Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Эпикалық проза, умк..docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
456 Кб
Скачать
☆

12 Дәріс. Т.Әлімқұлов, з.Шашкинн, з.Ақышев

және Д.Әбілов романдары

Мақсаты: Аталған жазушылардың романдары туралы жан-жақты мәлімет беру.

Сұрақтар:

1. Т.Әлімқұлотың «Ақ боз ат» романы.

2. З.Шашкиннің «Доктор Дарханов» романы.

3.З.Ақышевтың «Жаяу Мұса» романы

4. Д.Әбілевтың «Сұлтанмахмұт» романы.

Дәріс мәтіні (тези

Қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, дарынды прозашы, суреткер қаламгер Тәкен (Тәңірберген) Әлімқұлов 1916 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Бабата атты тарихи елді мекенде дүниеге келген. 1987 жылы 13 сәуір күні Алматы қаласында дүниеден озды.

“Ақбоз ат” романы тұңғыш рет 1961 жылы “Жұлдыз” журналында “Қаратау перзенттері” деген атпен жарияланған. Бір жылдан кейін, 1962 жылы, романның бірнеше тарауы қайта жазылып, өзгерістерге ұшырап, толықтырылып, тереңдетіліп, қазақ тілінде, Алматыда, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан қайта жарыққа шықты. Көлемі – 365 бет.

Орыс тілінде “Белый конь” деген атпен 1968 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Қазақшадан орысшаға аударған белгілі орыс қаламгері Н.Кузьмина.

“Ақбоз ат” романы Тәкеннің проза жанрындағы ең көлемді, әрі ең маңызды шығармаларының бірі. Романның негізгі тақырыптық арқауы 60-70 жылдар шындығымен сабақтасады. Мұнда бірнеше сюжеттік арналар қатар жарысып келіп бір мәселе төңірегінде тоқайласады. Ол – ауыл өмірі, ауылдан шыққан қазақ жастарының өмірі.

Ауыл мектептерінде сауат ашып, білім алып, кейінгі жылдарында алып қалалар Мәскеу, Петербор сияқты әлемдік ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің кіндігі саналатын оқу ордаларында студенттік өмірлерін жалғастырған қазақ жастарының өмір-тағдыры қызғылықты баяндалады Көзі ашық, көңілі сергек, білім мен ғылымның биік шыңына қарай ұмтылған осынау жастардың әр сәттегі көңіл-күйіне, олардың жан сезімін, көзқарас ерекшеліктерін қаламгер асықпай, байыппен, барынша жан-жақты, барлық қырынан ашып көрсетуді мақсат етеді.

Алғашқы махаббат сезімі, қызғаныш, күйініш, түңілу, бір сөзбен айтқанда өрімдей жастарға етене жақын ішкі сезім толқындарының барлығы өз арнасында терең көрініс табады. Оқиғалар арнасы да осы жастар төңірегінде өрбіп, кейіннен олар әр түрлі, әркелкі бағыттағы авторлық мақсатқа сай тарамдалып кете барады. Қаламгердің тартымды, келісімді тілмен, қызықты оқиғалармен кестелеп, астарлап отырып жеткізетін өмір шындығы, яғни жастар өмірі оқырманын жалықтырмайды.

Романның алғашқы тарауларында поезбен елге қарай сапар шеккен екі жігіттің алып ұшқан көңіл-күйі, ой-толғамдарын суреттей отырып автор бізді бірден ауыл тіршілігінің қайнаған ортасына алып барады. Осы жерде романның бас кейіпкерлері Елеусізбен, Қарашпен, Гүлнәшпен, Біркімбаймен танысамыз. Бір-бірін қайталамайтын бұл кейіпкерлердің негізгі мінез ерекшеліктерін де қаламгер созбаламай, шырғалаңға салмай, әу дегеннен бірден аңғартады.

Романда суреттелетін барлық оқиғалардың бел ортасында Елеусіз тұлғасы оқшау көрінеді. Елеусіз көзімен, Елеусіз ойымен, кей тұстарда соның естелігі пішінінде берілетін оқиғалар арнасы, оның басынан кешкен әрқилы кезеңдердің қызығы мен шыжығын, үміті мен өкінішін, қуанышы мен ренішін, бір сөзбен айтқанда бір азаматтың басынан өткен өмір өткелдері бар бояуымен тізбектеліп өтіп жатады.

Жазушы Елеусіз тұлғасын бірегей сомдау мақсатында психологиялық талдау әдісін өте ұтымды меңгерген. Осы арқылы кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлайды. Профессор Т.Сыдықов: “Психоанализ – көркем әдебиеттің зерттеу әдістемесі. Өйткені, ол адамның жан-жүрегіне үңіледі. Адам жанының иірімдері, тылсым тұңғиығы, нәзік тебіреністері, томаға тұйық сырлары адамның ішкі әлемінде бүгулі, бүркеулі жатады. Сол басқаның көзінен қалтарыстағы сана мен сезім ағысын тек қуатты қалам иесі ғана көрмек, кестелемек”, - деп өте дәл айтқан. (Т.Сыдықов. Қазақ тарихи романы. А., Ер-Дәулет, 1996, 178 бет). Яғни қаламгердің әу баста алдына қойған мақсаты – Елеусіз тұлғасын орталық кейіпкер ретінде ұсыну болса, сол жолда жазушы бейнелеудің барлық құралдарын қатар қолданып отырған.

Елеусіздің кім екендігін, қандай жан екендігін романның өне бойында жазушы тиіп-қашып, сипай қамшылап таныстырып отырады. Асылы, адамның іші – сиқырлы әлем тәрізді. Тіршілікте не көрдің, не түйсіндің, неден дәмелендің, неден түңілдің – бәрі-бәрі көкірегіңде аян. Көлденең жұрттың көзіне төрт құбыласы түгел жігіттей көрінетін Елеусіздің көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң жатыр!

Әрнәрсені салыстыра бағалап дағдыланған Елеусіз Досов өз құралпастарының көбінен кейіншектеп қалғанын жақсы-ақ сезінеді. Сондықтан да өз тірлігіне ризалығы жоқ...

“Сары Арқаның білімдар, бауырмал баласы тұңғыш душар болған теріскейліктердің жоғын жоқтап, жырын жырлаймын”, - деп, жел қақты боп қабарып жүргенінде оның “инеліктей ілмиген форымын”, “ботатірсек – босбелбеу жүріс-тұрысын”, “сеңгірігін бүрген көзілдірігін” неше саққа жүгіртіп келекелеушілер болды. Осымен қатар, зиялы жігіттің қай-қайдағы қалың ойға шомып жүретін жат мінезін, сұрауларының шымбайға батып кететін шымырлығын, өзінің шікіреюді білмейтін кішіктігін, тамақ талғамас қарапайымдылығын аңғарып, іштартушылар да бар еді. Осылай көрінетін Елеусіздің кейінгі тарауларда өмірлік тұғыры берік, қаламы жүйрік, айтқанынан қайтпайтын, жүрегі ел деп, жер деп соғатын азаматтық тұлғасының да қатар көріне бастауы бұл бейненің көтеретін көркемдік жүгін салмақты ете түседі.

Әсіресе, Елеусіздің ел, ұлт қамын көбірек ойлайтындығы оның журналист ретінде дүниеге әкелген, газет беттерінде бастырған көркем очерктері арқылы терең баяндалып отырады. Оңтүстік Қазақстан өңірі, оның ішінде Сейдін ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы, ондағы малшылар қауымының ауыр да азапты, бірақ берекелі еңбегін, от басы ошақ қасының қызығын, бала-шаға қамын, тұрмыс тауқыметтерін тәптіштеп, түбегейлі ақтарып көрсетуге ұмтылатын журналист қаламынан көп сыр ақтарылады. Ел өмірінің шым-шымдап тереңнен тартқан көрінісі негізінен Елеусіз қаламы арқылы өтіп отырады. Жазушы осылай журналист көзімен көп сырдың тиегін ағытады.

Жүйткіп кетіп бара жатқан поезд образы жазушы шығармасында көп айтылады. Бұл поезд бір тұста зымырап өтіп бара жатқан адам өмірін де мегзегендей. Студент, жігіт ағасы, төселген журналист – қаламгер болып тіл қататын Елеусіз өмірі де осы тоқтау бермес поезбен сабақтас, тамырлас танылады. Мұнда үлкен мән бар, бұл жерде өмір философиясы айтылады. Жалғыз Елеусіз емес, барлық кейіпкерлер тағдыры да осы заулап бара жатқан жүрдек поезд - өмір көлігіндегі әрқилы жандардың әр қиядағы өтіп жатқан өмір тағдырынан сыр тартамыз.

Біркімбай образының жоғарыда сөз болған Ақбоз атқа қатысты ашылатын көркемдік қырларынан басқа тағы да бірнеше тұлғалық ерекшеліктері қатар көрінеді. Ол ең алдымен – тамырын тереңге жіберген ауыл ақсақалының бар болмыс-бітімі мен қайшылықты тағдырын алдымызға жайып салады. Сондықтан да Біркімбай тұлғасы – көп қатпарлы, күрделі тұлға.

Артық-кемімен көрінетін Біркімбайдың бейнесі оқырманға әрқилы сезім қалдырады. Ең бастысы оның бір қалыптан шыққан, жаттанды, ұнамды бейнеден ауылы алыс. Өзінің өмірден түйгені мол, қыртысты шал оңайлықпен айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін жан емес. Осы бейне арқылы, оның өмір жолы, тауқыметті тағдыры арқылы Тәкен ауыл өміріндегі тағы бір мәнді мәселе – мал шарушашылығы, оның ішінде жылқы шаруашылығы мәселесін тереңнен қопарып көрсету арқылы ұлттық болмысымызға терең бойлайды.

Ақбоз ат, оның шыққан тегі, ұрпағы, өткені мен болашағы туралы айтылатын ой-толғамдар түптеп келгенде қазақ қоғамының, қазақ жұртының ұлттық рухқа бойлаған көкейкесті мәселесіне келіп тіреледі. Малсыз қазақтың күні жоқ. Оның ішінде төрт түліктің асылы, ардақтысы жылқы туралы әңгіме қазақ рухына, қазақ жүрегіне етене жақын. Осы өзекті мәселені, яғни жылқы тағдырын, оның бүгіні мен ертеңін қаламгер адам тағдыры арқылы астастыра, сабақтастыра танытудың ұлт өмірімен тамырлас екенін жақсы білген.

Тұлпарлар тағдыры ел, жер тағдырымен қабысады, халықтық мәні бар, ұлттық мүддені көтеретін мәселеге ұласады. Тұқымы асыл жылқы үшін жаға жыртысқан, талас-тартысқа түскен ауыл адамдарының психологиясын Тәкен тартымды оқиғалармен сабақтастыра отырып саралайды.

Дегенмен де, романның жетекші кейіпкерлерінің бірі Шіркімбайдың аузымен айтылатын, осы кейіпкердің ой-толғаныстары арқылы шым-шымдап оқырманға жететін негізгі оқиғалық желі – Гүлнәш – Біркімбай тарихы, осылардың тағдыр соқпағы тарам-тарам әңгіменің өзегін құрайды. Осы әңгіме романның басты тақырыптық-идеялық ауанын анықтайтын жолды да белгілейді. Бұл арнаның басты құндылығы неде? Басты құндылығы осы арнада негізгі, жетекші кейіпкерлердің өмір-тағдырының шынайы көрсетілуі. Негізгі авторлық мақсаттың жүзеге асуы. Жазушы “Шіркімбай екі болыс елді дүрліктірген Ақбоз аттың әңгімесін шертіп келе жатыр. Ұстамды Елеусіз сырмінез болмаған сапарласының көңілген қонған сөздерін ғана қабыл алады”, - деп келеді де, ары қарай енді тікелей осы Ақбоз ат тағдырының қия-қалтарыстарына назар аударып, оны адам тағдырымен астастыра, сабақтастыра баяндай бастайды. Сонда бір ғана тұлпардың төңірегіндегі оқиғалар тереңдей келе қомақты қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің көтерілуіне мұрындық болады.

Біркімбайдың туған інісі Шіркімбайдың аузымен айтылатын сөзде Гүлнәштің Ақбоз атқа қалай айырбасталып кете барғандығы туралы сырдың ұшығы байқалады. Ол: “Біздің де ат жалын ұстап міңгіміз, аз күнгі тіршіліктің қоңырқай қызығын кешкіміз келеді. Ал, ағаның арманы (туған ағасы Біркімбайды меңзеп отыр) одан да әрі болатын. Ол жалғыз қызы Гүлнәшті сіргелінің ең ірі шонжары Шоңбайдың баласына атастырғанда Ақбоз ат арқылы атағын жалпақ елге жаймақ болған”, - деп келеді де, ары қарай Шоңбай мен Біркімбайдың құда болу тарихынан қызғылықты, қалтарысы қалың, ең бастысы тұлпарлар тағдырына көбірек соғатын ұзын сонар әңгіменің тиегін ағытады.

Шоңбайдың бірнеше жыл бойы бәйгенің алдын бермейтін екі тұлпары: Торыалаяғы мен Ақбозының төңірегінде жалпақ елге жайылған атақ-даңқтың, алып-қашпа сөздің ұзын ырғасы келіп Біркімбайдың Ақбоз атқа құлай құмартуына ұласады. Ақбоз аттың тізгінін уысына түсіруді армандаған Біркімбай ел құлағын елең еткізген іс-әрекетін жүзеге асырады. Туған перзенті, жар дегенде жалғыз қызы Гүлнәшты Ақбоз аттың бір құны үшін Шоңбайдың балалы-шағалы ұлы Асылбекке әйел үстіне күйеуге шығуға қияды. Осылай тұлпар тағдырына енді Гүлнәш тағдыры сабақтасады.

Асыл тұлпардың тұяғына туған қызының тағдырын қиып жіберген Біркімбайдың әрекетінде не сыр жатыр? Тұлпар дегенде ішкен асын жерге қоятын, жалғыз жүрегін суырып беруге дайын тұратын қазақ мінезі ме?

Жас баласын “құлыным” деп ардақтайтын, аялайтын қазақ санасы малын да перзентіне балаған ғой. Біркімбайдың да бір мінезін осы тұрғыдан бағамдасақ, бұл іс-әрекет өмірлік шындыққа сияды. Ақбоз аттың тағдыры осы тұста келеді де, енді Біркімбай тағдырымен астасады. Қазақ үшін төрт түліктің ең асылы, ең қимасы саналатын жылқы малының ең өміріндегі мәні мен маңызын қаламгер тереңдей тартып келеді де өзінің көңілінде түйгенін, тіршіліктің сырынан көрген, ұққан жайларды арна-арнамен баяндап береді.

Ел өміріндегі сан-сала көріністер, колхоз, совхоз тірлігі, малшылар тұрмысы, барлығы енді Біркімбай, Гүлнәш төңірегінде өрбиді. Бір тұлпардың тізгінінде тағдыры байланып, өмір соқпағына түскен балауса Гүлнәш кейіннен, өмір өткелдерін артқа тастап, енді буыны бекіген, оңы мен солын таныған, ысылған, өзі де бір қауым елге бас-көз болуға жарап қалған қалпын танытады. Кейіпкердің өсу жолын қаламгер шынайы танытады. Гүлнәштің өмір жолы қыр-сырымен көз алдыңнан өтіп жатады. Қыз Гүлнәштің ана, жар Гүлнәшқа айналуы табиғи түрде, арналы, ағысты көрінеді.

Қаламгер романның келесі тарауларында тұлпар тағдырынан бірте-бірте алыстап, енді әке мен бала, ел мен жер тағдырына қарай ойысады. Өмір, тіршілік сыры туралы терең толғамдар, оралымды ойлар осы желіде үнемі алдымыздан шығып отырады. Біркімбай мен Гүлнәштың өмір-тағдыры төңірегіндегі тума-туыс, көрші-қолаң, ел адамдары, бір сөзбен айтқанда тіршілік қазанында тоқайласып өмір кешіп жатқан тұтас бір қазақ қауымының бейнесі бой көтереді, бар болмыс-бітімімен көз алдымызға келеді.

Тәкен Әлімқұлов нақты бір тарихи кезеңнің шындығын ел ішіндегі ең бір көзге түсе бермейтін, мен мұндалап айқайлап тұрмайтын терең иірімдерді бейнелеуге ат басын тіреген. Қазақ халқының ғасырлар бойғы бірден-бір тіршілік тірегі болып келген мал шарушылығы, оның ішінде жылқы малының ел тағдырында, адам тағдырында алатын орнын өзіндік қолтаңбамен өрнектеп бере алған.

Роман тұтаса келе күллі қазақ ауылының тарих көшінің бір тұсындағы, бір белесіндегі жиынтық бейнесін алдымызға тартады. Адамдар тағдыры, тұлпарлар тағдыры арқылы көрінетін бұл жиынтық бейне түптеп келгенде тарихи-әлеуметтік, қоғамдық шындықтың бетін ашады. Адам мен қоғам, қоғам мен ел, жер арасындағы мәңгілік байланыс, тынымсыз қарым-қатынас қаламгер мақсатына, яғни көркемдік мақсатқа мінсіз бағындырылған. Жазушы осы мақсат жолында өзіндік суреттеу тәсілдеріне, өзіндік көркемдік әдістеріне қол тартқан, арқа сүйеген.

Жалпы жазушы шығармашылығын тереңдей, зерделеп қарасақ, Тәкен осы аталған романында болсын, немесе басқа туындыларында да бір сөзді, бір сөйлемді де жорамалға сүйеніп жазбаған. Дәлелсіз, дәйексіз дүниенің орға жығатынын білген. Осы сияқты қызықты, қазыналы деректерді қаламгер “Қош бол, Абсент!” шығармасында да тартымды желілерге байлайды.

“Төрт түліктің ең ақылдысы жылқы болса, жылқының ең ақылдысы – бишісі”. – деп келеді де, жазушы, адамнан музыканы артық түйсінетін жылқылар бар екенін айтады. Тәттімбеттің ақбоз аты домбыраның сазына орай билеген, Балуан Шолақтың аты қаңтарусыз тұрса, Ақан серінің қосалқы аты (Мақпалқара) соңынан қалмай еріп жүрген. Осы тарихи деректердің барлығын қаламгер халықтың өзінен алған, жинаған, ұзақ жылдар саралаған. Көп деректер жиналғанда бір түйінге тоқтатқан.

Тың, жарау, асау кезінде Абсент те мақпалдай қара болған. Азған, арыған, ашынған тұсында, бір кезе желмен жарысқан Абсент, Бұл күнде қаракер тартқан. Бұл туындыда да жазушы Абсенттің құлынында қызыл болғанын, одан қызыл-күрең, одан алқара көк тартып, мақпал қараға айналғанын суреттейді. Бұл тұяқ туғаннан бәйгеге жарамай бишілікке жаралғанын тарам-тарам, терең оқиғалар, баяндаулар, суреттеулер арқылы сезімді тербеп, мұңмен аяқтайды. Осылайша, жазушы жүйріктің мүсініне, тегін, түсіне, мінезіне осы салада арнайы маманданған кәсіпкерден артық баға береді.

Жылқының, жүйріктің қасиеттері туралы осы сарындас ойлар жазушының “Ақбоз ат” романынан бастап, тұлпарлар тағдыры туралы кейінгі шығармаларының бәрінде көрініс табады. Эсселерінде, публицистикалық толғаныстарында баяндалған жылқыға, жүйріктің қасиеттеріне, тегіне, түр-түсіне, мінезіне қатысты білгендерін, көргендері мен көңілге түйгендерін жазушы көркем шығармаларында молынан шығармашылық үлкен шеберлікпен пайдаланады. Бұл айтылған жайларға қоса автордың бәйгенің қашықтығы, жердің табиғаты, ат суытудың жолдары мен тәсілдері, жүйрік аттың сыны мен бабы, оған қатысты халықтың ырымы мен әдеті жайындағы байыптауларын да есте ұстаған абзал.

Автордың шығармаларында бұл секілді құбылыстар, халықтың дәстүрлі мәдениеті мен кәсібіне байланысты қалыптасқан нанымдары мен салттары, әдеп-ғұрыптары да көркем шығарма жүйесінде айтарлықтай эстетикалық, танымдық қызмет атқарады. Солардың ішінде автордың ерекше көңіл бөліп, айрықша ден қоятыны – шығармасының ұлттық сапасы, ұлттық бояуының мейлінше қанық және шынайы болып шығуын мақсат еткенін аңғарамыз.

1962 жылы Зейін Шашкиннің “Доктор Дарханов” атты романы жарық көрді. Бұл роман өзінің мазмұны жөнінде ғана емес, жазылу формасы жағынан да қазақ совет әдебиетінде оқшау туынды. Оқшау болатын себебі ол қазақ әдебиетінің тарихында дәрігерлер өміріне арналған тұңғыш роман еді. Алайда бұл тек дәрігерлер өмірі жайындағы шығарма емес, шындығына келгенде ол қазіргі заман тақырыбын қозғайтын, бүгінгі замандастар өмірінің алуан салаларын қамтитын кең тынысты шығарма. Географиялық жағынан алғанда, оқиға Көкшетау облысындағы “Бармашы” санаториінде болады. Бірақ, роман арнасы санаторий өмірімен ғана шектелмейді, сол өңірдегі жапсарлас жатқан колхозды ауыл алқабында да шығады, бірде Павлодар өңірінде бірде Москваға, бірде Қырымға, енді бірде Алматыға апарады. Оқушы роман кейіпкерлерімен бірге аталған жерлердің тіршілік тынысынан хабар алып қана қоймайды. Сол өңірлердің табиғат ерекшеліктерімен де танысады.

Жазушы бұл шығармасында дәрігерлер өмірін арқау етіп ала отырып, бүгінгі өміріміздің алуан-алуан салаларына үңіледі, бүгінгі күннің бірсыпыра көкейкесті проблемаларын қозғайды. Ғылым-білімді насихаттау, адамдар санасындағы және тұрмыстағы ескілік қалдықтарына қарсы күрес, жаңа, озық дәстүрлерді тарату жөнінде интеллигенцияның ролі, дәрігердің қоғам алдындағы парызы, басшы қызметкердің адамдар арасында дұрыс қарым-қатынасты, өзара сенім достық, коллектившілдік рухын қалыптастырудағы жетекшілік өнегесі, әйелге көзқарасы, әйелдің семьядағы орны және басқа көптеген мәселелер – “Доктор Дарханов” романының өзекті идеялық арқауы болып табылады.

Романның басты қаһарманы – дәрігер Нияз Дарханов. Барлық оқиға сол Дарханов төңірегінде құрылған. Ол Бурабайдағы “Бармашы” санаториінде дәрігер болып қызмет істейді.

Доктор Дархановты жазушы Шортанды көлінің жағасында оңаша ойға шомып отырған күйінде таныстырады. Айнала мүлгіген табиғат. Ымырт жабылған шақ. Осындай бейуақта адам жападан-жалғыз көл жағасында, ну орман ішінде жәйдан-жәй отырмайтыны белгілі. Әлде бір тебіреніс, толғаныс күйі жетелеп әкелуі хақ. Бірақ, жазушы кейіпкерінің осы бір бөгде халін түсіндіріп жатпайды. “Түп-тұнық айна көл, көлді қапсыра құшаққа алған көкшіл тау, мүлгіген жасыл орман – бірі көзіне ілінбейді”, деп жәй ғана, сараң сөздермен өте шығады. Бірақ, осы көріністің өзінен-ақ, кейіпкер бойында әлде бір оғаш халдің бар екеніне шүбә қалмайды.

Романдағы басты образ да, сәтті образ да дәрігер Нияз Дарханов образы. Ең алдымен ол өз мамандығын сүйген, өз мамандығын жетік білетін, қоғам, халық алдындағы парызын сезіне білген дәрігер. Оның өмір жолы шырғалаң, бұралаңы мол соқпақты жол. Әкесінен ол жасында айрылған Кеңес өкіметінің қамқорлық аясында кемтарлық көрмей қатарға қосылды. Институтқа түскен жылы шешесі қайтыс болды да, жетім қалды. Медицина институтын бітіргесін, Қиыр Шығыста солдаттар арасында дәрігер болып, әскери қызметін өтейді. Даяр тамақ, даяр төсекке үйреніп, бейқам өскендіктен бе, әлде қасында ақыл-кеңес айтар әке мен шешенің, не болмаса етбауыр ағаның жоқтығы ма – алғаш семья құрарда жеңілтектік жасаған кезі де болды. Махаббат, әйел мәселесіне жеңілдеу қарайтын осалдығы да бұған себепші болмай қойған жоқ. Сағиламен ғана емес, Сусанна Михайловна, Генриэтталармен таныстық байланыстарында да кездейсоқтық табы жатыр. Нияздың әкесі Ертіс пароходствосының жұмыскері еді, революцияның алғашқы жылдары коммунист партиясына мүше болғанда, кешегі өзіне қорлық көрсеткен байлармен күрескен, округтік партия комитетінде істеп жүрген кезінде тап жауларының қолынан қаза болған коммунист.

Романдағы өндірістік тартыс өмірден алынған шындық, медицина үшін үлкен проблемалық мәні бар тартыс. Жазушы өндірістік тартыс пен махаббат желісін шебер қиюластырған. Екі желі жымдаса, қабар өріліп, роман сюжетінің шиеленісе дамуына жағдай туғызған.

Зейін Шашкиннің жазушы есебінде бір ерекшелігі ұнамды деген қаһарманның өзін кемшіліктен ада, күнәдан пәк адам етіп көрсетуден аулақ.

Романда Асқар образы аз көрінгенмен тәуір әсер қалдырады. Дәмеш қыздың ағасы, дәлірек айтқанда, әкесінің інісі Асқар Сағатовпен “Теміртау” романы арқылы танысқан оқушы, мұнда Асқар образы жаңа бір қырынан ашыла түскенін аңғарады. Асқар қазір әлеуметтік мәні бар мәселелер, туған халқының бақыты, болашағы жайында ой толғайтын, дәрігердің халық алдындағы, Отан алдындағы борышы жайында сара пікірлері бар зерделі азамат есебінде көрінеді. Бұл жағынан алғанда ол Дарханов образын толықтыра түседі, Дархановтың рухани өсіп, дәрігерлік парызын жете түсінуіне игі ықпал еткен тұлға деуге болады. Зерделі дәрігер, биік парасатты азамат болумен бірге, Асқар абзал адамгершілікті мейірбан аға есебінде танылады. Үйлену тойы ертең деп тұрғанда Дәмеш қатты сырқатқа шалдыққан кезде, Қайыр қалай ұстады өзін, Асқар қалай көрінді? Тек осы бір сын мезеттің үстіндегі екі азаматтың іс-әрекеттерін салыстырып қарағанның өзінде, Асқардың қай жағынан болса да анағұрлым биік тұрғанын аңғару қиынға түспейді. Жазушы Асқар образын осы кезеңде, сондай-ақ Дәмеш пен Асқар, Асқар мен Нияз арасындағы қарым-қатынастар үстінде аршып көрсете білген. “Теміртау” романындағы Асқар мен “Доктор Дарханов” романындағы Асқарды қосып алатын болсақ, жазушы қаһарманынының анағұрлым толыса, кемелдене түскенін байқаймыз.

Ал, Дәмеш, образы жөнінде мұндай пікір айтуға бола қоймайды. Мұнда да Дәмеш бар болмысымен заман рухына сай, мәдениетті, ойлы, зерделі азамат. Мұнда да Дәмеш ісімен, қимылымен, сөзімен анық-қанық көрінетін жанды бейне. Бірақ, мұндағы Дәмеш ақылы, мінезі, қылығы, ісі жағынан бұрынғыдан да өсе түскен, сүйкімді, баршаға ұнамды Дәмеш деуге келмейді. Неге? Себебі, мұнда жазушы Дәмеш образын “Теміртау” романындағы Дәмеш характеріне сай арнамен дамытпаған. “Теміртау” романынан Дәмешті оқушы мінезі де, ісі де орнықты білікті маман, әсіресе, махаббат мәселесіне жеңіл-желпі қарамайтын ақылды, Дәмеш дәл осындай биіктен көріне алмайды. Бұрын алды-артын терең ойлайтын, өмірдің барлық тарамдарына сергек те зерек қарайтын қыз, мұнда басқа дүниені түгелдей дерлік оп-оңай ұмыта қойып, көз алдындағыдан өзгені көрмеуге бейіл. Талай жылдар сынасып, сыр алыса сүйісіп барып табысқан жары Қайыр, қаршадайынан алақанына салып, аялап өсірген, әке орнына әке болған Құрышпай, құлын-тайдай бірге өскен, балғын махаббатты бөліскен Ораз, шахтадағы бірге істейтін достар, тіпті бірге туып, бірге өспесе де туғаннан артық ағасы Асқар, - бірде-бірі оның жанын тебіренте қоймайды.

Жазушы Зейтін Ақышевтің “Жаяу Мұса” романы заманында дарынды ақын, аспандағы аққуға үн қосқан әнші, қобыз бен домбыра, сырнай мен сыбызғының тілін білген композитор Жаяу Мұсаның бүкіл өмірін арқау етеді. Жалғанда 94 жыл жасаған жанның тұтастай өмірін бір кітапқа түсіру мүмкін емес. Оның өміріндегі асуы биік, түсуі құз кезеңдерін алып, жазушы оның шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезеңдерін жеке-жеке тарау түрінде берген. Бұл тараулар, бір-бірінің жалғасы іспеттес құрылып, Жаяу Мұсаның өмірін суреттейтін кітап болды. Кітап “Шала туған”, “Қашқын бала”, “Жақсыдан шарапат”, “Шен мен шекпен”, “Қиянат пен сергелдең” тағы басқа тараулардан тұрады.

Ана құрсағынан шала туған бала Орман ауылы Жасыбайдың сағасындағы қыстауынан Қарасу бойына қоныс теппек көште Тайжан мен Сәтбаланың келіні Нағыш өмірге ұл әкеледі. Бұл жеті айлық шарана Нағыштың күйеуі Байжанның өз баласы емес еді. Шала туған баланың 7 күн дегенде ауылдың қатын-қалашы жиналып бесікке салады. Тайжан молда азан айтып оған Мұса деп ат қояды. Мұса деуінің де себебі бар еді.

“Қай заманда да кедей-бай болам, бай-құдай болам деген емес пе? Соған жетпесе де, есіміне ортақ болуды зор дәреже көретін халық. Дәл осы жылы Шорман бидің елде мұсылманшаны тауысып, Омбыдан орысша оқып келген он алты жасар Мұсасы Қаржас-Ақкелін елінің болыстық старшыны боп тағайындалған. Шала туған бала Шорманның Мұсасындай болар ма екен деген үмітпен атын атастырып қояды. Байжанның тоқалынан туған баланың атын Шорман бидің Мұсадан кейінгі Мұстафасының атын Тайжан молда тағы да азан айтып, ұқсамаса да аттас болсын дейді”.

Сонымен Мұса ер жетеді, анасы қайтыс болғасын өгей шешенің езгісі мен тепкісіне шыдай алмай Тайжан мен Сәтбаланың қолында өседі. Өз үйінен қашып шығып ноғай саудагері Кәрімнің үйінің малайы да болады. Осы жолда Шоқанмен танысып, оның тікелей көмегінің нәтижесінде Омбыдағы төрт жылдық шіркеу мектебін бітіріп шығады. Бала Мұсаның зеректігі мен алғырлығының нәтижесінде орыс тіліне де жетіктігі романда айтылады. Одан кейін азан шақырып қойған атынан да айырылады. Қазақта мақал бар емес пе “тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “басқа пәле тілден” деген. Қараңғылық кернеп, дүмше қазақ даласындағы көзі ашық, көкірегі ояу жанның өзі анау ел билеген ақсүйектерге жат көрінген заман. Ауыл сыртынан аттан түспей әндетіп өткені үшін сабап, үш күнге байлап қойғанда да Мұса тілін тартпайды. Осы кезде “Ақсиса” әні туады. Тіпті ауылынан екінші рет қашып кетіп баяғы ноғай саудагерінің үйінде отырған жерінен Мұсаны ұстап алып, айдауға жіберілгенде де тілін тартпай, Мұстафаның сүйегіне дақ түсіріп кетеді. Тобылға он екі жылға айдалып, орыс адвокаттың үйінің малайы боп жүре осы Рубановтың көмегімен бір жарым жылдан соң түрмеден шығады. Баяғы Шоқанның көмегінің арқасында алған білімінің нәтижесінде патша ағзамның Санкт-Петербургқа шақыруымен Черняев отрядында қызмет істейді. Бұлардың мақсаты – бүкіл далаға экспедиция жүргізу еді. Осы жолда Айтжанмен танысып отау құрады. Одан үш нәресте көреді. Бірақ құдай тағала рақат тіршілікті Жаяудың маңдайына жазбапты. Қосылған жары үшінші ұлы Саттарды өмірге әкелгесін көз жұмады. Романның соңында ел билеген Мұстафа да, Мұса да қайтыс болады. Жаяудың қанша қысым көріп, қиыншылықты осы ел билеушілерден жазасын алса да, мейірімді әрі кешірімді жүрегін өлгеннен кейінгі естірту айтып келгендерге айтқан сөзінен байқауға болады. Ол : “Ата жауым еді, жатқанынан тұрмасын, мүрдем кетсін” деген жоқ, “алысуға да, арпалысуға да тұратын, аузы алты қарыс арыстан еді, алыссаң сондаймен алыс, өзіңнің де кім екенің көрінеді. Иманы саламат болсын”, - дейді. Өзі қатықсыз қара су ішіп отырса да Мұстафаның ұрпақтарының “аталарымыздың сізге істеген қиянаты үшін” деп айдап әкелген үш құлынды биесінде қайтарып жібергені Жаяудың ерлігі емес пе? Бала болып әке-шешенің мейір-шапағатын көрмеген Жаяу баяғы жоқшылықтың кесірінен өз балаларын да бауырына баса алмай, інілеріне бөліп береді. Өмірде қаншама қиыншылықты көрсе де, “мынауым басшыларға жақпайды екен” деген жоқ, серілік құрып Біржанның, Ақанның ауылында болады. Әрине, “Ақ сисадай” ән төресі шартарапқа тарайды. Тоқсан төрт жасқа келіп өзінің күнделікті Борқы биігінің басына шығып отыратын шағында да, ауыл балаларының аузынан:

“Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,

Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.

Шорманның Мұстафасы атымды алып,

Атандым сол себептен Жаяу Мұса”, - деген

өлеңін естиді.

“Бір елге екі Мұса көп. Шорманның Мұсасы тұрғанда басқа қазақ баласы Мұса бола алмайды. Қояндыдан қой айдап қайтқан ноғай саудагерінің қойының соңынан Қызылжарға жаяу кетті деп естігем. Сен мұнан былай “Жаяу” атанасың”, - деген Шорманның Мұстафасының келісімі қандай ақылға сыяды?

Әділетсіздікке қарсы жанын шүберекке түйіп, қорлыққа қарсы тілі мен үнін құрал ғып шайқасып өткен адамның тұтастай өмірінің бүге-шігесін жазушы романда нанымды суреттеген. Жаяудың қалай қайтыс болғандығы жөнінде айтылмайды, баяғы әдетімен Борқы биігінің басында отырған кезімен роман аяқталады. Романнан ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласының, саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалын терең түсінеміз.

Әдебиеттер:

1.Нұрғалиев Р. Телағыс. А., 1976.

2. Әбдезұлы Қ. Т. Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы. А., 2001.

3. Әбдезұлы Қ. Әдебиет және өнер. А.,2002.

13-дәріс. Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков,

Ж.Молдағалиев және Р.Тоқтаров

роман-повестерінің көркемдік үлгілері

Мақсаты:Роман, хикаят жанрларының ерекшелігін саралау. Кейіпкерлер жүйесі

Сұрақтар:

1. Ә.Тарази. «Бұлтқа салған ұясын» романы.

2. Қ.Ысқақов. «Ақсу – жер жаннаты» романы

3. Р.Тоқтаров. «Абайдың құпиясы» романы.

Дәріс мәтіні (тезис)

Ә.Таразидің “Бұлтқа салған ұясын” (“Тас жарған”) романындағы Омар ойының алғырлығы, дүниетанымының кеңдігі Кеңістікті еске түсіреді. “Мұхитта кейде бір қызық құбылыстар болады екен: судың беті тып-тыныш, жыбырлап қана момақан жатады, ал терең тұңғиықта жүздеген шақырымға созылған ағыстар ондаған айдаһар бір арада кездесіп майдан ашқандай айқасып, бұлқынысып, бірін-бірі буындырып, тозақ биін билеп жатады. Соңғы кезде тапқан Омардың жайдары, жадыраңқы қалпының тереңі де сондай еді: Ұлмекен”, - деп жазады Ш.Мұртаза.

Адам өлерінің алдында немесе басына қиын-қыстау күн туғанда, тіршіліктің қым-қуат қарекетімен сабылып жүрген замандастарындай емес, өзінің ең бір қимас асылын немесе балалық шақтағы сәбилік, күнәдан пәк, періштеден таза кезін, болмаса адамның санасына сәби кезінде сіңіп, мәңгі-бақи орын тепкен оқиғаларды, мифтерді немесе естіген ертегісін еске алатыны анық. Жазушы Тарази осы жайтты шебер меңгеріп, Уақыт пен Кеңістік проблемасына өзгеше үңіле білген. Романдағы Райгүлдің еске алатын ертегісі – “Ашыл тас”. Ертегі қаһармандары да, оқиға өтетін жер де, яғни, мезгіл мен мекен қамтыған мәселе – бәрі де кешегі уақытта өткен.

Ашыл тасым, ашыл-ай,

Мен қарағымды көрейін,

Дидарына тояйын-ай... (45, 437-б.).

Кешегі ертегі бүгінгі өзін-өзі өлімге қиып тұрған Райгүл қиялында сәл өзгеріске ұшыраған:

Ашыл тасым, ашыл-ай,

Мен Дадамды көрейін,

Нахақ жарығымның

Дидарына тояйын!

Дада-Аспанбай – көңілі таза, өзгеше жан. Жазушы оған ғарыш (космос) адамының сипатын дарытқан. Кешегі Уақыттың ертегісінде ағасы қарындасын, лаққа айналып кеткен мұңлық қызды іздеп, зарласа, бүгінгі Уақыттың ағымындағы Райгүл Аспанбайды сағынады, ет-жүрегі елжіреп, онымен қоштасады.

Романдағы көптеген кейіпкерлердің іс-әрекетіне, сөзіне, ойына философиялық тұрғыдан келген Әкім Тарази Омардай күрделі тұлғаға да өткенді еске алу, онда да жан әлемінде, санасында ірі өзгерістер тудыратын жайттарды сіңіре отырып, Уақыт пен Кеңістікке бүгінгі мезгіл мінбесінен үңілуге тырысады.

Неге ғана кешегі Уақыттағы бір сурет бүгінгі жігіт ағасы болып қалған Омардың мәңгі-бақи есінен кетпейді?

“Иә, құдай! Тірі болса Балапанның өзі разы болсын, өлген болса – аруағы разы болсын, қидым жас жанымды, мына жетімекті аман қалдыр, алар болсаң – ал мені, мені ал, мені ал! Қидым жанымды, қидым! Ал енді, айналдым, айналдым! Қидым жас өмірімді!

Сөйдеді де шашы жалбырап, ақырын жылжып, Омарды үш рет айналып шықты”.

Бір облыстың бірінші басшысы, тағдыр тауқыметін аз ғана уақыттың ішінде біршама бастан кешіп үлгерген Омардың мәңгі-бақи есінде қалғаны – шашы жалбырап, өзін айналып жүрген анасы. Жанындағы қыруар адамды таң қалдырып, вертолетті де сол кешегі Уақыттағы оқиға өткен жерге қондыруы – санада мәңгі-бақи сақталып қалған кешегі суреттің әсері. Кешегі сурет, кешегі Уақыт Омардың өле-өлгенше санасынан өшпек емес. Уақыт та, Кеңістік те шексіз болғанымен, Уақыт та еш уақытта тоқтауды білмегенімен Омар санасындағы сол сурет, сол оқиға бүгінгі Уақыттың өлшемі сияқты. Даналық пен надандықты, ізгілік пен зұлымдықты, жақсылық пен жамандықты, әсемдік пен көріксіздікті Уақыт пен Кеңістік сияқты аса күрделі философиялық категориялардан іздестірсек, солармен тығыз бірлікте, байланыста алып зерделесек, жоғарыдағы қарама-қарсылықтар бірінсіз-бірі өмір сүрмейтінін Гераклит осыдан, шамамен, екі жарым мың жылдай бұрын дәлелдеп кеткен. Жақсылықтың қарама-қарсы баламасы – Жамандық. Бұл қарама-қарсылықтардың, бірі жойылса, екіншісінің қажеті бола қояр ма екен?... Сірә, қандай құбылыс болсын, оны біртұтас бірлікте көрудің мән-маңызы айрықша болса керек.

“Тас жарғанның” бас қаһарманы Омар “қаршадай баланы атып өлтірді” деген жаланың тұсында жүнжіп, күйремейді. Керісінше, “қызмет”, “жұмыс” деп жүрген күнделікті тауқыметінен аз да болса босағандай, ендігі бос уақытын өзін-өзі сынауға, басқа уақытта уақыт жетпегендіктен түп-тамырына жете алмай жүрген қыруар сұрақтарына жауап іздеуге жұмсайды, өз мүмкіндіктерін, өзінің күш-жігерін барлауға бағыштайды. Омар – күрделі тұлға, депутат, басшы, жан-жақты жетілген, білімдар инженер, түр-тұлғасы да аса сымбатты азамат. Оның көп қылықтары коммунистік мораль, идеология рухында тәрбиеленген оқырман үшін оғаш көрінеді. Ұлмекенмен байланысы, купеде бейбас бұзақылармен төбелесуі, милиционер жігіттің зәресін алып, адамды ойланбай жұтатын өзен оппасына сүңгіп кетуі, аңшылықтың нәтижесінде опық жесе де, жақсы мылтыққа құмар болуы т.б. қылықтары бір түрлі әсер тудырады.

Ә.Таразидің стилі туралы сөз еткенде, “Тас жарғандағы” Аспанбай образының тиімді алынғанын айттық. Жер бетінде тіршілік етіп жатқан миллиондаған, миллиардтаған адамдар өз қылығына өздері есеп беріп жата ма? Адам деген жаратынды алдында не нәрсе күтіп тұрғанын біле ме? Немесе сол адам бақыт деген ұғымның өзін толықтай танып біле ме? Адам өмірінің мән-маңызы неде? Мүмкін, оның бұлтартпас қағидасы, заңдылығы, ережесі бар шығар? Адам сол қағидаларды орындамағандықтан бақытсыздыққа душар болып жүрген шығар?

Міне, Аспанбайдың ой-түсінігі, толғам-талпынысы – бәрі-бәрі жер бетіндегі адамдардан өзгешелеу көрінгендіктен бе, автордың стилі оның идеясымен шебер ұштасқан. Аспанбай бейнесі ғарыштық, басқа планетаның адамдарына көбірек келіңкірейді.

Жалпы, қыбырлап, жер басып жүрген адамдарға сын көзімен қарау, олар білмейтін, сезбейтін жайттарды алдын-ала біліп отыратын образды жасау, сондықтан да ғарыштық адамға, ғарыштың өзіне қол созу - Ә.Тарази стиліне тән қасиеттер.

Ұлмекеннің терең тербеністен, ұзақ толғаныстан соң туған мына сөздері және авторлық баяндау – осы ойларымыздың нақты дәлелі.

“... Ай өтер, жыл өтер, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған қатын екеніме көзің жетер, жылатып кеткен жарыңды, зарлатып кеткен перзентіңді сонда ойларсың. Аһ ұрып ойларсың. Айтпасаң да ішіңде жатар. Ол өмір бола ма? Омаржан бүгінгі түніміз ақтық түн, ақырғы түн. Мен сенімен қоштасуға келдім. Сен де менімен қоштас. Қайда жүрсең де тілектесің боламын. Тек – тілектесің. Көмекшің болмаймын, бола алмаймын. Сүйемін, сүйемін, сүйемін. Сүйгендіктен енді сенімен қоштасамын. Мені енді жайыма қалдыр. Тірі мүгедек күйеуімді ая... от пен мұздың арасында енді мені күйдірме, азаптама, қалдыр, қалдырып, өз жөніңе кет, өтінемін. Жалынамын”. Бұл – Ұлмекеннің сөзі.

“... Енді мен көретін қызық қалмады дегендей Ғарыш та сығырайған жалғыз көзін жұмыпты”.

Бұл – авторлық баяндау, автор сөзі.

Асылы, шетінен романтик, бірдеңені іздеп жүретін, көп нәрсені білгісі кеп жүретін кейіпкерлерін бейнелегенде автор стилінде байқалатын ойнақылық, шымырлық, сол қаһармандардың “от пен мұздың арасында” тұрғанын суреттеу барысында, солардың толғанысын, тебіренісін, жүрек сөзін, сырын беру барысында үлкен салмаққа, ойлылыққа ие болады. Осынау екі сипат жазушыға өз кейіпкерлерінің ішкі әлеміне, жан дүниесіне үңілуде, “әр адамның жанында ашылмай жатқан кенді” жарқыратып көрсетуде ұтымды үйлесім тапқан.

60-80-інші жылдардағы қазақ әдебиетінің талантты өкілдерінің бірі – Қалихан Ысқақов. Жазушының қаламынан туған “Ақсу – жер жаннаты” (“Қара орманның” жаңа нұсқасы) романы қазақ әдебиетіне қосылған елеулі туындылар болып табылады.

“Ақсу – жер жаннатының” жазушы өмірден таңдап алған құбылысы – тақырыптан, алдына қойған мақсаты, айтпақ ойы – идеядан туындаған сюжеттік-композициялық құрылымы аса мықты характерлерді ашуға қызмет етіп тұр.

Жазушы Қ.Ысқақовтың “Ақсу – жер жаннаты” романындағы Бекет дүниені, өмірді, адамды танып-білсем екен деп талпынған азамат. Алуан түрлі кейіпкерлер, олардың тіршілігі, қым-қуыт тағдырлары және романның проблема етіп көтеріп тұрған мәселесінің маңыздылығы – бәрі-бәрі шығармаға кең тыныстылық қана беріп тұрған жоқ, сонымен қатар әлі де жалғасын табар, әлі де жазылар сұлбасын танытқандай. Оқырманның жазушы шеберлігіне тәнті болып, одан әлі де болса туынды күтері сөзсіз. Бұл жайды сыншы Т.Тоқбергенов өте ұтымды жеткізген. “Романның соңғы нұсқасы жазылып бітті, көптен ойда жүрген үлкен тірлік талай толқыманы өткеріп, әу баста діттеген жеріне жетті дер болса, онда роман осымен тәмам. Алайда, шығарма, біздіңше, тағы жалғасатын тәрізді. Неге екенін қайдам, Сиғаттың орнын басқан Бекет тағдыры енді ашылатындай. Соған байланысты кейіпкерлер әулиетінің сексенінші жылдардағы ұрпағы өз-өзінен жаңа романға сұранып тұрған сыңайы бар. Бекетпен басталып, Бекетпен аяқталған романның ендігі жалғасы да сол Бекет болатын нобайы көрініп тұрғандай” деп жазады сыншы Т.Тоқбергенов.

Бекет өзін-өзі танып бітті ме? Өзгелерді ше? Әлі ешкім де толықтай танып, біліп, түбіне жетпеген әлемді, дүниені, ондағы адамдарды, сол адамдардың өмір сүрудегі мақсатын, мүддесін таным зердесінен өткізе алды ма?

60-80-інші жылдары дүниеге келген қазақ романдары осынау проблемаларға тереңірек үңілді, соның нәтижесінде шығармаларында философиялық сипат пайда болды, ал бұның өзі сол кезеңдегі ерекше бір әдеби ағымды аңғартады дегенді жоғарыда айтып өткенбіз. Сондықтан да “Ақсу – жер жаннаты” романы, мәселеге осы тұрғыдан келсек, әлі де айтары бар, мейлі Бекет болар, мейлі Бекеттің қазіргі кезеңдегі ізбасары болар, әйтеуір жалғасы бар шығарма болып көрінеді де тұрады. Мына бір пікірді келтіре кеткеніміз орынды.

Адам өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс тұра алмайды. Мәселе адамның сол қоғамның заңдылығын үнсіз мақұлдап, ессіз орындауында немесе қоғамдағы қарама-қайшылықтарды терең түсініп, оның өміріне үнсіз бас шұлғудың орнына, өз пікірін, өз ойын іркілмей айтып, қайыспай қарсы тұруында болса керек. Тереңірек үңілсек, Қ.Ысқақов романының мазмұны – сұлу Алтайдың әсем табиғатын қалайда болашақ ұрпаққа бүлдірмей, мұра-мирас етіп қалдырамыз деген ниеттен туындап, пішініне адамның түрлі драмалық жағдайлары, тебіреніс, толғанысын бейнелейтін психологиялық, философиялық сипаттар арқау болған.

Романда бірінші бөлімнің бірінші тарауындағы мына сурет жазушының өзіндік жазу машығын ғана әйгілеп тұрған жоқ, сонымен бірге Бекеттің болсын, басқа да қаһармандардың болсын, күрделі өмір жолын көрсетеді, сол арқылы жер басып жүрген барша адамзаттың ғұмырын, тағдыр-талайындағы күнгейі мен көлеңкесі, күндізі мен түні, ақ-қарасы, қуанышы мен реніші толы сапарын да байқатады.

“Мұз астында тып-тыныш қыстап шыққан Күлмес өзені әр жерінен үзік-үзік тесіле бастаған екен, жар жағасындағы жалғыз көшенің біркелкі ағаш үйлері бір түннің ішінде шатыры мыжырайып, ескіріп қалыпты. Қыштан соққан екі қабат қос орда қоймен бірге жайылған бозқасқа есектей одырайып көрінген, олардың ауданның ақсүйек мекемелері екенін Бекет штукатурлы кәрі келіншектей сәңқой сырт пошымынан-ақ танып отыр. Ел-жұрттан екі-үш шақырым қашып шығып, ұлтарақтай жазықтың дәл ортасына жалпая кеп қонған аэропорттың қортық тамы да жым-жырт жусап тұр. Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қайтып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақ жол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бос жатыр. Өзек талдырып, өмір өксіткен уәйімшіл бір тыныштық бар қуатыңды құмарлығымен қоса қақтай сауып тауысқан нәумез шақ. Сен жұртқа, жұрт саған жексұрын көрінетін сияқты”.

Шығармада Бекет араласқан, Бекет қарым-қатынас жасаған барша кейіпкерлердің әрқайсысы бас қаһарман үшін өмірді танытқыш мектеп десе болғандай. Романдағы барлық сюжеттік желі осынау адамдардың мінездерінен, бір қарағанда оғаш, ожар сөздері мен іс-әрекет, пиғыл-пейілдерінен бастау алған. Жанжігіт қарт, Асхат, Сиғат, Жақып, Мешел, Бескемпір т.б. романдағы тұлғалар жеке, дара, дербес сюжеттік желілерге арқау болғандай әсер қалдырады.

Роман сюжетіндегі барлық образдар бет пердесін сыпырып тастап, шынайы пиғылымен көрініп тұрғандай. Боқтау сөз айтсын, ожар қылық көрсетсін, бір қарағанда, оспадар жандардай әсер қалдыратын осынау қаһармандар сюжеттік-композициялық құрылымға ширақтық, өткірлік берген. Көптеген қаһармандардың өткен ғұмырын, әсіресе, жастық шағын елжірей еске алуы, сол бір балауса, кіршіксіз таза кезіндегі сырлы сезіміне бүгінгі уақыттың биігінен көз салуы композицияға айрықша үйлесімділік дарытқан.

Балалық балғын шақ, бәрінен бұрын, адамның табиғат – анамен байланысының ең бір берік кезеңі, ол кезең шындық пен қиял арасына қойылатын шекараның бәлендей байқалмайтын сәтімен ерекшеленеді. Сондықтан да сюжеттік желідегі әр қаһарманның сонау алыста қалған сол бір қимас кезеңіне үн қатуы, сонымен жүздесуі, қиял дүниесіне енуі лирикалық шегіністермен ұтымды берілген. Ал мұның өзі романның пішініне лирикалық сарын енгізген.

Ожар, оспадар, дөрекі көрінетін қаһармандар роман сюжетінде біртін-біртін бар болмысымен көрініп, характерлері ашыла түседі. Сюжетке қатысты нәрсе – тартыс десек, сол тартыс адам-табиғат-қоғам деген ұғымдардың төңірегінен табылады екен. Сондықтан да көп кейіпкердің өмірдегі өз орнын табуға талпынуын оқиға желілерінен қапысыз аңғарасыз.

“Ақсу – жер жаннатындағы” қаһармандарды да бірін Алтай табиғатының жанашырлары деп, бірін табиғатты таптап, ақшаның, табыстың көзіне айналдырғысы келгендер деп қарау керек. Осы жайттан бастау алған тартыс сюжеттік желіге арқау болған.

Қ.Ысқақов романындағы “Бекеттің құлағында: “тігерге тұяқ қалдырмай қырып салды” деген жалғыз сөз ғана. Қадап айтқан жалғыз сөз миына мірдің оғындай қадалып, жар басындағы көгендеулі көп шамнан жаны түршікті де, Жанжігіттен көзін жасырар кең дүниеден алданыш таппады. Қасына жақындай баруға қаймыққан. Он тоғызыншы ғасырдың мұрасынан қалған тірі экспонаттың жалғыз нұсқасының жүзіне қарауға тіксініп еді”, - деген жолдар бүкіл сюжеттік желіге арқау болып тұр. Өзгені білсем екен, өзімді-өзім танысам екен деген жігіт алдымен өзі дүниеге келген жылы ұясын, жақындарын танып білді ме? Осы жайттар үлкен мақсат жолында жүрген бас қаһарманның тартыс сахнасына, күрес жолына шығуына себепкер болып, роман сюжеті барынша өткірлене түскен.

Романның соңындағы “...Төркіндеп келген кәрі кемпірдей ырғалып-жырғалып ақсирақ қоян жылы Алтай өңірінен әлі де қайтқан жоқ еді...” деген сөйлем шығарманың соңғы түйіні, эпилогы сияқты әсер қалдырғанымен, өмірдің ешуақытта тоқтауды білмейтінін, уақыттың кідіруді көтермейтінін, адам бар жерде тіршілік бар, тіршілік бар жерде адамдардың көші бар, күрес бар, тартыс бар деген өмірдің ұлы заңын, ұлы философиясын алға тартқандай болып көрінеді.

1935 жылы 13 қаңтарда Павлодар қаласында туған. Алматыдағы шет тілдер институтының француз тілі факультетін бітірген. Жарық көрген шығармалары: “Ертіс мұхитқа құяды” – роман (1962), “Бақыт” – роман (1965), “Терістіктің шұғыласы”- повестер мен әңгімелер (1976), “Тұлпардың сыны” – роман (1975), “Жердің үлгісі” – роман (1979), “Сусамыр” – роман (1985), “Таңбалы жарғақтың құпиясы” – роман (1991), “Абайдың жұмбағы” – роман-хамса, Алматы, “Әл-Фараби”, 1999, 47 б.т. Орыс тіліне аударылғаны: “Иртыш впадает в океан” – роман в 2-х томах. І-том 1968, ІІ-том 1969.

Жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің Абай туралы жаңа шығармасын роман-хамса деп атапты. Бұл – жаңалық. Бізде роман сынды күрделі жанрдың неше түрлі үлгісі бар. Екі томдық дилогия, үш томдық трилогия, төрт томдық эпопея бізге бұрыннан таныс болатын. Тоқтаров енді бес кітаптан тұратын кесек туынды ұсынып отыр. Оған жоғарыда айтқанымыздай, роман-хамса деген айдар тағыпты. Екінші жаңалығы – бұл шығарма өзге емес, ұлы Абай туралы. Міне, осы тұста алдымен басын ашып алатын бір мәселе бар.

Бізде Абай өмірінен жазылған ұлы классигіміз Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі эпопеясы бар. Сол еңбегі арқылы М.Әуезов өзін де, Абайды да бүкіл дүние жүзіне танытты. Осы шығарма арқылы біздің бәріміздің жадымызда қалыптасқан ұлы ақынның бедерлі бейнесі қалды.

Ендеше бұл хамсаның өмірге жолдама алуға хақысы бар ма? Бақсақ, әбден бар екен. Ол турасында шығарманың прологындағы автордың бірсыпыра дәйекті дәлелдерінің біреуін ғана келтірейік.

“Әр дәуір, заман талабы оның ғарышты кезген өз уақытының мерейі үстем Абайын сомдай береріне шүбә келтіріп болмас”, - дейді ол.

Енді осы тұжырымды біз де өзімізше таратып көрейік.

Абай біз үшін ұлы ұстаз, кемеңгер ақын, данышпан ойшыл. Халқымыздың рухани көсемі. Оның өзі де, сөзі де, өсиеті де мәңгілік. Қазақ қазақ болып тұрғанда, Абай аты өшпейді. Абай сөзі өлмейді.

Бірақ заман өзгереді ғой. Оның ғылым-білімі, ой-санасы, өмір салты өседі. Жаңа сапаға көшеді, жаңа сатыға көтеріледі. Сонда, жаңағы Тоқтаровша айтқанда, әрдайым мерейі үстем болып қала беретін Абайы да өзгеруі керек қой.

Тіпті Абайдың өзі мен сөзі өзгермесе де, өскен, өзгерген қазақтың оны ұғынуы, түсінуі жаңаша болмай ма? Демек, Абай оларға әрдайым жаңа бір қырларынан ашылуы біздің Абайымыз, мәңгілік Абайымыз, әр заманда оның өзіндік төл Абайы болады дейтініміз де сондықтан болса керек.

Роман-хамсада Әуезовпен бәсекелесу де, оны қайталау да, әсіресе Әуезовті қайта қарау әрекеттері де атымен жоқ. Мұнда үлкен өмірдің біз білетін-білмейтін өзгеше бір қырларын ашу, өзгеше бір деректерін діттеу, өзгеше бір оқиғаларын баяндау, соларды келістіре суреттеу арқылы бұрын білетін Абайдың бұған дейін білмей келген жаңа бір бейнесін мүсіндеп шыққан көркем хикая бар. Соның барлық өткелегінен өтіп келгенде, біз жарық дүниеге шыр етіп келген сәби күнінен бастап бақиға аттанған қайғылы сағатына дейінгі 59 жыл өміріне түп-түгел куә болып, көз алдымызға таныс Абайдың бұрын өзіміз көрмеген бейтаныс әулие бейнесін елестетеміз.

Роман-хамса әрқайсысы өз өрісімен дамып, өзгеше тынысын тауып отыратын бес бөлімнен, яғни бес кітаптан тұрады. Әрқайсысының дем-тынысы өзінде, бас-аяғы бүтін дербес хикая. Олардағы оқиға өзегін ұстап тұрған негізгі кейіпкерлері кітап тақырыбының астында жақшаға алып көрсетілген:

  1. Толғақ (Кенесары – Құнанбай – Қодар).

  2. Жұлдыз құрбандық (Шоқан, Достоевский, Құдайберді).

  3. Қызғаныш (Халиолла, Михаэлис, Шәкәрім).

  4. Хақиқат мекені (Саққұлақ шешен, Мұса мырза, Дологополов).

  5. Нұрсипат (Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов, Мағауия).

Осы бес кітаптағы баяндалатын оқиғалардың барлығына ортақ өзек те, ондағы адамдардың бірімен-бірін байланыстырып отыратын дәнекер де, оларды бір кітаптан екінші кітапқа ауыстырып отыратын өткел де – Абай, соның өмірі.

Жақша ішінде аты аталған адамдардың бәрі де тарихи тұлғалар. Олардың бірсыпырасы, өздеріңізге мәлім, Абайдан бұрынырақ өмір сүрген, яғни өмірге одан ертерек келген. Бірақ, ескінің көзіндей болып Абай заманына дейін жеткен солардың әрқайсысында, олардың ісі мен сөзінде алдыңғы заманның, яғни ғасырдың алғашқы жартысындағы оқиғалардың жаңғырығы бар. Ал, қалғандары болса Абайдың өз тұстастары, ғасырдың екінші жартысында жасаған, сол кезеңнің өз өкілдері. Сөйтіп, бұл роман-хамсада Абайдың өзі өмір кешкен соңғы елу жыл ғана емес, бүкіл ХІХ ғасырдың дем-тынысы бар.

Әрине, осынау шағын мақаланың аясында кітаптағы Абай өмірін толығынан таратып айтып шығу еш мүмкін емес.

Сондықтан да біздің бір ғана жайтқа, Шоқан мен Абайдың кездесуіне ғана тоқталып өткеніміз жөн шығар. Өткен ғасырдағы үш алыбымыз, үш арысымыз Ыбырай, Шоқан, Абай үшеуінің жас шамасы деңгейлес бола тұрып, олардың қазақ даласының бір өңірінде туып, бірін-бірі көрмей-білмей кеткені біз үшін орны толмайтын өкініш еді. Бұл жай ғана өкініш емес, тағдырдың өзі маңдайымызға жазып тұрып, таңдайымызға татырмаған, құдайдың өзі беріп тұрып, пешенемізге бұйырмай кеткен сыбағамыз. Әсіресе, қазіргі Қостанай облысының жерінде, бір ғана Тобыл мен Обаған өзендерінің арасында туып, бірімен-бірі кездесе алмаған Ыбырай мен Шоқан, немесе Семейдің топырағын қатар басып жүріп, бірін-бірі сырттай ести жүріп жүздесе алмаған Шоқан мен Абай араларында айтылмай кеткен сөздер біздің аузымыздан жырылып түскен несібеміз еді.

Рамазан Тоқтаров өзінің осы романында әлгі оқпандай олқылықтың бір қуысын толтыруға әрекет жасапты.

Ол Абай мен Шоқанды кездестіреді. Бір емес, үш мәрте. Алғашында кадет корпусын бітірген жас офицер Шоқан әкесімен бірге Құнанбай ауылына келеді. Сонда алғыр дарыны мен зерек зейінін аңғарған он жасар Абайды ұнатып қалып, келесі жылы Семей медресесіне әдейі іздеп барады. Қасында досы Достоевский бар. Үшінші жолы Шоқан Атбасарда болыс сайлауына түсіп жатқанда Абай әкесіне еріп барып жүздеседі. Осының үшеуінде де Шоқанның Абайға аңқылдаған ақ көңілден айтқан ағалық ақылы мен ақ тілегі: оқы, ғылымға тереңдеп сүңгі, сонда өмірге көзің ашылады. Ақындық өнеріңді дамыта бер, әбден ойланып барып, қағазға түсіріп жаз, сонда өлмейтін өнерің ұрпақтарға қалады.

Осы ақыл Абайдың бүкіл өмір бойына көкейінде мәңгілік орнап қалған өсиет сөздері болады да, Шоқанның жарқын бейнесі мұның көз алдында асқан адамгершіліктің үлгісі ретінде үнемі елес беріп жүреді.

Өмірде кездеспесе де кездесуі әбден мүмкін адамдардың бір-біріне ыстық ықыласын осылай шындыққа айналдырған жазушы қиялы барынша құрметтеуге лайық деп ойлаймын.

Жас Абайға осы үшеуінен кейін қатты әсер еткен бір адам – ел ішінде Шайхы атанып кеткен Дәулетбай қажы. Ол мұсылманша терең білімді, Шығыс ғұламалары мен ақындарының мұрасына жетік және сол білгенін халықтың игілігіне қалтқысыз жұмсап жүрген бір елгезек, жанкешті кісі.

Сол Шайхы ата Абайдың медреседе оқып жүргенде Шығыстың жеті жұлдызын өзіне пір санап, солардан медет тілеп жазған бір шумақ өлеңінен Шәмсиді ерекше бөліп алып, сол жайында Абайға көп-көп әңгіме айтады.

Толық ныспысы Шәмсиден Гебризи атанған бұл ғұлама кезінде Жәлелдин Ұрыми сынды әйгілі ақынды тәрбиелеп шығарғанын жырдай қылып баяндайды. Өлер алдында өзі Абайға дәл сондай ұстаз табуды, ондай адам кездесе қалса, ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарамай, шынайы жебеушім деп қабыл алуды өсиет етеді. Көп ұзамай, дәл сондай ғұлама ұстаз бұған нәсіп болатынын болжап айтады.

Айтқандай-ақ, Абайға ондай ұстаз кездеседі. Ол – кәдімгі өзіміз білетін қадірменді Евгений Михаэлис.

“Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис” деп Абайдың өзі мойындаған бұл кісінің ақынға деген шынайы достық ықыласы мен білімдарлық ыждаһаты романда мейлінше сыпайы ізеттілікпен өте тартымды суреттеледі. Жалғыз Михаэлис емес, одан бұрын-соңды таныс-біліс болған орыстың зиялы адамдары атап айтқанда, сол Михаэлиспен рухани туыс Долгополов, Гросс, Коншиндерден бастап, әртүрлі лауазымдағы интеллигент шенеуніктер: заңгер Лосовский, ояз бастығы Измаилов, генералдар Цеклинский, Колпаковский, белгілі ғалым Потаниндерге дейін әрқайсысы өз кезегімен Абайға иіліп ілтипат білдіреді. Соған орай, олармен араласа жүре, ой-пікір алыса жүре, Абай да өзінің табиғи даналығын, білім деңгейінің өскендігін көз алдарында танытып отырады. Солардың ерекше сый-құрметіне бөленеді.

Романда Абайдың азаматтық, адамгершілік бейнесінің ерекше жарқырап, жайнай көрінетін данышпандық тұлғасының, ақындық дарынының ерекше кемелденген тұстары көп-ақ. Оның Михаэлиске еріп, Ұлытауға баруы, сол жерде қазақ тарихынан терең тебірене сөз сөйлеуі, сол үшін әкімшілік орындарына сезікті көрініп, Омбыға апарылуы, онда губерниялық сот мәжілісінде не бір маңғазданған қасқалар мен жайсаңдар алдында көсіле сөйлеп, бәрінен мойын оздыруы, сөйтіп, өзін ақтап шығу үстіне билік орнындағы әкімдерден құрметке бөленуі, Әз Тәукенің “Жеті жарғысы” мен Шоқанның сот реформасы негізінде қазақ даласын басқарудың тұтас бір жүйесін жасап беруі, т.б. оқиғалар – ел алдында, жоғары әкімшілік орындары алдында Абай беделінің асқақтап көтерілуіне айқын айғақтар болып көрінеді.

Жинақтап айтқанда, Рамазан Тоқтаровтың бұл туындысы қазіргі қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес. Көркемдік дәрежесі жоғары, мазмұны бай, ұлы Абай бейнесін өз заманының мәнді оқиғаларымен, көкейкесті проблемаларымен табиғи байланыстыра отырып, шынайы суреткер шеберлігімен сомдаған бағалы туынды. Әсіресе, Рамазанның тіл байлығы, суреттеу шеберлігі, кейіпкер бейнесін сомдау машығы оқырманды ерекше тәнті етеді. Сондықтан бұл ірі шығармаға Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың берілуі өте орынды болды.