Шапырашты Наурызбай Құттымбетұлы
Ендігі кезекте ерекше бөліп айтатын батыр тұлғаның бірі – Шапырашты Наурызбай Құттымбетұлы. Ол 1706 жылы туып, 1781 қайтыс болған атақты батыр, жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырушы ұлы қолбасшы. Наурызбай батыр дене бітімі адамзат баласында сирек кездесетін ерекше жаралған адам болған. Оған қатысты тарихи деректерде: «Мүсіні қолмен құйғандай, жауырыны қақпақтай, бойы биік, денесі тік, белі жіңішке. Өзі ақын, әнші, күйші де болған» деп айтылады. Шынымен де Шапырашты Наурызбай «Төрелер күйі» авторының бірі болған. Ол Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында белгілі қалмақ батырлары Шамал хан мен Қаскелеңді жекпе-жекте жеңіп, батыр атанған. Осылайша, Наурызбай батыр қазақ халқының тәуелсіздігі мен болашағы үшін аянбай күресе білді.
Райымбек Түкеұлы
Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте отыз жылдан астам уақыт қанды қырғын арасында жаумен жағаласып, ел қорғаған тарихи тұлғалардың бірі – Райымбек батыр. Райымбек Түкеұлы 1705 жылы дүниеге келген. Райымбек жеті жасқа келгенде нағашы атасы бір көк тайды және оған қоса садақ, айбалта, қылыш және найза мен сауыт даярлап алып келіп: «Мынау жиенімнің жігіт болған кезде киер жорық жарағы», - деп атасы Хангелді батырға тапсырады. Тайды көрген Райымбек оны бірден өзіне меншіктеп, жорық жолына өзімен бірге даярлайды және оған «Көкойнақ» деп ат қояды. Осылайша Райымбек бала кезден-ақ жоңғарларға қарсы жорықтарға қатыса бастайды. Шайқас барысындағы оның негізгі ұстанымы аз шығынмен жеңіске жету болған екен, ал мұны қаруластары бірден байқаған.Райымбек батыр 17 жасында жоңғарлармен шайқасып, батыр атанады. Оның тапқырлық қасиеті Іле өзені бойындағы шайқаста анық көрінген. Бұл кезде Райымбек батыр өз жасағын суы арнасынан тасып жатқан асау Іледен аман алып өтіп, жауын жеңген. Одан кейін Райымбек батыр Торайғыр мен Сөгеті тауының аралығындағы Көкпекті жазығында болған «Ойрантөбе» шайқасында асқан ерліктің үлгісін көрсете білген. Райымбек батырдың бұдан кейінгі үлкен жорығы Орта Жүз еліне көмекке баруы еді. Осы жорық барысында оның қолы жоңғарлардан Сарытау және Үйгентасты азат етуге атсалысып, Іле өзенін бойлаған күйі Қорғаспен бері қайтады. Осылайша, ел аузында аңызға айналған Райымбек батыр көз жұмар сәтінде ұрпақтарына: «Денемді ақ түйеге өңгеріп бос жіберіңдер. Түйе қай жерге шөксе, мені сол жерге жерлеңдер», - деп өсиет айтады. Сөйтіп, Райымбек бабамыздың денесі артылған ақ түйе Алматыдағы қазіргі қабірінің орнына келіп шөгіпті. Міне, Райымбек бабамыздың денесі осылайша қазіргі Райымбек даңғылының бойына жерленген екен.
Қарасай батыр
Қазақ елінің бостандығы үшін аянбай тер төккен келесі бір тарихи тұлға – Қарасай батыр болып табылады. Ол 1598 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Кейбір деректерге қарағанда, ол жыл бойы ат үстінен түспей, екі жүздей ұрыстарға қатысып, қырық тоғыз ірі шайқастарды басқарған және он тоғыз рет жекпе-жек шайқаста жеңіске жеткен қолбасшы. Іле Алатауының маңындағы бір шайқаста «Қарасай» деп ұрандаған қазақ жасақтары жауды ойсырата жеңді. Суықтөбе шоқысына Қарасай елінің туы – бөрілі байрақ тігіледі. Бұл жеңістен соң Қарасай бүкіл шапырашты елінің ұранына айналды. Шайқаста жараланған Қарасай батыр 1671 жылы жетпіс үш жасында қаза болды.
Начало формы
Конец формы
