- •Заңгердің кәсіби этикасы пәнінен Дәріс сабақтарының конспектілері
- •Этика ұғымы және оның заты.
- •Заңгердің кәсіби этикасының заты, міндеті, ерекшелігі.
- •Құқық қрғау органдары қызметкерінің кәсіптік қызметінің категориялары.
- •Кәсіби борыш және абырой.
- •Қайырымдылық пен зұлымдық.
- •Әділеттілік.
- •Мораль. Мораль функциялары, оның құрылымы және элементтері.
- •2. Құқық пен мораль айырмашылығы
- •3.Құқық пен мораль өзара бiрлестiгi:
- •4. Құқық пен мораль өзара дербестiгi:
- •Мораль ізгілікті қызметті анықтайтын әлеуметтік факторлар жүйесін құрайтындардың бірі ретінде.
- •1. Құқық пен мораль бiрлiгi
- •Құқық қорғау органдарының жеке мамандықтар қызметінің ізгілікті-этикалық негіздері.
- •Құқық қрғау органдары қызметкерінің кәсіптік қарым-қатынас жасау мәдениеті.
- •Негiзгi қағидалары.
- •Адвокаттың қоғамға маңызы бар мiндеттерi.
- •Әдептілік заңгердің кәсіптік қызметінде.
- •Жанжал және оның моральдық-ізгілікті құрылысы.
1. Құқық пен мораль бiрлiгi
екеуi де әлеуметтiк нормаларға жатады;
екеуi де бiр саясатқа бағынады, сол сияқты орындауға үлес қосады;
екеуi де мүдде мақсатты орындауға қатысады;
екеуi де адамгершiлiктi, әдiлеттiлiктi, теңдiктi, бостандықты жақтайды.
2. Құқық пен мораль айырмашылығы
құқықтық нормаларды мемлекеттiк органдар қабылдайды, ал моральдық нормаларды ешқандай орын бекiтпейдi. Оларды қоғам, ұйым қабылдауы керек. Сонда ғана ол нормалар жаңа нәтиже бередi
құқықтық норма ерiктi орындалмаса, ерiксiз орындатылады. Моральдық нормалар тек ерiктi түрде орындалады;
- құқық нормалар заң немесе заңға тәуелдi нормативтiк актi болып бекiтiледi, моральдық нормалар ешқандай жазылмайды;
құқықта заңды жауапкершiлiк болады, моральда жоқ т.б.
3.Құқық пен мораль өзара бiрлестiгi:
олар бiрлесiп заңдылықты, тәртiптi қорғайды;
бiрлесiп тәрбие жұмысын жүргiзедi;
бiрлесiп инабаттылықты, парасаттылықты дамытады.
4. Құқық пен мораль өзара дербестiгi:
құқық заңдылықты жақтаса, мораль этиканы, эстетиканы қорғайды;
құқықта тыйым салу болса, моральда болмауы мүмкiн;
құқық құпия жұмыс жүргiзуге, iс-әрекет жасауға ұлықсат берсе, ал мораль бұл iстерге қарсы.
Мораль – адамдар арасындағы қарым-қатынастардың, ізгілік жолындағы ізденістері мен оны мүлтіксіз орындайтын ережелер жиынтығы десек аса қателеспейміз.
Құқық пен мораль көпшілік жағдайда ерікті түрде жүзеге асырылады, оның жүзеге асырылуының ішкі кепілі – адамның ар-ұяты мен намысы, адал пиғылы.
5-тақырып.
Мораль ізгілікті қызметті анықтайтын әлеуметтік факторлар жүйесін құрайтындардың бірі ретінде.
“Мораль” ұғымы оны, бір жағынан, инстинктивті, импульсивті мінез-құлық қалпына, екінші жағынан, белгілі бір нәтиже алуға бағытталған рационалдық есепке қарсы қоюшылық арқылы ашылады. Ең алғашқы моральдық уағыздар: “өзіңе қаламаған нәрсені өзгеге жасама” (адамгершіліктің алтын заңы) немесе сүйіспеншілік қағидасы: “өз жақыныңды өзіңді-өзің сүйгендей сүй”— адамнан ізгілікті сақтауды талап етеді.
Еңбеккерлердің жоғары құқықтық мәдениетін тәрбиелеу, олардың заңға деген сыйлы қарым-қатынасын қалыптастыру қызметінде ерекше жауаптылық заң орындары мен мекемелеріне — соттарға, прокуратураларға, полицияға, адвокатураға, банктік, коммерциялық және басқа да құрылымдардың заң қызметтеріне жүктелген.
Заң мекемелерінің қызметінде заңдылықты қатаң сақтау, олардың қызметіндегі алдын-алу жұмыстарын жан-жақты нығайту, сот өндірісінің тәрбиелік мәнін және кәсіби мәдениетін көтеру, азаматтарды қабылдауды жақсарту, олардың шағымдары мен арыздарын қарау — азаматтардың құқықтық санасы мен олардың заңға деген сыйлы қарым-қатынасын нығайтудың маңызды алғышарты.
Қаншама рет барлығымыз таңдауды талап ететін жағдайда болдық: қарапайым өмірлік мәселелерден бастап көптеген адамдардың тағдырын шешетін күрделі мәселелерге дейін. Не істеу керек? Қандай таңдау жасаған дұрыс?
Егер күнделікті өмірде адам жеке тұлға ретінде әрекет жасап, оның әрбір жасаған таңдауы, әрекеті оның өзіне жеке баға берсе, кәсіби қызметте құқық қорғау органдары қызметкерінің барлық әрекеттерін халық мемлекеттік орган өкілінің әрекеті ретінде қабылдайды. Бір жағынан, қызметкерге әрекеттерді таңдаудың қиындығы жоқ, себебі, заңдар мен ведомстволық нұсқаулар белгілі бір жүріс-тұрыстарды талап етеді. Ал екінші жағынан, бұл бірқатар қарама-қайшылықтарды тудырады, себебі, кей кездері жеке көзқарас-сенім мен қызметтік талаптың біреуін таңдау қажеттігі туады.
Моральды нормалар мен құндылықтар жүйесі ретінде талдау оны статикалық жағдайдағы қоғамдық құбылыс ретінде көруге мүмкіндік береді. Моральдық таңдау көзқарасы тұрғысынан моральды танып-білу оның динамикалық жағын ашуға, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі нормалардың, қағидалардың, адамгершілік құндылықтардың және бағалаудың қызметін көруге мүмкіндік береді.
Моральдық таңдауды кейде, тіпті, тар мағынада, адамның шешім қабылдаудағы саналы әрекеті ретінде түсіндіреді. Алайда, осы шешім қабылдану үшін белгілі бір объективтік және субъективтік алғышарттардың, таңдау шарттарының және осы таңдауды жүзеге асыру мүмкіндігінің болуы қажет. Және де шешімнің қабылдануымен таңдау әрекеті аяқталмайды. Оның жалғасы болып шешімді жүзеге асыру құралдарын таңдау, оны іс жүзінде жүзеге асыру және нәтижелерді бағалау табылады. Сол себепті де, моральдық таңдауды қарастыру кезінде адамның жүріс-тұрысының барлық объективтік және субъективтік құрамдас бөліктері көзге түседі.
Бұл көзқарас тұрғысынан моральдық таңдаудың құрылымын былай көрсетуге болады: мәселені анықтау, таңдау түрлерін тану, шешім қабылдау, мақсатқа жету құралдарын тану, таңдауды іс жүзінде жүзеге асыру (мақсатқа жету үдерісі), нәтижелерге жету және оларды бағалау.
Сонымен қатар, адамның мәселені шешу жолын таңдауы объективтік және субъективтік жағдайларға байланысты екендігін ескерген жөн. Объективтік жағдайлардың қатарына жүріс-тұрысты таңдау және оларды жүзеге асыру мүмкіндіктерінің түрлерінің болуын жатқызуға болады. Ал субъективтік жағдайларға тұлғаның адамгершілік дамуының деңгейі, оның белгілі бір мораль жүйесінің талаптарын түсіну дәрежесі, борыш, ар-ұят сезімінің дамуы және жеке тұлғаның басқа да адамгершілік мінездемесі жатады.
Адамның, қоғамның немесе топтың алдында тұрған моральдық таңдау қажеттігін анықтайтын мақсаттардың ауқымы өте кең. Ол субъектілердің ортақтығы (жеке тұлға, топ, қоғам) дәрежесімен де, маңыздылығымен де (бір сәттік қажеттікті қанағаттандыру немесе субъектінің мүдделерін мейлінше толық жүзеге асыру), күрделілік деңгейімен де (қарапайым, айқын және түсінікті мақсат немесе үлкен материалдық, моральдық шығындармен байланысты, белгілі бір қиындықтарды жеңуді қажет ететін мақсат) сипатталады. Яғни, әртүрлі мақсаттарды адамгершілік бағалаудың бірдей болуы мүмкін емес.
Құқық қорғау органдары мен олардың қызметкерлерінің алдында тұрған мақсаттар қылмыстылықпен күрес міндеттерімен тығыз байланысты, олар әлеуметтік маңызды сипатқа және терең гуманистік мазмұнға ие. Алайда, бұл құқық қорғау органдары мен олардың қызметкерлерінің алдына қойылған мақсаттардың кез-келгені оң адамгершілік мазмұнға ие дегенді білдірмейді. Бұл мазмұн заңдылықты сақтауға, құқықтық сананың деңгейіне, қызметтің нысандары мен әдістеріне және басқа да көптеген факторларға байланысты. Сол себепті де, әрбір нақты жағдайда пайда болған мақсатты жаңаша бағалау қажет.
Әрекетті таңдау тәжірибелік жағынан да, адамгершілік жағынан да мейлінше тиімді болу үшін адам мүмкін әрекеттердің барлық түрлерін танып, одан кейін солардың ішінен өз көзқарасы бойынша ең жақсысын таңдап алуы тиіс. Қылмыстылықпен күрестің ерекшеліктері таңдау түрлерін таңдауға бірқатар ерекшеліктерді енгізеді. Олардың ішіндегі ең бастысының мәні мынада: құқық қорғау органдары қызметкерлеріне таңдау түрлерінің барлығын анықтау қиын жағдайларда жиі моральдық таңдау жасауына тура келеді.
Шешім қабылдауға қажетті ақпарат көлемінің болмауы адамды ойланбаған әрекеттерге итермелеуі мүмкін, себебі, мұндай жағдайларда ол борыштың немесе белгілі бір идеалдың негізінде өз әрекеттерінің жағдайлары мен салдарына мән бермейді. Бұл — жеке даралықты, мансапқорлықтың көріністерімен байланысты, басқалардан өзін бөліп көрсетумен сипатталатын, жауапкершіліксіз авантюралық жүріс-тұрыс.
Күрделі жағдайлардағы жүріс-тұрыстың тағы бір түрі — гамлетизм, яғни, бұл дегеніміз адамның қателесуден қорқуының салдарынан шешуші әрекеттерді жасамауы. Алайда, бұл жерде таңдаудан бас тартудың өзі де таңдаудың бір нысаны екендігін ескеріп өткен жөн.
Құқық қорғау қызметінің қарама-қайшылықтармен, күрделі жағдайлармен байланысты сипаты тәуекел жағдайындағы таңдау мәселесін одан әрі күшейтіп жібереді. Бұл мәселені Аристотель өзінің “Никомах этикасы” еңбегінде атап өткен, ол субъектінің әрекеттерін “білместік” (“в неведении”) және “білмеуінен” (“по неведению”) деп екі түрге бөлген. “Білместік” әрекеттері — адамның саналы түрде білмеуді, сезінбеуді таңдауы. Ал “білмеуінен” әрекеттері адамның еркінен тыс әрекеттің мәнін өзгертетін белгісіз жағдайлардың болуымен сипатталады (мысалы, МАИ қызметкері қылмыскерлерді тоқтату мақсатында автокөлікке оқ атуы нәтижесінде, осы көлікте кішкентай сәбидің бар екендігін білмеуі себепті оны абайсыз жарақаттаса). Алайда, кей кездері мұндай әрекеттердің абайсыз болғандығын анықтау өте күрделі болып келеді.
Қылмыстылықпен күрестің ерекшеліктері кей кездері мынадай жағдайдың туындауына негіз болады: құқық қорғау органдарының қызметкері белгілі бір жағдайлардың себебінен таңдау түрлерінің барлығымен танысуға тырыспай, олардың кейбіреуімен ғана танысады, яғни, саналы түрде білместікті таңдайды. Мысалы, тергеуші өзіне ұнап қалған бір тергеу гипотезасын негізге алады да, қылмыстың жасалуының өзі аса мәні жоқ деп санаған басқа варианттарына мән бермейді. Алайда, қылмыстық әрекеттің жасырындық сипатынан, тергеушіге маңызы жоқ болып көрінген жағдайлар шын мәнінде аса маңызды болып табылуы мүмкін, нәтижесінде тергеушінің жасаған таңдауы оның өз кінәсі бойынша қате болып шығады.
Адамның “білмеуінен” туындаған әрекеттер болған жағдайда мәселе мүлдем өзгереді. Яғни, бұл жағдайда жүріс-тұрыс түрлері адамның еркінен тыс оған жасырын болып көрінуі мүмкін, нәтижесінде оның әрекеттері ол ойламағандай болып шығады. Құқық қорғау қызметінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі, себебі, көп жағдайда қылмыскерлер өдерінің кінәсінің шынайы жағдайларын жасыруға тырысып, құқық қорғау органдарының әрекеттерін қате нұсқаны таңдауға бағыттайды.
Егер әрекеттің дұрыс таңдалғаны, алайда, оны жүзеге асыруға объективтік жағдайлардың немесе қызметкер болжай алмайтындай жағдайлардың кедергі жасағаны анықталса, онда бұл әрекеттердің адамгершілік бағасы оң сипатта болуы тиіс. Теріс бағалау көп жағдайда таңдалған құралдардың тиімсіздігі, моральдық таңдаудың құзіретсздігі салдарынан болған қателіктерге тән.
Әрине, қиын жағдайлардағы белгілі бір әрекетке нақты анықтама беру қиын, алайда, адамның дұрыс таңдау жасаған-жасамағандығын анықтауға тырысуға болады. Егер қызметкер болуы мүмкін пайданы мүмкін зиянмен дұрыс байланыстырса, жақсы нәтиже мен теріс нәтижені салыстырса және осылардың нәтижесінде тәуекел әрекетке баруды дұрыс деп тапса, онда осы әрекеттің салдары мен нәтижесі қандай болғанына қарамастан, оны жауапкершілікке тартуға болмайды. Керісінше, теріс нәтиже болған жағдайда ол адамда негізді тәуекелге барғандығы туралы сенімі болуы тиіс. Жауапкершілікке негізсіз тәуекелге барған, өз міндеттерін тиісті орындамаған, болуы мүмкін салдардан қорқуы нәтижесінде әрекетсіздікке барған қызметкер тартылуы тиіс.
Егер таңдау түрлерін анықтау кезінде мораль таңдаудың жағдайлары мен мүмкіндіктерін толық және жан-жақты зерттеуге бағыттайтын реттеушінің ролін атқарса, онда жүріс-тұрыс түрін таңдау кезеңінде оған шешуші рөл беріледі.
Жүріс-тұрыстың түрін таңдауда маңызды рөл адамгершілік себептерге берілген. Неге дәл осы әрекет дұрыс? Мұндай таңдау неге негізделген? Осы сұрақтар жүріс-тұрыс түрін таңдауға мейлінше мол сипаттама береді.
Таңдау әрқашанда белгілі бір құндылықтан бір құндылықтың артықшылығын білдіреді. Кейбір жағдайларда таңдауды негіздеу және таңдаудың өзі ешбір қиындықтарды туғызбайды, ал кейбір кездері олар себептердің ерекше күресінің тууына негіз болады. Осы екінші жағдайды адамгершілік шиелініс жағдайы деп атайды.
Құқық қорғау қызметі қылмыскерлермен күресуінің, арнайы күшқұралдарды қолдануы нәтижесінде өз қызметкерлерін адамгершілік шиелініс жағдайына жиі алып келеді. Аталған шиеліністер себептердің қарама-қайшылық бағыттылығы жағдайында жиі болады. Мұндай жағдайда субъектіге борыш талаптарынан көрініс тапқан қоғамдық қажеттік пен өзінің жағдайға байланысты пайда болған көзқарастарын, алыс және жақын мақсаттың біреуін, үлкен және одан азырақ қауіптің біреуін таңдауға тура келеді.
Адамгершілік шиеліністің ерекшелігі мынада — белгілі бір жағдайдағы моральдық нормаға негізделген әрекеттің басқа бір норманы бұзуы. Бұл жердегі күрделілік адамның кейбір адамгершілік нормаларды білмеуі салдарынан таңдау жасай алмауында емес, тіпті, оның моральдық талаптарды орындағысы келмейтінінде де емес, мәселе — осы талаптардың бір-біріне қайшы келмеуін болдырмаудың қажеттігінде.
Мысалға, құқық қорғау органдарының қызметкері сезіктінің немесе айыпталушының пәтеріне тінту жасауға келгенде төсек тартып жатқан науқас адамды көрді делік. Оның алдында мынадай таңдау тұрады: заң талаптарын орындай отырып, қатты науқас болсадағы, сол тұлғаның төсегіне тінту жасау немесе адамгершілік көзқарастар негізінде төсекті тінтуден бас тарту.
Құқық қорғау органдары қызметкері үшін кәсіби мәні бар шиеліністердің қатарынан сыртқы және ішкі шиеліністерді атауға болады. Сыртқы шиеліністер адамдар арасындағы адамгершілік шиелінстер ретінде көрініс табады (тұлға-қоғам, тұлға-топ, тұлға-тұлға, топ-топ, топ-қоғам). Олар жеке тұлғалардың, әлеуметтік топтардың және қоғамның құндылықты бағыт-бағдарының қайшы келуін білдіреді.
Ал ішкі шиеліністердің табиғаты басқаша. Олардың қайнар көзі болып тұлғаның жүріс-тұрысының бір-біріне бағынышты себептерінің күрделілігі, әртүрлі сипатта болуы табылады.
Бірқатар жағдайларда ішкі шиеліністі шешу сыртқы шиеліністің пайда болуына негіз болуы мүмкін. Мысалы, тұлғаның құқық қорғау органдарымен құпия негізде одақтасуы, оның ішкі шиелінісін жеңудің негізінде жүзеге асқанымен, осы құпия көмекші мен оның қызмет ету саласының (егер бұл сала моральға қайшы қызметпен айналысса) арасында сыртқы шиелініс туындауы мүмкін.
Құқық қорғау органдары қызметкерінің тағы бір ерекшелігі — кей кездері өзінің мемлекеттік құрылымдарға қатысын жасыра отырып, оған қылмыстық ортада жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай жағдайларда адам санасында бір мезетте екі адамгершілік жүйелер қалыптасады: біріншісі — ол өзі қабылдаған көзқарастар жүйесі; екіншісі — қылмыстық ортада негізге алынған көзқарастар, ал қызметкер өз жүріс-тұрысын осы екінші жүйеге негіздеп, оңтайландыруы керек.
Мұндай жағдайларда адамның санасында моральдық құндылықтардың әртүрлі жүйелері бір мезетте шиелініске түседі. Бұл көзқарас тұрғысынан аталған шиеліністі ішкі деп те атауға болады. Алайда, ішкі шиеліністің ерекшелігі мынада — оған тұлға өзі дұрыс деп санайтын құндылықтардың, нормалардың күресі тән. Ал сыртқы шиелініске өзінің көзқарастарына қайшы сенімдердің, көзқарастардың, құндылықтардың, идеялардың дұрыстығын жоққа шығару тән. Бөтен салада жасырын жүрген қызметкер осы салада үстемдік құрған моральдық құндылықтарға қатысты өзінің шиеліністі қарым-қатынасын жасыруға мәжбүр болады. Мұндай жағдай моральдық таңдаудан емес, жедел-іздестіру қызметінің ерекшеліктерінен туындайды. Сол себепті де, мұндай шиеліністі сыртқы шиеліністің жасырын нысаны деп атауға болады.
Құқық қорғау қызметіндегі моральдық шиеліністердің көрініс табу нысандары түрліше. Олар осы қызметтің белгілі бір бағытының нақты ерекшеліктеріне, осы қызмет жүзеге асатын ерекше жағдайларға, шиелініске қатысушылардың әлеуметтік-психологиялық мінездемелеріне және басқа да жағдайларға байланысты.
Шиеліністің дамуы оны шешуге, яғни, жүріс-тұрыс немесе әрекеттің белгілі бір түрін таңдауға алып келеді. Мұндай жағдайда адамға өзі қабылдайтын шешімнің негізінде жатқан дұрыс бағытты анықтауға көмектесудің маңызы зор. Бұл бағыт адамның өзі қабылдайтын моральдық талаптары сенімге айналған сайын берік бола түседі. Аталған мәселе құқық қорғау қызметі үшін, нақты айтқанда, құпия көмекшілермен жұмыс үшін тәжірибелік мәнге ие. Құпия көмекші өзінің құқық қорғау органдарымен бірігіп қызмет ету туралы қабылдаған шешкімінің дұрыстығын сезінсе де, бұл шешімнің моральдық маңызы зор екендігін түсінсе де, жедел іздестіру өкілінің тапсырмаларын саналы және ерікті түрде орындаса да, өз әрекетіне субъективтік, психологиялық түрде іштей қанағаттанбауы мүмкін. өз жүріс-тұрысынды түсіну, сезіну сенімге, әдетке, тұрақты сезімдерге айналмауы мүмкін. Құпия көмекші дұрыс әрекеттер жасап, оларды негіздей алса да, бұл негіздеу сеніммен жүзеге асырылмауы мүмкін. өзін-өзі мәжбүрлеу, борыш сезімі — бұлар да оң әрекеттің жоғары негіздері, алайда оларды адамгершілік жүріс-тұрыстың жоғары түрін сипаттайтын сеніммен бір қатарға қоюға болмайды.
Әдебиеттерде адамгершілік шиеліністердің алдын алуға және оларды шешуге жәрдем беретін ұсыныстарды жасау ұмтылыстары біршама. Бұл жағдайда ортақ қағида ретінде адамгершілік құндылықтардың үстемдігі туралы ереже ұсынылады (мысалы, қоғамдық борыш жеке борышқа қарағанда жоғары, маңызды деп саналады).
Моральдық шиеліністерді шешуде қоғамдық мүдденің жеке мүддеден үстемдігі туралы ереже көп жағдайда орын алады. өкінішке орай, шын мәнінде көп жағдайда бұл ереже қате, дөрекі түсініліп, жүзеге асырылады. Шиелініс жағдайды көбінесе жеке мүдделерге зиян келтіре отырып шешу орын алады. әрине, қоғамдық мүдде жеке мүддеге қарағанда әлдеқайда маңызды. Алайда, кей кездері жағдайды дұрыс түсіну нәтижесінде жеке мүддеге ешбір зиян келтірмей-ақ, қоғамдық мүддені қанағаттандыруға болады. Жеке мүддені қоғамдық мүддеге бағындыру — шешімі қиын жағдайларда жиі кездесетін мәселе. Шиеліністі жағдайдан ең жақсы, оңтайлы жолмен шығу үшін тұлғаның өз мүдделерін ескермеуге талпынысы ғана емес, сонымен қатар, қоғамның тұлғаның мүдделерін қанағаттандыруға деген ұмтылысы да қажет. Осындай, тұлғаның қоғамға, қоғамның тұлғаға дұрыс қатынасы жағдайында ғана дұрыс моральдық таңдау жүзеге асырылады.
Таңдау жағдайында қабылданған шешімді жүзеге асыру үшін қойылған мақсатқа жетудің белгілі бір құралдары қажет. Бұл көзқарас тұрғысынан, құралдар таңдау мен мақсаттың ортасында аралық буын ретінде көрініс табады. Моральдық таңдаудың бұл кезеңі мақсат пен оған жету құралының өзара қатынасының мәселесі ретінде сипатталады. Құқық қорғау органдарының қызметкері үшін бұл мәселені шешудің ғылыми да, тәжірибелік те маңызы зор.
Адамдардың өз алдарына қойған мақсаттары мен оған жетуде қолданылатын құралдардың арақатынасы туралы мәселе көптеген ғасырлар бойы дау туғызуда. Басқаша айтқанда, мақсат кез-келген құралды пайдалануды ақтай ала ма? әрине, бұл жерде адал ниетті мақсат туралы айтылып отыр.
Этикалық ой тарихы мақсат пен құралдардың өзара байланысы туралы мәселеге қатысты екі баламалық жауап ұсынған. Олар макиавеллизм концепциясынан және абстрактілі гуманизмнен көрініс тапқан.
Бірінші бағыт “мақсат кез-келген құралды ақтайды” қағидасы түрінде белгілі. Бұл бағытқа сәйкес, құралдар мақсатқа тәуелді, оған бағынады, ал мақсат құралдардан тәуелсіз. Құралдарды таңдаудың негізгі талабы ретінде олардың мақсатқа жетудегі тиімділігі ұсынылады, ал олардың адамгершілік жағдайы есепке алынбайды.
Екінші концепция жоғарыдағы концепцияға қарама-қарсы бағытты ұстанған, бұған сәйкес, ешқандай мақсат оған жету құралдарын ақтай алмайды. Құралдар мақсаттан толығымен тәуелсіз және өзіндік оң немесе теріс құндылыққа ие. Мысалы, бірінші концепцияның өкілдері ретіндегі иезуиттер “егер ол мақсатқа тезірек жетуге жәрдемдессе, кез-келген зорлықты ақтауға болады” деп санаған, ал екінші концепцияны жақтаушылар зорлықты абсолюттік зұлымдық ретінде тани отырып, оны мақсатқа жетудегі құрал ретінде қолдануға тыйым салған. Соңғылардың пікірінше, құралдар қандай болса, мақсат та сондай болады: адамгершілік сипаттағы құралдар адамгершілік сипаттағы мақсатқа алып келсе, арам ниетті сипаттағы құралдар арам мақсатқа алып келеді. Басқаша айтқанда, бұл концепцияның негізі мына анықтамада бекітілген: мақсат құралдарды ақтамайды, керісінше, құралдар мақсатты анықтайды.
Әрине, иезуитизм немесе абстрактілік гуманизм таза күйінде сирек кездеседі. Тіпті, есімін “мақсат кез-келген құралды ақтайды” қағидасымен байланыстыратын Макиавеллидің өзі де мақсатқа жету барысында қолданатын құралдардың адамгершілік мазмұнын толығымен есепке алмауға қарсы болған.
Құқық қорғау қызметі мақсат пен құралдардың арақатынасы мәселесін ғылыми шешуді қажет етеді. Көп жағдайда бұл қоғамдық көзқарастың осы қызметте қолданатын құралдарға қатысты, кейбір жағдайда мақсаттардың өздеріне де қатысты теріс бағалауымен байланысты. Тіпті, адамның,қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қорғауға байланысты адал ниетті мақсаттардың болуы да құқық қорғау органдары қолданатын құралдар мен әдістерді қоғамдық пікірдің теріс бағалауынан құтқармайды. Аталған мемлекеттік органдардың қызметкерлері макивеллизмнің концепциясын да, абстрактілік гуманизм концепциясын да толығымен қолданысқа енгізе алмайтыны белгілі, себебі жоғарыдағы концепциялардың екеуі де мақсат пен құралдардың арақатынасы мәселесін шешуде тым қатты көзқарастарды (біреуі — қатаң, екіншісі — жұмсақ) ұстанған. Мейлінше дұрыс деп мақсат пен құралдардың объективті түрдегі байланысын, диалектикалық әрекеттесуін танитын көзқарасты атаған дұрыс болар.
Бұл көзқарасқа сәйкес, адамдардың алдында тұрған мақсаттардың оларға жетудегі құралдармен өзара тығыз байланысы танылады. Сонымен қатар, құралдардың мақсатқа кері әсері де жоққа шығарылмайды, яғни, кейбір құралдардың адал ниетті мақсатты бұрмалау мүмкіндігі танылады. Құралдар алдыға қойылған мақсатқа сай болуы тиіс. Бұл сәйкестікте мақсат басты рөлді иеленуі тиіс. Мақсат құралдардың құрамын анықтап, олардың адамгершілік мазмұнына мән береді.
Мақсат пен құралдардың сәйкестігінің біртұтастығы әрекет немесе жүріс-тұрысқа негіз болады. Бұл әрекет немесе жүріс-тұрыс мақсат пен құралдардың дербес құбылыстар ретінде теріс бағаланғанына қарамастан адамгершілік-оң сипатта деп бағалануы мүмкін. Яғни, жүріс-тұрысты бағалау мақсат пен құралдардан тәуелсіз жүзеге асырылады. Мысалы, қылмыстылықпен күрес өз бетінше адамгершілік-оң сипаттағы құбылыс ретінде бағаланғанымен, оған жету жолындағы адамды мәжбүрлеу мәселелері теріс бағаланатыны сөзсіз. Алайда, біз қылмыстылықпен күрес пен мәжбүрлеуді мақсат пен құрал түрінде қарастырсақ, мұндай теріс бағалау жоғалып кетеді. Егер сот біреуді тонағаны үшін қылмыскерді бас бостандығынан айыру жазасына кессе — бұл әділ жаза, мұнда құрал (мәжбүрлеу түріндегі түрмеде қамау) мен мақсаттың (қылмыстылықпен күрес) сәйкестігі көрінеді. Ал, керісінше, көшені тыйым салған жерден кесіп өту үшін бас бостандығынан айыру әділетсіз жаза ретінде қабылданады, себебі, бұл жағдайда мақсат пен құралдың сәйкестігі қағидасы бұзылады.
Әрекеттің немесе жүріс-тұрыстың оң немесе теріс құндылығын анықтаудың негізі мынадай: адамгершілік сипаттағы болып, оны жүзеге асыру жүзеге асырмауға қарағанда мейлінше аз материалдық, адамгершілік және басқа да шығындарды алып келген әрекет саналады. Немесе басқаша айтқанда, аталған құралдардың көмегімен жеткен нәтиже өз мәні бойынша осы құралдарды пайдаланудан келген зияннан жоғары болса.
Өз мәні бойынша осы негіз аса қажеттілік жағдайындағы заңды жауапкершіліктің негізінде жатыр, бұдан адамгершілік және құқықтық нормалардың тұтастығын байқауға болады.
Құқық қорғау қызметінде адамгершілік мақсатқа жету үшін тұлғаның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірумен байланысты құралдарды пайдалану жиі орын алып жатады. Алайда, барлық құралдардың ішінен ең тиімді болса да, көрінеу теріс құралдарды пайдаланумен сипатталатын әрекеттердің жағымсыз сипатты иеленетіні сөзсіз. Күрделі жағдай тек теріс құралдар болған жағдайда ғана, солардың біреуін таңдауда туындайды. Егер қолданатын құралдардан келетін моральдық шығындар мақсаттың адамгершілік құндылығын жауып кетсе, онда мақсатқа жетуден бас тарту қажет. Мысалы, аса қажеттілік шегіндегі әрекеттер қажетті және рұқсат етілген ретінде болып танылса, ал осы шектен асып кету қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде сараланады. Бұл жағдайда құралдарды дұрыс таңдамау әрекетті теріс бағалауға алып келеді.
Мақсат пен құралдардың сәйкестігін анықтау жағдайында сол құралдарды мақсатқа жету барысында қолданудан туындайтын мүмкін салдарды да ескеріп өту қажет. Мұндай мәселенің таңдау үдерісінде де, таңдаудың нәтижелерін бағалауда да маңызы зор. Айырмашылық тек мынада: бірінші жағдайда салдар мүмкін, болжамды болып табылса, екінші жағдайда олар шынайы сипатқа ие.
Сонымен, мақсатқа жету құралдарын таңдау мына жағдайларды ескергенде ғана дұрыс деп танылуы мүмкін:
— мақсатқа жетуден және әрбір құралды пайдаланудан туындайтын мүмкін салдарды толығымен, жан-жақты қарастыру;
— осы салдардың пайда болу мүмкіндіктерін талдау;
— таңдалған құралды пайдаланудан болуы мүмкін салдарды басқа құралдарды пайдаланудан немесе мақсатқа жетуден бас тартудан туындайтын салдармен салыстыру.
Таңдау дұрыс деп танылғанымен, болжаған нәтижелер оны шын мәнінде жүзеге асыруда әрқашан бола бермейді. Бұл әртүрлі кездейсоқтықтардың, таңдауды жасаушы адамның еркінен тыс объективтік жағдайлардың болуымен байланысты. Сөйтіп, аталған жағдайлар соңғы нәтижеге әсер етуі мүмкін. Бұл кезде осы адам жауапкершілікке тартылмайды. Себебі, оның әрекеті одан тәуелсіз жағдайлар негізінде дұрыс емес деп танылғанымен, жалпы алғанда, әрекетті таңдауды ол дұрыс жүзеге асырған.
6-тақырып.
