Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Ж.-. Астамбаева, Г. И. У-йісова, Ша-ын жина-ты...doc
Скачиваний:
4
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Өзіндік жұмыс, оның түрлері және пәндерді оқытуда өзіндік жұмысты ұйымдастырудың әдістемесі

Өзіндік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерініғ бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Шағын жинақты бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары. Бірнеше сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің негізгі педагогикалық міндеті – жеке сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің алдына қойған міндетпен бірдей. Ол да оқу жоспарын, бағдарлама талаптарын орындауға тиіс.

Өзіндік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.

Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:

1.Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;

  1. Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;

  2. Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;

  3. Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.

Өздік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:

  • мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;

  • жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;

  • мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;

  • оған әсер ететін мотивтер.

Өзіндік жұмыстың түрлері сан алуан. Оларды топтастыру - күрделі мәселе. Оның жиі кездесетін бір тобы – сабақ мақсатына қарай қолданылатын жұмыс түрлері:

а) Жаңа білімді меңгеру (материалды жан-жақты талдау, мұғалімнің ауызша баяндауының жспарын, конспектісін жасау т.б. тәсілдерге үйрену).

ә) Жаңа білімді бекіту (түрлі жаттығулар, есеп шығару, түрлі жазбаша, графикалық, практикалық т.б. жұмыстар).

Өздік жұмысқа мынадай талаптар қойылады:

1) Тапсырма әрбір оқушының білім деңгейіне байланысты таңдалуы керек.

2) Өздік жұмысты орындауға жеткілікті уақыт берілуі керек (8-15 мин. ұзақ болмайды).

3) Міндетті түрде тексерілуі керек.

4) Жұмыс сабақтың мақсатына байланысты (жаңа материалды қабылдауға, өткен материалды бекітуге, қайталауға, білімді тиянақтауға) таңдалады.

5) Өздік жұмыстың мақсаты, орыдау әдісі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.

6) Өз бетімен жұмысқа оқушылар білім деңгейіне байланысты әр түрлі уақыт жұмсайтынын ескеріп, тақтаға не карточкаға қосымша материалдар дайындап әкелу керек.

7) Ескертпе, түсініктеме-карточкалар, перфокарталар дайындау қажет. Оқушыларға өзіндік жұмыс ретінде пәндер бойынша мынадай тапсырмалар беруге болады.

Қазақ тілі сабақтарында – түрлі жаттығу жұмыстарын орындау, қима қағаздармен, перфокарталармен жұмыс, сурет бойынша сөйлем, әңгіме құрау, сөздіктермен жұмыс тапсырылады. Мысалы, мұғалім грамматикалық талдау жасауға сөз, сөйлем немесе мәтін береді. Жоспар жасатады (әуелі ауызша, сонан соң жазбаша жоспар жасатады). Мұндай жаттығуларды балалар өздіктерінен орындағанымен, оның қалай орындалатыны көрсетіліп, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Балалар бір тапсырмадан кейін екіншісін орындайды, олар жұмыстарын өздіктерінен тексереді, қалай орындағандарын мұғалімге айтады. Негізінде қазақ тілі сабақтарындағы жаттығулардың барлығы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатуды көздейді. Алайда жаттығу ұғымы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатудан кеңірек. Жаттығу − мұғалімнің басшылығымен орындалатын, оқушылардың алған білімдерін бекітуді көздейтін тұтас тәжірибелік жұмыс. Жаттығуда уақытқа шек қойылмайды. Ал оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстарына белгілі мөлшерде уақыт беріледі.

Балалардың қазақ тілі сабақтарында өз беттерінше грамматикалық талдау жасауы төменгі сыныптардың өзінде-ақ іске асырыла бастайды.

1-сыныптың балалары оқу жылының екінші жартысынан бастап тақтадан, болмаса оқулықтан қысқа мәтіндерді көшіріп жазатын болады, кейбір сөйлемдерді бөліп, жеке айырып жазып қояды, мұғалім астын сызып көрсетіп берген сөздерді жазып алады, кеспе әріптерден сол сөздерді құрастырып, сөздің әрқайсысын буынға бөледі, мәтіннен көшіріп жазып алған сөздердегі дауысты және дауыссыз әріптерді көрсете алатын болады.

2-сыныптың балалары нәрсені, сапаны, әрекетті білдіретін сөздермен танысып болғаннан кейін, олар мәтінде кездескен сол сөздерді өзбеттерінше тани біледі, оған өздерінше сұрақ қоя алады. Заттың атын, сапасын, әрекетін білдіретін сөздерді алдымен жеке-жеке, содан соң топтап жазады, ол сөздердің астын сызып қояды. Содан кейін заттың атын білдіретін сөздерді, оның сапасын болмаса әрекетін білдіретін сөздермен біріктіріп құрастырады. Сол сияқты 2-сыныпта сөздерді буынға бөлу, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстарды табу, сөз екпіні түсетін буындардың астын сызып қою, екпінді дауысты дыбыстарды табу балалардың өз беттерінше істейтін жұмыстары есебінде жүргізіледі. Сөздің түбірімен танысып болғаннан кейін балалар мұғалімнің оқып берген мәтініндегі біріне-бірі ұқсас сөздердің астын сызып, көшіріп жазуға дағдыланады. Балалар біраз уақыт дағдыланғаннан кейін сол түбірге ұқсас түбірлі сөздерді іздеп табуға жаттығады.

Өз бетінше жұмыс істеудің бұл түрлері кейінгі сыныптарда да кеңінен қолданылады.

3 және 4-сыныптарда балалардың өз бетінше грамматикалық талдау жасауын ұйымдастыру кең өріс алатын болады. Балалар өз беттерінше сөзге морфологиялық, грамматикалық талдау жасайды. Жазбаша грамматикалық талдау жұмыстарын алғашқыда сызба бойынша өткізген қолайлы. Сызба балалардың зейінін тәртіпке келтіреді, сөз таптарының грамматикалық тұлғаларын есте сақтауға жәрдемдеседі және әртүрлі грамматикалық тұлғаларды өзара салыстыруға мүмкіндік туғызады. Сызбаны пайдаланбай мәтінді жазбаша грамматикалық талдау жасау көбінесе бақылау жұмыстары сияқты болып жүргізіледі. Балалардың өз беттерінше қандай да болсын грамматикалық талдау жасау түрлері грамматика және орфография сабақтарының бір бөлімі болып өтуге тиіс.

Оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстары бастауыш сыныптарда ұзақ болмауы керек және көлемі шағын, мазмұны оңай болуға тиіс. 2-сыныпта − 5-10 минут, 3-сыныпта − 10 минут, 4-сыныпта 10-15 минуттық тапсырмалар беріледі. Мұғалім оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыс түрлерін, әр пәннің ерекшелігін ескере отырып, алдын-ала дайындауы керек.

Өздігінен орындайтын жұмыста ұйымдастыру − сабақтың ең күрделі кезеңі. Өйткені, жұмысты оқушылардың бәрі бірдей бір мезгілде аяқтамайды. Қазіргі кезде білім сапасымен оқушылардың жеке басының қабілетін дамыту қай кездегіден де өткір қойылып отыр. Ол үшін мұғалім оқытудың технологиялық жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалануы керек. Өз бетінше жұмысты ұйымдастыруда баланың жеке қасиеттерін ескеріп, жекелей, саралай оқыту әдісін пайдаланған дұрыс. Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысын басқару ісі 1-сыныптан басталады. Ал, 3-сыныпта жүргізілетін жұмыстар 2-сыныпқа қарағанда мазмұны және көлемі жағынан күрделі болады. Оқушылардың өздіктерінен жұмыс істеу әрекеті бірден қалыптаспайды. Ол өте күрделі үдеріс болғандықтан, қарапайым сатыдан жоғары, күрделі сатыға қарай біртіндеп дамиды.

Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыстарының түрлеріне тоқтала кетсек: ертегілерге байланысты салынған суреттермен жұмыс, қима қағаздар түрінде жасалған шағын әңгімелерді өз беттерінше оқып мазмұнын айту, тақырыптардың авторлары (ақын, жазушылар) және олардың өмірбаяны туралы қосымша деректер, сюжетті суреттермен жұмыс, оқыған әңгімелері бойынша сурет салу, мазмұндама немесе шығарма жазу, тақырыптаы өз бетінше аяқтау, бөлімдерге бөлу, ат қою, сұрақтарға жауап әзірлеу, газет, журнал материалдарымен жұмыс, сахналық көріністер әзірлеу сияқты жұмыс түрлерін тапсыруға болады.

Әр сыныпта өткізілетін сабаққа тиісінше уақыт бөлінуі оқушылардың өзіндік тапсырмаларды ұқыпты орындауына көмектеседі. Оқушыларға өздіктерінен жұмыс істету тек білімді бекіту үшін ғана емес, жаңа материалды түсіндіруде де қолданылады. Мысалы, мұғалім оқулықтан тиісті материалды оқытады, онда не айтылғанын, қалай қорытылуға болатынын ойлануды тапсырады немесе белгілі бір ережені оқытып, мысалдарды талдауға осы ережені қолдануды тапсырады. Ал, оқушылардың тапсырманы сыныпта, үйде өздігінен орындай білуі – оның бойында қалыптасқан білім, білік пен дағдылар сапасының сенімді көрсеткіші.

Математикадан мынадай тапсырмалар жазуға болады:

  • оқытушының көрсеткен үлгісі бойынша орындалатын;

  • оқытушыдан алған білім, білік, дағдыларын өз бетімен пайдалануды талап ететін, бірақ оқытушының басқаруын пайдаланған жағдайда;

  • алған білім, біліктерін басқа жағдайда пайдаланғанда;

  • оқушыдан ойлауды, шығармашылықты талап ететін байқау, талдау арқылы жаңа қорытынды, анықтамаға шығаруға болатын тапсырмалар.

  • арифметикалық амалдар кестесін есте сақтауға арналған;

  • есептеу тәсілдерін игеруге арналған:

  • ұқсастық пен айырмашылықты ажырату, талдауға арналған;

  • белгілі бір түсініктемелердің арифметикалық амалдармен байланысына арналған;

  • байқау негізінде қандай да бір заңдылықты айыру;

  • дидактикалық ойындар, қызықты тапсырмалар.

Оқушылар өздігінен жұмыс істей білуі үшін, алдымен, мұғалімнің берген үлгісіне қарай еліктеу негізінде қарапайым тапсырмалар орындайды. Мұндайда жұмыстың мазмұнын жасау әдістерінің бәрін мұғалімнің өзі айтып береді, ал оқушы тек орындаушы ғана. Ал егер мұғалім оқушыға бәрін өзі айтпай, бұрын алған білімдерін қолдануға лайықты жағдайлар туғызатын болса, сол кезде оқушы өздігінен ізденіп, жаңа міндеттерді шешуге тырысады. Сондықтан мұғалім оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастырғанда, алдымен оларды өздігінен жұмыс істеуге дайындайтын жаттығулардан бастап, кейін мұғалімнің көмегімен жасайтын жартылай дербес, ең соңында толық өздігінен жасайтын жұмыстарға үйрету қажет.

Мұғалім оқушыларға шамалары келетіндей тапсырмалар ұсынады, онда жұмыстың мақсаты, оны бөлімдер бойынша орындау реті (өзін-өзі бақылау); мұғалім тексеру үшін алынған нәтижелерді әзірлеу, реттеу (кері информация) тәсілдері, жұмысты орындау мерзімі келтіріледі.

Мұғалім тапсырманың дұрыстығын, оқушылардың оның мазмұны мен нәтижесін қаншалықты түсініп меңгергенін анықтайды: Демек, мұғалім бақылаушы ғана емес, ұйымдастырушы да, оқушының өздік жұмысын тексеруші де. Мұғалім тапсырма арқылы олардың таным қабілетін бағдарламалайды, оны бір мақсатқа бағыттап, сапасын анықтайды.

Оқушылар тапсырма алады, меңгерген білім қорына сүйене отырып, оның мақсаты мен орындау тәсілдерін ойластырады және ең маңыздысы – жұмысты өздігінен орындау барысында алынуға тиісті нәтижелерді дағдарламалайды. Содан соң істелген жұмыстың дұрыстығын үнемі тексере отырып, тапсырманы бөлімдері бойынша орындайды. Алынған нәтижелерді реттеп әзірлейді (өзін-өзі бақылайды) және жазу жұмысы, цифрлар, сызулар, суреттер, модельдер т.б. тексеру үшін мұғалімге тапсырады. Оқушылардың оқу жұмысын, оқу әрекетінің жемісті болуы – оқу жұмысын тәсілдерін менгеруге байланысты.

ШЖБМ жағдайында сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар

Сыныптан тыс жұмыс бүкіл оқу үдерісінің құрамды бөлігі, сабақтағы жұмыстардың табиғи жалғасы болып табылады.

Сыныптан тыс жұмыстардың негізгі міндеттері: оқушылардың практикалық дағдылары мен біліктерін кеңейте және тереңдете түсу, логикалық ойлауды, тапқырлықты дамыту, қабілетті және дарынды балаларды көрсетіп, олардың ой-өрісінің әрі қарай дамуына көмектесу, математикаға қызығушылығын арттыру, табандылыққа, еңбекке деген сүйіспеншілікке, ұйымшылдық пен ұжымшылдыққа тәрбиелеу.

Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың өз еріктерімен қатысуына мүмкіндік береді. Онда оқушыларға баға қойылмайды, бірақ қандай да бір іс-әрекеттері, есептеу шапшаңдығы, тапқырлығы, ұтымды әдістерді пайдалануы мадақталуы тиіс.

Сыныптан тыс жұмыстарды жүргізу үшін мұғалім сынып-комплектінің балаларының жас ерекшелігін, білім деңгейлерін ескеріп, әр сынып балаларына шамалары келетіндей, қиынырақ материалдарды немесе материалдардың негізгі курсын оқып-үйренуде толықтырушы болып табылатын материалды таңдап алуға болады. Аталмыш жұмыстардың өзгешелігі – математикалық ойын-есептер, ойындар, жарыс т.б. сипатта болады, онда балаларды қызықтыратын формадағы жаттығулар қолданылады, бірақ ол жаттығулар мәселенің математикалық мәнін түсінуге, математика жөнінен білімдерін тереңдетуге және айқындауға себі тиюі тиіс.

Мұғалім сыныптан тыс жұмыстардың түрін таңдауды, оны ұйымдастыруды, белсенділікті және оқушылардың өз бетіндік жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз ететіндей мұқият ойластыруы тиіс.

Сыныптан тыс жұмыстарға мыналар жатады: сыныптан тыс сабақтар, математикалық бұрыштар, математика кештері немесе ертеңгіліктер, математика үйірмелері, олимпиадалар, спартакиадалар, ҚМК (КВН), т.б.

Сыныптан тыс сабақтар (қызықты математика сабағы). Сабақ барлық сыныпарға арналып жүргізіледі, сабақтың ұзақтығы оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты 30-40 минутқа дейін, сабақ айына бір рет болуы мүмкін. Мазмұны жөнінен сабақтағы жұмыспен байланысты болуы керек, бірақ қиын есептер, тапқырлық есептері, ойын-есептер, геометриялық мазмұнды қызықты есептер, логикалық есептерді шығару көзделеді. Сиқырлы шаршыларды толтыру, ойлаған санды табу, ребустарды, шарадаларды, жұмбақтарды шешу (балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкестендіріле) ұсынылады. Айшықты бояулармен салынған плакаттар, суреттер пайдаланылады, ертегілердің кейіпкерлері кірістірілсе, сабақ әсерлі өтеді.Онда топтық және жеке-дара жұмыс ұйымдастыруға мүмкіншілік мол, сонымен бірге оқушылардан тапсырмаларды тек дұрыс орындау ғана емес, оны дәлелдей, негіздей білу де ескеріледі, талап етіледі.

1. Біріктірілген 1 және 2-сыныптардағы сыныптан тыс сабақ:

Алдымен оқушыларға сабақтың түрі, балалар деңгейіндегі сабақ мақсаты хабарланады. Содан кейін тақтаны екіге бөліп, бір бөлігіне 1-сынып, келесі бөлігіне 2-сынып деп жазылады.

  1. «Тез есепте!» 1+2+3+4+5+6+7+8+9+10

  2. Топқа бөлініп әр топ капитанын сайлайды, оларға өз деңгейінде (бірінші сыныпқа арналған тапсырма жеке, ал екіншіге- бөлек) тапсырмалар беріледі, неше тапсырма дұрыс орындалғаны есептеледі. Мысалы:

2+8 9+1 10-10 20+3 30+10 60-4

10-8 5+5 10-0 4+20 50-20 86-6

Әр топқа түстері әр түрлі жетондар дайындалады да, тапсырмаларын Тапқышбектің қалтасына салады.

Эстафета. Әр бала санайды, санаған сандары есте сақталады. Сол сан баланың нөмірі болып есептеледі. Қалтадан бір сан алып, оны өз нөміріне қосады. Келесі бала оған өз нөмірін қосады, осылай соңғы балаға дейін жалғасады, кім бұрын және дұрыс есептесе, сол топ жеңіске жетеді.

2. Математикалық бұрыш. Оны оқушылар мұғалімнің басшылығымен құрады. Онда математикалық дәптерлер көрмесі, есеп құрастыру үшін цифрлі мәліметтері бар газет қиындыларынан жасалған альбомдар, өз бетімен құрастырылған есептер жинағы, математикалық есептер, мысалдар және түрлі жаттығулар орындауға арналған тапсырмалары бар түрлі-түсті кестелер болады. Математикалық газеттің атауы қызықты болуы тиіс, мысалы, «Жас математик», «Тапқыр болсаң, тауып көр», «Тапқышбектер клубы», «Ойлан, тап!», «Ойлайық та, ойнайық!», «Математик-ғалымдар», «Менің білгім келеді» т.б. Газет бетінде берілетін тапсырмалар әр сынып балаларына арналуы тиіс, мүмкін болса, әр сынып балаларына арнап, жеке-жеке газет шығарылса ролі орасан зор болар еді. Әрбір газетте балалардың тізімі, апталық не бір күннің тапсырмалары, оқушының жауабына арналған конверт болуы тиіс. Газет тапсырмалары мерзімі келгенде, міндетті түрде тексеріліп, бағаланып, ұпаймен қорытындыланады.

3. Математикалық кеш (математикалық ертеңгілік). Математикалық кеш өткізілмес бұрын газет шығарылып, онда әрбір сынып арасында жарыс ұйымдастырылатыны айтылады. Әділ қазылар мүшелері сайланып, карточкалар, тапсырмалар дайындалып, оқушыларға қарсы топқа сұрақтар дайындауға тапсырмалар беріледі. Кеште 3 және 4 сынып оқушылары жарысуы мүмкін.

Жоспары:

  1. Кешті ұйымдастыру.

  2. Әңгіме. (жалпы кеш белгілі бір тақырыпқа құрылуы мүмкін). «Адамдар санауды қалай үйренген?», «Бізді қоршаған ортадағы шамалар»

  3. Жарыс – тапсырмалар (екі топқа ортақ сұрақтар).

  4. Ойын «Арифметикалық жүгіру».

  5. Тақырыпқа берілген тапсырмалар.

  6. Ең мықты есептеушіге сұрақ.

  7. Топтардың қарсы топқа қоятын сұрағы.

  8. Викторина.

  9. Қорытынды.

4. Математика үйірмесі. Онда математикаға ерекше бейімі бар оқушылардан 3-4-сыныптан бастап ұйымдастырылады. Үйірме сабақтары белгілі жоспар бойынша, оқушылардың тұрақты құрамымен жүйелі түрде айына 2-3 рет жүргізіледі. Онда балаларды есептеудің жаңа әдістерімен, қиынырақ есептерді шығару тәсілдерімен, кейбір математика тарихы мәселелерімен таныстырылады. Үйірме мүшелері газет шығаруға, бұрыш жасауға, кеш ұйымдастыруға ерекше тартылады.