Буын биомеханикасы
Тірі адам организмінде буындар үш түрлі рөл атқарады: 1) олар дене қалпының сақталуына жәрдемдеседі; 2) дене бөліктерінің өзара орын ауыстыруына қатысады; 3) дененің кеңістіктегі локомоция (орын алмастыру) мүшесі болып табылады.
Эволюция барысында бұлшықет қызметі үшін жағдайлар әртүрлі болғандықтан, түрлі пішіндер мен қызметтердің буындасуы пайда болады. Пішіні жағынан буындық беттерін геометрикалық айналу денелерінің кесінділері деп қарастыруға болады: бір білікті айнала қозғалатын цилиндр ретінде және үш немесе одан да көп біліктерді айнала қозғалатын шар ретінде.
Буындарда қозғалыс үш негізгі білікті айнала жүреді.
Буындарда мынадай қозғалыс түрлерін ажыратады:
Фронталды (горизонталды) білікті айнала қозғалу – бүгілу (flexio), яғни буындасатын сүйектер арасындағы бұрыштың кішіреюі және жазылуы (extensio), яғни осы бұрыштың үлкеюі.
Сагитталды (горизонталды) білікті айнала қозғалу – келтіру (adductio), орта жазықтыққа жақындау және әкету (abductio), яғни одан қашықтау.
Вериткалды білікті айнала қозғалу, яғни айналу (rotatio): ішке қарай (pronatio) және сыртқа қарай (supinato).
Шеңбер бойымен қозғалу (circumductio), бұл кезде бір біліктен екінші білікке ауысуы іске асады, соның өзінде сүйектің бір шеті шеңбер сызады, ал бүкіл сүйек – конус пішінін сызып шығады.
Буындардың жіктелуі мен сипаттамасы
Буындарды мынадай принциптер бойынша жіктеуге болады: 1) буындық беттердің саны бойынша; 2) буындық беттердің пішіні бойынша; 3) қызметі бойынша.
Буындық беттердің саны бойынша былай ажыратады:
Тек 2 буындық беті бар қарапайым буын (art.simplex) мысалы, саусақаралық буындар.
Екіден көп буындасқан беті бар күрделі буын (art.composita), мысалы, шынтақ буыны. Күрделі буын бірнеше қарапайым буындасудан тұрады, оларда қозғалыс жек – жеке жүре алады. Күрделі буында бірнеше буындасудың болуы олардың байламдарының орнақтығын қамтамасыз етеді.
Буынды екі камераға (екі камералы буын) бөлетін буынішіндегі шеміршегі бар кешенді буын (art.complexa). Егер буынішіндегі шеміршек диск пішінді болса (мысалы, шықшыт буынында), камераға толық бөлінеді немесе егер шеміршек жартылай тәрізді мениск пішінді болса (мысалы, тізе буынында), камераға толық бөлінбейді.
Бірлесе қызмет атқаратын, бірақ бір – бірінен бөлек орналасқан буын – үйлесімді буын деп аталады. Мәселен, екі шықшыт буындары, проксималды және дисталды кәрі – шынтақ жілік буындары және т.б. осындай буындарға жатады. Үйлесімді буын екі немесе одан да көп анатомиялық жеке буындасудың жиыны болғандықтан, олар күрделі және кешенді буындардан өзгешеленеді, олардың әрқайсысы анатомиялық жағынан біріңғай болып, қызметі жағынан әртүрлі қосылыстардан түзіледі.
Буындардың анатомиялық – физиологиялық жіктелуі:
Бір білікті буындар. 1) Цилиндртәрізді буын, art.trochoidae. Осы вертикалды, буындасқан сүйектердің ұзын білігіне параллель білікті айнала қозғалуды – айналуды, rotatio - қамтамасыз етеді, мұндай буын айналғыш буын деп аталады.
2) Шығыршықтәрізді буын, ginglymus (мысалы, саусақтардың буынаралық буындасуы). Мұның шығыршық тәрізді буындық беті – көлденең жатқан цилиндр, оның ұзын білігі көлденең, фронталды жазықтықта, буындасатын сүйектердің ұзын білігіне перпендикуляр жатады; сондықтан шығыршықтәрізді буында қозғалыс осы фронталды білікті айнала жасалады (бүгілу және жазылу). Буындасқан беттердегі бағыттаушы жүлгелер мен бүйірге қарай ығысуды болдырмай, бір білікті айнала қозғалуға көмектеседі.
Екі білікті буындар: 1. Эллипстәрізді буын, articulatio ellipsoidae (мысалы, кәрі жілік – білезік буыны). Буындасқан беттер эллипстің кесінділері тәрізді: олардың бірі дөңес, екі бағыттағы қисықтығы бірдей емес сопақ пішінді, екіншісі соған сәйкес ойыс.олар біріне бірі перпендикулярлы екі горизонталды білікті айнала қозғалуды қамтамасыз етеді: фронталды білікті айнала – бүгу және жазу, сагиталды білікті айнала – әкету және әкелу. Эллипстәрізді буындарда байламдар айналу біліктеріне перпендикуляр, олардың шеттерінде орналасады.
2.Айдаршықты буын, articulatio bicondylaris (мысалы, тізе буыны). Дөңгелек өсінді түріндегі дөңес буын басы бар, пішіні эллипске жақындайды, ол айдаршық, condylus, деп аталады. Айдаршыққа басқа сүйектің буындасқан бетіндегі ойыс сәйкес келеді, олардың көлемі әр түрлі болуы мүмкін.
3. Ертоқымтәрізді буын, art.sellaris (мысалы, бас бармақтың білезік – алақан сүйек буыны). Бұл буын бірінің үстіне бірі «отырған» екі ертоқымтәрізді буындасқан беттерден құралған, олардың біреуі екіншісінің ұзына бойымен және көлденең қозғалады. Осының арқасында ондағы қозғалыстар өзара перпендикулярлы екі біліктің: фронталды (бүгу және жазу) және сагиталды (әкету, келтіру) біліктердің айналасында жасалады.
Көп білікті буындар. 1. Шартәрізді буын, art.spheroidae (мысалы, иық буыны). Буындық беттердің бірі дөңес, шар тәрізді пішінді буын басы, ал басқасы тиісінше ойыс буын тілігін түзеді. Теориялық тұрғыдан қозғалыс шар радиустарына сәйкес келетін көптеген біліктер айналасында жасалуы мүмкін, бірақ іс жүзінде олардың ішінен әдетте бір – біріне перпендикулярлы және буын басының ортасында қиылысатын үш негізгі білікті ажыратады: 1) көлденең (фронталды) білік. 2) алдыңғы артқы (сагитталды) білік. 3) вертикалді білік.
2.Жалпақ (жазық) буындардың, art.plana буындық беттері негізінен жалпақ келеді. Оларды радиусы өте үлкен шардың беті деп қарастыруға болады, сондықтан оларда қозғалыс барлық үш біліктің айналасында жасалады, бірақ буындық беттері аудандарының айырмасы өте аз болғандықтан, қозғалыстар көлемі шамалы болады. Көп білікті буындарда байламдар буынның барлық жағынан орналасады.
Қатаң буындар – амфиартоздар. Осы атпен буындық беттері буындасу пішіндері әр түрлі, бірақ басқа белгілері бойынша ұқсас буындар тобы бөліп көрсетіледі; олардың қысқа, қатты тартылған буын қапшығы және өте мықты, созылмайтын қосалқы аппараты, атап айтқанда қысқа мықтайшы байламдар бар.
Осының нәтижесінде буындық беттері бір – бірінен тығыз жанасып түйіседі де, мұның өзі қозғалысты қатты шектейді. Осындай қозғалмалы буындасуды қатаң буындар – амфиартроздар деп аталады. Қатаң буындар сүйектер арасындағы соққылар мен шайқалыстарды жұмсартады.
Мұндай буындарға жалпақ буындарды да жатқызуға болады, олардың беттер көлемі бірдей.
