- •Диплом алды практикасын өту жөніндегі есеп
- •Ғылыми тәжірибе өту іссапарының реті
- •1. Жалпы ережелер
- •2. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу тәртібі
- •Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттары
- •1. Жалпы ережелер
Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудіңқағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді. Қағидалар шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің тәртібі мен шарттарын айқындайды. 2. Шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін квотаның негізінде жүзеге асырылады. 3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады: 1) бизнес-көшіп келуші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатымен келген көшіп келуші; 2) бос жұмыс орны – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым); 3) еңбек жөніндегі уәкілетті орган – еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы; 4) жұмыс беруші – қызметкермен еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға; 5) кадрлардағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі бағдарлама – жұмыс берушінің кадрлардағы жергілікті қамтуды жоспарлы ұлғайту мақсатында жүргізілетін, өнiмдi бөлу туралы келiсiмге сәйкес құзыретті органмен немесе Қазақстан Республикасының Үкіметімен жасасқан келісімшарты бар жұмыс беруші жоспарлаған және орындайтын өз қызметкерлерін – Қазақстан Республикасының азаматтарын кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды немесе біліктілігін арттыруды қамтитын, құзыретті органмен және еңбек жөніндегі уәкілетті органмен келісілген шаралар кешені; 6) кепілдік жарна – шетелдік қызметкер мен маусымдық шетелдік қызметкердің шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың жарамдылығы аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуіне кепілдікті қамтамасыз ететін ақшалай жарна; 7) корпоративтік ауыстыру – корпоративтік ауыстыру туралы хатқа және (немесе) келісімге сәйкес шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін шетелдік заңды тұлғадан оның Қазақстан Республикасының аумағында құрылған филиалына, еншілес ұйымына, өкілдігіне немесе осы шетелдік заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғасына уақытша ауыстырылуы; 8) көшіп келуші – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; 9)құзыретті орган – егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге арналған келiсiмшарттарды қоспағанда, барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған келiсiмшарттарды жасасуға және орындауға байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын орталық атқарушы орган; 10) қызметкерлердің тізімдік саны – жұмыстарды азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша орындайтын адамдардан, сондай-ақ бiр жұмыс берушiмен қоса атқарылатын жұмыс туралы еңбек шартын жасасқан қызметкерлерден басқа, жасалу мерзіміне байланыссыз еңбек шарттары негізінде қабылданған адамдар саны; 11) маусымдық шетелдік қызметкер – климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір кезең (маусым) ішінде, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші жұмысқа тартатын көшіп келуші; 12) өз бетінше жұмысқа орналасуына арналған адамдардың тізбесі – осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасында шетелдік қызметкерлердің өз бетінше жұмысқа орналасуына арналған кәсіптердің (мамандықтардың) тізбесі; 13) уәкiлеттi орган – өңірлік деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ететiн облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi; 14) шетелдік жұмыс күші – маусымдық шетелдік қызметкерлерді, жұмысқа өз бетінше орналасатын қызметкерлерді, сондай-ақ корпоративтік ауыстыру шеңберінде уақытша ауыстырылатын қызметкерлерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс беруші тартатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар; 15) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат – еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес белгіленген нысандағы құжат; 16) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға берілетін рұқсат – шетелдік қызметкерлердің Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасуына арналған адамдардың тізбесіне кіретін шетелдік қызметкерге жергілікті атқарушы орган беретін, осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес белгіленген нысандағы құжат; 17) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде көші-қон процестерін реттеуді және халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді жүзеге асырушы мемлекеттік орган; 18) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны; 19)шетелдік заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғасы – акциясының бір бөлігі немесе үлесі тікелей немесе жанама осы шетелдік заңды тұлғаға тиесілі Қазақстан Республикасының аумағында құрылған заңды тұлға; 20) шетелдік қызметкер – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген немесе жұмыс беруші тартатын көшіп келуші; 21) шығу елі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматы болып табылатын ел. 4. Осы Қағидалар мынадай шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға: 1) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Заңның 3-бабында көзделмеген мақсатпен Қазақстан Республикасының аумағында тоқсан күннен артық болмаған адамдарды қоспағанда, көшіп келушілер болып табылмайтын; 2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын; 3) оралман; 4) бизнес-көшіп келуші; 5) босқын немесе пана іздеп жүрген адамның мәртебесiн алған; 6) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңына сәйкес гуманитарлық уәждемелер бойынша келген көшіп келушілер болып табылатын; 7) Қазақстан Республикасы соттарының үкімі бойынша бас бостандығынан айыруға, шартты, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалауға сотталған; 8) адам саудасымен байланысты нақты қылмыстық істі жүргізу кезеңінде сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам саудасының құрбандары болып табылатын; 9) Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатымен келетін кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан Республикасы азаматының жұбайы (зайыбы) болып табылатын және кемінде үш жыл Қазақстан Республикасы заңнамасында танылған некеде тұратын; 10) Қазақстан Республикасының оқу орындарында күндiзгi оқу бөлiмiнде оқитын және сонымен қатар оқудан бос уақытында жұмыс iстейтiн; 11) жиынтық мерзімі күнтізбелік бір жыл бойы күнтізбелік бір жүз жиырма күннен аспайтын іскерлік мақсаттағы қызметтік іссапарда жүрген адамдарға қолданылмайды. 5. Осы Қағидалар мынадай шетелдік қызметкерлерге: 1) Еңбекші көшіп-қонушылар мен олардың отбасыларының құқықтық мәртебесі туралы 2010 жылғы 19 қарашадағы келісімгемүше мемлекеттердің азаматтары болып табылатын; 2) шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшылары болып жұмыс істейтін; 3) Қазақстан Республикасының Үкіметімен ақшаға шаққанда 50 миллион АҚШ долларынан астам сома инвестицияға келісімшарт жасаған ұйымдардың бірінші басшылары және қызметтiң басым түрлерiнде инвестициялық қызметтi жүзеге асыратын және инвестициялар жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiмшарт жасаған Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының бiрiншi басшылары болып жұмыс iстейтiн; 4) теңіз және өзен кемесінің, әуе, темір-жол және автомобиль көлігі экипажының мүшелері болып табылатын; 5) әртiс, режиссер, дирижер, хормейстер, балетмейстер, суретшi, репетитор, спортшы мен жаттықтырушы болып жұмыс iстейтiн; 6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттары бар, орта білімнен кейінгі және жоғары білімді, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығында басшы және маман лауазымдарында жұмыс істейтін; 7) Қазақстан Республикасының аэроғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттары шеңберінде тартылатын, ғарыштық зымыран кешенін құру және жердегі ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану жөніндегі мамандар болып табылатын; 8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттары бар жоғары білімді, ұлттық басқару холдингінде, "Ұлттық медициналық холдинг" акционерлік қоғамында және жарғылық капиталдарына "Ұлттық медициналық холдинг" акционерлік қоғамы жүз пайыз қатысатын медициналық ұйымдарда құрылымдық бөлімшелердің басшылары лауазымынан төмен емес лауазымдарда жұмыс істейтін; 9) ұлттық басқару холдингінің, "Ұлттық медициналық холдинг" акционерлік қоғамының және жарғылық капиталдарына "Ұлттық медициналық холдинг" акционерлік қоғамы жүз пайыз қатысатын медициналық ұйымдардың директорлар кеңесінің (бақылау кеңесінің) мүшелері ретінде жұмысқа тартылатын; 10) "Ұлттық медициналық холдинг" акционерлік қоғамында және жарғылық капиталдарына "Ұлттық медициналық холдинг" акционерлік қоғамы жүз пайыз қатысатын медициналық ұйымдарда медициналық және консультативтік қызмет атқаратын; 11) жоғары білімді, дербес білім беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, сондай-ақ "Назарбаев Қорында" басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс істейтін; 11-1) «Инновациялық технологиялар паркi» арнайы экономикалық аймағының дербес кластерлік қорында басшы және жоғары бiлiмді мамандар лауазымдарында жұмыс істейтін; 12) білім беру бағдарламаларын енгізу және іске асыру және (немесе) білім беру қызметтерін көрсету туралы келісімдер бойынша дербес білім беру ұйымдарына іссапарға жіберілген; 13) дамуы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің индустриялық-инновациялық даму саласындағы құжаттарында көзделген жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттары бар басшылар және жоғары білімді оқытушылар лауазымдарында жұмыс істейтін; 14) Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiм беру ұйымдарында педагогикалық қызметiн жүзеге асыратын, бiрақ ұйым штатының 25 пайызынан аспайтын, ал халықаралық кіріктірілген білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратындар үшін ұйым штатының 50 пайызынан аспайтын; 15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ерекше мәртебе берiлген жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы қатарындағы; 16) өз қызметін Орта Азияның өңірлік экологиялық орталығының жұмыс шарттары туралы келісімнің негізінде жүзеге асыратын Орта Азияның өңірлік экологиялық орталығында жұмыс істейтін; 17) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарттар жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларында жұмыс істейтін, сондай-ақ көрсетілген заңды тұлғалар (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында (іздену және жобалау қызметін, инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) көрсетілетін қызметтерді орындаушы ретінде инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейінгі мерзімге тартатын ұйымдарда басшылар және жоғары білімі бар мамандар ретінде, сондай-ақ инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттарда айқындалатын кәсiптер тізбесіне және санға сәйкес білікті жұмысшылар ретінде жұмыс істейтін адамдарға қолданылмайды. Осы тармаққа сәйкес шетелдік қызметкерлерді тарту кезінде жұмыс беруші немесе ол уәкілеттік берген адам уәкілетті органға осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша ақпарат ұсынады.
2. Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің тәртібі мен шарттары
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің және ұзартудың шарттары мен тәртібі
6. Рұқсат берудің және ұзартудың шарттары мен тәртібін айқындау мақсатында қызметкерлердің мынадай санаттары белгіленеді: 1) бірінші санат – бірінші басшылар және олардың орынбасарлары; 2) екінші санат – басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында, ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін құрылымдық бөлімшелердің басшылары; 3) үшінші санат – басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында, ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандар; 4) төртінші санат – Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін білікті жұмысшылар. 7. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданылатын, бұрын берілген және берілетін рұқсаттардың саны тиісті күнтізбелік жылға бөлінген квотаның мөлшерінен аспауға тиіс. 8. Уәкілетті органның жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды беруі мынадай арақатынас сақталған жағдайда жүзеге асырылады: 1) 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бірінші және екінші санатқа жататын қызметкерлердің тізімдік санының 70 %-ынан кем болмауға тиіс; 2) 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы азаматтарының саны үшінші және төртінші санатқа жататын қызметкерлердің тізімдік санының 90 %-ынан кем болмауға тиіс. Кадрлардағы жергілікті қамту туралы ақпаратты жұмыс беруші осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша уәкілетті органға ұсынады. Осы тармақ мыналарға: 1) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне; 2) мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға; 3) басым жобалар мен шығу елдері бойынша квоталар шегінде, арнайы экономикалық аймақтың аумағында, сондай-ақ шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға; 4) шетелдiк заңды тұлғалар өкiлдiктерiне берілетін рұқсаттарға қолданылмайды. Осы тармақ Қазақстан Республикасы Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiргенге дейiн қолданылады. Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.05.2013 № 467 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 9. Қарашығанақ, Солтүстік Каспий, Теңіз жобаларының жер қойнауын пайдаланушыларына, сондай-ақ олардың операторларына, мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдарына (қосалқы мердігерлердің өздері тартатын ұйымдарды қоспағанда) қатысты, олардың көрсетілген жобаларға қатысуын растайтын мына құжаттардың бірі: 1) жер қойнауын пайдалану келісімшартынан нотариалды куәландырылған үзінді көшірме (көшірмесі); 2) бірлескен қызмет туралы шарттан нотариалды куәландырылған үзінді көшірме (көшірмесі); 3) қызметтер көрсету шартынан нотариалды куәландырылған үзінді көшірме (көшірмесі) болған жағдайда, осы Қағидалардың 8-тармағы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылмайды. 10. Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсатты алу үшiн жұмыс берушi не ол уәкiлеттiк берген тұлға «Е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесі арқылы не қағаз түрінде шетелдiк жұмыс күшiнiң еңбек қызметiн жүзеге асыру орны бойынша уәкiлеттi органға осы Қағидалардың 7-қосымшасына сәйкес құжаттарды қоса отырып, осы Қағидалардың 6-қосымшасына сәйкес өтiнiш бередi. Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2013 № 44 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 11. Осы Қағидалардың 10, 16, 30, 34, 36, 41 және 45-тармақтарында көзделген құжаттар толық көлемде берiлмеген және (немесе) белгіленген нысан бойынша толтырылмаған жағдайда уәкiлеттi орган олар келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде рұқсатты беруден, мерзімін ұзартудан бас тартады және берілмеген құжаттарды және (немесе) белгіленген нысан бойынша толтырылмаған құжаттарды көрсете отырып, құжаттарды жұмыс берушiге қайтарады. Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2013 № 44 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 12. Жұмыс күшіне деген сұранысты ішкі еңбек нарығы есебінен қанағаттандыру мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті орган еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат береді. 13. Ішкі еңбек нарығында тиісті кандидатураларды іздестіруді жұмыс беруші "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес бос жұмыс орындары (бос лауазымдар) туралы мәліметтерді шетелдік жұмыс күшінің еңбек қызметін жүзеге асыру орны бойынша уәкілетті органға жіберу арқылы жүзеге асырады. Уәкілетті орган жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру туралы өтінішін қабылдауды бос жұмыс орындары (бос лауазымдар) туралы мәліметтерді берген күннен бастап күнтізбелік он бес күн өткен соң жүзеге асырады. Осы тармақтың әрекеті шетелдік жұмыс күшін, сондай-ақ этникалық қазақтар және бұрынғы отандастар қатарынан арнайы экономикалық аймақ аумағына тартатын жұмыс берушілерге қолданылмайды. 14. Қызметін Қазақстан Республикасында филиал, өкілдік құрмай жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлға – жұмыс беруші өз қызметкерлерін жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасына жіберген жағдайда, олардың рұқсат алуына қатысты құжаттарды ресімдеуді пайдасына жұмыстар орындалатын, қызметтер көрсетілетін заңды тұлға (оның ішінде филиалы, өкілдігі арқылы Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлға) жүзеге асырады. 15. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беру немесе ұзарту кезінде ерекше шарттарда мынадай талаптар көзделген: 1) уәкілетті орган бекіткен тізімге сәйкес өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын кәсіптік даярлау; 2) уәкілетті орган бекіткен тізімге сәйкес өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын қайта даярлау; 3) Қазақстан Республикасы азаматтарының біліктілігін арттыру; 4) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін қосымша жұмыс орындарын құру. 16. Шетелдік қызметкерді: бірінші санат бойынша тартқан кезде жұмыс беруші осы Қағидалардың 15-тармағының 3), 4) тармақшаларында көзделген шарттардың біреуін немесе бірнешеуін таңдайды; екінші немесе үшінші санат бойынша тартқан кезде жұмыс беруші осы Қағидалардың 15-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген шарттардың біреуін немесе бірнешеуін таңдайды; төртінші санат бойынша тартқан кезде жұмыс беруші осы Қағидалардың 15-тармағының 1), 4) тармақшаларында көзделген шарттардың біреуін немесе бірнешеуін таңдайды. Ерекше шарттар тартылатын шетелдік жұмыс күшінің санатына қарай көзделеді. Жұмыс берушімен рұқсат берудің ерекше шарттарын келісу осы Қағидалардың 8-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жүзеге асырылады. Кәсіптік даярлануға және (немесе) қайта даярлауға және (немесе) біліктілігін арттыруға тиіс Қазақстан Республикасы азаматтарының саны мен (немесе) құрылатын қосымша жұмыс орындарының саны шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттардың санына сәйкес келуге тиіс. 17. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттардың: осы Қағидалардың 15-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген ерекше шарттарын орындау рұқсаттың қолданылу мерзімі ішінде жүргізілуге тиіс; осы Қағидалардың 15-тармағының 1) тармақшасында көзделген ерекше шарттарын орындау рұқсаттың қолданылу мерзімі ішінде басталуға тиіс. 18. Мыналарға: 1) шетелдік қызметкерлер қатарындағы: "Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнiң кәсiптерi мен мамандықтарының жiктеуiшi" 05-2008 Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жiктеуiшiне енгізілмеген кәсіптер немесе мамандықтар бойынша жұмыс істейтін; этникалық қазақтар немесе бұрынғы отандастар болып табылатын адамдарға; 2) жұмыс берушілер қатарындағы: кадрлардағы жергілікті қамтуды ұлғайту бағдарламасын іске асыратын және Қазақстан Республикасы азаматтарын жалдау, даярлау және шетелдік персоналды қысқарту бойынша міндеттемелері бар; технологиялық жабдықты іске қосу, ретке келтіру және монтаждау бойынша жұмыстарды орындайтын мердігерлерді қоса алғанда, 2010 – 2014 жылдарға арналған Қазақстанды индустрияландыру картасының тізбесіне енгізілген жобаларды іске асыруға қатысатын; «Өнімділік 2020» бағдарламасын іске асыруға қатысатын, жоғары бiлiктi шетелдiк мамандарды тартуға мемлекеттік қолдау көрсету бойынша оң шешім алған; шетелдік жұмыс күшін басым жобалар және шығу елдері бойынша квота шегінде тартатын; шетелдік жұмыс күшін шетелдiк заңды тұлғалар өкiлдiктерiне тартатын; Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелері немесе мемлекеттік кәсіпорындары болып табылатын жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды қайта ресімдеу кезінде, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу немесе ұзарту кезінде ерекше шарттар көзделмейді. Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.05.2013 № 467 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 19. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар: 1) екінші және үшінші санаттар үшін – он екі ай мерзімге екі реттен асырмай ұзартумен он екі айға; 2) төртінші санат және маусымдық шетелдік қызметкерлер үшін – ұзарту құқығынсыз он екі айға дейінгі мерзімге беріледі. 20. Шетелдік жұмыс күшін бірінші санат бойынша тартуға арналған рұқсат шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, жұмыс берушілерге үш жылға дейінгі мерзімге беріледі. Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін бірінші санат бойынша тартуға арналған рұқсатты ұзарту жыл сайын он екі ай мерзімге жүргізіледі. Шетелдік жұмыс күшін бірінші санат бойынша тартуға арналған рұқсат шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын жұмыс берушілерге екі реттен асырмай ұзартумен, он екі ай мерзімге беріледі. 21. Шетелдік жұмыс күшін басым жобалар бойынша квота шегінде тартуға арналған рұқсат оның іске асырылу мерзіміне беріледі. 22. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беру не оны беруден бас тарту туралы шешімді уәкілетті орган құратын Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) ұсынымы бойынша уәкілетті орган жұмыс берушінің құжаттарын қабылдаған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қабылдайды. 23. Комиссияның құрамына міндетті түрде халықтың көші-қоны, білім беру саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының және еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкілдері қосылады. 24. Комиссияның отырысына жұмыс берушінің өкілдері қатыса алады. Уәкілетті орган отырыс өтетін күннен кемінде үш жұмыс күні бұрын отырыстың өтетін күні, уақыты және орны туралы ақпаратты өзінің ресми интернет-ресурсына орналастырады. 25. Уәкiлеттi орган шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат беру не беруден бас тарту, ұзартудан бас тарту туралы қабылданған шешiм жөнiнде жұмыс берушiге оны қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде «Е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесі арқылы немесе жазбаша хабарлайды. Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2013 № 44 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 26. Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат беруден бас тарту не ұзартудан бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган осы Қағидалардың 38-тармағына сәйкес оның негiздерiн көрсетедi. Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2013 № 44 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 27. Жұмыс берушi шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат беру туралы хабарламаны алғаннан кейiн уәкiлеттi органға жиырма жұмыс күнi iшiнде рұқсаттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейiн шетелдiк жұмыс күшiнiң Қазақстан Республикасынан кетуiне кепiлдiк беретiн құжаттарды (банк пен жұмыс берушi арасындағы шарттың, жұмыс берушiнiң банк шотына кепiлдiк жарнаның енгiзiлгенiн растайтын құжаттың) «Е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесі арқылы не қағаз түрінде ұсынады. Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2013 № 44 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 28. Уәкiлеттi орган осы Қағидалардың 27-тармағында көрсетiлген құжаттардың көшiрмесiн алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде «Е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесі арқылы не қағаз түрінде жұмыс берушiге рұқсат береді. Жұмыс берушi үш жұмыс күнi өткен соң рұқсат алуға келмеген жағдайда, уәкiлеттi орган пошталық жөнелтiлiмдi алу туралы хабарламаны ала отырып, рұқсатты жұмыс берушiнiң тiркелген мекенжайы бойынша пошта арқылы жiбередi. Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2013 № 44 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 29. Осы Қағидалардың 30-31-тармақтарында көзделген жағдайларды, сондай-ақ жұмыс берушінің рұқсат алған шетелдік қызметкерлерді басқа әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы кәсіпорындарға, ұйымдарға күнтізбелік бір жыл ішінде күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімге іссапарға жіберуін қоспағанда, уәкілетті орган берген рұқсатты басқа жұмыс берушілерге беруге болмайды, ол тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ғана қолданылады. 30. Шетелдік қызметкерлер функционалдық міндеттерін күнтізбелік бір жыл ішінде күнтізбелік алпыс күннен артық бірнеше әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орындауы үшін уәкілетті орган жұмыс берушінің өтініші бойынша және еңбек жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша шетелдік жұмыс күшін екі және одан көп әкімшілік-аумақтық бірлікте еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартуға рұқсат береді немесе ұзартады. Екі және одан көп әкімшілік-аумақтық бірлікте қолданылатын рұқсатты беруге немесе ұзартуға келісім алу үшін уәкілетті орган жұмыс берушінің құжаттарын алдын ала қарау кезеңінде еңбек жөніндегі уәкілетті органға жұмыс берушінің басқа әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарында жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған шартты, келісімшартты қоса отырып, рұқсат берудің немесе ұзартудың жазбаша негіздемесін жібереді. Еңбек жөніндегі уәкілетті орган екі және одан көп әкімшілік-аумақтық бірлікте қолданылатын рұқсатты беру немесе ұзарту негіздемесін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органға келісу немесе келісуден бас тарту туралы хат жібереді. 31. Жұмыс берушінің жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған шарттарында, келісімшарттарында шарттың, келісімшарттың басқа әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарында қолданылуы көрсетілмеген жағдайда, еңбек жөніндегі уәкілетті орган екі және одан көп әкімшілік-аумақтық бірлікте еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беруге келісім беруден бас тартады. 32. Екі және одан көп әкімшілік-аумақтық бірлікте қолданылатын шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты ұзарту не ұзартудан бас тарту туралы шешімді уәкілетті орган еңбек жөніндегі уәкілетті органның келісу немесе келісуден бас тарту туралы хатын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды. 33. Бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде қолданылатын рұқсатты алған жұмыс беруші оны екі және одан көп әкімшілік-аумақтық бірлікте қолдану туралы өтініш берген жағдайда уәкілетті орган еңбек жөніндегі уәкілетті органның келісу туралы хатын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып, бұрын берілген рұқсатты қайта ресімдеуді жүзеге асырады. Бастапқыда берілген рұқсат уәкілетті органға қайтарылуға тиіс. 34. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат берілген шетелдік қызметкер жұмыс орнына келмеген немесе шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін онымен еңбек шарты бұзылған жағдайда, осы кәсіп үшін белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде басқа шетелдік қызметкерге бастапқыда берілген рұқсаттың қолданылу мерзімінің қалған кезеңіне осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жаңа нөмір бере отырып, бұрын алынған рұқсатты қайта ресімдеуге рұқсат етіледі. Бұл ретте жұмыс беруші осы Қағидаларда көзделген құжаттарды ұсынады. Бастапқыда берілген рұқсат уәкілетті органға қайтарылуға тиіс. 35. Уәкілетті орган бұрын берілген шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты басқа шетелдік қызметкерге қайта ресімдеу туралы шешімді құжаттарды қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
