- •Гуманитарлық факультет Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасы
- •Гуманитарлық факультет Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасы
- •Бағалау саясаты
- •Курстың білім бағасының жалпы разбаловкасы
- •Бағалаудың критериилері
- •Дәрістердің күнтізбелік - тақырыптық жоспары
- •Осөж-дің күнтізбелік-тақырыптық жоспары
- •Глоссарий
- •1. Ілиястың шыққан ортасы, алғашқы ақындық қадамы.
- •2. Шығармашылық өсу жолы мен шыққан биігі.
- •3. Ілияс-қоғам қайраткері.
- •Дәріс № 1-2. Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық өмір жолы
- •Ілиястың пейзаждық лирикасы
- •Ілияс өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері
- •Ілияс өлеңдеріндегі уақыт бояулары
- •1. Жазушы әңгімелерінің көркемдігі.
- •2. «Жолдастар» романы: шындық және көркемдік шешім.
- •1. «Кек» (1931) пьесасы.
- •2. «Турксиб», «Райхан», «Колхоз тойы», «Мектеп», «Мін де, шап!» пьесаларының тақырыптық ерекшеліктері.
- •3.«Исатай – Махамбет» пьесасының тарихи негізі.
- •1. Ілияс фольклоршылдығының дәстүрлі арналары
- •2. Ілияс жазбаларының жанрлық құрамы
- •1. Ілиястың а.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударуы.
- •2. Лермонтов шығармаларын аударуы.
- •3. Ілияс және аударма.
- •1.Ілияс очерктерінің тақырыптық-мазмұндық қыры.
- •2.Мәдениет тақырыбын көтеруі.
- •Ілиястың ақындық шеберлігі
- •Ілияс поэзиясы тіліндегі теңеулердің қолданысы
- •Ілияс шығармашылығы зерттелуінің алғашқы кезеңі.
- •Бүгінгі ілиястану мәселелері.
- •Тест тапсырмалары
- •Ағымдық бақылау тапсырмалары Ағымдық бақылау № 1
- •Ағымдық бақылау № 2
Ілиястың пейзаждық лирикасы
Ілияс өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері
Ілияс өлеңдеріндегі уақыт бояулары
Әбділда Тәжібаев Ілияс поэзиясы жөнінде төмендегідей тұжырым ұстанады: «Біздің байқауымызша, мүмкін үстірт те болар, Ілияс Жансүгіров лирикалары үш басқышқа бөлінеді, әрине шартты түрде: Бірінші басқыш - Ілиястың әлі өзін таппаған, өзгелерге көбірек ұқсайтын тұсы. Екінші басқыш - Ілиястың өзін-өзі таба бастаған, бірақ ақындық мәдениеті жетіспегендіктен өлеңдерінің әрі шұбарлаң, әрі шұбар тұсы. Үшінші басқыш-Ілиястың жас жағынан да, өнерлілік жағынан да толыққан, өлеңінің түрі мен мазмұнын келістіре тауып, лирикалық жырларына эпикалық қуат берген тұсы.
Ақынның алғашқы ізденістерінің бірі «Күзгі гүлге» (1912ж.) деп аталады. Күзді адам көңілінің қамығу, торығу сәтіне сәйкес толғау (суреттеу емес) халық әдебиетінде бар тәсіл. Ілияста суреттеу, астарлау бар. Табиғатпен тілдесіп өскен қыр баласының көңіл-күйі мен күз кейпіндегі көрініс астасып жатыр. Гүл - ежелден нәзіктіктің, адалдықтың, әдеміліктің символы. Ақын гүл арқылы табиғаттағы өсіп-өну, өзгеру процестерін лирикалық кейіпкердің ой өзегінен өткізеді.
1915 жылы жазылған «Бұлбұл» деген өлеңінен тынысы кең, екпіні ерекше, сөзді түйдек-түйдек тастайтын ақынды танимыз.
«Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,
Тамсандым, таңдайымның суын жұтып.
Толқытып, толықсытып, емірентіп,
Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық».
Осы жолдарды оқығанда шапқан сайын өршеленетін қас жүйрік көзіңе елестейді. Өлең барған сайын ағылып, екпіндеп, нәрлене береді, қуаттана түседі, өзінен өзі дыбыс ырғағын тудырып, тамаша музыкаға айналады.
Ілияс поэзиясы бір толқынды бір толқын кимелеп, кең айдында қосылғанша өрекпіп тыным таппайтын тау өзендерінің тасқыны тәрізді. Ілияс өлеңдеріндегі жолдар да бірін-бірі бастырмалатып, бірін-бірі асықтырып, бірін-бірі екпіндетіп ала жөнеледі. Ішкі ұйқастармен шебер өрілген өлең жолдары жүрекке жылы тиіп, ойға орнығып қалады.
Ілияс ақындығының алға нық қадам басуына Абай өлеңдері өз әсерін тигізді. «Абайдың кітабы қолыма 1916 жылы түсті. Оған дейінгі көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзім де біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегім де жаңалық сезгендей болды. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең кыла бастадым... Тақырыпқа да, түрге де Абай түрінде қызықтым»,- дейді. «Бұлбұлға», «Әншіге», «Қалпымыз», «Тілек», «Өзіме», «Көңілдің жүгірісі», «Жанды сөз», «Алдымда» деген өлеңдері Ілиястың ақындық өрісі мен аяқ алысының қалыптасқанын байқатады. Бұл кезең – жас Ілияс өмірге қызығып, ішіндегі ақындық өнерін төге бастаған шақ. Жас Ілиястың шығармалары өте таза, сылдырлап аққан бұлақ суындай. Көбінесе жаратылыстың түрлі-түрлі әдемі құбылыстарын, құстардың, жәндіктердің көріністерін, дауыстарын суреттейді. Өмірге жаңа аяқ басқан жас Ілияс қоршаған табиғатты, өмірді өлеңдеріне арқау еткен. Бұл кездегі ақын шығармаларының негізгі сарыны ағартушылық, сыншыл реализм бағытында болған, ал өлең үлгісі жағынан үйренген мектебі, алған өнегесі - Абай поэзиясы.
«Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы 6-7 санында жарияланған мақаласында Ілияс Жансүгіров: «Мен қалам жұмысына 20 жылдан бастап араласа бастадым. Одан бұрын жазуға қызу ынталану, күшті ақын-жазушылардың жазғандарына еліктеу, оларды жаттау, ауызша айту, газет-журналдардағы сөзге бүйір қызу сияқтылар болса да баянды, байыпты емес, өнер емес еді»,- деп жазыпты. Өзі айтқандай ақын шығармашылығындағы үлкен бетбұрыс «Арыным» өлеңі жазылған 1920 жылдардан басталады:
Алқынамын, басылмайды арыным.
Тау селіндей екпін, қайрат, сарыным,
Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау
Жандағы ауру, жүректегі жалыным....
Бұл жылдар ақын Ілиястың енді лапылдап, қанат қомдаған бүркітше, алғашқы жыр мен өлеңдер бұлағын ағыта бастаған шағы еді.
Қара бұлт бұраң бұлықсып,
Қара інген тауды қапсаған , -
дейді. Ақын өлеңін оқығанда, оның әр сөзіне жете мән бере, түсіне оқуымыз керек. Мәселен, «қара інген тауды қапсаған» және «томсарды қасы қапсағай» деген жолдар бар, осындағы «қапсаған» және «қапсағай» сөздері әр түрлі мағынада қолданылған жеке сөздер. Алғашқы «қара інген тауды қапсаған» дегені, інген тауды бөксерлеп, қаптап жайылып жатыр деген сөздердің орнына қолданылған. «Тобылғы торы құнандай, Томсарды қасы қапсағай» дегендегісі - ақынның поэтикалық тіліндегі сөз саптауындағы теңеу, яғни қапсағай қас - қаптаған қас. Шынайы өнер адамында жаттандылық болмайды. Ол бір ізбен, бір қалыппен жүре бермейді де, ізденіп, өзіндік өрнек табады.
Қазақ ортасында өлең өнері ертеден-ақ ерекше орын алды десек, табиғатты жырлау кенже қалған тақырыптардың бірі. Ілияс мұны сезінбеуі мүмкін емес. Сезінді де, осы тақырыпқа ерекше ден қойды. Ілиястың табиғат лирикасына орай жазылған қай өлеңін алып қарасаңыз да, ондағы стил өрнегі, суреткерлік дара тұлғасы айқындалып тұрады.
Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,
Босаға, маңдайша мен табалдырық,
Кереге алты жапсар, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
Құр, таңғыш, басқұр, арқан, екі аяқ бау,
Төрт ірге, есік жабық, ши туырлық,
Он бес бау ішкі-сыртқы белдеу, желбау,
Тұскиіз көрпе, көпшік, шай шымылдық
Текемет, жастық, шапан, кілем, сырмақ,
Алаша, бешпет, көйлек, сәлі бөрік,
Самаурын, үстел кесе, шәйнек, шәугім,
Дөдеге, сандық, кебеже, ақ түндік...
Бұрын-соңды мұндай өлең жазылмаған. Бұл қазақ поэзиясындағы жаңа серпін, жаңа үрдіс.
«Жетісу суреттері» өлеңі Ілиястың ең айшықты шығармаларының бірі. Өз тұрғысында М.Әуезов бұл шығарманы бағалап, былай деген еді: «Мен Ілиясты бұрын білуші ем, өлеңдерін оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін» дейді. «Жетісу суретінде» ақын 52 тіршілік иелерін атап өтеді. Аңдар: сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр шибөрі, қарсақ, сусар, бұлғын, жанат таутеке, арқар, қарақұйрық, суыр, марал т.б. Жыртқыш құстар: тазқара, балтажұмар, құмай жұртшы, су бүркіт, лашын, тұйған, тұнжыр, тынар, мықи, ителгі, бәрпі, қырғи, тұрымтай, бидайық, бүркіт, тығанақ тағы басқа да құстар мен қазірде ұмыт болған ағаш-шөптердің атаулары өлеңде ерекше жарасым тауып, табиғи түрде орын тепкен.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, сырғай, балғын, тораңғылар,
Сарыағаш, түйеқұйрық бауыр құрттар,
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды ағаштардың талайы бар...»-деп, Жетісудың бай, шүйгін табиғатын жырға қосады. Тегінде, «Жетісу суреттері», «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетсудағы су суреті», «Жетсу жәндігі», «Жер түгі»,тәрізді бес бөлімнен, 333 жолдан тұратын көлемді туынды. Бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, құлпырып жайнаған, ерекше пафоспен жазылған қазақ поэзиясындағы еш қаталанбас құнды поэзиялық мұра.
1923-1925 жылдары ақын Ілияс Жансүгіровтің ғажайып өсу кезеңі болды. Осы жылдары «Мезгіл суреттері», «Жайлау», «Көктемде», «Бұлақ бойында», «Лермонтов» өлеңдерін жазып, ақындық қуатының қарымын көрсетті, ақын шығармашылығындағы жаңа леп, жаңа мазмұнмен бірге тақырып байлығы, жанрлық түрлену, өзіндік өрнек, шығармашылық шырқау биікке шарықтау байқалады. Ілияс өлеңдері Жетісудың ғажайып өлкесі сияқты. Онда аспанмен таласқан мұнарлы шыңдар да, құламалы құздар да, тас арасынан тасқындап атылып жатқан тау бұлақтары да бар. Ілиястың өскен ортасы ақын-жыршыларға толы болды. Солардың ішінде, әсірісе, Әсет өлеңдеріне ерекше көңіл бөлді. Әсет ақындығына табынып «Тұңғыш тоғысу» атты шағын балладасын жазды. Елуден астам өлеңдерін баспа бетіне даярлайды. Осылай бірер жылдың ішінде халқына танымал ақын, тамаша журналист, белді қоғам қайраткері болып қалыптасады.
1926 жылы «Күнгей» өлеңін жазады. Күнгей - таудың күннің нұры түсетін бір беткейі. Осы бір әсем құбылысты автор ақындық үлкен сезіммен оқырманына жеткізе алған. Өлеңде эстетикалық қуат басым.
Кәрі асқар мәңгі меңіреу, ежелгі құз,
Томсарып жатыр әлі жамылып мұз.
Жел қуып, қара тұман қақ жарылып,
Асқарға шыға келді күліп бір қыз .
Көз алдымызға тамаша картина тұтастай тұра қалады. Тыныш жатқан марғау табиғатқа жан бітті, қозғалысқа түсті. Бұл жерде желдің қара тұманды қууы мен қара тұманның қақ жарылып, асқардан бір қыздың күліп шыға келуі тұтастай бейне, сол бейнеліліктің нәтижесінде табиғаттың тамаша суреті жан біткендей сұлулана, құлпыра түседі. Әр сөз, әр тармақ өзара бір-біріне жарығын түсіріп, көркемдік-эстетикалық қызмет атқарып тұр. Ешқандай әсірелеу жоқ. Тау арасында жасырынып тұрған әсем көрініс жарқ етіп сыртқа шықты. Ақынға жүгінейік:
Отты көз ойнақтаған, алма албырт бет.
Шыққанда қалып едік күн екен деп.
Жоқ күн емес, халықтың жаңылғаны,
Бұл сұлу күннің күні күнгей еді .
Табиғатты жандандыру күшіне енді. Күнгей — сұлу қыз бейнесінде алынып тұр. Осы әдісті Ілияс 1930 жылы жазған «Бәйшешекпен безенген» өлеңінде қайталайды. Қыр гүлі бәйшешекті қыз бейнесінде алады. Ақын табиғатқа еркелей үн қатып, адамша сырласады. Өзінің шат көңілін табиғатты елжірей сүйген жүректің нұрлы сезімі арқылы білдіреді.
Ілияс поэзиясы табиғаттың өзіндей еркін, өзіндей жас қалпында барған сайын жарқырап нұрланады. Ілияс поэзиясында драматизм, лирика, ой, тарихи толғаныстар бас қосып, бөлінбейтін тұтас бір бөлшекке айналып, бірігіп кетеді. Мұндай сан қырлы шеберлердің әдебиет тарихында сирек кездесетіні белгілі.
Ақынның поэзия саласында шыққан биігі -1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне шыққан «Гималай» өлеңі. Ақын бұл өлеңін Үндістанда болған оқиғаға арнап жазған. Бірақ өлең жеке бір оқиғаға үн қосу ғана емес. Онда жинақтаушылық сипат бар. Ақын Гималай бейнесінде отаршылдық тұрмыстың тақсіретін тартқан Шығыстың, яғни оның өз сөзімен айтқанда «Жиһангер жайлаған Шығыстың» сипатын, сондағы халықтың тағдырын суреттейді. Өлең осындай терең мазмұндылығымен бірге айырықша көркем де. Ақынның Гималай тауын - көктің кіндігі, жердің түндігі деп суреттеп, халықтың ұлылығын соған ұқсатуы зор шеберлікті танытады. Өлеңнің өзгеше, тегеурінді ырғағынан да халықтың каһар-күші, қайрат-қажыры сезіліп тұғандай.
«Гималай» - Ілиястың айрықша айшықты, әдемі, мазмұны мен түрі қиысқан, төрт тақтасы түгел жатық, тыңнан ойғандай тұтас, қорытып құйғандай сом, кесек шыққан көркем туындысы. Оның идеясы – терең, нақ, шын өмірлік идея. Оның екпіні мен әуені табиғи сезімнен туған, нағыз толқыған ақын жанын жарып шыққан.
І.Жансүгіровтің қоғамдық қайраткерлігі оның ақындық еңсесін басқан жоқ, қайта көтере, биіктете түсті. Оның өмірге көзқарасы, дүние тануы кеңейген сайын шабыты да шарықтап, өлеңшіл құдіреті арта түсті. Кеңес өкіметінің нығаюы, ауылды коллективтендіру жемістері, алғашқы бесжылдық жеңістері, қазақ елінің өнеркәсіпті, өнерлі, сауатты елге айналуы, халықтар достығының салтанат құруы ақынға қанат бітіріп, оның барша шығармашылығының қайнар көзі болды.
«Кең далам, кемеліңе келген далам,
Гүлденген шат-шадыман елмен, далам!
Жадырап жаз өмірдің күні астында,
Жамырап жайраңдасып өрген, далам!»-
деп, шаттық жырын жырлаған Ілияс туған халқының кешегісі мен бүгінгісін ой елегінен өткізіп, үлкен жырға, кесек дастандарға қалам сілтейді.
Ілиястың қолтаңбасын да ешкіммен шатастырмаймыз: терең асқақ сарынды, от-жалынды, өткір тілді, тотының түгіндей көркем суретті. Профессор Б.Кенжебаев Ілияс жайлы мақаласында поэзиясынан үш үлкен қасиетті бөліп айтыпты. Соның біріншісі- ақын шығармаларының бір кездегі негізгі тақырыбы ән-күй, көркем өнер мәселесі «Бұлбұлға», «Әншіге», «Жас бұлбұлдарға», «Әнші», «Тұңғыш тоғысу», «Лермонтов», «Домбыра» т.б
Ілиястың профессор Б.Кенжебаев түстеп-таңбалап беретін екінші қасиеті: оның өресі биік, өрісі кең, жарастыны қалт жібермей сезетіні, көңілге түйіп, келелі ой - пікір қозғайтын кемелділігі, айтарын ажарлап көрсетуге бояу, әшекей таба білетін суретшілігі.
Ілияс лирикада да, эпикада да терең ойдың, үлкен сезімнің, ұшқыр қиялдың ақыны болумен бірге, сөзді жалаң айтпайтын, әр әрекет, қимылды, мінезді, құбылысты образға бөлеп, жұтынып тұрған сырлы да сұлу, бай мазмұнды сурет салатын құдіретті ақын болды. Ол әрқашан ақын жүрегін жарып шығатын шын сезімді, нақты қаймағы туырылған көріністі жырлады.
Ілияс сын - сықақ өлеңдерді көп жазды. Қоғамдағы жексұрындыққа, зұлымдыққа, надандыққа, асқандық пен әдепсіздікке төзбеді. «Тапанша»,»Ала бие», «Ит- ай», «Бай- бәйбіше», «Қонақтар мен қожайын», «Некешілер», «Өк, көк өгіз», «Ықшылбай», «Келін отауында».
Тапсырма: Өз қалауы бойынша Ілиястың екі өлеңін жаттау.
Дәріс № 4-5. Ілияс Жансүгіров поэмалары
Жоспары:
1. Ақынның табылмай отырған поэмалары
2. «Қолбала», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Байкал» поэмалары
3. «Күй», «Күйші», «Құлагер», «Көбік шашқан», «Исатай» поэмалары
4. «Дала», «Жаңа туған», «Мәйек», «Жорық», «Кәнпеске», «Кеңес» поэмалары.
І.Жансүгіров - қазақ поэзиясында поэма жанрын қалыптастыруда үлкен еңбек еткен ақындардың бірі. Баспаға әзірлеп үлгермеген, қолжазба күйінде қалған және жоғалып, бізге жетпеген немесе кезінде жарияланып, қазіргі таңда табылмай отырған поэмаларын түгелдей санасақ, ұзын-ырғасы жиырмаға жуық болып қалады. «Мақпал», «Исатай», «Көбік шашқан», «Байкал», «Рүстем қырғыны», «Мұз қала» атты поэмалары қолжазба күйінде қалған.
Қазақ Мемлекеттік Орталық мұрағатта 172 жолдан тұратын «Құсбегінің айналасында» дастанының қолжазбасы сақталған. Онда Ілияс «1919 жыл, 9 март» деп қол қойған.
Ақынның ұлы Саят Жансүгіров «Құлагер ақынның құсасы» («Жас қазақ» газеті, 2007ж. 27шілде, №29 (133) атты сұхбатында: Әкемнің «Мұз қала» атты поэмасы болған, бірақ ол жарық көрмеген. Онда ол кісі 1925 жылы Қазақстан басшысы болып келген Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісін» астарлап, әшкерелеуді мақсат тұтқан. Поэманың оқиғасы мынадай: бір елді басқаруға келген басшы елдің тұрмысын көріп: «мыналар не деген бай халық, түк істемейді! Бұларды бір жерге алып барып, жер жыртқызу керек», - дейді. «Оларға баспаны қайдан тауып береміз?» деген басшылыққа «бұларға баспана не керек, әлгі эскимостар секілді мұздан үй жасап берейік, сонда өмір сүре берсін» дейді. Сөйтіп, ол ойын жүзеге асырып, адамдарды бір қап тары беріп, мұздан үй жасап беріп, айдалада тастап кетеді. Содан келесі жазда бір-ақ есіне түскен басшылар хабар алуға келсе, бір қап тарыларын да тауыспастан халық түгелдей қырылып қалыпты.
Сол кезде Жазушылар одағын басқарып отырған Ілияс Жансүгіровтің «Мұз қаласы» поэмасының астарында жатқан мағына да Кеңес өкіметі қазақ халқының өлігінің үстіне тұрғызылғанын айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізу идеясы болды. Себебі, ел ішінде «ананы алып кетіпті, мынаны алып кетеді екен» деген дүрбелең шақ туғаннан-ақ күндердің күнінде өзіне де тықыр таянатынын сезді. Сондай-ақ жазған туындыларының да тағдыры талдауға түсетінін де білді. Бірақ сонымен қатар ол өз шығармаларын іздейтін саналы ұрпақтың өмірге келетініне сенді. «Мұз қала» деген мұрағатта жатқан дастанда айтылатын ой Ілекеннің 30-жылдардағы ойының қандай болғандығына куә»,-дейді қызы Ильфа Жандосова-Жансүгірова.
Кеңестік тақырыпқа жазылған Ілияс поэмаларының бірі - «Бақытты Жамал» поэмасы (1930ж.). Мұнда автор қазақ әйелдерінің тағдырын суреттейді. Поэмада ақын тең құқыққа ие боп, ерлермен қатар күресіп жатқан қазақ әйелдерінің жарқын бейнесін жасайды. Социалистік құрылыстың белсенді қайраткері еңбекші азамат - әйел образын әдебиетке әкелді.
Ақынның 1932 жылы жарияланған «Қуат» атты поэмасында социалистік индустрияның өркендетілуі, кеңес адамдарының күрес жолы сөз болады. Сол кездегі бүкіл одақтық электр қуатының ордасы Днепрогэс алыбын жырлаған. Жаңа, тың екпін, леп, серпін сезіледі. «Қуат» поэмасының жариялануы жайлы екі түрлі дерек бар: 1932 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған; 1933 жылы Ұжымдық жинақта жарияланған.
Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық өмірбаянында әлі белгісіз беттер, ақтаңдақ тұстар жетіп артылады. Әсіресе, оның 1920-1930 жылдардағы газет-журналдарда, жекелеген әдеби жинақтарда жарияланған көбі ұмытылып, ескерусіз жатқан өлеңдері мен очерктері, мақалалары мен әңгімелері баршылық.
Бізге ел аузынан жеткен Ілияс Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасының қолжазбасы әлі күнге табылмай отыр. Поэма 1964 жылы Алматы облысы, Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінде «Қызыл таң» совхозының тұрғыны Жұмабек Ерболанов деген кісінің аузынан жазылып алынып, жарияланады. Сейдахмет Мұқаметше «Сұңғыла, сұлу жан» мақаласында Ілиястың 70 жылдық мерейтойына келген Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге Ақсу өзені маңын аралатып жүріп айтқан Ғали Ормановтың әңгімесін келтіреді: «...Анау тұрған шоқыны «Үкілі төбе» дейді. Оның түбіндегі шұратты Шилікемер деп атаған. Ілиястың өмір бойы әндетіп жүретін «Шилі өзен қамыс-ай» әні осы тұста туған. Онда Қайнардың Қангелді деген табынан шыққан асқан бір сұлу қыз болды. Ағамыз оған өлердей ғашық еді. Қыздың сотқар ағалары Ілиясты ауылға жолатпай, ақырында қарындастарын басқа біреуге ұзатып тынады. Ақынның «Қолбала» поэмасы осы сәтте туған еді». (Кітапта: Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. 230-233беттерде.) «Сұлу қыздың сыры» өлеңі мен «Қолбала» атты поэмасы осы кезеңге дейін бірде-бір жинағына енбеген. Ақындық жолының алғашқы кезеңінде жазылған жоғарыда аталған поэмалары жинақтарына енбегендіктен әлі күнге дейін зерттеу нысанына да ілінбей отыр.
«Мақпал» поэмасы 1920-жылдың басында жазылған. Бұл ақынның жоспарлауынша, «Сұлушаш» сияқты көлемді шығарма болмақ- тұғын. Бірақ бізге жеткені 377 жол ғана.
Албан Асанның өлеңдерін жинап, 1934 жылы «Албан Асан сөздері» деген алғы сөзбен «Ақырзаман» деген жинақ қып шығарады. Ақынның «Мақпал» поэмасында айтылатын молда осы Асан ақын.
Поэмадағы қырғыздың Бұғы руы туралы, Тазабек және Саурық батырлар туралы мынандай деректер келтіріледі: «Қытайға шектес елдегі Бұғы қырғыздары, қазақтың албан руы орысқа көпке шейін бағынбайды. Албандағы Құрман Саурық Албанды орысқа бағындырмай, ажыратып алғысы келеді. Өзіне ерген Албанды көшіріп, Құлжа маңайына көшеді. Бұған Бұғы қырғызы да қосылады». Сауырықтың ұлы Ұзақ батыр - поэманың басты кейіпкері Мақпал қыздың әкесі, «Ұзақ – мұз, Ұзақ – аю, Ұзақ - батыр» деп суреттеледі. Жазбаларда Ұзақтың абақтыға жабылғандығы туралы деректер бар. Бұл – поэманың таза тарихи деректерге негізделгенін айғақтайтын материалдар. Бұлар – поэманың таза тарихи деректерге негізделгенін айғақтайтын материалдар. «Мақпал» поэмасы «Әйел теңдігі» журналының 1927 жылғы 10-11сандарында жарияланған.
«Рүстем қырғыны» поэмасы 1926 жылдары жазылған. Жетісудағы атақты Тұрысбектің болыс болған баласы Құдайберген Ілиястың сұрауына орай 1924 жылы 19 қарашада шағатай жазуымен жауап хат жазады. «Бізден сұраған сөзіңіз: Рүстем төренің қырғыз һәм қай нәсілден екені. Рүстем төре осы күннен жүз жыл шамасында бұрын туған. Хандардың тұсында зекетшілерін өлтіріп, ауылымен көшіп қашып келген. Шу мен Іленің арасындағы жолмен құдық-құдыққа ит өлтіріп тастап, салған себебі: артымнан қуған кісі болса құдықта ит жатқанын көріп, су іше алмай қайтып кетсін деген амалы екен. Ақырында сол ақылы дұрыс келіп, қуған сарбаздар құдықтағы итті көріп, жолдан қайтып кетіпті. Рүстем төренің анық қай тұқымнан екенін біле алмадым. Ол заманда үйсін, найман бір-бірінен мал қуып, барымта, қуғын-сүргін қылып жүреді екен. Хат осылай жалғаса береді. Ақын өзінің «Рүстем қырғыны» атты поэмасын осы деректер негізінде дүниеге әкелген. Поэмадағы бас кейіпкер Рүстем төре-Абылай ханның төл перзенттерінің бірі.
Ангара мен Енисейдің махаббаты жайлы аңыз желісіне құрылған Ілиястың «Байкал» поэмасы 1937 жылы жазылған.
Ән мен күйдің образын ақын талай өлең, жырларына да кірістіріп, ылғи көтеріңкі леппен бейнелейді. Ол домбыра туралы арнайы үш өлең жазған. Қазақтың ежелгі сүйікті музыкалық аспабын тақырып еткенде, Ілияс осы аспапқа және сонымен бірге ән, күйге деген өзінің ыстық сүйіспеншілігін жеткізуді мақсат еткен. Осы сезім «Күй» поэмасына (1929) арқау боп тартылған. Бес тараудан тұратын, бірақ басынан аяғына дейін біртұтас тартылған оқиға жүйесі жоқ, сюжетті әрекет пен лирикалық толғаныс қатар келіп отыратын «Күй» поэмасы «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 11-12 нөмірлерінде жарияланған.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі Кенесары хан мен оның немере қарындасы Қарашаштың Жетісуға келген кезіндегі оқиғаға құрылған, еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өмір мен өлім, пәни тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбын көтерген «Күйші» поэмасы 1935 жылы ақынның «Күй» жинағында жарияланған. Он жеті тараудан тұратын «Күйші» поэмасын ақын бауыры жазылып, еркін көсіліп, заулай шырқаған, шашасына шаң жұқтырмай тұрған кезінде дүниеге әкелген.
Қазақ халқының аяулы ұлы, әділетсіз заманда жапа шеккен, трагедиялы өмір кешкен Ақан сері өмірін суреттейтін «Құлагер» поэмасы-Ілияс шығармашылығының биік шыңы. «Құлагер» поэмасы жарияланған «Социалды Қазақстан» газетінің 1936 жылғы 12 қарашадағы 260-ші санының қиындысын жазушы Сапарғали Бегалин ағамыз қиын кезеңде 20 жыл бойы жастық тысының ішінде жасырып келіпті.
Ілияс жас кезінен әкесі арқылы Махамбеттің өлеңдерін жатқа білген. 1935 жылы қарашаның 15-інде өз қолымен жазған өмірбаянында: «1918 жылдан Абай, Шәңгерей, Байтұрсынов, Дулатов, Қарашев, Құдайбердиевтердің жеке шығармаларымен танысуға мүмкіндік болды»,-деп жазады. Бала кезінен қасиетті қобызшы Молықбай күйлерінің әсерінен сезімтал болып өскен Ілиястың күй құдіретімен «тас балқытқан» суреткердің күй атасы Құрманғазы туралы толғанбай кетуі мүмкін емес еді.
1934 жылы ол Қазақ ССР Халық Ағарту Комиссариатының жолдамасымен Исатай- Махамбет көтерілісі және тарихи фольклор үлгілерін жинау мақсатында Мәскеу, Ленинград, Орынбор, Самара, Қазан, Астрахань, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында іссапарда болады. Еділ бойындағы Астрахань, Саратов, Самара қалаларын аралай жүріп, ауылдардағы «Исатайға жүйрік» көне – көз қариялардың және ақын – жыраулардың аузынан, күйшілердің мұрасынан «Көбік шашқан» поэмасына материалдар жинайды. Соның негізінде 1937 жылы «Көбік шашқан» және «Исатай» поэмаларын жазады.
«Исатай-Махамбет» тақырыбына байланысты Ілиястың бірде-бір еңбектері көзі тірісінде жарық көрген жоқ. Тек ақын ақталғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» (наурыздың 10-ы, 1959ж.) газетінде «Аяқталмаған екі дастан» тақырыбымен «Көбік шашқан», «Исатай» поэмалары жарық көрген.
1928 жылы Қазақстанда ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару сияқты шаралар жүргізілді. Жансүгіров те республика өміріндегі осы оқиғаға үн қосып, баспасөзде бір топ өлеңін және 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Кәнпеске» атты поэмасын жариялады.
Ақынның 1929 жылы жазылып, 1931 жылы жеке кітапша болып басылып шыққан «Мәйек» поэмасында ауыл өміріндегі жаңалық пен адам санасындағы өзгеріс жайы әңгімеленеді. Жаңарған ауылдың ұйымдасқан күші мен қуанышқа бөлеген еңбегі суреттеледі, техникамен қаруланған, үлкен өнерге құлаш сермеген ауыл бейнеленеді. Автордың Мәйек деп отырғаны – қазақ ауылында жаңадан құрылған колхоздың аты. «Мәйек» бұл арада ұйытқы мағынасында алынған. Алыста жүріп, көптен бері ауылына келмеген ақын поэманың лирикалық кіріспесінде жаңарған даланы, бақытты адамды көргендегі өзінің өн бойын билеген сезім күйін шертеді. Ақынның көзіне «қала салған, бақ екен, қуаң қырын көгерткен» жаңа колхоз ауылы шалынады.
«Ниагар құламасының тулаған толқынды дүлей күшіндей» (Б.Кенжебаев) «Дала» поэмасы «Еңбекші қазақ» газетінің 1930 жылғы 13-29 қыркүйектегі санында басылған. Қазақстанның он жылдығына арналып жазылған «Дала» поэмасында ақын қазақ халқы тарихын «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан бастап, Ұлы Октябрь революциясының жеңісіне дейінгі елеулі кезеңдерге шолу жасайды. Поэманың өн бойына араласып отыратын, оқиғаларды жанды көрсететін тарих шал мен халықты негізгі кейіпкер етіп алады. Поэма қазақтың ежелгі толғау, жыр үлгісіндегі дәстүрдің негізінде туған.
«Жаңа туған» поэмасы 1933 жылы жазылып, 15 қарашада соңғы нүктесі қойылған. 1934 жылы поэманы Қазақстан Көркем әдебиет баспасы жеке кітап етіп басып шығарады. «Жаңа туған» поэмасында айтылатын «Еңбекші талап» колхозы - жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде сол кездегі Алматы округі, Қастек ауданында алғаш ұйымдасқан колхоз. Ілияс Жансүгіров сол колхозда болып, «Еңбекші талаптың» өмірінен «Бейсетай бригадасы», «Соқашылар», «Бір күн ішінде» атты бірнеше әңгіме және «Жаңа туған» поэмасын жазған. І.Жансүгіровтің «Жаңа туғаны» - публицистикалық поэма.
Академик Шмидт бастаған Солтүстік Мұзды мұхитты зерттеуші атақты челюскиншілер жорығын, олардың ерлігі мен батырлығын дәріптеп, ақын «Жорық» (1935) атты поэмасын жазды. Поэмада «Челюскин» атты мұз жарғыш кеменің Ленинградтан аттанып, терістікке бет алған сапары, оның Мұзды мұхитта апатқа ұшырағаны, мұз тұтқынында қалған челюскиншілерді ержүрек кеңес ұшқыштарының құтқарғаны баяндалып, сол қиын-қыстау кезде ерліктің, батылдықтың, адамгершіліктің тамаша өнегесін көрсеткен қайратты адамдардың тартымды образдары жасалады. Мұз тұтқынынан аман қалып, терістікке жол салған қаһармандардың ерлік қимылы мен қажырлы күресі романтикалық пафоспен суреттелген. Поэмада табиғаттың құпия сырын ашып, оны жомарт ететін де кеңес адамдары деген үлкен түйіндеу жасалған. Поэма осындай өрелі философиялық ойға құрылғанымен, челюскиншілер көркем бейне дәрежесіне көтеріле алмаған. Жорық поэмада баса айтылып, адам образдары көп жағдайда қағыс қалған.
«Кеңес» поэмасы Ілиястың «Жаңа жыр» жинағында (1937 жыл) жарияланған. 1974 жылы Баламер Сахариевтің құрастыруымен «Құлагер. Поэмалар мен өлеңдер» деген Ілиястың таңдаулы шығармалар жинағы жарық көрген. Жинақта «Кеңес» поэма деп берілген де, одан кейінгі жарық көрген ақын жинақтарында өлең қатарына ауысып кеткен. Көлемі - 204 жол, яғни 51 шумақ. Есім мен Нұршайдың махаббаты, Ғалидың Есімді кескілеп өлтіруі, Есімнен тұяқ қалып, оның атын Кеңес деп қойып, сол Кеңестің құрметіне колхоз атының қойылуы және «Кеңес» колхозы адамдарының бақытты тұрмысы жайлы жазылған сюжетті поэзиялық шығарма неге «поэма» деген атауынан айырылып қалғандығы түсініксіз жайт. 1958 жылы жазылған мақаласында Сағынғали Сейітов оны поэма ретінде қарастырады.
Дәріс № 6. Ілияс Жансүгіровтің прозасы
