3.4 . Көлік жүйесін өңірлік дамыту
Республика өңірлерінің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы елеулі айырмашылықтар белгілі бір дәрежеде көлік жүйесінің өңірлік дамуының біркелкі болмауына әсерін тигізеді. Бұл ұстауы жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын инфрақұрылым объектілеріне қол жетімділік дәрежесінен және олардың жай-күйінен, сондай-ақ әлеуметтік маңызды жолаушылар тасымалдарын ұйымдастырудан көрінеді.
Мыналарды:
функциялар мен өкілеттіктерді бөлу, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды одан әрі орталықсыздандыру кезінде әрбір өңірде көлік жүйесінің біркелкі дамуын қамтамасыз етудегі орталық атқарушы органдардың үйлестіруші рөлін сақтау;
барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарының қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерін, сондай-ақ оларға қолайлы жағдайлар жасай отырып, өңірлік даму үшін жеке меншік инвестицияларды барынша пайдалану қажет.
НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:
республиканың әрбір өңіріндегі көлік жүйесінің даму деңгейі көлік стандарттарының ең төменгі деген талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс;
орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының негізінде әрбір өңірде мемлекеттік көлік саясатын іске асыруға бірыңғай көзқарас қамтамасыз етілуі тиіс.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:
көлік инфрақұрылымын дамытуды жоспарлау негізінде Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық, өнеркәсіптік, аумақтық және кластерлік дамыту бағдарламалары жатуы тиіс;
көлік инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға арналған инвестицияларға қажеттіліктерді анықтау әлеуметтік-экономикалық дамудың перспективті жоспарлары мен көрсеткіштерін ескере отырып жүргізілуі тиіс;
орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл деңгейін арттыру;
көліктің жекелеген түрлерін дамытудың республикалық және өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді және іске асыруды үйлестіру.
Экономикалық және әлеуметтік процестердегі көлік жүйесінің қызмет көрсету рөлін ескере отырып, осы саясатты жүзеге асыру халық пен өндіруші күштердің көліктік қызметтерге деген қажеттіліктерін, көлік жүйесін біркелкі жүктемелеуді және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешетін болады.
3.5 . Көліктегі қауіпсіздікті арттыру
Таяу перспективада болжанатын тасымалдар көлемінің және автомобильдендірілу деңгейінің артуын ескере отырып, қазірдің өзінде көліктегі авариялылықтың алдын алу және көлік процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тиімді іс-шаралар қабылдаудың өткір қажеттілігі туындап отыр.
Көлік қауіпсіздігі саясатын іске асыру мақсатында мемлекет, бір жағынан, ырықтандыруды, рәсімдердің оңайлатылуын, екінші жағынан, ашықтықты, бақылау мен алдын алуды қамтамасыз етуі тиіс.
Көлік процестерінің қауіпсіздігін арттыру үшін:
көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылаудың тиімділігі мен жүйелілігін арттыру;
жол қозғалысы қауіпсіздігінің белгіленген ережелерін сақтауды бақылаудың тиімділігін арттыру;
кадрлар даярлаудың бірыңғай жүйесін құру, көліктің барлық түрлерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтің сәйкестілігін растау және лицензиялау;
қазіргі заманғы, аса сенімді техника мен жабдықты, диагностикалау және жөндеу құралдарын белсенді енгізу;
көлік операторларын кәсіби даярлау деңгейін арттыру;
жолаушылар мен жүк тасымалын ұйымдастыру және жүзеге асыру технологиялық процестерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету;
көлік оқиғаларының себептерін дер кезінде анықтау және олардың алдын алу мен санын азайту жөнінде шаралар қабылдау мақсатында осындай оқиғалар туралы ақпаратты жинау, өңдеу және талдау;
Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының ережелерін іске асыру және көлік қауіпсіздігі жүйесінің қызметін ресурстық қамтамасыз ету қажет.
Террорлық актілердің және қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қызметіне өзге де заңға қайшы араласулардың жүзеге асырылу мүмкіндігін болдырмауға қабілетті көліктегі қауіпсіздіктің осы заманғы және тиімді жүйесі құрылуы тиіс. Осындай жүйені енгізу тиімді халықаралық практикаға сәйкес болуы, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуы және олардың конституциялық құқықтарын сақтауы тиіс.
Көліктің экологиялық қауіпсіздігін арттыру және көлік процестерінің қоршаған ортаға келеңсіз әсерін азайту үшін осы саладағы мемлекеттік саясат мыналарды қамтитын болады:
тиісті мониторинг жүйесін әзірлеу мен енгізу және экономикалық ынталандыруды қолдану арқылы экологиялық талаптарға жауап бермейтін автокөлік құралдарының импортын шектеу және біртіндеп тоқтату;
транзиттік қозғалысты қоса алғанда, көлік құралдарының халықаралық экологиялық қауіпсіздік стандарттарына көшу;
экологиялық бақылау қызметін құруды және олардың орталық уәкілетті орган алдында мерзімді есеп беруін қамтамасыз етуді қоса алғанда, инфрақұрылымды пайдалану нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін көлік инфрақұрылымының иелері мен операторларының жауапкершілігін арттыру;
мониторинг жүйесін әзірлеу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама шеңберінде тиісті шараларды қолдана отырып, көлік инфрақұрылымы объектілерінде құрылыс, жөндеу, пайдалану және басқа да жұмыстарды орындау нәтижесінде экологиялық талаптарды бұзғаны және қоршаған ортаға келтірілген зияны үшін мердігерлік және инженерлік-консультациялық құрылымдардың жауапкершілігін арттыру.
НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР:
шаруашылық қызметінің нәтижелерімен салыстырғанда азаматтардың өмірі мен денсаулығының басымдығы;
азаматтардың жауапкершілігімен салыстырғанда мемлекет жауапкершілігінің басымдығы;
ел ішінде өндірілетін және импорт бойынша да әкелінетін көлік құралдары экологиялық қауіпсіздік пен көлік процестерінің қауіпсіздігі саласындағы стандарттардың талаптарына сәйкес келуі тиіс.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ АКЦЕНТТЕР:
техникалық-технологиялық процестердің, әуе, жер үсті және су көлігі түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау жүйесін жетілдіру;
көлік инфрақұрылымы мен техникалық қызмет көрсету процестерінің сенімділік және қауіпсіздік деңгейін арттыру;
қоршаған ортаны ластаудың жылжымалы көздеріне қойылатын экологиялық талаптарды қатайту, мониторинг және құқық қолдану жүйесін жетілдіру, жауапкершілікті арттыру.
Көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту
Темір жол көлігінің инфрақұрылымын дамыту қолданыстағы темір жол желісін Қазақстан халқының, экономикасы мен өнеркәсібінің қажеттілігінен шыға отырып, жаңа учаскелер салу арқылы желілерді оңтайландырумен қатар қауіпсіздік пен қозғалыс жылдамдығын әлемдік стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталатын болады.
Қалпына келтіру, жүк тасымалдылығы көп учаскелердің өткізу қабілетін арттыру және электрлендіруді қоса алғанда, халықаралық транзит дәліздерінде және негізгі республикаішілік бағыттарда магистральдық желінің техникалық жай-күйінің деңгейі басымдылық ретімен арттырылуы тиіс.
Инфрақұрылым объектілерінің негізгі қорларына кезең-кезеңімен жаңарту жүргізілуі және олар темір жол көлігінің халықаралық стандарттарына сәйкес келтірілуі тиіс.
Темір жол көлігінің желісін өңірлік басымдықта дамыту Солтүстік – Оңтүстік (Ресей – Орталық Азия) және Шығыс – Батыс (Оңтүстік Шығыс Азия – Қытай – Еуропа) бағыттарында жүргізілетін болады.
Стратегияны іске асыру кезеңінде жаңа темір жол желілерін салу жөніндегі мынадай инфрақұрылымдық жобалар қаралатын және экономикалық негіздеме болған жағдайда іске асырылатын болады:
Бейнеу – Шалқар станциясы учаскесі, поездардың жүру бағытының ұзақтығын батыс өңірі мен Азия елдерінің Ақтау теңіз порты арқылы қатынасында орта есеппен 530 км-ге қысқарады;
Қорғас – Сарыөзек учаскесі, ол қолданылып жүрген бағыттармен салыстырғанда Ақтау портынан Қытайға дейінгі темір жол тасымалдарының қашықтығын едәуір қысқартады, ал Шалқар – Бейнеу темір жол желісін салу жобасы іске асырылғаннан кейін Цзиньхе – Ақтау бағытының ұзақтығы қазіргі 3 920 км-дан 3 222 км-ге дейін қысқарады;
Жезқазған – Сексеуіл станциясы учаскесі, ол Қазақстанның орталық облыстарынан Ақтау портына анағұрлым қысқа шығуды қамтамасыз етеді және іргелес өңірде көмір, мұнай-газ, мыс-темір рудасы және басқа да кен орындарын игеруде жәрдем етеді;
Шар станциясы – Өскемен учаскесі, ол Локоть станциясы арқылы қолданыстағы бағыттармен салыстырғанда тасымалдау қашықтығын Ресей аумағы арқылы жүруді қажет етпестен 300 км-ден астамға қысқартады;
Қазақстан жүктерін Каспий теңізіне неғұрлым тиімді тасымалдау және Ақтау теңіз портынан шамадан тыс жүктемені азайту үшін Маңғышылақ – Баутино және Ералиев – Құрық жаңа темір жолдары құрылысы жүзеге асырылатын болады.
Темір жолдарды одан әрі жаңғырту үшін жүк тасымалдылығы көп Мақат – Қандыағаш, Алматы – Ақтоғай, Қостанай – Железорудная және Хромтау – Алтынсарин учаскелерін электрлендіру бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады.
Өңірлер арасында өте қысқа бағыттар бойынша жүк тасымалдарын оңтайландыруға және жаңа темір жол желілерін салу арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерге экспортталатын тауарларды жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік беретін ұлттық тұйық темір жолдар желісін қалыптастыру жүк поездарының артық жүрістерін болдырмауға және түпкі өнім құнындағы көліктік құрамдастар үлесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Темір жол көлігінің инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруда олардың жоғары капитал қажеттілігіне байланысты мемлекеттік-жеке меншіктік серіктестік нысаны кеңінен қолданылатын болады. Жаңа инфрақұрылымдық объектілер құрылысы кезінде жеке бастамашылықты тарту үшін мемлекеттік-жеке меншіктік серіктестіктің әртүрлі схемасы қолданылатын болады.
