Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
GOS_finans (1).docx
Скачиваний:
4
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆
  1. Қазақстан республикасының 2010-2050 жылдарға арналған Даму стратегиясын жүзеге асыру барысында қаржы жүйесін дамыту

1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.

Сол кездері, сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді.

Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.

Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті.

Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды.

Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр.

Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігіміндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.

Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.

Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ.

Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен  айналысады.

Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау  ұсынып отырмын.

Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым.

Бұл – жаңа саяси бағыт.

Жаңа бағыттың экономикалық саясаты - пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

 

  1. ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРАГМАТИЗМ

Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәні - түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнінде бұл біздің бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту.

Бұл нені білдіреді?

Бірінші. Экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдау.

Екінші. Қазақстан толыққанды бизнес-серіктестік ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау. Экономикалық дамудың жаңа тіректерін құру.

Үшінші. Экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құру. Инвестициядан алынатын кірістілік пен қайтарым.

Төртінші. Экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту. Экспортты мемлекеттік ынталандыру.

Жаңа кадр саясаты

Жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты кадрлар арқылы нығайтылуға тиіс. Бұл үшін біз:

  •  Басқарушылық ресурсын жетілдіруге тиіспіз әрі бұл үшін бізде резервтер бар.

Менеждменттің жаңа құралдарын және мемлекеттік сектордағы корпоративтік басқарудың қағидаларын енгізу қажет.

  •  Мұнымен бір мезгілде халықаралық еңбек бөлінісінен пайдалы жағын алуымыз, атап айтқанда, біздің жаңа бағытымыздың бірқатар міндеттерін іске асыру үшін аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тартуымыз керек. Біз сонымен қатар ашық нарықтағы ең үздік шетел мамандарынтартуға және оларды елімізге жұмысқа шақыруға тиіспіз.

Кең көлемді халықаралық тәжірибесі бар әрі білімді басқару кадрларды пайдалану екі бірдей нәтиже береді: біз өндірісіміздің менеджментін жаңғыртумен қатар, өзіміздің отандық кадрларымызды үйретеміз. Бұл - біз үшінжаңа тәжірибе.

 

2050 жылға дейін кезең-кезеңмен мынадай міндеттерді шешу принципті маңызды:

Біріншіден, мемлекеттің макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиіс.

Бюджет саясаты

  •  Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға - өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз. Ұзақ мерзімде олардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, «қиын-қыстау» күнге резервтер жинау қажет.

  • Бюджеттік-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты да ойластырылған болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмауға тиіс.

  • Мемлекет бюджеті ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан қарағанда өнімді, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секілді жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиіс.

Инвестициялар үшін объектілерді олардың мақсаттылығы және қайтарымдылығы тұрғысынан қатаң іріктеу қажет. Ең заманауи объектілердің өзі оларды ұстап тұру үшін шығыстарды талап етіп, бірақ кірістер әкелмейтін болса және ел азаматтарының проблемаларын шешпейтін болса, бюджетке масыл боларын есте сақтаған жөн.

Салық саясаты

  •  Өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режімін енгізу қажет. Қазір бұл жұмыс басталды. Оны жетілдіру мақсатын қоямын. Барлық қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жүргізіп, оларды мейілінше тиімді ету керек.

  • Біз салық әкімшілігін ырықтандыру және кеден әкімшілігін жүйелендіру саясатын жалғастыруға тиіспіз. Салық есептілігін жеңілдетіп әрі мейлінше азайту қажет.

Біз нарық қатысушыларын салықтан жалтару жолдарын іздеуге емес, бәсекелестікке ынталандыруымыз қажет.

  • Салықтық қадағалауды прагматикалық азайту шаруашылық субъектілерінің салық қызметімен диалогын азайтуға тиіс. Алдағы бес жылда бәріміз онлайн-электрондық есептілік режіміне көшуіміз керек.

  • 2020 жылдан бастап біз салықтық несиелендіру практикасын енгізуіміз керек. Басты міндет - кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру.

  • Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс. Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет.

Осылайша, бизнес деңгейіндегі болашақ салық саясаты ішкі өсімді ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал азаматтар деңгейінде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиіс.

Ақша-кредит саясаты

  •  Әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, біз инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауды қамтамасыз ететін және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұратын боламыз. Бұл жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің мәселесі. Және де бұл - 2013 жылдың өзінен бастап Ұлттық Банк пен Үкімет жұмысының басты мәселесі.

  • Қазақстандық банктер өз кезегінде өзінің мақсатын орындауға және нақты экономика секторының кредиттік ресурстарға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте қаржылық жүйеге бақылауды әлсіретуге болмайды, банктерді проблемалық кредиттерден тазарту және қорландыру мәселелерімен тығыз айналысу қажет.

Бұл үшін Ұлттық Банк пен Үкіметке Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен экономиканы қажетті ақша ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі ақша-кредит саясатының жаңа жүйесін әзірлеу қажет болады. 

Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты

  •  Біз елдің мемлекеттік қарызының деңгейін тұрақты бақылауда ұстауға тиіспіз.

  • ІЖӨ-ге қатысты бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5%-ға дейін төмендету керек.

Мемлекеттік қарыз аз мөлшерлі деңгейде қалуға тиіс. Бұл қағидатты міндет, өйткені, біз әлемдік тұрақсыздық жағдайында бюджетіміздің тұрақтылығын және ұлттық қауіпсіздігімізді тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз.

  •  Экономиканың квазимемлекеттік секторы борышының деңгейін қатаң бақылау қажет.

Екіншіден, біздің инфрақұрылымды дамытуға деген қағидатты түрде жаңа көзқарасымыз болуға тиіс.        

Инфрақұрылым экономикалық өсімнің мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс.

Инфрақұрылымды екі бағытта дамыту: ұлттық экономиканы жаһандық ортаға кіріктіру, сонымен қатар, ел ішінде өңірлерге қарай қадам жасау қажет.

  •  Өз пайдамызды мұқият есептей отырып, Қазақстанның шегінен тыс өндірістік көліктік-логистикалық объектілер құру үшін, елден сыртқа шығуға назар тіктеудің маңызы зор. Біз қазіргі түсініктерімізден арылып, өңірде және барша әлемде - Еуропада, Азияда, Америкада, мысалы, теңізге тікелей шыға алатын елдердің порттары, әлемнің тораптық транзиттік нүктелеріндегі және тағы басқа, көліктік-логистикалық хабтар секілді қазіргі заманғы кәсіпорындар құруға тиіспіз. Осы мақсатта «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» арнайы бағдарламасын әзірлеу қажет болады.

  • Біз өз транзиттік әлеуетімізді дамытуға тиіспіз. Бүгінде нәтижесінде 2020 жылы Қазақстан арқылытранзиттік тасымалдау екі есеге ұлғаюы тиіс болатын бірқатар ірі жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. 2050 жылға қарай - бұл цифр он есе ұлғаюға тиіс.

  • Осының бәрі басты мақсатқа - экспортымызды тек біздің өніміміз бен қызметтерімізге деген ұзақ мерзімді сұраныс болатын әлемдік нарықтарға қарай жылжытуға бағынуға тиіс.

  • Инфрақұрылым жасау, сонымен қатар, табыстылық заңына бағынуға тиіс. Жаңа бизнестерді дамытуға және жұмыс орындарын ашуға бастайтын жерде ғана құрылыс жүргізу қажет.

  • Шалғай өңірлерді немесе тұрғындарының тығыздылығы жеткілікті емес өңірлерді өмірлік маңызды және экономикалық қажет инфрақұрылым объектілерімен қамту үшін біз «инфрақұрылымдық орталықтар»құруға тиіспіз. Бұл үшін көлік жүйесінің озыңқы инфрақұрылымын құруды қамтамасыз ету қажет.

  • Үкіметке 2013 жылы Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, қабылдауды тапсырамын.

Үшіншіден, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту.

Қазақстан - әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика. Сондықтан оны өте тиімді басқару қажет. Ел біртұтас корпорация секілді жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет оның өзегі болуға тиіс.

Корпоративтік ойдың қуаты барлық процестердің біртұтас алып қаралуында жатыр. Барлық деңгейдегі мемлекеттік басқарушылар осындай бизнес-пайымға үйренуге тиіс.

Қайталап айтамын: елдің бюджетін жай бөліп қана қоймай, ойлы да салмақты инвестициялау қажет.

Тиімділіктің басты өлшемі - біздің салымдарымыздан түсетін қайтарым деңгейі. Елдің өндірістік әлеуетін қаншалықты еселей алсақ, Қазақстан халықаралық нарықта қосалқы емес, солғұрлым тезірек әлеуетті ойыншыға айналады.

  •  Ұлттық қор жаңа экономикалық саясатқа көшудің «локомотиві» болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражатын бірінші кезекте ұзақ мерзімдік стратегиялық жобаларға бағыттау керек. 2013 жылы Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасуы тиіс, бірақ бұл қаражатты мейілінше тиімді де ойластырып пайдалану керек.

  • Мемлекет Үшінші индустриалдық революция нәтижесінде пайда болатын секторларды ескере отырып, ұлттық компаниялар арқылы болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыруы тиіс. Ұлттық индустрия біз өз елімізде өндіруге тиіс ең жаңа композиттік материалдарды тұтынуы керек.

  • Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамытуды ынталандыруы тиіс.2030 жылға қарай Қазақстан арқылы біз әлемдік ақпараттық ағындардың кем дегенде 2-3%-ын өткізуге тиіспіз. 2050 жылға қарай бұл цифр кем дегенде екі еселенуге тиіс.

  • Сонымен қатар, жеке компаниялардың өз қаражатын зерттеулер мен инновацияларға салуынынталандыру керек. Мына нәрсені баса айтқым келеді: инновацияларды енгізудің маңызы зор, бірақ бұл басты нысана емес. Біздің жаңа технологиялар сұранысқа ие болғанда, олар нарықта қажет болғанда ғана ел нақты пайда алатын болады. Олай болмаған күнде инновация - ақшаны босқа шығындау деген сөз.

  • Жекелеген компаниялар мен салаларды іріктеп қолдау тәжірибесін тоқтату керек. Біз әлеуметтік-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдауға тиіспіз.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]