Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1240_ZILKhAN_mangilik_makhabbat_zhyry.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
226 Кб
Скачать
☆

3.09.2001. Астана

әл-Фараби .көшесі. 15-үй 100-пәтер

("Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі)

Мінеки, Халима қазасын естіген оқырмандар маған осындай хаттар жазуда.

Оныншы сөз

Халиманың кең пейілдігіне қарай біздің үйде, өзінен-өзі бір ғажайып қор құрылды. Артынан оны біз "Халима қоры" деп атадық. Олай деген себебіміз: Халима қайтыс болғаннан кейін онымен қоштасуға, көңіл айтуға келген ағайындар әркім өз күйлеріне қарай ақша тастап кетіп отырды: біреу 500, 1000, 2000, 3000, 4000, 5000, біреу 15000, біреу 20000 теңге, біреу — 50, 100, 500 доллар дегендей Сөйтіп, "Халима қорына" қазір 3000 долларға жуық қаражат түсті. Ол қорға кімнің қанша қаражат қосқанын жеке-жеке атап айтпай-ақ қояйын. Осы арада мына бір екі оқиғаны да айта кетейін.

Біріншісі мынандай. Бір күні Халимаға жинақ кассасынан кассир қателесіп, 1000 сомды артық беріпті. Халима алған ақшасын санамай (санауға кассирге сенімсіздік көрсеткендей болармын деп ұялады), сөмкесіне сала салады. Үйге келіп санаса, артық ақша шығады. Бұған Халима қатты қысылды. Өзін кассаның ақшасын ұрлап әкеткендей сезінді. Жүгіріп, үстел басында жұмыс істеп отырған маған келді.

—Жүр, мына артық ақшаны апарып берейік. Бұл ақша кассир әйелдің мойына мінеді ғой. Обал ғой! – деді. Халима мені қасына ертіп, ол артық ақшаны Фурманов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы жинақ кассасына апарып өткізді. Өзіне осыдан жарты сағаттан аса бұрын ақша берген кассир әйелге барып:

—Сіз маған қателесіп, 1000 сом артық беріпсіз. Мен оны қолма-қол санамағаныма ғапу өтінемін, санасам сол алған бойда өзіңізге қайтарып беретін едім, — деді. Кассир әйелдің екі көзі бақырайып кетті. Мың сом мойнына мінсе оңай ма? Сотталып кетуі де мүмкін ғой. Халимаға қайта-қайта басын иіп, рақмет айтты.

—Түу, қандай рақат болды. Бақандай мың сомды кассадан ұрлап алғандай үрейім ұшып еді, — деді маған Халима кассадан шыққаннан кейін. Сол күні кешке бұл оқиғаны достарымыз Тұрсынбек пен Күбіра Кәкішевтерге айттық. —Бекер өйткенсіңдер, десті олар. — Өзі келген олжаны қайтарып берулерің дұрыс болмаған.

—Ондай олжамен байымай-ақ қояйын. Маған арым мен ұятым қымбат. Ешкімнен ештеңе алмай, тек жүргенім — рахат, — деді Халима, өзімен-өзі сөйлескендей жайлап қана. Енді екіншісін айтайын. Мен үйде жоқта Талдықорған облысынан бір жас ақын біздің үйге бір қойдың етін алып келіпті.

—Бұл кімге, қалқам? — деп сұрайды Халима.

—Сіздерге, — дейді бейтаныс жігіт.

—Не себептен? ..

—Сыбағаларыңыз ғой, жеңгей.

—Біз сізді, сіздер бізді білмейсіздер. Танымайтын кісіге ешкім сыбаға сыйламайтын сияқты еді ғой, шырағым.

—Ағайды сыртынан білеміз ғой.

—Сыртынан білетіндерге алыстан сыбаға тасымайды. Не қызмет істеуші едіңіз, қарағым?

—Мұғаліммін, жас ақынмын.

—Жазушылар одағына мүшесіз бе?

—Жоқ, үміттімін.

—Онда, қалқам, жоғары шығып, шай ішіңіз. Бірақ, мына сыбағаңызды мұнда қалдырмай алып кетіңіз. Осында ақын ағайларыңыз бар шығар.

—Бар ғой, апай.

—Бар болса, солардың біріне апарып сыйлаңыз. Ал ағаң Жазушылар одағына өтуіңе қойсыз да көмектеседі. (Ол кезде мен Жазушылар одағына мүше қабылдайтын комиссияның торағасы болатынмын). Ал мынадай "сыбаға" әкелгеніңізді білсе, ол кісі ренжиді, көмектеспей қоюы да мүмкін, — дейді Халима жігітке жайлап. Жігіт қипақтап тұрып, ақыры қойын арқалап алып кетуге мәжбүр болады.

—Қарағым, алыстан келген екенсіз, шай ішіп кетпейсіз бе? — дейді Халима оған қайтадан.

—Жоқ, рақмет, апай, — деп жігіт төрге шықпай, дәлізден қайтады. Мұны да кезінде Кәкішевтерге айттық. Сырлас достарымыз ғой. Олар күлді:

—Ой, сіздер қызықсыздар. үйлеріңізге өзі келген ақшаны апарып бересіздер. Өзі келген қойды қайтарып жібересіздер. Біз болсақ: ақшаны қалтаға басып, етті де жеп алар едік, — деді Тұрсынбек.

—Біз шәкірттерінен сыбаға жеп дәндеген Кәкішев емеспіз ғой, — дедім мен де күліп.

—Қойшы, олай деме, Әзілхан, – деді Халима менің иығымнан қағып, – Өзіне ұзақ жыл білім берген ұстазына шәкірттері сыбаға жіберіп, немесе әкеп беріп жатса, оның несі айып? "Ойыннан от шығады" дегендей, мен екеуіңнің осындай әзілдеріңнен қарадай қысылып отырамын.

—Осы апамның ақылы болмаса, сіздің қалай күн көргеніңізді көрер едім, — деді Тұрсынбек мені мұқатқандай болып. Мен үндемедім. Өйткені, Тұрсынбектің сөзінің жаны бар еді.

***

Кім, қанша бергенін өзі де біледі ғой. Сонда да бұл қорға ("Халима қорына") 500 теңгеден қосқан екі адамның, 500 доллардан қосқан екі азаматтың аттарын ерекше атағым келеді. Олар кім дейсіздер ғой? Гули Назымбекова деген ұйғыр әйелі мен Наталья Федоровна Байгельдинова деген орыс әйелі. Екеуі екі мекеменің тазалықшысы. Мына арқадан аяздай қысқан нарық заманында екі тазалықшының 500 теңгеден әкеп үлес қосуы жан мырзалығы, тұрмыстық ерен ерлік емес пе! Біз "алмаймыз" деп едік, олар: "Біз адам емеспіз бе? Ана емеспіз бе? Бізде жүрек жоқ деп ойлайсыздар ма?" деп, еркімізге қоймады.

Енді 500 доллардан бергендердің кімдер екенін айтайын. Олардың біріншісі шымкенттік бауырларымыз Нұрмұхан, Нұржан, Бақмағамбет Әжіметовтар. Екіншісі астаналық ініміз, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның үстіне Мұхтар бауырымыз Халима апайының аруағына арнап менің "Махаббат, қызық мол жылдар" романымды Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында жаңадан бастырып шығарып беруге уәде етті. Қазір ол роман қымбатты Кәдірбек бауырымның басшылығымен "Атамұра" баспасында теріліп жатыр. "Көп түкірсе көл" деген осы, ағайын, "Халима қорына" түскен бұл ақшаны оның басына ескерткіш орнатуға жинап отырмыз. "Халиманың қорына" үлес қосқан сіздердің бәрлеріңізге үш рет иіліп, шын жүректен алғыс айтуыма рұқсат етіңіздер. Халима атақты емес-ті, көптеген қарапайым аналардың бірі, көптеген жазушылардың бірінің жан жолдасы, әдеби серігі ғана. Соған қарамастан менің кішкентай Халимама мұндай үлкен құрмет көрсетілуі көңілімді тербеп, көзіме жас келтіреді. Аруағыңнан айналайын, асылым!

Он бірінші сөз

Мына менің саусағымда алтын сақина бар. Енді осы сақина туралы бір ауыз сөз айта кетейін. Мен өмірімде саусағыма сақина салмаған кісімін. Кейбір жазушылар мен ақындар саусақтарына тоқпақтай алтын сақина салып жүргенде "мақтаншылық қой!" деп ішімнен күлетінмін.

Енді, міне, Халима қайтыс болғаннан тура 30 күннен кейін саусағыма алтын сақина салып, "сәнденетін" болдым. Мұнда не мән бар? Тамыздың 25-і күні таңертең, кеше қайтыс болған Әлжекеңнің (Әлжаппар Әбішевтің) балаларына барып, көңіл айтып қайтуға қамдандым. Конвертке 5000 теңге салып ала барайын деп (Халима болса Әлжекеңнің жабдығына 5000 теңгеден кем қоспас еді), кішкене сейфімді аштым. Онда Халиманың өзім демеуші болып, бір кітабыңды шығарып беремін деп жинап жүретін ақшасы болушы еді. 5000 теңгені содан алмақ болдым. Ақша салған дорбаны ашып қарасам, оның түбінде бір алтын сақина жатыр. Бетінде

"Халима. 1997" деген жазу бар. Бұл Халиманың 1997 жылы операцияға жатар алдында жасатып, қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берген жүзіктердің біреуі. "Бұл кімге арналған екен? Балаларының бәріне таратып беріп еді ғой", — деп таңдандым. Осылай деп ойлап, саусағыма салып қарасам — маған дәп-дәл екен. Саған да сақина жасаттым деп Халима маған айтпаған еді. Жалпы, Халима біреуге жақсылық жасаса, оны жария етпейтін. "Мен өйттім, бүйттім" деп ешкімге айтпайтын. Сол әдеті бойынша маған жасатқан сақинасын мен өлгеннен кейін өзі тауып алып, саусағына салсын деп ойлаған болуы керек.

Көзіме жас келді. "Бұл сақинаны өмір бойы саусағымнан шығармаспын!" деп өзіме-өзім ант бердім. Түсте балаларыма Естай ақынның Хорлан сұлудан алып қалған алтын сақинаны өмір бойы саусағынан түсірмей жүріп, өлгенде өзімен бірге ала кеткенін, сол сақинаның иесіне арнап, "Хорлан" деген атақты ән шығарғанын айттым.

—Сол сияқты сендер де мен өлгенде бұл сақинаны саусағымнан суырмаңдар,— дедім.

Балаларым мұңайып отырып, бас изесті.

—Папа, айтқаныңызды орындаймыз. Ал сіз "Хорлан" деген ән шығарған Естай атамыз сияқты "Халима" деген кітап жазасыз ба? – деп сұрады олар.

—Амандық болса, жазамын, қалқаларым, — дедім балаларыма.

Мен Халиманы кей түнде түсімде төрт рет көремін. Күндіз үйдегі суреттеріне қарап, көз алдыма елестетемін. Ал мына Халима қалдырып кеткен алтын сақина арқылы түнде оны қасымда жатқандай сезінемін. Күндіз көшеде қолтықтасып қатар келе жатқандай күйде боламын. Сақина алтыны күндіз — күнге, түнде — шам жарығына жалт етіп қалғанда

Халиманың жарқ етіп, өзіме қиыла қараған мейірімді көзін көргендей боламын. Халима мәңгі менімен бірге деп сезінемін!

Естай ақынның Хорлан қыздың сақинасын саусағынан неге түсірмей өткенін енді түсіндім. Ол қолы жетпей қалған асыл арманның өкініші ретінде сақтаған екен. Ал мен қолым жеткен ғашықтық жеңісінің жалтылдаған жалауы ретінде сақтаймын! Мәңгілік махаббаттың өшпес сәулесі деп сақтаймын! Мінеки, бұл кішкентай сақинаның кішкентай тарихы осындай. Жас кезімде қолыма жүзік салмай, сексенге тақағанда саусағыма алтын сақина салып, "сәнденуімнің" себебі сол! Халима жасатқан бұл жүзіктер бүгін оның қыздары мен келіндерінің, немерелері мен шөбересінің саусақтарында жүр. Ертең ұрпақтан ұрпаққа ауысады. Осы жүзіктер арқылы да Халима есімі алдағы XXII ғасырға да жететін шығар деп үміттенемін. Бәлкім, одан да арыға кетер. Алтын тозбайды ғой.

Өзі жасатқызған жүзіктерінің бірін кіші қызы Жаннаттың саусағына салып жатып, Халима былай деген екен:

– Әкелеріңнің артында кітаптары қалады. Сол арқылы оны естеріңе түсірерсіңдер. Менің артымда не қалады естелікке осы жүзіктен басқа? Әкеңнің кітаптары мен менің жүзіктерімді жоғалтпай сақтап, өз шөбере, шөпшектеріңе беріп кетіңдер. Олар да өз балаларына беріп кетер...

Халима жалғыз Жаннат қана емес, барлық келіндеріне, күйеу балаларына (оларға да арнап жүзіктер соқтырыпты), немерелеріне де солай депті. (Кейін өзі аттас Халима деген шөбересі туып, ол бір жасқа келгенде оның құлағына арнап, кішкентай алтын сырға және соқтырып берді. Үйде Халиманың сол сырғаны шөбересінің құлағына салып жатқан кезде түсірілген сурет те сақтаулы).

Он екінші сөз

30-тамыз күні Олжас Сүлейменов үйге келіп көңіл айтқанда (бұрын Римнен телефон

соққан ғой), оған Халимадан қалай айырылып қалғанымды айтып, жанымның мұңын шақтым. Жанарыма жас іркіліп, бірнеше рет тоқтап та қалдым. Олжас та үнсіз егіліп отырды. Бірақ, көзінен жас шығармауға тырысты. Жас шығармағанымен, үйдің іші қоңыр салқын, балконның ашық есігінен самал соғып тұрса да, маңдайы мен самайы тершіп, үстел үстіндегі ақ салфетка қағаздан екі рет алып, мандайын, бетін, көзінің алдын сүртті. Қасындағы кісі:

—Әзеке, босамаңыз, — деп қалып еді, Олжас басын шайқады.

—Халимадай ақылды ападан айырылып қалғанда қалай босамайды?! — деп жолдасын тыйып тастады. (Жолдасы құран оқытуға ерте келген Амантай Асылбек болатын). — Әуезов сияқты ұлылар отырған осы орындықта отырып, Халима апайдың қолынан талай дәм татып едім мен де. Ол осылай деп үнсіз отырып қалды. Менің көз алдыма Халиманың қолынан дәм татқан ағалар мен інілер елестеді. Олар өз қалыптарымен бір-бір көрініп, бой көрсеткендей болды. Ол кісілер кімдер еді?

Халима асты да дәмді, жұғымды етіп пісіретін. Оның ас пісіру шеберлігін кінәмшіл, кірпияз ағамыз, ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтың өзі мақтаған болатын. Ол кісінің:

— Кейбір үйге барсаң, тамағына тісің батпай қайтасың. Ал Халима келіннің пісірген асына тойғаныңды сезбей де қаласың! — дегенін өз құлағыммен естіген болатынмын. Бұл сөзді ол ағамыз біздің үйден қонақтан қайтып бара жатқанда, машина ішінде айтқан еді. Ғазиза жеңгей екеуін мен машинамен үйлеріне өзім апарып салған болатынмын. Халиманың қолынан басқа да талай тамаша адамдар дәм татты. Біздің дастарқанымыздың ең алғаш қадірлі қонағы болған ұлы жазушы-академик Мұхтар Әуезов ағамыз болды. Ол кісіні қалай қонақ еткеніміз туралы мен өзімнің "Екі естелік" деген кітабымда айтқанмын. Одан кейін Қазақстанның халық жазушылары: Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Әлжаппар Әбішев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Мұзафар Әлімбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Ғафу Қайырбеков, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Тұманбай Молдағалиев; атақты ақын-жазушылар: Әди Шәріпов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Сәду Машақов, Ғабдол Сланов, Рахметолла Райымқұлов, Өтебай Қанахин, Медеу Сәрсекеев, Қалмұхан Исабаев, Қалихан Ысқақов, Дүкенбай Досжанов, Қабдікәрім Ыдырысов, Мағзұм Сүндетов, Жайсаңбек Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Оразбек Сәрсенбаев, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Роза Мұқанова; жазушы-профессорлар: Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Бағыбек Құндақбаев, Мұрат Хамыраев, Мырзатай Серғалиев; академиктер: Сақтаған Бәйішев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Евней Бөкетов, Зейнолла Қабдолов, Көпжасар Нәрібаев; министрлер: Рымбек Байсейітов, Тұрғанбек Қатаев; Кеңес Одағының Батырлары: Махмет Қайырбаев, Қасым Қайсенов (Халық қаһарманы); Социалистік Еңбек Ерлері: Күләй Шарбақбаева, Жазылбек Қуанышбаев, Ділдәш Итбасова; халық әртістері: Сабира Майқанова, Асанәлі Әшімов; партия-кеңес қызметкерлерінен: Кенжебай Мақин, Аманолла Рамазанов, Жұмабай Ахметов, Ертай Айдарғалиев, Екейбай Қашағанов, Айтбай Назарбеков; дәрігерлерден: Мұхтар Айтқазин, Марат Баязитов; әскерилерден генерал Абай Тасболатов сияқты тамаша аға-бауырларын қошаметтеп күтті.

XX ғасырдағы замандас жазушылардан Халиманың дастарқанынан дәм татпағандары кемде-кем болар. Тіпті, мені өте ұнатпайтын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі Мәскеуде Халиманың тәтті шайын тамсанып отырып ішкен. Бұлардан өзге Халиманың қолынан шетел азаматтары да дәм татты. Олар: И.И. Ляпин (Мәскеу), Т.С. Сартақова (Мәскеу), Г.А. Горышин (Ленинград), генерал А.И. Карпелюк (Киев), В.Г. Ласкович (Брест), атақты маршалдың қызы Маргарита Георгиевна Жукова (Мәскеу), В.М. Сулименко (Харьков), генерал Н.И. Луцев (Подольск), Фредерик Компи (АҚШ), Джейсон Компи (АҚШ), чех полковниктері Станислав Мистр мен Иосиф Пелын (Праға), Семен Руфов (Якутия), Бетани Шрайберт (АҚШ), Сәбит Жаданов (Мәскеу), Валентин Речмедин (Киев), Шәкен Оналбаев (ҚХР), Оразхан Ахметов (ҚХР), Батырхан Құсбегин (ҚХР), Сафван Кудси (Сирия), Саид Хаурания (Сирия), Аднан Бағаджати (Сирия) және бір кәріс жазушы (Солтүстік Корея)

Халима қол өнеріне ғана емес, қонақ күтуге де талантты еді. Өзі танымайтын, маған да бейтаныс оқырмандарды да қабақ шытпай қабылдап, құрметтеп күтіп, қуантып шығарып салатын. Танымаса да кейбіреулеріне шапан кигізіп, сәлемдеме беріп жіберетін. Сол танымайтындар ішінде біздің үйден шапан киіп қайтқан оқырмандардың бірі Атырау қаласындағы балық комбинатының жұмысшысы Өтебай Бейсенғалиұлы бауырымыз еді.

Жалпы танитын, танымайтын ағайындардан Халиманың қолынан жиырма шақты адамның шапан киіп кеткендері есімде...

...Содан соң, Олжас бетін сүртіп болғаннан кейін, еңсесін көтеріп тіктелді де:

—Әзеке, қайтеміз? Тағдыр солай болса — не шара?! Өзіңіз аман болыңыз, балаларыңыз аман болсын! — деп қайта еңкейіп, мені бетімнен сүйді (екеуміз қатар отырғанбыз). Содан кейін сағатына қарады. Сағат 6-да антиядролық халықаралық жиналысқа қатысқандарға банкет беріледі екен, соған баруға рұқсат сұрады.

—Бар, айналайын, — дедім мен. Бір сағаттай бірге болып, Олжасты екі жолдасымен шығарып салдым. Құшақтасып қоштастық.

Он үшінші сөз

Халима көршілеріне, таныстарына, жақындарына ілтипат білдіріп, сыйлық жасап

отырушы еді. Біздің үйдің ауласына сонау Қырбалтабай ауылынан бір үлкен сары цистерна-машина келіп, сүт сатады. Оны Халима екеуміз "Біздің ауылдың сары сиыры" деп атайтынбыз. "Сары сиыр келді ме екен?" деп, таңертең терезеден қарайтынбыз. Ол машинаның басшысы Серік деген жігіт. Қасында Яша деген шофері бар. Сол екеуіне Халима айт, той, мейрамдардан сарқыт апарып беріп отыратын. Екеуміздің қосылғанымызға 50 жыл толған тойымыздан, әкеміз Нұршайықтың 100 жылдық тойынан, немереміз Сабинаны ұзатқан тойдан сарқыттар апарып бергенін білемін. Ол жігіттер: "Біздің апай!" деп Халиманы құрметтеп, жақсы көретін. Ұзын шіреттің арт жағында тұрған Халиманың бидонын жүгіріп келіп өздері алып, сүт құйып беретін. Халима олармен сыйластығын пайдаланып, ешқашан шіреттің алдына қарай ұмтылмайтын. Сүт жетсе кезекте тұрып алып, жетпесе қайтып келетін. Сүт жетпей қалды деп ешқашан ренжімейтін. Ондай күндерде екеуміз қолтықтасып, гастрономға барып, сүтті содан алып келетінбіз.

Біздің аулаға Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бурное селосынан (қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылы) келіп, Айбала деген келіншек қаймақ, май, қымыз, қазы сағатын. "Біздің Баукең ағамыздың ауылының дәмі" деп Халима Айбаланың әкелгендерінен үнемі сатып алып отыратын. Айбаланың үйіндегі енесіне шай, қант, балаларына кәмпит те беріп жіберетін. Маған: "Баукең ағаның ауылына сәлемдеме жібердім" деп қуана хабарлайтын. Дос, жолдастардың қыз ұзату, келін түсіру тойларына барғанда Халима келіннің немесе қыздың қолына алтын сақина салатын. Ондай жүзіктерді ювелирлік дүкендерді аралап жүріп, арнайы сатып алатын. Немесе олардың той жабдығына ақша апарып қосатын. Өзіміз қатыса алмаған тойларға да артынан сыбағасын апарып беретін. Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Софы Сматаев, Кәдірбек Сегізбаев тағы басқалардың тойларына осындай сыйлықтар апарғаны есімде. Кісісі өлген үйлерге қаражат қосатын. Сөмкесіне конверт салмай бармайтын.

1997 жылы төрт той болды: Әлжекең Әбішев пен Дихан баба Әбілев — 90-ға, Тұрсынбек Кәкішев — 70-ке, Есләм Зікібаев бір жыл бұрын 60-қа толды. Тойлары өткеннен кейін, Халима екеуміз олардың басын қосып, үйге қонаққа шақыруға қамдандық. Халима қатты әзірленді. Ол қонағасын біз: "Екі 90, бір — 70 және 60-тың тойы" деп атадық. Немесе қысқартып, "Үш ғасырдың тойы" деп те айтатынбыз. Өйткені, төртеуінің жасын қосқанда 310 жыл болып шығады екен. Біз үш ғасырды төрімізге шығарамыз деп қуандық. Төртеуіне 4 шапан әзірледік. Бірақ, Дихан ауырып келе алмады. Есләм басқа бір тойға кетіп қалды. Әлжекең мен Тұрсынбектің иықтарына шапандарын жауып, сарқыттарын қолдарына ұстатып. (Әлжекең Халиманың сарқыт бергенін қатты ұнататын), құрметтеп шығарып салдық. Шығарып салғанда жаяу жібергеніміз жоқ: машинамен әкеліп, машинамен үйлеріне жеткіздік.

1985 жылы біз Құрманғазы, 90-дағы жаңа үйге көшіп келдік. Көршілердің ішінде біз бірінші болып той жасадық. Жаңа көршілердің бірін қалдырмай тегіс қоныс тойына шақырдық. Коньяк ішіп отырғанда олар: "Біз де той жасаймыз!" деп күпілдесті. "Мен ертең жасаймын" деген жігіттер де болды. Алайда, ертең емес, екі айдан кейін, тіпті екі.жыл өткен соң ғана кейбір көршілердің есігін аштық. Әлі күнге дейін есігін ашпаған үйлеріміз де бар. Халима осылай, өз міндетін ылғи алдымен өтеп отыруға тырысушы еді. Және ешкімнен ештеңе дәметпейтін. шақырған жерге баратын, шақырмағанға ренжімейтін. Өкпелеп, ешкімнің үстінен өсек айтпайтын. Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағына бірінші хатшы болғанда, ең алдымен жазушылардың әйелдерінің басын қосып, шай берді. Сонда Халима:

– Жұбақа, бұрын жазушылардың әйелдерін ешкім ескермейтін еді. Бізден ақыл сұрамасаң да, жұртқа жөн көрсеткеніңе рақмет, — депті. Жұбан марқұм Халиманың осы сөзін аузынан тастамай, айтып жүруші еді. Халима көп сөйлемейтін. Сөйлесе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана айтып тынатын.

Халиманың жұртты сыйлауында ешқандай қапа болмайтын. Сан қилы қонақ күтіп жүріп, ешқашан «шаршадым» деген емес. Қайта, керісінше қонақтарды разы етіп аттандырғанына қуанып, қуаттанып қалатын.

Он төртінші сөз

Су сұрасам — сүт, қарта сұрасам қазы, жая сұрасам — жал беретін еді Халима. Жанынан — жылу, жүрегінен жыр беруші еді маған. Ойымды жалғап, өрісімді кеңейтуші еді менің. Сөйлесек — әзіл, күлсек — күлкіміз таусылмайтын еді біздің. Кемері қуанышқа шүпілдей толып тұрған сол бір ғажайып рухани жан дариясы Халима кеткеннен кейін, суы тартылған теңіздей болып, шетсіз, шексіз шөлге айналды. "Балығы тайдай тулаған" сырлы, сұлу дарияның орнында сан алуан сағым ойнаған көлемді кеңістік қалды мен үшін. Барлық әйел — бағалы! Әйелдер — ең ғажайып дүние! Бірақ, біз — еркектер олардың ғажаптығын қадірлей білмейміз. Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді. Ақылыма ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам — жастығым, жантайсам төсегім болушы еді. Жабырқасам жадыратушым, жаңылсам түзетушім еді. Зейін зеректігімен, энциклопедиялық білімімен маған көз жазбай көмектесіп отырушы еді. Менің жан жарым, әдеби серігім, ардақты аяулым, асыл досым Халима осындай кісі еді! Әр еркекке өз әйелінен асқан ару жоқ, асыл жоқ. Әр әйелге өз күйеуінен өзге дана жоқ, данышпан жоқ. Ал Халима маған: "Сен атақты жазушымын деп асқақтап кетпе. Өзіңді қарапайым көптің бірі ғанамын деп есепте. Кемшілігіңді өзің айт, жақсылығыңды жұрт айтсын. Жұрт мақтады екен деп және мардымсып кетпе, жарай ма? " деп отыратын еді оңашада. Бір сөзбен айтқанда Халима менің өз өмірімнің аспанында жарқыраған жарық күнім болды.

Менің Күнім! Әр әйел — өз отбасының алтын Күні. Күн — көктегі Жерге жақын газ бейнелі ең ыстық жұлдыз екені, Жердегі бар тіршілік Күннен қуат алып, соның жылуы мен жарығы арқасында өсіп өнетіні аян. Ал мен Жер әлемінің жердегі Күні әйелдер дер едім. Жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі адамзат болса, адамзатты құрайтын адамдар әйел құрсағынан шығады. Әйелдің күйеуіне, балаларына сіңіретін еңбегін ешқандай электрондық есептегішпен есептеп шығара алмайсың. Әйел — Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес. Егер мен жүз жыл жасасам да, Халиманың маған сіңірген еңбегін, оның адамгершілік, әйелдік, ұрпағымды өрбіткен аналық қарызын өтей алмаспын деймін. Өтей алмаймын! Басқа еркектердің қалай бағалайтынын білмеймін, өз басым осылай ойлаймын. Өзім өлгенде артымда қалдыруға қимайтын екі асылым бар еді. Оның біріншісі — өмірлік жан жарым Халимам, екіншісі жарғақ құлағым жастыққа тимей өмір бойы жинаған кітаптарым еді. Сөйткен қимас Халимам мені артына қалдырып, менен бұрын өзі өмірден өтіп кетті. Бүгін сенен айырылып қалғаныма 40 күн болды, Халима. Қайтып келмесіңе көңілімнің сенгісі келмесе де, көзім жетті.

Қош, қалқам, қош! Халима ауруханада жатып, менімен қоштасқан түнде былай деп еді: Жұрт саған: "жылама!" дер. Жұрт саған: "берік бол!" дер. "Жылама!" деп айту оңай, жыламау қиын. "Берік бол!" деп айту оңай, берік болу қиын. Дәрігерлер: "Қыстыққанда жылап алған жөн" дейді. Мені сағынғанда оңашада отырып жылап ал. Бірақ көз жасынды балаларға көрсетпе! Ол осылай деген еді.

Балалар үнемі қасымда болады. Тамағыма кесек кептеліп, көзіме жас жиналғанымен, олардың көзінше жарытып жылай алмай жүруші едім. Кеше кешке, сағат 21-22 арасында оңаша қалдым. Жаннат үйіне бір шаруасына кеткен еді. Сол кезде кабинетке кіріп, жоғарыдағы көршілерім естіп қоймасын деп, балконның есігін жауып алып, Халиманың суретіне қарап отырып, еңіреп, егіліп жыладым-ай келіп. Соғыста жүріп, әкем өлгенде жылаған жоқ едім. Жорыққа келе жатып шешемнің өлгенін естігенде, жылаған жоқ едім. Жылайтын уақыт та жоқ еді ол кезде. Жылап отырғанда телефон шылдырады. Трубканы көтерсем досымыз Нұрекең (Нұрым Сансызбаев) екен. Өксігімді тиып, жылағанымды сездірмеуге тырыстым. Артынан сылдыратып есік ашып, Жаннат келді. Мен ештеңе болмаған сияқтанып, екі көзімді алақаныммен сүртіп, жазу жазған болып, үстеліме еңкейіп отыра қалдым. Мінеки, сексенге келгенде жақсы көрген жан жарынан айырылған адамның жағдайы осылай болады екен. Жол үстінде қазынасынан айырылған керуендей, мастығынан айыққан маскүнемдей, қалтасында бір тиын қалмай, алақанын үнемі алға қарай жайып тұратын соқыр қайыршыдай боп қалады екенсің! Әрине, балаларын да — байлық! Бірақ ол өзгеше дүние ғой. Жылағанымды айтпауым керек еді. Айттым, ағайын, мен де адаммын ғой.

Он бесінші сөз

Халиманың қайтыс болуына байланысты маған, балаларыма көңіл айтқан Пермьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы және Италия мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшілері Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменовке, Сенат депутаттары Өмірбек Байгелді мен Қуаныш Сұлтановқа, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваға, халық жазушылары Дихан Әбілев пен Тұрсынхан Әбдірахмановаға, Қабдеш Жұмаділов пен Сәбит Досановқа, Мұзафар Әлімбаев пен Тұрсынбек Кәкішевке, жазушылар Сайын Мұратбеков пен Ғаббас Қабышевке, ақындар Жаппар Өмірбеков пен Есләм Зікібаевқа, академиктер Шапық Шөкин пен Манаш Қозыбаевқа, Серік Қирабаев пен Жүрсімбек Сыдықовқа, членкоррлар Сіләмхан Жапарханов және Майя Шығаева пен Әлия Бейсеноваға, профессор-ғалымдар Нығмет Ғабдуллин пен Жұмағали Ысмағұловқа, полковниктер Сұлтан Жиенбаевқа, Асқар Рахметуллинге, Олжабай Темірхановқа т.б. және Жазушылар одағына, "Маңғыстаумұнайғаздың" бас директоры Сағын Қырымқұловқа шын жүректен ризашылық айтып, олардың үй іштерімен тегіс сау-сәлемет болуларына тілектестігімді білдіремін. Халиманың өз өтініші бойынша оны ақырғы сапарға аттандырып салуға басшылық еткен менің майдангер досым, Қазақстанның кешегі Қаржы министрі болған ардақты азамат Рымбек Байсейітов марқұмның бәйбішесі, адал досымыз Байсейіт келіні Мақыш қажыға, Үкіжан апайға, біздің бел құдамыз, Ресей әскери академиясының академигі, профессор Керейхан Аманжоловқа, бауырымыз, медицина ғылымының кандидаты, доцент Мұхтар Айтқазинге, сол сияқты " Қазақ әдебиеті" газетінде Халимаға арнап, өте жылы лебізді қоштасу сөз жариялаған Халиманың қайнысы, Халима барда №2 Қалекең аталған, қазір №1 Қалекең боп алғы шепке шыққан Қалмұқан Исабаевқа, аурухана медбикесі Маралға үй ішіміздің атынан ерекше алғыс айтамын. Сонымен бірге, Халима 13 күн реанимация бөлімінде жатқанда күн сайын телефон соғып, Халиманың халін сұрап, менімен қоса қайғырып, қамығып отырған Орақ Смағұловқа, Әбілфайыз Ыдырысовқа, Қайсар Қасымбековке және Сәки Бекбаеваға ризалығым өзгеше. Сол сияқты тумаса да туғандай болып кеткен бауырларым Зейнеп Қанапияқызы Қалитова мен Сейдахмет Шопабаевқа, сол сияқты 1 миллион теңге ақшасын жұмсап менің екі кітабымды ("Қаламгер" мен "Өмір өрнектер") тегін шығарып берген, Халима апасының қорына қомақты үлес қосқан, қазіргі замандағы Атымтай Жомарттардың бірегейі іні-досым Нұртай Салихұлы Сабильяновқа жүрегімнің жылуы ерекше екенін мәлімдеймін. Әр сөзімнің аяғын Халиманың бойына біткен адамгершілік асыл қасиеттерді айтып, түйіндеп келе жатырмын ғой. Бұл сөзімнің де соңын сондай бір мысалмен тиянақтайын. Қаламгерлер мен ғалымдар, өнер адамдары мен мәдениет қайраткерлері өзінің жазуы үстелінің үстінде әртүрлі әсем статуэткалар, қыран құстың, айбатты аңның мүсіндері тұрғанын жақсы көреді. Соларды жинауға тырысады. Бірақ, кейбір әйелдер күйеулерінің "жоқтан өзгеге" ақша шығаратындарын ұнатпайды.

— Қойшы, баламысың ойыншық жинайтын, керегі не олардың? — дейді. Сөйтіп, күйеулерінің көңілін суытып тастайды.

Бір күні Халима екеуміз Орталық әмбебап дүкеніне бардық. Өкіл қызымыз Роза Мұқанова өзінің Алпамыс деген тұңғышын үйге ертіп келіп, біздің батамызды алғысы келетінін айтқан. Біз балаға сыйлық іздедік. Не аламыз деп ойладық. Балалар ойыншығы бөліміне барып, әр ойыншыққа бір үңілдік. Ақыры бір үлкен ойыншық машина сатып алдық. Тегі жапондардың "Джип" машинасының моделі болса керек. Әмбебап дүкенінен шыға беріс бір бұрышта менің мыстан құйылған арғымақ аттың статуэткасына көзім түсті. Жалқұйрығы төгілген, қаз мойын сұлу ат. Үстінде ертоқымы бар. Сары мыстан құйылыпты. Бала күнімде атқа көп мінген кісімін ғой. Осындай бір бәйге атына мініп, бір тойда өзгелерден озып келгенім де бар. Кешегі Ұлы Отан соғысының бас кезінде зеңбіректі ат жегіп сүйрететінбіз. Зеңбірек командиріне жеке ат берілетін. Мына статуэтка майданда өзім мініп, жаумен соғысқан жауынгер атыма ұқсап, көзімді тарта берді. Мен еріксіз мыс тұлпарға бұрылдым, қолыма алып, сүйсіне қарадым. Бағасы да қымбат екен — 600 теңге. Алғашында оны ала қояйын деп те ойламаған едім. Атқұмар жас күнім есіме түсіп, жай қызыға қарағанмын. Егер арзан болса үйдегі жазу үстелімнің үстіне апарып қояр едім дегенмін іштей. Оны қайта-қайта сипап тұрған себебім сол болатын. Сол сәтте Халима қол сөмкесін ашып, кассаға қарай жөнелді.

—Қайда барасың? — дедім мен.

—Қазір, — деді де, қайырылмастан кетіп қалды. Кассадан қайтып оралды да, қолындағы чегін үн-түнсіз сатушыға ұсынды.

—Не алмақ едің, Халима, — дедім мен.

—Саған бір мыс тұлпар мінгізейін деп едім, — деді ол маған күлімсірей қарап. Мен абыржып қалдым.

—Халима-ау, бұл қымбат ойыншықты несіне алдын? Мен ойыншық ойнайтын бала емеспін ғой, — дедім күліп.

—Сенің көзің түскен нәрсені әпермесем, менің көңілім көншімейді ғой, — деді ол ойыншықты оратып жатып.

—Бұл мыс атқа мен мінемін бе сонда?

—Ленинградтағы I Петр ескерткіші сияқты, "мыс салт аттым" боласың менің.

—Бұл теңеуің қисынға келер ме екен: I Петр кім, мен кім? Соны ойладың ба өзің? —дедім қайтадан жымиып.

—Ойладым: Сен I Петр болмасаң да, Қобыландының Тайбурылы тәрізді бір тұлпардың мүсіні үстелінің үстіне тұрсын деп шештім, — деді ол да күліп.

—Мүмкін ауылды есіңе түсірер, балалық шағынды ойына оралтар. Бәлкім бір ат жайында жазуыңа тура келсе, соған септігі тиер. Тұрсын көз алдында. Сол мыс тұлпардың мүсіні күні бүгінге дейін менің жазу үстелімнің үстінде тұр. Оған көзім түскен сайын Халима көз алдыма келеді. Оның менің ойымды айтпай ұғатыны ойыма оралады. Халима үндемей үйрететін, үнсіз ұқтыратын еді. Балаларын айтпай аялап, менің ішімдегіні білдірмей білетін еді. Үйге келген-кеткен кісінің не ойлағанын сездірмей сезетін еді. Олардың досын да, қасын да құрметтеп шығарып салатын еді.

Он алтыншы сөз

Бүгін, Халиманың қырқына құран оқуға, келген Асылхан қажыға да алғысымды білдіремін. Асекең қажы емес, жас молда кезінде, 1988 жылы біздің досымыз, жазушы, филология ғылымының докторы, менің "Махаббат, қызық мол жылдары" романындағы Жомартбектің прототипі Мырзабек Дүйсенов қайтыс болғанда жаназасын шығарған еді. Біз Асекеңді бірінші рет сонда көргенбіз. Халима сонда Асекеңнің кішіпейілдігіне, нысаптылығына, дүниеқор еместігіне ерекше риза болған. Кейін: "Мен өлгенде Асылхан бауырымды шақырыңдар. Рәтбектің керегі жоқ!" деп әзіл-шыны аралас айтып та отыратын. Мені ауруханаға шақырып алып өсиет айтқанда да Асекеңнің атын ұмытпаған. Асекенді апайының жаназасына шақырған едік. Бірақ, мешіттен келген молдаға жол беріп, Асекең кішпейілдік көрсеткен. Міне, апайының қырқына Асекеңнің өзі келіп отыр. Ол кісіге ерекше ризалық білдіретін себебім сол. Асылхан қажының Халима апасы ылғи мені аяйтын еді. Жүрегім жарымжан болғандықтан ауыр жүк көтертпеуге, артық жұмыс істетпеуге тырысатын. Үстел басында түнде ұзақ отырғызбайтын.

—Шаршадың, деміңді ал. Қалғанын ертең жазасың, — деп қолтықтап, орнымнан

тұрғызатын. Кейде өзінің екі қолы бірдей ұйып, қиналып қалатын сәттері болатын. Сонда:

—Білегімді уқалап жіберші, — дейтін.

Мен алдымен бір білегін уқалай бастаймын. Үш-төрт рет уқалап шыққаннан кейін:

—Жарайды, жетеді, шаршап қаласын, — деп білегін тартып алатын.

Мен:

—Әкел, тағы да уқалайын, — деймін.

—Жоқ, болды, — деп ол басын шайқайтын.

—Ендеше екінші білегіңді әкел, — деймін.

—Жоқ, бұл қолым онша ауырып тұрған жоқ, — деп екінші білегін ұсынбайды. Екінші қолын өзім алып, білегін, иығын уқалай бастаймын. Тағы да екі-үш реттен кейін ол:

—Болды, жақсарып қалды. Енді деміңді ал. Сенің алақаның бір сипаса, мен құр атқа мінгендей боп көтеріліп қаламын ғой, — деп арқамнан қағып, қасында отырған мені орнымнан тұрғызатын.

Мен жазу үстелімнің басына барып, қайтадан жұмысымды жалғастырамын. Халиманың осындай жанашырлық әрекеттері көп еді. Мен оның бәрін өмір бойы айтып тауыса алмайтын шығармын. Тағы бір мысал айта кетейін.

Бір жолы Халима ауруханада жатқан маған келемін деп, тізесін жаралап алыпты. Үлкен қызымыз Жанар екеуі аялдамаға жете бергенде трамвайдан қалмайық деп, тұра жүгіреді. Дәл алдында тұрған әлдебір темір қазықтай байқамай, Халима соған сүрініп, құлап түседі. Қозғала алмай қалады. Жанар оны орнынан әрең тұрғызады. Халима ақсаңдап, аялдамаға әрең жетеді. Аялдамадағы орындыққа отырып қараса, тізесінен қан саулап тұр. Алақандай жерінің терісі сыдырылып қалған. Жалма-жан өзінің ішкі көйлегінің етегін жыртып жіберіп, екеуі қан саулаған жараны таңады.

—Сізді үйге апарып салып, ауруханаға мен барып келейін, мам, – дейді Жанар.

Халима басын шайқайды.

—Әзілханды өз көзіммен көріп қайтуым керек! — дейді. Ақсаңдап келесі трамвайға мініп, ауруханаға жетеді. Аурухананың реанимация бөлімі төменгі қабатта. Мен палатаның терезе жағындағы төсекте жатқанмын.

—Сізге сыртта кісілер келіп тұр, — деді есік жақтағы төсекте жатқан көршім терезені

нұсқап. Басымды көтеріп қарасам, балконның кенересінен қылқиып, екі адамның басы көрінеді: Халима мен Жанар. Биіктігі кісі бойына жуық балконның кенересіне иектерін сүйеп, екеуі мен жаққа үңіле қарап тұр екен. Мен төсектен басымды сәл көтеріп оларға үңілдім. Халима: "Тұрма, қозғалмай жат" деген белгі беріп, маған оң қолын жоғары көтеріп, қайта- қайта шайқады. Содан кейін ол сол жақ қолының алақанын бетіне тигізіп, басын қисайтты. Онысы "Жастығыңа жат" деген белгісі екенін ұқтым. Ұқсам да олардың жүзін көре түскім келіп, "жарайды" дегенді ымдап, басымды изедім де, кеудемді түртіп, төрт саусағымды көрсеттім. Оным: "Менің халім жақсы — төрт" дегенім. Халима екі қолын жоғары көтеріп, алақанын соқты. Сөйтіп, қуанғандарын білдірді. Жымиып, қайт-қайта басын изеді. Содан кейін мен сұқ саусағымды шошайтып, оларға қарай нұсқадым. Бұл: "Өз халдерің қалай?" дегенім еді.

Ол екеуі "Біздің халімізді сұрап жатыр" дегендей, біріне-бірі бас изесті де, Жанар бес саусағын тарбитып жоғары көтерді. Халима бас бармағын шошайтып, оң қолын қайта-қайта жоғары сілтеді. Мен де қуана күліп, оларға басымды изедім. Содан кейін Халима маған "жат" деген ишараны қайтадан жасады. Мен:

—Сендер де үйге қайтыңдар, – деп оң қолымды жайқадым. Халима басын изеді. "Бетіңнен сүйдім" деген ишара жасап, иегін көтеріп, еріндерін үш рет бүрістіріп, маған қарай ұмсындыра қозғады. Онысы үш рет сүйдім дегені еді. Содан кейін бас бармағын қайтадан көрсетті. "Біз үшін уайымдама" дегені деп ұқтым. Мен жастығыма жантайдым. Олар үйге қайтты. Содан мен реанимация бөлімінде он үш күн жаттым. Халима күн сайын келіп, терезеден қарап кетіп жүрді. Ылғи күліп, бас бармағын көрсетеді. Жағдайлары жақсы екен деп, оған мен қуанамын.

Содан кейін мені аурухананың кардиология бөліміне көшірді. Онда он бес күн жаттым. Онда да Халима күн сайын палатаға кіріп, қасымда болып кетіп жүрді. Қабағын бір шытпайды. Қуана келеді. Мені қуантып, үйге қайтады. Бір күні Халима палатаның есігінен шығарда аяғын ақсаңдай басқанын байқап қалдым.

—Халима, неге ақсайсың? — дедім оған.

—Жай, әшейін. Көп отырғанға аяғым ұйып қалды. Қазір басылады ғой, — деді ол күліп. Мен қала бердім. Сөйтіп, күндердің күнінде ауруханадан шығып, үйге келдім. Халима өзі қолтықтап, ауруханадан алып қайтты.

Үйге келгеннен екі-үш күн кейін Халиманың оңаша бөлмеге барып, тізесін қарап жатқанын көрдім.

—О не, Халима? — дедім.

—Жай, әшейін, — деп Халима етегін жаба салды.

—Тізеңді жаралап алғансың ба? Көрсетші, — дедім. Етегін сәл көтеріп қарасам, тізесіндегі алақандай жараны көріп, шошып кеттім.

—Айналайын-ау, жаман жараланып қалыпсың ғой. Қашан? Қашан? – деп бәйек болдым.

Ол күлді де:

—Қойшы, ештеңе де емес. Дәрігер жазып берген майды жаққаннан кейін жазылып, қара қотырланып қалды ғой, деді ол мені тыныштандырып, басымнан сипап. Содан соң қалай жараланғанын айтты.

—Оны маған баяғыдан бері неге айтпадың? — дедім бойым шіміркеніп.

—Өзің ауырып жатқанда сен мен үшін мазаланбасын деп айтпадым. Айтпай-ақ қоятын едім, өзің көріп қалдың ғой, – деп өзінің алдына тізерлеп отырған мені қолтығымнан көтеріп, еденнен тұрғызды. Халиманың маған деген махаббатының күші осындай еді. Мен үшін өз жанын ешқашан аяған емес. Мен қиналмасын деп өмір бойы өзінің ауырғанын, өзінің қиналғанын бір рет те білдірген жоқ.

Мен осындай асыл жардан айырылдым. Қазір іңірде төсекке жатарда Халиманы ойлаймын. Түнде түсімде Халиманы көремін. Таңертең төсектен тұрарда Халима туралы естеліктерімді шалқамнан жатып, қағазға түртемін.

Жақсы жар жадыңнан өшпейді екен. Тасқа қашалған Күлтегін жазуындай болып, жүректе, мәңгі сақталады екен.

Он жетінші сөз

Бүгін жасы 80-ге тақаған ардақты Ананың қырқын өткізіп отырмыз. Бұл, бір жағынан, той есепті де. Бірақ, бұл тойды мен өткізіп отырғам жоқ. Менің алатын зейнетақым пәтерақы (7000 теңге) мен айлық ішетін дәріме де (12000 теңге) жетпейді. Бұл тойды өткізіп отырған Халима екеуміздің балаларымыз: Жанар, Жаннат, Арнұр, Жаннұр, күйеу балаларымыз Серік пен Джейсон, келіндеріміз Света мен Ғалия, немерелеріміз Сабина мен Сәкен, Дина мен Алма және Әлия. Осылардың қатарына ұлы әжесінің үйдегі суретін сағат сайын сүйіп, оңы үнемі іздейтін шөбереміз титімдей Халиманы да қосамын. Мен осы балаларыма Абай даңғылының бойындағы "Транзит" кафесінде, шын жүректен әкелік, аталық шексіз алғысымды білдіргенмін. Бұл балалардың шешесі, әжесі, қымбатты Халима үй ішіне керекті заттарды үнемі жиып-теріп жүретін. Базарға барсақ темір-терсек сататын дүкенге соқпай кетпейтін. Бірде балға мен балта сатып алса, бірде егеуге назары ауатын. Үлкенді-кішілі темір шегелерді де көзінен қағыс қалдырмайтын. Біржолы шаруашылық заттар дүкенінен қол орақпен шалғы орақ сатып алды.

—Мұны қайтесің? — дедім мен күліп.

—Балалар саяжайдың шөбін шауып үйренсің, соған керек, деді ол.

Бір жолы Мәскеуден қайтқанымызда Халиманың тас үйдің қабырғасын тесіп, шеге қағуға керек деп, қобдишаға салынған тас тескіш (дрель) сатып алғаны есімде. Сол құрал жалғыз біздің үйдің ғана емес, бірнеше басқа үйлердің де қажетіне жарады.

Дүкендерде болмайтын шаруашылыққа керекті кейбір заттарды Халима өз қолымен жасап алатын. Бейбітшілік, 159-дан Құрманғазы, 90-дағы жаңа үйге көшерде Халима кітаптарды буып- түюге деп дүкеннен бір буда (1000 метрлік) синтетикалық жіп сатып әкелді. Бірнеше синтетикалық талшықтан құралған, үзілмейтін мықты жіп. Соларды кесіп-кесіп, кітап будық. Бір буда жіптің жартысы артылып қалған. Бір күні қарасам, Халима әлгі артылып қалған жіпті қасына қойып алып, содан бірдеңе тоқып отыр. Қолындағы тоқыма киім тоқитын ұзын инесі жалт-жұлт етеді.

—Мұның не жыпылдата тоқып жатқанын? – дедім мен оған.

—Әй, жай бірдеңе, — дей салды Халима.

—Жай болғанда не?

—Мына артық жіп босқа қалмасын деп, содан сетке тоқып жатырмын, — деді ол.

—Ол не керек, дүкенде сетка көп емес пе?

—Көп қой. Бірақ, олар кішкентай. Ішіне 2-3 килограммнан артық ештеңе сыймайды. Мен ішіне 7-8 килограмм сиятындай етіп, дүкендікінен үлкенірек тоқып жатырмын.

—Неге?

—Базарға барғанда азық-түлікті көбірек алып қайту үшін.

—7-8 килограмм жүк ауыр ғой бір колға. Оны қалай көтересің?

—Қойшы, әйел ауырлықты сезуші ме еді?! — деді ол күліп. Сөйтіп, ол алғашында өзіне бір торқапшық тоқып алды. Кейін қыздары мен келіндеріне бір-бірден тоқып берді.

Одан артылған жіпті маған сыйлады.

—Мә, мынаны сен ал. Біреулерге кітап жіберсең, бандерольдың сыртын байлауға

жақсы. Поштадағылар осындай жіпті үнемі пайдаланады, — деп синтетикадан иірілген бір буда жіптің қалдығын менің қолыма ұстатты. Мен ол буда жіпті жазу үстелімнің оң жақтағы тартпасына салып қойдым. Халима сол жіппен өз қолымен орап, менің бірнеше бандеролімді жөнелтті. Енді бандерольді ол жіппен өзім ораймын.

Бұрын, Халима ораған бандерольдер тап-тұйнақтай болушы еді. Мен ораған бандерольдер қобыраңқылау болып шығады. Оны поштадағы қыздар қабақ шытып қабылдайды. Кезекті бандерольді қобалақтап орап отырып, Халиманың әр іске тиянақты қарайтыны, қолы тиген нәрсе жұнттай жайнап шыға келетін қасиеттерін ойлап, күрсінемін. Айналайын, Халима-ай! деймін ақырын.

Он сегізінші сөз

Осынша ұзақ сөйлегеніме ғафу өтінемін, ағайын. Бұл менің шырқыраған шыбын жанымның шерлі жыры ғой. Соны бүгін өздеріңіздей дос, бауыр, туыс, сыйлас, сырлас ағайын алдында айтып, ішімді бір босатып алуды жөн көрдім. Шерімді сіздерге айтпағанда, кімге айтамын? Ғафу өтінемін. Бүгін — бар, ертең жоқсың! Өмір деген осы, қымбатты достар. Бар болыңыздар. Бақытты болыңыздар. Халиманың есімін ескеріп, оның қырқына келген бәрлеріңізге шын жүректен алғыс айтамыз.

Сіздер құрметтеген Халима өз қолында барды жұртпен бөлісуге әзір тұратын еді. Ал өзі

ешкімнің ақысын жемеуге тырысатын. Біреуден пайда көре қоюға ұмтылмайтын. Бір ыстық күні Халима екеуміз көк базардан қайтып келе жатып, көшеде такси күтіп тұрдық. Машиналар қасымыздан зу-зу өтіп жатты. Бірақ такси жоқ. Көп тұрып қалдық. Жай машиналар қол көтергенде тоқтамайды, іші толы кісі немесе жүргізушінің қасында бастығы отырады. Сөйтіп сарғайып тұрғанымызда бір машина келіп, қасымызға тоқтай қалды. Бізге тоқтамаған шығар деп ойладық. Жүргізуші еңкейіп, оң жақ есігін ашты да:

— Келіңіздер, аға, отырыңыздар,— деді. Біз бөгеліп қалдық. Бізді бөтен біреумен шатастырып тұр ма деп ойладық. Ол ойымызды ұққандай жүргізуші:

—Келіңіздер, мен сіздерге тоқтадым, – деді. Біз артқы салонға кіріп, қатар жайғастық.

—Қарағым, біз саған қол көтерген жоқ едік қой, қалай тоқтадың? — дедім мен алда отырған жүргізуші жігітке еңкейе түсіп.

—Сіздерді таныдым. Сіз Әзілхан ағасыз ғой! — деді жігіт мойынын сәл бұрып.

—Мені қалай танисың, қалқам?

—Басынан махаббат кешкендердің бәрі сізді тануы керек қой. Сіздің "Махаббат, қызық мол жылдар" романыңыздың көп оқырмандарының бірімін.

—Бірақ, мені көрген жоқсың ғой.

—Көзбен көрмесең де, көңілмен танитын адамдар болады. Сізді теледидардан талай рет көргенмін. Сондықтан сіз маған таныстарымнан артық танымалсыз. Тек апайды көрген жоқ едім. Екеуіңізге қатар кездескеніме қуаныштымын.

—Әдіріс қалай, аға?

—Құрманғазы, 90. Интернационал көшесінің қиылысы. Ал мені теледидардан көрсең, апайыңды қалай таныдың?

—Сіз сияқты кісілер бөтен әйелмен бірге жүрмейді ғой. Сондықтан, аға. Жігіт машинасын біздің үйдің қасына тоқтатты.

—Келдік қой деймін, аға, — деді.

—Рақмет, қалқам, – дедім мен. Халима сөмкесінен суырып, ақша ұсынды.

—Мә, айналайын, көп рақмет. Күнсіп, көшеде көп тұрып қалып едік. Үйге жеткізіп салғаныңа ризамыз.

—Жоқ, апа мен сіздерден ақша алмаймын, – деді жігіт басын шайқап.

—Неге, қалқам?

—Сіздерден жолақы алу күнә болады, – деді жігіт басын одан сайын шайқап, Халиманың ақша ұсынған қолын кері қайтарып.

—Онда жол ақы емес, тәбәрік деп ал, айналайын. Балаларға атаң мен әжеңнің берген

тәбәрігі деп кәмпит апарып бер. Осылай деп Халима кесектеу қағаз ақшаны отырған орнында қалдырып, машинадан түсті. Біз екеуміз жүргізуші жігіттің адамгершілігіне қайран қалдық. Халима көркемдеп, нақыштап сөйлеуді мақсат етпейтін. Қарапайым сөздермен айтайын деген ойын айқын жеткізуге тырысатын. Бірақ, оның кейбір қарапайым сөздерінің өзі нақылға ұқсап кететін. Оны ол өзі де аңғармайтын. Анда-санда мен ғана байқайтынмын. Мен инфаркт болып ауырғаннан кейін дәрігерлер маған көп жаяу жүруді мәслихат еткен. Сондықтан, Халима мені таңертең, жарық түсе, орнымнан тұрғызып, көшеде серуен жасатуға алып шығатын. Кейде "Динамо" стадионына немесе Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы балалар паркіне барамыз. Кейде одан да алыстап, бұрынғы Үкімет үйінің алдындағы (Абылай хан пен Төле би көшелерінің қиылысы) паркке де шығып кетеміз. Ол жердей біздің таныстарымыз: Әлжаппар Әбішев, Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Ысмағұлов және басқалар кездесетін. Мен солармен әңгімелесіп, парк ішін аралап, қыдырыс жасаймыз. Ол кезде Халима мені жолдастарымның қасына қалдырып, өзі таяу тұстағы азық-түлік дүкендеріне қарай кетеді.

—40 минуттан кейін келемін, содан кейін үйге қайтамыз, – дейді. Халима, айтқанындай 40 минуттан кейін келіп, мені тротуар шетіндегі орындықта күтіп отырады. Қасына қойған торқапшығында нан, айран, сүт, қаймақ сияқты азық-түлік болады.

—Мынаның бәрін неге алғансың, ауыр ғой өзіңе, — деймін мен.

—Ауыр деп базардан қайтқан кездегілерді айт. Мынау маған қанаттың қауырсыныңдай ғана, — дейді ол күліп. Мен еңкейіп, торқапшықты қолыма алып, салмақтап көремін.

—Мынауың жеңіл емес сияқты, – деймін содан соң.

—Саған солай көрініп тұрған шығар. Ауыр салмақ көтеріп үйренген кісіге жеңіл жүк қаңбақ құрлы көрінбейді, — деп іші толы кішірек тор қалтаны жерден лып еткізіп көтеріп алды.

—Қайта айтшы: мына сөзің нақыл сияқты болып шықты, – дедім жалма-жан блокнотымды іздеп қалтама қолымды сұғып.

—Қойшы, өйтіп нақылдың нарқын төмендетпе. Әр нақылдың философиялық мәні болады. Менікі мән-мағынасы жоқ тұрмыстық қарапайым сөз ғана ғой, — деп ілгері аяндады.

Мен сұраған сөзін қайталап айтпады. Бір жолы таңертеңгі серуенімізді Республика сарайы жағына қарай бағыттадық. Сарайдан алыстап, Алматының шығыс жақ шетіндегі Дачная көшесіне дейін бардық. Бір сағаттан аса жүріп, үйден төрт-бес шақырымдай алыстап кеттік. Сол жақ шеттегі дүкендердің бірінен Халима таңертеңгі тамаққа керектерін сатып алды. Содан кейін қайтадан үйге қарай беттедік. Он шақты шақырым жол жүрдік. Өзім шаршаған сияқтымын. Оны білдірмей:

—Шаршадың ба, Халима? — дедім.

—Қойшы, қасында күйеуі қатар жүрген әйел шаршаушы ма еді? – деді ол.

—Осы сөзіңді: "Жақсы күйеуі жанында жүрген әйел шаршаушы ма еді?" деп, түзетіп айтуыңа болмас па екен? — дедім мен әйеліме наз айтып. Ол күліп:

—Мен сені сыртыма шығарып айтып, көзінше мақтамаймын, сен дандайсып кетпесін деймін. Ал ішімнен мақтаймын, үнсіз мақтанамын! Сен соны білмейсің бе? — деді Халима. Оның бұл сөзі жаныма майдай жағып, көңілім судай тасыды. Жүрегім елжіреп, жарымды арқасынан қағып, қаусыра құшақтадым.

—Арқамнан сипағаның маған берген қаламақың ба? — деді ол бетіме күлімсірей қарап.

— Мен ешқандай қаламақы дәметпейтін кісімін ғой. Ол осылай деп қайтадан алға қарағанда анадайдан бізге қарай келе жатқан кісілерге көзі түсті. Содан кейін:

—Қой, ана кісілерден ұят болады. "Шал мен кемпірдің құшақтасып келе жатқанын қара!" деп күлер бізге. Қолыңды төмен түсір. Ұяттың не екенін өзің де білесін ғой, — деді наздана сөйлеп. Мен қолымды Халиманың арқасынан темен түсірдім. Ол оң қолымен менің төмен салбыраған сол қолымның алақанын еркелете қысып, қоя берді. Ол менің шаршағанымды сезді де, Кіші Алматы өзенінің жағасында таяу жердегі скамейкаларға қарай бұрылды.

— Дәрігерлер саған шаршамай жүр. Шаршасаң, қолма-қол тоқтап, демалып ал деген, —деп орындыққа әкеліп отырғызды.

Халима жұрт көзінше көп сөйлемейтін. Ал екеуміз оңаша қалғанда өзара әңгімеміз таусылмайтын. Сондай кезде Халиманың аузынан нақыл іспеттес сөздер шығып жататын. Ондай сөздердің кейбіреулерін мен тұра қалып, блокнотыма түртіп алатынмын. Халима мен өз басыма келген әлдебір ойды түртіп алып жатқан болар едім, мен жазып болғанша, орнынан қозғалмай, тоқтап тұратын. Мені ешқашан асықтырмайтын. Ойымды үркітпеуге тырысатын. Халима әйел болып, мен үйде жоқта немесе ұйықтап жатқанда ешқашан қалтамды ақтарған емес. Жасырған ақшасы немесе әлдебір бөтен әйелден алған құпия хаты бар деп ойламайтын. Маған шексіз сенетін. Сондықтан да ол маған келген хаттардың бірін де ашып оқымай, өз қолыма әкеп беретін. Кім жазыпты? Не депті? деп ешқашан сұрамайтын. Мен жоқта келген хаттар ашылмастан үстелімнің үстінде қаттаулы тұратын. Оқығаннан кейін олардың маңыздыларын жан жарым Халимаға өзім айтып отыратынмын. Өзін жұрт қадірлеп, құрметтеген Халима осындай кісі болатын.

Он тоғызыншы сөз

Бүгін, Халиманың қырқы күні Сіздерге қоштасу қолтаңбасы жазылған 40 кітапты шын ықыласпен сыйлаймын. Анау тізімде бүгін кітап алуға тиіс адамдардың аттары көрсетілген. Ол тізімге өткен жолы кітап алған кісілер де қосылып кеткен сияқты. Ол адамдардың бұл жолы алмауларына болады. Бұл жолы да кітап жетпей қалған адамдарға Халиманың жылы болғанда, амандық болса, қымбатты Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырым шығартып жатқан "Махаббат, қызық мол жылдар" романын жеткілікті етіп өздеріңізге үлестіріп беруге уәде етемін.

Махаббат демекші, Халима екеумізді бір-бірімізге махаббат жалғастырды. Бір кездегі бала махаббатымыз мәңгілік махаббатқа айналды. Өз ойымша, махаббат деген адамзат сезімінің алтын құсы сияқты. Махаббат бірін-бірі білмейтін алыс жақта дүниеге келген екі жастың жүрегін ұя еткен алтын құстың (немесе аққу құстың) ақ үрпек балапанына ұқсайды. Өз ұяларының төрінде талпынып өскен екі алтын балапан есейгеннен кейін, жүректері дірілдеп, көңілдері алабұртады. Әлдекімді іздегендей болып, жан-жағына қаранып, таранып, талпына бастайды. Өз жанымен үндес біреу бар екенін іштей сезеді. Бірақ, оның қайда екенін, қашан кездесетінін екеуі де білмейді. Олар ұядан шығып, әрқайсысы өз тіршілігімен, аспан кеңістігін самғап ұша бастайды.

Өз ұяларынан әлдебір алыс жерде немесе атамекен өз тоғайының шетінде Тағдыр ол екеуін ойламаған жерден кездестіреді. Бірі үшін бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, Өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқай жөнеледі...

Қыз бен жігіт те сол екі алтын балапан сияқты. Олар да бірінен бірі аулақта өсіп, ақыл толтырады. Бой түзеп, ер жетеді. Көрік, келбетін, тәртіп, тәрбиесін жұрт мақтап, көптің аузына ілінеді. Олардың жүрегі жақсы сыңар іздейді. Өстіп жүрген екі жас кездейсоқта кездесіп, ойда жоқта танысып, табысады. Қос жүрек жымдасып, бүкіл дене бір бітімге айналады. Содан кейін қол ұстасып, өмірдің белгісіз бел-белестерін бетке алып, ілгері ұмтылады. Бірінен-бірі бір елі ажыраспай, тағдыр айырғанша тату-тәтті тамаша өмір сүреді. Мәңгілік махаббат деп осыны айтатын болармыз. Менің ұшқан ұям Семей облысының шығыс жағындағы Ақбұзау ауылы болса, Халиманың алтын ұясы сол облыстың батыс жағындағы Шыңғыс тауындағы (Абай ауданы) Жүрекадыр ауылы еді. Екеуіміз 1939 жылы Семей қаласында кездестік.

Жанымызбен жанымыз жалғасып, артынан тәніміз бен тәніміз табысты. 9 жыл бір- бірімізге ғашық болып, 54 жыл қол ұстасып өмір сүргеннен кейін, екеуіміздің тәнімізді ажал айырды. Ал жанымыз жұптасқан күйінде қалды. Мәңгілікке жұптасқан бұл екі жан мен өлген күні ғана тірілік тұлғасынан айырылады. Бірақ, Абай:

—Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі.

"Мені"мен "менікінің"мағынасы екі.

"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

"Менікі" өлсе-өлсін, оған бекі, деген ғой.

Сол кемеңгер айтқандай: Халима екеуіміздің ақылымыз бен жанымыз — мәңгілік махаббатымыз ешқашан өшпес деп үміттенемін. Басымыздан біз кешкен мәңгілік махаббатың ұлт ұрпағының жүрегінде өмір сүретініне сенемін. Соңғы айтар сөзім:

—Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық — өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің!

—Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.

—Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер. Өзің үшін жаралған "алтын балапанды" тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар.

2-4 қыркүйек 2001 жыл

Алматы, Абай даңғылы, 26

"Транзит " кафесі.

Жиырмасыншы сөз

(Халиманың жылын бергенде айтылған)

Бүгін менің жан жарым Халимадан адасып, сыңарынан айырылған аққудай аңырап қалғаныма 360 күн болды. Халиманы Жер-ананың құшағына берерде қабір басында сөйлеген сөзімде:

— Мен бүгін кеудемдегі жарты жанымнан айырылдым — жарымжан (жарты жан) болып қалдым, — деген едім. Сол жарты жан қалпымда 360 күн өмір сүрдім. Жыл өтсе де жарты жаным бүтінделген жоқ. Бүтінделмейді, жарымжан қалпымда жазылмастан Өмірден өтемін. Бүгін 360 күн. 360 күн бойына Халиманы жоқтаумен келемін: күн сайын күрсінемін, күңіренемін. Оны ойлап уһілегенде көкірегім қарс айырылады. Ол қайтыс болғанда 20 шақты газетте қазанама (некролог) жарияланды. Ол қайтыс болғаннан бері бір журнал, 3-4 газетте жоқтау сөзім шықты. Қазақ радиосынан Халиманың қасиеттерін айтып 4 рет сөз сөйледім. Бір рет теледидарға шығып, жарты сағат ол туралы әңгіме айттым. Әрине, оның бар жақсылығын айтып жеткізе алғам жоқ. Бірақ аз сөзімнің өзін көңіліме медеу еттім. Бұл 360 күнде күнделік дәптеріме Халиманы жоқтап 500 жол өлең жаздым. Екеуміз бір- бірімізді ең алғаш көрген күннен бастап, ең соңғы сағатымызға дейінгі оқиғалар тізбегінің тізімдерін қағазға түртіп, бастыларын дараладым. Сөйтіп, ол туралы жазуларды екшеп, үлкен романға әзірлік жасадым. Роман жазсам деймін. Жазып үлгірермін деп үміттенемін.

Мен Халимаға 9 жыл ғашық болдым. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл тату-тәтті, ләззатты өмір сүрдік. Жұбымыз жазылған жоқ. Дүниежүзіндегі көп ғашықтардың (Петрарка мен Лаураның, Данте мен Беатриченің, Қозы Көрпеш пен Баянның, Қыз Жібек пен Төлегеннің т.б.) қолы жетпеген мәңгілік махаббаттың алтын тәжін біз басымызға кидік! Мен университетте отыз қыздың ортасында оқыдым. Оған дейінгі бозбала күнімде де, соғыс кезіндегі солдаттық шағымда да, студенттік уақытымда да бірде-бір қыздың кеудесіндегі қос анарына қолым тиген емес. Мен журналист, жазушы болып жүріп, талай елді араладым. Талай көрікті әйелдерді көрдім. Бірақ, олардың ешқайсысына қол созған емеспін. Халиманың ғана алмасын уыстадым. Тек Халиманың ғана етегін аштым. (Ұлы сөзде ұят жоқ!).

Біз Халима екеуміз бір-бірімізге пәк күйімізде қосылдық. Пәктігімізді мәңгі сақтадық. Пәк қалпымызда бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мінеки, біздің махаббатымыздың мәңгілік болған себебі сол! Сол мәңгілік махаббатың жібек жібінің үзілгеніне бүгін бір жыл болды, ағайын. Халима адамдық дәуренін басынан өткеріп, ұзатылған қыздай болып, мәңгілік мекеніне

қарай аттанды. Ол былтырғы жылдың 28 шілдесі еді... Халима мінген пәуеске- катафалканың соңынан 3 автобус, 27 жеңіл машина тізіле сап түзеді. Осы ұзын көштің алдында бір, сол жағында бір қызыл белбеуі МАИ машиналары қошемет көрсете ілесіп жүрді. Қызыл белбеулі машиналар алдан қарсы келе жатқан көліктердің бәрін төбеге ұрғандай тоқтатып, жол шетіне шегелеп тастады. Осыған көз тоқтатқан жігіттердің бірі:

—Апырай, мына Халима жеңгеміз министрдің әйелінен кем болмады-ау өзі! — депті. Сонда оның қасында отырған екінші бір ініміз:

—Тіпті, кейбір министрдің өзінен кем емес десе де болады! – дейді. Бұл диалогты мен артынан естідім. Мінеки, сондай салтанатпен барып, қазақтың асқар Алатауының Кеңсай төбесіне жайғасқан Халиманың басына бүгін сонау Маңғыстаудан арнайы әкелінген ұлутас деп аталатын сүттей аппақ ақ тастан өрілген алты қанат ақ отау көтерілді. Осыдан 1500 жыл бұрын салынған махаббаттың мәңгілік күмбезі Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітіне ұқсайды. Өзіндей емес, әрине, пішіндес. Мен сол ұқсастығына қуанамын. Өйткені ол бейітті алғаш көргенімізде Халима: "Кейін екеуміз де осылай қатар жатсақ-ау!" деген еді. "Адаспай, алжаспай, ажыраспай!" дегені болар. Оның ол арманы орындалды. (Бір күні мен де жанына жайғасамын ғой).

—Біздің қолтықтасып келе жатқанымызды Қабанбай батыр көшесінен көргенде Тұманбай бауырымыз (Молдағалиев):

—Біздің заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы! — деп масаттанушы еді. Біздің өзара әзілдесіп, жарқылдап күліп келе жатқанымызды Абай даңғылы бойынан көргенде Мұзафар мен Шапау достарымыз (Әлімбаевтар):

—Біздің Қыз Жібегіміз бен Төлегеніміз! — деп қуанушы еді. Тұрсынбек пен Күбіра марқұм достарымыз (Кәкішевтер) бізді қанаттаса ұшып келе жатқан қос аққуға теңейтін еді! Біздің Алматыда, Семейде, Павлодарда, Мәскеуде, Невельде, Подольскіде (әскери мұрағат), Киевте, Бресте (қаһарман қала) жұп жазбай қол ұстасып жүргенімізді көргендер көп. Солардың бірсыпырасы Халиманың жылына жайылған осы үлкен дастарқанның басында отыр. Жақында, "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған мақаламда мен "Жақсы жарға жан пида!" деп жаздым. Халима мен үшін жанын пида етті. Тірлігінің әр секундін , әр сәтін маған арнап өмірден өтті. Мені: "Аз уақыт болса да артымда қал, балаларымызға басшылық ет!" деп бұл дүниенің босағасына байлап кетті. Біз тірлікте жұп жазбай өмір сүрдік. Өлгенде де қатар жатамыз. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың аспанмен таласқан зәулім мазары Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданының жерінде тұр. Ал сол облыстың Абай ауданында туып, қамсыз сәбилік шағын Аягөзде өткізген, жетімдік қасіретті күндерін Семейде өткерген, Ұлы Отаны соғысы кезінде Қиыр Шығыста, Мәскеуде әскери қызмет атқарған, қалған өмірін, аналық ұлы міндетін Алматыда аяқтаған Абай қызы, Аягөз аруы, Семей сұлуы, Мәскеу жауынгері, Алматы тұрғыны Халиманың, — менің Халимамның, баға жетпес бақытым болған Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова — Нұршайықованың, кешегі Баян сұлу мен Еңлік арудың сіңлісі Халиманың күмбезі күмістей жарқырап, ақбас Алатаудың иығында тұр!

Биыл күзде "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырының 1500 жылдығы кең-байтақ Қазақстан жерінде кеңінен аталып өтеді. Осы ұлттық рухани ұлы мереке қарсаңында Аягөз жерінде жерленген Баян сұлудың сіңлісі Халиманың басына ақ күмбез көтерілуін әрі ұлттық ырым, әрі адами мақтаныш етемін! Мақтанды деп айыпқа бұйырмаңыздар, ағайын. Сөкпеңіздер. Ханның қызы емес, патшаның бәйбішесі емес, қарапайым қазақ қызы, менің момақан Халимамның басына мұндай ескерткіш орнатылғанына қалай қуанбайын. Қаражат қамдап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, осы күмбездің көтерілуіне аянбай қызмет еткен балаларыма мәңгі разымын! Халима жеңгесінің қайтыс болғанын газеттен естіп, сонау алыста Ақтауда жатқан ардагер азамат, белгілі сәулетші, атақты ақын, аяулы философ інім Сайын Назарбекұлы ықылас білдірді. Алыс Ақтау қаласынан арнайы келіп, жеңгесіне дұға бағыштап, жатқан жерін көріп, осы бой көтерген күмбездің жобасын жасады. Сол жоба бойынша Маңғыстаудан әкелінген шөгіп жатқан ақ түйе тәрізді ақ тастарды өз қолымен нанша тіліп, Есберді Олжабаев інім күмбезді көтерді. Осы көрікті күмбездің ішкі қабырғаларына, кешегі мәңгілік Күлтегін ескерткішіндей етіп, тамаша зергер-суретші Мұратбек Есболов бауырым Халима-ананың мейірбан, сүйкімді жүзін тас бетіне бедерледі. Осы үш азаматқа шын жүрегімнен шексіз алғыс айтып, иықтарына Абылай ханның, Абайдың, Әуезовтің шапандарын жауып (соңғысынікі макинтош), бастарына хан қалпақ, қара тақия, шетен шляпа кигіземін.

Биылғы төпелеген қалың жауын, шудалары шұбатылған қара бұлттың астында қажымай қызмет етіп күмбезді көтерген қайратты құрылысшы інішектерім Асхат Айтмұхамбетовке, Ермек Бекбосыновқа, Айдын Баймұхамбетовке, Жанат Төлеубаевқа және Самат Жақыповқа өте ризамын. Олардың әрқайсысына өзімнің "Өмір өрнектері" кітабымның бір-бір данасын ескерткіш ретінде зор құрметпен сыйлаймын. Халима күмбезін көтеруге өз шамаларынша қаражат қосқан азаматтарға: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Нұртай Сабильяновқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, жиенім Нұржан Нұрмұхамбетұлы Әжімбетовке, Олжас Омарұлы Сүлейменовке, Мұхтар Шахановқа, құдам Керейхан Аманжоловқа, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмат Зарлықұлы Мурзинге және басқаларға (барлығы 85 адам) шын жүректен алғыс айтамын. "Сіздерді Тәңір жарылқасын!" деймін.Менің Халима туралы қысқаша естелігімді халыққа жариялаған "Жұлдыз" журналының, "Сарыарқа самалы", "Семей таңы", "Қас-қағым сәт" газеттерінің, Қазақ радиосының, "Қазақстан" арнасының "Ақжүніс" бағдарламасының ұжымдарына шексіз алғыс жолдаймын. Қазір ол естелік орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Халимадан айырылып, аңырап қалғаннан кейін, менің жетімдігімді мүсіркеп, қазақ дәстүрі бойынша үйлеріне шақырып, бір шәугім шай берген, кейбірі иығыма шапан жапқан он үйдің адамдарына көптен-көп рақмет.

Енді айтылмаған не қалды? Күмбездің төбесінде неге ай, немесе жұлдыз, тіпті болмаса крест жоқ? Неге найзаның үшкір ұшы бейнеленген? — деген сұрақ бар шығар. Ол сұраққа саңлақ сәулетші Сайынның өзі былай деп жауап берген:

— Ай — мұсылмандық, қызыл жұлдыз — коммунистік, крест — христиандық белгі. Діни ишара. Ал махаббат өз алдына дін. Ешқашан өшпейтін, жоғалмайтын, жойылмайтын дін. Өзге діндердің бәрінен де күшті дін. Ол адамның асыл жүрегін тесіп өтетін найза тәріздес ең өткір сезім. Мен ақ жеңгем Халиманың басына тек қана осы белгіні лайық көрдім. Ол осылай деген еді. Мен інімнің бұл даналық жауабына шын жүректен ризамын. Мен жан болып жаратылып, АДАМ болып дүниеге келгеніме бақыттымын! Мен Халимадай ғажап жар сүйіп, мәңгілік махаббатты басымнан кешіргеніме бақыттымын! Мен махаббаты мәңгі қадірлеп, қастерлеп келе жатқан қазаққа деген ұлы халықтың перзенті болғаныма бақыттымын! Бұл менің жан жарым Халиманың жылына арналып жайылған дастарқан үстінде, оның басына мәңгілік ақ отау көтерілген тойын өткізген күнгі соңғы сөзім. Бірақ, бұл менің Халима туралы соңғы сөзім емес. Халима туралы үлкен сөзімді романымды "Мәңгілік махаббат жыры" деп атармын, бәлкім. Екеумізді Тағдыр қосып, біз дүниежүзіндегі ең бақытты ғашықтардың қатарына кірдік. Мың мәрте шүкіршілік бұған! Ойлап қарасам, бүкіл тіршіліктің, бар ғұмырдың мән-мағынасы, сән-салтанаты, қызық-шыжығы адал жар ғана екен. "Жақсы жарға — жан пида!" дейтін себебім сол! Сау болыңыздар. Асыл махаббат аясында өмір сүріңіздер. Халиманың жетісінде, қырқында оны еске түсіруге келгендерге "Махаббат, қызық мол жылдар" мен "Өмір өрнектері" кітаптарының 80 данасын қабыл алыңыздар. Сіздерге ескерткіш болсын. Осы мәжілісте мен 5-ші және 6-шы инфарктке ұшырағанда Халима екеумізді жеке палатаға жатқызып емдеп, мені ажалдан алып қалған екі дәрігер отыр. Бірі республикалық кардиология институтының қазіргі директоры, профессор Әлихан Қазақбайұлы да, екіншісі сол институттың жетекші ғылыми қызметкері, бұрын Павлодар обкомында менімен бірге қызмет істеген досым Мұхи Көшімбаев марқұмның қызы (менің де қызым) Күлзида Мұхиқызы Көшімбаева. Сол сияқты мені алғашқы инфаркттерден аман сақтап қалған Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Орталық ауруханасының бұрынғы Бас дәрігері Мұхтар Айтқазин және осында. Өмірімді сақтап қалған осы үш адамға ерекше құрмет көрсете иіліп, тағзым етемін. Өйткені мен қазір Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп, тік тұрғаным үшін осы кісілерге және басқа дәрігерлерге қарыздармын. Халима барлық дәрігерлерді, әсіресе, осы үшеуіңізді және аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі болған Марат Әбдірахманұлы Баязитовты ерекше бағалап, құрметтеуші еді. Дәрігерлерді аялап, ардақтауға өте зор мән беретін. Халима дәрігерлерге мейрам сайын сый-сыяпат жасап отыруды ешқашан ұмытпайтын. Біздің аурухананың, әсіресе, №48-қабинеттің дәрігерлері мен медбикелері Халиманың осы қамқорлығын әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді. Халима: Көктегі Құдай өз алдына, ал Жер бетіндегі Тәңір дәрігерлер деп есептейтін еді... Халиманың жылына және оның басына ақ отау көтерілу тойына қатысқан бәрлеріңізге рақмет. Халиманы еске ала жүріңіздер. Ол бәрілеріңізді жақсы көрді. Шеттеріңізден құрметтеп, сыйлай білді. Екеуміз ауырып жатсақ та әзілдесе беретін едік. 1997 жылы ол ауруханаға жатып, операцияға түсерде мен:

—"Жаман айтпай — жақсы жоқ". Сен олай-бұлай болып кетсең, менен құран дәметесің бе? Мен құран оқи білмеймін ғой, — дедім.

—"Халима! Халима! Халима!" деп менің атымды үш рет атап, "біз аманбыз, Сені ұмытқан жоқпыз!" десең жетеді. Немесе Абайдың бірер ауыз өлеңін оқы. Мәселен. "Айттым сәлем Қаламқастан":

Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас. Халима!

Сағынғаннан Сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас, Халима! —десең болды. Одан соң:

Сенен артық жан тумас

Туса туар, артылмас, Халима!

Бір өзіңнен басқаға

Ынтықтығым айтылмас, Халима! —деп жалғастырсаң және еркің. Мен соны құран деп қабылдаймын, деді ол күліп. Ол жолы ауруханадан аман қайтты. Бірақ, Халиманың осы сөзін ешқашан ұмытпаймын, ағайын. Сіздердің де естеріңізде болсын. Егер Халима күмбезінің қасынан өтсеңіз, немесе Алматыдан Талғарға қарай кетіп бара жатқаныңызда оң жағыңыздан Алатау иығында ақ күмістей жарқырап тұрған күмбез көрінсе, Халиманың атын атап, бет сипаңыз. Құран білмесеңіз, Абайдың бір ауыз өлеңін оқыңыз. Рухы риза болады Сізге. Халиманың қасында жатқан мен де қоса қуанамын онда.

21-шілде, 2002 жыл,

Алматы,

"Айтұмар" банкет залы.

СҰХБАТ

Ұрпақта немере тәтті, Тұрмыста татулық тәтті. Біздің отаудың бүгінгі қонағы белгілі қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов. Оның есімі иісі қазаққа таныс "Махаббат, қызық мол жылдар" романымен белгілі. "Алыстағы ауданда", "Жомарт өлке", "Алтын соқпақ", "Махаббат жыры", "Ақиқат пен аңыз", "Өмір өрнектері", "Тоғыз толғау", "Қаламгер", т.б. кітаптардың авторы.

Тілші: — Әзілхан аға, жарыңызды отырыстарда, әлде бір басқосуларда қызғанған күндеріңіз болды ма? Оның ше?

Ә.Н: — Болды. Халима екеуміздің ең алғаш қосылған кезіміз еді. Онда Халима "Суық бұлақ" мектебінде мұғалім болатын. Мектепте Бірінші май мерекесіне арналған кеш болды. Мұғалімдер, ауыл активтері, әйел-еркек көп жиналды. Кейбір ер мұғалімдер, ауыл жастары Халиманы қайта-қайта биге шақырады. Халима бас тартпай бәрімен де билеп кетеді. Өзіңнің өлдім-талдым деп қолың әрең жетіп, жаңа ғана үйленген жарыңды бөтен біреудің құшағында көру қиын екен. Қызғаныштан ішім күйіп кетті де, сыртқа шыға жөнелдім. Түн болатын. Далада жауын құйып тұр екен. Есік алдындағы электр бағанасына сүйеніп, жауынның астында тұрдым да қойдым. Бір уақытта іштен жүгіріп Халима шықты. Қараңғыда әрі жүгірді, бері жүгірді. Анда-санда "Әзіл! Әзіл!" деп дауыстап қояды. "Иә!" дедім бір кезде даусым әрең шығып. Ол жүгіріп жаныма жетіп келді.

—Айналайын-ау, қайда жүрсің? Неғып тұрсың жауынның астында? — деп құшақтай алды. Құшақтаған кезде жаңағы ашуымның қайда кеткенін білмей қалдым.

—Ішім күйіп кетті, — деппін аузыма не сөз түскенін аңғармай.

—Неге?

—Сені басқа біреулер құшақтағанда!

—Жаным-ау, ол бидің тәртібі ғой. Биге кім шақырса, соны мен ортаға шығып билеу

керек. Шықпай қою көргенсіздік болады, — деді ол мені аймалап.

—Білмеймін! — деп мен басымды шайқадым.

—Жүрші ішке кірелік. Мен енді ешқашан да ешкіммен билемеймін! Биі құрсын! —

деді менің қолтығымнан алып.

Содан кейін ол өзгемен ешқашан биге шыққан емес. Оның да бір рет мені қызғанғаны бар. Ол кезде Павлодарда тұратынбыз. Облыстық газеттің редакторы кезім. Очерктерім республикалық газеттерге үсті-үстіне жарияланып, очерк кітаптарым бірінен соң бірі шығып жатқан уақыт. Өзім шешен, өзім көсеммін. Ел сыйлайды, халық құрметтейді. Ойын-тойларынан қалдырмайды. Қонаққа жиі шақырады. Сол күндердің бірінде басшы азаматтардың бірі қонаққа шақырды. Әйелдерімен бірсыпыра адам жиналған екен. Әзіл айтып, әңгіме соғып отырдық. Ән де айтылды, би де биленді. Билемеген Халима екеуміз ғана. Мен биді шын білмеймін, ол білсе де "білмейді". Бір кезде біреу:

—Ал, "Сүйіс" ойынын ойнайық, — деді. Ол бұрын естімеген ойыным еді. Сөйтсем, қазақша орамал тастау ойынына ұқсайды екен. Бастаушы ойын шарты бойынша маған:

—Сіз кімді жақсы көресіз? —деді. Мен жан-жағыма қарасам, қарсы алдымда Гүлшара деген келіншек отыр екен. Гүлдей майысқан, әжептәуір өнді әйел болатын. Облыстың басшы қызметтерінің біріне Алматыдан жаңадан келген жігіттің әйелі еді. Соған көзім түсіп кетті де:

—Гүлшараны, — деп қалдым.

—Дәлелдеңіз. Мен Гүлшараның қасына барып сайрай кеп жөнелдім.

—Әйелдің бәрі сұлу. Сіз де сұлусыз. Сұлулықтың үстіне сізде жайдары көңіл, жұмсақ мінез бар екен. Осындай сұлу да сүйкімді хор қызыңдай әйелді сіздің күйеуіңіз күнде сүйеді. Ол бақытты кісі. Ал сіз маған бетіңізден бір рет сүйгізсеңіз, өмірі ұмытпастай сыйлық жасаған болар едіңіз, деп еңкейіп, келіншекке басымды идім. Келіншек "рахмет", "сүймей-ақ қойыңыз" немесе "қолымнан сүйіңіз" дейтін шығар деп ойладым. Сөйтсем "сүйіңіз" дегені сызылып. Мен келіншекті құшақтап, бетінен сүйдім. Ойын шарты орындалды. Жұрт қол шапалақтады. Той тарқап, біз үйге келдік. Әйелімде үн жоқ. Бірнеше күн осылай болды. Мен не жаздым деп ойлаймын. Себебін таба алмаймын. Әбден көңілім күйзелді. Сөйтсем, ол анада қонаққа барғанда бейтаныс келіншектің бетінен сүйгеніме өкпелеп қалыпты.

—Жүз грамм арақ ішіп едің, бас салып бөтен әйелдің бетінен сүйдің. Екі жүз грамм ішсең, етегіне жармасатын түрің бар. Менің көзімше бөтен әйелдің бетінен сүйгеніңе ішім күйді. Мені қойшы, сонша жеңілтектік көрсеткенің жұрттан ұят болды. Мен жалпы қызғаншақ әйел емеспін, оны өзің білесің. Қызғанбайтыным мен саған шексіз сенемін. Бірақ, мына қылығыңа қиналмай қала алмадым, — деді. Осыдан кейін мен ойын-тойда "Сүйіс" ойынын көрсем аттонымды ала қашатын болдым. Бұрын әзілдеп әйелдерге әр нәрсені айта беретін едім. Оны да мүлде қойдым. Сегіз жыл Павлодарда болғанда жасаған бір "қылмысым" жұрт көзінше бір әйелдің бетінен сүю болыпты. "Сүйіс" орнынан сырт қалғаным сияқты, өмір бойы қарта ойнаған кісі емеспін. Арақты да аз іштім. Ойын-тойда екі рөмкеден артық тамағымнан өтпейді. Табиғаттың маған берген осындай бір шектеуіші болды. Жұрт зорласа да жүрмейтін еді. Осының бәрі ортамызда ешқандай ұрыс-керіс, дау-жанжал шықпауына себеп болды.

Тілші: — Баспасөз беттерінде аракідік көрініп қалып жүрген "екі әйел алу туралы" пікірге көзқарасыңыз қалай?

Ә.Н: — Көп әйел алу дегенге мүлде қарсымын. Бір еркекке бір әйел жетеді. Егер көп әйел алуға жол берілсе, Қазақстан қазақ елі емес, бұқа-текелер, айғырлар мен қошқарлар еліне айналады. Көп әйел алу әйелді қорлау, махаббатты аяққа таптау, адамгершіліктен ажырау. Өзім осылай деп ойлаймын.

Тілші: Ер адамның асханаға араласуы туралы не айтасыз?

Ә.Н: — Қолдан келсе, әр нәрсені істей білген жон. "Өнерді үйрен, үйрен де жирен" деген ғой атамыз қазақ. Ал, аспаздық — үлкен өнер. Қолдан келсе, жұмысыңның жағдайы көтерсе, асханаға араласып, ас істеуге әбден болады. Бұл үй жұмысы басынан асып жататын әйелдер қауымына үлкен көмек. Өз басым, асханаға ешқашан араласқан емеспін. Ақша ұстамаймын, азық-түлік дүкендеріне бас сұқпаймын. Базардан алты шақырым аулақ жүремін. Менің бар баратыным кітап дүкені. Кітапқа қанша ақша жұмсасам да әйелім қабақ шытқан емес. Кітапқа керек десем, ол қолындағы соңғы теңгесін береді. Осы кеше ғана 2165 теңгеге "Лермонтов энциклопедиясын" сатып алдым. Біздің бар ақшамыз асқа, дәріге, кітапқа және пәтерақыға жұмсалады.

Тілші: — Ең алғаш әке болған күнгі көңіл-күйіңізді, сезіміңізді әңгімелеп берсеңіз.

Ә.Н: — Айтайын. Ол кезде мен Семей облыстық "Екпінді" газетінде уақытша қызмет істеп жүргенмін. Шар, Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандары бойынша меншікті тілші болатынмын. Үйіміз Шар ауданының орталығы Шар стансасында еді. Халима екіқабат болатын. Айы-күні жақындап қалған болса керек. Бірақ, біз оны білмейміз. Жас кезіміз ғой. Сол кезде редакция шұғыл тапсырма беріп, мен алыстағы Ақсуат ауданына жүріп кеттім. Қаперімде түк жоқ. Әйелім күле сөйлеп, мені вокзалға шығарып салды. Пойызбен Жаңғызтөбе стансасына жетіп, одан әрі кездескен көлікке септесіп, Ақсуатқа жетпекшімін.

—Сен сәбиіміздің кім болуын қалайсың? — деп әйелім перронда тұрып сұрады.

—Ұл болғанын ба, қыз болғанын ба?

—Бәрібір, — дедім мен. — Өзің ше?

—Өзім ұл болса екен деймін.

—Неге?

—Сенің әкең де, ағаң да соғыста опат болды. Бір атадан жалғызсың. Сәбиіміз ұл болып, ұрпақтарың жалғасса деймін ғой.

—Айналайын, ақылдым. Бұйырғаны болар, — деп мен жарымды құшақтап бетінен сүйдім. Редакция тапсырмасын орындап, жол азабын тартып, әрең дегенде қайтадан Шарға жеттім. Келсем, келіншегім босанып қалыпты. Босанғанда өлім аузынан қайтыпты. Оның бәрін артынан білдім. Ол 1948 жылдың көктемі еді. Аудан басшылары колхоздан бақша салатын жер алған. Бізге де үш сотық жер тиген. Соған картоп отырғызуға жолдастарымыздың әйелдерімен бірге Халима да барады. Жыртылған жерге картоп отырғызып жүргенде толғақ басталады. Әйелдер оны он бес шақырым жердегі Шар стансасына қалай жеткіземіз деп сасады. Сирек жүретін машиналардың жолын тосады. Бір машина тоқтамай кетеді. Екінші машина көрінгенде он бес әйел қол ұстасып, машинаның жолында: "Осылай да осылай, мына екіқабат әйелді стансаға жеткізбесең, қазір машинаңның күл-талқанын шығарамыз" деп, күрек, тесе, ломдарын кезеп тұрып алған екен. Шофер амалсыздан екі жолдасымен екіқабат әйелді машинаға отырғызып, үйге жеткізеді. Үйге кіре бергенде шар етіп сәби жерге түседі.

Әйелдер дер кезінде жеткіздік-ау деп қуанып кетеді. Бірақ, баланың жолдасы түспейді. Түн ортасы болады. Халиманы аудандық ауруханаға жеткізу керек дейді бірі. Оған көлік керек. Түн ішінде кім көлігін бере қояды. Ақыры біреудің өгіз арбасын жалдап, таң ата әйелдер Халиманы ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер аман-есен баланың жолдасын түсіреді.

Міне, осы хабарды естігенде менің жаным түршікті. Әйелім босанғалы отырғанда жолаушы кеткеніме қиналдым. Білмегендік, әрине. Әйелімнің қашан босанатынын мен де білгенім жоқ, ол да болжай алмаған. Әйелім ауруханада екі күн жатып, бөпесін алып үйге келген екен. Төсекте бөпесін қасына алып жантайып, жатыр. Менің кіріп келгенімді көріп күліп сала берді. Мен оның жүзінен бұрын көрмеген ерекше бір жылылықты аңғардым. Тостағандай көздері шүңірейіп жүдеп қалса да, екі езуінен нұр шашырап жатқандай әсер етті. Шүңірек көзің түбінен әлдебір өзгеше бақыттың ұшқындары жарқылдайды. Ол аналық бақыттың асқақ ұшқыны екен ғой.

Бұрын қызымыз болса атын Жанна деп қоямыз деуші едік. Бұл француздың қаһарманқызы "Жанна Д. Арк" аты, кітапты көп оқыған Халиманың жадында жүреді екен.

—Қыз болса, мен осылай деп қоямын. Ал, ұл болса оның атын сен қой, — дейтін маған.

—Жарайды, мен ойланайын, — деуші едім. Осы жолы Ақсуат сапарынан қайтқанша ойлап, лайықты атты әлі таппағанмын. Мен есіктен кіріп келгенде ол орнынан ептеп тұрып:

—Міне, Жаннан! — деп кішкене сәбиді қолыма ұстатты. Беті бір-ақ уыс болып, кішкентай сәби пыс-пыс етеді. Көзін тарс жұмып алған. Оны қолыммен ептеп ұстап, титімдей маңдайынан иіскеп қалғанымда бір тәтті иіс бұрқ етіп мұрныма келді. "Сәби иісі осы екен ғой!" деп ойлауым-ақ мұң екен, өнебойым шымырлап, көңілім иіп қоя берді. Баламыздың туғанына жеті күн толғаннан кейін оған Жанна деген атын жаздырып, туу туралы куәлік алайық деп аудандық ЗАГС-ке бардық.

—Бізге метрика керек! — деп мақтанышпен сәбиімізді әлпештей жоғары көтеріп қоямын. Есіктің кішкентай тесігінің ар жағында отырған әйел бірдеңе деп бізге қарай қолын созады. Көкірегімді кернеген қуаныш құлағымды тарс бітеп тастағандай, әйел сөзін ести алмаймын. Баланың аты кім деп сұраған екен деп:

—Жанна, аты Жанна! — деп айқайлаймын арғы жаққа. Халима күліп мені иығымнантартады.

—Атын сұрап тұрған жоқ, неке куәліктеріңді көрсет деп тұр, – дейді. Біз бірімізге-біріміз қараймыз. Ол не нәрсе деп бірімізден біріміз көзімізбен сұраймыз.

—Ол не нәрсе? — деймін әйелге.

—Неке куәлігі дегеннің не екенін білмейсіздер ме?

—Жоқ. Бізге ешкім берген жоқ.

—Ендеше біз сіздерге алдымен неке куәлігін толтырайық, метриканы содан кейін береміз, — деді әйел.

—Сөйтіңізші, тілеуіңізді берейін. Аты Жанна, — деймін әйел сәбиіміздің атын ұмытып қалмасын деп. Сөйтіп біз өзіміздің неке куәлігіміз бен Жаннаның метрикасын қатар алғанбыз. Біз бір- бірімізге қалай қосылуды армандап жүріп, қосылған адамдарда неке куәлігі болатынын білмеппіз ғой. Қосылдық — бітті, енді біздің құшағымызды кім айырады деп шаттанып жүре беріппіз, Жаннамыз жарық дүниеге келгенде ғана куәлік қажет екенін біліппіз. "Көзімді ашып көргенім, аузымды ашып сүйгенім" дейтін ұрпағымыз, анасының өзегін жарып шығып, әкесінің кеудесін қуанышқа толтырған асыл сәбиміз қырық-ақ күн өмір сүрді. Туғанына отыз жеті күн толғанда қызымыз қатты ауырып, шырқырап шықты. Үш күн бойы жақ жаппастан шырқырады да, үзіліп, үнсіз қалды. Оны апарып Шар стансасының оңтүстік-шығысындағы зират ішіндегі төрт құлақты ақ бейіттің қасына кішкене қабір қазып жайғастырдық. Халима үн шығармай егіліп жылады. Менің қолқа- жүрегім кішкентай қабірдің ішіндегі Жаннамен қоса көмілгендей болып, кеудем қаңырап бос қалды.

Содан бір ай кейін Халима екеуміз Алматыға аттандық. Мен университетке жазғы емтихан тапсырып, оқуымды жалғастырмақпын. Халима ЖенПИ-ге оқуға түспек.

Пойыз Шар стансаның вокзалынан шыққаннан кейін Халима екеуміз вагонның күншығыс жақ терезесіне жабыстық. Алдымен зираттың шеті, одан кейін төрт құлағы серейген, ақ бейіт көрінді. Оның қасындағы кішкентай қабір көзге әрең-әрең ілінгендей болды. Халиманың көзінен жас моншақ-моншақ болып төгіліп тұрды. Мен "Хош, жаным Жанна!" деп терезенің қалың шынысына басымды соқтым. Пойыз доңғалақтары рельс қосындыларына сарт-сұрт соғылып, бесікте жатқан баланы тербеткен тәрізденіп, бізді әлдилей шайқап, Алматыға қарай тартты. "Бесік" теңеуінің ассоциациясынан Жаннаның жан тапсырардағы шырылы менің құлағыма келді. Мінеки, менің алғаш әке болғанда көңіл-күйім, сезімім осындай, шырағым. Іргесінде тұла бойы тұңғышымыздың томпайған титімдей қабірі қалған төрт құлақты ақ бейіт күні бүгінге дейін көз алдыма елестейді.

Тілші: — Өмірде сіз үшін не тәтті?

Ә.Н: — Аста — су тәтті,

Адамда — әйел тәтті,

Ұрпақта — немере тәтті,

Тұрмыста — татулық тәтті.

Сұхбатты жүргізген Нұржамал Әлішева.

("Жетісу" газеті, сенбі, 26 тамыз, 2000 жыл).

СҰРАҚҚА ЖАУАП

Жазушы Қайсар Әлім хат арқылы маған 12 сұрақ қойып, жауабын хат арқылы жіберуді сұраған. Бұл: "Халима апайға байланысты "әттеген-айыңыз " болды ма ?" деген сұраққа жіберілген жауап.

—Болды. Бір рет. Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін мен әскерден келіп, С.М.Киров атындағы университетте оқып жүрдім. Халима соғыс біте сала госпитальға түсіп, Мәскеуде жыл жарымдай уақыт ауырып жатты. Сол кезде, жарты жылдан кейін, маған жазған хаттарының бірінде былай депті: "Дәрігерлер мені жарты жыл бойы емдеді. Бірақ, жазылатын емеспін. Егер өлмей тірі қалсам, ауруханадан мүгедек болып шығатын түрім бар. Ал жарымжан әйелден сен не рахат табасың? Қазақта жақсы қыздар көп қой. Солардың біріне үйлен, қызық көр. Мен рұқсат еттім. Мен жарымжан қалпымда өмірден жалғыз өтемін. Бірақ, өле-өлгенше сенің тілектесің боламын. Бұл хатты мен жылап отырып жаздым. Жыласам да жіберемін. Аман бол, айналайын. Аман бол.

Сегіз жыл ғашық болған Халимаң".

9. V. 1946 ж.

Бұл хатты алғаннан кейін, өзіммен бір төсекте бірге жататын алғашында маған жатақханадан жеке орын тимеді ғой досым Мырзабек ("Махаббат, қызық мол жылдар" романындағы Жомартбек):

—Ой, мынау ақылды қыз екен. Расында, ауру әйелден сен не рахат табасың? Халиманың айтқанын орындап, басқа қыз іздейік. Жүр кеттік, — деді. Мен Мырзабектің сол сөзіне елігіп, Халиманы бір сәт есімнен шығарып алдым. "Қызыл көрпе" деп бір қызға өлең жаздым. "Ботагөзге" деп екінші өлең шығардым. Бұл екі қыздың екеуі де маған иілмеді. Содан кейін Халимаға қайтадан хат жолдап:

—Бұл жақтағы қыздар маған қарайтын емес. Тек қана өзіңнің ауруханадан аман шығуыңды күтемін. Содан кейін өзіңмен бірге бір ай, бір күн өмір сүрсем де өзімді бақыттымын деп білемін, дедім. Менің бақытыма қарай Халима ауруханадан жазылып шықты. Екеуіміз 1947 жылы қосылдық. Қосылғаннан кейін:

—Халима, Мәскеуде сен ауырып жатқанда мен екі қызға өлең арнадым. Сен соны кешір, — дедім.

—Оның не кешіретіні бар? – деді Халима. — Ешқандай кешірім сұраудың қажеті жоқ. Мен саған езім рұқсат беріп, хат жаздым. Хатым кетіп қалғаннан кейін "Олай деп неге жаздым?" деп өкіндім. Менің бақытыма қарай ол екі қыз сені менсінбеді. Сен менің өзіме қалдың. Егер сен сол екі қыздың біріне үйленіп қойсан да, мен тілеулес досың болып, күйеусіз өмірден өтер едім. Ол қыздардың саған қарамай кетуіне рахмет, — деп күлді Халима. Міне, осы осалдығым өмір бойы көкейімнен кетпейді. Бала күннен ғашық болған Халима ауырып, төсек тартып ауруханада жатқанда, менің мына жақта Төлеген тәрізденіп, қыздарға көз салғаным не деген иттік, оңбағандық, опасыздық деп ойлаймын. Осыны ойлағанда күні бүгінгі дейін екі бетім дуылдап, өзімнен-өзім қысыламын. Егер Халимаға қосылмасам, мен мұндай бақытты күйге жете алар ма едім, сірә? Әй, жете алмас едім! Мінеки, менің "Әттеген-айым!" осы.

Сіздің Ә.Нұршайықов.

23.01.2005

АППАҚ ҚАРДАЙ АҚ МАХАББАТ БОЛСЫН

Қымбатты студенттер, балаларым менің!Мен жолда не ойлап келгенімді айтайын ба? Айтсам қылшылдаған жігіт жазушылар, қылпылдаған қыз-келіншек ақындар бар. Соларды шақырмай, сексенге келіп, селкілдеп отырған шалды неге шақырды екен балалар? Мен не айта аламын оларға? Міне, осылай ойлап, қысылып келдім алдарыңа. Ал, кәні, көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба? Көргенімді айтсам: Кеше қыс түсті. Алматыға қар жауды. Мен ұлпа қарды кешіп келдім осында. Қар табиғаттың адамға берген ұлы сыйлықтарының бірі. Қарға қуаныңдар, балалар! Оны уыстаңдар, иіскендер, бір-біріне шашу етіп шашып, қуана күліп, қызықтаңдар. Бұл — кейін қартайғанда, қолың жетпей қалатын қызық, жастыққа ғана арналған табиғат ләззаты.

Аппақ қардай ақ махаббат болсын!

Аппақ қардай адалдық болсын!

Аппақ қардай таза пейіл, пиғыл, мейір болсын!

Менің көшеде көргенім осы, енді іске кірісейік.

* * *

Енді өзіме жазба түрде берілген сұрақтарға жауап бере бастаймын. Сұрақтарды топ-топқа бөліп, жүйелегенім жоқ. Қолыма ілінген сұраққа № 1, №2 деген белгі қойып, жауап жаздым. Осылай еткенім дұрыс па?

—Дұрыс, аға.

—Онда — жон. Бірақ, сұрақтарыңның аяғына аты-жөндеріңді жазбапсыңдар. Жауап берілген қай сұрақ кімдікі екенін өздерің ажыратып аласыңдар ғой?

—Ажыратамыз, аға.

—Кейбір сұрақтар қайталанғаннан кейін оларға берілген жауаптар да қайталанған болуы керек. Оған ренжімейсіңдер ме?

—Жо-о-оқ!

1.Сіз қандай тақырыпқа шығарма жаздыңыз?

—Мен Ерлік пен Еңбек, Достық пен Махаббат тақырыбына жаздым. Ол шығармалар өздеріңізге белгілі.

2.Махаббат тақырыбына жазылған шығармаларыңыздың кейіпкерлерімен кездесуіңіз туралы айтыңызшы ?

—"Махаббат, қызық мол жылдар" романында Тана деген қыз бар. Ербол екеуі үш күн бірге жатып, бір-біріне тимей ажырасады. Бұл болған оқиға. Тана — Тұрсын деген қыз. Ербол мен едім. Тұрсын қазір Семейде тұрады. Әлі күнге дейін хат жазысамыз. Тұрсын ЖенПИ-ді бітіргеннен кейін Павлодар облысына барыпты. Бесқарағай деген ауданның "Өндіріс" деген ауылында мұғалім екен. 1953 жылы мен Павлодар облыстық газет редакторы болып бардым. Бесқарағай ауданына іссапарға барғанымда Тұрсынды іздеп таптым. Күйеуі мектеп директоры екен. Үйлеріне қондым. Одан кейін Тұрсынды көргенім жоқ. Бірақ, анда-санда хат келіп тұрады. Екінші кейіпкермен кездесуім осы жақында ғана болды. Сол романдағы Меңтай (шын аты Нұрғамила Нұрбосынова) мені 75 жылдық тойына шақырды. Бардым. Мен машинадан түстім. Ол сабырмен келіп, қолымды алды да қойды.

—Келуіңізбен! — деді бар айтқаны. Шайға отырдық. Меңтайдың ұлы, келіні, бауыры ду күліп қоя берді.

—Біз мамам өзінің әрі авторы, әрі курстасымен құшақтасып көріседі екен десек, сіздер қол алыстыңыздар да қойдыңыздар ғой, деді. Меңтай жауап берді.

—Мен екі шеңбердің ішінде өстім. Бірі — педагогтік шеңбер, екіншісі "Махаббат, қызық мол жылдар" Меңтай бейнесі. Өмір бойы мен екі шеңбердің ішінде келе жатқандықтан ағаларыңды құшақтап, бетінен сүйе алмадым, — деді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]