Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
5 опорно-двигительн.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
778 Кб
Скачать
☆

Остеопороз

Өз беттерінше немесе жеңіл-желпі жарақаттардан сүйектердің оңай сынуына әкелетін сүйек массасының кішіреюімен, морттығымен сипатталатын қаңқа сүйектерінің зат алмасулық дерттерін остеопороз (грек. osteon-сүйек, poros – тесік, қуыс) деп атайды. Бұл кезде сүйек тінінің сыртқы қабаты жіңішкеріп, сүйек кемігілік кеңістік ұлғаяды.

Остеопороз кең тараған дертке жатады. Ол етеккірі тоқтаған кексе әйелдерде жиі кездеседі.

Жайылмалы (жүйелік) және жергілікті орныққан (сүйекке өспе метастазасы тарауы, құздама тәрізді артрит, остеомиелит, сынықты гипспен таңу, сүйекте қанайналым бұзылыстары кездерінде байқалатын) остеопороздарды ажыратады.

Жүйелік остеопороз біріншілік және салдарлық (екіншілік) болып бөлінеді. Біріншілік остеопороз жасөспірімдерде және ересек адамдарда белгісіз себептерден пайда болатын идиопатиялық, жас ұлғаюынан дамитын инволюциялық (кері дамулық) болады.

Салдарлық остеопороз белгілі бір:

√ эндокриндік бездердің дерттерінен (гиперкортицизм, гипогонадизм, гиперпаратиреоз, қантты дибаттің I-түрі);

√ ас қорыту жолдарының аурулары (ішек-қарында резекция жасау, мальабсорбция, С және D витаминдерінің аздығы, кальций мен нәруыз-дардың тапшылығы);

√ гиподинамия (ұзақ төсек тартып жату, ғарышкерлер);

√ бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі;

√ қан өндіретін тіндердің аурулары (лейкоз, гемолиздік анемия);

√ ятрогендік (глюкокортикоидтармен, ішайдатқыларымен, гепа-ринмен, темір дәрілерімен, тырыспа-селкілдекті емдейтін дәрілермен ұзақ емдеуден) т.б. себептерден дамиды.

Патогенезі. Остеопороз дамуы тұқым қуалаушылыққа бейімділігі бар адамдарда жыныстық бездердің гипофункциясы, қалқаншабез және қалқаншасерік бездерінің гиперфункциясы, әртүрлі себептерден глюкокорти-коидтық гормондардың артық өндірілуі, Д-витамині алмасуының өзгерістері т.б. нәтижесінде кальций алмасуы реттелуінің бұзылыстарынан болады. Бұл кезде остеокластардың белсенділігі артып, остеобластардың белсенділігі төмендеуінен жас сүйек тінінің жаңадан құрылуы, оған минералдардың жиналуы бұзылады. Содан сүйек тінінде минералдарға толмаған қуыстар пайда болуынан остеопороз дамиды (-сурет).

Қабынулық остеопороз құздама тәрізді (ревматоидтық) артрит, периодонтит т.б. дерттер кездерінде қабыну аумағына жақын орналасқан сүйек тіні бөліктерінде дамиды. Оның даму жолдарында қабыну ошағында ацидоз дамуы және қабыну медиаторлары мен цитокиндер көптеп бөлініп шығарылуы, олардың жақын орналасқан сүйекке жайылып тарауы маңызды. Бұл кезде қабыну ошағындағы бактерия эндотоксиндері және қабыну дәнекерлері (комплемент құрамбөлшектері, өспелерді жоятын фактор, интерлейкин-1 т.с.с. цитокиндер) остеокластардың белсенділігін көтеріп, сүйек тінінің кері сорылуын арттырады. Сонымен бірге, қабыну ошағында қышқылдардың жиналуы тұздардың ерігіштігін жоғарылатып, сүйектің минералдануын азайтады.

- сурет. Ортан жілік мойыны сүйегінің остеопорозы.

Остеопороз дамуынан ортан жіліктің мойыны, омыртқалардың денесі, қабырғалар мен аяқ-қол сүйектерінің сынуы байқалады.

Остеомаляция

Сүйек тінінде кальций мен фосфор тұздары азайып кетуінен оның жұмсаруын остеомаляция (грек. osteon-сүйек, malakia-жұмсару) дейді Бұл кезде сүйек тінінде минералданбаған жас сүйек тіні (остеоидтар) көбейіп кетеді. Жас сүйек тіні коллагеннен, гликозамингликандардан, судан және остеоциттирден тұрады. Оның көбеюінен сүйек жұмсарып қалыпты пішінін жоғалтады. Қалыпты жағдайларда жас сүйек тіні ескі сүйек құрылым-дарының үстіне жинақталады да, артынан кальций, фосфор тұздары жиналатын қалқандар қалыптастырады. Бірақ остеомаляция кезінде олардың минералдануы қатты бұзылады. Емдеудің нәтижесінде остеоидтарға біртіндеп минералдар жиналады.

Остеомаляция кезінде жас сүйек тіндері (остеоидтар) адамның жасына қарай қайта құрылатын сүйек бөліктерінде пайда болады. Содан ересек адамдарда остеоидтар омыртқаларда жиі жиналуынан кифоз, қабырғалар мен жамбас сүйектерінің жұмсаруы мен деформациялары, жасөспірімдерде жіліншіктердің ортаңғы бөліктері жұмсаруынан аяқтардың қисаюы болады.

Остеомаляция өзбетінше дерт ретінде немесе көптеген (бүйрек, бауыр т.б.) ауруларының салдарынан дамуы мүмкін. Ол дерт ретінде балалар мен жасөспірімдерде, ересек адамдарда, жүкті әйелдерде, қарттарда байқалады.

Сонымен, остеомаляция дамуында сүйек тінінің минералдануы бұзылуы маңызды. Бірақ оның пайда болу себептері әлі толық зерттелмеген.