Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Arinov-Osimdik-sharuash.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
66 Мб
Скачать
☆

5.3 Ерте картоп

Жазда пайдалану үшін өсірілетін картопты ерте картоп деп атайды. Ол жоғары дәмдік сапасымен ерекшеленеді және қысқы сақтаудан өткен түйнектерге қарағанда оның құрамында С дәрумені 2,5-3 есе көп. Күзгі-қысқы ұзақ сақтаудың нәтижесінде түйнектер дәрумендер ғана емес, сонымен бірге крахмал мен басқа да пайдалы заттарды жоғалтады. Әсіресе мұндай шығындар түйнектердің өнуі мен сақтаудың қолайсыз жағдайларында арта түседі. Көктемгі-жазғы айларда картоптың өткен жылғы түйнектерінің ұзақ сақтаудың әсерінен құндылығы азаяды. Сондықтан халықты жас азық-түліктік картоппен мүмкіндігінше ұзақ уақыт қамтамасыз етудің маңызы зор.

Ерте картоп өсіру экономикалық тұрғыдан да тиімді, себебі шілде-тамыз айларында ерте картоптың сату құны кеш картопқа қарағанда 1,5-2 есе жоғары. Солтүстік Қазақстанда ерте картоптың өнімі 50-55 ц/га болғанның өзінде таза пайда бере бастайтындығы белгілі. Соған қарамай аймақта ерте картоп өсіруге тиісті мән бермей келеді. Көптеген шаруашылықтарда ерте картоп өсіру мен кәдімгі азық-түліктік картоп өсіру технологиясы бір-бірінен шамалы ғана айырмашылықта, нәтижесінде оның өнімі төмен. Жиі түрде ерте картоп саудаға кеш түседі де өзінің басты бағытын жоғалтып алады.

Кезінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Бараев атындағы астық шаруашылығы Қазақ ҒЗИ-да, облыстық тәжірибе стансаларында жүргізілген ғылыми зерттеулер мен аймақтағы озат шаруашылықтар тәжірибелеріне қарағанда жергілікті жағдайда ерте картоптан тауарлы өнімді шілде айының ортасына қарай, ал Ақмола мен Қарағанды облыстарының оңтүстік аудандарында тіпті шілденің бас кезінде алуға болатындығы дәлелденген. Ол үшін дер кезінде өсіру технологиясында кешенді агрошараларды, өсімдіктірдің өсуі мен дамуын жеделдететін тиісті шараларды іске асыру қажет.

Өнімді ерте алу қажеттігіне байланысты ерте картопты өсірудің бірқатар ерекшеліктері бар. Шілденің орта кезінде товарлы түйнектер алу үшін ерте пісетін сорттар таңдап алынады. Сорттардың ерте пісетіндігі ерте жиналатын түйнектердің өнімімен анықталады. Негұрлым түйнектер тауарлы өнімді ерте қалыптастырса, солғұрлым сорт ерте пісетін әрі шаруашылық маңызы жоғары сорт деп есептеледі. Жаздың ерте мезгілінде жоғары өнім алуға ерте және ортадан ерте пісетін сорттар пайдаланылады: Приекульский ранний, Полет, Весна, Мурманский, Невский, Шортандинский, Огонек.

Ерте картопты жақсы алғы дақылдан кейін құнарлы жерлерге орналастырады. Мұндай картопты мүмкіндігінше жақсы жарықталатын, жеңіл топырақты, қардан ерте арылатын алаңдарға отырғызады. Ауыр саздақ және саз топырақ жарамсыз, өйткені олар көктемде нашар жылынады да нәтижесінде отырғызар алдындағы өңдеуге кеш дайын болады.

Ерте картопқа топырақ өңдеу жүйесі азықтық кеш пісетін картоптан айырмасы болмайды. Алайда ерте және ортадан ерте пісетін сорттардың тамырлары шартты түрде нашар дамыған. Сондықтан топырақ өңделуі қажет, терең қопсытылып су ауаны жақсы сіңіруі қамтамасыз етілгені дұрыс.

Шапшаң есуі мен қорлануына байланысты ерте картоп қысқа мерзімде қоректік заттарды көп сіңіреді. Сондықтан ерте картопқа жеңіл сіңірілетін тынайтқыштарды өсімдіктерінің бүкіл өсуі мен дамуына жеткілікті мөлшерде қолдану қажет.

Картоптан өнімді ерте алудың басты шарттарының бірі тұқымдық түйнектерді әртүрлі әдістерді пайдаланып отырғызуға дайындау болып табылады, мұның өзі картоп көгінің тез пайда болуы мен өсімдіктің дамуына жақсы ықпал жасайды. Бұларға жататындар: әртүрлі әдіспен көктету, күнге кептіру мен қыздыру, түйнектерді сәуледен өткізу, түйнектерді минералдық және микротыңайтқыш ерітіндісінде өңдеу, өсіргіш заттармен өңдеу, түйнекке сақиналы тілік жасау т. Б. Ең қарапайым, жеткілікті тексерілген және ерте өнім жинауға көмектесетін тұқымдық түйнекті отырғызар алдындағы тиімді дайындау әдісінің бірі – жақсы желдетілген және жарықталған бөлмеде 30—35 күн бойы 12—15° температурада (ауытқуы 8°-тан 18°-қа дейін) жарықта көктету болып табылады.

Кезінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде жүргізілетін тәжірибелер көрсеткендей, ерте картоп өнімін алу үшін отырғызылатын түйнектерді аңызда парник рамаларының астында, парниктерде қорғалған топырақта, дала жағдайындағы тіректердің, пленкалардың астында көктетуге болады.Зерттеу нәтижелері жоғарыда аталған түйнектерді көктету тәсілдері өсімдіктердің дамуын тездетіп суармалы жағдайда ерте картоп өнімін алуды 10-шілде қарсаңында 115-127 ц/га қамтамасыз етті (Приекульский ранний сорты). Жарық өткізгіш полиэтилен қаптарында (көлемі 135X28 см) көктетілген түйнектерден де жоғары нәтижелер шықты, қаптың ұзын бойына 10—15 см сайын диаметрі 1 —1,5 см ауа кіретін саңылау жасалады. Мұндай қаптардағы түйнектер жан-жағынан жақсы жарықталады, дүркін-дүркін аударыстырылып отырудың қажеті жоқ. Түйнектерде қысқа, тығыз өскіндер пайда болады және оларда көптеген жапырақ ұрықтары қалыптасады.

Дайындалған түйнектер ең ерте мерзімде (сәуірдің аяғында) қырқаларға 6—8 см тереңдікте отырғызылады. Бұл жағдайда картоп көгі жұмыла ерте шығады, соңынан өсімдіктер жақсы дамиды. Қөктетілген түйнектер арнаулы картоп отырғышпен (САЯ-4), көшет отырғыш машиналармен (НРМ-6) немесе трактор түптегіші, немесе соқа тісінің астына отырғызылады. Қоректену ауданы 70X28 см (1 гектарға 55—60 мың өсімдік) болуға тиіс. Өсімдіктерді қоректік заттар және ылғалмен қамтамасыз еткенде картопты жиірек отырғызады және мұның өзі өсу мен туйнек түзуді тездетеді, түйнектердегі крахмал мөлшерін арттырады.

Өсімдік көгінің үсікпен зақымдануының хаупі туғанда олар қанаттары кең жайылған түптегіштердің көмегімен топырақпен жасырылады. Үсіктен кейін қырқаларды сеткалы тырмалармен қопсытады.

Топырақтың ылғалдылығы қолайлы болу үшін картопты жиі суарады. Алғашкы суаруды егін көгі шыкқаннан кейін, кейінгілерін әрбір 8—10 күн сайын жүргізеді, топырақтың кеуіп немесе тым артық суланып кетуін қадағалап отырады. Көктем құрғақ болғанда ерте картопты оның көгі пайда болғанша да суарады, мұның өзі егін көгінің жаппай шығуын қамтамасыз етеді.

Түйнектердің диаметрі 3 см, ал әр бұтаның өнімі 150-200 г (75-100 ц/га) жеткенде ерте картопты каза бастайды.

Тиісті агротехникалық талаптарды сақтағанда Солтүстік Қазақстан аймағында әдетте бұл уақыт шілденің екінші жартысына дәл келеді – шамамен гүлдене бастағаннан 10-15 тәуліктен соң.

Ерте картоптың түйнегі өте нәзік, тез кебеді де тауарлы сапасын жоғалтады. Сондықтан оны сатылуына қарай бірте-бірте қазып, бірден жинап алып қараңғы орынға үйіп қояды.

6 – ТАРАУ. ТАМЫРЖЕМІСТЕР. ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ

Халық шаруашылығындағы маңызы. Қант қызылшасы бағалы техникалық дақыл. Республикада қантты негізінен қант қызылшасынан алады, өйткені оның тамыржемісі көмірсуларға бай, құрамында 13-20% сахароза болады, сондықтан ол қант өнеркәсібінде шикізат болып саналады.

Қантты сонымен қатар қант қамысынан (балқурай) өндіреді. Балқурай – тропикалық және субтропикалық белдеулердің көпжылдық өсімдігі, оны жер шарының 70-тен аса елдері өсіреді. Балқурай қантының үлесі әлем өндірісінің 60%-дан астамын құрайды. Балқурай қантының шығымдылығы қант қызылшасынан екі есеге жуықтай төмен.

Қанттың тамаша дәмдік қасиеті бар, ол кең таралған және ағза тез сіңіретін қуат көзі. Қатты шаршағанда қан құрамында қант мөлшері азаятыны белгілі. Қантты тағамдарды пайдалану – адам ағзасының жұмыс қабілетін, физикалық күш пен ой қуатын сақтау мен оны тез қалпына келтіретін негізгі факторлардың бірі.

Қант қызылшасын өнеркәсіптік өңдеудегі қосымша өнімдер- жапырақтар, сығынды және сірнелердің құндылығы жоғары. Қант қызылшасының жапырақтары, тамыр салмағының үштен бірінен- жартысына дейінгі бөлігін құрайды және малазықтық құндылығы бойынша екпе шөптер көк балаусасынан кем түспейді: 5 кг ақуызбен жақсы қамтамасыз етілген (110г) жапырақтары бір малазықтық өлшемге тең. Қант қызылшасының 1 гектардағы 250-300 ц/га жемісі тамыр өнімінде, оның тек жапырақтары шамамен 2000 малазықтық өлшем береді.

Қант қызылшасын зауытта өңдеуден алынатын сығынды мен сірненің малазықтық маңызы зор. Қантсызданған қызылша жаңқасы болатын сығындыда 15% құрғақ заттар, оның ішінде 1,3% шикі протеин және 10% жуық көмірсулар болады; 1ц шикі сығындының малазықтық құндылығы 8 азықтық өлшемге тең; сығынды шығымы тамыр массасының 80% құрайды.

Малазықтық сірнеде 60% дейін қант болады және оның малазықтық құндылығы дәнге жақындайды, себебі оның 1 кг-да 0,77 малазықтық өлшем және 45 г қорытылатын протеин бар. Сонымен қатар сірне кондитер және тағам өндірісіне шикізат та болады.

Қант қызылшасы 1 гектардан 250-300 ц тамыр мен 100-150 ц жапырақ өнімін бергенде алынатын барлық қосымша өнімдердің (жапырақтар, сығынды, сірнелер) малазықтық құндылығы 5000-ға жуық малазықтық өлшемді құрайды.

Дефекациялық лас қалдықтар (қызылша қантын өндірудегі қалдықтар) тыңайтқыш ретінде пайдаланылады.

100 ц тамыржемісті өңдегенде 13-16 ц қант, 83-90 ц сығынды және 3,5-4 ц сірне алынады.

Қант қызылшасы тамыржемісінің шамамен 40-50% малға азық болса, оны арнайы малазық ретінде де өсіруге болады.

Демек, біздің елімізде қант қызылшасы техникалық дақыл ғана емес, маңызды малазықтық дақыл. Малазықтық құндылығы бойынша қант қызылшасы малазықтық қызылшадан екі еседен артыққа асып түседі: оның бір кг-да 0,26 малазықтық өлшем, 12 г қорытылатын протеин, 0,5 кальций және 0,5 г фосфор болады. Басқа тамыржемістерге қарағанда қант қызылшасы біршама жақсы сақталады.

Қант қызылшасының агротехникалық маңызы да зор. Ауыспалы егістерге оны енгізуден егіншілік мәдениеті артады. Қант қызылшасының топырағын терең өңдеу мен өсіп-жетілу кезеңіндегі жүргізілетін күтіп-баптау шараларының арқасында, танап келесі егілетін дақылдар үшін арамшөптерден тазартылады және онда ылғал жиналады. Демек, қант қызылшасы көптеген ауылшаруашылық дақылдарына құнды алғы дақыл және ауыспалы егістердің жалпы өнімділігін көтереді.

Қант қызылшасын жер шарында 9,5 млн гектарға өсіреді, оның жартысына жуығы ТМД мемлекеттерінің үлесіне тиеді (Украина, Ресей, Молдавия, Беларуссия).

Қант қызылшасы Республиканың оңтүстік шығысында (Алматы және Жамбыл облыстары) суармалы жерлерде өсіріледі.

Егер 1991 жылға дейін Қазақстандағы қант қызылшасының егіс ауданы 57 мың гектар құраса, соңғы жылдары дақыл 20 мыңдай гектар жерге ғана егіліп жүр. Республикада 7 қант зауыты бар, қант қызылшасы шикізатының аздығынан олар балқурайдан қант өндіруге қайта жабдықталған. Қант қызылшасы тамыр жемісінің орташа өнімділігі 210-230 ц/га құрайды.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Қант қызылшасы (Beta vulgaris L. V. Saccharifera) – Алабұталар тұқымдасы (Chenopodiaceae) қызылша туысының (Beta L.) малазықтық (v. Crassa), жапырақты (v. Cicla) және асханалық (v. Escultnta) түр тармақтары кіретін түрдің – екіжылдық өсімдігі. Мәдени екіжылдық қызылша б.э.д. 2000-1500 жылдардан әрі Алғы Азияда өсіре бастаған жабайы біржылдықтан (Beta vulgaris) шықты. Өсірілетін өсімдіктердің ішінде қант қызылшасының шығу тегі салаыстырмалы беріректе болуымен ерекшеленеді және ол толығымен адамның араласуымен жасалынған жалғыз ауыл шаруашылығы дақылы. Қант қызылшасының бірінші жылы жертаған жапырақтары мен тамыржемістері, екінші жылы – гүл түзіп, тұқым беретін өркендері өсіп жетіледі (Сурет 44).

. Сурет 44. Қант қызылшасы. 1, 2 – егін көгі және нағыз қос жапырақ кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3, 4 – эккендорфская желтая малазықтық қызылшасының І-бірінші жылғы өсіп-даму кезеңіндегі өсімдігі және тамыржемісінің көлденең қимасы; 5, 6 – қант қызылшасының өсіп-дамуының бірінші жылғы өсімдігі және тамыржемісінің көлденең қимасы; 7 – гүлді сабақтың бір бөлігі; 9 – көпөскінді және бірөскінді қызылша жемісшесі; 10 – тұқымы.

Қант қызылшасының ұзын жіңішке тамыршалары бар олар жан жағына 40-50 см тарайды, ал негізгі кіндік тамыры 2-2,5 м топырақ тереңдігіне дейін енуге қабілетті. Оның орталық тамыры өсіп, толысып тамыржеміске айналады. Жетілген өсімдігінің тамыржеміс массасы 500-800 г және одан да жоғары болады.

Тамыржемісінің пішіні – конус тәрізді, құрылысы: басы, мойны және нағыз тамырдан тұрады. Басы – тамыржемістің үстіңгі бөлігі, түрі өзгерген сабақ, онда жапырақтар орналасады. Басында тамыржемістің басқа бөлігіне қарағанда қанттың мөлшері аз. Мойын-тамыржемістің басы мен нағыз тамырдың арасында орналасады. Онда жапырақтар мен тамыршалар болмайды. Тамырдың өзі – тамыржемістің төменгі конус тәрізді бөлігі. Тамырдың ұзына бойындағы жырықшаларынан көп жанама тамыршалар тарайды. Қанттың көп мөлшері (19-20%) тамыр жемістің ортаңғы бөлігінде болады.

Пісіп-жетілген тамыржемісте шамамен - 75% су, 25% құрғақ заттар (сорты мен өсіп-жетілу жағдайына қарай 16-24% қант) болады. Қанттылығына жоғары агротехника көп әсер етеді.

Қант қызылшасының жапырақтары ірі, бүтін, жүрек тәрізді, сағақты. Пішіндері жасына қарай өзгереді: жас жапырақтарының сағақтары қысқа және тақтасы дөңгелек, ал үлкейгендерінің сағақтары ұзарады да жүрек тәрізденеді. Жапырақ тақтасының толқынды, ойықты немесе тегіс болуы сорттық белгі мен өсіру жағдайына байланысты. Жеке жапырақтың ұзындығы 50-70 см дейін. Бірінші жылы өсімдік 60-қа таяу жапырақтар түзеді.

Қант қызылшасы тұқымды тіршілігінің екінші жылы – қыста сақталған тамыржемісті көктемде топыраққа отырғызғанда гүлді өркендер пайда болғаннан кейін барып береді.

Гүлдері – қосжынысты, гүлсеріктері жасылдау. Гүлденуі 20-40 күнге созылады. Қант қызылшасы айқас тозаңданады. Тозаңдануы жел мен насекомдар арқылы жүреді.

Жемісі – жаңғақша. Көп тұқымды қант қызылшасының жемістері 2-5 тұқыммен тізбектеліп шоғырланған. 1000 тұқымның массасы 20-дан 50г дейін. Біртұқымды қант қызылшасының жемістері бір жаңғақшадан тұрады, сондықтан механикалық себуге ыңғайлы.

Тұқымның сыртында бурыл жылтыр қабықша болады. Тұқымның ұрығы перисперманың (қоректік заттар орналасқан жер) айнала сақина тәрізді қоршап тұрады, ол екі тұқым жарнағынан, орталарында орналасқан бүйрекшеден және ұрық тамыршаларынан тұрады.

Биологиялық ерекшеліктері. Сорттары. Қант қызылшасы басқадай мәдени тамыржемістілер сияқты екі жылдық өсімдік.

Қант қызылшасының бірінші жылындағы вегетациялық кезең ұзақтығы 150-170, ал екінші жылы – 100-130 күн. Алғашқы 50-60 күнде негізінен жапырақ өседі, келесі 50-60 күнде – тамыр, ал соңғы 50-60 күнде тамыржемісіне қанттар жиналады.

Қант қызылшасының тұқымы 3-4°C өніп шыға бастайды. Тұқымның бөртуі үшін құрғақ тұқым массасымен салыстырғанда 130-150% ылғал қажет.

Қант қызылшасы тұқым жарнағын топырақтың бетіне шығаратындықтан, тұқым себер алдында топырақты өңдеулер мұқият жүргізіліп, өсімдік көгінің уақытында пайда болуына кедергі келтіретін топырақ қабыршақтары жойылу керек.

Тұқым жарнағының топырақ бетіне шығуы мен оның жасылдануы «қосқұлақтану» кезеңі деп аталады. Тұқымы өніп шыққаннан 8-10 күн өткеннен кейін, нағыз жапырақтардың бірінші жұбы пайда болады. Әрі қарай әр 2-3 күннен кейін үш жұпқа дейін жаңа жұп жапырақтар, сонан соң дара жапырақтар шығады. Барлығы 60-80, кейде одан да көп жапырақтар түзіледі.

Қант қызылшасы өсу жағдайына өте жоғары талап қояды. Қант қызылшасы тамырында жиналатын қанттың мөлшері жарық қарқынына тікелей байланысты болуынан, жауын шашынды бұлыңғыр ауа райында тамыржеміс өнімділігі мен оның қанттылығы төмен болады.

Қант қызылшасы ұзақ күннің өсімдігі. Күн жарығының ұзақтығы мен қарқыны қызылшаның өсіп-жетілуіне, сондай-ақ қант, көмірсулар түзуіне көп әсер етеді. Жарық жақсы түскен сайын, көмірсулардың синтезделу үрдісі жақсы өтеді. Жарықтың жетіспеуінен қант қызылшасының өнімі мен қанттылығы күрт төмендейді.

Дақылдың жылуға талабы орташа. Вегетациялық кезеңіне қажетті белсенді температура жиынтығы – 2400°C. Өсіп-жетілуіне оңтайлы температура – 20-22 °C.

Қосқұлақтану кезеңіндегі өскіндер – 3-4°C үсікті көтермейді, бірақ екі нағыз жапырақты кезеңде – 6-7°C үсікке шыдамды.

Қант қызылшасы ылғалды көп қажет етеді. Оның транспирациялық коэффициенті 240-400 аралығында болғанмен, құралатын органикалық массасының жалпы мөлшері көп болғандықтан, жоғары өнім алу үшін топырақта ылғал жеткілікті болу керек. Өсімдіктің ылғалды көп қажет етуі жапырақтар мен тамырларының қарқынды өсу кезеңінде болады. Сонымен қатар, қант қызылшасы өзінің мықты тамыр жүйесінің арқасында топырақтың терең қабатынан өсімдіктерді ылғалмен қамтамасыз етуіне байланысты, құрғақшылыққа да төзімді өсімдікке жатады.

Қант қызылшасы жоғары өнімді жақсы жарық пен ылғал мол жағдайларда береді.

Бұл дақыл топырақ аэрациясына жоғары талап қояды. Ауа тұқымның өніп-өсуі мен тамыржемістер қалыптасуының барлық кезеңдерінде қажет. Ауыр, нашар өңделген топырақтарда ауаның жеткіліксіз болуынан тамыржемістердің өсіп-жетілуі нашарлап, өнім төмендеп кетеді.

Топырақ қышқылдығына қант қызылшасы сезімтал. Оған топырақ ортасының реакциясы бейтарап және әлсіз сілтілі болуы өте қолайлы (рН 6,5-7,5).

Қант қызылшасы қоректік заттарға бай қара, қара-қоңыр топырақты жерлерде мол өнім береді.

Республикада қант қызылшасы негізінен Алматы және Жамбыл облыстарында кәдімгі сұр топырақты жерлерде өсіріледі. Елімізде оның 28 сорты өсіруге рұқсат етілген және кең тарағандары – Ялтушковская односемянная, Ялтушковская односемянная 30, Рекорд, Ризор, Роксанг, Амели, Венера, Георгина, Ленора және будандардан ЦКАЗМС-44, КазМС-19, КазСИБ-14 ж.б.

Қант қызылшасы тамыржемісінің (бірінші жылғы) өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны және жақсы алғы дақылдары. Қант қызылшасы тәтті түбірінің өнімділігін және сапасын жоғарылатуда арнайы ауыспалы егісте дақылдың аурулары мен зиянкестерімен тиімді күресуге мүмкіндік туады. Қазақтың егіншілік ғылыми зерттеу институты қызылша өсіретін аудандарға 7-8 танапты (жоңышқа қызылшалы) арнайы ауыспалы егіс кескіндерін ұсынған болатын.

Қазіргі жағдайда фермерлік шаруашылықтарға арналып, екі үш танапты ауыспалы егістер енгізілуде (Байоразов А., 2006). Мұндай қысқа ротациялы ауыспалы егісте қант қызылшасына жақсы алғы дақыл ретінде майбұршақ, картоп және мақсары ұсынылады.

Әрине, қант қызылшасынан жоғары өнім алу үшін оны арамшөптерден таза, ылғал мен қоректік заттар жеткілікті танаптарға орналастыру керек.

Қант қызылшасы топырақтан көп мөлшерде қоректік заттар пайдаланатындықтан және оның тамырында көптеген зиянды ұсақ ағзалар орналасуынан қайталама егісті нашар көтереді. Қайта егісте қант қызылшасы зиянкестер мен аурулардан көп зардап шегеді, әсіресе тозған жерлерде.

Қант қызылшасын бәрінен бұрын жақсы өңделген, тыңайтылған ерте екпе сүрі жерден кейін орналастырған дұрыс. Егер күздіктер таза сүрі жерге себілген болса, онда ол танапты бірінші кезекте қант қызылшасына пайдалану қажет.

Ылғал жеткілікті аймақтарда қант қызылшасына, әдетте таза сүрі жерден кейін себілген күздіктер жақсы алғы дақыл болады. Бұршақ дақылдарынан кейін себілсе де қант қызылшасы жақсы өнім береді.

Суармалы жерлерде қант қызылшасының тамаша алғы дақылы жоңышқадан және сүрлемдік жүгеріден кейін себілген күздіктер болып есептелінеді. Бұл жерлерде сүрлемдік жүгері, картоп және көкөніс дақылдары да жаман алғы дақыл болмайды.

Қант қызылшасынан кейін жаздық дәнді және бұршақты дақылдар жақсы өнім береді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Қант қызылша танабы тереңге жыртылу тиіс, өйткені өсімдік қуатты тамыр жүйесін қалыптастыруы және микробиологиялық үрдістердің белсенді жүруі, ылғал мен қоректік заттар қорының жиналуы топырақты өңдеуге тікелей байланысты.

Қант қызылшасы танабының топырағын өңдеу – негізгі (сүдігер) және тұқым себер алды өңдеулерден тұрады. Сүдігер жырту алғы дақылдар мен топырақ климат жағдайларына байланысты Ол негізінен танапты арамшөптерден тазартуға және топырақта ылғал мен қоректік заттар жинауға бағытталуы тиіс.

Топырақты негізгі өңдеу – аңызды сыдыра жыртқыштармен өңдеу және тереңге сүдігер жыртудан тұрады. Аңызды мүмкіндігінше ерте сыдыра жыртқыштармен өңдеу үшін қант қызылшасын себуге арналған танаптағы сабандарды жиналған астықтармен бірге алып кету керек.

Сыдыра өңдеуді 10-12 см тереңдікке дискілі немесе түренді сыдыра жыртқыштармен, сүдігер жыртуды – мүмкіндігінше ерте, 30-32 см тереңдікке шолақ түренді соқамен атқарады. Ерте жырту топырақта ылғал мен қоректік заттардың мол жиналуына септігін тигізеді, құрғақ ауа райында топырақты соқамен жырту тығыздаумен бірге (шығыршықты таптауышпен бір агрегатта) атқарылады. Ол ылғалдың жақсы сақталуы мен арамшөптердің өсіп шығуына жағдай жасайды.

Жинаудан кейін жылы ауа райы ұзақ болатын жағдайда жақсартылған топырақты жартылай сүрілеп өңдеу жүйесін пайдалануға болады. Күздік бидайды жинағаннан кейін, дискілі сыдыра жыртқыштармен топырақты 7-8 см тереңдікке өңдейді, 10-12 күннен кейін түренді сыдыражыртқыштармен 14-16 см тереңдікке екінші рет өңдейді, немесе 18-20 см тереңдікке топырақтың жағдайына байланысты тісті тырма немесе шығыршықты таптауыштарды бір агрегатта пайдаланып, соқамен қайта таяз жырту. Сонан соң арамшөптердің шығуына қарай топырақты тырмалайды немесе қопсытады. Терең жыртуды (30-32 см ) қыркүйек айында жүргізеді.

Мұндай топырақты өңдеу жүйесі арамшөптермен тиімді күресуді және топырақта көп ылғал мен қоректік заттардың жинақталуын қамтамасыз етеді.

Суармалы жерлерде алғы дақылдар өнімін жинағаннан кейін танаптарға жеңіл түрде тегістеу жүргізеді, сонан соң гектарына 1000-1200 м3 мөлшерде жырту алдында суарады.

Егер қант қызылшасын дәнді дақылдардан кейін себетін болса, оларды жинағаннан кейін артынша суару жүргізіледі. Аңызды 7-10 см, содан соң 12-14 см тереңдікке сыдыра жыртып тыңайтқыштарды топыраққа сіңіреді. Сүдігерді 28-30 см тереңдікке жыртады.

Тұқымды себу алдындағы өңдеу – сүйреткісі бар тісті тырмамен (екі ізбен) тырмалау және 5-6 см тереңдікке себу алдындағы қопсыту мен тырмалаудан тұрады. Арамшөптермен ластанған топырақтарда екі қопсыту тырмалаумен бірге қолданылады: біріншісі – 7-8 немесе 9-10 см тереңдікке, екіншісі – себу алдындағы тұқым себу тереңдігіне тығыздаумен бірге жүргізіледі. Топырақты себу алдындағы дайындауда гектарына 4 кг мөлшерінде эптам гербициді қолданылады.

Тыңайтқыштар жүйесі. Қант қызылшасы егісіне тыңайтқыштар қолданудың негізі, өсімдікке иқажетті қоректік заттардың басым бөлігі оның өсіп дамуының қарқынды кезеңінде берілуі қажет. Сондықтан қант қызылшасы танаптарында органикалық және минералдық тыңайтқыштарды күзде сүдігерді тартарда беру, ал минералдық тыңайтқыштардың қалған бөлігін тұқыммен бірге және үстеме қоректендіру.

Қант қызылшасы топырақтан қоректік заттарды басқа дақылдарға қарағанда көп пайдаланады, сондықтан оның егісін өте құнарлы топырақтарға орналастырады.

300ц тамыржеміс өніміне қызылша дақылы топырақтан гектарына 150-200 кг азот, 45-80 – фосфор, 180-240 кг калий сіңіреді, демек бұл дақыл көп тыңайтқыш бергенді қажет етеді. Тыңайтқыштарды бірнеше мерзімде қолданады: негізгі өңдеуде, тұқым себуде және өсіп даму кезеңінде – үстеп қоректендіруде. Негізгі өңдеуде органикалық және минералдық тыңайтқыштар пайдаланылады. Органикалық тыңайтқыштарды алғы дақылдар немесе жергілікті жердің жағдайына қарай, қант қызылшасына арнап күзде (гектарына 10-30т көң) береді. Минералдық тыңайтқыштарды топырақ климат жағдайларына байланысты гектарына: азот 40-90кг, фосфорды – 30-90, ал калийді 45-100 кг шамасында береді.

Әрине, тыңайтқыштар түрлері мен мөлшері топырақ картограммасына сәйкес бағдарламаланған өнімге есептеліп енгізіледі. Тыңайтқыштардың қант қызылшасына қатарға берудегі қажет мөлшері: азот пен калий – 10-15 кг, ал фосфор 15-20 кг. Топырағы сортаң жерлерге тек қана азот пен фосфор тыңайтқыштарын берген тиімді.

Тыңайтқыштармен үстеп қоректендіруді бірнеше рет жүргізеді, үстеп қоректендіру қатарарлықтарды өңдеумен бірге беріледі. Өсімдіктерді сиретуден кейін бірінші үстеп қоректендіруде 1гектарға 10-15 кг азот, 15-30 кг фосфор және 15-20 кг калий қолданады. Екінші және үшіншіде – 15-25 кг фосфор мен 20-30 кг калий, ал азотты аз мөлшерде (7-10 кг) пайдаланады.

Қант қызылшасын үстеп қоректендіруде минералдық тыңайтқыштармен бірге микроэлементтері де (бор, мырыш, марганец) енгізіледі.

Суармалы жерлерде үстеп қоректендіруді суарудың алдында жүргізеді.

Тұқымды себуге дайындау және себу. Егістік материалы ретінде қант қызылшасының өңірде себуге рұқсат етілген сорттары мен будандары пайдаланылады. Олар өздерінің егістік сапа көрсеткіштері бойынша стандарт талаптарына сәйкес болу керек.

Қант қызылшасы тұқымын егіске қант зауытында даярлайды, онда оларды іріктейді және фракцияларға – 3,5-4,5 мм және 4,5-5,5 мм – бөледі.

Тұқымның сусып түсуін жоғарылату үшін оны жылтырлатады, яғни жеміс серігінен айырады.

Тұқымды дражирлеу – сыртына арнайы дражирлегіш массасы бар қабықша «жапсыру». Тұқымды дражирлеуге көң, минералды және бактериалды тыңайтқыштар, микроэлементтер қоспалары пайдаланылады.

Қант зауытында тұқымдық материалды ТМТД 80% препаратымен мөлшері 4-6 л/т дәрілейді.

Қант қызылшасының себетін тұқымының өнгіштігі мен өну энергиясын арттыру үшін оны жылы ауамен өңдейді. Жылумен өңдеу қызылшаның өнімі мен қанттылығын және тамыр жегісі ауруына төзімділігін де арттырады.

Қант қызылшасының өнімділігіне оңтайлы себу мерзімінің үлкен әсері бар. Себуді кешеуілдетуге болмайды, себебі тұқымның өнуі нашарлайды, әсіресе құрғақшылық жылдары. Одан басқа , кеш себуден өсіп-жетілу кезеңі қысқарып өнім төмендеп кетеді.

Қант қызылшасы тұқымын себуді ерте дәнді дақылдарды сепкеннен 5-6 күннен кейін, топырақтың 10 см тереңдігінде температура 5-6°C жылынғанда бастай беруге болады.

Тұқым себу тереңдігі ауа райы мен топырақтың механикалық құрамына байланысты өзгереді. Көбінесе тұқымды 3-4 см тереңдікке сіңіреді. Жеңіл топырақ пен құрғақшылықты жағдайда себу 5-6 см-ге дейін тереңдетіледі.

Себу тәсілі – кең қатарлы (қатараралықтары 45 см). Суармалы жерлерде қатараралықтар 60-70 см. Көптұқымды қант қызылшасы сорттарын себу мөлшері 1 гектарға – 30-32 кг, ал бірөскінді сорттарда -10-12 кг.

Қант қызылшасын арнайы ССТ-12А, ССТ-12Б және ССТ-8А сепкіштерінің бірімен себеді.

Қант қызылшасы себілетін танап арамшөптермен қатты ластанған жағдайда қатардағы 1 ұзындық метрге (п.м.) – 35-38 дана тұқым себіледі немесе 10-12 кг/га ал арамшөптері аз, егіншілік мәдениеті жоғары жерлерде 23-25 дана тұқым жеткілікті, ондай жағдайда қатардың 1 ұзындық метрінде 12-14 өскін қамтамасыз етіледі.

Егістікті күтіп-баптау. Қант қызылшасының топырағы борпас және арамшөптерден таза болуы керек. Тұқымды сепкеннен кейін 3-4 күннен кейін арамшөптер және топырақ қабыршақтарымен күресу үшін жеңіл тырмаға шынжырлы сүйретпені тіркеп көк шыққанға дейінгі тырмалауды жүргізеді. Шынжырлы сүйретпе тырмалағандағы пайда болған жалдарды тегістеп өтеді. Топырақ қабыршағын бұзуға ротациялық шабықтауыш қолданады.

Қызылшаның көгі пайда болғаннан кейін қатараралықтар топырағын қопсыту, арамшөптерді жою үшін (4-5 см) өңдеу – шабықтау жүргізеді. Нағыз жапырақтың бірінші жұбы пайда болғанда өскіндер қатарына көлденең бағытта қопсытқыш салып оларды сиретеді. Қопсытқыштың табан пышақтары қатарды (20-23 см ені) қиып өтіп, ұзындығы 23-25 см болып келетін жеке шоқтар қалдырады. Бірнеше күннен кейін шоқтарды қайта тексеріп, қате қалдырылған және жаңадан пайда болған өсімдіктер мен арамшөптерді жұлып тастайды. Сөйтіп 1 метр қатарда 5-6 өсімдіктен қалдырады. Жинау қарсаңында қант қызылшасы егістігінің жиілігі әр гектарға 90-100 мың дана болғаны дұрыс.

Еліміздің қант қызылшасын өндіретін негізгі аймақтарында үлкен алқаптарға арнап еңбек шығынын азайтатын өсіру мен жинаудың жаңа технологиясын қолдануда. Жаңа технологияның ерекшелігі арнайы тұқым сепкішпен бірөскінді, іріктелген, өнгіштігі жоғары тұқымды нүктелеп себу. Сонымен қатар өсімдіктерді сирету толық механизмнің көмегімен атқарылады. Бірөскінді сорттарды нүктелеп сепкенде тұқым қатарға бірдей арақашықтықта себіледі. (1м қатарға 25-35 тұқымнан). Себумен бірге тыңайтқыш беріліп, топырақ тығыздалады.

Толық «қосқұлақ» кезеңінде нағыз жапырақтырдың екінші жұбы томпайып біліне бастағанда өскіндерді сирету мақсатында қатарға көлденең торлы тырмамен немесе қатарды бойлай УСМП – 5,4К өскін сиреткішін қолданып жаппай қопсытады, бұл жағдайда қолмен сирету болмайды, ал арамшөптерді отау аракідік жасалынады.

Бірінші сиретуде – қатардың 1м ұзындығына 7-8 өсімдік қалдырылады. Қажет жағдайда 4-5 күн өткеннен кейін осы агрегаттармен қатарға 45° бұрышпен екінші тырмалауды жүргізеді, сонан соң қатардағы өсімдіктердің орналасуын бір тексеріп, арамшөптердің қалғанын қолмен жұлып тастайды.

Қант қызылшасының өсіп-жетілу кезеңдерінде қатараралықтарды 3-4 рет қопсытып, үстеп қоректендіреді және биік арамшөптерді бір екі рет отайды. Қызылша жинайтын комбайндардың жұмысын жақсарту мақсатында жинау алдында қатараралықтарды қопсытуға болады.

Қант қызылшасын суармалы жерлерде өсіргенде сиретуден кейін үстеп қоректендірумен бірге суаратын арықша тартып барып суарады. Оны өсіп-жетілу кезеңінде 6-7 рет суарып, артынша қопсыту жүргізеді, әр суару мөлшері – 700-900 м3/га.

Егіс алқабында зиянкестер мен аурулар байқалысымен улы химикаттармен (40 % БИ-58, 25% Арриво және т.б.) өңдеу жұмыстарын жүргізеді.

Тамыржемісті жинау. Қант қызылшасының тамыржемісінің техникалық пісуі басталғанда жинай бастайды, ол кезде тамыржеміс клетка нәрі ағарып, қызылша қатарлары ашылады, жапырақтар түссізденеді. Төменгі жапырақтар сарғаяды. Тамыржемістің өсуі баяулайды және қанттылығы азаяды.

Республиканың оңтүстік шығысында қант қызылшасын жинауды қыркүйек айының бірінші онкүндігінде бастайды.

Қант қызылшасы тамыржемісін жинауда лекті және танап шетіне үйіп жинау тәсілдерін қолданады. Осы тәсілдер көмегімен жинау операцияларын толықтай немесе жартылай механикаландыруға болады. Лекті әдіс – ең прогрессивті тәсіл, онда қол күшімен істелетін жұмыстарды және шығындарды азайтуға мүмкіндік жасалады. Қант қызылша тамыржемісін лекті әдіспен жинағанда комбайнмен қазылған тамыр жеміс іле машина қорабына салынып бірден зауытқа жөнелтіледі, ал үйіп жинау тәсілімен жиналған тамыр жеміс пен танап жанында жасалынған уақытша қырманға төгіліп, содан соң мүмкіндігіне қарай зауытқа тасымалданады.

Тұқымдық қызылша өсіру. Бірінші жылы өсірілген және тұқым алу үшін сақтауға қойылған тамыржемістер аналықтар немесе тұқымдықтар деп аталады.

Тұқымдық қызылша өсірудің негізгі тәсілдері фабрикалық (зауыттың) қызылша өсіру технологиясына жақын. Тұқымдық қызылша егістерін фабрикалық ауыспалы егістің сәйкес танаптарындағы құнары жоғары учаскелерге орналастырады.

Өсіру жағдайлары тамыржеміс өнімінің артуына ғана емес, оның тұқымдық өнімділігі мен алынатын тұқымның өнімдік сапасына үлкен әсер етеді.

Тұқымдық қызылшаны қатараралықтары 45,30 см етіп оңтайлы агротехникалық мерзімдерде отырғызады.

Тұқымдық қызылша өсірудің басты ерекшелігі өсімдіктерді өте жиі - әр гектарға кемінде 140-160 мың аналық тамыржеміс өсімдік орналастырылады. Оған қатарда өсімдіктерді жақын орналастырумен жетеді.

Тұқымдық қызылшаны жинау мерзімінің маңызы зор.

Ыстық мерзімде ерте жиналған тамырлар тез солып қалады және шоқалап сақтауда зең басып кетеді. Ерте жинауда «қыңырлар» саны көбейеді. Сондықтан тұқымдық қызылшаны мүмкүндігінше тәуліктік орташа температура 6-8°C дейін төмендеп тұрақты салқын түскенде, бірақ үсік ұруға дейін жиналған дұрыс.

Тұқымдық қызылшаны жинау үшін пышағы алынған қызылша комбайнын пайдаланған дұрыс. Онда қызылшаны қазу мен жерден таңдап алу толық механикаландырылады. Қазып алынған тамыржемістерді топырақтан тазартады және бүршіктерін зақымдамай жапырақтарды кесіп тастайды. Тек орталық бүршікті ғана қалдырады.

Тазалау кезінде ауру, бұтақтанған және зақымданған тамырларды алып тастайды. Тазаланған тамырларды уақытша жауып қояды да жалпы өнімді жинауды бітірісімен қыста сақтайтын жерге алып кетеді. Тамыржемістерді шоқалап немесе ені 70 см (екі тамыр ұзындығы), тереңдігі 75-90 см, ұзындығы өз ыңғайына қарай қазылған жерде сақтайды. Шоқада тамыржемістерді қабатпен, тегіс қатарлап қояды. Тамырлар өзара жанаспас үшін тамырдың әр қатарын 3-4 см қалыңдықта топырақпен жабады. Шоқаның үстін қатып қалудан сақтау үшін топырақпен жауып тастайды; қыста қар жетіспейтін жағдайда шоқаны қосымша көңмен жабады. Жақсы сақталу үшін қажет температура 3-4ºC.

Қызылшаның тұқым өнімі топырақтың құнарлығына тікелей байланысты. Сондықтан тұқымдық тамыржемісті жақсы алғы дақылдардан кейін орналастырады, органикалық және минералдық тыңайтқыштар береді. Оған ең жақсы алғы алғы дақыл – тыңайтылған сүрі жерден кейінгі күздіктер мен дәндібұршақ дақылдары.

Көктемде аналықтарды отырғызғанда жергілікті органикалық минералдық тыңайтқыштарды әр гектарға мынадай мөлшерде береді: көң 5-6 т, азот – 15-20 кг, фосфор – 30-40, калий – 10-15 кг. Одан басқа жертаған жапырақтанғанда гүлсидам пайда болар алдында 20-30-кг-нан толық минералдық (NPK) тыңайтқыштармен өсімдіктерді үстеп қоректендіреді.

Тамыржемістерді отырғызуға дайындауға –алдынала (5-6 күн бұрын) шоқадан оларды аршып алу, шіріген, ауру және мүрік тамырларды алып тастау, үйіндіде олардың көктеуін жеделдету мақсатында жылы ауамен өңдеулер жатады.

Тамыржемістерді дала жұмыстарының бірінші аптасында отырғызады.тұқымдықтарды отырғызуды кешіктіруге болмайды: 10-14 күнге кешігуден тұқым өнімі 25% төмендейді. Аналық тамырларды алдын ала белгіленген танап жерлеріне топырақ бетінен 2-3 см төменгі тігінен отырғызады; тұқымдықтың қоректену алаңы 4900см2 (70*70) болғанда 1 га алаңға 20,4 мың тамыржеміс орналасады.

Егістікті күтіп-баптаудағы бірнеше мәрте кесе-көлденең қопсытулардан басқа, гүлдену алдында гүлсидам өркендердің бас және бүйір бұтақтарын қырқудың топырақты борпас және таза күйде ұстап тұрудың маңызы зор. Жаппай гүлдену кезеңінде өсімдіктерді қосымша тозаңдандырудың да атқаратын рөлі ерекше.

Қант қызылшасы тұқымының пісуі, гүлденуі сияқты әркелкі. Ал мұның өзі тұқымдық егісті жинауды қиындатады, онымен қоймай піскен тұқымдар тез шашылады. Піскен бұтақтарды таңдап жинау көп қол еңбегін қажет етеді. Бірақ тұқым орылған бұтада да пісіп жетілетіндіктен тұқымдық егісті жаппай оруды ерте мерзімде, барлық тұқымның үштен бірі піскенде лафетті және аспалы дестелегішпен жүргізуге мүмкіндік туады. Тұқымның піскендігінің белгілеріне тұқым тізбесінің қоңырлануы, тұқым жарнағының ұн сияқты болуы жатады.

Тұқымдықтың орылған бұталарын 30 см қалыңдықта бостау баулайды да қатарлап қойып кептіреді.

Соңғы кездері тұқымдықты дестелеу тәсілімен жинау қолданыла бастады.

Тұқымдықтарды жинау алдында кейбір химиялық заттардың (магний хлораты, натрий хлораты, кальций цианамиді) әлсіз ерітінділерімен жапырақтарды түсіру (дефоляция) және тамырмен тұрған өсімдікті кептіру (десикация) үшін егісті өңдейді. Бұл тұқымдық егісті комбайнмен жинауға мүмкіндік береді.

Тұқымдық қант қызылшасын қайта отырғызбай өсіру. Қазіргі кезде қолданылатын екіжылдық көшіріп отырғызу тәсілімен қант қызылшасы тұқымын өсіру салыстырмалы көп еңбек және қаражат шығынын қажет етеді: көптеген үрдістер (аналық тамыржемістер отырғызу, тұқымдықты жинау) осы кезге дейін толық механикаландырылмаған. Бірақ бұл тәсіл Орта Азия елдері мен Ресейдің Краснодар өлкесінде кеңінен қолданылады. Оның Солтүстік Кавказдың тау етегі аудандары, Закавказье, Украинаның оңтүстігі, Молдавия, Прибалтика аймақтары үшін болашағы зор.

Қант қызылшасы тұқымын көшірмей отырғызумен алу тәсілі АҚШ, Венгрия, Болгария, Турцияда таралған.

Көшірмей қант қызылшасы тұқымын алудың табиғи жағдайлардан басқа маңызды жайы – қант қызылшасы тамыржемісінің қысқа төзімділігін арттыруға бағытталған кешенді агротехникалық тәсілдерді қолдану болып саналады. Ксеморфты, ұсақ ағзалы құрылымды , жақсы өткізгіш ұлпалы тамырлы қант қызылшасының қысқа төзімділігі өте жоғары. Сондықтан көшірмей отырғызу тәсілімен қызылша тұқымын алу агротехникасының негізгі аналық өсімдікті қатаң жағдайда баптау –оларды жиі орналастыру, бірқалыпты ылғал мен қоректену, қыстайтын тамыржемістердің көлемін кішірейту үшін кеш себу және т.б.

Аналық қызылшаның алғы дақылдары ерте жиналатын дақылдар – асбұршақ, күздік рапс, күздік арпа, күздік қарабидай мен бидай болуы мүмкін, егер оларды жинағаннан кейін жеткілікті жауын-шашын болса.

Аналық қызылшаны арпа, зығыр, қыша, рапс дақылдарымен бүркемелеп себуге болады.

Тамырдың қысқа төзімділігін арттыру үшін азот мөлшерін негізгі енгізуде кәдімгіге қарағанда екі есе азайтады, ал фосфор мөлшерін шамамен 30 кг көбейтеді. Себу кезінде қатарға тек фосфор мен калий тыңайтқыштарын енгізеді.

Тұқым себу алдындағы жырту қабатының тығыз құрылымын сақтау үшін беткі қабатта (4-5 см) жасалынады. Сонан соң, дереу себу ауыр таптауышты пайдаланумен бірге жүреді. Қатараралық ені 70 см немесе 70х15 см. Көп тұқымды қызылшаны егістік жер гектарына себу мөлшері 18-20 кг, біртұқымдыда – 12-15. Аналық қызылшаның қысқа төзімділігі мен тұқым өнімі көп жағдайда себу мерзіміне байланысты өзгереді.

Аналық қызылшаның жақсы қыстап шығуы үшін, топырақ қабатына орналасқан оның үстіне тұрақты салқын түскенде 10-15 см, ал солтүстік аудандарда 20-25 см дейін топырақ үйеді. Тамыржемістер өз орындарында қыстап шыққаннан кейін күтіп-баптау тәсілдері өсімдіктің дұрыс өсіп-жетілуіне бағытталуы керек. Ерте көктемде қызылша тамыржемістерін топырақ үйіндісінен тырма, сүйреткілер мен егіс қатарына көлденең немесе қиғаш жүріп аршып босатады. Минералдық және органикалық тыңайтқыштармен, әсіресе көң садырасымен тамырларды үстеп қоректендірудің маңызы зор. Өсіп – даму кезеңдерінде кемінде екі рет үстеп қоректендіру керек.

Қант қызылшасы плантациясы топырағын бос және арамшөптерден таза ұстау үшін кемінде 2-3 рет қатараралықтарды қопсытады.

Көшірмей қант қызылшасының тұқымын алу тәсілінің ерекшелігі- тұқымның біркелкі пісуі мен тұқымдық бұталардың жатып қалуының азаюында. Тұқымдықты өсімдік тұқымының 20-25% қоңырланғанда егісті қосарланған пышақпен жабдықталған лафетті және аспалы дестелегішпен орады. Дестедегі өнім кепкеннен кейін оны комбайнмен бастырады.

7 – ТАРАУ. БАҚША ДАҚЫЛДАРЫ (жалпы сипаттамасы)

Бақша дақылдарына қарбыз, қауын және асқабақ жатады. Оларды жоғары дәмділік сапасымен ерекшеленетін нәрлі жемістерін алу үшін өсіреді. Асханалық қарбыз бен қауынның жемісінде 6-12% және одан да жоғары қанттар, В1, В3, С, РР және басқадай дәрумендер болады. Қарбыздың құрамында темірдің және калий қышқылының көптеген тұздары бар. Бақша дақылдарын тағамға пайдаланумен қатар, олардың жемісінен консерві және кондитер өнеркәсіптерінде бал, цукат, повидло, пастил және басқадай тағам түрлерін жасайды.

Сары жұмсақты асқабақ фосфор және каротинге бай, сонымен бірге құрамында фитонцидтер көп мөлшерде болады. Асқабақ жемісі шырынынан цукаттар мен бал жасалады.

Мал азығына асқабақ пен қарбыздың малазықтық сорттарының жаңа жиналған жемістері пайдаланылады. Олар бағалы сүт қуғыш азық болып есептеледі. Малазықтық асқабақтың 100 кг-да 10 малазықтық өлшем мен 70г қорытылмалы протеин, ал малазықтық қарбыздың құрамында 9 малазықтық өлшем және 40г қорытылмалы протеин болады.

Мал азықтық бақша дақылдары жасыл конвейерлер құрамына жеке буын ретінде кіреді.

Бақша дақылдарының тұқымдастарынан, әсіресе асқабақ тұқымынан тағамдық май алынады.

ТМД елдерінде өндірістік бақша шаруашылығы 19-ғасырдың ортасында пайда болуына байланысты, бақша дақылдары Ресейде, Украинада және Орталық Азияда өсіріле бастады. Қарбыз Ресейдің Астрахань губерниясы арқылы Батыс Қазақстанға тарады.

Қазіргі кезде ТМД мемлекеттерінде бақша дақылдары 1 млн гектарға жуық жерлерде өсіріледі.

Қарбыздың суарылмайтын жерлеріндегі өнімділігі – 150-200 ц/га, ал суармалы жерлерде 300-400 ц/га болса, қауын 120-140 ц/га –дан 400 ц/га дейін, асқабақ 300-600 ц/га өнім қалыптастырады.

ҚАРБЫЗ

Халық шаруашылығындағы маңызы. Қарбыздың шөл қандыратын және көңілді сергітіп жадырататын қасиеті бар. Оны әсіресе ыстық ауа райында егістік басында қара судың орнына шөл басу үшін пайдаланған жақсы. Қарбыз салқын сусындарды алмастырады, оның құрамында көп мөлшерде (12% дейін) жеңіл сіңімді қант болады. Қарбыз қанты, көбінесе қант диабетімен ауыратындарға қажетті жақсы сіңіретін фруктозадан тұрады. Қант мөлшері бойынша қарбыздар көптеген жемістер мен жидектерден асып түседі, тіпті ананас, жүзім, алмұрттан кем емес.

Қарбыздарда адам ағзасындағы көптеген физиологиялық үрдістерді реттестіруге ықпал ететін – глюкоза, сахароза, фруктоза, дәрумендер (А, В, С,), пектиндер, сіңімді ДК тұздары,сондай ақ фолий қышқылы мен темір сияқты заттар болады. Сондықтан қарбыз өнімін цингаға қарсы, бүйрек, өт жолдары ауруларын алдын алу мен емдеу, ағзаның тіршілік қабілетін көтеру үшін пайдаланады.

Қарбыз жұмсағын ұзақ пайдалану мақсатында, олардың жемістерін консервілейді-тұздайды.

Қарбыздар – тағам өнеркәсібі үшін құнды шикізат. Олардан құрамында 65% қант пен 0,3% дейін сіңімді темір болатын бал (нардек) дайындайды. Қарбызды өңдегенде бал шығымы 5-7% (өз массасынан). Бал тағамға пайдаланылады, одан кисель және повидло дайындайды.

Стандарт талаптарына сай емес өте пісіп кеткен, ұсақ және жарылған қарбыздарды өте құнды қантты концентратқа айналдыруға болады. Қарбыз жемісінің қабығынан тосап, цукат, ал қара қабықтылардан тағамдық бояу дайындайды.

Қарбызды өңдегенде, оның бөлініп алынған тұқымдарынан май өндіруге болады. Қарбыз майы – сұйық, ашық,иісі мен дәмі жақсы. Ол құрамында Д дәрумені болғандықтан, рахитке қарсы емдік қасиетімен айшықталады. Ыстық сығымдауда тұқымнан алынатын май шығымы 17-20%. Сығымдаудан кейін қалатын қалдық-күнжара кондитер өнеркәсібіне құнды шикізат. Одан халуа мен басқа тағамдар жасайды. Тіпті қарбыз тұқымының қабығын өңдеу арқылы лак-бояу өндірісіне қажет өнім – фурфурол алуға болады. Фурфурол электротехникада да пайдаланылады.

Қарбыздың кейбір сорттарында консерві зауыттары үшін өте қажет пектиндік заттар көп. Пектиндік заттардың қантпен қосып қайнатқанда желе тәрізді масса түзетін қасиеті болғандықтан, жидек пюресі мен повидло дайындағанда оларды қоюлату үшін қарбыз шырынын пайдаланады.

Еліміздің жартылай шөлді аймақтарында ықтырмалы егіс аясында қарбызды суармай-ақ өсіруге болады.

Қарбыз күздік және жаздық астықтар үшін жақсы алғы дақылдардың бірі. Олардан кейін танаптар таза күйінде қалады. Қарбыз дақылы ірі жапырақтарымен жерді көлеңкелеп топырақта ылғал сақтайды.

Қарбыз – мол кіріс әкелетін дақыл, әсіресе суарылмайтын аймақтарда оны өсіріп өзіндік құны төмен жоғары өнім алынады.

Шырынды малазықтық жемнің маңызды көзі- малазықтық қарбыз. Оның құрамында 1,2 % шикі протеин, 0,1- май, 7,2 – АЭЗ, 2,3 – жасұнық, 0,2 – күл және 88,5 % су болады.

Малазықтық қарбызды сабан, топан (75% қарбыздар, 25% топандар) және басқа да масақты дақылдармен аралыстырып сүрлем дайындауға болады. Оның сүрлемін мал сүйсініп жейді де тез қоңданады, өнімділігі артады. Малазықтық қарбыздың тұқым шығымы 2-2,5 % тұқымының майлылығы 50% дейін жетеді.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері мен сорттары. Қарбыз – Асқабақ тұқымдасына (Cucurbitaceae) жататын біржылдық шөптесін өсімдік. Оның елімізде өсірілетін барлық сорттары екі ботаникалық түрге жатады: кәдімгі немесе асханалық – C. Aedulis Pang және малазықтық немесе цукатты – C. Coiocyntoicles Pang.

Ө сімдік сабағы – түкті, жатаған; бірнеше реттік желілерге тармақ-талған, ұзындығы 1-4 м жетеді. Желілері мұртша-лармен және көбіне буынаралықтарында пайда болатын қосымша тамыр-лары арқылы жерге бекиді.

Тамыры – кіндікті, тармақталған, топыраққа тереңге бойлайды.

Жапырақтары – кезекті, ұзынша – домалақ, жіңішке немесе жалпақ бөлікті, терең жырықты.

Қ

Сурет 45. Қарбыз

арбыз – бірүйлі, аталық және аналық гүлдері бір өсімдікте болады. Гүлдері – жеке, даражынысты және қосжы-нысты (гермофродитті). Гүл күлтесі ашық-сары және сары-қызыл түсті, бесжелекті, түйіні төменде орналасады. Жемісі – тұқымды жалған жидек. Сортына байланысты жемістері көлемі мен қабығының, жұмсағы және дәнінің түсіне қарай әртүрлі болып келеді.

Асханалық қарбыз жемісінің жұмсағы шырынды және тәтті. Оның түсі ашық қызылдан алқызылға дейін. Тұқымының шетінде кіндікшесі бар. 1000 тұқымының массасы 80-150 г. Жемістері - әртүрлі пішінді, бірақ көбінесе шартәрізді және қабығы түрлі-түсті. Асханалық қарбыздың өнімі гектарына 200-300 ц және одан да жоғары.

Малазықтық қарбыз жемісінің жұмсағы – ақ немесе жасылдау түсті, тығыз, қатты және тәтті емес. Жемістерінің пішіні ұзынша, жұмыртқа тәрізді және тағы басқа да пішінді болып келуі мүмкін. Тұқымында кіндікше болмайды, 1000 тұқымының массасы 100-200 г. Орташа өнімі гектарына 300-500ц.

Құрғақ тұқым сепкеннен, қолайлы жағдайларда 5-10 күннен кейін тұқым жарнақты жапырақ түріндегі көктері пайда болады. Бірінші нағыз жапыраққа дейінгі оның ұзақтығы 10-15 күн. Сонан кейін 5-8 күн өткесін екінші нағыз жапырақтары пайда бола бастайды.

Қарбыздың көктері шыққаннан 5-6 нағыз жапырақтары қалыптасқанға дейінгі кезеңі баяу өтеді, себебі бұл кезде өсімдіктің тамыр жүйесі қарқынды түзіледі. Сонан кейін барып жерүсті массасы қарқынды өсіп жетіле бастайды, 12-15 нағыз жапырақ пайда болған кезде, оның генеративтік мүшелері – аталық гүлдері, ал көктеуден 1-1,5 ай өткен соң аналық гүлдері түзіліп, гүлдей бастайды. Гүлдері таңертең ерте ашылады.

Қарбыз өсімдігінің жақсы тозаңдануы таңертең, тынық желсіз жылы күнде өтеді. Бірінші түзілген түйіндер, әдетте толық жетілмей, көбіне түсіп қалады. Келесілері өнімдірек болып келеді. Өнім мөлшері мен сапасын арттыруда қолдан ұрықтандырудың маңызы зор. Ол үшін егіске жақын жерге омарта орналастырады.

Бір өсімдікте жемістің мөлшері мен пісу мерзіміне қарай орта есеппен 1-ден 5 жеміске дейін пісіп жетіледі. Ерте пісетін сорттар мөлшері шамалы болып келетін көп жеміс берсе, кеш пісетіндер – аз жеміс береді, бірақ олардың көлемі өте ірі қалыптасады.

Қарбыз жемістерінің өсуі күндіз түні жалғаса береді. Өте қарқынды өсуі- пісу кезеңі басталар алдында байқалады.

Қарбыз басқа бақша дақылдары сияқты, төмен температураға сезімтал. Бақша дақылдардың ең жылу сүйгіші қарбыз, ал суыққа төзімдісі асқабақ. Температура 13°C дейін төмендегенде өсімдіктің өсіп- жетілуі баяулайды, ал 10°C-тан төменде – тіптен тоқтап қалады.

Жиі және ұзақ салқындық қарбыздың дамуына кері әсері әсер етеді, әсіресе көктеу, гүлдену және жеміс түзілу кезеңдерінде.

Қарбыздың барлық кезеңдеріндегі өсіп-жетілуіне оңтайлы температура – 25-30°C

Қарбыз - өте жарық сүйгіш дақыл. Ылғалды жақсы қажетсінгенімен құрғақшылыққа да салыстырмалы төзімді болып келеді. Негізінде бақша дақылдары ылғалдың көптігін, ылғалдың жетіспеуіне қарағанда нашар көтереді. Дақыл механикалық құрамы жеңіл, қоректік заттарға бай топырақта, яғни құм және құмдауыт топырақтарда жақсы өседі.

Бақша дақылдарының ішінде топырақтың тұздануына өте төзімді қарбыз, сонан соң қауын мен асқабақ болып есептеледі. Тұздану типі бойынша бақша дақылдары хлорлыға қарағанда күкірт қышқылды тұздануға өте төзімді.

Елімізде өсіруге рұқсат етілген сорттары: асханалық –Мелитопольский 142, Мраморный, Стокса 647, 649, Междуреченский, Княжин, Синчевский, Огонек, Роза юга востока, Астраханский, Красносемянник, Гранит, Каргалинец, Медок Семипалатинский, Семипалатинский, Трофи, Ярило; малазықтық – Дисхим.

Ауыспалы егістегі орны және алғы дақылдары. Қарбызды көпжылдық шөптер қыртысына сепкенде жақсы өседі. Ең жақсы нәтижелер көпжылдық шөптердің 4 және 5 жылғы қыртыстарына егілген жерлерден алынады.

Бақша дақылдарын көкөніс ауыспалы егісінде орналастыру керек. Көкөніс ауыспалы егісінде бақша дақылдарына жақсы алғы егіс болып көпжылдық шөптер қыртысына отырғызылған картоп, ал бақша дақылдарын қырыққабаттан кейін отырғызса өніміділігі төмендейді. Күздік бидайдан кейін өсірілген бақша дақылдары жақсы көрсеткіш көрсетеді.

Бақша дақылдарына алғы егіс таңдауда өсірілетін жердің топырақ-климат жағдайын, шаруашылықтың мамандануын және аурулардың пайда болу мүмкіндігін ескеру қажет.

Бақша дақылдары басқа ауылшаруашылық дақылдарға жақсы алғы егіс болады, себебі олар өзінен кейін танапты арамшөптерден таза күйінде қалдырады, топырақта ылғал және нитрат қоры жеткілікті мөлшерде жиналады.

Бақша дақылдарын бір орында бірнеше жыл өсіруге болмайды. Ондай жағдайда өнімділік және тауар сапасы төмендейді, аурулары көбейеді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Бақша дақылдары танаптарындағы негізгі өңдеуге 27-30 см тереңдікке сүдігер тарту жатады. Сүдігерді ерте жүргізу тиімді.

Ерте көктемде танапты тырмалайды. Ауыр механикалық құрамдағы танаптарды сүдігерді 16-18 см тереңдікке қопсытады.

Көктемде бақша дақылдарын себуге дейін 10-12 см культивациялайды. Себудің алдында тұқым сіңіру тереңдігіне культивациялаумен қатар суару арықтарын тартады.

Арамшөптерге қарсы бақша дақылдарының өркені шықпай тұрғанда жаппай тырмалайды.

Тұқымды себуге әзірлеу және себу. Бақша дақылдары тұқымдарының егістік өнгіштігінің төмен болу себебі, тұқым қабығының ауа немесе ылғал қабылдау қабілетінің төмендігі.

Сақтау кезінде тұқымның ылғалдылығы жоғаыр болса, ол жиі дем алуын және өздігінен қызуына байланысты өнгіштігін күрт төмендетеді. Ондай тұқымдардың өнгіштігін көтеру үшін себудің алдында жылыту және тұқымды ауамен қамтамасыз ету қажет.

Жаппай және жедел көгінің жер бетіне шығуы үшін, тұқымды себер алдында суға бастырады, өсіреді, күннің көзіне немесе жылы суда жылытады, әртүрлі температурада шынықтырады, әр алуан еріткіштермен өңдейді.

0,05% концентрациясы күкірт қышқылы марганец ерітіндісінде 16 сағатқа ұстау тиімді. Ол үшін тұқымды себуге дейін 15-20 күн бұрын сулап, содан соң кептіреді. Суда ұстауда ертінді ыстық 40-500С болуы керек. 0,05% ерітінді дайындау үшін 22 г күкірт қышқылы марганецті 10 л суда ерту қажет.

Қарбыз тұқымын себуге әзірлеудің кең тараған әдісі себер алдында өсіру, ауада- күн шуағына қыздыру, жылы суда жылыту және күкірт қышқылы марганец ертіндісінде тұқымды сулау және осы тәсілдерді бірге жүргізу.

Себу мерзімі және тұқым сіңіру тереңдігі. Дұрыс тағдалған себу мерзімі тұқымның егістік өнгіштігін жоғарлатады.

Қарбыздың қолайлы себу мерзімі – топырақтың 6-10 см қабаты 12-150С жылынған кезде себеді.

Тұқымды сіңіру тереңдігі де себу мерзімімен тікелей байланысты. Ауыр механикалық топырақты жерлерде егер қарбыз ерте отырғызылса, онда 2-6 см тереңдікке себеді, ал құмды және құмдауыт жерлере тұқым сіңіру тереңдігін 6-10 см жеткізеді.

Себу мөлшері. Қарбыздан қалыпты және жаппай өркен алу үшін әрбір шұңқырға 5-6 тұқымы біркелкі қашықтықта орналастырады. Себу мөлшері қоректік алаңшаға, себу тәсіліне және тұқым көлеміне байланысты болады. Сондықтан қарбыздың ұсақ тұқымды сорттарын гектарға 3,0-4,5 кг, ірі тұқымды – 4,0-5,5 кг/га себеді.

Себу схемасы (пайыз). Қоректену көлемін дақылдың және сорттың биологиялық ерекшеліктеріне, топырақ-климат жағдайына және егіс бағытына қарап таңдайды. Ылғалы төмен және кедей топырақты жерлерде үлкен қоректік алаңша қажет.

Ерте және орташа мерзімде пісетін сорттарды 1,4х0,7 м схемамен әрбір шұңқырға 1 өсімдік орналастырады, орташа мерзімде пісетіндер – 1,4х1,4 әр шұңқырда 1-2 өсімдік, орташадан кеш пісетіндер – 2,1х0,7 және 2,1х1,4 шұңқырда 1 және 2 өсімдік.

Себу тәсілі. Қарбызды шаршы немесе тік бұрышты ұялы және жай тәслмен СКГ-6, СШ-6А сепкіштермен себеді. Ондай сепкіштерге 2-4 тесікті дискілер таңдалады.

Күтіп-баптау шаралары. Өсімдік көгінің жер бетіне шығуын тездету үшін оларды өскін тұқыммен топырақтың ылғалды қабатына себеді.

Өсімдіктің бірінші нағыз жапырағы пайда болғаннан кейін сиретеді. Бір шұңқырда 2-3 қана өсімдіктер қалтырылады.

Екінші сирету – 3-4 нағыз жапырақ пайда болғанда жүргізеді. Себу схемасына байланысты әр шұңқырда 1-2 өсімдік қалтырылады.

Бақша дақылдарының өсіп-дамуына және өнімділігін түптеу (домбықтау), орамдарын жабу және шырпу жақсы әсер етеді. Топырақты түптеу алдында өсімдіктің жанын босатады, содан кейін тұқым жарнақты жапыраққа дейін топырақпен жабады. Осындай жағдайда пайда болған топырақ үгіндісі өсімдіктің тамырының мойнын судың астында қалудың, ал өсімдік жанындағы топырақтың тығыздалуынан сақтайды.

Орамды шырпу жемістің түзілуін және пісуін тездетеді. Қарбыз орамын шырпуды өсімдіктің бесінші жапырағында жатып (завязь) пайда болғанда жүргізеді.

Топырақпен жабу өсімдіктің қосымша тамырлары түзілуі үшін және орамының бекуі үшін қажет.

Топырақты қопсыту және арамшөптермен күресу. 2-3 рет қатараралық қопсытылады, бірінші және екінші өңдеу 12-15 см тереңдікке жүргізіледі, ал келесі өңдеулер 8-10 см.

Бақша дақылдарын жүйектеп суарады. Әрбір суарудан кейін қатараралық өңделеді. Ең көп суды бақша дақылдары гүлдеудің алдында және жемісінің қарқынды өсу кезеңінде қажетсінеді, жемісті жинаудың алдында 10-15 күн бұрын суғаруды тоқтатады.

Қазақстанның оңтүстік шығысында қарбыз дақылын вегетация кезеңінде 2-3 рет топырақ ылғалдылығына байланысты суарады. Бірінші суаруды аналық және аталық гүлдер пайда болғанда, екіншісі-жемісінің қарқынды қалыптасуы, ал үшіншісі жемісінің пісуі алдында суарады.

Өнімді жинау. Қарбыз жемісінің сапасы жинау мерзіміне байланысты болады.

Қарбыз жемісін республикада қол күшімен жинайды. Ерте және орташа мерзімде пісетін сорттарды жемісінің пісуіне байланысты бірнеше рет жинаса, ал кеш пісетін сорттарды суық түсер алдында бір немесе екі рет жинайды.

ҚАУЫН

Халық шаруашылығындағы маңызы. Қауынның дәмі өте тәтті жемістерден кем емес. Оның құрамында көп мөлшерде жеңіл сіңімді қант, А, С дәрумендері болғандықтан, жүрек пен бауырдың жұмыстарын жақсартады, ағзаның жалпы тонусы көтеріледі. Қауындағы С дәруменінің мөлшері алмаға парапар. Темірдің мөлшері тауық етіндегіден 2 есе, балықтан 3 есе, ал сүттен 17 есе көп. Қауынның жемістерінде ерімейтін ақуызды еритін пентонға айналдыратын ферменттер де болады. Қауынды халықтық медицинада түрлі ауруларға ем ретінде қолданады. Қауын жұмсағын өңдеп тосап, пюре, компот, повидло және цукат дайындайды. Қауын балы (бекмес) құрамында 60% қант болғандықтан, тағамдарға қосылады. Қауын жемісін алыс жерлерге тасымалдау қиын болғандықтан, тіліктеп қақтап барып жеткізеді. Оның пісіп кеткен жемістерінен ұн қосып қауын таба нанын (қауын – құрт) жасаса, толық піспеген жемістерін тұздайды.

Қауын тұқымында 35% дейін май болады. Сары түсті майының дәмі жақсы.Оны палау және бауырсақ пісіруге пайдаланады. Қауын майы кеуіп кететін болғандықтан, одан жоғары сортты бояу дайындайды.

Стандартқа сай емес және піспеген қауын жемістері малға өңдеусіз – ақ немесе сүрленген түрде азық. Қауынды сабан мен топан қосып сүрлейді. Оның сүрлемі қоректілігі жағынан малазықтық тамыржемістердікінен кем емес. Сүрлем иісі өте тартымды болғандықтан, үй жануарлары сүйсініп жейді. Қауын жемісімен азықтандырылатын малдардың сүт өнімі жақсы және оның майлылығы да жоғары .

Қауын дақылы еліміздің барлық аймақтарында өсіріледі, ал оның сапасы өте тамаша, өнімді сорттары Сыр өңірінде кең тараған.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Қауын (Melo) – Асқабақ тұқымдасына жататын біржылдық шөптесін өсімдік. Оның түрлері жеміс жұмсағының құрылысына қарай, жұмсақ және тығыз болып екіге бөлінеді. Бірінші топ түрлері: әңгелек (M. Chandalak), адана немесе киликилік (M. Adana), және кассаба (M. Cassaba).

Сурет 46. Қауын.

Екінші топ түрлеріне – чарджаулық (M. Zard), әміре (M. Ameri), және канталупа (M. Cantalypa) жатады.

Тамыры – қуатты кіндікті, көп мөлшерде жанама және соратын тамыршалары бар. Сабағы жатаған, жұмыр, қырлары әрең білінеді, қатты бұтақтанған және жиі түктер басқан.

Жапырағы – бүйрек, жүрек тәрізді, бүтін немесе 5-қалақты, ақ түктермен көмкерілген. Гүлдері – ірі (көлденеңінен 1,5-нан 4см дейін), сары түсті.

Барлық бақша дақылдары сияқты, қауын да бірүйлі, бірақ даражынысты. Аталық және аналық гүлдері бір өсімдікте орналасады. Аналық гүлдер жеке орналасса, аталық гүлдер кішкене гүл шоғырға жинақталған. Жемісі жалған жидек, пішіндері шар тәрізді, созылыңқы және жаншыңқы. Түстері әртүрлі, жұмсағы ақ, сары және жасыл.

Бақша дақылдары төмен температураға өте сезімтал. Ауаның температурасы 13°C дейін төмендегенде өсімдіктердің өсіп-жетілуі баяулайды, ал 10°C–тан төмен температурада тіпті тоқтап қалады. Олардың өсіп-жетілуіне оңтайлы температура – 25-30°C.

Ауаның температурасы 25-30°C болғанда қауын мен асқабақ көгі 4-8 күнде, ал қарбіздікі 6-10 күнде пайда болады.

Қауын ауа райына бейімделгіш болғандықтан, төмен және жоғары температураларды жеңіл көтереді.

Қауынның қарбызға қарағанда ылғалды көп қажет ететін себебі, оның тамыр жүйесінің жетілуі нашар және тамыр түктері жасушасының ылғалды сору күші төмен. Қауынның қант жинауының қарбызға қарағанда көп болуы, оның транспирация қарқынының күштілігіне байланысты. Қауынға жарық және жылу жеткілікті, механикалық құрамы жеңіл, қоректік заттары мол топырақ қажет. Жеңіл және жақсы жылынатын топырақтарда оның жемістері ерте піседі. Қауынға топырақтың құнарлы болғаны жөн. Ол қара немесе қара қоңыр құмдауыт топырақтарда жақсы өседі.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары: Гуляби кара местная, Кокча 588, Колхозница 749/753, Илийская, Ичкзыл 1895, Ичкзыл крупноплодная, Калай-сан местная, Олтын тепе, Алтыночка, Алена, Таисия және Майская.

Қауынның өсіру ерекшеліктері. Қауынның өсіру технологиясы қарбызға ұқсас. Қауынды өсіруге жақсы жылынатын, жарық және ылғалмен қамтамасыз етілген танап таңдалады. Ыза суларының орналасу деңгейі 1,5-2,0 м төмен болуы керек.

Жоғары және сапалы өнім алу үшін барлық агротехникалық шаралар қолайлы мерзімінде жүргізілуі және егісті арамшөптерден таза күйінде ұстау қажет.

Қауын қоңыр түсті құмдауыт және жеңіл саздақты, саздақты қаратопырақты жерлерде жзақсы өседі. Тығыз, әлсіз аэрацияланатын топырақтар өсімдіктің физиологиялық солуына әкеліп соғады. Қауын тұзға қарбызға қарағанда төзімді дақыл (хлорлы тұздардың шектік концентрациясы 0,015%, ал күкірт қышқылы тұздарына 0,02%), тұздардың одан жоғары мазмұны өсімдік өсуіне, дамуына және жемісінің химиялық құрамына кері әсерін тигізеді. Күшті тұзданған топырақтар алдымен шаюды қажет етеді.

Егер қауынды бір орында бірнеше жыл қайталап өсірсе, онда ол үшінші жылдан бастап аурулардың көптеп таралуынан өнімділігін күрт төмендетеді.

Гуцалюк Т.Г. (2006) деректері бойынша, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының орташа және жеңіл саздақты құмдуыт топырақты жерлерінде қауын егісіне органикалық және минералдық тыңайтқыштар беру ұсынылады, оның ішінде көң -20-30 т/га, азот 30-60 кг/га, фосфор 30-90 және калий 60 кг/га әсерлі затпен сіңіріледі. Аталған тыңайтқыштарды азоттан басқасын күзде топырақты негізгі өңдеумен бірге береді.

Қауынның тұқымын топырақтың 10 см тереңдігі 12-150С жылынған кезде себеді. Себілу тереңдігі топырақ типіне, оның ылғалдылығына және себу мерзіміне байланысты 4-6 см жүргізіледі.

Қауын тұқымын себуге әзірлеу қрбыз тұқымына ұқсас.

Әрбір шұңқырға 5-7 данадан тұқым себеді де уақытында сиретеді.

Ерте пісетн қауынды 1,4х0,7 м, орташа мерзімді- 1,4х1,4 м, ал кеш пісетінді 2,1х0,7-1,4 схемамен себеді, әр шұңқырда бір өсімдіктен қалдырады.

Егер қауынды екі жағынан суару арықшаларын қалдырып сепсе, онда қатараралық ені 2,8-3,5 м болады да қатардағы өсімдіктер арасы 0,7-1,2 м болып әрбір арықша жағында шахмат тәртібімен орналастырылады.

Қауынды міндетті түрде суару қажет, әсіресе өсімдіктің аталық және аналық гүлдері пайда болғанда, сонымен бірге қауынның қарқынды қалыптасуы мен жемісінің өсу кезеңдерінде. Сураудың ең жақсы тәсілі – аз ағынмен жүйектеп.

Қауын жемісінің пісуін сортына тән қабығында баяу және суреттің пайда болуымен анықтайды. Қауын жемісін мезгілінде жинамау жемісінің жарылуына әкеліп соғады. Сондықтан қауынды үнемі жемісінің пісуіне бйланысты жинап отырады. Орнында пайдалану үшін жемісі толық піскенде жинайды, алысқа тасымалднатын қауынды-толық піспей, ал қыстық сорттарды-көктей, техникалық піскенде жинайды.

АСҚАБАҚ

Халықшаруашылығындағы маңызы. Асқабақ құрамында көп мөлшерде қоректік заттар болады: 13% қант, 16% крахмал, 25% аса ақуыз және 50% май ( тұқымында). Оны тағамға кеңінен пайдаланады.

Асқабақта каротин көп болғандықтан, медицина саласындағы дәрумен өндірісінің жақсы шикізаты. Асқабақтың емдік қасиеті де жоғары, жұмсағы – асқазан жарасы, бауыр, бүйрек, қуықжолдары мен атеросклероз ауруларына емдік тағам, сондай ақ тұқымынан да дәрі жасайды.

Асқабақтың тұқымы майлылығы мен (тұқым массасының ¼-нен 1/3 –не дейін) ерекшеленеді. Асқабақ жемісін өңдеуден кейінгі қалдық- күнжарадағы майдың мөлшері күнбағыс қалдығындағыдан 2 есе көп.

Малазықтық асқабақтың мал өнімдерін арттырудағы маңызы зор. Ондағы қоректік заттар: протеин 0,8%, май – 0,4, АЭЗ – 7,9, жасұнық – 1,0, күлдер – 0,7 және су 89,2%. Асқабақта А және С дәрумендері де мол. Асқабақтағы ақуыздық заттардың мөлшері малазықтық қызылшадан 4 есе көп. Оның жемістері жақсы мал азығы, сауын сиырдың сүттілігін арттыратын ерекшелігі бар.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері мен сорттары. Асқабақ (Cucurbita) сорттары үш түрге жатады: кәдімгі немесе асханалық (C. Pepo), мускатты (C. Toschata) және іріжемісті немесе малазықтық (C. Maxima).

Асқабақ өсімдігінің тамырлары – қуатты, тармақталған: құрылысы шашақты болып негізінен топырақтың жырту қабатында таралады.

Сабағы жатаған, түкті, бірнеше желіге тармақталған, ұзындығы 8-10 м жетеді. Желі сабақтары буынаралықтарда болатын мұртшаларымен және қосымша тамырларымен жерге бекіп тұрады.

Жапырақтары – кезектесіп орналасқан, жапырақ тақтасы бүйрек пішінді 5-7 қалақты. Жапырақ қолтығында мұртшалар мен гүлдер қалыптасады. Асқабақ – аталық және аналық гүлдері бір өсімдікте болатын бірүйлі өсімдік. Гүлдері – жеке, дара және қосжынысты. Гүл күлтесі ашық сары және сары қызғылт түсті, бесжелекті. Жемісі – ірі, пішіні әртүрлі, көп тұқымды жалған жидек. Өсімдік жәндіктердің көмегімен айқас тозаңданады.

Асқабақ төмен температураларға сезімтал. Ауа температурасы 13°C дейін төмендегенде өсімдіктердің өсуі баяулайды. Өсіп-жетілуіне оңтайлы температура – 25-30°C. Өсімдік көгі ауа температурасы 25-30°C-та бір апта шамасында пайда болады. Бақшалықтардың ішіндегі суыққа төзімдісі де асқабақ.

Бақшалық дақылдардың ішінде тамыры және жерүсті мүшелері жүйелерінің өсіп жетілуінде біршама айырмашылықтар бар: ол ылғалға өте жақсы қажетсінгенімен құрғақшылыққа төмен төзімділігімен ерекшеленеді. Топырақ құнарлығын қажетсінеді. Оған қара, қара-қоңыр топырақтар оңтайлы болып табылады.

Асқабақтың өсіруге рұқсат етілген сорттары: асханалық-Мозолеевская 10, Волжская серая 92, Миндальная 35, Мраморная, Афродита, Карина; малазықтық – стофунтовая, Гибрид 72, Рекорд.

Асқабақтың өсіру ерекшеліктері. Асқабақтың агротехникасы қарбыз бен қауынға ұқсас. Дақылдың өсіру ерекшеліктеріне танабына минералдық тыңайтқыштармен бірге органикалық тыңайтқыштарды көп мөлшерде беру жатады. Гуцалюк Т.Г. (2006) пікірінше, Қазақстанның оңтсүтік-шығысында күзде асқбақ танабына 40-60 т/га көң және 2-3 ц/га суперфосфат пен 1,5-2 ц/га хлорлы калий минералды тыңайтқыштарын бірге сіңіреді. Органо-минералды тыңайтқыштарды бірге шұңқырға таутау тиімді.

Асқабақтың суыққа төзімділігін арттыру үшін Воронованың әдісімен тұқымды ұзақ мерзімде ауыспалы температурады (ыстық, суық) ұстау ұсынылады.

Бақша дақылдарын себуді асқабақтан бастайды, себебі ол салқынға төзімді дақылдар қатарына жатады. Сондықтан асқабақты Қазақстанның оңтүстік-шығысында сәуірдің үшінші онкүндігінде, оңтүстікте- сәуірдің екінші онкүндігінде себе бстайды, республиканың солтүстігінде – мамыр айының екінші жартысында себеді.

Қауын тұқымының өсуін тездету және егістік өнгіштігін жоғарылату үшін, әртүрлі температурамен әсер ету, ыстық суға салу және кептіру, калий ертіндісінде тұқымды сулау жатады.

Тұқым сіңірудің орташа тереңдігі- 6-8 см, ауыр топырақты жерлерде – 4-6 см, ал жеңіл құмды және құмдауыт жерлерде -8-10 см себеді.

Гектарына 4-7 кг тұқым себіледі. Әрбір шұңқырға 2-3 тұқым себіледі.

Асқабақты 2,1х0,7-1,4 см және 2,8х0,7-1,4 см схемамен себеді. Ұяда тек қана бір өсімдік қалдырылады, қалғанын жұлып тастайды.

Оңтүстік аймақтарда асқабақ егісіне жүгері немесе күнбағыстан ықтырма жасалады, ара қашықтықтары 20 м.

Асқабақ өсімдігі орамдарын ылғалды топырақпен жабу өнімділігін арттырады, ондай жағдайда жапырақтардың бауырынан қосымша тамырлар түзіледі және олар дақылдың қоректенуін жақсартады.

Оңтүстік өңірде асқабақты 6 ретке дейін суарады, суды жүйекпен береді. Дақыл екі рет үстеп қоректендіріледі, біріншісі – 5-6 нағыз жапырақтар пайда болғанда, екіншісі – жаппай гүлдеу алдында.

Асқабақ жемісін толық піскенде жинайды. Сақтау үшін жемістің бірден қоймаға салмайды, алдын-ала бірнеше тәулік күн шуағына кептіреді.

8 – ТАРАУ. ТАЛШЫҚТЫ ДАҚЫЛДАР. МАҚТА ӨСІМДІГІ

Талшықты өсімдіктер тоқыма өнеркәсібінің негізгі шикізаты. Ең көп тараған талшықты дақылдарға мақта, зығыр және сора өсімдіктері жатады. Бұл өсімдіктер тоқыма өндірісі шикізатының 95% қамтамасыз етеді.

Бұл өсімдіктердің тұқымдары құрамында тамаққа және техникалық мақсатқа пайдаланылатын майлар бар. Қазақстанда негізінен мақта өсімдігі өсіріледі.

Халық шаруашылығындағы маңызы таралуы, өнімі. Әлемде пайдаланылатын тоқыма заттары ішінде мақта талшығы бірінші орын алады. Ол тоқыма өнеркәсібіне шикізат болумен бірге автомобиль, авиа­ция өнеркәсіптерінде және т. Б. әртүрлі өндіріс салаларында кеңінен қолданылады.

Шитті мақтаның әр центнерінен (талшықты тұқымынан) 32 кг талшық, 65 кг тұқым, 1 кг қысқа талшық (линтер) алынады. Ал 1 кг мақта талшығынан 20 м іш киімдік мата немесе 14 м коленкор, 12 м шыт, 8 м ақжаймалық, 3 м киімдік мата алады.

Мақтаның ұзын талшықты сорттарынан арнайы және бағалы бәтес, маркизет, сәтеннің, бумазей маталарының жоғары сорттарын тоқиды.

Мақта талшығы жүнмен араластырылғанда жіңішке, жартылай жүнді тоқыма алуға пайдаланылады. Өте қысқа мақта талшықтарынан әсемдік және іш киімдік тканьдар, тоқыма жұмсақ сүлгілер және басқа да қажетті заттар шығарады.

Тұқым түгінен, үзілген талшықтан немесе кысқа талшықтан (линтерден) дәрігерлік мақта, жанғыш пілте, жасанды фетр, целлюлоза, коллодиум, целлофан және целлулоид, жа­санды жібек, кино-фото пленкаларын, машинаның темір бөлшектерін сырлауға арналған бояу, қағаз және басқа да заттар алуға пайдаланылады.

Шитті мақта өнімінің 65% алатын мақта тұқымы құрамында тамаққа, түрлі консервілер мен маргарин әзірлеуде, сонымен қатар сабын қайнату, глицерин мен спирт шығаруда, олиф алуда және т. Б. Қолданылатын 18-27% май болады.

Мақтаның 1 ц тұқымынан 17-19 кг өсімдік майын, 40-42 кг күнжара, 38-40 кг тұқым қабығын алады.

Мақта күнжарасы құрамында 40% ақуыз бар, сондықтан оны мал азығы үшін пайдаланады. Бірақ күнжарада улы зат – госсинол болады. Сол себепті күнжарасын аз мөлшерде, ірі қараға тәулігіне 2-3 кг береді, ал шошқаға беруге болмайды.

Тұқым қабығы мал азығына, қағаз жасауға, органикалық қышқылдар, целлюлоза, ксилит және т. Б. Заттар алуға қолданылады.

Мақта сабағы (гуза-пая) отын ретінде, бояйтын және басқа заттар алуға пайдаланылады. Мақта жапырағынан өндірістік әдіспен 10% шамасында лимон қышқылын алуға болады. Ауыспалы егісте отамалы дақыл есебінде дәнді және басқа дақылдар үшін жақсы алғы дақыл болғандықтан мақтаның агротехникалық маңызы зор. Сонымен қатар, мақта гүлдерінде бал шырыны бар.

Мақта өсірумен ертеден шұғылданған елдерге – Үндістан, Мексика, Перу, Қытай жатады. Ал Америкада және басқа елдерде өндірістік мақта шаруашылығы, мақтадан мата тоқитын және мақта тазалау машинасы шығарылғаннан кейін XVIII ғасырда ғана басталды. XIX ғасырда мақта шаруашылығы тоқыма шикі затының 73%, XX ғасырда – 85%-ын өндіретін болды. Мақта дүние жүзінің 60-тан аса елдерінде, 35 млн гектар шамасындай жерде өсіріледі. Мақта егістігі мол елдерге: Үндістан (7,5 млн гектар), АҚШ (4 – 4,5 млн гектар), Қытай (4,8 млн гектар), Бразилия (1,9 млн гектар), Пакистан (1,8 млн гектар) және Египет (0,6 млн гектар) жатады.

Мақта Орта Азияға Қытайдан IV-V ғасырда, Күнгей Кавказға Ираннан XV ғасырда әкелінген.

Россияда мақта ертеден өсірілсе де, оның шаруашылық саласы ретінде даму кезеңі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында басталды. Егіс ауданы ұлғайып, өнімінің өсуімен қатар, талшық сапасы жақсарды. Өнімі аз, сапасы төмен гуза сорттары өнімді, талшық сапасы жақсы мексикалық мақтамен ауыстырылды. Бірақ өндірілетін шитті мақтаның жалпы көлемі өте аз.

Орта Азияда негізгі мақта себетін аудандарға Өзбек, Түрікмен, Қырғыз және Азербайжан республикалары жатады.

Мақтаның әр гектарынан мол өнім алу өндіріске агротехникалық шаралардың енуіне тікелей байланысты. Оған: топырақты қос қабаттап (двух ярусный вспашки) терең жырту, кең қатарлап егу, тұқымды дәл мөлшерде себетін сепкіштерді қолдану, жергілікті және минералды тыңайтқыштарды қажетті мөлшерде сіңіру, арамшөптерге қарсы гербицидтерді пайдаланып, шырпу мен егін жинауды механикаландыру жатады.

Казақстанда мақта Шымкент облысының суармалы жерлерінде 223,0 мың гектарға себіледі. Әр гектардан алынатын орташа өнімі 21,3 ц. Жетісай ауданының Абай атындағы шаруашылығында – 37,0 ц болды. Республикада жыл сайын орта есеппен 500 мың тоннаға жақын шитті мақта өндіріледі.

Ботаникалық сипаттамасы. Мақта көп жылдық, биіктігі – 100-150 см жететін жартылай бұталы өсімдік. Ауа райы қоңыржай елдерде бір жылдық дақыл ретінде өсіріледі (Сурет 47).

Тамыр жүйесі жақсы дамыған, 2,5-3 м тереңдікке бойлайтын, жан-жағына 1,5-2 м шашыраған діңгекті болады. Сабағының төменгі жағында түгі болады, ағаш сияқты бұтақтанады. Бұтақтарының екі түрі болады: бұтақтың басы өсу бүршігі және жапырағымен аяқталатын өсу бұтағы (моноподиалды) және бұтақ басында, ұзын бойында гүлдер, қауашақтар орналасқан жемісті бұтақ (симподиалды). Жемісті бұтақтар вегетация кезеңі аяқталғанға дейін пайда бола береді.

Алғашқы гүл бүрі пайда болғаннан соң өсуін тоқтатса, оны «шекті» өнім бұтағы, ал гүл бүрі бұтақтың ұзаруына қарай одан әрі көбейе берсе оны «шексіз» өнім бұтағы деп атайды.

Тозаңданған мақта гүлінен қауашақтың (жемісінің) дамуы басталады. Мақта қауашағы жұмыртқа тәріздес, ұшы үшкірленген, беті кейде тегіс, кейде ойлы болып келеді. Қауашақтың әр ұясында 5-10 тұқымы болады. 1000 тұқымның массасы – 90-150 г.

Мексикалық мақта тұқымы қысқа түктермен және ұзынша келген талшықтармен қапталады.

Жалаңаш тұқымды мақта түрлерінде қысқа түктер болмайды. Кептірілген бір қауашақтың массасы сортына және өскен орта жағдайына байланысты 2-10 г аралығында болады.

Cурет 47. Жіңішке талшықты мақта (Перу мақтасы). 1-жеміс бұтағы; 2, 3-піспеген және піскен қауашақ; 4-қауашақ жармалары; 5-ұшпа; 6-тұқым; 7-жас өсімдік кескіні; 8-гүлдену жүйесі (арап цифрларымен бұтақтар, рим цифрларымен гүлдену конустары белгіленген); 9-тұқымның құрылысы: а-тұқым жарнағы қыртыстары, б-тамырша, в-түкті тұқым қабығы.

Мақтаның өсіп-даму ерекшеліктері. Қолайлы ылғалдылық және температуралық жағдайда сепкеннен 5-күннен кейін жер бетіне тұқым жарнақтары көктеп шығады, ал одан 8-10 күннен соң бірінші нағыз жапырақ пайда болады. 7-8 нағыз жапырақ пайда болған кезде 4-5 жапырақтың қолтығынан бірінші бітегүлі бар жеміс бұтағы дамиды. Бұл кезең шанақтану кезеңі деп аталады. Бірінші жапырақ пайда болғаннан шанақтануға дейін 20-30 күн өтеді.

Бітегүлдер екі бағытта пайда бола бастайды – төменнен жоғары қарай (вертикаль) және жеміс бұтағының бойымен жан-жаққа (горизонталь).

Гүлдену де осы жүйемен спираль тәрізді жүреді. Гүлдер таңертең ашылады. Бұл кезде гүлдің күлте жапырақтары ашық-сары болады, түстен кейін қызарады, ал кешке қарай солып жабылады. Ертеңінде күлте жапырақтың түрі сыя көк болады да шашылып түсіп қалады.

Гүлдердің ашылуы төменнен жоғары қарай топпен немесе конус түрінде жүреді. Бірінші гүлдену конусы мақта бұтасы сабағына жақын орналасқан ең төменгі үш бұтағында пайда болады. Келесі кезекте бірінші үш бұтақта екінші гүлден, ал 4-ші, 5-ші, 6-шы бұтақтарда бірінші гүлден ашылады. Келесі конуста 1, 2, 3-ші бұтақтарда үшінші, 4, 5, 6-шы бұтақтарда екінші, ал 7, 8, 9-шы бұтақтарда бірінші гүлдер. Әрі қарай гүлдену осы жүйемен жалғаса береді.

Төменнен жоғарыға қарай бір бұтақпен екінші бұтақтың гүлденуі арасында 2-3 күн (қысқа кезек), ал бұтақ бойындағы бір гүл мен екінші гүлдің гүлденуі арасында 5-7 күн (ұзақ кезек) өтеді. Гүлдену кезектерінің ұзақтығы мақтаның сорттарына байланысты.

Гүлденуден қауашақтың ашылуына дейін 50-65 күн өтеді. Сепкеннен бірінші қауашақ ашылғанға дейін мақтаның орташа талшықты сорттарына 130-140 күн, жіңішке талшықты сорттарына 145-160 күн қажет.

Мақта талшықтарының технологиялық сапа көрсеткіштері. Шитті мақта массасының 25-40% талшық, 0,2-1,5% қысқа түктер немесе линтер, 20-25% қауашағы, 1-2% тұқым қабығы, ал 60% тұқым ядросы алады. Мақта тұқымының әр талшығы, қабығының ұзын болып созылған сыртқы эпидермис клеткасы болып саналады. Оның жуандығы мен ұзындығының ара қатынасы 1:1500-2000 шамасындай. Аздап бұралған ұзын лента тәрізді талшықтар ішінде көлденеңінен бөлінген клетка қабаттарынан тұрады. Қуысты талшықтың бас кезінде сырты жылтыр балауыз жұқа қабатпен жабылады.

Құрғақ шитті мақта қауашағының жалпы массасынан, алынған таза талшықтардың салмағын пайызбен есептеп т а л ш ы қ ш ы ғ ы м ы н анықтайды. Ол сорттың ерекшелігіне, агротехникаға және топырақ пен ауа райы жағдайларына тікелей байланысты.

Мақтаның сапа көрсеткіштерінің бірі – т а л ш ы қ т ы ң ұ з ы н - д ы ғ ы. Талшық ұзын болған сайын оның құндылығы артады, одан өте жіңішке жіп алынады. Сортына және өсіру жағдайына байланысты мақта талшығының ұзындығы 10-50 мм дейін жетеді.

Талшығының ұзындығына және жіңішкелігіне байланысты мақта сорттары екі топқа бөлінеді. Жіңішке талшықтылар (талшықтың ұзындығы 35-40 мм-ден кем емес) және орта талшықтылар 30-35 мм.

Тоқыма өндірісі үшін өте маңызды сапалық көрсеткіш: талшықтың орташа үзілу қуаты (беріктігі). Ол Ньютон (Н) немесе грамм-күш (гк) бірлігімен өлшенетін, талшықты үзуге жұмсалатын күштің мөлшерімен анықталады. Талшық жуан болған сайын оның беріктігі де жоға-рылайды. Шала піскен талшықтардың қабырғалары жұқа болғандықтан оңай үзіледі. Мақта сорттарына қарай беріктігі 0,004-0,006 Н (4-7 гк) болады.

Талшықтың 1 см ұзындығындағы бүгілу саны бойынша анықталатын талшықтың бүгілгіштігінің маңызы зор. Бүгілімі көп талшық бір-бірімен жақсы жанасып, мықты болады және олардан жіңішке тоқу жібі иіріледі. Сортының ерекшелігіне және талшықтың пісіп жетілуіне байланысты оның бүгілуі әрбір сантиметрде 60-120 жетеді. Жақсы піскен талшықтың бүгілу қасиеті жоғары.

Талшықтың жіңішкелігі немесе талшықтың көлденең кесіндісінің микроскоп арқылы анықталатын диаметрі. Талшық жіңішкелігі 7-10 мкм-нан 15-25 мкм жетеді. Талшыққа фабрикалық баға бергенде оның метрлік нөмірі анықталады (талшық массасы мен ұзындығының ара қатынасы немесе бір грамм талшықтың ұзындығы). Түрлі мақта сорттарының метрлік нөмірі 5000-8000 жетеді. Мысалы: мақтаның метрлік нөмірі 5500 болса, оны 1 г мақтада 5500 м талшық бар деп түсіну керек.

Талшықтың метрлік нөмірін беріктігіне көбейту арқылы оның тағы бір маңызды кешенді көрсеткіші – талшықтың үзілу ұзындығы анықталады. Ол километрмен өлшенетін қыялдағы талшық ұзындығы. Мысалға: егер талшықтың беріктігі 0,0049 Н (4,9 гк), ал метрлік нөмірі 5200 болса, онда талшықтың үзілу ұзындығы 25480 м (5200×4,9), немесе 25,48 км болады. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, солғұрлым талшық мықты деп түсіну керек. Үзілгіш талшық тоқыма тоқуға жарамсыз.

Мақта талшығының маңызды қасиеттеріне оның түсі, жылтырлығы, ылғалдылығы, талшықтың зақымданбағандығы жатады. Өлі тұқым бүршігінен пайда болған талшық, түйін тәрізді, қысқа қылтықтардан тұрады, оларды ұсақ үлік деп атайды.

Біраз дамып, ұрықтанған тұқым бүршігінен пайда болған талшықтарды ірі үлік деп атайды.

Мақта талшығы өнімі құрамында үлік көп болған сайын оның сапасы төмендей береді, орта есеппен өнім құрамында 0,7-1,2% үлік болады.

Талшықтың пісіп-жетілуі ішкі қуысының целлюлозамен толысуына байланысты микроскоппен анықталады және бес балмен бағаланады. Талшықтың технологиялық сапасы сортына, өсіру жағдайына және агротехникаға (суару, егу жиілігіне, тыңайткыштарға және т. Б.) байланысты.

Мақта түрлері. Мақта (Gossipium) құлқайыр тұқымдасына және өте күрделі формалары мен түрлерін біріктіретін мақта туыстығына жатады.

Біздің елімізде өндірістік маңызы бар мақтаның екі түрі өсіріледі:

К ә д і м г і м а қ т а немесе м е к с и к а л ы қ (Gossipium hirsutum) дүние жүзінде ең көп тараған мақта түрі, Орталық Америкадан шыққан. Қауашағы жарылғыш, ірі, жұмыр, жоғарғы ұшы үшкір, 3-5 ұялы, әр ұясында 5-11 тұқымы бар. Тұқымы түкті. Жоғары сапалы талшығының шығымы 35-40%-ға жетеді, ұзындығы 35 мм дейін, жіңішкелігі – 17-20 мкм, метрлік нөмірі 4200-5500 болады.

П е р у м а қ т а с ы немесе ж і ң і ш к е т а л ш ы қ т ы мақта (G. Barbadense), шыққан жері Оңтүстік Америка. Гүлдері өте ірі, сарғыш түсті, гүл күлтесі біріккен жері қызыл таңбалы болып келеді. Қауашағы ұсақ конус тәрізді созылған, 3-4 ұялы. Әр ұяда 5-8 данадан орналасқан жалаңаш тұқым бар. Талшығы сапалы, ұзындығы 40 мм және одан да ұзын, жіңішкелігі 12-18 мкм, метрлік нөмері 6000-7500, өте берік, жібек сияқты, тоқылу сапасы да жақсы. Жіңішке талшықты мақта сорттары Азиядағы – Түрікмен, Тәжік және Өзбек республикаларының ең жылы аудандарында ғана өсіріледі ( - сурет).

Биологиялық ерекшеліктері. Ж ы л у ғ а қоятын талаптары. Мақта тұқымдары топырақ температурасы 10-12оС-қа жеткенде бөртіп, өне бастайды, бірақ өнуге оңтайлы температура – 20-25оС. 0,5-1,0оС үсікте мақтаның егін көгі опат болуы мүмкін. Жалпы өсіп-дамуы үшін қолайлы температура – 25оС, одан жоғары температура (26-30оС) гүлдену және қауашақ түзу кезеңдерінде қажет. 10-12 оС температурада мақта талшықтары қысқа және жуан болып қалыптасады да, пісіп-жетілмейді.

Мақтаның толық пісіп-жетілуі үшін ерте пісетін сорттарына – 3000, орташа пісетіндеріне – 3400, кеш пісетіндеріне – 4000оС белсенді температура жиынтығы қажет.

Ы л ғ а л ғ а қоятын талаптары. Мақта құрғақшылыққа төзімді өсімдік. Тереңге бойлайтын кіндік тамыры топырақтың төменгі қабатындағы ылғалды тиімді пайдаланады, сондықтан жылына 350-400 мм жауын-шашын түсетін аймақтарда өсіріле береді. Транспирациялық коэффициенті 500-600.

Суармалы жағдайларда мақта жоғары өнім түзеді, ол үшін гектарына 5-8 мың м3 су қажет.

Ж а р ы қ қ а қоятын талаптары. Мақта жарық сүйгіш өсімдік. Шашыраңқы күн сәулесі жағдайында мақтаның пісіп-жетілу кезеңі ұзарады.

Т о п ы р а қ қ а қоятын талаптары. Орталық Азияда және Оңтүстік Қазақстанда мақта сұр, шалғынды сұр, шалғынды батпақты топырақтарда өсіріледі. Мақта үшін жер асты сулары жақын және қышқыл топырақтар жарамсыз.

Оңтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етілген мақта сорттары:

108-Ф. Бұрынғы бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Андижан бөлімшесінде шығарылған. Өсіп-өнуі және даму кезеңі 140-150 күнге созылады. Бір қауашағындағы шитті мақта массасы 6,5-7,5 г болса, таза талшық шығымы 34-35%, метрлік нөмірі немесе 1 г массасындағы барлық талшықтардың жалпы ұзындығы 5520, жеке талшықтың ұзындығы 32-33 мм, беріктігі 0,0046-0,005 Н (4,6-5 гк), үзілу ұзындығы 25,4 км. Солдырма ауруына төзімсіз.

С – 4727 – мақта селекциясы және тұқым шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында шығарылған. Өсіп-өнуі және даму кезеңі 130-148 күнге созылады. Бір қауашағындағы шитті мақта массасы 6,5-7,0 г, талшық шығымы 36-37%, талшықтардың ұзындығы 32-33 мм, метрлік нөмірі 5560, беріктігі 0,0046Н (4,6 гк), үзілу ұзындығы 25,5 км. Солдырма ауруына төзімсіз.

Ташкент 6. Өзбекстан Ғылым академиясы өсімдіктердің эксперименталдық биология институтында С-4727 × Р3 (С-4727 × мексикалық нервозум) будандастыру арқылы және жеке сұрыптау әдісімен алынған. Бұтақтары 100-110 см, жинақы орналасқан, тек бір ғана өсу бұтағы бар, ал гүлі бар алғашқы бұтақ 5-6 негізгі жапырақтан кейін пайда болады. Жапырақтары 4-5 тілікті, гүлдері ашық-сары түсті, қауашағы жұмыр, ұшы сүйір және беті тегіс, толық ашылады. Бір қауашағындағы шитті мақта массасы 5,5 г, талшық шығымы 36%, беріктігі нашарлау және қысқа талшықтары көп. С-4727 сортынан гектарына 3,9 ц артық өнім береді, одан ертерек піседі. Солдырма ауруымен 108-Ф сортына қарағанда аз зақымданады.

Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстанда Киргизский 3, С-6524, Пахтаарал 3031, Мақтаарал 3044, Мақтаарал 4005 ж.б. сорттар өсіріле бастады.

Мақтаның өсіру технологиясы. А у ы с п а л ы е г і с т е г і о р н ы. Мақта үшін ауыспалы егістегі ең қолайлы дақыл – жоңышқа. Мақта топырақтағы қоректік заттар құрамына, суға және басқа қажетті факторларға жоғары талап қояды.

Мақтаны жылма-жыл бір жерге қайталап сепсе, топырақтан қоректік заттардың көп алынуына байланысты оның құнарлылығы төмендеп, жырту қабаты шаңданып, зиянды тұздар қосындылары көбейіп және жер асты суларының көтерілуіне әкеліп соқтырады.

Жоңышқа топырақтың тұздануын бірнеше есе төмендетеді. Топырақ бетін біркелкі жабатын жоңышқа, топырақтан судың булануын азайтып, төменгі тұз қосындыларының жоғары көтерілуін тоқтатады. Үш жыл қатарынан өсірілген жоңышқа әр гектарға 18 т органикалық заттар қалдырады, топырақтың физикалық қасиеттерін жақсартып, ондағы микроорганизмдерді жандандырып, суаруға кететін су мөлшерін кемітеді.

Жоңышқаның тағы бір ерекшелігі – ол мақта танабында жиі кездесетін солдырма ауруын 3-4 есе азайтады. Мақта мен жоңышқа жоспарлы түрде ауыстырылып себілсе солдырма ауруы мүлде жойылады.

Мақта үшін жоңышқадан басқа қонақ жүгері, жүгері және бұршақ дақылдары – маш, ас бұршақ, майбұршақ, түйе жоңышқа алғы дақыл бола алады.

Мақта – жоңышқа ауыспалы егістіктерінде, көктемде көк балауса ретінде жиналатын немесе жасыл тыңайтқышқа жыртылатын (рапс, қыша, арпамен қосыла себілген ас бұршақ және басқалары) күздік дақылдарды пайдаланған жағдайда, суармалы мақта егісі өте тиімді. Мақта өсіретін шаруашылықтардағы ауыспалы егісте мақтаның үлесі 65-80% шамасында болады.

Орта Азияның көптеген шаруашылықтарындағы ауыспалы егістегі жоңышқа мен мақтаның ара қатынасы 3:6 және 3:7 болады, жоңышқаны бірінші жылы жүгерімен немесе судан шөбімен, сол сияқты астыққа арналған арпамен қоса себеді, ал екінші және үшінші жылдары бүркеме дақыл себілмейді. Осындай ауыспалы егістіктерде төртінші жылы мақта өсірсе жасыл тыңайтқыштар (сидераттар) немесе көптеген аймақтарда органикалық тыңайтқыштар енгізіледі.

Жаңа игеріліп жыртылған және суару жүйесі қолайсыз жерлерде ауыспалы егіс кескіні 1:3:6 ара қатынасында болғаны жөн. Бұл жағдайда бір танапта мелиорациялық жұмыстар жүргізіледі, 3 танапқа жоңышқа, 6 танапқа мақта себіледі.

Т о п ы р а қ ө ң д е у. Мақтаға арналған танап топырағын өңдеу жүйесі оның ауыспалы егістегі орнына, алғы дақылына, топырақ және басқа жағдайларына байланысты. Мақта себуге арналған танапты сапалы дайындау – одан жоғары өнім алудың және жерді дұрыс пайдаланудың басты шарты.

Топырақ өңдеудің басты бөлігі – ерте әрі терең жыртылған сүдігер. Оның алдында танаптан мүмкіндігінше бұрынғы мақта қалдығы жұлып жойылады, қажетті мөлшерде тыңайтқыш сіңіріп жырту алдында суарылады, топырақтағы көп жылдық арамшөп, жоңышқа тамырлары қалдықтарын сыдыра жыртып жою және тағы басқа жұмыстар жүргізіледі.

Мақта себілетін жер көбінесе П-5-35 м, ПН-4-35 соқаларымен аудара жыртылатын болса, қазір танапты екі ярусты жырту кеңінен таралып отыр.

Екі ярусты жырту кезінде аударылған қабаттарға тыңайтқыштарды бөлектеп сіңіру қамтамасыз етіледі. Тыңайтқыштарды 0-15 және 15-30 см тереңдікке ПЯ-3-35 соқасымен, 0-20 және 20-40 см тереңдікке ПД-4-35 соқасымен сіңіреді. Жыртудың бұл әдісі — Орта Азияда кеңінен тараған, негізгі топырақ өңдеу әдісіне айналды.

Топырақтың төменгі қабатын (40-50 см) қопсыту тереңдеткіштер қолданылып жүргізіледі және керегінше қайталанып отырылады.

Мақта егісінен кейін қайта мақта себуге арналған танаптың өңделіп жыртылуы қараша айының екінші жартысында, желтоқсан айының басында аяқталады.

Ауыспалы егісте мақта дәнді дақылдан кейін себілетін болса, онда оларды маусым-шілде айларында жинап алып, 5-8 см-ге сыдыра жыртады да, топырақ ылғалдылығын молайтып арамшөптерді өсіру мақсатында жақсылап суарады. Сыдыра жыртылған, суарылған егістікте арамшөптердің өсіп шығуына орай танап топырағының жоғарғы қабатын тамыз-қыркүйек айларында аудара жыртады. Жыртылған жер тегістелмейді. Бірақ жауын-шашыны аз, қыста қатты жел көп тұратын жерде ғана сүдігерді тырмалау керек.

Жоңышқа өскен танапты мақтаға арнап екі ярусты соқамен 40 см терең жыртады. Келесі жылы жыртуды 8-10 см таяздатып, топырақтың құнарлы қабатына дейін келтіреді. Топырақ құрғап кеткен жағдайда танапты жырту алдында суарады.

Мақта кеш себілетін дақыл болғандықтан тұқым себер алдында топырақтың сапасына баса назар аудару керек. Танап топырағы тұқым себілгенше борпылдақ, ылғалды, арамшөппен ластанбаған, біркелкі тегістелген болуы тиіс.

Тұзды топырақты танапты шайып жуғаннан кейін терең қопсытады немесе аудармай жыртып, тырмалап, тегістейді. Көктемде жыртылған жерге екі ізді тырмалау жүргізіледі, ал суаруға мүмкіндік бар жерде топырақты 10-12 см аудармай қуыстап қопсытса да жеткілікті. Қыста суарылмаған жерді қопсытады немесе 10-12 см тереңдікке сыдыра жыртады. Танапты өңдеу — топырақты ұнтақтап тегістеумен аяқталады.

Тыңайтқыштар қолдану жүйесі. Мақтаның вегетациялық кезеңі ұзақ болғандықтан (100-170 күн), ол топырақтан қоректік заттарды көп шығындайды. Мақта бір тонна өнім және соған сәйкес мөлшерде сабақ-жапырақ түзу үшін топырақтан 40-50 кг азот, 12-15 кг фосфор, 50-70 кг калий пайдаланады. Мактаның қоректік заттарды сіңіруінде өзіндік ерекшіліктері бар. Вегетациялық кезеңінде көктеуден шанақтануға дейін 7% азот, 5% фосфор, шанақтанудан гүлденуге дейін 46% азот, 35% фосфор, гүлденуден пісе бастағанға дейін 44% азот, 50% фосфор, ал өсу кезеңінің соңына дейін 3% азот, 10% фосфор сіңіреді. Егер көрсетілген кезеңдерде топырақта кажетті мөлшерде азот немесе фосфор жетіспесе, мақтаның өнімі төмендеп, сапасы нашарлайды. Мақта өсімдігін бастапқы өсу кезеңінде (өну мен алғашқы жапырақ пайда болу аралығы) азот және фосфор элементтерімен қажетіне қарай камтамасыз ету оның 12-15 күн ерте пісуіне әсер етеді.

Казақстанның мақта өсірілетін топырақтары негізінен күңгірт боз, кәдімгі боз және ашық боз болып келеді. Бұл топырақтар қара шірік пен азотқа өте тапшы, калийге бай. Орта ссеппен жоғарыда аталған топырақтарда 1-2,5% қарашірік, 0,05-0,15% жалпы азот, 0,17-0,19% жалпы фосфор болады. Боз топырақтың барлық типшелерінде жылжымалы фосфор аз, калий мөлшері көп болады. Міне сондықтан да, азот пен фосфор тыңайтқыштарын молырақ қолдануға ерекше мән берген дұрыс.

Мақта егісінде тыпайтқыш колдануда жоңышқаның алатын рөлі үлкен. Мақтарал тәжірибе стансасының көпжылдық деректеріне сүйенсек мақта бір орында көп жыл себілгенде оның өнімі 20 ц болса, үшжылдык жоңышқадан кейін себілгенде 43 ц, ал үшжылдық жоңышқадан кейін екінші жылы себілгенде 42,6 ц болган.

Мақта жоңышқадан кейінгі танапқа жақын орналасса, солғүрлым оған азот тыңайтқышын азырақ, ал керісінше, фосфор мен калийді кебірек қолдану керек.

Қазақстан Республикасында топырақтағы қоректік заттың мөлшері мен жоспарланған өнім деңгейіне сәйкес мақта дақылына арналған тыңайткыш мөлшері 32-кестеде келтірілген.

Мақтаға органиқалык тыңайтқыш пайдаланудың маңызы зор. Көңді ауыспалы егісте (7-9 танапты) соңғы танаптарға гектарыа 20-40 т есебінде қолданған дұрыс.

Тыңайтқыштарды қолдану мерзімі мақтаның қоректік заттарды пайдалануымен тығыз байланысты болуы керек. Мақта егісінде азот тыңайткышының жылдық мөлшерін 3-4 рет бөліп пайдаланған дұрыс. Мұнда оның 20-30% сүдігер жыртар алдында, 70-80% екі-төрт жапырақ пайда болғанда, шанақтану, гүлдену кезеңдерінде үстеп қоректендіру үшін қолданады. Фосфор мен калийді пайдалану өзгешерек болады. Фосфордың 70-75%, калийдің барлык мөлшерін күзде сүдігер жыртар алдында береді, ал ' фосфордың қалған мөлшерін тұқымды себу кезінде пайдаланған дұрыс. Мақта дақылына аммоний селитрасы, мочевина, суперфосфат, фторсызданған фосфат қолданады.

Мақтаның өнімі мен сапасына микротыңайтқыштардың да әсері бар. Мақта егісін микротыңайтқыштармен үстеп қоректендіргенде (гектарына 1-9 кг) қосымша 1,3-4,7 ц өнім алынады. Микроэлементтердің тұзын мақта тұқымын өңдеу үшін де қолдануға болады.

Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен озат шаруашылық тәжірибелері ауыспалы егісте тыңайтқыш қолдану мақта өнімінің артуына, топырақ кұнарлылығының жақсаруына қолайлы әсер ететінін көрсетіп отыр. Мақта ауыспалы егісінде өсірілген жоңышқа топырақтағы органикалық заттар мен азот мөлшерін көбейтеді, оның агрохимиялық, физикалық касиеттерін жақсартады.

Мақтаға тыңайтқышты дұрыс пайдалану оның өнімін жоғарылатумен қатар шитті мақтаның технологиялық сапасын да жақсартады.

Минералдық және органикалық тыңайтқыштардың 37-кестеде көрсетілген мөлшері гектарынан 100-120 ц жоңышка шөбін, 35-40 ц күздік бидай немесе арпа астығын, 350-400 ц жүгерінің көк балаусасын, 60-70 ц жүгері астығын, 35-40 ц шитті мақта алуға есептелген.

Суару ережесі. Егістікке берілетін су мөлшері топырақтың тұздылығына тікелей байланысты. Шамалы тұзды топыраққа жырту алдында гектарына 2000-2200 м3, тұзды топыраққа 3000-3500 м3 су береді, танапты осылайша 2-3 рет суарады. Мұндай вегетациялық суару мақтаның өсу кезеңдерінде сумен то-лық қамтамасыз етілуі үшін істеледі. Суару топырақтағы қоректік заттарды ерітіп, микроорганизмдердің жұмысын және агрономиялық шаралардың әсерін күшейтеді, солар арқылы шитті мақта өнімінің мөлшерін көбейтіп, сапасын жақсартады.

Мақта үшін топырақтың оңтайлы ылғалдылығы 65-70% дейін болуы керек. Бұл көрсеткіш 65%-дан төмен болса, мақтаның дамуы баяу жүріп, өнімі төмендейді, ал 80%-дан жоғары болғанда қауашағы жоқ вегетативтік мүшелерінің күшті дамуына әкеліп соқтырады. Вегетациялық суаруды мақтаның негізгі 2-3 жапырақтары шыққаннан бастап, гүлдегенше 2-3 рет, гүлдену кезеңінде 3-4 рет, ал пісе бастағанда 1-3 рет жүргізеді. Мақта вегетациясы кезеңінде 3-тен 12 ретке дейін суарылады, жалпы әр гектарға берілетін су мөлшері топырақ құрылысына, ылғалдылығына, жер асты суларының орналасу тереңдігіне байланысты.

Кесте 37. Жылжымалы фосфор мен алмаспалы калий мөлшері орташа күңгірт боз топырақта орналасқан мақталы-жоңышқа ауыспалы егісін тыңайту жұйесі (Р.Е.Елешев ж.б., 1997).

Дақылдар

Минералдық тыңайтқыш-тың жылдық мөлшері, кг/га

Көң, т/га

N

Р2О5

К2О

1

2

3

4

5

Астық бүркемесіне

себілген жоңышқа

90

120

120

-

Екінші жылдық жоңышқа

-

-

-

-

Үшінші жылдық жоңышқа

-

-

-

-

Мақта

100

120

120

-

Мақта

120

90

90

-

Мақта

140

80

60

-

Maқтa

120

60

-

20-30

Мақта

130

70

60

-

Мақта

150

60

60

-

Топырақ асты және жаңбырлата суару тиімді әдістер қатарына жатады. Топырақ асты суару топырақтың физикалық қасиеттерін барлық вегетация кезеңінде жақсы сақтап, егістікті күтіп-баптау жұмысын азайтады. Бұлайша суарғанда шитті мақтаның әр гектардан алынатын өнімі 5-10 ц артып, су 40-50% аз жұмсалады, еңбек шығыны күрт азаяды.

Себу. Тұқымды себуге дайындау олардың жоғары сапалыларын таңдап алып, тазалығы 97-98%, өнгіштігі 87-88%-дан кем болмауын қамтамасыз етуден басталады. Мұндай жоғары сапалы тұқым мақтаның алғашқы жиналған егістіктерінен ғана алынады. Себуге арналған тұқым, шитті мақта тазарту зауытында механикалық жолмен талшықтардан (джинирлеу), жартылай тұқым түгінен (линтерлеу) және ірілігі бойынша сұрыптауда (калибровка) толықтай тұқым түгінен (делинтирлеу) тазартылады.

Бірақ тұқымды түгінен жартылай және толық тазарту кезінде тұқымның жарақаттануы мүмкін. Сондықтан тұқымды түгінен тазартудың жақсы жолы – делинтирлеу әдісі. Бұл әдісте тұқым қышқылдармен, химиялық жолмен, немесе агрохимиялық күрделі газдардан тұратын қосындылармен өңделеді. Нәтижесінде тұқым зақымдалмай, егістік сапасы жақсарып, ауруға төзімді келеді. Делинтерлеуден өткен тұқымды КСМ-1,5 машинасынан өткізіп, ірілігіне қарай сұрыптайды.

Тамыр шірігі, гоммозға қарсы әр тонна тұқымды 10-12 кг мөлшерінде 65% фентиураммен өңдейді де, себу алдында 24-36 сағат бойы әр 1 ц тұқымға 60 л су құйып, дымқылдандырады. Ол тұқымның тез өніп, көктеп шығуын қамтамасыз етеді.

С е б у м е р з і м і. Оңтүстік Қазақстан облысының ғалымдарының кепілдемелеріне сәйкес мақтаны себуді ауаның орташа тәуліктік температурасы 12-130С жеткенде бастаған дұрыс, оның үстіне көктемгі ауа-райы жағдайларын, топырақтағы ылғал қорын ескеру қажет. Облыстың оңтүстік аудандарында сортаң топырақтарында 18-сәуір, ал тұзданбаған топырақтарда – 20-сәуірден бастап себе беруге болады. Облыстың солтүстігінде – Арыс-Түркістан каналы аймағында және Шардара ауданында мақта тұқымын топырақ 12-140С қазғанда немесе сәуірдің үшінші онкүндігінде жүргізіледі. Одан ерте себілсе мақтаның көктеуі мен пісуі ұзарады, кеш себілсе қауашақтың ашылуы мен пісуі баяу жүріп, күзгі аязға дейін мақтаның жиналмауы да мүмкін. Алғашқы тұқым себуді жеңіл топырақты оңтүстік беткейлерде жақсы қызатын топырақта қысқа мерзімде аяқтайды.

С е б у тәсілдері. Мақтаны негізінде қатараралығы 60-90 см, кең қатарлы әдіспен, қатардағы өсімдік арасын 10-30 см етіп себеді. Пунктирлі әдіспен сепкенде бір ұяға 1-2 тұқымнан әр 10 см-ге себіледі. Осылай сепкенде танаптағы өсімдіктер тығыздығы біркелкі болып, гектарына 100-150 мың өсімдік орналастырылады. Жиі ұялап сепкенде әр ұяға 2-3 тұқымнан, 60×25 сызбасымен жалаңаш тұқымды мақтаны СТХ-4А, түгінен тазармағандарын СТХ-4Б сепкіштерімен себеді. Себу тәсілі мақта егістігінің жиілігіне, топырақ, ауа райы және басқа жағдайларды ескере отырып қолданылады. Соңғы кезде мақтаны топырақ жалдарына отырғызу жақсы нәтиже беруде.

С е б у м ө л ш е р і және с і ң і р у т е р е ң д і г і. Себу кескініне қарай әр гектарға 35-70 кг тұқым себіледі. Сортаң топырақты, солдырма ауруы бар жерге себілетін тұқым мөлшері 10-15% арттырылады. Тұқымды шалғынды-батпақты топырақты жерде 1-4 см, ал сұр топырақты жерде 4-5 см тереңдікке сіңірген дұрыс.

Егістікті күтіп-баптау. Егістікті күтіп-баптаудағы басты мақсат — топырақ қабыршағын болдырмау, арамшөптерді құрту, қатараралықтарын қопсытып, дер кезінде шырпу жүргізу. Мақта көктегенше пайда болған топырақ қабыршағын жеңіл тырмамен немесе айналмалы өткір құралдармен жояды. Көктеп шыққаннан кейін қатардағы қорғаныс алаңын және қатар аралықтарын 6-8 см тереңдікте қопсытады. Екінші қатараралық қопсытуды алғашқы суару алдында, келесілерін суарудан 2-3 күн өткеннен кейін жүргізеді. Екінші және үшінші қатараралық қопсыту кезінде қорғаныс алаңын әр қатардың екі жағынан 14-16 см қалдырады. Қыршуыш ұстарасының шеткі жүздері 8-10 см, ортаңғылары 12-14 см тереңдікте өңдейді. Ұялап себілген егістікте ұзынынан 4-5 см, көлденеңінен 3-4 см қопсытулар жүргізіледі.

Арамшөптерге қарсы әр гектарға 0,75-1,2 кг мөлшерінде құрғақ немесе 130-200 л суда ерітілген которан және прометрин гербицидтерін ПГС-2,4А тегістегішімен бүркеді.

Қатараралықтары 60 см мақта егістігінде Т-28Х4 тракторына ҚРХ-4 қопсытқышы мен ЧВХ-4 шырпуышын тіркеп, ал қатараралықтары 90 см егістіктерде МТЗ-80 тракторына КРХ-5,4 қопсытқышы мен ЧХВ-5,4 шырпуышын тіркеп пайдаланады.

Бірінші шырпуды шілденің аяғында, екіншісін тамыз айының бас кезінде, суару жүйесін жасау мен қатараралық қопсытуды қоса жүргізіп, мақтаның негізгі сабағын және өсу бұтақтарын қысқартады. Шырпудың негізгі мақсаты - өсімдіктерді жарықпен және қоректік заттармен қамтамасыз етуді жақсартып, шанақтарын, гүлдерін және қауашақтарын ерте түсіп қалудан сақтау.

Мақтаны жинау. Мақта қауашақтары бір мерзімде піспейді, пісуі 1-2 айға созылады. Сондықтан қауашақтың ашылуына байланысты оны 3-4 рет жинайды. Мақта арнайы машинамен және қолмен жиналады. Машинамен жинауды жеңілдету үшін химиялық препараттар пайдалану арқылы жапы-рақтарды кептіретін дефолиацияны қолданады. Ол жапырақтардың түсуін, қауашақтардың пісіп, тез ашылуын, талшықтарының сапасын жақсартады.

Дефолиация жүргізу үшін әр гектарға 2-3 кг бутифос, орта талшықты сорттарға бүрку үшін 8-10 кг немесе жіңішке талшықты сорттар үшін 12-15 кг магний хлоратын, 20-30 кг кальцийдің хлорат-хлоридін және басқаларды қолданады. Себу аймағына қарай дефолиацияны 2-6 қауашағы ашылғанда ұшақ, тікұшақ немесе ПО-2А құралымен бүркеді.

Жапырақтары толық түспеген кезде, өнім жинау алдында өсімдіктің тамырын кептіруді (десикацияны) қолданады. Мақта жинау машиналары бірінші рет қауашақтардың 50-60% ашылғанда, екіншісін 20-30% қосымша қауашақтар ашылғанда қолданылса, үшіншісін өсімдікте қалған қауашақтарды тұтасымен қорек жинайтын машинамен тереді. Қорек жинау-ды СКО-2,4, СКО-3,6, СКО-5,4 және басқа машиналармен, ал шитті мақтаны жинауға ХВН-1,2 А, 14 ХВ-2,4 А (қатараралығы 60 см) және ХНП-1,8 (қатараралығы 90 см) машиналарын қолданады.

Қорек жинағыштардан кейін жерге түскен шитті мақтаны ПХ-2,4 және ПХС-3,6 жинағыштары жинайды. Мақта жинаушы машиналардың бункерлері толғанда шитті мақтаны көліктерге тиеп, дайындау пункттеріне жеткізеді. Мақтаны қолмен теру 3-5 қауашағы ашылғанда басталып төрт рет жүргізіледі. Машинамен жинағанда қол күші 2-5 рет азайып, 1 ц шитті мақта бағасы 2 есе төмендейді.

Егінді жинау аяқталысымен мақта сабағы – гузапаяны суырып алып, дестелегіш КВ-4А, КВ-3,6А және басқа машиналармен дестелеп жинап егістіктен шығарады.

9 – ТАРАУ. ЕСІРТКІЛІ ДАҚЫЛДАР. ТЕМЕКІ

Құрамында өте улы есірткілік қоздырғыш зат – алкалоид никотин – бар дақылдарға темекі мен қаратемекі жатады. Темекі Оңтүстік және Орталық Америка тұрғындарына Европалықтар бұл құрылықты ашқанға дейін белгілі болған. Мәдени дақыл ретінде темекі 1560 жылы Францияда өсіріле бастады, 1605-1610 жылдар аралығында ол дүниежүзінің барлық елдеріне тарады.

Россияда 1-Петрдің жарлығымен 1716 жылы себіле бастады, ал 1768 жылы Петербургта алғашқы темекі өңдеу фабрикасы ашылды.

Қазақстанда темекі Алматы облысында XIX ғасырда жеке шаруашылықтарда өсіріле бастаған және олар «Верный темекілері» деген атпен ішкі және халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып Неаполь, Париж, Барселона көрмелерінде алтын медальдарға ие болған.

Бәсекеге жол бермес үшін Қырым мен Закавказье плантаторлары Верный темекілері тек Орта Азияда ғана сатылуға рұқсат етілетін патша жарлығын шығартқызған. Өндірістік деңгейде Қазақстанда темекі 1920-1930 жылдары ғана дами бастады.

Қазіргі кезде темекі дүниежүзінің 115 елдерінде 4 млн. га жерде себіледі. Темекіні ең көп егістігі (2,96 млн. га) Қытайда және әлемде өндірілетін шикізаттың 40%-ын осы ел өндіреді, АҚШ – 0,7 млн т., Индия – 0,54, Бразилия – 0,40, ТМД елдері – 0,30, Түркия – 0,26 млн. тоннаға дейін.

Қазақстанда темекі Алматы, Жамбыл облыстарында 10,0 мың га жерге себіледі, орташа өнімділігі гектарынан 2,0 т, жылына 18-20 мың тонна темекі жапырағы жиналады Жекелеген шаруашылықтарда темекі жапырағының өнімі гектарына 5,0 тоннадан асып түседі.

Халық шаруашылығындағы маңызы. Темекіні папи­рос, сигарет, сигар және түтік шылымының шикізаты-жапырақтары – үшін себеді. Темекінің жасыл жапырақтарынан азық-түліктік ақуыз өндіріледі. 1 т гүлшоғырынан парфюмерлік және химия өндірісінде қолданылатын 2 кг эфир майлары өндіріледі.

Ферментациядан өткен темекі жапырақтарында 0,8-3% никотин, 4-15% көмірсулар, 0,3-0,5% - эфир майы, 7-12% ақуыз, 4-7% - смола және 12-17% күл болады. Смола мен эфир майы темекіге өзіне тән иіс береді. Темекінің сапасы көмірсу мен ақуыздың арақатынасымен анықталады: ақуыз аз болған сайын оның сапасы жоғары болады. Темекінің жоғары сорттарында көмірсулар 11-13 %, ақуыз – 7%.

Темекінің никотині хром қышқылымен тотыққанда, кейбір фармацепттік препараттарды синтездеуге қолданылатын никотин қышқылына айналады. Демек, ол емдік заттар алу үшін медицина өнеркәсібінде де қолданылады.

Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері. Темекі (Nicotiana tabacum L.) – Алқа тұқымдасына (Solanaceae) жатады, 100-ден аса ботаникалық түрлері бар, бұтасының пішіні цилиндр, эллипс, сопақша, конус немесе кері конус тәрізді болып келетін, бір жылдық дақыл. Темекінің мәдени екі түрі белгілі: нағыз темекі (Nicotina tabacum L.) және қара (көк) темекі (Nicotina rustica L.). Олардың жабайы түрлері белгісіз (Сурет 48).

Сурет 48. Темекі. 1, 2-гүлдену және көктеу кезеңіндегі өсімдіктер; 3-өсімдік сабағының басында орналасқан гүл шоғырлары мен жапырақтар; 4-жемісі; 5-тұқым (сол жақта үлкейтілген).

Өсімдік кіндік тамырлы. Тамыры топыраққа 1,5-2 м тереңдікке бойлайды. Сабағы – түзу, жұмыр, жоғары жағы тармақталған, биіктігі 1-2 м.

Жапырақтары – ірі, сағақты немесе сағақсыз, шеті бүтін, сопақ, жұмыртқа тәрізді немесе эллипс пішінді, үшкір, тегіс немесе бұдыр бетті. Бір өсімдікте 25-50 және одан да көп жапырақтар болады. Жапырақтары мен сабағының желімді қысқа түктері бар.

Гүл шоғыры – қалқан тәрізді сыпыртқы гүл. Гүлдері – қос-жынысты, сағақты, гүлсерігі бар. Тостағаншасы – қоңырау тәрізді. Күлтесі – тостағаншадан ұзын, сырты қалың түкті. Күлте түтігі ақ, бүгілген жері алқызыл немесе қызыл. Аналық ауыз екі қалақты. Аталығы – бесеу.

Темекі өздігінен тозаңданатын өсімдік болғанымен, айқас тозаңдануы да мүмкін.

Жемісі – екі ұялы, көп дәнді, сопақ, қоңыр түсті, піскенде жарылып кететін қауашақ.

Тұқымы – сопақ, қара-қоңыр, ұсақ, 1000 дәннің массасы 0,05-0,12 г.

Темекі жылу, ылғал, жарық сүйгіш және қоректік заттарды көп қажет ететін өсімдік.

Оның тұқымы 10-12°С жылылықта өне бастайды. Өсіп-жетілуіне оңтайлы температура 25-30°С. 35°С жоғары температурада өсуі тоқтап қалады. Жас өсімдіктер – 2-3°С бозқырауда (үсікте) опат болуы мүмкін. Бірақ ол күздегі қысқа мерзімді төмен температураның әсеріне төзімді.

Темекі-жарықсүйгіш өсімдік, ұзақ күндік жағдайда жақсы өсіп жетіледі, бірақ оның ген қорында қысқа күндік формалары да кездеседі. Жарық жеткілікті болмаса, оның өсіп-жетілуі тежеледі, сапасы нашарлайды. «Көлеңкелеп өсіру» тәсілі сигаралық темекі өсіргенде қолданылады, өйткені көлеңкелі жағдайда өскен темекі жапырағының тақтасы жұқа және көлемі үлкен болып қалыптасады.

Темекінің өсуіне топырақтың далалық төменгі ылғал сусыйымдылығы (ТЫС) 65-70% болғаны дұрыс. Ылғалдың ең көп қажеттілігі көшет отырғызу мен оның шанақтануы аралығында. Осы кезеңдерде ылғал жетіспесе, есімдік жапырақтарының көлемі кішірейіп, мерзімінен бұрын пісіп, өнімі төмен түсіп кетеді және оның сапасы нашарлайды. Ылғал шамадан артық болса, әсіресе ауыр сазды топырақтарда темекі егісіндегі өсімдіктер тұншығады.

Темекінің транспирациялық коэффициенті – 500-600.

Ол қоректік заттарды да көп пайдаланады. Гектарына 15 ц жапырақ өнімін түзу үшін шамамен 90 кг азот, 25 – Р2О5, 70 кг К2О және 100 кг-нан аса СаО пайдаланады.

Темекіге механикалық құрамы жеңіл, құрылымды, қара-шіріндісі онша көп емес топырақ оңтайлы деп есептеледі. Мол қарашірінділі топырақта темекінің сапасы нашарлап кетеді. Темекіні ауыр сазды, тұзды және батпақтанған жерлерге өсіруге болмайды. Натрийдің, әсіресе қальцийдің хлор қосылыстары темекінің жану қасиетін төмендетеді.

Темекі өсірудің екі кезеңі ажыратылады: бірінші – жылыжайда тұқымнан көшет өсіру, екінші – көшетті танапта өсіру. Көшет өсіру 35-45 күнге созылып 5-6 нағыз жапырақ пайда болғанда аяқталады. Екінші кезең – көшетті танапқа отырғызғаннан жоғары қабат жапырақтарының техникалық пісуіне дейін – 80-120 күнге жалғасады.

Темекі онтогенезі 10 кезеңге бөлінеді: тұқымның тыныштық кезеңі, өнуі, көктеуі, тамырлануы, көшеттің қалыптасуы, көшеттің танапта жерсінуі, өсімдік қалыптасуы, гүлдену, тұқымның түзілуі және пісуі, жапырақтардың түзілуі және пісуі.

Тұқымның тыныштық кезеңі. Темекі тұқымы 12-150С температурада, ауаның ылғалдылығы 60-70%, құрғақ қоймада сақтағанда өзінің тіршілік қабілетін 4-6 жыл сақтайды.

Тұқымның өнуі үшін қажетті мөлшерде ылғал (ең төмен ылғал сыйымдылығынан 80%-дан кем емес) және жылылық (25-280С) қажет, мұндай жағдайда тұқым бір тәулік ішінде бөрітеді, ал 2-3 күннен кейін көктей бастайды.

Көктеу. Бұл кезең жер бетіне тұқым жарнақтары көктеп шыққаннан алғашқы нағыз жапырақ пайда болғанша жалғасады. Өсімдік көгі тұқым бөрткеннен 4-6 күннен кейін, ал алғашқы нағыз жапырақ одан 6-8 күннен соң пайда болады. Тамырдың ұзындығы 0,8-1,2 см-ге жетіп бұтақтана бастайды.

Көшет көгінің тамырлануы бірінші нағыз жапырақ пайда болғаннан, екінші нағыз жапырақ пайда болғанға дейін жалғасады. Бұл кезең 5 күнге дейін созылады, өсімдік сабағы өспей тек тамыры қарқынды дамып 7-8 см-ге жетеді.

Көшеттің қалыптасуы үшінші нағыз жапырақ пайда болғаннан 5-6 нағыз жапырақ пайда болғанға дейін жүреді. Бұл кезде өсімдіктер бір-біріне көлеңке түсіре бастағанның салдарынан жапырақтар тікірейіп жерден көтеріле бастайды, сондықтан темекішілер оны «құлақтану» кезеңі деп атйды. 20-25 күн ішінде көшет сабағының биіктігі 7-8 см-ге жеткенде, тамыры 15 см-ге дейін бойлап өседі, 5-6 жақсы дамыған жапырақ пайда болады. Мұндай көшет танапқа отырғызуға дайын болып есептеледі.

Көшеттің танапта жерсінуі 10-15 күнге созылады, тамыры 20-25 см тереңдікке бойлайды.

Өсімдіктердің қалыптасуы. 40-50 күн ішінде темекі өсімдіктері қарқынды өсіп, жаңа жапырақтар пайда бола бастайды. Синтезделген қоректік заттар өсімдіктің жер беті мүшелерінің өсуіне жұмсалады.

Гүлдену орталық шанақ пайда болғаннан 8-10 күннен кейін басталады, әр 1-3 күнде жаңа гүлдер пайда болады. Бір өсімдік 25-35 күн гүлдейді.

Тұқымның түзілуі және пісуі. Көп тұқымды жеке қауашақ 18-22 күн түзіледі. Жоғары сапалы тұқым түзілуі үшін 25-280 С температура қажет.

Жапырақтардың түзілуі және пісуі. Кезекті жапырақтар әрбір 1-2 күнде пайда болады және 20-25 күн ішінде өз көлемінің өсу шегіне жетеді. Жапырақ өзінің тіршілік қабылетін 25-30 күн сақтайды да сола бастайды. Жапырақтардың тіршілік қабылеті тоқтағаннан кейін оларда пластикалық заттардың синтезінен гөрі жиналған қоректік заттар қорының жоғарғы қабаттардағы жапырақтарға ағуы басым болады, оның салдарынан жапырақтардағы құрғақ зат мөлшері азаяды. Сондықтан, жапырақ жинауды синтез бен ағу үрдістері тепе-тең болған кезде жүргізу керек. Бұл кезеңді жапырақтың техникалық пісу кезеңі деп атайды.

Сорттары. Өндірісте темекінің 9 сортотипке жататын 40-тан астам сорттары пайдаланылады. Кең тарағандары: Дюбек, Американ, Самсун, Трапезонд, Остролист (Ұшқыржапырақ), Соболчтік, Вирджиния, Берлей және Сигарлық ж.б. Алғашқы сегізі папирос пен сигарет өндіруге пайдаланылады олар өсіру жағдайына және кептіру әдісіне қарай қ а ң қ а л ы қ және х о ш и і с т і болып екі топқа бөлінеді.

Қаңқалық шикізат темекі өнімдері өндірісінде негізгі материал ретінде пайдаланылады. Түтінінің иісі бейтарап және темекінің дәмі мен күшіне әсер етеді.

Хош иісті шикізат қаңқалық шикізатқа қосылып оның өзіне тән дәмін, иісін қалыптастырады.

Дюбек, Американ, және Самсун сортотиптерінен хош иісті шикізат, Трапезонд, Остролист, Соболчский, Вирджиня және Берлей сортотиптерінен қаңқалық шикізат өндіріледі.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген темекі сорттары: Дюбек 44-07, Дюбек 13, Талгарский 25 және Талгарский 28.

Өсіру технологиясы және өнімді жинау. Темекі дақылының тұқымы өте ұсақ және егістікте қалыпты өніп көктемейтіндіктен оны көшеттік әдіспен өсіреді.

К ө ш е т ө с і р у. Шаруашылықтарда көшет өсіру үшін көшетжайлар құрылады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, 1 га егістікті көшетпен қамтамасыз ету үшін 60-70 м2 көшетхана қажет. Көшеттерді аурулар және зиянкестермен залалданудан сақтау үшін көшетханалар темекі, картоп егістіктерінен, кептіру құрылымдарынан, шабдалы бағынан 500 м қашықтықта орналасуы керек.

Көшет электр, күн сәулесі қуатымен жылытылытын көшетханаларда 1:2:1 немесе 1:1:1 арақатынасында қара топырақ, көң, құм қосылған қоректік қоспада өсіріледі. 1 м2 көшетханаға 0,11 м3 қоректік қоспа қажет.

Қоректік қоспа дайындаудың бірнеше әдістері бар. Ең көп тарағаны «ашық алаңда» және көшетхана маңайында дайындау. Қоректік қоспа «Ашық алаңда» дайындағанда қара шірікке бай топыраққа маусым айында гектарына 700 т есебімен көң және 7 т суперфосфат шашылып аудара жыртылады. «Ашық алаң» үнемі ылғалды жағдайда болуы қажет және 10-15 күнде бір рет дискілі тырмамен немесе қыршуышпен қопсытылып отырады, өңдеу алдында 1-2 рет көң сұйығын шашып отырса өте жақсы нәтижеге жетуге болады.

Бұл технологиямен дайындалған қоректік қоспа 1,5-2,0 айда дайын болады. «Пісіп жетілген» қоректік қоспа көшетхананың жанына апарылып құммен араластырылады да сақталады.

Алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда көшетті 4-5 жыл ауыстырылмайтын қоректік қоспада өсіреді. Ол үшін қоректік қоспаны тамыз-қазан айларында карбатион, тиазон немесе дазомет препараттарымен өңдейді. Карбатионды 10 л суға 200 г/м2 мөлшерінде ерітіп суару кезінде енгізеді. Тиазон немесе дазомет 150-200 г/м2 мөлшерінде құрғақ түрінде құммен араластырылып енгізіледі. Тиазонмен өңделген қоспа 10 л/м2 мөлшерінде суарылады. Қоректік қоспаны бромды метилмен (60 г/м2) өңдеу оны аурулардан, зиянкестерден және арамшөп тұқымдарынан толық залалсыздандыруды қамтамасыз етеді.

Көшетханаға себуге екі жылдық тұқым пайдаланылады. Себу алдында тұқым вирустық ауруларға қарсы 1 кг тұқымға 2 л есебінде формалиннің 1:50 концентрациялы ерітіндісімен залалсыздандырылады. Ол үшін өте тығыз емес матадан тігілген кішкене қапшықшаға салынған тұқым формалин ертіндісіне 10 минутке батырылады, одан соң формалиннің иісі жойылғанға дейін ағынды суда жуылады. Осылай залалсыздандырылған тұқым бөлме температурасында 24 сағатқа бөртуге қалдырылады.

Қайтадан жуылған тұқым қалыңдығы 2-3 см етіп арнайы науаларға салынып 27-300 С температурада өндіру үшін термостатқа салынады.

Дайындалған тұқым көшетті танапқа отырғызу мерзіміне 45-50 күн қалғанда әрбір 4-5 күнде 5-6 мерзімде көшетханаға 0,3-0,4 г/м2 мөлшерінде себіледі. Себу алдында қоректік қоспаның құрамын байыту мақсатында 1 м2 –ге 6 г азот, 10 г фосфор, 5 г калий енгізіледі. Арамшөптердің өскіндерін жою үшін себуге 8-10 күн қалғанда қоректік қоспа девринол (0,2 г/м2 ә.з.), дэпра (0,2 г/м2 ә.з.) немесе тиллам (0,2 г/м2 ә.з.) гербицидтерімен өңделеді.

Тұқым диаметрі 0,25 см електен өткен көңмен араластырылып қолмен себіледі, себілгеннен кейін беті 0,4-0,5 см електен өткен көңмен бүркеледі және аздап суарылады. Көшет көктеп шыққанға дейін көшетхананың ішінде 22-280С, ал көктегеннен кейін 18-250С температура ұстап тұру керек. Қоректік қоспаның беті үнемі ылғалды болуы шарт.

Алғашқы нағыз жапырақ пайда болғанға дейін көшеттің тамыры қарқынды өсетін болғандықтан күніне бір рет, ал көшет қалыптасуы кезінде екі күнде бір рет қандырып суару қажет.

Минералды тыңайтқыштармен көшет көгінің тамырлануы кезеңінде 1 м2 –ге азот пен фосфор 1 г, калий 2 г, көшет қалыптасуы және көшетті жұлуға 10 күн қалғанда азот пен фосфор 2 г, калий 5 г мөлшерінде үстеп қоректендіріледі.

Көшетте жақсы тамыр жүйесі қалыптасуы үшін көшеттік кезең бойында 6-8 рет електен өткен көңмен бүркемелейді.

Аурулар мен зиянкестердің пайда болуына қарай Қазақстанда пайдалануға рұқсат етілген препараттармен өңдеу жүргізіледі.

Жұлуға 10 күн қалғанда көшетханада шынықтыру шаралары іске асырылады. Ол үшін суару мөлшерін азайтады, көшетхана жиі желдетіледі, жұлуға екі күн қалғанда суару тоқтатылады да жұлар алдында екі сағат бұрын жақсылап суарылады.

Стандартты көшеттің сабағы 14-16 см, жақсы дамыған тамыр жүйесі және 5-6 нағыз жапырағы болуы керек.

Темекіні танапта өсіру технологиясы. А у ы с п а л ы е г і с т е темекі үшін ең жақсы алғы дақылдар – көпжылдық шөптер, күздік және жаздық дәнді, отамалы дақылдар мен судан шөбі. Құнарлығы нашар топырақтарда темекіні дәнді бұршақтардан кейін және оның аудармасына отырғызады. Ортақ аурулары мен зиянкестері болуына байланысты темекіні күнбағыс, кенепшөп және бақшалық дақылдардан кейін орналастыруға болмайды.

Темекінің үлесі жоғары ауыспалы егістіктерде, бірнеше жыл қайтара отырғызғаннан кейін, сол танапқа 3-4 жыл басқа дақылдар өсірген дұрыс.

Т е м е к і д а қ ы л ы н т ы ң а й т у. Темекі дақылының өнеркәсіптік кұнды бөлігі – оның жапырағы. Темекі өнімі топырақ түріне, ауа-райына және қолданылған тыңайтқышқа байланысты. Темекіде ақуыз заттары көп болса, оның сапасы кемиді, хлордың мөлшері 0,4%-дан аспауы керек. Сондықтан темекіге құрамында хлор бар калий тұздарын беру оның сапасына кері әсерін тигізеді. Темекінің жапырақ өнімі гектарына орта есеппен 2,0 тоннадан айналатын болса, онда ол, топырақтан 120 кг азот, 32 кг фосфор және 90 кг калий пайдаланады. Азот темекі жапырағының мол түзілуіне, фосфор оның тезірек гүлдеуіне, тамыр жүйесінің жақсы дамуына, калий өнім сапасының жоғары болуына әсер етеді.

Алматы облысының Шелек ауданының құрамында азот өте аз, жылжымалы фосформен орташа камтамасыз етілген, ал алмаспалы калий мөлшері өте жоғары боз топырағында орналасқан шаруашылықтары гектарына N140-160, Р70-100, К30-40 бергенде 1,5-1,8 т кұрғак жапырақ жинайды.

Республиканың ғылыми-зерттеу мекемелері мен озат шаруашылықтарының тәжірибелері топырақ пен алғы дакыл ерекшеліктерін ескере отырып темекі егісінің гектарына 60-120 кг азот, 60-90 кг фосфор, 30-60 кг калий қолданғанда жоғары сапалы мол өнім алуға болатынын көрсетті. Гектарына 20-30 тонна көң енгізу де жақсы нәтиже береді. Мұнда көң мен фосфор, калий тыңайтқыштарының жылдық мөлшерін толығынан сүдігер жыртар алдында, азоттың жылдық мөлшерінің 30-50%-ын күзде немесе механикалық кұрамы жеңіл топырақтарда көшет отырғызу алдында культивациялауда, калған мөлшерін үстеме қорек ретінде беру керек.

Темекі егісіне аммоний сульфаты, аммоний селитрасы, қос суперфосфат, аммофос, калий сульфаты, калиймагнезия сыяқты минералдық тыңайтқыштарды колданған дұрыс.

Шаруашылықта темекі көшетін өсіру үшін құрамында 50% қара шірінді бар топырақты пайдаланады. Осы топырақпен көшетжайды (парник) толтырады оның әрбір шаршы метріне 10-12 г аммоний сульфатын немесе 7-8 г аммоний селитрасын, 12 г суперфосфат, 2-3 г калий сульфатын береді. Тыңайтқыштарды көшетжай бетіне біркелкі етіп шашады да тырмалайды. Темекі көшетін 3-4 рет минералдык тыңайтқыштармен үстеп қоректендіреді. Үстеп қоректендіру үшін көшетжайдың әрбір шаршы метріне 2 грамнан азот, фосфор, калий пайдаланады. Осы мөлшерді суда ерітеді де көшетке бүркеді, соңынан таза сумен суарады. Көшетті үстеп қоректендіру үшін құс саңғырығының судағы ерітіндісін пайдалануға болады. Ол үшін бір шелек құс саңғырығын 8-10 л суда ерітеді.

Темекі топырағын өңдеуде дер кезінде 25-30 см тереңдікке жыртылған сүдігер жақсы нәтиже береді. Үш рет шапқаннан кейін көп жылдық шөптер қыртысы 10-12 см тереңдікке сыдыра жыртылады, 10-15 күннен кейін 25-30 см тереңдікке түренді соқамен аудара жыртылады.

Астық дақылдарынан кейін жер сыдыра жыртқыштармен өңделеді, арамшөп өскіндері жер бетіне көктеп шыққаннан кейін танап 14-16 см тереңдікке жыртылады, жер тығыздалмас үшін және арамшөптермен күресу мақсатында 2-3 копсыту жүргізіледі, үсік түсер алдында алқап 25-30 см тереңдікке жыртылады.

Көшет отырғызудың алдында жерді тырмалайды, 2-3 рет копсытылады, ал күздегі негізгі өңдеу шаралары толық жүргізілмеген жағдайда сүдігер қайта жыртылады. Көшет танапқа ерте отырғызылғанда 1-2 копсыту жеткілікті. Соңғы қопсыту көшет отырғызуға 5-6 күн қалғанда жүргізіледі.

Осындай топырақ өңдеу жүйесін қолдану танапты арамшөптерден таза, топырақты қопсытылған күйде ұстауға мүмкіншілік береді

Жер өңдеу шаралары толық орындалмаған жағдайда, арамшөптермен күресу үшін төмендегі гербицидтердің бірі қолданылады: бір жылдық астық тұқымдас және қос жарнақты арамшөптерге қарсы көшет отырғызардан 12-14 күн бұрын топыраққа дереу сіңіріп трефлан, 24% э.к. (4-8 л/га), стомп, 33% э.к. (3-6 кг/га). Вегетация кезінде, темекінің биіктігі 25-35 см-ге жеткенде сұңғұлаға қарсы 1% с.к., оробан (0,5 л/га) препаратын қолданған дұрыс, бұл өңдеуді вегетация кезеңінде 4 ретке дейін қайталаған тиімді.

Топырақ өңдеу шаралары аяқталған соң танап ені 40 м жолақтарға бөлінеді, олардың арасында көшет, қажетті заттарды әкелу және өнім жинау үшін ені 3 м жол қалдырылады.

Көшет отырғызу. Қазақстанда темекі өсірілетін аймақтарда ауа райының өзгеруіне байланысты темекі көшеттері сәуір айының үшінші онкүндігінде, қатараралығы 70 см, қатардағы өсімдік арасы 18 см етіп отырғызылады (А.К.Апушев, 2009). Осы жүйемен отырғызылған темекі танабында гектарына тығыздығы 75-80 мың, қолайлы жағдайда өсетін өсімдік қалыптасады.

Баптау шаралары. Вегетация кезеңінде 3-4 қопсыту жүргізіледі. Бірінші қатараралықты қопсыту 6-8 см терңдікке көшет отырғызылғаннан 8-10 күннен кейін жүргізіледі, кейінгілері әрбір 10-12 күнде 8-12 см, ең соңғысы 5-6 см тереңдікке. Қопсыту кезінде, тыңайтқыштар қолдану жүйесіне сәйкес үстеме қорек беріледі.

Қазақстанда темекі суармалы жағдайда өсіріледі, вегетация кезінде 500-800 м3/га мөлшерінде, 2-6 рет суарылады, ресурсүнемдеуші технология бойынша өндіріске дискреттік суару жүйесі ұсынылған (Т.А.Атақұлов, А.Қ.Апушев, 2008).

Баптау шараларының маңызды элементтері тазалау, өгейбұтақсыздандару мен шырпу. Тазалау кезінде өсімдіктің төмен жағында орналасқан көшеттік жапырақтар сындырып алынып тасталады. Бұл шара темекі өсімдігінің төменгі қабатындағы жапырақтардың тез жетілуіне және ауруларға шалдықпауына әсер етеді.

Өгейбұтақсыздандару – жапырақ қолтығында пайда болған, сапалы жапырақ түзбейтін бұтақтарды сындырып алып тастау. Өгей бұтақтарда сапалы жапырақ пайда болмағанымен, гүл шоғырлары қалыптасып негізгі өсімдік жапырақтарының қоретенуіне бәсекелестік тудырып өнімнің мөлшері мен сапасын төмендетеді.

Шырпу – темекінің генеративтік мүшелерінің өсіп дамуын тежеу мақсатында қолмен, механизмдермен, химиялых әдіспен жүргізілетін шара. Бұл шараның негізі темекі өсімдігінің басында орналасқан гул шоғырын шырпып алып тастауда немесе химиялық заттарды қолданып дамуын тоқтатуда.

Алып тасталған жапырақтар мен өгей бұтақтар, гүл шоғырлары танаптан шығарылып жерге 20 см тереңдікке көміледі.

Темекі ауруларына қарсы цинеб немесе поликарбоциннің 0,4%-дық суспензиялары, ал зиянкестеріне қарсы фосфамид (Би-58), метафос, карбафос қолданылады.

Өнім жинау. Темекі жапырақтары біркелкі піспейтіндіктен оларды бірнеше рет үзіп жинайды. Алдымен техникалық піскен жағдайында төменгі қабат жапырақтары үзіледі содан кейін орта және жоғары қабаттарындағы жапырақтар жиналады.

Техникалық пісіп жетілген жапырақтардың түсі ашық, сарғыш болады, орталық жүйкесі (арқауы) ақшылданады, шеті қайырылып, беті жабысқақ смолалық қабатпен бүркеледі.

Үзіліп жиналған темекі жапырақтары қолмен немесе темекітізгіш машиналармен бауларға тізіліп көлеңкеде немесе күн сәулесінде кептіріледі.