4. Қазақ тіліндегі жастар тілінің элементтері
Күнделікті өмірде, өз ортамызда, қоғамдық көліктерде, көшеде қанша адамдарды кездестіріп, олардың сөйлеген сөздеріне, бір-біріне деген қарым-қатынастарына куә боламыз.
Соның ішінде, жастардың әрекеті, сөйлеген сөздері бізді қатты таң қалдырады. Жастар демекші, біреуге ақыл айтып, сынайын дегенім емес, тілдің жанашыры ретінде қазақ тілінің дамуына сәл де болса үлес қоспақ ниетпен қазіргі жастардың тілі туралы сөз қозғағым келіп отыр. Сленгтің мағынасы - фразеологизмге ұқсас, өзіндік лексикалық мағынасы бар, бірақ фонетикалық және грамматикалық жүйеге бағынбайтын сөздер тобы. Былайынша айтқанда, сөз, сөйлемшелердің өзгеше түрі. Әлеуметтік тіл болып саналады. Кей жастар осы сленгпен сөйлеуді сәнге айналдырып, оны зор мақтаныш көретіні де рас. Мысал ретінде қарапайым күнделікті өмірде қолданылатын «базар жоқ», «сындырды», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «картопты жарды», «тартыл», «қуады екенсің», «бітіп қалдым», «лақтырып кетті», «жыртты», «қоянның суретін салып кетті», «қораға кірді», «балта қадады», « өшті», «мат қылды», «ат екенсің», «күлкіден қырылып қалды»,«шашып тастады», т.б. сөздер мен сөз тіркестерін жиі естиміз. Тіпті, қазір белгілі актер, КВН-ші Тұрсынбек Қабатовтың басқаруымен «Базар жоқ» әзіл-ысқақ театры ашылып, көрерменді күлкіге қарық қылып жүр. Осы сөздерді қолданушылардың дені жастар. Енді бұл сөздердің мағынасын ашып, негізгі нұсқасын анықтап көрейікші. Базар жоқ- айтуға сөзім жоқ, тамаша, өте жақсы, керемет; сындырды: екі мағынасы бар, мысалы: жігіт қызды сындырып алды десе, онда ол жігіт қыздың көңілін өзіне аударды, келісімін алды, қаратты дегенді білдіреді. Ал егер, ақша сындырды десек, онда күшпен ақша жинап алды деген ұғымды береді. Лапша ілді, құлақтан тепті, қоянның суретін салып кетті - алдап кетті, сазға отырғызды; картопты жарды – әзілдеді; тартыл- қатарға қосыл, кел; бітіп қалдым (батыс жақта) – ғашық боп қалдым; жыртты - өз дегеніне жетті, мақсатына қол жеткізді, таң қалдырды; қораға кірді – сәтсіздікке ұшырады; мына қыз «ат» екен - мына қыз керемет сұлу екен; прикол ұстады – мазақ етті, келеке қылды; мат қылды, өшірді - жеңді деген сияқты мағыналарды береді.
8
5. Қорытынды
Осы слэнгтерді жиі қолданудың басты себептерінің бірі – интернеттегі кейбір сананы улайтын сайттар, теледидардағы түкке тұрғысыз түрлі бағдарламалар, әлеуметтік желілердегі жеңіл әңгімелер, т.б. Ол сайттар мен бағдарламалардың атын атап, түсін түстеуге қажет жоқ. Алайда, мен көпке топырақ шашудан аулақпын, бәрі ондай емес, әрине, бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, сол бір құмалақтар қоғамда қаншалықты екенін ешкім де санап жатқан жоқ. Не дегенмен, бар нәрсе бар, оны жою көп күресті қажет етеді. Еліміздің болашағы жастардың, яғни, біздің қолымызда дейміз де, сол болашақ үшін не істеп, не бітіріп жатқанымызды өзіміз білмейміз. Айтайын дегенім, ондай түкке тұрғысыз сөздерді түбімен жоймасақ та, аз да болса дұрысырақ сөйлеп үйренейік. Біздің болашағымыз өзіміздің ана тілімізде. Оны құрметтей білейік, өзге сөзбен шұбарлап, қадірін кетіріп, құтын қашырмайық. Керісінше, түзу сөйлеп төбесін көкке жеткізуге бәріміздің де мүмкіндігіміз бар. Бұралқы сөздермен тілімізді тереңнің түбіне жібергенше, талай маржан сөздерімізді қолданып, Абай, Сәкен, Мағжан сынды қайраткерлеріміз қадірін түсінген айбынды ана тілімізді асқақтатайық. Абыз Абай атамыз армандаған, Мағжан «сенген жастары» біз болайық. «Тіліңді жоғалтсаң, діліңді жоғалтсаң, жоғалтасың бәрін»- деп, тіл жанашыры ақын Мұхтар Шаханов ағамыз бекер айтпаса керек-ті. Жастар, достар, өз тіліміз - сарқылмас, таптырмас байлығымыз! Қолда барда алтынның қадірін білейік!
9
