Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Диалектология лекция.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
96 Кб
Скачать
☆

2. Сәйкесті, сәйкессіз, дәстүрлі, дәстүрсіз диалектілер.

Диалектілік ерекшеліктерді тарихи даму жағынан, пайда болу, шығу төркіні тұрғысынан алып қарағанда, оның құрамында көне тілдің сарқыншағы ретінде сақталып қалған ертедегі тайпа тілдерінің қалдықтарын, көнеленген қат-қабаттарын табамыз. Бұдан басқа қазақ халқының әртүрлі дәуірде көрші халықтармен қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде, ауыс-түйістен пайда болған кірме сөздер де бар. Осыған орай оларды дәстүрлі және дәстүрсіз ерекшеліктер деп екі топқа бөліп қарауға болады.

1. Дәстүрлі диалектілік құбылыстар. Бұл топқа ертеден келе жатқан, көне тайпа тілдерінің қалдығы ретінде сақталып қалған ерекшеліктер жатады. Мысалы: жандық (ұсақ мал), үріптес (туыстас), сой (тұқым).

2. Дәстүрсіз диалектілік ерекшеліктер. Бұл топқа сөйленістерде кейінгі замандарда пайда болған, қоспа ретінде басқа тілдерден енген не кейін жұрнақ пен тіркес арқылы жасалған сөздер жатады. Оларды ішінара екі топқа бөлуге болады: а) кірме сөздер. Мысалы: шиша, дәліз, пірнәбес; ә) қоғамдық-әлеуметтік өміріміздегі, мәдениет, ғылым, тұрмысымыздағы өзгерістердің ықпалымен тіліміздегі бар материалдар негізінде жасалған сөздер мен тіркестер. Мысалы: тапсырыс (тапсырма, задание), көрсетпе (инструкция), жатыс күні (жексенбі) т.б.

Жергілікті ерекшеліктердің диалектаралық қатысы тұрғысынан, яғни бір ерекшеліктің басқа сөйленісте балама сыңарының болу-болмауы, бір-біріне сәйкес құбылыстың бар-жоғына қарай 2 топқа бөлуге болады:

1. Сәйкесті диалектілер - әртүрлі сөйленістегі бір затты не ұғымды түрліше атаудан пайда болған сөздер. Мысалы: оңтүстікте – кемпірауыз, батыста – атауыз, солтүстікте – тістеуік.

2. Сәйкессіз диалектизмдер – белгілі бір сөйленісте қолданылған сөздердің түрлі географиялық немесе шаруашылық, әдет-ғұрып жағдайларына байланысты басқа сөйленістерде ұғым жағынан сәйкес сөзі болмауы мүмкін. Мысалы: оңтүстікте кездесетін қарық, қоларық, қазына арық, көл арық, көтерме арық сияқты ирригациямен байланысты арық атаулары солтүстік қазақтарының тілінде жоқ.

Қазақ сөйленістерінің тіл құрылысын зерттегенде, көңіл аударарлық жайттардың бірі – олардағы көптеген тіл эелементтері қазақтың жалпыхалықтық тілінде, ұлттық әдеби тілінде кездеспегенімен, негізінен алғанда, қазақ тіліне жақын түркі тілдері тобы (қыпшақ, қыпшақ-ноғай) аясынан, ары кетсе жалпытүркілік көлемнен шығып кетпейтіндігінде. Е.И.Убрятованың пікірінше, оның себебі басқа түркі тілдері сияқты қазақ тілінің бір-біріне жақын тайпалық тілдерден құралып, диалектілік жүйесі жете дамымағандығында. «Жалпытүркілік сәйкестіктер шегінен шықпау олардың ерекшеліктеріне тән сипат болып табылады».

Сөйтіп, белгілі бір түркі тіліндегі диалектілік құбылыстардың тек оған көршілес жатқан түркі тілдерінде ғана емес, одан алыс жатқан түркі тілдерінде де кездесуі, генетикалық, типологиялық белгілері бірыңғай түркі тілдерінің туыстық жақындығында, сонымен бірге олардың дамуындағы жалпытүркілік тенденцияларға байланысты екендігін көреміз.

Мысалы, а/ы сәйкестігі қазақ тілінің батыс сөйленістеріне тән (ықпыл – ықпал) құбылыс болумен қатар, түркі тілдерінің әр тобына жататын тілдерге де тән құбылыс. А орнына якут, чуваш тілдерінде ы айтылса, Сібір мен Кавказдағы түркі тілдерінде де осы сәйкестікті көреміз.

Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:

1. Дәстүрлі, дәстүрсіз диалектілік құбылыстар дегеніміз не?

2. Сәйкесті, сәйкессіз диалектілік құбылыстар дегеніміз не?

3. Диалектизмдердің түркі тілдеріне қатысы

Әдебиет:

  1. Б. Бекетов. Қарақалпақ қазақтарының тілі. Алматы: Рауан, 1992.

  2. С. Омарбеков. Халықтық тіліміздегі тектес тілдермен ортақ құбылыстар. Алматы: Ғылым, 1978.

  3. Ғ. Қалиев. Ш. Сарыбаев. Қазақ диалектологиясы. Алматы: Ғылым, 2002.

  4. Ш. Сарыбаев, О. Нақысбеков. Қазақ тілінің аймақтық лексикасы. Алматы: Ғылым, 1990.

  5. С. Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алматы, 1997.

  6. С. Омарбеков. Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер. Алматы: Мектеп, 1965.

  7. Н. Жүнісов. Халық тілінің жергілікті ерекшеліктері. Алматы: Мектеп, 1981.

3-тақырып. ДИАЛЕКТОЛОГИЯДАҒЫ ФОНЕТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Дәріс мақсаты: Қазақ сөйленістеріндегі дыбыстық ерекшеліктермен таныстыру.

Сұрақтар:

1. Диалектологиядағы дыбыстық ерекшеліктер

2. Дауысты дыбыстардың алмасуы.

3. Дауыстылардағы басқа құбылыстар

4. Дауыссыз дыбыстардың алмасуы.

5. Дауыссыздардағы басқа құбылыстар

Қазақ тілі сөйленістерінде қазақ әдеби тіліндегі дыбыстық нормадан аса зор ауытқушылықтар жоқ. Аффрикат ж (дж) дыбысы болмаса, сөйленістердегі дыбыстар сан жағынан әдеби тілдегі дыбыстармен бірдей. Дыбыстық айырмашылықтардың ең бастысы деп дыбыс алмасуларын атауға болады. Дыбыс алмасуына байланысты ерекшеліктерді шартты түрде екі жікке бөліп көрсеткен қолайлы. Олар: дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың алмасуы. Бұлардан басқа фонетикалық сипаттар ерекшеліктер ретінде әдеби тілде жіңішке айтылатын кей сөздердің сөйленістерде жуан, ал жуан айтылатын кей сөздердің жіңішке айтылуы мен үнді, ұяң және дауысты дыбыстар аралығында келген кейбір қатаң дауыссыздардың ұяңдамауы тәрізді құбылыстарды атауға болады. Сол сияқты дауысты, дауыссыз дыбыстардың белгілі бір сөздерде түсірілуі (аферезис, синкопа), кейбір дыбыстардың қосылуы, орын алмасуы (эпентеза, метатеза) арқылы да көрінеді.

Сонымен, сөйленістердің фонетикалық жүйесінде кездесетін диалектілік ерекшеліктер төмендегідей.

1)Дауыстылардың алмасуы

2)Дауыстылыардағы басқа құбылыстар

3)Дауыссыздардың алмасуы

4)Дауыссыздардағы басқа құбылыстар

Дауысты дыбыстардың алмасуы

А/Е. Бірқатар сөздерде Қарақалпақстанда тұратын қазақтар әдеби тілдегі а дыбысы орнына е дыбысын айтады. Қалегенін – қалағанын. Қалегенің осы болса алып кетің. Мақсет – мақсат, бикарга – бекерге.

А/ы. Бұл алмасу Шу, Маңғыстау сөйленістерінде, Ақтөбе облысының Байғанин ауданында тұратын қазақтар тілінде, Семей облысының кей аудандарында кездеседі. Дыбыл – дабыл, жуап – жауап, шатқыл – шатқал, аз – мыз – аз-маз.

О/ұ. Бұл алмасу Шу, Арал, Маңғыстау сөйленістерінде кездеседі. Ұйран – ойран, сұрақы – сорақы, құтару – қотару, құрамсақ – қорамсақ, құрқақ – қорқақ, дұп – доп. Соншалықты сұрақы іске баруға бола ма екен.

Ұ/ы. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысы, ШҚ кей аудандары тұрғындарының тілінде кездеседі. Пышық – пұшық, жылын – жұлын, бықтыру – бұқтыру, шыбар – шұбар, ымыту - ұмыту. Төрт қыбыласы түгел.

Ө/Ү. Бұл алмасу батыс сөйленістеріне тән: үрлік – өрлік, үгей – өгей, күміскі – көмескі, бүлдірік – бөлтірік, төнеру – түнеру. Баяғы үшін күмескілене бастапты.

Ы/і. Тірнектеп –тырнақтап, пысқан-піскен, зәлім-залым, іләж-ылаж, т.б

Қарап келші барып пысқан чығар (сен).

Дауыстылардағы басқа құбылыстар.

Эпентеза. Сөзге дауысты дыбыстардың қосылып айтылуы. М: тарамағы-тармағы, сандалама-сандалма, арайлас-аралас, жаурадым –қалжырадым, ағиып-ағып, тасиып-тасып т.б. Су құмырадан ағиып тұр.

Эпитеза. Кейбір сөздердің соңынан дауысты дыбыстар қосылып, қосарланып айтылуы, арза-арыз, дәне-дән, ілгеншек-ілгешек, еңкі әуелі-ең әуелі, инеуі-иіні т.б. Мен саған арза айтқалы келіп тұрғам жоқ. Бұл құбылыс Батыс Қазақстан тұрғындары тілінде кездеседі.

Синкопа. Сөз ішінде дыбыстардың түсіп қалуы: жуап-жауап, абиыр- абырой, бөрен-бөрене, баланысады-байланысады, күсеу-күйсеу, түе-түйе.

Дауыссыз дыбыстардың алмасуы.

Б/м. Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Маңғыстау облыстарында кездеседі. Бауыздау-мауыздау, матыру-батыру, мекіре-бекіре, бейнет-мейнет, мүгін-бүгін, құрман-құрбан, мәртеме-мәртебе, мейірман-мейірбан. Күніңді отбасыңда күймеңдеумен өткізетін болдың-ау.

С/ш. Оңтүстік және батыс сөйленістеріне тән. Тұрмыш-тұрмыс, мүшәпір-мүсәпір, тышқары-тысқары, беш-бес, машқара-масқара, ауышқан-ауысқан, шәрт-серт. Қырманы бірдің шамалы бір.

Т/д. Томалақ-домалақ, тушар-душар, дым-тым, дұрбат-тұрпат, дермен-тиірмен, даярланбау-таярланбау (Орынбор обл.)

Б/П. Батыс сөйленістеріне тән. Пешпет-бешбет, пәтір-бәтір нан, піткеру-бітіру, полат-болат, пал-бал, жібек-жіпек. Тапамызды кеше балалар алып кеткен. (Шымк)

М/п. Пақта-мақта, пашақ-масақ, панай-манай. Жаптың панайы қалың тоғай.

К/г. Гүрес-күрес, гешір-кешір, гілем-кілем, гөбелек-көбелек, күзет-гүзет, бөтеке-бөтеге, теңке-теңге. Гүресте атаң да болса жық.

Ш/ч. Әдетте оңтүстік шығыс сөйленістеріне тән. Чатақ-шатақ, чапқы-шапқы, малчы-малшы, мұнча-мұнша, екінчі-екінші, чикі-шикі. Дөң басында чалдар әңгімелесіп отыр.

Ж/й. Бара йатыр-бара жатыр, баратыр, бұяқта-бұл жақта, сойерде-сол жерде, қайерде-қай жерде. Бұяқта егін жақсы шықты (Оңт. обл-да).

Дауыссыздардағы басқа құбылыстар.

1. Аферезис. Сөз басындағы кейбір дыбыстардың түсіріліп айтылуы. Әзір-кәзір, қазір, үрмет-құрмет, әжет-қажет, айран қалу-қайран қалу т.б. Бұл Оңтүстік Қазақстан облыстарының Түлкібас, Сайрам ауд. тұрғындарының тілінде, Шу бойы қазақтарының тіл-е, араб-парсы т-нен енген сөздерде кездеседі.

2. Эпентеза. Сөздерге дауыссыз дыбыс қосылып айтылуы. Шоршып-шошып, суғару-суару, құмған-құман, заһар-зәр, һардагер-ардагер, һәулет-әулет, һәл-әл. Оңтүстік облыстарда кездеседі.

3. Синкопа. Сөз ортасында кейбір дыбыстардың түсіріліп айтылуы. Ұсармын-ұқсармын, уқалау-уалау, жантаспа-жақындаспа, бәсі-бағасы, боған-болған, уақия-уақиға, тақан-талқан, қамауы-қалмауы.

4. Метатеза – сөз ішіндегі дыбыстардың өзара орын алмасуы, не буынның өзара алмасып келуі. Айлану-айналу, тәпкіш-тәптіш, екші-ешкі, дайра-дария, қапқыш балық-қақпыш балық, мәниға-мағына, әпке-әкпе, өпке-өкпе, сепкіл-секпіл, тексеру-тескеру, құрмысқа-құмырсқа.

Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:

1. Фонетикалық ерекшеліктер дегеніміз не?

2. Дауыстыларға байланысты құбылыстарды ата.

3. Дауыссыздарға байланысты құбылыстарды ата.

Әдебиет:

  1. Ғ. Қалиев. Ш. Сарыбаев. Қазақ диалектологиясы. Алматы: Ғылым, 2002.

  2. Ш. Сарыбаев, О. Нақысбеков. Қазақ тілінің аймақтық лексикасы. Алматы: Ғылым, 1990.

  3. Х. Кәрімов. Қазақ диалектологиясы. Алматы, 1980.

  4. Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. Алматы, 1960.

  5. С. Омарбеков. Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер. Алматы: Мектеп, 1965.

  6. Н. Жүнісов. Халық тілінің жергілікті ерекшеліктері. Алматы: Мектеп, 1981.

  7. С. Омарбеков, Н. Жүнісов. Ауызекі тіліміздің дыбыс жүйесі. Алматы: Мектеп, 1985.

  8. О. Нақысбеков. Қазақ тілінің ауыспалы говоры. Алматы: Ғылым, 1972.

4-тақырып. ДИАЛЕКТОЛОГИЯДАҒЫ ЛЕКСИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Дәріс мақсаты: Қазақ диалектіліктеріндегі лексикалық ерекшеліктерді сипаттау.

Сұрақтар:

  1. Аймақтық лексиканың зерттелу тарихынан.

  2. Лексикалық диалектизмдер және олардың түрлері

  3. Диалектілік ерекшеліктердің түрлі лексикалық топтарға қатысы.

Қазақ диалектологиясы тіл білімінің басқа салаларымен салыстырғанда кейін пайда болған сала. Диалектілерді, сөйленістерді зерттеу ісі 1940-жылдардан бастап қана қолға алына бастады. Бұл салада алғаш еңбек жазғандар С.А.Аманжолов пен Ж.Д.Досқараев болатын. Осы екі ұстаз ғалымдарымыз алғаш рет материал жиып, оларды бір ізге түсіріп, диалектологиялық сөздік жасаумен ғана шектелмей, қазақ диалектілерінің классификациясы, әдеби тіл негізі т. б. теориялық мәселелер жөнінде өз пікірлерін айтқан еді. Профессор С.Аманжолов ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында осы пәннен лекция оқып, кадр дайындау ісіне мол үлес қосты. Диалектологиялық экспедициялар ұйымдастыруға, диалектологияның проблемалық мәселелерін көтеруге тікелей араласып ат салысты. Революциядан бұрынғы нұсқалардан, халық ақындары мен қазақ тілінде шыға бастаған аудандық газеттерден қыруар лексикалық материал жинауда көп еңбек сіңірді. Оның 1959 жылы шыққан «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты күрделі еңбегі автордың диалектология мен тіл тарихы саласында көп жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесі еді. Осы еңбегінің соңында берілген диалектологиялық сөздігінде лексикалық материалдар мол қамтылған. Бұл сөздік 4000 сөзді қамтиды. Реестрдегі әрбір сөз орыс тіліне аударылып, жеке тіркестер реестрлік сөз ретінде алынған.

Диалектологияға көп еңбек сіңірген тіл мамандарының бірі – доцент Ж.Досқараев. Ол диалектологиядан тұңғыш рет мақала жазып, монографиялық еңбек шығарған ғалым. Ж.Досқараевтың 1955 ж. «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» атты еңбегінде екі мыңға жуық сөз қамтылып, мағынасы ашылған. Автор сөздердің тек мағынасын ғана түсіндірмей, олардың басқа тілдердегі баламаларын тауып, салыстырмалы-тарихи әдіс тұрғысынан қарастырады, көптеген сөздердің этимологиясын ашып, көп мағыналылығын сөз етеді. Біраз сөздердің шығу төркіні жайлы да қызықты деректер бар.

Сөйленістер лексикасын арнайы зерттеуге арналған еңбектердің бірі- Т.Айдаровтың «Қазақ тілінің лексикалық ерекшеліктері» атты монографиясы. Бұл еңбекте сөздерді лексика-семантикалық топқа бөлу, көнерген, кірме, омоним, синоним сөздер сипатталуымен қатар жергілікті сөздердің фразеологиялық тіркестер, қосалқы есімдер құраудағы ерекшеліктері сөз етіледі.

Ғ.Қалиев 1985 жылы «Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру» деген еңбегінде қазақ сөйленістері тіл жүйесінің сипаты мен диалектілік сөз тұлғалары, қазақ сөйленістеріндегі сөз тудыру мәселелері т.б. сөз етіледі.

Ә. Нұрмағамбетов 1985 жылы жарық көрген «Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні» атты сөздігінде 220-дан астам сөздердің шығу тегін, тарихын, төркінін, бастапқы мағынасын ашуға тырысқан. Автор диалектілік сөздердің этимологиясы жайлы едәуір мәлімет береді.

1969 жылы бір топ диалектологтар көлемі 27 баспа табақ 6000-нан астам сөзді қамтитын диалектологиялық сөздік құрастырды. Осы сөздікті құрастыру үстінде С.Аманжолов пен Ж.Досқараевтың сөздіктерінен басқа Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының диалектология бөлімінің қорындағы лексикалық материалдар және диалектология бойынша қорғалған кейбір диссертациялық еңбектегі материалдар пайдаланылды.

Сөйтіп, бұл қысқаша шолудан диалектологиялық еңбектерде сөйленістердегі лексикалық ерекшеліктердің зерттелуіне едәуір көңіл бөлінгенін көреміз.