Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
БАЛА ДАМУЫНЫН ПАТОФИЗИОЛОГИЯСЫ.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
140 Кб
Скачать
☆

Қатерлі немесе сенситивтік кезеңдер

Ұрық дамуының бастапқы кезеңдерінде оның қалыптыдан ауытқу мүмкіншіліктері ең жоғары деңгейде болады, артынан олар біртіндеп азаяды да, белгілі уақыттарда қайта көтеріледі. Бұл жоғары сезімталдық кезеңдерін қатерлі немесе сенситивтік кезеңдер деп атайды. Бұ кездерде ұрық жасушасы оның дұрыс бағытта дамуына қажетті серпіндерге өте сезімтал болады және ұрық ағзалары мен мүшелерінің даму (морфогенез) сатысына ілігеді. Оның негізінде гендік құралдардың қызмет атқару оралымдары, белгілі кездерде ДНК, РНК және арнайы нәруыздардың түзілу белсенділігі артуы жатады. Осылардан жасушалардың нақтылануы (дифференцировкасы) байланысты болады.

Ұрық дамуында қатерлі кезеңдері оның тіршілігіне өте үлкен қауіп төндіреді. Үйткені: бұл кезеңдерде ұрықтың жасушалары әдеттегі физиологиялық жағдайларға ғана емес, бүліндіргіш әсерлерге де өте сезімтал болып келеді.

Екі қатерлі кезеңдерді ажыратады. Біріншісі ұрық дамуының әлі жатырдың қабырғасына бекімей, оның түтіктерінде даму кезеңіне келетін жүктіліктің бірінші аптасына дөп келеді. Екінші қатерлі кезең жүктіліктің 3-8 апталарына келетін үлкен ағзалардың дамуы мен бала жолдасының қалыптасуы кезінде байқалады. Осы қатерлі кезеңдерде бүліндіргіш әсерлерден көптеген эмбриопатиялар дамиды. Сонымен қатар ұрық дамуының бүліністері осы кезеңдермен шектеліп қоймай, басқа уақыттарда да болуы мүмкін. Мәселен, екі қабат әйелдердің аурулары, (арақ-шараппен, никотинмен, есірткілермен, жұқпалармен, т.с.с химиялық улы заттармен) уыттанулар ұрықтың кезкелген даму сатыларында мидың, эндокриндік және жыныстық жүйелердің бүліністеріне әкеле береді. Ұрық дамуының қатерлі кезеңдерінде әртүрлі дерттуындатқыш ықпалдар біртектес дерттік өзгерістерге әкеледі. Ал, біртектес дерттуындатқыш ықпалдар ұрық дамуының әртүрлі мезгілдерінде әсер етуі әртүрлі дерттік өзгерістердің дамуын туындатады. Мәселен, буаз егеуқұйрықтарды бір мөлшерде рентген сәулелерімен ұрықтанудың 10-күнінде сәулелендіргенде ұрықта анэнцефалия (бассыз туу), 11-күнінде-микро-, анофтальмия (көзсіз туу), 14-тәулікте сәулелендіруден аяқтарының даму ақаулары дамиды.

Дерттуындатқыш ықпалдың әсері бірінші қатерлі кезеңде (1-апта) болғанда бластоцистердің жатырдың қабырғасына енуі (имплантациясы) баяулайды, жалпы ұрық даму кешеуілдейді, ұрықтың тіршілікке қабілеті төмендейді және оның тіршілігі жойылады. Екінші қатерлі кезеңде (3-8 апталар) дерттуындатқыш ықпал ішкі ағзалар мен мүшелердің қалыптасуын бұзып, олардың құрылымдық өзгерістерін туындатады. Жағымсыз әсерлердің салдарлары олардың әсер еткен жерлеріне байланысты. Мысалы, дерттуындатқыш затты жануарлардың ұрықтарының сары уыз қапшығына енгізгенде ағзалардың дамуы онша бұзылмайды, құрылымдық өзгерістер байқалмайды. Ал осы затты хорионаллонтоис қуысына енгізгенде ұрық ағзаларының дамуы қатты бұзылады. Дерттуындатқыш ықпал неғұрлым ерте әсер етсе, соғұрлым ұрықтың бүліністері де ауыр түрде болады

Түрлері

Дерт туындатқыш әсерлерге аталық және аналық жыныстық жасушалары (гаметалар), олардың бірігуінен пайда болатын бластоцистер, жатырдың қабырғасына жабысатын эмбриондар және ұрық ұшырайды. Осыған байланысты құрсақ ішіндегі дерттер патологиялар гаметопатиялар, бластопатиялар, эмбриопатиялар және фетопатиялар деп ажыратылады,

Гаметопатиялар-ұрықтануға дейінгі жыныстық жасушалардағы дерттік өзгерістер. Олар аяқ астынан түсік тастауға, тұқым қуалайтын аурулар дамуына әкеледі

Бластопатиялар - ұрықтанудан кейінгі алғашқы екі апта кезінде зиготалардың бүлінуі. Бұл кезде дерт туындатқыш әсерлерден хромосомалардың ажырауы бұзылуы немесе зиготаның жатыр қабырғасына енуі (имплантациясы) кешеуілдеуі мүмкін.

Бірінші жағдайда бластопатия ұрықтың жалпы дамуы мен оның тұла бойының қалыптасуының бұзылыстарымен көрінеді. Осыдан қосымша тұтас организм немесе оның жекелеген мүшелерінің артық дамуы,өзара біріккен егіз балалардың туылуы байқалады. Екінші жағдайда негізінен нәресте өлі туады.

Эмбриопатиялар - ұрықтың жатыр қабырғасына бекінуінен бастап (ұрықтанудың 15-тәулігінен кейін) бала жолдасының (плацентаның) қалыптасуына (ұрықтанудан кейінгі 75-тәулік аралығы) дейінгі бүлінуі. Эмбрион даму кезеңінің ерекшелігі болып бала жолдасы мен көпшілік ағзалардың қалыптасуы есептеледі. Бала жолдасы немесе «ана-плацента-ұрықң жүйесі қалыптасуының бұзылуы ұрықтың өліміне немесе эмбрионның жалпы дамуы кідіруіне және оның тіршілікке қабілеттілігі азаюына әкеледі. Ағзалардың қалыптасуы бұзылуы жекелеген ағзаларда (мида,жүректе,көзде т.т.) ақаулардың дамуымен көрінеді.

Фетопатиялар-құрсақ ішінде дамудың 76-тәулігінен немесе жүктіліктің 12-аптасынан туылуға дейінгі ұрық дерттерінің жалпылама аты. Оларды ерте дамитын (ұрықтанудан кейінгі 180-тәулікке дейін) және кеш дамитын (180-тәуліктен туылуға дейінгі) деп ажыратады.

Ерте ұрықтық (феталдық) кезеңде ағзалардың қалыптасуы негізінен аяқталады. Сондықтан дерт туындатқыш ықпалдар әлі толық қалыптасып бітпеген (ми, эндокриндік, жыныстық, жүрек қантамырлары, иммундық, дәнекер тін т.с.с.) жүйелерге әсер етеді. Осыдан олардың гипоплазиясы, дисплазиясы (мәселен, бүйректің гипоплазиялық дисплазиясы), микроцефалия, гидроцефалия т.т. дамиды. Сонымен қатар ұрықтық құрылымдардың кері дамуы баяулауынан олар дер кезінде жойылмайды да, ерекше даму ақаулары қалыптасады. Мысалы, зәрағарлардың бітпеуінен-урахус, ішектердің жыланкөзі, өкпеде артериялық тамырларды көктамырлармен тікелей байланыстыратын өзек, оң жүрекше мен сол жүрекшенің арасындағы сопақша тесік жабылмай ашық күйлерінде қалады. Сонымен бірге бұл кезеңнің даму ақаулары ағзалардың бастапқы орындарында тұрып қалуымен (мәселен, атабездің умаға түспеуімен (крипторхизм) немесе ұрықтық (таңдайдағы, еріндегі, омыртқалардағы, үрпідегі т.с.с.), саңылаулардың жабылмауымен көрінеді.

Кеш фетопатиялар белгілі аурулардың түрлеріне ұқсас болып дамиды және дәнекер т.б. тіндердің тым артық өсіп-өніп кетуімен (фиброэластоз, мидың глиозы, көз бұршағының бұлынғырлануы) және туа біткен (ұрықтың ауруларымен, гепатит, пневмония, миокардит,тромбоцитопения) дерттердің дамуымен сипатталады.

Фетопатиялар баланың шала туылуына, оның туылу кезінде тұншығып қалуына, жаңа туған балалардың құрсақ сырты жағдайларға бейімделу кезеңінде зат алмасуларының т.б. бұзылыстарына, жиі аурушаңдығына және олардың шетінеуіне әкеледі.

Құрсақ ішінде даму дерттерінің жалпы патогенезі.

Ауру туындататын себепкер ықпалдар ұрыққа тікелей әсер етуі мүмкін. Мәселен,радиация ,жұқпалар,мутагендер. Сонымен бірге олар жатыр мен бала жолдасының арасындағы қанайналымын бұзып әсер етуі ықтимал.

Бала жолдасы (плацента) тасымалдық, тыныстық ,зат алмасулық, тосқауылдық және эндокриндік қызмет атқаруымен қатар, «анасы-бала жолдасы-ұрықң жүйесінде иммундық өзара қатынастарды реттейді. Оның тасымалдық қызметінің бұзылуы нәтижесінде ұрыққа қажетті қоректік заттар түспейді де, нәрестенің гипотрофиясы байқалады. Тыныстық қызметі бұзылудан ұрықта және жаңа туған нәрестелерде оттегінің жеткіліксіздігі болып, құрсақ ішінде дамудың кешеуілдеуі, гипоксиялық энцефалопатия (ми қызметінің бұзылыстары) дамиды. Бала жолдасының тосқауылдық қызметі бұзылудан ұрық организміне әртүрлі уытты заттар, вирустар мен микробтар, канцерогендер жеңіл өтіп келеді. Оның эндокриндік қызметінің бұзылуынан ұрықтың ішке сөлденіс бездерінің қалыптасуы, жетілуі, өзара реттелулері бұзылады. Бала жолдасында қанайналымның бұзылыстары оның негізгі атқаратын қызметтерінің өзгерістеріне әкеледі.

Сонымен бірге бала жолдасы қалыптасуының бұзылуы ұрықта оның екіншілік жеткіліксіздігін туындатып, туа біткен гипотрофия, нәрестенің толық жетілмеуіне (бейспецификалық фетопатия дамуына) әкеледі.

Эмбрион мен ұрықтың құрсақ ішінде даму бұзылыстарының патогенезі негізінен олардың реактивтілігінен немесе бүліндіргіш әсерлерге жауап қайтару қасиетінен байланысты.

Ұрықтың жетілуіне қарай туар алдындағы антенаталдық және туғаннан кейінгі (постнаталдық) кезеңдерде оның бүліндіргіш әсерлерге жауап қайтару қабілеті біртіндеп күрделілене түседі. Ұрық дамуының бастапқы кезеңдерінде ол ешбір ықпалға жауап қайтармайды. Сондықтан кезкелген дерттуындатқыш ықпал тек бүліністерге әкеледі. Осыдан болашақ баланың пішін қалыптастыруы бұзылады , жалпы организмнің немесе жекелеген ағзалардың дамуы кешеуілдейді, бойы өсу қарқыны нашарлайды және әртүрлі тін бөлшектерінің нақтылануы өзгереді, туа біткен кемтарлық дамиды. Жүктіліктің 12-аптасынан кейін ұрықтың өсіп-өну қарқыны ұлғаяды. Бірақ қабыну процесінде қан тамырларының реакциялары әлі толық байқалмайды. Тіпті бала туғанан кейінде қабынулық реакциялар мен иммундық реактивтілік толығынан жетілмеген болады. Олар туғаннан кейін ғана біртіндеп жетіле береді. Дегенмен ұрық дамуының соңғы кезеңдеріндегі дерттер ересек организмнің дерттеріне сәйкес болып келеді.

Соған қарамай олар біріншілерінде соңғыларына қарағанда мынадай ерекшеліктерімен көрінеді: