- •Журналистиканың қоғамдағы орны
- •Журналист – саясат сардары
- •Тақырып таңдау – журналист тағдыры
- •Журналистика шыңына шығуға әзірлік
- •Журналистік зерттеуге дағдылану
- •Журналистке қойылатын талаптар мен міндеттер
- •Журналистің өзіндік стилінің қалыптасуы
- •Журналистикадағы формалық ізденіс
- •Тақырып қоюға машықтану
Журналистке қойылатын талаптар мен міндеттер
Қазақ журналистикасының өркен жая бастаған яғни, алғашқы мерзімді басылымдар жарық көре бастаған ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында газет-журнал материалдарын саралай отырып, үлкен айырмашылық бар екенін байқаймыз. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе негізінде көркемдік пен шеберлік деңгейі анағұрлым өсті, кәсібилік сипат айшықтала түсті. Жанр заңдылықтарын меңгерген журналистер кәсіби шеберлік мектебін қалыптастырды десе болады.
Бүгінгі таңда журналистерге қойылатын талаптар – бұрынғыдан әлдеқайда қатаң. Заман ағымына сай кез-келген жағдайға бейімделе алмайтын, сөзге шорқақ адам журналистика саласында табан тіреп тұра алмайды. Бәсекеге төтеп бере алатын білікті, білімді, шебер маман ғана тұрақты қызмет ете алады. Біріншіден, таза шығармашылық талаптарға қоса, журналист жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істей алуы керек. Екіншіден, оның денсаулығы мен психологиясы орнықты болуы керек. Журналистің шығармашылық шеберлігі қатып қалған қағидаға байланысты қалыптасып, дамымайды. Дегенмен, төмендегі жайттарды ескерген ләзім:
1. Тақырып таңдай білу. Баспасөздегі әр материал журналист қозғаған ойдың, пікірдің шынайы айғағы. Сондықтан да, журналистің тақырып таңдай білуі – өмір құбылыстарының қандайына айырықша назар аударатынын, нені маңызды деп білетінін аңғартады. «Тақырып – өнер туындысының іргетасы» десек, журналистің танымын, идеялық тұрғысын анықтайтын айғақтың бірі деп те қарауға болады. Қарабайыр, жаттанды емес, тың әрі өзекті, оқырманның көкейінде жүргенді дөп басып, тақырып таңдаған журналист әрқашан ұтады.
2. Журналистің тіл шұрайлылығы логикалық жағынан дәлелді, көңілге қонымды болуы шарт. Публицистикалық жазбаларының тақырыбына, мазмұнына сай сөздер мен сөз тіркестерін сұрыптап қолдана білудің және қажетті құрылымдарды пайлалана алудың өзіндік үлкен мәні бар.
3. Дерек және шындық. Шындықты айту, кемшілікті сынау журналистің басты мақсаты болғандықтан, әрқашанда нақты дерекке сүйеніп, шындықты бұрмаламауы тиіс. Журналист қоғамдық пікірді тудырып, қалыптастырушы болғандықтан, ақиқаттан алшақ кетпеуі абзал. Замана шындығын дәлме-дәл көрсетуші ретінде журналист уақыт пен дәуір талабынан шығуы тиіс. Кез-келген журналист аудиториямен қарым-қатынас орнатуда, өз білімін толықтыруда, кеңес беруде, бағыт-бағдар көрсетіп, ойларын талқыға салуда жаңа, жетілген деректерді ұсынғаны жөн.
4. Тапқырлық шеберлігі. Журналист сөз етер кейіпкер өмірі, тәлімі мен іс-әрекеті, оқиғаның мазмұны мен идеясы оқырманның қызығушылығымен бағалануы тиіс. Демек, баршаға белгілі, бірақ ешқандай қызығушылық тудырмайтын кейіпкерден, оқиға желісінен гөрі, беймәлім, әлі көпшілікке таныс емес, алайда өмірі таңғажайып оқиғаларға толы адам тағдырын іздеп, көрсете білу керек.
Журналистің өзіндік стилінің қалыптасуы
Жалпы, « стиль» атауының өзін түрліше түсінуге болады. Д.С. Лихачев стильдің екі түрін ажыратады: 1)әдебиет тілінің стилі; 2)форма мен мазмұнның белгілі бір жүйесінің стилі. Яғни, стильді тілдік тұрғыдан қарайтын стилистика, сонымен бірге сөз өнеріндегі көркемдікке қатысты әдеби стиль бар екен.
Стилистиканың ауқымы кең. Қоғамдық қатынас құралы тілдің түрлі салаларда қолданылу ерекшеліктерін зерттейтін стилистиканың ауызекі сөйлеу, кеңсе қағаздарының тілі, публицистикалық, ғылыми, әдеби стильдер деген салалары бар. В.В. Виноградовтың айтуынша, стилистика стильдік құбылыстарды сол тілдің жалпы заңдарына, грамматикалық, семантикалық құрылымына орай зерттейді. Ал, стиль – бір-бірімен әртүрлі формалық құрылымдық элементтердің іштей тұтас, бірыңғай жүйесі.
Демек, әр журналист шығармаларындағы стиль тілдік сипатты ерекшеліктердің жиынтығы ретінде көрінеді. Журналист тіл мен стильді теориялық тұрғыда меңгеріп қана қоймай, практикалық тұрғыда өз туындыларында шебер қолдана білсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізгені деп айтуға болады.
Журналист үшін тіл мен стильді жетік меңгеріп, оларды шебер, әрі орнымен қолдана білу өте маңызды. Журналистің стилін ашып, көрсету дегеніміз – оның шығармашылық басты сипаттарын дөп басып, жетістіктері мен кемшіліктерін ажырата білу.
Журналистиканың әр жанрының өзіне тән стилі мен тілі болады. Жанрларды оқу кезінде осы мәселеге ерекше назар аударып, оларды «ойнатып» беру шеберлігін игеруге дағдылану қажет.
Сонымен қатар тәжірибелі журналистердің өзіндік стилі мен қолтаңбасы қалыптасады. Сондай-ақ, әр басылымның ұстанған бағыт-бағдарларына сай өзіне тән тілі мен стилі болады. Болашақ журналистер осының бәрін жетік меңгерулері керек.
Бүгінгі еліміздегі баспасөз, негізінен қазақ тілді және орыс тілді болып бөлінеді. Қазақ тілді және орыс тілді басылымдардың өзіндік ерекшеліктері бар. Орыс тілді газет-журналдар мен телерадио арналары тарататын ақпараттар мен хабарлар көбіне “Орыс мінезділігін” байқатып отырса, қазақ журналистерінің көбі ескі сарыннан ауытқи алмай келеді. Сондықтан көптеген қазақ басылымдары, “тек жүрсең, тоқ жүресің” демекші, аңдап басып, абайлап жүруге тырысып бағуда. Қазақ баспасөзінің беделі маңызды хабарларды беріп, өзекті мәселелерді көтеруінен ғана емес, сынды дұрыс жазуына да байланысты көтерілуде. Тіпті, журналистер жиі қолданатын сұхбат, әңгіме секілді түрлі пішіндік әдістер де сыннан алшақ емес.
