Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ХХ г. І жарт. аде.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

11 Дәріс. Қ.Аманжолов, ғ.Орманов, т.Жароковтың шығармашылық өмірбаяндары.

Мақсаты: Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Т.Жароковтың шығармашылық өмірбаяндарын оқыту. Әдебиетке қосқан өзіндік үлестерін айқындау.

Сұрақтар:

  1. Қ.Аманжолов

  2. Ғ.Орманов

  3. Т.Жароков

Дәріс мәтіні (тезис)

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында туған. Әкесінен бес жасында айрылған болашақ ақын ауылда қозы бағып, отын-су, шөп тасумен бірге мал күзетеді. Шешесі Айғаншаны (1888 жылы туған) төркін жұрты ықтиярына қарамай, бір байға қосады. Ата-анасынан айрылған баланың ендігі күні аға-жеңгелеріне қарап қалады.

Шешесі Айғанша аздап ән салады екен, “Қыз Жібек” секілді жырларды жатқа айтқан. Соның әсері ме, анасының айтуына қарағанда, Қасым жылағанда, бесікті сықырлататын. Жеті айда жүріп кеткен мазасыз бала болған. ….“Таңертең ерте үй-іші ұйықтап жатқанда”, “…тұрып алып, далада үй айналасында жападан жалғыз ойнап жүретін, жалғыз сиырдың қара бұзауымен ойнап, өзімен өзі болып өлең айтатын. Көп балалардың тобына қосылмай, оңаша жүруді ұнататын. Балалардың ұрыс-жанжалына жоламайтын” (Қ.Аманжолов. Шығармаларының толық жинағы. Алматы, 1957. 3 том, 410-бет).

Сөйтіп жүріп молдадан тиіп-қашып оқиды, сауат ашысымен қолына түскен бірлі-жарым кітапты құр жібермей, қызығып нәр алады.

Ағасы Ахметжан 1923 жылы Семейге әкеліп, сондағы бастауыш мектепке оқуға береді. Алғыр да зерек, зейінді Қасым алғашқы жылы-ақ екі класты бірден тамамдаған. Ахметжанның үйіне жиі жиналатын өнерпаздардың, қаламгерлердің сұхбаттары, қызық-думаны сергек ойлы, сезімтал баланың назарын аудармауы мүмкін емес еді. Әміре, Майра секілді әншілер, Иса сияқты атышулы ақын, Мұқамбетқали Дауылбаев сияқты талантты, жас скрипкашылардың сауық құруы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев сияқты сол тұста-ақ танылған қаламгерлердің келуі – бәрі болашақ ақынның өнерге, өлеңге деген ықыласын, ынтасын … құштарландырғаны сөзсіз. Өнерпаздарға еліктеп домбыра, скрипка үйренумен бірге өлең де жазып, бірлі-жарымын С.Дөнентаевқа ұсынғанымен, ол “тіл жағынан ұнатпапты” (Аталған том. 413-бет),

1924-26 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Қасым бұдан кейін Семейде малдәрігерлік техникумда оқиды (1927-30 ж.ж.). Алайда мұны қанағат етпей, білімге, үлкен айдынға құлшынып, Алматыға келеді. Бірақ өзі қалаған оқуға түсудің реті келмей, республикалық “Лениншіл жас” газетіне қызметке орналасып, қалам ұштайды. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң “Қызыл әскер” газетінде істейді. Осы кезден бастап-ақ өз білімін толықтыруға айрықша мән береді. Талмай ізденіп, талғамын тәрбиелейді. Газет жұмысына төселіп, очерктер, мақалалар жазады. Заман талабына үн қосуға талпынған біраз өлеңдері “Лениншіл жас”, “Пионер”, “Қызыл әскер” газеттерінде жарық көреді. Әрине, оң-солын әлі жете танып үлгермеген жас ақын бұл өлеңдерінде сол тұста күллі елдің санасын күштеп билеп, дәуірлеп тұрған қасаң, үстем идеология ырқынан алыс кете алмайды. Ол заманда басқаша жазуға, ой-толғанысты еркін өріп, өрнектеуге мүмкіндік те жоқ еді.

1931 жылы Қасым Ленинград қаласындағы (қазіргі - Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығының сыр беруі салдарынан бір жылдай ғана оқып, институттан қол үзуге мәжбүр болып, сол кездегі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы “Екпінді құрылыс” газетіне жұмысқа орналасады. Осында өткен жастық жылдарын кейін сағына еске алып жүреді. 1933 жылы әскерге алынып, әскери міндетін сол қалада өтейді.

Ән-күйге, өнерге деген құштарлық Қасымды 1935-36 жылдары Оралда жаңадан ашылған қазақ театрында артист болып қызмет істеуге құлшындырған. Осы жылдар ақын өміріндегі ұмытылмас қызықты да аяулы шақтар болып, жадында жатталып қалады. Әр алуан музыкалық аспаптарда еркін ойнап, домбыра, мандолина, т.б. ішекті аспаптардан әуен әуелеткен ақын қызулы думан, жаңа орта, аяулы жандар арасында рухани есейеді. Бұл ретте алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы әсіресе айқын байқалады. Мәселен, “Сұлудың сымбатынан” (Орал, 1935), Абайдың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” өлеңінің ізі көрінеді.

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,

Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.

Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,

Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай.

Төгілер иығына қара шашы

Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай, -

(Қасым Аманжолов. Шығармаларының толық жинағы. Үш томдық. Алматы, 1955. 1-том. 167-бет).

Немесе “Көктемдегі” (аталған жинақ. Екінші том, А., 1956, 183-бет) “Алақанын тұр жайып, жас ағашта жапырақ. Балғын өмір ғажайып, Жас дауыспен жамырап” тәрізді сыршыл образдылық Абайдың “Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс” секілді толғаныстарымен үндесіп жатыр. Мұндай портреттік бейнелеуде Абай қолданған тәсіл, Абай пайдаланған көркемдік өрнектер, бояулар бірден “мен мұндалайды”.

“Шықтым өмір шыңына” (аяғы жоқ) өлеңін оқығанда. Абайдың әйгілі “Сегіз аяқ” үлгісі алдан шығады.

Қырандай өрлеп,

Құлаштай сермеп,

Шықтым өмір шыңына!

Қиырды болжап,

Тереңнен толғап,

Қандым өмір сырына!

Көпті көрдім, көп білдім,

Жүзінен өттім өткірдің…

Қасым Аманжолов поэзиясындағы Отан соғысы тақырыбы. “Ұлы Отан соғысы туралы жыр”, “Байкал”, “Орал”, “Үстімде сұр шинелім”, “Жеңіс даусы”, “Дариға сол қыз”, “Қызғалдақ”, “Ақын өлімі туралы аңыз” т.б. Поэмалары: “Жамбыл тойында” (1939), “Бикеш” (1939-44), “Құпия қыз” (1939), “Ақын өлімі туралы аңыз” (1943), “Біздің дастан” (1947). Қ.Аманжоловтың ақындық әлемі. Оның творчествосындағы соғыс пен бейбітшілік, өмір мен өлім суреттері. Шығармаларындағы достық пен махаббат, елдік пен ерлік. Геройлық және трагедиялық пафос. Ой мен сезім. Мазмұн тереңдігі мен түр жарастығы.

Аудармалары: “Полтава” (Пушкин), “Маскарад” (Лермонтов), Низамиден, Некрасовтан, Шевченкодан, Маяковскийден, Твардовскийден қазақшалаған аударма туындылары. Қ.Аманжолов творчествосының қазақ әдебиеті тарихында алатын орны.

Ғали Орманов 1907 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, “Ешкі өлмес” тауы етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Ғали бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. “Мұңлық-Зарлық”, “Шәкір-Шәкірат”, “Алпамыс” сияқты қисса дастандарды, “Біржан мен Сара”, “Кемпірбай мен Шөже”, “Бақтыбай мен Мәйке баланың” айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады.

1920 жылы Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады.

1923-28 жылдары Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқиды. Институтта оқып жүргенде Ғали қазақ, орыс әдебиеттерінің үлгілерімен танысады.

1925 жылдан бастап оқушылардың қабырға газетіне, 1927-28 ж.ж. өлкелік газетте өлеңдер жазады. Осы жылдары “Тілші” газетінде “Ешкі өлмес”, “Қора”, “Оқушыларға”, “Диханбайға” сияқты өлеңдері басылады. Осы өлеңдерінде Ғали ақындық талантын біршама танытып үлгереді.

1929-30 жылдары Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оның өлеңдері “Еңбекші қазақ” газеті мен “Әйел теңдігі” журналында жиі жарияланып, көп ұзамай-ақ республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді.

1930 жылы май айында Түркістан-Сібір темір жолы салынып бітті. Бұл бүкіл Кеңес елі, соның ішінде қазақ елінің тарихындағы ірі табыс болатын. Осы ұлы мерекеге шашу ретінде Ғали ақын “Шеңбер” атты ұзақ өлеңін жазды.

Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары «Майдан”деген альманахтың редакторы, кейін “Әдебиет және искусство” журналының жауапты редакторы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқара жүріп, шығармашылық саласында өнімді еңбек етті.

Ақынның “Қыр сабағы”, “Боран күні” сияқты туындыларында да кедей адамның тіршілігіне аяушылық білдіру басым. Қыстың боранды күндерінде жұлығынан шұлғауы шығып, қарға омбылап қой соңында жүрген қойшы бала көктемнің шуақты, жаздың аптап ыстығында да өз міндетін орындап жүргенін көреміз. Арқадан Сырға жалғасқан көштің күйін жыр ететін “Көштер күйі”, “Қиын жол” өлеңдерінде дәулетті көш пен қара құрым көш салыстыра суреттеледі. “Ескілік суреті”, “Екідай” өлеңдерінде ақын жарлы мен байдың арасы қашан да аспан мен жердей алшақ болатынын, сырт көзге тату достай көрінгенмен, іштей қағысып жататындықтан олардың мәңгі қосыла алмайтындығын көрсеткен. Қараша үйлердің жел соқса құлап кететіндей жабырқау, жұпыны күйіне жаны күйзелген ақын осынша қорлыққа үйренген елге таң қалады. Ескінің жұрнағындай болған сол бір күйден құтылу үшін тірлік жасамай, бұйығы күйде, күнінің өткеніне “тәуба” жасаған елге жаны ашығандық білдіреді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері осы ортадан өсіп шығады. Ол – ізденіс пен еңбектің адамы. “Ұяда” өлеңінде:

Өзімді байлап арқанға,

Ұяға батып мен түстім.

Сабалап бұршақ арқама,

Дауылмен ойнап бұлт құштымxi

- деп, ол шаншыла біткен зеңгір құздың басына қыран балапанын алуға шығады. “Асылған ұядағы” балапанды көргенде: “Менің де кенет кеудемде, Сілкініп кетті бір бүркіт”, - деп, өз бойындағы жаңа өмірге деген сілкінісін байқатады. Сол лирикалық кейіпкер “Алғашқы адым” өлеңінде жұпыны, жүдеу өмірден оқу-білім алуға қалаға аттанады:

Аттандым ауыл-анадан,

Оқуға кеттім қалаға.

Жабыла маған қараған,

Жалтаңдай кеттім далаға.

Жарбиған жаман тон, тымақ,

Жабысып кетті үстімде.

Жанайын деген бір шырақ,

Жалтылдап кетті ішімдеxii.

Ақын осы өлеңімен­­­– ақ бейнелі сөзбен картина жасаудың шебері ретінде көрінеді. Дала біткеннің жабыла қарауы, лирикалық кейіпкердің жалтаңдап аттануы Ғали ақынның образ жасаудағы қадамдарын нақтылай, даралай түсті.

Жароков Тайыр 1908 жылы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Жетібай ауылында, Нарын құмының етегіндегі Темірбек деген жерде дүниге келген. 1920-1923 жылдары өз ауылындағы орысша-қазақша мектепте оқып, соның үш класын бітіреді. 1923-1927 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың Халық ағарту институтында (КИНО) оқиды. 1928 жылдың күзінде Алматы қаласындағы Қазақ педагогика институтына (Қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) оқуға түсіп, 1931 жылы соның Тіл-әдебиет факультетін бітіріп шығады. 1932-1933 жылдары Қазақстан Жазушылары ұйымдастыру комитетінің хатшысы, Қазақ мемлекет баспасының көркем әдебиет бөлімінде редактор болып істейді. 1934-1936 жылдары Ленинград қаласындағы Тарих, философия және тіл-әдебиет институтының аспирантурасында оқиды. 1936-1938 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторының орынбасары болған. 1938 жылдан 1942 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл Жабаевтың әдеби секретары болып істеген. 1942 жылы Совет Армиясы қатарына шықырылып, содан 1945 жылдың аяғына дейін әскери қызметте болады. 1946-1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында әртүрлі жауапты қызметтер атқарған.

Тайыр Жароков әдебиетке өткен ғасырдың 20 жылдарының аяғында, 30 жылдарының басында келді. Алғашқы “Күлімдеді күміс күн де” атты өлеңі 1927 жылы “Ақындар шашуы” атты жинақта (құрастырған Сәбит Мұқанов) жарияланған. 1928 жылы “Жаңа әдебиет” (Қазіргі “Жұлдыз”) журналының бірінші санында “Аэроплан” атты өлеңі жарық көреді. 30-жылдардың басында алғашқы кітаптары шықты: “Жұлдыз жарығы”. Өлеңдер жинағы, 1932; “Коммунизм таңында”. Поэма, 1933; “Нефтьстан”. Поэма, 1933; “Мотор жыры”. Өлеңдер жинағы, 1934; “Өмір сөйлейді”. Өлеңдер жинағы, 1934; “Күн тіл қатты”. Поэма, 1934; “Мұз тұтқыны”. Поэма, 1935. Осылайша, баспа бетінде жиі көрінген ол ақын ретінде жұртшылыққа кеңінен танылды

Әдебиеттер:

  1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: Білім, 1998.

  2. Бисенғали З.Қ. Казахская проза начала ХХ века. Учебное пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2000.

  3. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002.

12-дәріс 40-50 жылдардағы қазақ поэзиясы. Жамбыл Жабаевтың ақындық өнері. Иса Байзақов - импровизатор ақын.

Мақсаты: 40-50 жылдардағы қазақ поэзиясының идеялық-тақырыптық ерекшелігін талдау. Жамбыл Жабаевтың ақындық өнеріндегі ерекшелік пен Байзақовтың импровизаторлық өнерін жан жақты талдау.

Сұрақтар:

  1. 40-50 жылдардағы қазақ поэзиясының идеялық-тақырыптық ерекшелігі.

  2. Жамбыл Жабаевтың ақындық өнері.

  3. Иса Байзақов - импровизатор ақын.

Дәріс мәтіні (тезис)

Қырқыншы-елуінші жылдардағы қазақ поэзиясы қайшылықты, алуан құбылыстарға толы. Тарихи-әлеуметтік тұрғыдан зер салғанда, өзінің идеялық тұрғысы мен бағытын, әлемдік аренадағы өз салмағын біршама айқындап үлгерген тосын сипатты, жаңа да жас мемлекеттің рухани және экономикалық өміріне оның күретамыры іспетті идеялық болмыс-бітімі ғана емес, Сталиннің де жеке тұлға ретінде айрықша ықпал жасағаны сөзсіз. Соғыс жылдарындағы поэзияда азаматтық әуен айқын естілді. Сонымен бірге саяси лирика, публицистикалық бояулар да молынан ұшырасты. Мерзімді басылымдарда жауынгерлердің ерлігін, отты жылдардың ерекшелігін, елдегі еңбеккерлердің үміт-арманын бейнелеген жырлар жиі-жиі жарияланды.

Алайда бұл тұстағы поэзияда тақырыптық біржақтылық орын алғанын айту керек. Көркем әдебиет пен өнер қайраткерлері коммунистік партияның идеологиясын біржақты бағытқа айналдырып, “кезең шындығын, жалпы бүгінгі өмірді тек қана ұнамды қырынан көрсету керек” деген, сталиншілдер қойған талапқа қарай шарасыз икемделді. Әрине, бұл арада мыңдаған, миллиондаған адамдардың сол тұста Сталиннің абырой-беделіне кәміл сенгенін де ескеру керек. Дегенмен, майдандағы, тылдағы барлық шындық түгелдей айтылмады, ашып айтуға мүмкіндік берілмеді. Соның салдарынан тақырыптық біржақтылық орын алды.

Әйтсе де кілең ерлік, отаншылдық сезімі мен сол сезімнен, сол сенімнен туған толғаныстар жалпы халықтық отаншылдықты, жалпы халықтық ерлікті туғызды. Поэзиямызда екі саладағы қалам қайраткерлері тізе қоса, жұмыла жыр төкті. Біріншісі - Жамбыл, Нұрпейіс бастаған халық ақындары. Бұл қатарда Иса Байзақов, Шашубай, Нұрхан Ахметбеков, Қуат Терібаев, Әбдіғали Сариев, Саяділ Керімбеков, Қалқа Жапсарбаев, Орынбай Тайманов, Қайып Айнабеков, Үмбетәлі Кәрібаев, Омар Шипин, Жақсыбай Жантөбетов, Доскей Әлімбаев, Төлеу Көбдіков, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев, т.б. бар. Бұлардың жыр-толғауларында фольклорлық дәстүр, эпостық бейнелеу мүмкіндіктері - образдар, толғану мен толғау мәнері, кейіпкер табиғатын ашу, ажарлау тәсілдері кеңінен пайдаланылды. Жамбылдың аталған өлеңіне қоса “Қамал бұзған қаһарман”, “Аттан, батыр ұрпағым”, т.б. қыруар жырларында ашынған елдің айбарлы ерлігі, қаһармандық қуаты жырланса, Нұрпейіс Байғанин “Жанышта, жауды жанышта”, “Өренім, ұлым, құлақ сал”, “Майданға, батыр ұлдарым” тәрізді өлеңдерінде ерлік рухын өршіте түсуге, жігерлене жауға қарсы айқасуға шақырды.

Екінші сала - жазба поэзия өкілдері. Атап айтқанда, Абай шығармалары (1943, 1944, 1945), Қ.Әбдіқадыровтың “Батыр” (1940), “Серт” 1945), Д.Әбілевтің “Жүректен” (1945), “Майданбек” (1943), М.Бектембекованың өлеңдері (1940), Қ.Бекхожиннің “Шеру” (1944), Д.Еркімбековтің “Айдай” (1945), І.Есенберлиннің “Айша” (1945), “Сұлтан” (1945), Т.Жароковтың “Зоя туралы жыр” (1944), “Нарын” (1940), “Сталин сұңқарлары”, А.Жұмағалиевтың “Таңдамалы өлеңдері” (1945), З.Қалауованың “Шолпан” (1941), С.Мұқановтың “Алыптар туралы аңыз” (1942), “Біз жеңеміз” (1942), Т.Мұқановтың “Жауынгер жыры” (1943), Ғ.Ормановтың “Емен” (1945), “Халық қаһарманы” (1941), ұжымдық “Өлеңдер жинағы” (1945), ұжымдық “Поэмалар” (1940), Ж.Саинның “Жорық жылдары” (1944), “Күләнда” (1945), Қ.Сатыбалдиннің “Әлия” (1945), Ә.Сәрсенбаевтың “Ант” (1940), ұжымдық “Сталинградты жауға бермеңдер” және “Тарту” (1940), Ә.Тәжібаевтың “Перне” (1942), А.Тоқмағамбетовтің “Ажалды жеңген алыптар” (1944), “Маршалдар шықты майданға” (1941), “Мұнай бер” (1943), Қ.Шаңғытбаевтың “Ар” (1945), т.б. өлең, поэмалар жинағы кітап болып шықты. Бұларда қаһарлы жылдардың шындығы түрлі тұрғыдан кестеленді. Фашист басқыншыларын тас-талқан етіп күйретуге шақырған, қан майданда қаймықпай айқасуға үндеген, “қанға қан, жанға жан” деген ата-бабамыздан қалған ұранды ту етіп ұстап, зұлым жаудан кек алуға бастаған өлеңдермен қоса жаудың сиқын, зұлымдығы мен қанішерлігін ашына, ашумен әшкерелеген туындылар да молынан жарық көрді.

Ақындарымыздың идеялық-өмірлік нысанасы ортақтығы себепті тақырыптық ұқсастық басым болды. Мәселен, А.Тоқмағамбетовтің “Ажалды жеңген алыптар” (1943) атты жинағындағы өлең атарына назар аударайық. “Жеңіс бұйрығы”, “Күйреген план, қайырылған қанат”, “Сермей, соқ”, “Аға, іні, туысқан”, “Халықтың сәлемі”, “Шабуылға”, “Кавказға”, “Жауынгер қазақ жастарының маршы”, “Достық”, “Қуаныш”, “Ата мен бала”, “Қош, бауырым Панфилов”, “Халық қаһарманы”, “Ғабдулхай” (атақты барлаушы Ғ.Сексеновке арналған – Б.Ы.), “Хабибулла”, “Күйші Ғалым” (домбырашы, әнші, әрі атақты мерген –Б.Ы.), “Мерген қыз” (Атақты мерген, 309 немісті өлтірген Людмила Павличенкоға арнап), “Ажалды жеңген алыптар” (Советтер Одағының Батыры Васильев пен Шемякин жолдастарға) секілді айдарынан-ақ кімге, неге арналғанын аңғару оңай.

Әсіресе ұлы Жамбылдың даусы асқақ та айбынды естілді. Оның мерзімді басылымда күн құрғатпай жарық көрген, бүкіл еліміздің радиоларынан күн сайын дерлік саңқылдап, асқақ шабытпен оқылған, туған елге деген махаббатқа, құрметке толы, жалынды жырлары жеке кітап болып шығып жатты. “Жамбыл. Шығармалары” (1940), “Болат тонды батырлар” (1941), “Майдан жыры” (1942), “Отан әмірі” (1941), “Майдан жыры” (1942), “Алынбас қамал” (1943), “Қамал бұзған қаһарман” (1945), “Шығармалары” (1946) жеке кітап болып ұсынылды. 95 жастағы қарт жыраудың тарихи-саяси жағдайды жете байыптауға мүмкіндігі болмағандықтан республика үкіметі тарапынан, әртүрлі ресми және шығармашылық ұйымдар тарапынан оның әдеби хатшыларына (Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров) ықпал жасалып, қарт ақынның сол тұстағы кеңес мемлекеті басшыларын, Сталинді мадақтау да тапсырылғаны, олардың кеңес елін бақытты болашаққа бастайтын тұлғалар ретінде түсіндіруге айрықша күш салынды.

Бүгінде Жамбыл шығармаларын оның идеялық нысанасына емес, көркемдік кестесіне байланысты бағалағанда ғана, ақынның, сол арқылы сол кезеңдегі жалпы халық поэзиясының, ауыз әдебиетінің көркемдік айрықшалықтарын тереңірек түсінуге болады. Бірінен бірі асып түсетін небір айшықты теңеулер, образдар, тұтқиылдан тап басатын эпиттер, айтыс ақындарында жиі кездесетін тәсіл градацияны шебер пайдалану, сол қызумен, сол шеберлігімен жазба әдебиетке, оның ішінде поэзияға ықпал жасау, заман, кезең шындығын образ-категориялар арқылы да айшықтау, сол арқылы халқымыздың ұлттық рухының басылмай, заман ауыртпалығының астында тапталып жаншылмай, қайта іштей буырқанып, булыға қайраттанып, қор жинай беруіне, ұлттық көркемдік ойдың салалана, тармақтала беруіне, көркемдік танымның көкжиегі кеңи түсуіне, халықтың эстетикалық талғамын өз тұрғысынан кемелдендіруіне, рухани ширығып жігерленіп өсуіне зор ықпал жасағанының нақты мысалдары.

Бұл орайда бір-екі мысал келтірумен шектелейік. Ұлы жыраудың ұлы Алғадай майданда мерт болғанда, көз жасын төгіп, жылап айтқан жыры бүкіл қазақ даласының, қазақ халқының көз жасы, ауыр қайғысы болып, байтақ сахараға кең тарады:

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Өлім деген у екен,

Мендей кәріп адамға.

Күнде үйімде күңіренем,

Көзіме жас алам да.xiii

Көкірегін кернеген зар, ауыр қайғы осылайша фольклордағы жоқтау сарынын еске салып, фольклордың ұлттық рухтың алтын қоры ретіндегі қызметін көрсете отырып, халықтың көкірегінде басқыншы жауға деген ыза-кегін оятты, ашу отын тұтандырды. Сол себепті Жамбылдың:

Асқар таудай еліме,

Байтақ жатқан жеріме,

Шапты фашист дегенде,

Ашуменен аралас

Жыр да келді көмейге,

Қаһар қаулап денемде,xiv -

деген тегеурінді толғанысы қиындықтан шираған, ашумен кектен шиыршық атқан жалпақ елдің жүрекжарды сөзі болатын. Бұл ретте, әрине, кеңес идеологиясының күллі мемлекеттік көлемде ғажап серпінмен үздіксіз, қисапсыз жұмыс істегенін, соның арқасында “Отаным – Совет Одағы” деген ұғымның қалыптаса бастауына, Ленин идеяларын кезең талабына үйлестіре пайдалануы да көп көмегін тигізгенін ескеру керек. Мерзімді баспасөз беттеріне, жинақтарға ақындардың осы рухта дабылдатып өрлейтін, майдангерлер ерлігін оятуға себі тиетін шығармалар бірінші кезекте іріктеліп алынды. Бұл кездегі поэзиядағы тақырыптық бірыңғай-лықтың орын алуына осындай талап қоюшылықтың әсері тиді.

Мәселен, Жамбылдың “Майдан жыры” (1942) атты кітабына енген жырлар: “Ленин қаласындағы өрендерім” (кейін ақын қайта толғаған соң “Ленинградтық өрендерім” болып өзгерді), “Москваға”, “Қаһарлы Москва қамалы”, “Совет гвардеецтеріне”, т.б. болып келеді. Немесе Нұрпейістің “Таңдамалы” шығармаларында” (1945) “Зор майданға шапшаң бар”, “Сталиндік сұңқарлар”, т.т. тәрізді туындылар бар. Бұл сипат сол кездегі халық ақындарына да, жазба поэзия өкілдеріне де тән

Жамбылдың ақындық өнерінің қазақ халқының қоғамдық-рухани өмірінің шындығымен тығыз байланыстылығы. Ақынның алғашқы кездегі өлең-жырлары. Алғашқы ақындық айтыс, сөз қағысулары (“Кәмшат қызға”, “Жаныс ақынға”, Бөлек қызбен, Айкүміспен қағысулары, т.б.), қоғамдық, әлеуметтік өмір шындықтары туралы шығармалары (“Кедей күйі”, “Жылқышы”, “Қуғын”, “Мәнке туралы”, “Зілді бұйрық”, т.б.)

Жамбылдың Құлмамбетпен, Сарыбаспен, Досмағамбетпен, Шашубаймен айтыстары. Жамбылдың айтыстағы өнері. Ақын шығармаларының көркемдік кестесі. “Замана ағымы” поэмасы, оның тақырыбы мен идеясы.

Ұлы Отан соғысымен байланысты туған шығармалары (“Отан әмірі”, “Қамал бұзған қаhарман”, “Ата жаумен айқастық”, “Өлім мен өмір белдесті”, т.б.

Ақынның “Москваға”, “Ленинградтық өрендерім”, “Алынбас қамал” атты өлеңдерінің мазмұны мен мәні.

“Өтеген батыр” поэмасының тақырыбы мен идеясы. Ақынның халық аузындағы аңызға байланысты мотивтерді алып, оларға қоғамдық мән бере жырлауы. Дастанның көркемдігі, ондағы мифтік элементтер.

“Сұраншы батыр” поэмасының тарихи негізі. Поэмадағы ерлік, ел қорғау мәселесі, теңдікті аңсау. Сұраншының ерлігін жастарға үлгі тұту. Поэманың образдық жүйесі. Байзақов - импровизатор ақын. Ақынның алғашқы шығармалары. Поэмалары. “Құралай сұлу” (1825), “Қойшының ертегісі” (1925). Бұл екі поэмаға тән ортақ белгілер мен дара ерекшеліктер. Халық өмірі мен жастардың әлеуметтік теңсіздік, оған қарсы күрес шындығының суреттелу жолдары.“Алтай аясында” (1933-34) поэмасы. Шығармадағы оқиғаның желісі. Ақынның образ жасау шеберлігі. Балағаз, Жоламан, қаутін, қырмызы, құсан, Кәпік, Көбік. “Он бір күн, он бір түн” (1938), “Кавказ” (1939) поэмалары. “Ақбөпе” (1940) поэмасы: тақырыбы, сюжеті. Әмірхан, Тәуке, Ақбөпе образдарының даму, өсу жолы. Ақбөпе образының ақын творчествосындағы үлкен жетістік екендігі. Ақын поэмаларының тіл байлығы. Поэмаларының жанрлық ерекшеліктері, олардың поэтикалық жүйесінде фольклор мотивтерінің қызметі.

Әдебиеттер:

  1. Бегалин С. Жамбыл. – Алматы: Жалын, 1996.

  2. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: Білім, 1998.

  3. Бисенғали З.Қ. Казахская проза начала ХХ века. Учебное пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2000.

  4. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002.

Қырқыншы – алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Ғылым, 1998

13- дәріс. Ғ.Мүсірепов және Ғ.Мұстафин шығармашылығы

Мақсаты: Ғ.Мүсірепов және Ғ.Мұстафин шығармашылығы

Сұрақтары:

1

Дәріс мәтіні (тезис)

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ (1902-1985)

Жазушының творчестволық өмірбаяны. Жиырма­сыншы жылдардың аяғындағы әңгімелері (“Тулаған толқында”, “Қос шалқар”, “Талпақ танау”, “Үздіксіз өсу”, “Бір адым ілгері, екі адым кейін”, т.б.), олардың тақырыбы.

Жазушының ана туралы әңгімелері. “Адамның анасы” (1933), “Өлімді жеңген ана” (1933), “Ананың анасы” (1934), “Ананың арашасы” (1935), “Ана жыры”. “Ашынған ана” новелласындағы ауылдағы озбыр болыстардың өктемдігі, бас бостандығы үшін күреске көтерілген қазақ әйелі - қапия образы. “Ананың арашасы”. Мұндағы азамат соғысының көріністері, романтика мен реализмнің ұштасуы. Нағима. Оның ерлік әрекеттері. “Ер ана” (1942), “Ақлима” (1944) атты әңгімелері. Ақлиманың адамгершілік қасиеті. Наталья образы. “Ананы” анасың әңгімесі. Жазушы творчествосында ана тақырыбының алатын орны.

Драмалық шығармалары. Олардың жанрлық құрамы, поэтикасы “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш - Баян сұлу”, “Ақан сері – Ақтоқты”, “Аманкелді”, т.б. Драматургия саласында алғашқы сәтті еңбегі - “Қыз Жібек” (1934), атты музыкалы драмасы, оның кейінірек операға айналуы. Пьесада махаббат бостандығы, гуманизм сарынының суреттелуі.

“Кездеспей кеткен бір бейне” (1967) повесі. “Ұлпан” (1974) романы. Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнап жазған “Қазақ батырың (1945) повесі. Автордың оны “Қазақ солдаты” (1950) романына айналдыруы. Олардың айырмашылығы, өзгешелігі. Романдағы халықтар достығының, патриоттық сезімінің суреттелуі. Жауынгер өмірінің суреттері. Басты образдар. Қайырғали Сарталиев, Петр Ушаков, Владимир Толстов, Самед Абдуллаев, т.б. Романның көркемдік ерекшелігі, ұлттық және интернационалдық сипаты, көркемдеуіш-бейнелеуіш құралдары. Романдағы пейзаж, оның көркемдік қызметі.

“Оянған өлке” (1953), “Жат қолында” (1984) романдары.

Қазақстанда алғаш өндіріс орындары ашылып, қазақ кедейлерінің өндіріс жұмысшыларына айналуы. Халық өмірі, әлеуметтік тартыс көріністері. Шығарманың эпопеялық сипаты. Орыс, қазақ жұмысшыларының тұрмысы. қарағанды шахталарындағы Успен, Ақбұйрат мыс заводындағы жұмысшылардың өмірі, капиталистердің өзара тартысы. “Оянған өлкенің” саяси-әлеуметтік табиғаты. “Жат қолынданың” әлеуметтік-психологиялық сипаты. Өлкенің ояна бастауы. Сол кездегі қазақ ауылының өмірі, әлеуметтік қарым-қатынастары, тұрмыс-салтының суреттелуі, ерекшеліктері. Басты образдары: Бұланбай, Байжан, Байшегір, Жабай, Сейіт, Назыкеш, Быковтар, Шило, т.б. Екінші топтың адамдары: Жұман, Игілік, Рязанов. Ушаков, Сикорьский, т.б. Кенжеғара образының ерекшелігі, даму логикасы. Роман- дилогияның көркемдік ерекшелігі, қазақтың әдеби тілінің, көркем ойының соңғы табыстарын орынды пайдалануы. Әр оқиғаны, табиғат суреттері мен адамның ой толғаныстарын, қарым-қатынастарын суреттеудегі шеберлігі, тілі. Ғ.Мүсірепов творчествосының қазақ әдебиетіндегі орны.

Әдебиеттер:

14-дәріс. ш

Мақсаты: .

Сұрақтары:

  1. Ертегілердің мәтіндерін зерделеу негіздері

  2. Ертегі жинақтарының ғылыми аппараты

Дәріс мәтіні (тезис)

Әдебиеттер:

15-дәріс.

Мақсаты: Фольклор мұраларын шығарушылар мен орындаушылардың, сақтаушылардың өзіндік орнын ұғындыру. Ертекшілердің ертегілердің дамуындағы рөлі.

Сұрақтар:

  1. Фольклорды сақтаушылар мен таратушылардың, орындаушылардың сипаты.

  2. Ертекшілер мен әңгімешілердің фольклор дамуындағы орны.

  3. Ертегілер табиғатын танытудағы ертекшілер рөлі.

  4. Ертекшілердің орындаушылық шеберліктері.

Дәріс мәтіні (тезис)

Әдебиеттер:

  1. Пропп В.Я. Фольклор и действительность. М., 1976. С. 20.

  2. Проблемы жанра и стиля. Уфа, 1970.

  3. Тодоров Цветан. Поэтика. // В кн.: Структурализм, «за» и «против». М., 1975. С. 100.

  4. Рифтин Б.Л. Сказание о Великой стене и проблема жанра в китайском фольклоре. М., 1961;

  5. Виноградов В.В. Сюжет и стиль. М., 1963;

  6. Горбаткина Г.А. Пьесы-легенды Назыма Хикмета. М., 1967. т.б.

  7. Веселовский А.Н. Историческая поэтика. Л., 1940;

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]