- •Көтерілістің себептері, мақсаты және қозғаушы күштері
- •Кенесары Қасымұлы - аса көрнекті мемлекет қайраткері
- •Көтерілістің басталуы
- •Қазақ хандығының қалпына келтірілуі
- •Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты
- •Қарулы күштердің құрылуы
- •Патша үкіметінің жазалау әрекеттері
- •Кенесары әскерлерінің Ұлы жүз аумағына қарай шегінуі
- •Долгов және Герн бастаған елшіліктердің Кенесары ордасына келуі
- •Кенесары Қасымұлының Қоқан хандығымен күресі
- •Көтерілісшілердің Қырғызстан аумағындағы қимылдары
- •Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің жеңілу себептері мен салдары. Көтерілістің тарихи маңызы
- •Қозғалыстың алғышарттары
- •Азаттық жолындағы қозғалыстың жеңілу себептері мен тарихи маңызы
Долгов және Герн бастаған елшіліктердің Кенесары ордасына келуі
Кенесарымен болған соғыстың ұзаққа созылуы патша үкіметіне елеулі шығын келтірді. Сондықтан 1845 жылдың ақпан айында Орынбор басшылығы Кенесары ханға Долгов және Герн бастаған елшілік жіберуді қажет деп тапты. Олар Кенесарыны патша үкіметінің талабын орындауға көндіруге тиіс болды. Сонымен қатар барлау жұмыстарын жүргізуді де көздеді: біріншіден, олар Кенесары әскерлерінің қай жерлерде қаншалықты мөлшерде орналасқанын дәл білуі тиіс болды, екіншіден, Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында тағы қандай бекініс салуға болатынын анықтап қайту еді. Патша үкіметі мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көтерілістің орталық аймақтарына толық бақылау орнатуды көздеді. 1845 жылы Долгов пен Герн бастаған елшілік ханның ордасына жетті. Кенесарыға оның әйелі Күнімжан қайтарылды.
Жүргізілген келіссөздер барысында Кенесарыға қабылдауға болмайтын шарт қойылды: көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақ шегінде ғана көшіп жүруге рұқсат берілді. Кенесарының Ресейге толық бағынуы және соғыс қимылдарын біржолата тоқтатуы тиіс болды. Орынбор ведомствосына қарайтын қазақтардың барлығы да Ресей империясының азаматтары ретінде әрбір үйдің 1 сом 50 тиын мөлшерінде түтін салығын төлеп тұруы тиіс екендігі, ханның Орынбор қазақтарынан зекет алуына тыйым салынатындығы айтылды. Кенесарының қылмысты істерді қарауына рұқсат етілмейтіні ескертілді. Ханның қашқын орыс пен татар және башқұрттарды жасырын ұстауына тыйым салынатыны, оларды Ресейге қайтаруы тиіс екені туралы сөз болды. Кенесарының Ресейге «ұнамайтын» шет мемлекеттермен және жеке тұлғалармен қарым-қатынастар жасауына рұқсат етілмейтіні де ескертілді.
Кенесары Долгов пен Герн елшілігінің қойған шарттарының түпкі мақсаты оның хан лауазымын иеленуге құқығы жоқтығын тұспалмен түсіндіру екенін оп-оңай ұқты.
Хан патша үкіметі қойған бұл талаптардың бірде-біреуін қабыл алған жоқ. Келіссөздер тұйыққа тірелді. Патша үкіметінің елшілігі көздеген мақсатына жете алмады. Елшілер кеткеннен кейін хан әскери кеңес шақырып, енді Жетісу аумағына қарай көшуге шешім қабылдады.
Патша үкіметі содан кейін-ақ Ырғыз өзені бойында Орал, ал Торғай өзені бойында Орынбор әскери бекіністерін салуға кірісіп кетті.
Кенесары Қасымұлының Қоқан хандығымен күресі
Кенесары мен Қоқан хандығы қарым-қатынасының шиеленісіп кетуінің өзіндік себебі де бар еді. Өйткені Қоқан хандығының билеушілері 1836 жылы оның бірге туған бауыры Саржан сұлтанды, 1840 жылы әкесі Қасым төрені өлтірген болатын. Мұның өзі оның Қоқан хандығының билеушілеріне деген ыза-кегін өршіте түсті. Қоқан хандығына қарсы күресте Кенесары Жанқожа Нұрмұхамедұлы батырдың көмегіне сүйенді. 1845 жылы Кенесары хан Қоқан хандығының Жаңақорған, Жүлек және Созақ сияқты бекіністерін тартып алды. 1846 жылы Қоқанның және бір мықты бекінісі Меркіні де қолға қаратты. Содан бастап Қоқан хандығының қазақтарға озбырлық жасауы уақытша болса да тыйылды. Бірақ Кенесары өзіне Қоқан мемлекеті сияқты және бір қатерлі дұшпан тауып алды.
Кенесары әскерлерінің Ұлы жүз аумағына қарай шегінуі
Патша үкіметі Кенесары ханды Орынбор өлкесінен қалай да ығыстырып шығаруға ұмтылды. Соның салдарынан Кенесары Сарыарқаны тастап, көтеріліс орталығын Жетісу жеріне қарай ауыстыруға мәжбүр болды. Сібірдегі өкімет билігі Омбыдан генерал Винневский басқарған елеулі әскер күшін зеңбіректерімен қоса Жетісуға жедел түрде жіберді. Азық-түліктің тапшылығы Кенесарыны егіншілікпен айналысуға мәжбүр етті. Күші басым патша үкіметінің қысым жасауымен Кенесары Іле өзенінід оң жақ бетіне өтіп, одан әрі Алатаудың етегіне көшіп барды. Ал патша үкіметі оған Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары тарапынан көмекке келетін жолды кесіп тастады. Ұлы жүздің Сұраншы, Байсейіт, Тайшыбек сияқты батырлары Кенесарыға қолдау көрсетіп, көтерілісшілердің сиреп қалған қатарын толықтырып, едәуip күшейтті.
Кенесары Қасымұлы Қытайға барып, бой тасалай тұруды да ойлады. Бірақ оның бұл әрекетін Қытай үкіметі қолдамады. Ресей империясымен қарым-қатынасымызды бүлдіріп аламыз деген қауіппен Кенесарының өтінішін қанағаттандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Қазақтардың арасында беделі күшті әрі жауынгер ханды қабылдаудың ешқандай да қажеті жоқ деп ойлады. Оның үстіне, бұл кезде Қытайдың өзі де қазақтармен діні бір ұйғыр және дүңгендердің көтерілістерінен мазасы кетіп, қатты аландаулы болатын.
