Мағжан Жұмабаев
Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей.
Тұранның егі-шексіз шөлі қандай,
Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!
Тұранның дария аталған өзендер:
Тасыса, шөлді басқан селі қандай!
Тұранның таулары бар аспанға асқан,
Мәңгіге басын аппақ шаштар басқан.
Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ,
Жаралып таудан аққан салқын жастан.
Шөлдер бар, жел де жүрмес,сап-сары құм,
Моладай ешбір үн жоқ мәңгі тып-тын.
Болмақ па жан-жануар шексіз шөлде,
Сар құмда салар ойнақпері мен жын.
Тұранның теңіз дерлік көлдері бар,
Шалқыған егі-шетсіз Теңіз,Арал.
Бір шетте қасиетті Ыстықкөлдің
Бауырында дүние көрген түрік көкжал.
Ертеде Оқыс, Яқсарт —Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасында
Табасың қасиетті бабаң бейітін.
Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың
Көкке асқан Хантәңіріге қарай-қарай.
Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы, жер кіндігі - Памир, Алай.
Махамбет
ереуіл атқа ер салмай
ереуіл атқа ер салмай,
егеулі найза қолға алмай,
еңку-еңку жер шалмай,
қоңыр салқын төске алмай,
тебінгі терге шірімеи,
терлігі майдай ерімеи,
алты малта ас болмай,
өзіңнен туған жас бала
сақалы шығып жат болмай,
ат үстінде күн көрмеи,
ашаршылық шөл көрмеи,
өзегі талып ет жемеи,
ер төсектен безінбеи,
ұлы төске ұрынбай,
түн қатып жүріп, түс қашпай,
тебіңгі теріс тағынбай,
темір қазық жастанбай,
қу толағай бастанбай,
ерлердің ісі бітерме?!
Қазтуған жырау
Көрінген мынау көк Нарын
Ойран салып өткен жер.
Маңдайы күнге күймеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Сұлудан басқа сүймеген,
Қамқадан басқа кимеген...
Жауды көрсең жайнаған,
Жай тасындай қайнаған.
Еділде тұрып оқ атса
Жайыққа түсіп жоғалған...
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар
Арқамнан қосым қалар деп,
Ақ дария толқын күшейтер.
Құйрығын күн шалмаған балығым,
Ортамнан ойран салар деп
Жабағалы жас тайлақ,
Жардай атан болған жер.
Жатып қалған бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер.
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең.
Мұхтар Әуезов «Қараш-қараш»
• Бұл ұзақ, әңгімені ертеде араб, латын әріптерімен жарияланған қалпынан автордың түзетіп, өзгерткен жаңа түрі. - Қайран Тектім-ай!.. Алпамсадай арысым едің... Қаңбақтай жеп-жеңіл боп қаусап қалғаның-ау! Қолыма салмағың білінсеші, - деп, ауру жігітті қолына көтерген ағасы енді төсекті жайғап салған әйелі Қатшаның қасына алып келді. Ауру жанды Қатша мен ағасы жертөсекке оң жақ қырынан жатқызды. Көтергенде қатты демігіп, өңі қуарып, әлсіреп қалған ауру жігіт, ерні қыбырлап, сыбырлай сөйледі. Аға мен жеңге оның жүзіне қатар үңілгенде: "Ер арыса -аруақ... " деп, зорға ғана басын изегендей белгі етті. "...Ат арыса - тулақ", - деп, Қатша қайнысын ұққан жай білдіріп, бас изеді де, шерлене күрсініп алды. Бірі ауру, бірі сау екі еркек - ағайынды Бақтығұл, Тектіғұл болғанда, Қатша - жаңа арман айтқан қара мұрт Бақтығұлдың әйелі. Бақтығұл інісінің қасына жамбастай, жақындай отырып, өзінің ең алғаш жаңа ғана айтқан "арысым" деген жайында қадала ойланып, қатты қобалжып қалды. Мұның інісі Тектіғұл анығында бойы биік, кеудесі талыстай дейтін, қол-сирағы ұзын да сом біткен атан жілік азамат еді. Бақтығұл өзі де кесек, балуан денелі, иықты, кеуделі келген де, інісі Тектіғұл бұдан бойға биік, бар сүйегі балғын болатын. Ұзаққа созылған сарауру бүгінгідей әбден мегдетіп келген ағында
Тектіғұл төсек жақтырмай, жамбасы тесіліп қиналғаннан, аға-жеңгеінен сол төсекті күн сайын бір қақтырып, жұмсартып салуға тілек ететін. Жаңа інісін екі қолына балаша құшақтап алып, төсек жөнделгенше көтеріп тұрған Бақтығұл науқасты бар салмағынан айрылған қаңбақтай сезінген. Енді қасына жанаса отырғанда, інісін тағы да бір көтерген басқаша дертті шағы созыла түсіп, есіне келді. Ел ішіне келген қалың сүзектен әке-шеше қатар төсек тартып жығылып, араларына екі-ақ күн салмай, әуелі - шеше, артынан әке өлді. Сонда он алты жасар Бақтығұл он жасар осы Тектіғұлды біресе қолынан жетектеп, біресе шаршағанда арқалап алып, әкесі айтқан нағашы деген ел болмысқа бірнеше күн итшілеп жаяу кезіп, зорға жетіп еді. Содан соңғы көтергені осы екен. Тектіғұлдың да есіне бір күйік түскендей. "Кескен теректей құлатты ғой мені. Қу жоқшылық бір құлатты. Аямас дұспан соққы жазасы әпкетті, міне, -бар дәрменімді...
Нем қалды?.. Тектіғұл ініңнің орнына кімің қалды сенің?!" деп, әлсіз жүзін Бақтығұлға зорға дегенде бұрып; аға-жеңге - екеуіне бірдей кезек көз тастап, соңғы ғана бір, қара өзекті қақ жарғандай шынын айтты. Сыры да
сол. Шерлі шыны: -"Кегім... кегім кетті!.. " - деді де, екі танауы қусырылып, кемсеңдеп тұншыға жылады. Қатты қинала жөтеліп, іргеге қарай құлай аунады.
Дертті жастық нені айтып жатқанын Қатша бұлжытпай түсінген.- Қуарғырлар,
соққысы мен мазағына ұшыратып, дертке шалдықтырса да, керек десе қатпа лақ құрым қалжа да бермеді ғой! Бақтығұл ішінде талай нәрсе кернеп тұрса да, тілге сараң боп:
- Қалжа неге берсін, оны берсе, өзге одан зорғыға да борыштар болам деп жүрген жоқ па қаскей дұспаны, - деді. Үнсіз ғана тұнжырап, қалың қара мұрты еңкейді де, сөзден тыйылды "Одан зорғыға" дегені түсінікті. Егер Тектіғұл осы
дерттен қаза болса, қалжа берген айыпты кісі құнына да жығынды "құныкер"
болар еді. Соны ойлаған дұспан әсте көнсін бе! "Ауру сенен, сенің соққыңнан болды" дегенге бас имесүшін, қалжаны да ауызға алдырмай қойған жоқ.
