- •МимСемей қаласының мемлекеттік медицина университеті
- •Семей қаласы, 2009ж
- •2.Сабақтың ұзақтығы: 7,3
- •5.Сабаққа дайындық сұрақтары
- •6.Ақпаратты-дидактикалық блок
- •Сезімталдықты тексеру әдістері
- •Ауыратындықты (ауырсынуды) анықтайтын нүктелер мен аймақтар
- •Ауырсынуды созу әдісімен анықтау белгілері
- •Сезім бұзылу түрлері
- •Сезім бұзылуының типтері
- •Захарьин-Гед ауырсыну аймақтары
- •Рефлекстер
- •Ішкі рефлекстер
- •Ауру туралы сырқаттың шағымы
- •Аурудың анамнезі
- •Сырқаттың өмір сүру ерекшеліктері туралы мағлұматтар
- •Объективті зерттеу мағлұматтары жалпы байқап-көру
Ауру туралы сырқаттың шағымы
Сырқатқа әуелі "қай жеріңіз ауырады?" немесе "қалайша мазасызданасыз?" деген бірнеше сауал қойылады. Егер науқас адам өзінің ауруы туралы жүйелі түрде баяндай алатын болса, сөзін бөлмеген дұрыс. Ал, ол қысылып, ұялып немесе ауру сипатын дұрыс айта алмаған жағдайда жетекші сұрақтар беріп, бағыттап, айтқанын қолдап отырған жөн. Сырқаттың айтқанына араласып, дертінің түр-сипатын болжап-тұспалдауға асықпаған жөн. Дәрігер сырқаттың айтқандарын нақтылай түсіп, өзіне қажетті жайларды дәлірек анықтағысы келсе, сұрақтарды қайталап, оның өз айтқандарын қайта мақұлдап-мақұл-дамайтындығына назар аударуы қажет. Сырқат адамның аузынан шыққан сездер мән-мағынасы нақтыланып, қорытылып, қағазға түсіріледі. Онда да науқас не нәрсеге баса көңіл бөлгені алдымен көрсетіледі де, басқа жағдайлар рет-ретімен жазылады.
Аурудың анамнезі
Анамнез дегеніміз — аурудың түрін анықтау және емдеу тәсілдерін белгілеу үшін ауызекі жиналатын деректер. Яғни аурудың алғашқы белгілерінің пайда болған уақыты, айы немесе күні, қай жаста, тосын немесе бірте-бірте білінгендігі, қалай өрбіп келе жатқандығы, мүмкін болып есептелетін себептер аурудың жалпы сипатын көрсететін мағлұмат ретінде сырқаттың өз аузынан жазылып алынады. Әңгімелесіп отырғанда сырқат адамның дерт себебін қандай жағдаймен байланыстырғысы келетінін (суық тию, тұмау, шаршау, күйініш-реніш, т.с.с.) аңғарып қалған дұрыс. Қажет болса, ауруға себеп болған жағдайларды нақтай түсу керек. Айталық, тұмаумен ауырса — әуелде ыстығының көтерілген-көтерілмегенін, басқа да қандай өзгерістер болғанын біліп алу ләзім.
Жүйке аурулары кейде оқыс, қатты әсердің салдарынан бірнеше жылдан кейін де өршіп кетуі мүмкін. Мысалы, эпидемиялық энцефалит "тұмау" түрінде белгі беріп, бірнеше жылдан кейін паркинсонизм ретінде асқынып көрінеді. Дәл осы сияқты эпилепсия ұстамасы бас сүйегі немесе ми зақымданғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң ғана өршиді.
Аурудың бастапқы белгілері оның толық анықталуынан әлдеқайда бұрын білінуі де мүмкін. Мұндайда ауру жанға қатты батпайды, өтпелі бір жағдай сияқты көрінеді. Айталық, шашыранды склероздың алғашқы белгісі көз алмасы қозғалысының бұзылуы және жанардың әлсіреуі түрінде белгі беріп, бірнеше жылдан кейін ғана спастикалық төменгі парапарез ретінде өршиді.
Аурудың алғашқы көріністерінің сипаты айкындалғаннан кейін, жаңа симптомдардың қалайша білінгені анықталады, аурудың даму барысы, дәрігерге келгенге дейінгі дәрежесі топшыланады. Бұған қоса клиникада алынған мағлұматтарды неғұрлым нақтылай түсуге назар аударған дұрыс. Сырқатпен әңгіме үстінде жалпылама сөздерден аулақ болған жөн. Сырқатнамаға емделгеннен кейін "тәуір болды" немесе "ем қонбады", "жазылып шықты" деген сөздерді жазудың қажеті жоқ. Сондай-ақ сырқаттың бұрын қандай ауруханада жатқандығы, оларда қойылған диагноздар туралы да сөз қозғамау керек. Қосымша сұрақ қоя отырып, тәуір болса, қалайша тәуір болғандығын, ем қонбаса, оны қалай білгендігін, қандай симптомдардың күшейіп немесе әлсірегенін анықтауға талпынған жөн. Бұған қоса сырқат алған емдердің қандай әсері болғанын да білу қажет. Өйткені болашақ емді пәрменді етіп, қонбайтын ем жасамауда, сырқаттың жеке ерекшеліктерін білуде мұндай мағлұматтардың пайдасы мол.
Анамнез жинау барысында сырқаттың диспансерлік есепте болған-болмағандығы, ауру себепті жұмыстан босатылғаңдығы, мүгедек болса, қандай ауруы үшін қай топқа жатқызылғандығы да анықталады.
