Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекций ТМИИ каз.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
127 Кб
Скачать
☆

Тарихнамалық дерек

Тарихнама ғылымының өзіндік ерекшеліктері мен заңдылықтарына байланысты деректердің түрлері басқаша болып келеді.Енді сол тарихнамалық деректерді кезегімен сипаттап, әрқайсысына жеке жеке тоқталайық.

Көптеген тарихнамалық деректердің арасында тарихшының еңбектері ең бастылары болып табылады. Тарихнамашы кітаптар мен мақалалардың деректік негізін, олардың кеңдігін, өңдеудің әдістемесін, әдістерін сипаттайды және тарихшы еңбектерінің тарих ғылымының дамуына әсерін көрсетеді. Сонымен қатар оны тарихшының ғылымға енген басқа да еңбектері қызықтырады.

Тарихнамалық дерекке диссертациялық жұмыстарды да жатқызуға болады. Олардың көпшілігі жарияланбаған күйде қалғанымен жинақтала келіп, тарих ғылымының жекелеген кезеңдеріндегі оның даму деңгейін сипаттайды. Осы тұрғыдан алғанда диссертациялар құнды болып саналады.

Тарихшының шығармашылығының жолдарын, оның зертханасын оқып - үйрену ғылыми еңбектермен қатар оған дайындық барысындағы материалдармен танысуға мүмкіндік береді. Дәрістер курсының мәтіндері, жарияланбаған қолжазбалардың бастапқы нұсқалары, күнделіктер, заманхаттар, өмірбаяндар, сауалнамалар, хаттар және т.б. тарихнамашы үшін аса маңызды. Осы деректерді зерттеу бірқатар тарихнамалық мәселелерді зерделеуге қажет. Ең алдымен ғылыми ой мен оның тарихи білімге айналуының сабақтастығы процесін, тарихи тұжырымдамалардың шығу тегін, бастауларын, әсіресе жекелеген тарихшылардың ғылыми көзқарастарының, шығармашылығының қалыптасуын, олардың және ғылыми мектептердің, бағыттардың арасындағы пікір - таластарды анықтау тарихнамалық зерттеу үшін құнды.

Тарихнамашы аталған деректерді, әсіресе заманхаттарды зерттей отырып, олардың бойында өздерінің ақылдастарына қатысты сыни емес қарым - қатынастың орын алатындығын ұмытпауы тиіс. Осыған кереғар нұсқа, яғни тарихшының өзге мектептер мен бағыттардың өкілдеріне объективті емес көзқарасының көрініс табуы да мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды, тарихнамашының міндеті заманхаттар, естелік мазмұнындағы әдебиеттер авторларының саяси және идеологиялық мақсаттарын анықтау, олардағы объективтілікті субъективтіліктен ажырату, мүмкіндігінше шынайылылық пен ақиқатты ашып айтуды бөліп көрсету болып саналады.

Тарихнамалық деректердің көрсетілген категориясын зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Заманхаттық еңбектердің дүниеге келуінің себептерін айқындау және шығармашылық жұмысқа күмәнмен қарау, субъективизмнің элементтерін ашып көрсету - тарихнамалық зерттеудің қажетті тұстарының бірі. Заманхаттар тарихи деректерге қосылған кезде олардың құжаттық негіздерін, өңдеудің және зерттеудің әдіс - тәсілдерін айқындау міндеті туындайды. Дегенмен деректердің осы тобының шығармашылықтың әлеуметтік - психологиялық тұстарын зерттеудегі, автордың деректерді танудағы жеке дара ерекшеліктерін танудағы маңызы зор.

Тарихнамалық деректерге оқу бағдарламалары және тарихнама бойынша оқылған курстардың есебі жатқызылады. Олар мына төмендегі міндеттерді шешуге; ғылыми орталықтардың қызметін зерттеуге, тарихнаманың ғылыми пән ретінде қалыптасу процесін қарастыруға, жекелеген тарихнамашылардың шығармашылығын талдауға септеседі.

Бірқатар ресейлік тарихнамашылар, соның ішінде М.В.Нечкина тарихнамалық деректер қатарына тарихшының өміп сүрген және қызмет еткен кезеңін түсіндіретін, оның әлеуметтік ортасынан, идеялық ағымынан хабар беретін материалдарды да енгізуді ұсынды. Мұндай ұсыныстың терең мәні бар, өйткені ол жалпы методологиялық тарихилық, әлеуметтік принциптерінен, сонымен қатар “дерек - әлеуметтік құбылыс” деген қағидадан туындайды. Шындығында да тарихи тұжырымдамаларды олардың дәуірмен, әлеуметтік ортамен, идеологиялармен байланыссыз түсіну, баға беру мүмкін емес. Осыған орай мынадай жайтты айтпай кетпеске болмайды; М.Н.Покровский Лаппо – Данилевскийдің 1923 жылы жарияланған “Тарих методологиясы” атты кітабына рецензиясында еңбектің теориялық негіздерін сынға ала отырып, былай деп жазған: ”Лаппо - Данилевский өзінің жазылған ортасынан мүлде алшақ кітапты алады. Ол үшін кез - келген кітаптың бәрі бірдей. Қашан және қайда жазылғаны ...бәрібір”. Тарихнамалық тәжірибе көрсеткендей, деректі белгілі бір әлеуметтік ортаның және өз заманыныдағы идеялық ағымдардың, олардың авторларының көзқарастарының әртүрлілігінің жемісі ретінде зерттеу оның қызмет ету заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді.

Құнды тарихнамалық дерек болып мерзімді және мерзімді емес басылымдар саналады. Журналдардағы, ғылыми бюллетендердегі, ақпараттық және реферативті шолулардағы материалдардың, әсіресе әдебиеттерге шолулар мен реценциялардың зерттеушілер үшін маңызы зор. Олар басқалардан бұрын зерттеушінің назарына ғылымнан орын алған тұжырымдарды, көзқарастарды, пікірлерді, тарих ғылымының жетістіктерін, дамуы мен олқылықтарын жеткізеді. Мұндай деректер тарихнамашы үшін тарихи білімнің жағдайын нұсқайтын көрсеткіш болып табылады. Кеңестік кезеңде ғылыми журналдардың беттерінде әртүрлі пікір - таластардың, еңбектерді талқылаудың матералдары жиі басылып тұратын. Ғылыми айтыс- тартыстарды журналдардың өздері ұйымдастыратын. Бұл ғылыми басылымдарға қойылатын талаптардың бірінен саналатын. Тәуелсіздік жағдайында мұндай дәстүр сирек кездесетін құбылысқа айналған. Мұның өзі қазіргі кезеңдегі тарих ғылымының жай - күйінен, оның деңгейінен хабар береді. Бибиографиялық шолулар немесе жарық көрген әдебиеттердің тізімі тарихнамашының шығармашылығының бастапқы сатысындағы өзіндік жол сілтеушілер болып табылады. Аталған деректермен жұмыс істеудің мерзімді басылым материалдарының қашан, қай жерде, ненің шығарылғандығын білудегі маңызы айтарлықтай.

Тарихнама, оның методологиясы үшін тарих ғылымының дамуы мәселелері бойынша өткізілген конференциялардың, симпозиумдардың және басқа да бас қосулардың жұмыстарынан көрініс беретін деректер маңызды рөл атқарады.

Тарихнамашы тарихнамалық деректердің бір түріне жататын тарихи мекемелердің және тарихшы мамандарды даярлаудың тарихы баяндалатын материалдарды айналып өте алмайды. Солардың ішінде тарих ғылымы орталықтарының қалыптасуын, қайта құрылуын, ғылыми мамандарды даярлауды және қайта дайындауды тарих ғылымының материалдық базасын көрсететін деректер ерекше мәнге ие. Олардың бойында тарихнама ғылымының даму заңдылықтарын зерделеуге қажетті материалдар жинақталған.

Тарихнама ғылымының дамуы туралы статистикалық материалдар және анықтамаларды жаппай деректерге жатқызатын болсақ, онда олар тарихнамалық сипатқа ие болады.

Тарихнамалық деректердің тізімін осы аталғандармен аяқталды деуге болмайды. Тарихнамашы көп жағдайларда тарихнама ғылымының шынайы оқиғаларын бейнелейтін деректердің және фактілердің кешенімен жұмыс істейді. Кейбір кездерде нақты тарихнамалық дерек болмай қалуы мүмкін, алайда мұның өзі тарихнамалық фактнің орын алмағандығын білдірмейді. Белгілі бір тақырып немесе мәселе бойынша тікелей тарихнамалық дерек кездеспесе де әртүрлі деңгейдегі тарихнамалық фактлер тарихшылардың еңбектерінен табылады.

Тарихнамалық факті

Тарих ғылымында тарихнамалық заңдылықтарды ашу үшін қолданылатын тарихи білімдер туралы ақпарат беретін мәлімет тарихнамалық факт деп аталады деген анықтама беруге болады. Бұл анықтама мынадай критерийлерге негізделген; тарихнама пәнінің мазмұны, тарихи факт пен тарихнамалық фактінің қатынасы, тарихнаманың әлеуметтік-саяси функциялары, ғылымның ақпараттық әлеуетін түсіну.

Критерийлердің арасындағы алғашқысының негізіне тарихнамалық фактінің әрекет ету бағытын түсінуге әкелетін тарихнамалық құбылыстардың жиынтығы алынған. Мәселен, тарихнаманың пәніне тарих ғылымының әлеуметтік функциялары енгізілген. Соның нәтижесінде тарихнама фактілерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар олардың жинақталу, сұрыпталу және талдану бағытын да көрсетеді деген қорытындыға келуге болады.

Тарихнамалық факті тарихи фактіге негізделгендіктен оның қазіргі кезеңдегі түсінігін анықтаудың ғылым үшін маңызы зор. Тарихи факті - шындықтың үзіндісі, объективті оқиға; факт өзіне сәйкес оқиға, ахуал, процес туралы білім; факті ақиқаттың синонимі.

Тарихи фактінің мәнін айқындай келе зерттеушілер оны шынайы құбылыс деп танып, оның ойдан шығарылмайтындығына, тарихи шындықтан орын алатындығына назар аударады. Оқиға фактісінен өзге білім фактсі бар. Сонымен қатар факт көп қырлы әрі сипатты болып келеді. Ол өз бойына дара, яғни дербес, қайталанбас, жалпы, кездейсоқ, қажетті, тікелей, жанама, объективті, субъективті, т.б. қасиеттерді жинақтаған. Осылайша, тарихи факт өзіне тарихи процеске, оның ауқымынан, мәнінен, дәрежесінен тәуелсіз тарихи шындықты қоса сақтайды. Фактінің үнемі даму және баю қабілеті бар. Тарихнамалық фактінің өзіндік ерекшеліктері бар. Тарихнамалық зерттеу өзінің маңызды міндеті ретінде ғылым тарихының даму заңдылықтарын және осы процеске қатысты барлық элементтерді зерттеуді қояды. Осыған орай басты айырмашылықтары тарихнамалық фактнің мәнінен, оның тарихнамалық таным құрлымындағы орнынан, ұғымынан көрінеді.