- •Лекция мақсаты:
- •Әдебиетті оқыту әдістемесі – педагогикалық үрдісте оқушыларға әдеби білім мен тәрбие берудің ғылыми және тиімді жолдарын меңгертетін оқу пәні.
- •Әдебиеттану ғылымымен байланысы
- •Тіл білімімен байланысы
- •Тарих ғылымымен байланысы
- •Психология ғылымымен байланысы
- •Кітаптағы мақалалар мынадай тақырыптарға бөлінеді:
Әдебиетті оқыту әдістемесі – педагогикалық үрдісте оқушыларға әдеби білім мен тәрбие берудің ғылыми және тиімді жолдарын меңгертетін оқу пәні.
Әдебиетті оқыту әдістеменің ғылыми пән ретіндегі мазмұнының негіздерін анықтау аса қажетті. Басқа пәндерді оқыту әдістемелері сияқты қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі де белгілі бір жүйеге негізделіп дамиды. Осы орайда әдістемеліктің бай мазмұны мен оның сан түрлілігін ашатын пікірлердің де әр алуан екендігін айту қажеттігі туындайды.
«Әдебиет әдістемесі- педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның қамтитын: объектісі, қарастыратын мәселелері мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы болып табылады, ол педагогика ғылымы теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді. Бірақ әдебиет әдістемесі педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін ғана өз шеңберінде алып баяндайды», - деп жазды көрнекті әдіскер-ғалым А.Көшімбаев. Бұдан әдебиет әдістемесі ғылымы мен жалпы педагогика ғылымының өзара байланыста болатынын көреміз. Әдістемеліктің қолданбалы ғылым екендігін және ол жалпы дидактиканы негізге ала отырып, алуан түрге ене алатынын көрнекті педагог Ж.Аймауытұлы айқындап айтқан. «Ж.Аймауытұлы жалпы дидактика барлық пәндерге тиісті оқытудың жалпы заңдары, жолдары, оқытуға қатысты мәселелер туралы сөз ететіні, ал жеке әдістемелік дидактиканың жалпы ережелерін тек пәндерді оқытқанда, қалай жинастыру, қандай әдіс қолдану туралы баяндайтынын айтады. Ж.Аймауытұлы сабақ беру үйреншікті жай шеберлік еместігін, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін үнемі жаңалық табатын өнер», -деп бағалайды.
Қазақ тілін, әдебиетін оқыту әдістемесі ғылымының тарихында Ахмет Байтұрсынұлының көшбасшы болғаны белгілі. А.Байтұрсынұлының оқудың негізі білімді өз бетінше алу екенін айтқан пікірлері әлі күнге дейін өзінің мәнін жойған жоқ. Ол педагогиканың өзекті мәселесі болып отырған оқушының өз әрекетіндегі субъектілік қызметін арттыру міндетіне сай келеді. Ғалым өзінің 1928жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Тіл жұмсар» атты әдістемелік еңбегінде: «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі- өздігінен алатын ... білімнің ұзақ жолы үшін ... балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгіленген мақсатқа қарай түзеп отыру», - деп жазған А.Байтұрсынұлының бұл ойы бүгінгі қазақ әдебиеті әдістемесінің де негізіне жатады деуге болады. Баланың білімді өздігінен алатын жолдарын анықтау- әдістеменің басты міндеті мен қызметі екені сөзсіз. Бұл мәселелер А.Байтұрсынұлының «Баяншы», «Әлиф-би астары» сияқты жекеленген әдістемелік еңбектерінде де айтылған. Әдіскер ғалым ретінде А.Байтұрсынұлы бастаған істі әрі қарай дамытушылардың бірі Мағжан Жұмабаев баланы әдебиетпен таныстыруға аса үлкен мән берген. Ол жұмыстың жүзеге асырылуын бастауыш мектептен бастап мұқият дайындау керек деп танып, өзінің «Бастауыш мектептегі ана тілі» атты белгілі әдістемелік еңбегін жазды. Онда М.Жұмабаев әдіскер-ғалым ретінде төрт жылдық бастауыш мектептің әр жылына сәйкес ана тілі бойынша бала тілін дамыту үшін жаттығулар жүйесін жасап ұсынған.
Аса көрнекті әдіскер-ғалым М.А.Рыбникова «Әдістеме дегеніміз- уақытты үнемдей білу. Оқушы үшін жігерін ақылмен жұмсау, оқу материалынан негізгі және басты мәселелерін таба білу, сыныптың еңбегін ұйымдастыру шеберлігі, оқушылардың әр түрлі жеке әрекеттеріне ықпал етуді алдын-ала ұйымдастыру»,-деп әдістеме ғылымына анықтама береді. Әдістеменің жалпы құрылымы жайында В.В.Голубков былай дейді: «Қай пән бойынша болмасын барлық әдістеме оқытушы жұмысының ұсынымдарын, материалдарын және әдістерін құрастырумен өзара ұқсас, сондай-ақ олар не үшін, нені және қалай деген үш негізгі сұрақтарға жауап береді. Мұғалім мен оқушының оқу үрдісі өте күрделі. Оқытушы өз пәнін жетік білгенімен, оқушылардың көркем әдебиетке деген оқырмандық қызығушылығын оятып, шығармашылық әрекетін жоғары деңгейге көтере алмаса, айтарлықтай табысқа жете алмайды. Сондықтан әдебиетті оқыту әдістемесін не үшін оқытамын? Нені оқытамын? Қалай оқытамын?- деген сұрақтар әрқашан басты назарда болуы керек. Әдебиет пәні мұғалімінің терең теориялық білімді, педагогикалық және әдістемелік шеберлікті жете меңгеріп, көркем туындыны шығармашылықпен оқыта білуі әдістеменің міндеті.
Әдебиетші мұғалім жұмысының басты мазмұны, мақсат-міндеті орта мектепке арналған әдебиет бағдарламасында белгіленген. Бағдарламаның түсінік хатынан бастап мұғалімдеріміз әдебиетті оқыту міндеттері, бағдарламаның құрылысы, негізгі білім мазмұны (әр сыныпқа арналған), әдістемелік нұсқаулар (оқушы білімін бағалау), әдебиетке байланысты сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың түрлері, сыныптан тыс оқумен таныса алады. Шағармашылықпен жұмыс істейтін мұғалім бағдарлама бойынша ұсынылған әдеби мәтіндердің ауыр-жеңілдігі, орналасу тәртібі, берілген сағат санына сәйкестігі, әдеби теориялық білімнің жүйелілігі, ауызша және жазбаша тіл дамыту жұмыстарының түрлері т.б. мәселелер жайында жан-жақты ізденіп, ғылыми-әдістемелік қорытындыға келе алады. Әдебиеттің өзіндік ерекшелігін талдап саралай отырып, әрбір сабақтың тақырыбын оқушыларға шеберлікпен танытудың жаңаша тиімді жолдарын іздестіріп, түрлендіре алады.
Әдебиетті оқыту әдістемесінің негізгі бағыттары:
ҚР білім заңына, мемлекет пен қоғам белгілеген мақсаттарға сәйкес айқындалады
Білім беру стандарттары мен бағдарламаларда бекітіліп, солардың негізінде оқулықтарда берілген әдеби білімнің мазмұны мен құрылымы түзіледі
Әдебиетті оқытуда қалыптасқан дәстүрді ғана басшылыққа алмай, жаңа әдістер мен тәсілдерді қолдану, іске асыру
Оқушылардың танымдық деңгейі, білімді меңгеру мүмкіндіктері ескеріледі
Оқыту үрдісі нәтижеге бағдарланған білім моделімен айқындалады.
Әдебиетті оқыту әдістемесі қазіргі ғылым мен мәдениеттің дамуына өзіндік үлес қосып, оқытудың әлемдік білім тәжірибелерімен сабақтаса, үйлесімде болу тенденциясын басшылыққа алады.
Әдебиетті оқыту әдістемесінің басқа ғылым салаларымен байланысы
Әдебиетті оқыту әдістемесі әдебиеттану ғылымдарымен бірге эстетика, мәдениеттану, философия, педагогика, психология, тіл білімі, тарих т.б. сияқты ғылым салаларымен байланыста дамиды.
Эстетика ғылымымен байланысы.
«Эстетика» - гректің «эстетиз» деген сөзінен шыққан. «Сезімдік, сезіммен қабылдайтын дарындылық» деген ұғымды білдіреді. Эстетика – өмірді сезім арқылы танып білудің айрықша жолы. М.Жұмабаев эстетикалық сезім туралы: «жаратылыстың, һәм искусствоның сұлу заттары адам жанында сұлулық сезімдерін оятады. Үлбіреген гүл, күңіренген орман, сылдыраған су, былдырлаған бұлақ, шетсіз-түпсіз қара көк теңіз, түрлі шөптер мен толқындаған дала, бұлтпен таласқан тау, күннің ойыншыл алтын сәулелері, сұлу ай, жұлдызды түн, міне, осылар секілді жаратылыстың сұлу заттары, көріністері, өнердің тылсымдай жанды билеп алып кететін сиқырлы сөз, сұлу картина сықылды әсерлері адам жанында бір ләззат, бір сұлулық толқынын оятып туғызбай қоймайды»,-деп түсіндіреді. Яғни көркем шығармадағы осы сұлулықты оқушыға жеткізу, сезіндіре білу, көркем шағарманың эстетикалық табиғатын танытуға әкеледі. Шынайы көркем туындыдағы ізгілік, жақсылық, сұлулық жазушының эстетикалық идеалын танытады. Шығармадағы терең эстетикалық идеалды таныту талдау арқылы ғана мүмкін болады. Ең алдымен мұғалімнің өзі көркем әдебиет шығармаларының идеялық-эстетикалық мәнін, көркем компоненттерін шебер талдай алатындай болуы керек. Эстетикалық талдау әдісін жетік білген мұғалім ғана шәкіртті көркем шығарманы терең түсініп сезінуге бағыттай, сол көркем туындыдағы жазушының ой-сезіміне шәкіртті ортақтастыра, толғандыра алады. Оқушы көркем өнер туындысын өздігінен қабылдай отырып, шығарманың эмоциялық-эстетикалық табиғатын терең түсініп, ой жүгіртіп, ондағы адамгершілік, эстетикалық проблемалардың байыбына барады.
