3.2 Сурет. Тебенді сүзгілердің жұмыс схемасы:
1 – тебенді сүзгі, 2 – коллектор, 3 – сорап, 4 – су құбыры, 5 – судың алдыңғы деңгейі, 6 – судың жаңа деңгейі
Топырақ суларының деңгейін 5 м дейін төмендету үшін бір сатылы қондырғылар қолданылады. Ал одан да тереңірек төмендету қажет болса, тебенді сүзгілердің екі сатылы қондырғылары пайдаланылады. Өте үлкен тереңдікте (30 м дейін) ортадан тепкіш сораптар арқылы қазаншұңқыр қазылады.
Жер асты сулары құрылыс алаңынан дренаждардың көмегімен тұрақты алынып отырылады. Дренаждар ашық немесе жабық түрде болуы мүмкін. Ол үшін алдымен ор қазылып, оған дренаждар салынады. Дренаж ретінде көбінесе: терең емес орларда – беттік науалар, жабық терең орларда қиыршық тастармен, ірі түйіршікті құмдармен, тастармен және басқа да сүзгіш материалдармен толтырады (3.3 сурет). 2,5 м тереңдікте дренаж орларының ені 0,8 м, 2,5–6 м аралығында 1 м болады.
3.3 Сурет. Дренаж құрылғысы:
1 – топырақпен көму, 2 – дренаждау материалының қабаты,
3 – дренаждау құбыры
Су өткізгіш топырақта қазылған ордың түбіне саз төселеді және науа орнатылады; оған құбыр төселіп, құммен, қиыршық таспен немесе басқа да дренаж материалымен беті жабылады. Орды экскаватормен қазып, бульдозерлермен бітін жабады.
Топырақты бекіту және нығыздау. Жаңа құрылыс салынған кезде немесе топырақтың ғимараттан түсетін жүктемені көтеру беріктігі жеткіліксіз болған жағдайда, немесе салынған ғимараттың үстіне қондырма тұрғызылған жағдайда топырақты бекіту қажеттілігі туындайды. Топырақты бекіту үшін оның су өткізбеу қабілетін, тығыздығын және беріктігін қамтамасыз ететін материалдар мен технологиялық әдістер қолданылады. Бекіту әдістері де бекітілетін материалдар мен тәсілдеріне қарай аталады. Олар мыналар; силикаттау, битумдау, цементтеу, саздандыру, шайырлау, күйдіру және қатыру.
Бұл әдістердің барлығының жалпы өндіріс технологиясының негіздері бірдей. Ол мынадай үрдістерден тұрады: ұңғыманы бұрғылау, инъекторды батыру (тебенді сүзгіге ұқсас қондырғы), бекіткіш компоненттерді дайындау және ендіру, инъекторды алу, жабдықтарды жуу және ұңғыманы бекіту, топырақты үш-төрт жерден тесіп ашу арқылы негіздің бекітілу сапасын тексеру.
Топырақты бекіту радиусы бекітуші компонентке, топырақтың сүзу қасиетіне, инъектор диаметріне, айдау қондырғысының қуатына байланысты болады. Ол есепті жолмен немесе тәжірибе арқылы анықталады. Шахмат тәрізді орналасатын немесе бір қатардағы инъекторлардың арасындағы қашықтық топырақты бектіту радиусының 1,5-2 мәніне тең болады.
Силикаттау әдісі ұсақ түйіршікті суға қаныққан немесе құрғақ құмды топырақтарды, ми батпақтарды, шөгінді сары топырақтарды және сары топырақ тәрізді саздақтарды бекітуге арналған. Силикаттау үшін қолданылатын материалдар сұйық әйнек және хлорлы кальций. Силикаттаудың екі түрі қолданылады: бір және екі ерітінділі. Құмды топырақтарды оларға екі ерітіндіні алма-кезек айдау арқылы бекітеді (екі ерітінділі әдіс). Сары топырақ тәрізді саздақтарда бір ерітінділі әдіс қолданылады, яғни сұйық әнек сары топырақ құрамындағы қальций тұздарымен реакцияға түседі.
Битумдау әдісінде бұрғыланған ұңғыма арқылы жыныстардың қуыстары мен ақауларына ерітілген битум жіберіледі. Битумның ағындылық қасиеті тек ыстық күйінде сақталатын болғандықтан, инъекторлар ұңғыма оқпанында битумды қыздырып тұруы қажет. Бұл әдіс тек қана құрғақ, құмды және тас топырақтарда қолданылады.
Топырақты цементтеу әдісінде топыраққа ұңғыма арқылы қысыммен цемент ерітіндісі жіберіледі (цемент пен су қатынасы топырақтың су қанығуына қарай 1:12 - 1:1 қатынасында алынады).
Саздандыру әдісінде топыраққа суспензия түрінде бентонитті саз жіберіледі. Саз ылғалданған кезде ісінеді, ал ісіну күштері оның отыру күштеріне қарсы тұрады.
Карбамид шайырларының ерітінділерінен дайындалған галь түзетін қоспаны инъектор аорқылы топыраққа жіберіп оны бекіту әдісі шайырлау әдісі деп аталады.
Жоғарыда аталған барлық әдістерді арнайы мамандандырылған, қажетті жабдықтары мен білікті жұмысшылары бар мекемелер жүргізеді.
Күйдіру әдісі әртүрлі топырақтар үшін жүргізіледі. Күйдіру үші қажетті инъекторлар диаметрі басқа әдістердегіге қарағанда әлдеқайда үлкен болады, және ыстыққа төзімді құбырлардан жасалады. Инъектордың жоғарғы шетінде орналасатын шөміште отын (дизельді отын немесе табиғи газ) жағылады. Оған компрессор арқылы сұйық ауа беріледі. Жоғары температураның әсерінен топырақ жентектеледі және қатаяды.
Ми батпақтарды бекіту үшін топырақты қатыру әдісі қолданылады. Мұнда инъекторлар қосарланған болады. Осы инъекторлар арқылы салқындатушы реагент, мысалы сұйық аммиак немесе салқындатылған концентрлі тұз ерітірнділері айналады (топыраққа айдалмайды).
