Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қазақстан Республикасының даму саясаты және со...docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
88 Кб
Скачать
☆

Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, іске асыру кезеңі және оны іске асырудан күтілетін нәтижелер

Тұжырымдаманың мақсаты бюджет саясатын қалыптастыру мен іске асырудың негізгі тұжырымдамалық тәсілдерін айқындау болып табылады.

Орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму басымдықтарын ескере отырып, бюджет саясатының мақсаты мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз ету болып табылады.

Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

1) макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету;

2) бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру;

3) бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» қысқарту;

4) салық жүйесінің экономикалық қайтарымдылығын арттыру;

5) мемлекеттік борышты және квазимемлекеттік сектордың борышын қауіпсіз деңгейде ұстау;

6) Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану;

7) фискалдық орталықсыздандыру.

Іске асыру кезеңдері:

Бірінші кезең (2014 – 2017 жылдар) – мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ету негіздерін қалыптастыру.

Бұл кезеңде:

1) мемлекеттiк жоспарлау жүйесін жетілдіру және нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді практикалық қолдануды кеңейту;

2) бюджеттік міндеттемелерді түгендеу және оларды оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау;

3) жекеше сектордың ортақ жауапкершілігін енгізу;

4) бизнес-ортаға жекелеген мемлекеттік функцияларды беру;

5) бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдерді реформалау;

6) мемлекеттік-жекеше әріптестіктің (бұдан әрі – МЖӘ) жаңа тетіктерін енгізу;

7) салық салу саясатын өзгерту;

8) мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борышын мониторингтеу және бақылау жүйесін енгізу;

9) бюджетаралық қатынастарды реформалау;

10) мемлекеттік аудиттің негіздерін енгізу жоспарланып отыр.

Екінші кезең (2018 – 2020 жылдар) – мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайту.

Бұл кезең:

1) жекеше сектордың ортақ жауапкершілігін кеңейтумен және бюджеттік міндеттемелерді тұрақтандырумен;

2) жекеше сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуімен;

3) бюджетке жүктемені төмендетуге ықпал ететін МЖӘ-ні кеңейтумен;

4) ағымдағы шығыстарды мұнайдан тыс кірістер есебінен қаржыландырумен;

5) жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттырумен;

6) мемлекеттік аудиттің толыққанды жұмыс істеуімен сипатталады.

Күтілетін нәтижелер: Тұжырымдаманы қабылдау мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының, оның ішінде бюджеттік инвестициялардың нәтижелілігін арттыруға, экономикаға жекеше инвестициялардың көлемін ұлғайтуға, жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және орнықты экономикалық өсуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеге шолу

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жалпы бюджет саясаты мемлекеттік шығыстардың көлемі ел дамуының стратегиясына, мемлекеттің кірістерді қайта бөлудегі рөліне, әлеуметтік бағдарлану дәрежесіне және жүргізілетін әлеуметтік саясатқа байланысты.

Әлемде бюджет саясатының ЖІӨ-ге қатысты бюджет шығыстарының мейлінше жоғары және сонымен қатар төмен деңгейімен сипатталатын түрлі модельдері бар.

Мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ге ең үлкен арақатынасы Еуроаймақ елдерінде (50% және одан астам) қолданылатын континентальдық модельге тән. Бұл, ең алдымен, мемлекеттің кірістерді қайта бөлудегі белсенді рөліне, бюджеттің әлеуметтік бағытталуына және осы елдерде жүргізілетін теңсіздікті қысқартуға, халықтың табысы аз топтарын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатқа байланысты. Әлеуметтік проблемаларды шешу кезінде мемлекет экономикаға күшті мемлекеттік ықпал ете алады. Бұдан басқа, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер Батыс Еуропа елдерінде мейлінше жоғары, олар ЖІӨ-нің 28,4%-ына дейін жетеді. Сондықтан салықтық жүктеме де мұнда ең жоғары (ЖІӨ-нің шамамен 50%-ы).

Алайда, нақ осы еуропалық континентальдық модель өзінің орнықсыздығын көрсетті. Бірнеше жыл бойы Еуроаймақ елдеріндегі әлеуметтік міндеттемелердің ұлғаюы экономикалық даму қарқыны бәсеңдеген тұста ел ауқымында дефолт қаупін төндіретін тапшылықтың, мемлекеттік борыштың өсуіне және мемлекеттік қаржының тұрақсыздануына әкеп соқтырды. Енді бюджеттік шоғырландыру шеңберінде дефолтқа жол бермеу үшін Еуроаймақтың бірқатар елдерінде шығыстарды қысқарту және салықтарды ұлғайту бойынша шаралар қолданылуда.

Мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлі неғұрлым төмен (араласу, әдетте, экономикалық дағдарыстардан туындайды), халықтың табысы аз топтарын өмір сүрудің қолайлы деңгейімен қамтамасыз етуге бағытталған бірқалыпты әлеуметтік саясат америкалық немесе либералды модельдің ерекшеліктері болып табылады. АҚШ-та бюджет шығыстары ЖІӨ-ге қатысты 30-35 % құрайды.

Мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ге қатысты ең төмен деңгейі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Оңтүстік Кореяда, Сингапурда – 18-21%) байқалып отыр. Бұл елдердің даму моделі мен әлеуметтік саясаты еуропалық және америкалық елдерден мүлдем басқа. Жүргізіліп отырған әлеуметтік саясат мемлекеттік міндеттемелерді айтарлықтай ұлғайтумен сүйемелденбейді.

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің шығыстары ЖІӨ-ге қатысты 21-24%-ды құрайды, бұл Азия моделіне анағұрлым жақын.

Модельдердің ешқайсысы таза түрінде Қазақстан Республикасы үшін қолдануға келмейтіні анық.

Табиғи ресурстарға бай елдердегі бюджет саясатының да өз ерекшеліктері бар екенін атап өту қажет. Мұнда шикізат экспортынан түсетін кірістерді жинайтын жинақтаушы қорлар құру және оларды белгіленген фискалдық қағидалар шеңберінде пайдалану аса тиімді болып табылады.

Әлемдік практикада әртүрлі елдерде қолданылатын бірнеше қағидалар тұжырымдалды.

2010 жылдан бері Қазақстанда қолданылып келе жатқан тіркелген пайдалану қағидасы шикізаттың әлемдік бағаларына байланысты құбылмалылықты жоққа шығарады, алайда резервтік қорлардың қаражатын контрциклдік саясат жүргізу үшін пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Мұның тұрақты кіріс қағидасына да қатысы бар, оның қолданылуы да елдің шикізат байлығын түзете бағалауды талап етеді.

Теңгерімделген бюджет қағидасы құбылмалылықты бюджет кірістеріне толығымен беруге әкеп соқтырады.

Чилиде қолданылатын құрылымдық профициттер қағидасы қор мен фискальдық саясаттың теңгерімділігін қамтамасыз етеді, бірақ шикізат бағаларының болжамдарына аса тәуелді болады.

Қолда бар жинақталған қаржы активтерінен түсетін инвестициялық кіріс қана пайдаланылатын неғұрлым қатаң нұсқалардың бірі әдетте «қолда бардың қадірі жоқ» ретінде белгілі. Бүгінгі күні бұл тәсіл Норвегияда қолданылады, мұнда қор жинақтары ЖІӨ-нің 100%-дан астамын құрайды.

Шикізат қорларындағы жинақтардың жоғары деңгейі оларды бюджет шығыстарын қаржыландыруға пайдалануды ұлғайту мәселесінде қысым көрсетуге әкеп соқтырады. Бұдан Ұлттық қор қаражатын экономикаға инвестициялауға жұмсауға бола ма, жоқ па (және қандай жағдайларда) деген сұрақ туындайды.

Озық халықаралық тәжірибе мұнай қорларының қаржы ресурстары негізінен шет елдерде инвестицияланатынын көрсетіп отыр. Бірақ ішкі экономиканы ішінара қаржыландыру практикасы да бар.

Озық халықаралық тәжірибенің тағы да бір қағидаты ұлттық шикізат қорларынан берілетін қаржы ағындарының бәрі (трансферттер) мемлекеттік бюджет арқылы өтуі тиіс дегенге сайып келеді, бұл ұлттық байлықты пайдаланудың ашықтығын арттырады.

Бюджет саясатының тиімділігі мен болжамдылығына фискалдық қағидаларды қолдану жолымен де қол жеткізіледі.

Әлемдік практикада фискалдық қағидалар, негізінен, бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыз алу көлемі, бюджеттік шығыстардың өсуі, бюджеттен тыс қорлардың қаражатын пайдалану бойынша шектеулер белгілеуді білдіреді. Сондай-ақ концессиялық міндеттемелер бойынша шектеулер қолданылады.

Айталық, Ұлыбританияда жекеше қаржылық бастаманың (бұдан әрі – ЖҚБ) жобалары бойынша төлемдер мемлекет шығыстарының шамамен 2%-ын құрайды. Мемлекеттік капитал салымдарының 10-15%-ы ЖҚБ жобаларына салынатын инвестицияларға тиесілі. Кореяда жаңа МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелердің жылына жиынтық мемлекеттік шығыстардың 2%-ынан аспайтын лимиті белгіленген. Бразилияда МЖӘ бойынша барлық міндеттемелерге қызмет көрсету мемлекеттік кірістің 1%-ынан аспайды.

Фискалдық қағидалар жұмсауды және қарыз алуды шектейді және сол арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық іс-қимылдың неғұрлым оңтайлы жинағын айқындауға ынталандырады. Бұған қоса, айқындылық қамтамасыз етіледі, экономикалық саясатқа деген сенім артады.

Тұтастай алғанда, әлемдік практиканы талдау бюджет саясаты саласында қандай да бір белгіленген нақты стратегиялар жоқ екендігін көрсетеді. Елдер өздері қол жеткізуді межелеп отырған мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып, бюджет қаражатын басқарудың өзіндік модельдерін қалыптастырады.

Бюджет саясатын одан әрі жетілдіру шеңберінде Қазақстанның алдында тұрған міндеттері тұрғысынан бұл тәжірибені оңтайлы пайдаланудың маңызы зор.