Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1 тарау. Жоары сезімталды механизмдері.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
930 Кб
Скачать
☆

Эозинофилдердiң атопиялық аллергияның патогенезiндегi үлесі

Туа біткен иммунитет жасушаларына жататын эозинофилдер аллергиялық серпiлiс ошағына хемотаксис арқылы шақырылады. Эозинофилдерге хемоаттракт ретінде гистамин, IgЕ қатысуымен түзілген иммундық кешендер және Тх2 бөлетiн эозинофилдердiң хемотаксис факторы әсер етедi.

Серпiлiс ошағында ИЛ-3, ИЛ-5, тромбоциттердi белсендiретiн фактор, ГМ-КСФ, лейкотриендер және тағы басқа заттардың әсерлерiнен эозинофилдердiң белсендiрiлуi жүредi. Эозинофилдер бетінде IgЕ-ге арналған Fc-рецепторлары бар. IgЕ молекуласының эозинофилдермен байланысы жасушаның белсенденуіне, яғни дегрануляциясына әкеледi.

Кез-келген аллергиялық серпiлiс ошағында ең алғашқы кезеңдерiнен бастап аяғына дейiн эозинофилдердiң шоғырлануы байқалады. Әсiресе, бұл жасушалар айқын экссудациялық қабынумен көрiнетiн аллергиялық серпiлiстерде көп болады. Бұл қан тамырдың өткiзгiштiгiнiң жоғарылауы гистаминге және т.б. биологиялық белсендi заттарға (ББЗ) байланысты. Эозинофилдер осы ББЗ өндiрiлуi мен қызметтерiн реттейдi.

Бiрiншiден, олар мес жасушалар мен базофилдердiң дегрануляциясын тежейтiн бiрнеше факторларды өндiредi. Екiншiден, эозинофилдер ББЗ бар гранулаларды қармап алып бiрқатар, бiрiншi кезекте гистаминаза, ферменттердiң көмегімен ыдырата алады. Осының әсерінен эозинофилдер аллергиялық қабынудың қарқындылығын төмендете алады, яғни қорғаныс қызметін атқарды.

Эозинофилдер аллергиялық қабынуды күшейте де алады. IgЕ-ге арналған Fc-рецепторлар арқылы белсенген эозинофилдер дегрануляция кезiнде көп мөлшерде ББЗ бөледi.

Солардың iшiнде липидтер туындысы, бiрiншiден, бронх және қан тамыр тарылтатын, бронхтарды iсiндiретiн, шырыш өндiрудi көбейтетiн және тромбоциттердiң агрегациясына қатысатын, мес жасушалары мен эозинофилдердiң белсендiлiгiн арттыратын тромбоциттердi белсендiретiн факторлар.

Липид туындысының маңызды тобы арахидон қышқылының өнiмдерi – простагландиндер мен лейкотриендер болып саналады.

Эозинофилдер бөлетiн лейкотриен С4 бронх және қан тамырдың тарылтуымен қоса, тамыр өткiзгiштiгiнiң жоғарылауын тудырады.

Простагландин Е2 шырыштың бөлінуін белсендіреді, қан тамырлардың кеңейтеді.

Простагландин D2 қан тамырдың өткiзгiштiгiн жоғарылатады, бронхоспазм, тромбоциттердiң агрегациясын шақырады.

Эозинофилдердiң түйiршiктерiндегi басқа бiр маңызды медиаторлар тобы нәруыздық қосылыстар болып табылады:

  • эозинофилдердiң негiзгi нәруызы, ол ісік жасушаларына және гельминттерге уытты әсер етедi және де мес жасушаларын белсендiредi;

  • әсері ұқсас эозинофилдердiң катионды нәруызы;

  • және күштi нейротоксин болып табылатын эозинофилдiк Х нәруызы.

Эозинофилдердiң түйiршiктерiнде, сонымен қатар, көптеген ферменттер жиынтығы болады. Жоғарыда аталған гистаминазадан басқа, онда коллагеназа, пероксидаза, фосфолипаза, глюкуронидаза бар. Осы және басқа ферменттер аллергиялық жауап кезiнде мес жасушасының өнiмдерiн бейтараптап жасуша қалдықтарын жоюға көмектеседi.

Эозинофилдер бiр қатар цитокиндердi (ИЛ-1, ИЛ-2, ИЛ-3, ИЛ-4, ИЛ-5, ИЛ-6, ИЛ-8, ИЛ-10, ИЛ-16, TNF- және т.б.) түзетiнi және сыртқы ортаға бөлiп шығаратыны анықталған. Бұл цитокиндер қабыну ошағында орналасқан жасушаларға алуан түрлі әсер көрсетеді. Олардың iшiнен ең маңыздылары:

  • ИЛ-1 мен TNF- көмегімен қабынуды белсендіру;

  • ИЛ-3 пен ИЛ-5 арқылы эозинофилдердiң түзiлуiн керi байланыс бойынша аутокринді күшейтіп қызметтерiн әрі қарай белсендiру;.

  • ИЛ-4, ИЛ-3, және ИЛ-8 көмегімен Тх2, мес жасушалары мен базофилдердің жетілу, көбейю және серпіліс ошағына көшулерін ынталандыру.

Соңғы кезде атопиялық аллергия патогенезiнде эозинофилдер бөлетiн нейропептидтердiң (VIP - вазобелсендi интестиналды пептид және Р-субстанциясы) маңызды екені көрсетiлген. Бұл нейропептидтер бронхоспазм, қан тамырдың кеңеюін шақырады, мес жасушаларының дегрануляциясын және шырыштың бөлінуін күшейтеді.

Осылайша, эозинофилдер атопиялық аллергиялық серпiлiстер дамуының түрлi кезеңдерiнде белсендi түрде қатысып отырады. Олардың үлесі бір мағыналы емес. Бiр жағынан, олар аллергияның клиникалық көрiнiстерiнiң пайда болуына және дамуына әсер етедi, ал екiншi жағынан осы көрiнiстердi бәсеңдетуі мүмкiн және қабыну серпiлiсiнiң ошағын тазалауға көмектеседi.

Соңғы әдебиет мәліметтері бойынша бұл қызметтер орындалу уақыты бойынша ажыратылған және де эозинофилдердің әр түрлі субпопуляцияларымен атқарылуы мүмкін. Аллергиялық серпілістің алғашқы кезеңдерінде эозинофилдердің қабыну алды қызметі басым болады, ал соңғы кезеңінде – қабыну үрдісінің тежеуіне бағытталған қорғаныстық қызмет атқарылады.