- •Бүгінгі күні облыстағы су шаруашылығы саласын қалай елестетуге болады?
- •Екі ел арасындағы су ресурстарын пайдалануды реттеуге қандай басқару органдары қатыстырылған?
- •Су жөнінен көршілес Қырғыз еліне тәуелділігімізді қалай азайтуға болады?
- •Ондай жұмыстар жүргізуге не тосқауыл болуда?
- •Ауылдық су пайдаланушылар кооперативтерінің ахуалы қалай?
- •Жергілікті кмк-лардың қаржы жағдайлары қалай?
- •Суару кезеңдерінде бір кмк-ға, оның ішінде мамандарға түсетін жұмыс жүктелімі қаншалықты?
- •Қазіргі жағдайды түзетіп, дұрыс жолға қою үшін не істеу қажет?
Су жөнінен көршілес Қырғыз еліне тәуелділігімізді қалай азайтуға болады?
Шаруашылықты қалыпты жүргізу үшін кез келген су тұтынушы оған су пайдалану нормасына сәйкес қаншалықты су қажет екендігін нақты білуі тиіс. Бірақ ылғал аз болған 2008 жыл жамбылдықтардың трансшекаралық Шу-Талас бассейніндегі су нысандарынан бөлінетін суға толықтай тәуелді екендігін дәлелдеп берді. Сондықтан суармалы дақылдардың өсу кезеңінен көп бұрын-ақ, жинап алған суды сақтау және оны тиімді пайдалану мәселесіне жүйелі түрде қарау қажет. Мұнда мәселенің бәрі суаруға қажетті ағын суды пайдалануды реттеу және сақтау шараларына байланысты. Бірақ су қатынастары субъектілерінің бірде-бірінің суару жүйелерін күрделі жөндеу, жақсарту жұмыстарын өз күштерімен жүргізуге шамалары жетпейді.
Ағын суға сырттан тәуелді болмау үшін, қысқы-көктемгі түскен ылғалдар мен көктемге салым еріген суларды, сондай-ақ трансшекаралық су нысандарында жинақталған суларды облыс аумағындағы су қоймаларына, оларға құятын өзен арналарын тереңдете отырып, кеңейту арқылы барынша мол жинап, сақтау, жаңа технологияларды пайдалана отырып, суару жүйелеріне жөндеу және қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізу, мүмкіндіктері бар өзен арналары жанынан жаңа су қоймаларын жасау шараларын жүргізу қажет.
Су пайдалану көлемін азайту және тиісінше ағын суды пайдалануда бос ысырапқа жол бермес үшін, мынадай жұмыстар жүргізу керек:
- топырақты каналдардың беткейлерін су өткізбейтін материалдармен қаптау;
- жерді мелиорациялау және дренаждық суларды алқаптарды суаруға пайдалану;
- жер асты суларын суару мақсатына пайдалану үшін кәріздер орнату;
- құбырлар мен гидранттардан жасалған жабық су өткізгіштерді пайдалану;
- суарудың жаңа технологиялары мен материалдарын енгізу, суару нормаларына сәйкес, суды жұмсаудың қатаң есебін жүргізу және суару мәдениетін көтеру есебінен су шығынын азайту.
Ұсынылып отырған бұл шараларды жүргізу үшін көп қаржы қажет етіледі. Дегенмен бұл проблемалардың барлығын дұрыс шешіп, жолға қою үшін су ресурстарын басқару мен суды пайдалану жүйелерін жетілдіру қажет.
Ондай жұмыстар жүргізуге не тосқауыл болуда?
Біріншіден, облыстың су рыногінде қандай тұлғалар іс-қимыл жасап отырғанын еске түсірейік. Олар — Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің «ТаразСушар» республикалық-мемлекеттік кәсіпорны, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының су шаруашылығы коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорындары, су пайдаланушылардың кооперативтері, сондай-ақ басқа да, заңды және жеке тұлғалар.
Үкіметтің 2003 жылғы 17 наурыздағы «Жекелеген су шаруашылығы объектілерінің мемлекеттік меншік түрін өзгерту туралы» №255 қаулысына сәйкес, облыс аудандарында жергілікті мәндегі 6 КМК құрылған. Олардың иелігіне республикалық меншіктен алынып, қалдық құны 108 млн теңгені құрайтын, барлығы 126,7 мың га суармалы алқапты ағын сумен қамтамасыз ететін 34 су тоспалары мен әуіттер, ұзындықтары 805 км шаруашылықаралық, 684 км ішкі шаруашылықаралық каналдар, 390 гидротехникалық құрылымдар, 366 гидрометриялық постар және 154 шақырым коллекторлық-дренаждық жүйелер берілді.
Былтыр ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері пайдаланған 153,4 мың суармалы жерлердің 117,4 мың гектарына (77 пайызы) ағын су жеткізу жұмыстарымен біздің басқарманың коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорындары (КМК-лары) айналысты. Олар барлығы 1 мыңға жуық су пайдаланушыларға: шаруа қожалықтары мен ауылдық су пайдаланушылар кооперативтеріне, елді мекендердің үй жанындағы бақшалық жерлеріне барлығы 64,9 млн теңгеге, жоспардағы 684,5 млн текше метр судың орнына, нақты түрде 411,6 млн текше метр су жеткізді. Өкінішке қарай, барлық суармалы алқаптардың 80 пайызға жуығына жергілікті КМК-лар қызмет көрсететініне қарамастан, таратылған «Жамбыл су шаруашылығы» РМК тарапынан өндірістік-техникалық құрал-жабдықтар мен мелиоративтік техникалардың баламды түрде берілмегенін айтуға тиіспіз.
Бірақ Су кодексінің 77-бабына сәйкес, «республикалық су шаруашылығы кәсіпорындары су пайдаланушыларға республикалық меншіктегі трансшекаралық, мемлекетаралық, облысаралық су нысандары мен су шаруашылығы құрылымдарынан уақтылы және үздіксіз су жеткізіп беру» және сол аталған су нысандарын пайдалану мақсатында құрылады. Алайда «ТаразСушар» РМК өздеріне шаруашылық жүргізу құқығы беріле отырып құрылған су тораптарына қажетті су көлемін жеткізіп беру жөніндегі тікелей міндеттерін орындаумен қатар, шаруаларға су жеткізіліп беретін жекелеген коммуналдық каналдармен де, су берумен де айналысады.
Сөйтіп, ешқандай материалдық-базасыз (кеңсесіз, базаларсыз, құрал-жабдықтар мен техникасыз) құрылған КМК-лар жергілікті атқарушы органдардан да ештеңе ала алмады, нәтижесінде олар бүгінгі күні су жүйелерінің ағымдық жөндеулері тұрмақ, күнделікті апатты жағдайды жою жұмыстарын да жүргізе алмайды, бар айналысатыны тұтынушылар арасында су бөлу ғана, осы орайда, бұған басты себеп — облыста барлық су шаруашылығы қызметі үшін құрылып, жасақталған бүкіл материалдық-техникалық базаның республикаға қарайтын «ТаразСушар» РМК-ның иелігінде кеткенін тағы да қайталап айтуға тура келеді. Оның үстіне, «ТаразСушар» РМК-ның паркі жыл сайын республикалық бюджет есебінен жаңа техникалармен толықтырылуда. Ал жергілікті КМК-ларды техникалық қайта жарақтандыру үшін жергілікті бюджеттен бір тиын да бөлінбейді.
