылдайды». (Постижение истории, с. 589).

Сонымен, нәсілшілдік пен мәдени империализм батыстық емес мәдениеттердің өзіндік кеңістігін жоққа шығарады, олар жергілікті халықтарды ландшафтың қарапайым бөлігі деп қарастырады. Ұлттық мәдениет пен кеңістік арасындағы байланысты Л.Н.Гумилев өзінше түйіндейді: – Этностар биосфераның бір бөлігі болып табылады. Адамдар ландшафтыны не өздеріне тәуелді түрде өзгертеді, не өздері осы ландшафтыға икемделе бірігеді. Кейбір оқшау қалған (реликтілік) этностардан басқасы мәдени ағында суперэтностар (өркениеттер) болып тұтастанады. Өркениет дегеніміз ортақ мәдени өрісі бар ұлттық мәдениеттердің болмысы. Мысалы, мұсылмандық суперэтнос араб мәдениетінің шеңберінен шыға білген. – Әрбір халықтың кеңістіктік тұтастығы, Отаны бар. Адам өз биоценозында, басқалардың емес, өзінің ата-бабаларының тәжірибесіне сүйене отырып өмір сүреді. Ландшафтың өзгеруі ұлттық мәдениеттің өзгеруіне әкеп соғады. Пассионарлықтың (рухани ізденістің) адамзат тағдырындағы қызметі туралы пікір ол үшін жетекші болды.

Этномәдени кеңістік

Еуразия құрылығы 5 этномәдени аймақтан түрады:

  1. Муссондық Қиыр Шығыс – бұл конфуцийлік-буддалық өркениет кеңістігі.

  2. Құрғақ Ұлы Дала – көшпелілер мәдениетінің аймағы.

  3. Субтропикалық Таяу Шығыс – мұсылмандық әлемі.

  4. Орманды Шығыс Еуропа – православиелік мәдениеттің ошағы.

  5. Батыс Еуропа – католиктік кеңістік.

Ғылым үшін мәдениеттерді континенттер бойынша бөлудің маңызы тым жоғары емес. Мысалы, Жерорта теңізі Еуропа мен Африканы бөліп тұрғанымен, ол эллиндік мәдениет үшін ішкі теңіз болды. Әдетте өркениеттердің кеңістік шегі климаттық және өтуі қиын шекаралармен байланысты. Сөздің тар мағынасында «Еуразия» деп Карпат тауларынан Қытайға дейінгі Ұлы жазықтықты айтады. Ол үш ауданнан тұрады: биік Азия (Моңголия, Тува, Алтай, Байқал төңірегі), Орталық Азия және Шығыс Еуропа жазығы. Еуразия тек жағрафиялық ұғым емес, сонымен бірге ол мәдени тұтастық болып табылады. Еуразияны оның ландшафты мен ауа райына икемделген автохтонды халықтар: түріктер, славяндар, угрофинндер, моңғолдар т.б. мекендейді. Бұл кеңістікте бірде-бір еуразиялық емес өркениет үстемдік ете алмаған. Жоғарыда аталған мәдени кеңістік славян халықтарының христиан дінін, ал түрік этностарының көпшілігінің мұсылмандықты қабылдағанынан кейін бір-бірінен алшақтады. Ресей Батысқа қарай жылжыса және Еуразияның басқа бөліктеріне отаршылық пиғыл танытса, түрік өркениетінде Шығыстық элементтер күшейе түсті.

Кеңістік пен мәдениеттің арақатынасы табиғи ортаны «өзімдікі» және «өзгенікі» деп бір-біріне қарсы қою арқылы айқындала түседі. Бұл қарсы қою, әсіресе, мифологиялық дүниетанымда әсерлі көрсетіледі. «Мифте, – деп жазады Ыбыраев, – адамзаттық (человеческое) және адамзаттық емес (нечеловеческое) (дию, албасты, марту, жезтырнақ, шойынқұлақ, жалғыз көз дәу т.б.) болып бөліну ретінде көрінсе, классикалық эпоста біздікі (ноғайлардікі, қыпшақтардікі, қазақтікі, т.б.) және жаудікі (қалмақтікі, қызылбастікі, ындыстікі) деген ұғымдарға лайық жіктеледі». ([5]. – Алматы, 1993. – 137-бет).

Қазақ эпосын және басқа да мәдени мұраларын зерттеушілер «өзгенікіне» тек беріде пайда болған қалмақтарды ғана емес, сонымен қоса сонау ерте заманнан көшпелілермен тартысып келген отырықшы империяларды жатқызады (Қытай, Иран, Үрім, Орыс, т.б.). Кеңістікті «біздікі» және «өзгенікі» деп бөлу оппозициясы тек суперэтностар арасында емес, сонымен бірге мөдени-шаруашылық типтер аралығында да жүргізілген. Әрине, көшпелілер мен отырықшылар арасындағы «бітіспес жауластық» бар деген әсіре бейнелеуге жатады. Сонда да олардың арасында қайшылық жоқ емес. Бұл қайшылық мәдениет әлемінде ландшафт ерекшеліктері арқылы суреттелген. Қазақ тіршілігінің негізгі тұп қазығы — кең дала, жазық жер. Ұлы Даланы Алтай, Тянь- Шань, Орал, Кавказ таулары қоршап тұр. Бұл шекара тауларда және одан ары қарай жау бар деген түсінік халық санасына терең ұялаған.

Алайда, эпостық кеңістіктегі тау, өзен сияқты кедергілерді, даланың шекараларын «басқанікі» деп түсіну өзгермелі болды. Бұл эпостық кеңістіктің жоғарыда айтылған ситуативтік қолданылуына қатысты. Лирикалық поэзиядағы сияқты табиғат көріністерін көркем суреттеу эпоста жоқтың қасы. Табиғат көрінісі, кеңістік бітімі әрекет пен бірлікте ғана көрінеді. Тау – асқанда, аң – аулап жүргенде, өзен – өткенде, дала – жүргенде, ағаш – басына шыққанда, не ат байлағанда айтылады. Тағы бір ескеретін жай – эпостық кеңістік пен реалды кеңістіктің арасындағы айырмашылық. Мифологиялық немесе эпостық кеңістіктің топонимикасы қазіргі жер-су атауларымен сәйкес болмауы мүмкін. Әр түрлі тарихи қозғалыстар этностардың белгілі бір территорияда қалыптасуы, олардың мекен- жайларын өзгертуі, басқа этностардың бұл территорияға енуіт.б. осы сияқты процестер, жоғарыда келтірілген «біздікі» – «өзгенікі» оппозициясын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Биік таулар этностың киелі жерлеріне, жаудан сақтанып, қуат алатын қасиетті мекендеріне, ал қала көшпелілердің туысқандары тұратын, тіршілік үшін қажетті заттар алатын тұрақ-жайға айналуы әбден мүмкін. Бұл процесс, әсіресе, орта ғасырлардағы түрік империяларына тән. Осы туралы Мағжан былай жырлайды:

Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,

Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай.

Еріксіз Ер түрікті еске аларсың,

Көкке асқан Хан Төңірге қарай-қарай.

Этномәдени кеңістік туралы пайымдағанда маңызды бір мәселе осы аймақты мекендеген халықтардың автохтонды (жергілікті) немесе келімсек екендігін анықтаумен қатысты. Бұрынғы тарихтағы толастамаған соғыс пен жаугершілік, шекаралас жерлерге талас кезеңінде этностардың қисапсыз жылжуы, көшіп- қонуы, қырылуы және ығыстырылуы, ассимиляциялық процестер этнографиялық деректерде этномәдени кеңістік туралы қарама-қарсы пікірлер туғызады. Мысалы, Қытай менталитетінде қытайлықтарға қазір бағынышты халықтар бұрын иелік еткен жерлердің бәрі Аспан астындағы империяның кеңістігі деген ұғым бар. Кеңістік аясындағы мәдениеттің автохтонды екендігін шешудің басты жолы осы мөдениетті құраған этникалық бөліктерді, этномәдени аймақты мәңгі өзгермейтін тұтастық ретінде емес, «жанды тарихи құбылыс күйінде, қозғалыс үстінде қарау, көршілес халықтардың тарихи тағдырымен салыстыра отырып, әрбір этникалық топтың өзінің қазіргі негізгі жеріне қай уақытта жылжыды, көне осындай межелерді анықтау арқылы жүзеге асады». (Пищулина К.А. [6]. – Қазақ. Алматы, 1994. – 49-бет).

Кеңістік және автохтонды мәдениет мәселесін шешу үшін біз оқшау алынған этнос көлемінен, ол енетін үлкен өркениеттің (суперцивилизацияның) өріс аймағына жылжу керек. Өйткені, қазіргі этностардың көпшілігі қоныс аударудың, ассимиляциялық процестердің, топтасу мен жіктелудің нәтижесінде қалыптасқан. Бұған мысалдар жеткілікті. Айталық, Иран мен Солтүстік Үндінің халықтары арийлік топтардың оңтүстікке қарай қоныс аударуы негізінде, француздар галл тайпалары мен франктардың араласуы, орыстар ежелгі славян тайпаларының көршілес угрофинн, скандинавтық, түріктік компоненттерді өзіне сіңіруі нәтижесінде қалыптасқан. Соңғы кезде қалыптасқан латин- американдықтар туралы айтпаса да түсінікті. Қазақтың этникалық территориясы да көп ғасырлық қалыптасу нәтижесінде айқындалды.

Суперөркениеттерде кеңістік аймағы тұрақты анықталған. Л.Н. Гумилевтің сөзімен айтсақ, әрбір өркениет белгілі бір ландшафтымен қатысты. Мысалы, афроазиялық даланы негізінен семит халықтары, еуразиялық даланы түрік этностары, Шығыс Еуропаның орманды жазығын славяндар, Қиыр Шығыстың орманын манчжурлар ж.т.т. мекендеген.

Кеңістік пен автохонды мәдениеттің арақатынасын түрік халықтарының өркениетіне байланысты қарастырайық. Бұл мөдениет тарихында әлі күнге дейін көптеген пікірталастар туғызып отырған мәселеге жатады.

Еуроорталықтық көзқарастағы батыс ғалымдарын, патшалық Ресей мен тоталитарлық жүйе тарихшыларын айтпағанның өзінде, тіпті, соңғы кезде шыққан басылымдарда түрік халықтарының мәдени кеңістігі және оның автохтондығы бұрмаланып көрсетілген. Тарихи және қоғамдық-саяси еңбектерде жиі кездесетін пікірдің бірін былай қысқаша тұжырымдауға болады:

–Ұлы еуразиялық даланы арийлер мекендеген. Көне тайпалардың иран түбірлі ортасында бұл өңірге кейін келген түркілердің тілдік ықпалы күшейген. Андрон заманында жасаған, малшылықпен, егіншілікпен айналысқан, еуропалық пішіндес, үнді-ирандықтар тайпасын ілкі темір дәуірінде, оңтүстік және шығыс өңірлерде — сақ, солтүстік және батыс өңірлерде – савромат малшы тайпалары мұраланған.

–Алтай тайпалары Енисей мен Тынық Мүхиттың ортасында Сібір мен қазіргі Солтүстік Қытай жерін мекендеген, ал соның ішінде прототүріктік тайпалар Байкал мен Ордостың арасында өмір сүрген. Олар Еуразия даласына «халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезінде ғана келген.

Жоғарыда келтірілген көзқарас ресми әдебиетте де хрестоматиялық қағидаға айналып кеткен. Алайда, бұл мәселеге сырттан бейтарап қарасақ, Орталық Азияньң арийлік субстраты деген ұғым жөнінде көптеген күмәндар мен сұрақтар туады. Біріншіден, аталған пікірді дәлелдейтін нақтылы деректер жоқ. Көптеген дәлелдемелер «мұның болуы мүмкін емес, сондықтан болған жоқ» деген логикалық қателіктің маңайынан алынған. Яғни, басқаша айтқанда, прототүріктік өркениеттің болуы мүмкін емес, сондықтан ол болған жоқ. Екіншіден, Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабында келтірілген шумерлік және прототүріктік мәдениеттердің туыстығы жөніндегі гипотеза үнді- ирандық Орталық Азия туралы ілімді бекерге шығарады. Бұл мәселеге кейінірек арнайы тоқтылып өтпекпіз. Үшіншіден, егер прототүріктік кеңістік Ордоспен ғана шектелсе, онда ол қалай орта ғасырлардың басында бүкіл еуразиялық Ұлы Далада үстемдік етті. Мұны тек жаугершілікпен түсіндіру ақиқатқа жата қоймас. Әлемнің жартысын жаулап алған македондықтар мен моңғолдар тез арада жергілікті халықтармен сіңісіп кеткен. Әрине, бұл мәселе әлі талай ғылыми зерттеулерді талап етеді.

Түрік халықтарының кеңістігі Азия мен Еуропаның талай аймағын қамтыған. Олардың мекені Солтүстік мұзды мұхиттан Жерорта теңізіне дейінгі алып территорияны біріктіріп тұр (шамамен 14–15 миллион шаршы шақырым). Ерте заманда бұл аймақ Қытай, Үнді, Иран, антикалық сияқты бір-бірінен оқшау орналасқан әркениеттерді байланыстырып тұрған.

Түрік халықтарының мекен-кеңістігі осы автохтонды этностардың тұтас өркениеттік аясы болып табылады. Ол тек еуразиялық Ұлы даламен шектелмей, адамдық мәдениеттің ерте кезден қалыптасқан суармалы — оазистік ошақтарын, Алтай, Тянь- Шань, Памир, Кавказ тауларын қамтиды. Үлкен өркениет қалыптасу үшін біркелкі табиғи ландшафтан гөрі, кеңістіктің әртүрлі бедерлері қолайлы. Яғни түрік халықтарын тек жазық даланың тұрғындары деп қарастыру олардың мәдени кеңістігінің күрделілігін ескермеуге жатады.

Этномәдени кеңістіктің не ұлғайып таралуы да, не азайып тарылуы да мүмкін. Мұның себептері әр түрлі. Жаугершілік кезінде әлсіз, өзін-өзі қорғай алмайтын мәдениет өз атамекенінен ығыстырылуы, ассимиляцияға ұшырауы, тіпті, түгелімен жойылып кетуі мүмкін. Оған тарихтан талай деректер келтіруге болады (XVIII ғасырдағы қытайлықтардың жоңғарларды қыруы, еуразиялықтардың қос Америкадағы жергілікті этностарға жасаған геноциді, Рим қуатымен жүзеге асқан кельт тайпаларын ассимиляциялау ж.т.б.).

Көне заманнан бері біртұтас болып қалыптасқан кеңбайтақ территориядағы түрік суперэтносының кеңістігін, Жаңа Заманнан бері империяшыл көршілері бірнеше жерден үзіп жіберген. Сол себептен XX ғасырдың аяғына дейін бұл өркениеттің ішіндегі жалғыз тәуелсіз болып келген Түркия мемлекетінің кеңістігі басқа туысқан халықтардың жерімен тікелей ұласпаған деуге де болады. Сібір мен Орталық Азияның арасын, Еділ бойы мен басқа түрік халықтарының жерлерінің ортасын, Еуропа мен Азияның аралығын Ресей отаршылары экспансиялау нәтижесінде бөліп тастаған. «Әрине мұндай әділетсіздіктің, – дейді М. Тәтімов, – мәңгілікке созылуы мүмкін емес еді. Әділдік орнап, түркі халықтарын қатты жаныштаған Кеңес Одағы ыдырады, Орта Азия мен Қазақстан тәуелсіздік алып өз мемлекеттерін құрды. Түркілік тұтастықты, үзілген байланысты қалпына келтіріп, бүгінгі әлемдік өркениет дәрежесінде дамытуға толық мүмкіндік пен алғышарттар қалыптасты». ([7]. – Алматы, 1993. – 82-бет).

Еуразиялық Ұлы Даланы игеру

Еуразиялық Ұлы Даланы игеру туралы сөз болғанда, осы кеңістікті қоршап тұрған өркениеттердің (суперэтностардың) өрлеу-құлдырау ырғақтарын ескеру қажет. Қытай, Иран, Батыс және Ресейлік өркениеттер мен түрік халықтарының арасында талай тарихи процестер өткен. Ол тек мәдени сұхбаттасу деңгейінде болмай, осы этномәдени кеңістік үшін бақталастық және жаугершілік сипатында да болды. Орталық Азия өзінің кеңістікте орналасуына байланысты балға мен төстің арасында шыңдалды. Отты қару пайда болғанға дейін мындаған жылдық адамзат тарихында ат жалында өскен көшпелілер ең қаһарлы күш болғаны күмән тудырмайды. Бұл жерде А. Вебердің тарихтағы номадалардың рөлі туралы ілімін еске алып өткен жөн. Оның пікірі бойынша, техногендік өркениет (батыстық) пайда болғанға дейін көшпелілер кеңістікте мәдени катализаторлар қызметін атқарған. Ал айда А. Вебер осындай бағаны тек үндіеуропалық (арийлік) номадаларға ғана берген. Біз тағы да еурорталықтық мәдениеттанушылардың түріктік көшпелілердің мәдениетін кемсіте қарастыруының мысалын көріп отырмыз. Ал нақтылы тарих далалық өркениеттердің әлемдік дамудың бір қозғаушы күші болғанын дәлелдейді.

Скиф-сақ өркениеті біздің заманымыздан жүздеген-мыңдаған жылдар бұрын сол кездегі антикалық және шығыстық өркениеттермен қоян-қолтық араласып, олардың тарихи дамуында терең із қалдырған. Дүрілдеп тұрған Батыс Рим империясын құлатуға қатысқандардың арасында ғұндардың қызметі ерекше. «Материалдық және рухани мәдениеттің халықтар арасындағы ауыс-түйістігі, – деп жазады А. Тарақты, – адамзат өркениетінің бірден-бір кепілі болса, осынау тарихи қажеттіліктің арбакеші көшпелілер еді. Күні бүгінге дейін Алтай пен Карпат арасында тарыдай шашылған Скиф қорғандарынан Мысырдың (Египет), Грекияның, Иранның, Ассирияның, Урартудың, Қытайдың, Үндінің өнері мен тұрмыстық заттарының ұшырасуы тегін емес. Қос құрлықты көктей өтетін Ұлы Жібек жолын алғаш игерген Қытайдағы тут ағашын түлтеген жаяу шаруа емес, желмен жұрысқан салт аттылар екенін мойындау үшін архивтік айғаққа жүгінудің қажеті жоқ» ([8]. Қазақ. – Алматы, 1993. – 32–33-бет).

Түрік этностарының мәдени кеңістігін қарастырғанда мынадай ерекшеліктерге назар аудару керек. Біріншіден, түріктің төлтума мәдениеті арабтардікіндей шөл сахарада емес, жер бедері қолайлы Саян-Алтайдың орманды даласында ұяланған. Яғни қуаң еуразиялық Ұлы Даланы игеру үшін Өтүкеннің қара орманында қор жинау қажет еді. Бұл қор жинақтау аймағын Қытай мен Иранның шет пұшпағы деп қарастыру ақиқаттан алшақ. Екіншіден, түріктік этномәдени тұтастықтың тарихи тұрақтылығының тағы бір себебі Орталық Азияның мыс-темір кендеріне бай болуымен де қатысты. Металл өндеуді өте ерте кезден меңгерген прототүріктік мәдениет бұл аймақта қуатты күш болған. Мөдениет тарихын зерттеушілердің кейбіреулері шумерлік металлургия мен Сібірлік қару-жарақтардың ұқсастығын атап көрсетеді (О. Сүлейменов, Н. Оспанұлы, М.М. Әуезов т.б.). Үшіншіден. Л.Н. Гумилев атап көрсеткендей, дала биоценозының тағдырын көптеген жағдайда құрғақшылық пен ылғалдылық циклдерінің ауысып тұруы шешіп отырған. ([9]. А., 1992, 18-бет). Полюстік және тропикалық ауа мұнараларының алмаса әсер етуі еуразиялық даланы не қуаң шөлге, не гүлденген далаға айналдырған. Мысалы, Гоби кезінде шөпті дала, ал Арал мен Каспийдің арасы шалғынды мекен болған. Айталық, IX ғасыр ылғалды болса, XI ғасырда далада қуаңшылық басым болған. Даланы құрғақшылық басу түрік-моңғолдардың әлсіреуіне және олармен көршілес қытайлардың, ирандықтардың, славяндардың, маньчжурлардың күшеюіне әкеп соқты. Мысалы, дағдарыс жағдайындағы Қытайды басып алған далалықтардың ұрпақтары (көбісінің аналары қытай әйелдері) көшпелілік дағдыдан айырылып қалды. Кейін Қытай күшейген кезде олар қытайланып кетті және әлсіреген Дала отырықшы өркениетгің боданына айналды. Яғни, ландшафтың ауысуы, не ондағы түбегейлі өзгерістер автохтонды мәдениеттің икемделу (адаптация) қабілетін кемітті.

Осыған дейін айтылған қағидалардан бір қорытынды жасауға болады. Тарихтағы салмақты және салыстырмалы тұрақты өркениет аймағын тұтас кеңістіктік континиум деп қарастыру керек. Әртүрлі мәдениеттерді салыстырғанда үлгі ретінде олардың жеке бөліктерін емес, қалыптасқан суперэтностарды алу қажет.

Кеңістік аясындағы мәдениеттің табиғи қалыптасқан тұтастығын бұзу осы мәдениетті терең күйзеліске ұшыратады. Мұны Еуразияны Ресей отарлауынан анық байқаймыз. Орыс казактары көшпелілер үшін табиғи кедергі болып табылатын өзендерге бекініп алды. Скандинав теңізшілерінің навигациялық әдістерімен таныс казактар өзендерді орыстың байырғы жерлерімен байланысу артериясы ретінде шебер қолдана білді. Ал көшпелілер үшін өзен транспорттық байланыс құралы болмап еді. Көшпелілерден салт атпен соғысуды жақсы үйренген казактар қайықтарын да тастамады. Осының нөтижесінде көшпелілік этномәдени кеңістіктің буыны үзілді, тұтастығы бүлінді. Кейін Столыпин әрекеттері нәтижесінде қазақтар және басқа да көшпелі халықтар өздерінің шұрайлы жерінен айырылды. Бұл көшпелілік этномәдени кеңістіктің егіншілік алқабына айналуына негізгі себепкер болды. Ал бұл процесті прогресшіл немесе реакцияшыл деп бағалау әр мәдениет үшін әртүрлі сипатта.

Жалпы алғанда, кеңістіктің этномөдениетке тигізетін әсерін дұрыс бағалау керек. Қысқаша айтқанда, Отаны жоқ халық болған емес. Бұған бүкіл тарих куә. Әрине, кеңістік ерекшеліктері(ландшафт, биоценоз, оқшаулық ж.т.б.) өркениетке үлкен әсер етті. Алайда, басқа мысалдар бұл қағиданың абсолюттігіне күмән келтіреді. Айталық, Солтүстік Американың прерийлерінде, Аргентинаның пампасында, Австралияның жайылымдарында номадалар пайда болмады. Яғни, өркениетті дұрыс түсіну үшін басқа да факторларды қарастыру қажет. [3]

Пайдаланылған әдебиет

  1. Мәдениеттану негіздері: Оқулық. - Алматы: Дәнекер, 2000. ISBN 9965-485-34-8

  2. Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4

  3. Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арнлған оқулық. Алматы: Раритет, 2005.- 416 бет. ISBN 9965-663-71-8