Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Өзін-өзі өлтіруге жеткізу (қк-тің 102-бабы)

Қылмыстың мәні-қорқыту, қатыгездікпен қару немесе жәбірленушінің адамдық қасиетін кемсіту жолымен тұлғаны өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге қастандық жасауға жеткізуде. Қылмыстың объективті жағы-қорқыту, қатыгездікпен қарау немесе жәбірленушінің адамдық қасиетін ұдайы кемсіту жолымен тұлғаны өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге қастандық жасауға жеткізумен сипатталады. Сондықтан да, қорқыту сипаты барынша әр түрлі болуы мүмкін деп айтуға болады: күш қолданумен, бостандығын шектеумен немесе бостандығынан айырумен, тіршілік ету құралына айырумен және т.б.

Жәбірленушіге қатыгездікпен қарау, оны ұрып-соғудан, азаптау, денеге жарақат салудан, оны тамақтан, үй-жайдан айыру, бостандығын шектеуден ж.т.б. көрінеді. Жәбірленушінің адамдық қасиетін ұдайы кемсіту, кінәлының жәбірленушімен екі жүзділік қарым-қатынаста болуы: оның жеке басын кемсіту, оның кемшіліктерін келеке қылу, оны басыну, оны масқаралайтын мәліметтер тарату ж.т.б. жағдайларда орын алады. Сонымен қатар мұндай фактілер біреу емес, ұдайы, яғни екі реттен көп болуы тиіс. Жоғарыда аталған әрекеттер әрекет жасау жолымен, сондай-ақ әрекетсіздік жолымен де жасалуы мүмкін.

Жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі немесе өзін-өзі өлтіруге қастандық жасауы осы қылмыстың объективті жағының міндетті белгісі болып табылады. Кінәлының мінез-құлқы мен аталған зардаптың арасында себептік байланыс анықталуға тиіс.

Денсаулыққа қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы және түрлері

Әрбір жеке адамның денсаулығы-ол адам өміріндегі айтарлықтай орын алатын фактор болып табылады. Себебі адам денсаулығы-оның негізгі байлығы. Осыған байланысты адам денсаулығын қорғау мәселесі-жалпы мемлекеттің, қоғамның, әрбір азаматтың негізгі борышы. Сонымен әрбір қоғам мүшесі денсаулықты сақтау шараларын жүргізу туралы мәселелерге баса назар аударып, халықтың денсаулық сақтау мәселесінің шешілуіне белгілі бір шаралар қолданып, қоғам үшін біршама септігін тигізуі керек.

Қазіргі кезде мемлекетімізде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес денсаулықты сақтау мәселелері жөнінде мемлекеттік бағдарламалар әзірленген. Осыған орай азаматтардың денсаулығын нығайту, айналадағы қоршаған ортаны сақтау шараларын жүзеге асыру мақсатында, әсіресе өсіп келе жатқан жасөспірімдердің денсаулығын сақтау үшін мемлекеттік және жеке емдеу мекемелері заңға сәйкес ақылы түрде не тегін медициналық жәрдем көрсетуді жүзеге асырып отыр.

Денсаулық дегеніміз-адам ағзасының дұрыс әрі қалыпты жұмыс істеуі. Яғни, адам ағзасының әрбір органы, әрбір мүшесі сол жаратылған қалпында сақталып, оның дұрыс әрі қалыпты түрде белгілі бір қызметті атқаруы.

Денсаулыққа қарсы қылмыстардың қоғамға қауіптілігі-бұл қылмыстарды жасаған кезде, бір адам екінші бір адамның денсаулығына қасақана немесе абайсызда зиян келтіреді, яғни кінәлы қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді жасай отырып, адам өмірі үшін ең қымбатты болып табылатын адам денсаулығына заңсыз түрде қол сұғады. Адам денсаулығына зиян келтіру көбінесе оның мемлекет пен қоғам алдындағы азаматтық міндеттерін атқару, яғни сол міндеттерін нақты орындау мүмкіндіктерінен айырады.

Мысалы, адам денсаулығына зиян келуі-оның міндетті әскери қызметке шақырылуына кедергі келтіруі мүмкін, сондай-ақ әскери немесе басқа да арнайы қызметтерді атқаруына зиянды әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан да адам денсаулығына қарсы қылмыстарды жасау-тек жәбірленушінің өзіне ғана емес, сондай-ақ оның жақын туысқандары үшін де үлкен залал болып табылады. Адамды денсаулығынан айыру салдарынан оның өмірдегі, қоғамдағы еңбек және басқа да қоғам қызметтеріндегі байланысы үзіледі, оның еңбекке, қоғам қызметтеріне белсенді түрде қатысуына көбінесе мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан да адам денсаулығы- адам өмірінің негізі қуанышы, негізгі байлығы болып табылады.Сонымен адам денсаулығына қарсы қылмыстарға мыналар жатады: (103-119-бб.) Енді адам денсаулығына қарсы қылмыстардың объектісін, объективтік жағын, субъектісін, субъективтік жағын жеке-жеке талдайық.

Дене жарақатының объектісі-бөгде адамның қалыпты денсаулығы болып табылады.

Адам денсаулығына қарсы қылмыстардың объективтік жағы-басқа адамның денсаулығына, құқыққа қайшы әрекеттер мен әрекетсіздіктер арқылы зиян келтірумен көрініс табады. Көбінесе дене жарақаты әрекет арқылы жасалынады. Кінәлы адам жәбірленушінің денсаулығына әр түрлі жолдармен, атап айтсақ, механикалық әсер ету арқылы (мүшелерге зақым келтіру), химиялық жол арқылы (улау, қышқылмен күйдіру), электрлік жолмен (тоқпен ұру), термикалық әсер ету (ағзаға инфекциялы ауруларды жұқтыру) арқылы, сонымен қатар психикалық әсер ету арқылы (гипноз) және басқа да тәсілдер арқылы дене жарақатын келтіреді. әрекетсіздік арқылы да дене жарақаты келтірілуі мүмкін, егер де белгілі бір адам өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса. Кейбір кездері дене жарақатын келтіру қылмыстық жауаптылықтан босатылуға негіз болып табылады егер бұл жарақат мәжбүрлік қажеттілік жағдайында, яғни емдеу мақсатында болса. Мысалы, жәбірленуші өзінің ағзасына хирургиялық операциялар жүргізуге келісімін берсе, онда хирургтер осы хирургиялық операциялардан туындайтын белгілі бір зардаптарға жауап бермейді, себебі жәбірленуші хирургиялық операциялардан туатын салдарға қарсы болмады. Дене жарақатын келтіру спорт жарыстары кезінде де орын алуы мүмкін. Спорттың нақты түріне қатысты жалпы ережені сақтамау салдарынан туған дене жарақаты денсаулыққа қарсы қылмыс ретінде сараланады. Мысалы, футбол кезінде футбол ережесін өрескел бұзған кінәлы бөгде адамға дене жарақатын келтірсе, онда оның әрекеті денсаулыққа қарсы қылмыс ретінде танылады.

Дене жарақатын келтірудің субъективтік жағы 2 нысаннан тұрады:

  1. қасақана (тікелей және жанама)

  2. абайсызда (менмендік және немқұрайдылық).

Тікелей қасақана дене жарақатын келтіру бір адамның екінші бір адамға дене жарақатын келтіру бір адамның екінші адамға дене жарақатын келтіруді тілеп, алдын ала ойластырып, жоспарлы түрде мақсаттар жасауы, ал жанама қасақаналықта кінәлы сондай зардаптың болуын тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді. Абайсыздық нысанының өзінде сенімділік түрінде кінәлы өзінің әрекетінен немесе әрекетсіздігінен туатын салдардың, яғни дене жарақатының болуын көре алады, бірақ ол салдар бола қоймас-ау деген өзіне сенімділік ниетте болады, немқұрайдылық түрінде адам дене жарақатының болатынын көре алмайды, бірақ көруге тиісті болатын. Осы жоғарыдағылардан айқын болғандай кейбір дене жарақатын салған есі дұрыс субъектілер үшін 14 жас, ал кейбір субъектілер үшін 16 жас. Сонымен қатар дене жарақаты қылмысын жасайтын арнаулы субъектілер бар.

Енді ауыр дене жарақатын салу түсінігі мен түрлеріне тоқталайық. Жалпы денеге жарақат түсіру деп бөгде адамның денсаулығына қасақана заңсыз түрде немесе абайсыз денедегі ұлпалардың анатомиялық тұтастығын бүлдіру жолымен, әйтпесе басқа жолмен оның ағзаларының дұрыс жұмыс істеуін бұзу арқылы зиян келтіруді айтамыз. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру ұғымына келетін болсақ, ол былай делінген: «Адамның өміріне қауіпті немесе көруден, тілден, естуден, қандай да болсын органнан айрылуға немесе органның қызметін жоғалтуға немесе бет әлпетінің қалпына келместей бұзылуына әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, сондай-ақ өмірге қауіпті немесе еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін тұрақты түрде жоғалтуға ұштасқан немесе кінәлыға мәлім кәсіби еңбек қабілетін немесе түсік тастауға, психикасын, бұзуға есірткімен немесе уытты умен ауруға душар еткен, денсаулықтың бұзылуын тудырған, денсаулыққа өзге зиян келтірген қасақана ауыр зиян келтіру».

а) Адамның өміріне қауіпті зиянға-миға зақым келтірілместен бас сүйегіне келтірілген жарақат; бас сүйектерінің ашық немесе жабық сынуы; ауыр дәрежедегі мидың зақымдануы; өмірге қауіпті түрде миға қан құйылуы; бел омыртқаны ауыр зақымдау; адамның іш құрылысын, ас қорыту, зәр шығару органдарын жарақаттау, ауыр дәрежеде күйдіру т.б. жарақаттар келтірулер жатады.

б) Қасақана ауыр дене жарақатының салдарынан көруден айрылу-бұл адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру салдарынан адам көре алмайтын жағдайға душар болады. Айтып кететін бір жайт, адамның көре алмауы емделусіз болуы керек, уақытша көруден айрылу ауыр дене жарақатының элементі болмайды, яғни ол орташа ауырлықтағы дене жарақаты болып табылады. Бір көздің көруін жоғалту ауыр дене жарақатыц ретінде бағаланады. Бір көздің көруінен айрылу салдарынан адам көзінің көру шеңбері 30 пайызға тартылады және бинокулярлық көрудің бұзылуына әкеп соғады, ал мұндай жағдайлар кейбір кездері белгілі бір нәрселерді нақты қабылдау қабілеттілігін қиынға соқтырады немесе көрудің мүмкіншілігін түпкілікті жоғалтады. Себебі, бір көзден айрылған адам мамандық түрін таңдағанда ғана емес, сонымен қатар дем алу кездерінде де қиыншылықты басынан өткереді, ал кейбір кездері бақытсыздық жағдайлардың объектісі болуы да мүмкін. Сондықтан да көздің көру қабілетін 35-пайыз мөлшерінде жоғалту немесе 2 метр қашықтықта бармақтың санын көре алмауы денсаулыққа ауыр зиян келтірілді деп есептелінеді және ауыр дене жарақаты ретінде бағаланады.

в) Қасақана ауыр дене жарақатының салдарынан тілден айрылу-сөйлеу қабілетін, ол ойын айналасындағыларға түсінікті түрде біріккен дыбыстармен жеткізу қабілетін біржола жоғалту.Дауысын жоғалту салдарынан, яғни афония жағдайында адам өзінің ойларын тек қана сыбырлап жеткізе алады. Мұндай жағдайлар адамның еңбек ету қабілеттілігінің 25-пайыз мөлшерінде жоғалтуына әкеп соғады. Сөйлей алмау нәтижесінен адам қоғамдағы қатынастарға активті түрде қатыса алмайды, барлық уақытта өзінің бір кемшілігінің бар екенін сезінеді, адамдармен сөйлесуден аулақ жүреді, сондықтан да тілден айрылу адам денсаулығы үшін орасан зиянды болып табылғандықтан ауыр дене жарақаты ретінде есептелінеді.

г) Қасақана ауыр дене жарақатының салдарынан естімей қалу деп мүлде айықпайтын кереңдік және зардап шегуші қатты айтылған сөзді өте жақын жерден, құлағынан 3-6 см қашықтықта айтқанда ғана ести алатындай жағдайда қалуы. Жалпы есту-адам ағзасының сезім органдарының бірі. Күнделікті қарым-қатынас, жұмыс, дем алу уақыттары, теледидардан, радиодан хабар алу, есту сезімімен тығыз байланысты.

Екі құлақтың есітпей қалуы-ауыр дене жарақаты ретінде есептелінеді. Бір құлақтың есітпей қалуы-жалпы еңбек қабілетінің 15 пайызын, яғни кемінде үштен бірін жоғалту емес, сондықтан ол денсаулықтың бұзылуына әкеп соққан жеңіл жарақат деп бағаланады.

л) Қандай да болсын органнан айрылуға немесе органның қызметін жоғалтуға-аяқтың, қолдың физикалық тұрғыда денеден айрылып қалуын немесе сал (паралич) қалпында қалуы жатады және бұл жағдай ауыр дене жарақаты ретінде бағаланады. Жыныс қатынастарының қабілетін жоғалту, екі ені де зақымданып, оларды тастауға әкеп соғуы, сондай-ақ бала табу қабілетінен айрылу тұқымдылық қабілетінен айрылу деп саналады да, ауыр дене жарақаты қатарына жатады.

е) Сот медицинасы тәжірибесінде беттің жаралануы тым жиі кездеседі. Бет жарақатын бағалау кезінде бірқатар факторларды: жарақат салған кезде оның адам өміріне қауіптілігін (ми шайқалуы т.б.), сезім мүшелерінің зақымдануын және бет пішінінің қалпына келмейтіндей болып бұзылуын ескеру керек. Бет сиқының бұзылуы туралы мәселені сот шешеді.

Бет жарақатының жазылуы дегеніміз-тыртық көлемінің кішіреюі, табиғи жағдайлардың нәтижесінде олардың өңінің өзгеруі, мысалы, тыртықтардың әжімдерге, мойын қыртыстарына және т.б. ұқсап тұруы болып табылады, сондай-ақ консервативтік емдеу әдістерінің нәтижелері де осыған жатады. Ал егер консервативтік емдеу жақсы нәтижеге жеткізбей, зақымданушыға косметикалық операциялар жасалса, жарақат операцияның нәтижесіне қарамастан қалпына келмейтін жарақат деп қаралады да ауыр дене жарақатына жатады, өйткені мұндай жэағдайда орын алатын іш құса болып қатты қайғыруға бет-пішіннің өзгеруі ғана емес, адамның қоғаммен байланысының бұзылу қаупі де негіз болады.

и) Еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін тұрақты түрде жоғалту деп – жалпы еңбек қабілеті, мамандықты талап етпейтін еңбекке қабілеттілік айтылады. Еңбек қабілетінің үштен бірін жоғалту зардап шеккен адамның жалпы еңбек қабілеті мен оның жоғалту көлемін онша өзгертпейтін жарақат зардаптарының біршама жақсаруы организмдегі өзгерістермен бірге байланысты. Еңбек қабілетін жоғалту тек тұрақты болады. Жалпы еңбек қабілетінің 33-пайыз мөлшерін жоғалту ауыр дене жарақаты ретінде бағаланады. Кәсіптік еңбек қабілетін жоғалтуды анықтау зардап шеккен адамның кәсіптік еңбек қабілетінен айыруға ниеттенгендік анықталатын жағдайларда тергеушінің қаулысы немесе сот қаулысы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Еңбекке қабілетті адамның еңбек қабілетін жоғалтуына апарып соғатын жарақаттар жас балаға, қарт адамға, кәмелетке толмаған жасқа, 1-топтағы мүгедекке, яғни еңбекке жарамсыз адамдарға салынуы мүмкін. Мұндай жағдайларда дене жарақатының қаншалықты ауыр екенін анықтағанда мыналар негізге алынады:

  1. балалардың кейін ол 10 жасқа толғанда еңбек қабілетін қандай дәрежеде жоғалтқаны көрсетіледі;

  2. мүгедек адамның алынған жарақатқа байланысты еңбек қабілетін біржола жоғалтуы дені сау адамдардікі сияқты анықталады, яғни мүгедектігі мен тобы ескерілмейді.

е) Егер келтірілген зақымдардың салдарынан түсік болса, екіқабат екендігінің мерзіміне қарамастан, ол ауыр дене жарақатына жатқызылады. Бұл орайда арнайы акушерлік-гинекологиялық зерттеулер арқылы түсіктің зардап шегуші организмінің жеке ерекшеліктеріне, яғни ауырлығына немесе ішкі жыныс мүшелерінің жетілмегендігіне байланысты емес, қайта оған дене жарақатының тікелей себеп болғаны анықталуға тиіс.

ж) Жарақат алуға байланысты іш құса болу (психикасының бұзылуы) ауыр дене жарақатының белгісі болып табылады. Мысалы: бас сүйек жарақатына байланысты пайда болатын қояншық (эпилепсия) осындай ауру. Іш құсаның диагнозын қою және оның себебі жарақат алуға байланысты екенін анықтау сот-психиатриялық сарапшының құзыретіне жатады.

з) Есірткімен немесе уытты умен ауруға душар еткен денсаулықтың бұзылуын тудыру денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру. Бұл есірткі немесе уытты у арқылы адамды соған душар етіп, оған ауыр дене жарақатын келтіру болып табылады. Ауыр дене жарақатының салдарынан жәбірленушінің өліміне әкеп соғатын кінәлының әрекеттері тікелей басқа адамның денсаулығына қол сұғуға бағытталады, сондықтан да жалпы кінәлылық әрекеттері адам денсаулығына қарсы қылмысқа жатады. Жалпы кінәлының әрекеттерінің субъективтік жағын қарастырсақ, кінәлыны өзінің қасақана әрекеттері арқылы жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіреді, мұндай әрекеттерді ол тілеп немесе саналы түрде жол беріп істейді, бірақ бұл әрекеттердің салдарынан келетін зардап, зиян жәбірленушінің өлімі абайсызда болады, яғни кінәлы жәбірленушінің өлуін тілемейді, ол өлмейді деген менмендік немесе немқұрайдылық қатынас түрінде болады. Егер абайсызда жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келтірілсе, мұның салдарынан жәбірленуші өлетін болса, онда бұл жағдай абайсызда кісі өлтіру қылмысы құрамын құрайды.

Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру (104-бап)

Қылмыстық кодекстің 104-бабында көрсетілген қылмыстың денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруден өзгешілігі келтірілген зиянның дәрежесінде. Ауыр иянға қарағанда орташа ауырлықтағы зиян келтіру мынандай өзіндік белгілермен:

  1. адамның өміріне қауіптіліктің болмауына;

  2. Кодекстің 103-бабында көрсетілген зардаптарға әкеп соқпауынан;

  3. денсаулықтың ұзақ уақытқа бұзылуына;

  4. Жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін айтарлықтай тұрақты жоғалтуға әкеліп соғумен сипатталады. 3 аптадан (21 күннен әрі) артық уақытқа уақытша еңбек қабілетін жоғалту денсаулықтың ұзақ уақытқа бұзылуы, ал жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін (10-нан 30-пайызға дейін) жоғалту тұрақты жоғалту деп танылады.

Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірудің ауырлататын түрлері ҚК 103-бабында көзделген осындай белгілермен бірдей, сондықтан да оларды қайталап талдап жатудың қажеті жоқ.

Субъективтік жағынан көрсетілген қылмыс тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі 104-баптың 1-тармағы бойынша 14-ке толған адам болады.