- •4. Символикалық праксисті тексеру үлгі, содан соң нұсқау бойынша
- •1874Ж. Вернике осыған ұқсас жаңалық ашты: түсіну мен ми қыртысының
- •20 Ғасырда әр түрлі авторлар дыбыс айтудың бұзылыстарын әр түрлі
- •2) Артикуляторлы негіз қалыптасқан және баламен дыбысты шығару үшін
- •X дыбысының айтылуының бұзылуы хитизм немесе басқа дыбыспен к
- •3 Және ж дыбыстары қалыптасқан соң буын, сөз жаттығулары
- •4.Дыбыс айтудың тотальді бұзылуы.
- •1 Кезең. Оқытудың басында баланың физиологиялық тыныс алуын белгілеу
- •2 Кезең. Екінші кезеңде ауыз арқылы дем шығарудың жаңа түрі
- •70 Жылдары психиатрия саласында невротикалық және неврозға
- •XX ғасырдың 70 жылдарынан бастап арнайы ғылыми әдебиеттерде
- •1Жастан 6-7жасқа дейін ата-аналардың дұрыс сөйлеу үлгісінің балалар үшін
- •1. Жүйке жүйесін сауықтыру.
- •3. Үй жағдайында сөйлеу жұмысын жүргізу
- •1977 Және басқалары) алалияның этиологиясындағы тұқым қуалаушылық,
- •1864 Жылы енгізді. Афазия жөніндегі ілімнің дамуын үш кезеңге бөлуге
- •22 Алаң). Тіл дыбыстарының акустикалық талдау мен жинақтауының
- •1. Акустикалық агнозия мен фонематикалық естуінің дефектісі
- •1. Артикулярлы-акустикалық дисграфия м. Е. Хватцевтің бөлген ауызша
- •2. Фонемді тану бұзылысы негізіндегі дисграфия (фонемді
- •3. Тілдік талдау мен жинақтау бұзылысы салдарындағы дисграфия.
- •4. Аграмматикалық дисграфия р. Е. Левина, и. К. Колпаковская, р. И.
- •29.10.2003Ж. Қр БжҒм №787 бұйрығымен бекітілген арнайы білім
1874Ж. Вернике осыған ұқсас жаңалық ашты: түсіну мен ми қыртысының
белгілі бір бөлігінің сақтаулы болуы арасындағы байланыс. Осы кезден
бастап сөйлеу тілі бұзылыстары мен ми қыртысының белгілі бөліктерінің
морфологиялық өзгерістері өзара байланысты екені дәлелденді.
Сөйлеу тілі бұзылыстары этиологиясы мәселесінің қарқынды дамуы ХХ
ғасырдың 20-ші жылдарында басталды. Осы жылдары ғалымдардың сөйлеу
тіл бұзылыстарын пайда болу себептеріне қарай топтастыруға алғашқы
әрекеттенді. Осылай, С. М. Доброгаев (1922) сөйлеу тілі бұзылыстарының
себептері ретінде «жоғары жүйке жүйесінің ауыруларын», сөйлеу
аппаратының патологиялық өзгерістерін, бала кезіндегі тәрбиенің
жетіспеушілігін, сонымен қатар «ағзаның жалпы невропатиялық күйін»
атайды.
М. Е. Хватцев сөйлеу тіл бұзылыстарының барлық себептерін бір
бірімен тығыз байланыста болатын ішкі және сыртқы деп бөлді. Сонымен
қатар ол органикалық (анатомиялық-физиологиялық, морфологиялық),
функционалды (психогенді), әлеуметтік-психологиялық және
психоневрологиялық себептерді де ажыратты.
Органикалық себептерге бала миының құрсақтағы даму жағдайы, анасының
босанып жатқан кезде зақымдалуы, туылғаннан кейін зақымдалуы және
жетік дамымауы, сонымен қатар перифериялық сөйлеу мүшелерінің әр түрлі
органикалық бұзылыстары жатады. М. Е. Хватцев органикалық орталық (ми
жарақаттары) және органикалық перифериялық (есту мүшелерінің
зақымдалуы, таңдай жарықтары және артикуляциялық аппараттың басқа да
морфологиялық өзгерістері) себептерін белгіледі.
64
М. Е. Хватцев функционалды себептерді И. П. Павловтың орталық
жүйке жүйесіндегі қоздырғыш және тежелу процестерінің арақатынасының
бұзылыстары туралы ілімімен түсіндіреді. Функционалды себептер сөйлеу
аппаратының құрылымын өзгертпейді, тек оның қалыпты жұмысын
(функциясын) бұзады. Мұндай себептерге әр түрлі стресстік жағдайларды,
баланың жүйке жүйесіне әсер ететін ерте жасынан жиі және ұзақ мерзімге
созылған ауыруларды, қоршаған ортасында сөйлеу тілі дұрыс болмауды, т.б.
себептерді жатқызуға болады.
Ұзаққа созылған функционалды бұзылыстар органикалық
бұзылыстарға айналуы мүмкін екенін ескерген жөн. Тағы да айтып кететін
бір жағдай, сөйлеу аппаратының бір бөлігінде кездесетін органикалық
бұзылыстар басқа бөліктерінде екіншіреттік функционалды бұзылыстар
пайда болуына әсер етеді. Мысалы, сөйлеу аппараты құрылымының
органикалық бұзылыстарының салдарынан балада тек дыбыс айтуының
ақаулары байқалады. Бірақ, бала өзінің күнделікті қате айтқан дыбыстарын
естуі сөйлеу-есту анализаторының екіншіреттік функционалды бұзылысына
әкеледі - бала дыбыстың бұзылып айтылуын қалыпты ретінде қабылдайды.
Ал, егер бала сөйлеу барысында бір дыбысты екінші дыбыспен алмастырып
айтатын болса («шананың» орнына «сана»), сауат ашуға үйрету кезінде
үшіншіреттік бұзылыс пайда болуы мүмкін- алмастырып айтылатын
дыбыстар жазуында әріптермен алмастырып жазылады. Нәтижесінде бір
емес, үш кемістікті түзетуге тура келеді.
М. Е. Хватцев органикалық және функционалды, орталық және шеткі
себептердің өзара әрекеттестігіне көңіл аударған. Психоневрологиялық
себептерге ақыл-ойы кемістігін, есінің, зейінінің бұзылуын және басқа да
психикалық қызметтерінің бұзылуын жатқызған. Ол әлеуметтік-психологиялық себептерге аса назар аударған. Бұл себептерді қоршаған
ортаның әр түрлі жағымсыз факторлары деп білген. Сонымен, ол сөйлеу тілі
бұзылыстарының себеп-салдарын анықтауда алғашқы рет диалектикалық
тұрғы негізінде сөйлеу тілі бұзылыстарының этиологиясын түсінуін
дәлелдеді.
Соңғы жылдары биология, эмбриология, теориялық медицина
саласындағы, медициналық генетика, иммунология және басқа да пәндердің
көптеген жетістіктері сөйлеу тілі бұзылыстарының этиологиясы туралы
түсініктерді тереңдетіп, олардың пайда болуында экзогенді (сыртқы) және
эндогенді (ішкі) зияндылықтардың маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік
берді. Сөйлеу тілі бұзылыстарының себептерін ғана біліп қоймай, сонымен
қатар баланың ағзасына әсер ететін жағымсыз факторлардың әсерінен сөйлеу
тіл бұзылыстарының механизмін білу қажет. Бұл сөйлеу бұзылыстарын
түзетуде тиімді жолдары мен әдістерін анықтауға мүмкіндік туғызады.
Сөйлеу тіл бұзылыстарының себептері – ағзаға сөйлеу тілі
бұзылыстарының ерекшеліктерін дәйектейтін сыртқы немесе ішкі зиянды
факторлардың әсері болып табылады.
Бала дамуының қай кезеңінде және қандай жағдайларда сөйлеу тілінің
бұзылыстары пайда болады?
65
Әлі туылмаған баланың сөйлеу тілі дамуына және ауытқуына әсер
ететін жағымсыз факторлар әсерін тигізуі мүмкін. Оны баланың
денсаулығына және сөйлеу тілі дамуына жағымсыз тұқым қуалаушылық
және болашақ ата-аналарының дұрыс емес өмір салты әсер ететінімен
түсіндіруге болады. Балаға ата-аналарынан психикалық-жүйке ерекшеліктері,
сөйлеу аппаратының перифериялық және орталық бөлімдерінің
құрылымының ерекшеліктері (мысалы, артикуляциялық мүшелерінің
құрылымының ерекшеліктері, т.б.) балаға берілуі мүмкін. Бірақ, сөйлеу тілі
бұзылыстары тұқымқуалаушылық арқылы берілетін мәселеге бірдей көзқарас
жоқ.
Ұрықтың іштей қалыпты дамымауы, яғни сөйлеу аппаратының
перифериялық және орталық бөліктері дұрыс қалаптаспауы, келесі жағымсыз
факторлардың салдарынан болуы мүмкін:
• жүктіліктін бірінші-екінші жартылығындағы токсикоздар;
• жүктілік кезіндегі анасының созылмалы ауырулары (тұмау, қызамық,
эндокринды бұзылыстары, бүйрек және жүрек ауырулары, т.б.);
• резус-конфликт;
• анасының жүктілік кезіндегі әр түрлі жарақаттары;
• жағымсыз кәсіби жағдайлар (жоғарыда аталған факторлардан басқа
болашақ анаға ауыр физикалық жүмыс және түнгі ауысымда істеуге
болмайтынын айтқан жөн);
• анасының жүктілік кезінде шылым шегуі және ішімдікке құмар болуы;
• стресстік жағдайлар (ажырасу, жақын адамдарының қаза болуы, т.б.);
• тастанды түсік жасауға әрекеттену, бірақ оның нәтижелі болмауы.
Анасының жүктілік кезінде шылым шегуінің балаға тигізетін әсеріне
ерекше тоқталып кеткен жөн. Көптеген зерттеулер нәтижесінде ғалымдар
шылым шегудің ұрықтың дамуына тигізетін жағымсыз әсерін анықтаған.
Эхографияның көрсеткіштері бойынша, анасының шылым шеккен кезінде
баланың жүрек қағысы жиілейді, ал баланың өз бетімен қимылы (спонтанды)
бірте-бірте тоқталады-бала тұншыға бастайды. Шылым шегетін анадан туған
балалар өмірінің алғашқы 3 айында тыныс алу мүшелерінің ауыруына бейім
болады. Олардың өкпелерінің көлемі шамадан 5% , ал салмағы 70-140
граммға аз болады. Егер анасы күніне 10 шылым (сигарет) шегетін болса,
баланың интелектісінің коэффициенті 9 пунктке төмен болады, өйткені
темекі бас миына баратын оттегін және көректі заттарды азайтады. Соның
нәтижесінде бас мидың дамуына кері әсерін тигізеді. Темекі түтінінің
құрамындағы химиялық элементтер әлі дүниеге келмеген баланың жүйке
жүйесінің дамуына кері әсерін тигізеді.
Баланың құрсақ ішіндегі дамуының кезкелген бұзылыстары босанудың
алдын ала ауыр болуын болжайды. Туатын кезде бала толық дамымаған
болады, сондықтан ол туу процесіне белсенді қатыса алмайды. Осындай
жағдайлар әр түрлі көмекші құралдарды қолдануға мәжбүр етеді. Соның
салдарынан әр түрлі жағымсыз бұзылыстар болуы мүмкін (баланың бас
миінің механикалық зақымдалуына дейін).
66
Баланың ерте жас кезеңінде сөйлеу тілінің қалыптасуына келесі жағдайлар
кері әсерін тигізуі мүмкін:
• бас жарақаттары, ми шайқалуы;
• бас миының асқыну ауырулары (менингит, менингоэнцефалит)
• естуінің төмендеуіне немесе мүлдем естімей қалуына себеп болатын
аяғына дейін емделмеген ортаңғы және ішкі құлағының асқыну
ауырулары
• сөйлеу тілі қалыптасқанға дейін сөйлеу аппаратының перифериялық
бөліктерінің зақымдалуы (әр түрлі жарақаттар, баланың үнемі саусақ
емуінің салдарынан болған тіс және жақ сүйектерінің ауытқулары, т.б.);
• баланың сөйлеу тілі дамуына ересектердің жеткілікті көңіл бөлмеуі
немесе айналасындағы адамдардың сөйлеу тіл ақаулары.
Сонымен, бала өмірінің алғашқы жылдарының жүйке-психикалық
ауырулары әдетте сөйлеу тіл бұзылыстарымен қабаттасады. Осыған
байланысты сөйлеу тілінің қалаптасуындағы ақаулармен қатар оның
қалыптасқан кезіндегі ақауларды ажыратқан заңды.
Сөйлеу тілі бұзылыстарын сараптау барысында баланың сөйлеу жүйесінің
бөліктерінің қарқынды даму кезеңін ескерген маңызды. Бұл кезеңді
«қауіпті» кезең деп атайды. Өйткені бұл кезде экзогенді зияндылықтарды
сөйлеу әрекетінің жүйке механизмінің жоғары жарақаттанғыштығы және
бұзылыстарының қызметі, бұл жағдайда сөйлеу тілінің дамуының «қатерлі»
кезеңі сөйлеу тілі бұзылыстарының бейімдеуші шарты болып келеді.
Сөйлеу тілінің бұзылуының пайда болу себептерін анықтау кезінде
сөйлеу тілінің ақаулығы мен сақтаулы анализаторларының және
коррекциялық жұмыста мүмкін болатын компенсацияның өзара
қатынастығын ескерген жөн.
Сөйлеу тілінің дамуындағы әр түрлі ақауларды ерте жастан
диагностикалаудың маңызы зор. Егер балада сөйлеу тілі ақаулары мектепке
барған кезде немесе бастауыш сыныпта анықталса, олар баланың сабақ
үлгеріміне кері әсерін тигізеді. Ал, егер бұл ақаулар баланың ерте жасында
анықталса, оған көрсетілген медициналық және педагогикалық түзету
жұмысы арқасында мектепте толық бағалы білім алуына мүмкіндік береді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
1. Сөйлеу тілі бұзылыстарының негізгі себептерін атаңыздар.
2. Сөйлеу тілі бұзылыстарының пайда болуының бейімдеуші факторларын
сипаттап беріңіздер.
3. Сөйлеу тілі бұзылыстарының пайда болуында әлеуметтік факторлардың
орны.
4. Сөйлеу тілі бұзылыстарының пайда болуында тұқым қуалаушылық
факторлардың орны.
Ұсынылған әдебиеттер
1. Бадалян Л. О. Невропатология. – М., 1987.
2. Беккер К. П., Совак М. Логопедия. – М., 1981.
67
3. Мастюкова Е. М. Ребенок с отклонениями в развитии. – М., 1992.
4. Логопедия / Қ. Қ.Өмірбекова, Қ. Серкебаев.-Алматы, 1996.
5. Қ. Қ.Өмірбекова Логопедиялық терминологиялық сөздігі. Алматы, 2005
4. Понятийно-терминологический словарь логопеда /В. И. Селиверстовтың
ред. – М. 1997.
5. Хватцев М. Е. Логопедия // Р. И. Лалаева мен С. Н. Шаховскаяның ғылыми
ред. 1кіт. – М., 2010.
6 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІ КЕМІСТІКТЕРІН ТОПТАСТЫРУ
Логопедия ғылымында көп уақытқа дейін шешілмей келе жатқан
мәселелердің бірі - жүйелі ғылыми тұрғыдан тіл кемістіктерін топтастыру
(классификация) болып табылады. Оған бөгет болатын жағдайлар,
біріншіден, тіл кемістіктерінің көптеген түрлерінің кездесуі және олардың
таза, нағыз күйінде кездеспей, күрделі түрде болуы. Сонымен қатар сөйлеу
тіл бұзылыстарының себептеріне деген ғалымдардың көзқарастары әр түрлі
болуы. Осының бәрі тіл кемістіктерін ғылым жүзінде дәлелдеп,
топтастыруды қиындатады. Сондықтан қазіргі таңда сөйлеу тілінің
бұзылыстарын топтастыру мәселесі әлі де өзекті деуге болады.
Логопедия өзінің алғашқы қалыптасу кезінде жеке классификациясы
болмаған және осы классификация жайында мәселе көтерілмеген де. Өйткені
сол кезде логопедия еуропалық медицинаның тіл кемістіктерін зерттеуіндегі
үлкен жетістіктерінің әсерінде болды және ХІХ ғасырдың аяғында ХХ
ғасырдың басында солардың қалыптасқан классификациясына сүйенетін.
Алғашқы классификациялардың бірін Куссмауль (1877) құрастырған. Ол тіл
кемістіктерінің түрлері жайында бұрыннан қалыптасқан көзқарастарға
сындық талдау жасап, тіл кемістіктері туралы түсініктерді жүйелеп,
терминологиясын ретке келтірді. Бұл топтастыру кейіннен клиникалық деп
аталды. Осы топтастыру ХХ ғасырдың басында көптеген шетелдік, рессейлік
ғалымдардың жүргізген зерттеу жұмыстарының модификацияларының
негізіне алынды: В. Олтушевскийдың, Г. Гуцманның, Э. Фрешельстің , С. М.
Доброгаевтың.
Бұл классификациялардың көптеген ортақ белгілері болды:
клиникалық көзқарас, бұзылыстардың түрлерін белгілі біл сырқаттың
түрлерімен байланыстыру (тіл кемістіктерін белгілі бір ауырудың симптомы
ретінде қарастыру), ортақ терминдерді қолдану (көптеген терминдер әлі
күнге дейін қолдануда). Классификациялардың арасында көптеген
сәйкессіздіктер де кездескен. Олардың тіл кемістіктерді топтастыру кезінде
әр қайсысы әр түрлі принциптерге сүйенуі және белгілі бір критерийдің, тіл
кемістіктерін топтастырудың қажеттілігіне бір ынғай көз қарастын болмауы.
Бір де бір автор белгілі бір принципке сүйене отырып топтастыра алмады.
Осыған байланысты сөйлеу тіл бұзылыстарың көрінісі толық емес, кейбір
жағдайда бір-біріне қарама-қайшы көрсетілген болды. Бір топқа жататын
бұзылыстар әр түрлі топта, ал әр түрлі көріністер – бір топқа жатқызылды.
68
ХХ ғасырда неврологияда тіл кемістігінің түрлері жайында көптеген
түсініктер қайта қарастырылды. Логопедия осы тенденциядан шетте қалған
жоқ. Логопедияда М. Е. Хватцев, Ф. А. Рау, кейінірек О. В. Правдина, С. С.
Ляпидевский, Б. М. Гриншпун, т.б. клиникалық топтастыруға көптеген
өзгерістер еңгізді. Бұл өзгерістер терминдерді түсінуінде қайшылық туғызды.
Даму принципіне сүйену және балалардың тіл кемістіктерін терең талдау
барысында даму кезінде пайда болған тіл кемістікті сөйлеу тіл жүйесі
қалыптасқаннан кейін пайда болған тіл кемістігімен бірдей қарастыруға
болмайтындығы дәлелденді. Балаларда кездесетін тіл кемістіктері мен
олардың типологиясы клиникалық топтастырудың негізіне алынған
принциптерден басқа талдау принциптеріне негізделген болуы керек. Бұл
топтастыруда балалар мен ересектердің тіл бұзылыстары ажыратылмаған.
Балаларда кездесетін тіл кемістіктерін талдауының жаңа принциптерін Р.Е.
Левина құрастырып, логопедияның жаңа бөлімінің негізін құрады. Ол
балалар логопедиясы. Балалар логопедиясы педагогикалық ғылым
саласының жеке бөлігіне айланды. Соған қатысты ақаудың бірінші-екінші
реттік критерийлерінің негізінде балалардың сөйлеу тіл бұзылыстарын
түсіндіруде белгілі шектеу еңгізілді.
Ол әртүрлі ақаулары бар балаларда алуан түрлі тіл кемістіктер
арасынан сөйлеу, психологиялық және физиологиялық механизмдерінің
қалыптаспауының немесе ерте онтогенезде бұзылуының салдарынан пайда
болған сөйлеу тілі бұзылыстары бар бастапқы есту, көру, зияты сақтаулы
балаларды өзінің зерттеу нысаны ретінде алған. Р.Е. Левина мұндай
бұзылыстарды бастапқы сөйлеу тілі дамымаған категорияға жатқызған.
Кейін де, сөйлеу тілі бұзылыстарының топтастыру мәселесі бастапқы
бұзылыстарына қатысты қарастырылатын болды.
Дамуында басқа ауытқушылығы бар балалардың сөйлеу тілі бұзылыстары
негізгі, жетекші ауытқушылықпен тығыз байластырылып, зерттелетін болды.
Сөйлеу тілі бұзылыстарын топтастыру мәселесін қарастыру барысында
ғылымдар екі бағытқа бөлініп кетті: бірінші бағыттағы ғалымдар сөйлеу тілі
бұзылыстарының дәстүрлі номенклатурасын сақтап, бірақ оны жаңа
мазмұнмен толықтырса, екінші бағыттағы ғалымдар сөйлеу тілі
бұзылыстарының дәстүрлі номенклатурасынан бас тартып, бұзылыстардың
жаңадан жіктеуін еңгізді.
Сонымен, қазіргі кездегі логопедияда бір-бірін толықтыратын тіл
кемістіктерін топтастырудың екі түрі бар: клиникалық-педагогикалық және
психологиялық-педагогикалық (Р. Е. Левина бойынша).
Аталған классификациялар тіл кемістіктерін топтастыруда әр түрлі көз
қараста болса да, олар бір-біріне қарама-қайшы келмейді, бір-бірін
толықтырады. Өйткені олар логопедиялық көмек көрсету процесінің әр түрлі
міндеттерін шешуге бағытталған. Тіл кемістіктерін топтастыру мәселесі
шетелдік ғалымдардың да назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, АҚШ ғалымы
Бердайнның 1985ж. «Мамандыққа кіріспе» атты кітабі жарық көрді. Мұнда
автор тіл кемістіктерінің классификациясын беріп, оларды келесі топтарға
бөледі:
69
1. артикуляциялық бұзылыстар;
2. дауыстың бұзылуы:
а) дауыстың жоғарлығының бұзылуы:
- дауыстың бұзылуы (ломка)
- дауыстың вариациясының болмауы.
б) дауыстың қаттылығының бұзылуы
в) мұрындық ренкпен сөйлеу (гнусавость)
г) тыныс алудың бұзылуы
д) дауыстың қырылдап шығуы
3. Сөйлеу тілінің жылдамдығы мен ырғақтылығының бұзылуы – тұтықпа.
Бұл классификацияның құрылу критерийлері рессейлік классификацияға
қарағанда басқаша. Бірақ, қандай классификация болмасын, барлығы
логопедиялық жұмысты жаңартуға бағытталған. Сонымен, тіл кемістіктерін
талдау, топтастыру мәселесі әліде өзекті мәселе деуге болады.
Сөйлеу тіл кемістіктері ұзақ уақыт медициналық-биологиялық пәндер
циклының зерттеу пәні болғандықтан сөйлеу тілі бұзылыстарының
клиникалық топтастыру кең таралған (М. Е. Хватцев, Ф. A. Pay, О. В.
Правдина, С. С. Ляпидевский, Б. М. Гриншпун және т.б).
Клиникалық-педагогикалық топтастыру тіл кемістіктерінің
анатомиялық- физиологиялық механизміне және осы кемістіктерінің пайда
болу себептеріне негізделген.
Бұл топтастыру тіл кемістіктерін бір белгілі сырқатпен байланыстырмайды,
түзету жолдарын қарастырады. Топтастырудың негізіне психологиялық -
лингвистикалық және клиникалық өлшемдері (критерийлері) алынған. С.С.
Ляпидевскийдің айтуы бойынша клиникалық-педагогикалық топтастыруда
тіл кемістіктерін үш жақтан қарастыруға болады: медициналық аспекті
сөйлеу анализаторының қайсысы зақымдалған, қай бөлігінде және күрделігі
қандай денгейде екенін қарастырады.
Осыған байланысты тіл кемістіктері орталық немесе шеткі; фукционалды
немесе органикалық бұзылыстар деп бөлінеді.
Сөйлеу тілінің бұзылуы қай уақыттан бері болғаны ескеріледі ( баланың тілі
шыққанға дейін (алалия), сөйлеу тілі қалыптасу кезінде, әлде шықаннан кейін
- афазия).
Психологиялық аспекті – сөйлеу тілінің коммуникативтік қызметі
қаншалықты бұзылғанын; әр түрлі тіл кемістіктері бар балалардың тұлғалық
ерекшеліктерін; болжауы қандай болатынын қарастырады.
Логопедиялық аспекті – сөйлеу тілінің қай құрылымы зақымдалғанын
қарастырады.
Бұл топтастыру бойынша барлық сөйлеу тілі бұзылыстары екі топқа бөлінеді:
1-ші топ - ауызша сөйлеу тілінің бұзылуы, 2-ші топ - жазбаша сөйлеу тілінің
бұзылуы.
Ауызша сөйлеу тілінің бұзылуы өзара екі топқа бөлінеді:
1. сөйлеу тілінің сыртқы ( фонациялық ) өңделуінің бұзылуы;
2. сөйлеу тілінің ішкі ( семантикалық ) өңделуінің бұзылуы;
70
Сөйлеу тілінің сыртқы (фонациялық) өңдеуінің бұзылуы бұзылған бөлігіне
қарай төменгідегідей топтарға бөлінеді: а) дауыс шығару, ә) сөйлеудің
жылдамдығы мен ырғақтылығының ұйымдастырылуы, б) интонациялық-әуенді, в) дыбыс айтуының ұйымдастырылуы. Бұл бұзылыстар жеке немесе
әр түрлі комбинацияларда кездесуі мүмкін. Осыған байланысты логопедияда
дәстүрлі бекітілген терминдермен аталған келесі сөйлеу тілі бұзылыстары
ажыратылады:
а) Дауыстың бұзылуы (афония, дисфония, фонестения).
Дауыстың бұзылуы дауыс аппаратының патологиялық өзгерістерінің
салдарынан болуы мүмкін. Бұл кемістіктің әртүрлі белгілері болады:
фонацияның мүлдем болмауы (афония), дауыс күшінің, тембрінің,
биіктілігінің бұзылуы (дисфония), дауыстың шаршағыштығының, оның
қырылдап, сырылдап, бәсең шығуы (фонестения).
Дауыстың бұзылуы дауыстың пайда болатын механизмінің органикалық
немесе функционалды бұзылыстардың салдарынан орталық немесе шеткі
болады. Ол бала дамуының кез-келген кезеңінде болуы мүмкін. Дауыстың
бұзылуы өз бетінше жеке немесе басқа сөйлеу тілінің бұзылуы мен бірге
кездеседі (ринолалия, дизартрия).
ә) Сөйлеу тілінің жылдамдығы мен ырғақтылығының бұзылуы (тахилалаия,
брадилалия, тұтықпа).
Тахилалия («tachys» - тез, «lalio» - сөйлеу тілі) – сөйлеу жылдамдығының
қалыптан тыс тездетуі. Ол орталық, органикалық немесе функционалды деп
бөлінеді. Сөйлеу тілінің темпі жеделдеген кезде сөз шапшан, екпінді шығады
да, сөйлеген кезде аграмматизмдер кездеседі. Сөйлеу тілінің фонетикасы,
лексикасы және грамматикалық құрылымы сақталған болады.
Брадилалия ( «bradys» -баяу, «lalio» - сөйлеу тілі) - сөйлеу жылдамдығының
қалыптан тыс баяулауы. Ол орталық, органикалық немесе функционалды деп
бөлінеді. Сөйлеу жылдамдығы баяулағанда сөз босаң, бірқалыпты, созыңқы
шығады.
Аталған бұзылыстарда (тахилалия, брадилалия) ішкі де сыртқы да сөйлеу
тілінің бұзылуы байқалады. Бұл бұзылыстар әр түрлі деңгейде көрінеді,
күрделі жағдайда коммуникативті процесі зақымдалады. Бірақ, баланың ерте
жасынан осы бұзылыстарды жою жұмысын қолға алса, олар баланың әрі
қарай дамуына және сөйлеу тілінің қалыптасуына жағымсыз жағдай
тудырмайды.
Тұтықпа – сөйлеу мүшелерінің бұлшық еттерінің тырысу салдарынан
сөйлеудің ырғақтылығы мен жылдамдылығының бұзылуы. Тұтықпа орталық,
органикалық немесе функционалды деп бөлінеді. Сөйлеу тілінің даму кезінде
пайда болады.
б) Тіл дыбыстарының айтылуының бұзылуы (дислалия, ринолалия,
дизартрия).
Дислалия – есту қабілеті дұрыс және сөйлеу тілі аппаратының иннервациясы
сақталған қалпында сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуының бұзылуы.
Дислалия сөйлеу тілінің даму кезінде пайда болады. Дыбысты алмастырып,
71
шатастырып, бұзып айтуы байқалады. Анатомиялық ауытқушылықтар болса
органикалық , жоқ болса - функционалды деп аталады.
Ринолалия – сөйлеу мүшелерінің анатомиялық ауытқушылықтарының
салдарынан дауыс әуезділігі (тембрі) және тіл дыбыстарының айтылуының
бұзылуымен сипатталады. Дауыс тембрінде мұрындық ренк пайда болады.
Дизартрия – сөйлеу тілінің күрделі бұзылуы. Дизартрияда сөйлеу
мүшелерінің иннервациясының жеткіліксіздігіне байланысты сөйлеу тіл
дыбыстарының айтылуының және просодикасының бұзылуы байқалады.
Дизартрия сал ауыруына шалдыққан балаларда жиі байқалады. Бірақ,
нейроинфекцияның немесе басқа да мидың зақымдалуының салдарынан
дизартрия бала дамуының кез-келген кезеңінде пайда болуы мүмкін.
Сөйлеу тілі бұзылуының екінші тобына /ішкі (семантикалық) өндеуінің
бұзылуы/ алалия және афазия кіреді.
Алалия – баланың ерте жасынан бас ми қабығындағы сөйлеу зоналарының
органикалық зақымдалуының салдарынан сөйлеу тілінің жетілмеуі немесе
мүлдем дамымауы.
Сөйлеу тіліндегі ақаулықтардың ішіндегі алалия ең ауыры болып есептеледі.
Алалияға шалдыққан балада сөйлеу тіл құралдарының жүйесі мүлдем
қалыптаспайды (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық).
Афазия – бас миының зақымдалуының салдарынан сөйлеу тілінің толық
немесе жартылай жойылуы. Афазияға келтіретін себептер: баланың сөйлеу
тілі қалыптасқаннан кейін ми қорабының жарақаттануы, нейроинфекциялар,
бас мидың ісіктері.
Жазбаша сөйлеу тілінің бұзылуы: дислексия, дисграфия, дизорфография
Дислексия- оқу процесінің спецификалық жартылай бұзылуы.
Дисграфия –жазу процесінің спецификалық жартылай бұзылуы.
Дизорфография - «Қажетті ережелерді білуіне қарамастан, орфографиялық
дағдыларды қалыптасып, меңгере алмаудың салдарынан жазуда байқалатын
тұрақты, ерекше қателердің түрлерін дизорфография деп атауға болады»
(А.Н. Корнев).
«Дизорфография әр түрлі қателермен сипатталатын орфографиялық
морфологиялық және дәстүрлі принциптерін менгеру мен пайдаланудың
тұрақты және ерекше бұзылуы» (Р.И. Лалаева)
Негізгі қиыншылықтар – балалар керек орфограмманы жаза алмайды және
орфографиялық тапсырмаларды орындай алмайды. Сонымен, логопедияда әр
түрлі тіл кемістіктердің бірнеше түрін ажыратады. Оның ауызша сөйлеу
тілінің бұзылыстары (дисфония (афония), тахилалия, брадилалия, тұтықпа,
дислалия, ринолалия, дизартрия (анартрия), алалия, афазия), ал жазбаша
сөйлеу тілінің бұзылысы (дислексия (алексия), дисграфия (аграфия) және
дизорфография.
Қорытынды: клиникалық–педагогикалық классификация медицина мен
логопедияның әрекеттестігіне негізделген. Бұл классификацияда
психологиялық – лингвистикалық критерийлер бастапқы роль атқарады.
Солардың негізінде негізгі топтар, тіл кемістіктерінің түрлері, формалары
72
ажыратылады. Осы критерийлер тіл кемістіктер жайында толық көрініс
береді.
Қазір ғылымның қарқынды дамуына байланысты сөйлеу тілі, психикалық,
физиологиялық механизмдері туралы білімнің нығаюына және
логопедиядағы жаңа зерттеулерге байланысты сөйлеу тілі бұзылыстарын
топтастыруда өзгерістер еңгізілді.
Қазіргі таңда логопедиялық мекемелерді құру негізі ретінде және түзету
жұмысының фронтальды әдістерін қолдану үшін сөйлеу тілі
бұзылыстарының психологиялық-педагогикалық классификациясы
пайдаланылады. Оны Р. Е. Левина құрастырған.
Психологиялық- педагогикалык топтастыру кейіннен сөйлеу тілінің
бұзылыстарын клиникалық тұрғыдан қарастырып, талдау нәтижесінде пайда
болған. Бұл топтастырудың негізіне сөйлеу тілі жүйесінің құрылым
компоненттері (сөйлеу тілінің дыбыстық, лексикалық, грамматикалық жағы),
сонымен қатар сөйлеу әрекетінің түрлерінің қатынасы (ауызша және жазбаша
түрі) ескерілген.
Осы топтастыру бойынша сөйлеу тілінің бұзылыстары екі топқа бөлінеді:
1. қарым-қатынас құралының бұзылуы;
2. қатынас құралының қолдану кезінде бұзылуы.
Бірінші топқа келесі бұзылыстар кіреді:
- фонетикалық бұзылыстар. Балалар кейбір дыбыстарды бұзып айтады
немесе мүлдем айтпайды. Бұл баланың сөйлеу тілінің қалыптасуына әсерін
тигізбейді, коммуникативті функциялары сақталады;
- сөйлеу тілінің фонетика-фонематикалық жетіспеушілігі (ФФЖ) -
фонемді қабылдау және айтуындағы ауытқушылықтарының салдарынан әр
түрлі тіл кемістіктері бар балалардың ана тілінде сөйлеу жүйесінің бұзылуы.
Ол балаларда есту және ойлау қабілеті сақталған.
ФФЖ кезінде балалардың сөйлеу тіліндегі дыбыс айтудың ерекшеліктері
байқалады: дыбыстарды анық айтпауы, дыбыстарды алмастырып айтуы,
сыңар дыбыстарды ажырата алмауы, дыбыстарды артикуляциясы жеңіл
дыбыстармен алмастыру, дыбыстардың айтылуының тұрақсыздығы.
Дыбыстарды талдау, жинақтау процесі қалыптаспаған болады.
- жалпы сөйлеу тілінің дамымауы (ЖСТД) – сөйлеу тілінің күрделі
бұзылуы. Бұл кемістікте ақыл ойы және есту қабілеті қалыпты балалардың
сөйлеу тілінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуы
(фонетика, лексика, грамматика). Бұл бұзылыс тұрақтылығымен сипатталады
және түзету жұмысында арнайы тәсілдерді қолдануды талап етеді. Аталған
кемістік сөйлеу тілінің мүлдем жоқ болуынан толық дамуына дейінгі
деңгейде болуы мүмкін, бірақ фонетикалық және лексика-грамматикалық
дамымаудың нышаны сақталады.
Р.Е. Левина бойынша ЖСТД үш денгейге бөлінеді.
Бірінші денгейдегі балаларда тілдің мүлдем қалыптаспауы байқалады.
Мұндай балаларды мақау деп атайды. Бала былдырлап сөйлейді, жеке
дыбыстарға еліктейді, дыбыстық кешендер қолданады. Дыбыстардың айтуы
73
қате, тұрақсыз болады. Сөз түсінігі төмен, сөздерді бірнеше рет қайталанған,
таныс ситуацияда түсінеді.
Екінші денгей: баланың сөйлеу мүмкіншіліктерінің өсуінде қолайлы
динамика байқалады. Жалпы қолданбалы сөздер пайда болады, бірақ олар
бұрмаланып айтылады. Көбінесе балалар зат есім мен етістікті қолданады.
Әлі де жест ере жүреді. Көптеген дыбыстарды бұзып айтады (ысқырық,
ызың, сонорлы). Бала өзі, жанұясы жайында әнгімелеп бере алады, бірақ
сөйлемдерінде аграмматизм байқалады.
Үшінші денгей: Балалар қарым - қатынас құралдарын кеңінен қолдана алады.
Сөйлеу тілінде фонетика, лексика, грамматикасында күрделі жетіспеушілік
байқалмайды, бірақ кейбір қателер болады.Сөздік қорының кедейлігінен
балалар керекті сөзді тауып айтуда қиналады. Айтылуы және мағынасы ұқсас
сөздерді шатастырады. Сөзжасам және сөзөзгерту дағдылары қалыптаспаған.
Сөйлемнің жай конструкциялары қолданылады. Сөйлеу тілді түсінуі
жақсартылған.
Бір денгейден келесі денгейге ауысуы сөйлеу тілінің бұзылуының
тереңдігіне, коррекциялық ықпалдың уақытына және мазмұнына
байланысты.
Бұзылыстың екінші тобына тұтықпа жатады. Тұтықпа жалпы сөйлеу
тілі дамымауымен тіркесіп, байқалуы да мүмкін.
Жазбаша сөйлеу тілінің бұзылуы (дисграфия, дислексия, дизорфография) бұл
топтастыру бойынша фонетика-фонематикалық жетіспеушіліктің немесе
жалпы сөйлеу тілі дамымауының құрамында қарастырылады.
Сонымен, психологиялық-педагогикалық классификация логопедиялық
тәжірибеде ғылыми тұрғыдан негізделген мектепке дейінгі және мектеп
жасындағы балалардың сөйлеу тілі бұзылыстарына және басқа да
психикалық функцияларына әсер ететін коррекциялық фронтальды әдістерін
кеңінен пайдалануға мүмкіндік ашты. Психологиялық-педагогикалық
классификация бойынша ең маңызды мәселе - сөйлеу тілі жүйесінің дәл қай
компоненті бұзылған немесе жетілмегенін ескеру болып табылады. Осы
қағиданы ұстанып, педагог ауытқудың әр түрінде түзету жұмысының дұрыс
және тиімді бағытын анықтай алады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
1.Қазіргі сөйлеу тілінің бұзылуын топтастыру негізінде қандай критерийлер
жатыр?
2. Әр түрлі тіл кемістіктерді үш аспектіден талдап көріңіздер.
3. Психологиялық-педагогикалық топтастырудың сипаттамасын беріңіздер.
Ұсынылған әдебиеттер
1. Логопедия. Л. С. Волкованың ред . М., 1989.
2. Основы теории практики логопедии. Р.Е.Левинаның ред . М., 1969.
3. Өмірбекова Қ. Қ.,Серкебаев Қ. Логопедия. Алматы, 1996.
4. Ляпидевский С. С., Гриншпун Б. М. О классификации речевых
расстройств. Расстройства речи у детей и подростков кіт..-М., 1968.
74
5. Преодоление общего недоразвития речи дошкольников. Т.В. Волосовец
ред. Оқу-әдістемелік құрал. М., 2002.
II ТАРАУ. СӨЙЛЕУ ТІЛІ БҰЗЫЛЫСТАРЫ ЖӘНЕ ТҮЗЕТУ
ЖОЛДАРЫ
7 БӨЛІМ . ДИСЛАЛИЯ
Дислалия («dis»-бұзылу, «lalia»-сөз) – бұл сөйлеу тілінің бұзылуының
едәуір тараған түрінің бірі. Осы бұзылыстың ең негізгісі - сөйлеу тіліндегі
дыбыстардың айтылуының бұзылуы. «Дислалия» деген терминді Еуропада
ең бірінші болып Вильнюс университетінің профессоры, дәрігер И.Франк
еңгізген деп саналады. 1827жылы шыққан монографиясында бұл терминді
барлық жалпы этиологиясы әр түрлі дыбыс айтуының бұзылуын атаған.
Кейін 19 ғасырдың 30-шы жылдары Р.Шультес осы терминді қолданған.
Бірақ ол бұл терминмен артикуляциалық аппарат мүшелерінің
ауытқушылықтарының салдарынан дыбыс айтудың бұзылыстарын атады.
В.Олтушевский деген зерттеуші дислалияға керісінше, артикуляциялық
аппарат мүшелерінің ақаулықтарынан емес, басқа себептерден болған
дыбыстардың бұзылуын жатқызды.
