- •Лекция-2. Өркениеттер тарихындағы саяси білімдердін негізгі даму кезеңдері
- •XVIII ғасыр аяғы және XIX ғасырлар басындағы саяси ілімдер: ф. Гегель. И. Кант, г.Фихте, а.Сен-Симон, ш.Фурье, р.Оуэн
- •Лекция-3. Қоғамдық өмір кұрылымындағы саясат
- •Лекция-4. Билік саяси феномен ретінде
- •Лекция-5. Саяси субьектілері
- •1 Экономикалық алғышарттарға мыналар жатады:
- •2 Демократия дамуының әлеуметтiк алғышарттары:
- •3 Тұрғындардың саяси мәдениетi де демократияның маңызды алғышарты:
- •Сайлау саяси институт ретінде. Сайлаудың кызметтері және жіктелуі. Қазіргі сайлау жүйелері: мажоритарлы, пропорпионалды және аралас.
- •Сайлау кұкығы және кағидалары. Сайлау үрдісі және сайлау науқаны. Сайлау технологиялары және оның түрлері.
- •Қазақстан Республикасындағы сайлау және сайлау жүйелері.
- •Лекция-7. Сайлау және сайлау жүйелері
- •Лекция-8. Мемлекет және азаматтык қоғам
- •Лекция-9. Саяси партиялар және партиялық жүйелер, қоғамдық-саяси қозғалыстар мен ұйымдар
- •Лекция-10. Саяси даму және модернизация
- •Лекция-11. Саясаттағы конфликт және дағдарыстык жағдайлар
- •Конфликт әлеуметтік құбылыс ретінде және оның саясаттағы ролі. Саяси конфликтілер, олардың қоғамдық өмірдегі орны. Саяси конфликт құрылымы. Саяси конфликтілердің жіктелуі және қызметі.
- •Саяси конфликтілердің жіктелуі және қызметтері. Саяси конфликт динамикасы. Саяси конфликтілердің алдын алу амалдары мен көздері. Қазақстанда саяси конфликтілердің алдын алу амалдары мен көздері
- •Лекция-12. Саяси мәдениет және саяси идеология
- •Лекция-13. Әлемдік саясат және қазіргі халықаралық қатынас
- •Лекция-14. Халықаралык катынас жүйесіндегі егеменді Қазақстан. Қазақстан Республикасынын сырткы саясаттағы негізгі басымдықтары
- •Лекция-15. Қазақстанның 2050 даму стратегиясы
Лекция-5. Саяси субьектілері
Саясат субьектілері. Билік жүйесіндегі олардың орны, рөлі, белгілері және әлеуеті. Саясат субьектілері ретіндегі әлеуметтік қауымдастықтар. Қазіргі замандағы әлеуметтік стратификация. Саясат субъектілері ретіндегі этникалык топтар.
Саяси субъектілік түсінігі және саясат субьектісі ретінде тұлғаның қалыптасу шарттары. Саяси қызмет, әлеуметтік белсенділік, саяси мәдениет пен сана деңгейі.
Адамның саясат субьектісі ретінде калыптасуының көрсеткіштері ретінде азаматтык қасиеттері. Тұлғаның саяси мүдделерін жүзеге асырудың материалдық, әлеуметтік-мәдени және саяси-құқықтық алғышарттары.
Тұлға мен қоғамның саяси мүдделерінің арақатынасы. Адам құкықтары мен еркіндігі. Оларды камтамасыз етудің кепілдігі мен механизмдері. Азаматтың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырудың шарттары. Адамның саяси шеттелу мәселесін шешу. Адам құкықтары саласы бойынша халықаралық ынтымақтастық.
Қазақстанның әлеуметтік-саяси құрылымы. Қазақстанда саясаттың жаңа субъектілерінің қалыптасу көздері мен әлеуметтік базалары.
Саясат субъектiлері. Билік жүйесіндегі олардың орны, рөлі, белгілері және әлеуеті. Саясат мемлекеттiк билiк үшiн бәсекелiк күрес саласында әр түрлi субъектiлердiң әрекеттерi мен өзара әрекеттерi жиынтығын бейнелейдi. Көбiнесе, саясат субъектiсiн бөлiп алу өлшемi, оның осы саладағы нақты әрекетi, немесе саяси шешiм қабылдауға ықпалының деңгейi, мемлекттiк саясатты iске асыруы, немесе оны ұйымдастыруы алынады. Нақты айтсақ, саясат субъектiсi деп шешiм қабылауға ықпал ету деңгейiне және мемлекеттiк саясатты тарату сипатына тәуелсiз, мемлекет пен билiктiк өзара қарым-қатынасқа түсушiнi түсiнемiз.
Саясат субъектiлерi үш түрге: жеке (микроактор), топтық (макроактор) және институттық (ұйымдасқан актор) болып бөлiнедi. Бұл үш түрдегi субъектiлердің iштей құрылымдары мен мазмұндары өзіндік ерекшелiктерге ие. Мәселен, топтарға әр түрлi қауымдастықтар мен ұжымдар (бейресмиден ресмиге дейiн, уақытшадан тұрақтыға дейiн, оқшаудан трансұлттық бiрлестiкке дейiн) жатады. Институттарға саяси жүйеде өкiлдiлiк пен атқарушылық қызметтердi атқарушы (партиялар, қозғалыстар, лобби, халықаралық ұйымдар) ұйымдар жатады. Жеке субъектiлер (Д. Розенау) үш түрге бөлінеді: қатардағы азаматтар, саясатқа қатысуы топтық мүддемен сипатталынатын; кәсiби қызметкер, мемлекетте басқару мен бақылау қызметiн атқарушы; жеке индивид, топтық мақсатқа тәуелсiз әрекет етушi және ешбiр кәсiби мiндеттердi орындамаушы. Саясаттың барлық субъектiлерi бiр-бiрiмен иерархиялық қатынаста болады.
Легистердiң өзi (ІV-ІІ ғ.ғ. б.з.д.) адам өмiрiнiң барлық саласын бақылайтын және қатал заңға арқа сүйенетiн, басқарушы мен оның қол астындағылардың арасындағы тұрақты қақтығыстардың болуына жол бермейтiн, күштi деспоттық мемлекет қажет деп санаған. Конфуций да мемлекет басымдылығын дәрiптеген, мемлекет – үлкен патриархалды отбасы, оған аристократтар мен шенеунiктер және қарапайым халық сөзсiз бағынуы тиiс деп тұжырымдаған. Мұнда индивидтің ешбiр құқығы жоқ болып саналады. Мәнi жағынан осындай принциптi Платон да қолдады, мемлекеттiң жалпыәлеуметтiк қызметiн уағыздап, оның индивидке үстемдiгiн ақтады. Аристотель пiкiрiнше мемлекет әлеуметтiк қатынастың жоғары формасы, сөйтiп оның басымдылығын дәлелдеуге тырысты.
Аристотель мен Платонның мемлекетке қарым қатынасы мемлекеттiң тұрақтылығы мен тыныштығын бұзатын қажетсiздерден, варварлардан, мемлекет өмiрiне лайықсыздардан тазарту сияқты идеялармен толықтырып отырды. Бұл мемлекет туралы идеялар адамның саяси құқығы мен бостандығын, индивидтi азамат және мемлекеттiң толық әрiптесi ретiнде тану мүмкiндiгiн жойды. Мемлекет, адам құқығы мен статусын толық және оның саяси белсендiлiк каналдарын анықтап отыруы тиiс.
Адам саясат субъектiсi ретiнде. Субъект дегенiмiз (субъект латын тiлiнде жату деген сөзден шыққан) белсендi iс-әрекет жасаушы, сана мен жiгерi бар жеке адам немесе әлеуметтiк топ.
Объект дегенiмiз (объект – латынның қарсы қою деген сөзiнен шыққан) субъектiнiң танымдық және басқа да iс-әрекетi неге бағытталса соны айтады. Басқаша айтқанда, объект зерттелетiн нәрсе.
Адамның саяси өмiрдегi орны мен рөлiне саясаттану ғылымы ерекше назар аудару қажет. Себебi, бiрiншiден, адамзат тарихының бүгiнгi кезеңiнде саясат қоғам дамуында шешушi рөлдердiң бiрiне ие болып отыр. Екiншiден, саясаттың тиiмдi және нәтижелi жүруi адам арқылы өлшенедi. Демек, бүгiнгi күнгi саясатқа баға, адам саясат үшiн емес, саясат адам үшiн қызмет етуi тұрғысынан қарастырылуы тиiс. Үшiншiден, бүгiнгi әлеуметтiк-саяси философияда адам мәселесi өзектi, әрi басты мәселелердiң бiрiне айналуда. Мұнда адамның қоғамдық қатынастардың өзгеруi механизмiндегi рөлiн түсiну қажеттiлiгi туып отыр. Басқаша айтқанда, барлық мәселелердiң тоғысар нүктесi адам. Бiрiншiден, қоғамға ерiктi, адал, ақылды, iскер адамдар қажет. Екiншiден, адам жалпы қоғамдық прогрестiң негiзгi қозғаушы күшi ретiнде өз мүмкiндiгiнiң, жiгерiн-қайратының, әлеуметтiк-саяси еңбегiнiң қоғамға қажеттiлiгiн сезiнуi қажет.
Саяси ғылымда саясат субъектiлерiн жiктеудiң бiрнеше түрлерi тараған. Соның iшiндегi ең көп тарағаны мына:
саясатқа қатысушыларды әлеуметтiк құрылымдарға бiрiгуi деңгейiндегi субъектiлерге (демографиялық, кәсiби, этникалық топтар) бөлу – кәсiби топтар, таптар, ұлттар, көсемдер, элита мен бюрократия, жеке адам т.б.;
белгiлi бiр институттық құрылымға бiрiгу деңгейiндегi субъектiлерге: мемлекет, партиялар, кәсiподақтар, қоғамдық ұйымдар, саяси қозғалыстар жатады;
«қызметтiк» деңгейдегi саяси субъектiл, оларға: дiни мекемелер, университеттер, кооперациялар, әр түрлi мәдени-спорттық ассоциациялар жатады.
Барлық адамдардың конституциялық құқықтары мен мүмкiндiктерi бiрдей болғанымен, iс жүзiнде олар тең емес, олар физикалық-биологиялық, интелектi, еркi мен басқа да психологиялық қасиеттерi жағынан қабiлетi. Әлеуметтiк жағдайы жағынан әртүрлi. Осының бәрi олардың саясаттағы орны мен рөлiнiң әртүрлiлiгiне, оған ықпал ету дәрежесi мен деңгейiнiң әрқилылығына негiз болады.
Адамның саясатқа қатынасы ертедегi ойшылдардың iлiмдерiнде қарастырылған. Мәселен, Конфуций мемлекеттiң патерналистiк концепциясын жасады. Бұл концепция адамдардың саяси статусы жағынан тең еместiгiне негiзделдi. Жеке адам саясат субъектi бола алу құқына ие бола алмайды. Бұл концепция әлi де болса дамушы елдерде өз көрiнiсiн берiп отыр. Сондай-ақ, тоталитарлы, авторитарлы режімдер осы концепцияға жақын бағыт ұстанады.
Платон өзiнiң идеалды, өркениеттi мемлекет концепциясында адам үстiнен мемлекеттiң үстемлiгiн күшейттi, адамды мемлекеттi басқарып отырған ақылды, дарынды аристократтарға тәуелдi нысана ретiнде түсiндiрдi. Яғни, мемлекет өз заңы арқылы адамның бүкiл өмiрiн өз реттеп отыратын болған. Платон өзiнiң «Заңдар» атты еңбегiнде «мемлекет өзiне қолайсыз адамдарды өлiм жазасымен, мемлекеттен қуу арқылы тазартып отырғаны дұрыс» – деп жазады. Демек, Платон адамды саясат субъектiсi ретiнде санамады, әрi тоталитарлы үрдістің қалыптасуына негiз жасады.
Аристотель өзiнiң мемлекет туралы iлiмiн саясаттың антропологиялық табиғатына негiздеп жасады. Оның ойынша, адамға жаратылысынан қауымдастық, ұжымдық қасиет тән, сондықтан да басынан-ақ адам саяси сипатқа ие болған. Аристотельдiң пiкiрiнше адам тек басқа адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы ғана өмiр сүредi. Бұл қатынастың алғашқы түрi отбасы немесе адамдардың шоғырланған жерi. Осының негiзiнде дамудың белгiлi бiр деңгейiнде мемлекет пайда болады. Демек, ол мемлекет ерiктi және тең құқықты азаматтарға негiзделедi деп санаған. Мемлекет шеңберiнде адамның бүкiл табиғаты көрiнедi және жеке адам саяси өмiрдiң органикалық бөлiгi болып есептелiнедi деп айтқан. Аристотельдiң Платоннан айырмашылығы белгiлi бiр мөлшерде автономиялық қажет деп есептеуiнде болып отыр. Дегенмен, Аристотель де адамды мемлекеттен толық ажыратып көрсете алмады.
Адамның саяси құқығына либералистер көп көңiл бөлдi. Либерализм әлеуметтiк-саяси ойлар тарихында алғаш рет жеке адам мен қоғамның, мемлекеттiң ара жiгiн ажыратып, адамға тән құқықты берiп, оны саяси жүйенiң элементi ретiнде бекiттi. Либерализм концепциясы бойынша адам саяси билiктiң көзi. Ал, мемлекет ерiктi адамдардың келiсiмiнiң нәтижесi болып табылады. Мемлекеттің негiзгi қызметi – халықтың қауiпсiздiгi мен бостандығын қорғау, қоғамдық тәртiптi сақтау. Либерализм адамды билiктен жоғары қойғанымен, олар адамның саяси белсендiлiгiнiң ауқымын шектеп отырған. Классикалық либерализм теориясында адам саяси өмiрдiң тiкелей қатысушысы болудан гөрi, бақылаушысы ретiнде көрсетiлгiн.
Қазiргi кезде Батыс Еуропада адам мен саясат қарым-қатынасы туралы либералистiк iлiмдер саяси ой-пiкiрлермен одан әрi толықтырылуда. Бұнда мемлекеттiк қамқорлықты күшейту идеясы басымдылық танытып отыр.
Маркстiк теорияда жеке адамның саясатқа қатыстылығы таптық тұрғыда қарастырылған. Яғни, адам белгiлi бiр әлеуметтiк тап, топ мүшесi, өкiлi ретiнде алынады. Сондықтан да жеке адамның саясаттағы орны мен рөлi, оның қай тап, топ, ұлт өкiлi болуына тәуелдi құбылыс ретiнде танылады. Демек, жеке адамның саясат субъектiсi болуына шек қойылған.
Жеке адам мен билік қарым-қатынастарының моделдері. Индивид пен билiк қарым-қатынасының төрт тәсiлi мүмкiн: тоталитарлы, партиархалды, жеке, партицитарлы.
Бiрiншi, тоталитарлы модель бойынша мемлекетке толық бағыну жүзеге асырылады, яғни мемлекет басымдылығы сөзсiз. Мұнда адам құқығы проблемасы күн тәртiбiнен алынып тасталынады, индивид тұтастың бiр бөлiгi, органикалық ретiнде қарастырылады, әрi күрделi мемлекеттiк механизмдегi орталықтан басқарылатын құрал ретiнде саналады.
Екiншi, индивид пен билiк қарым-қатынасының патриархалды моделi адамдардың құқығының күрделi иерархиясын ұсынады. Ол қоғамды әр түрлi сословие мен топтарға бөледi, оның ең төменi саяси құқықсыз, ал жоғарысы жоғарғы билiк өкiлеттiгiне ие, билiктiң негiзгi көзi мен бөлушiсi, авторитарлы монарх болады.
Үшiншi, жеке адам мен билiк қарым-қатынасының жеке тәсiлi, ол индивидтiң мемлекетке қатынасындағы басымдылығына негiзделген. Ол ашық көрiнiстi либерализмде бередi, ерiктi тұлға қоғамдағы барлық билiктiң, сонымен бiрге мемлекеттiң де негiзгi көзi. Мемлекет ерiктi индивидтер келiсiмi мен қолдауының нәтижесi. Ол халық бақылауында және қатал шек қойылған қызметтердi – азаматтардың қауiпсiздiгі мен бостандығын, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету т.б. орындауға ғана құқылы.
Төртiншiсi, партиципаторлы жеке адамды қоғамнан оқшауланған, тәуелсiз индивид, сондықтан да мемлекеттi құруға, оған кейбiр мәселелер бойынша бағынуға тиiс деген түсiнiктен ажыратады. Ол жеке адамның қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастары қарама-қайшылықты және бөлiнбейдi деген пiкiрдi қолдайды. Бұнда адам құқығы проблемасы индивидтi мемлекет араласуынан қорғау емес, қайта мемлекеттi адамның ерiктi өмiр сүруi мен дамуына жағдай жасауға пайдалану қажеттiгiн ұсынады.
Бұл жоғарыда айтылған барлық төрт тәсiл де адамзат тарихында кездестi. Олар белгiлi бiр саяси жүйенiң формасына сай болды.
Қазақстандық ғалымдар қарапайым адамның мемлекеттiк саясатты анықтаудағы рөлi туралы саяси iлiмдер тарихында екi түрлi концепция қалыптасқан деп есептейдi: элитарлық және демократиялық. Элитарлықты жақтаушылар халықтың жаппай саясатқа, билiкке араласуы қоғамдағы еңбек бөлiнiсiне қайшы келедi деп есептейдi. Адамдардың барлығы басқару iсiне араласқан жағдайда басқару iсiнiң тиiмдiлiгi төмендейдi, басқарушы адамдарда жауапсыздық күшейiп, оларда белсендiлiк қабiлет төмендейдi деген қорытындыға келедi. Сонымен бiрге, олар халық өзiдерiнiң басқару қабiлеттерi мен сауатылығы төмендiгiнен және көп жағдайда әр түрлi көңіл-күйге берiлуі, саясатты реттеуде, жүргiзуде қиындықтар тудырады деп санайды. Олар мемлекеттi арнайы кәсiби элита басқару керек дегенге саяды. Ал, халық саясаткерлердiң, партиялардың, бюрократияның саяси iс-әрекетiн тек сайлау жүйесi арқылы бақылап, қадағалап отыруы мүмкiн.
Демократиялық концепцияның қолдаушылары халық тек қана өз өкiлдiрiн өкiмет орындарына сайлау процесiне қатысып қоймай, сонымен бiрге, олар саяси өмiрге, процестерге тiкелей қатысуы тиiс деген көзқарасты жақтайды. Демек, әрбiр адам сайлаудан бастап, өкiмет басшыларының шешiмдерiн және оны iске асыруға дейiнгi iстерге араласуы тиiс делiнген. Бұл көзқарасты әсiресе Батыс елдерiнiң көптеген социал-демократиялық және либералдық партиялары жақтайды. Олардың ойынша, жеке азаматтардың мұндай билiкке араласуы билiкте жеке басқа табынушылық туына, мемлекеттiк басқару жүйесiнiң бюрократиялық сипат алуына жол бермейдi.
Жалпы адам теориясына тоқталсақ, оған берiлген анықтамалар көп. Оны қорытындылай келгенде, адамды қоғамдық жаратылыс ретiнде қарастырады. Негiзiнен адам үш өлшемдiк тұрғыдан қарастырылады: биологиялық, психологиялық, әлеуметтiк.
Ең алдымен, биологиялық ұғым яғни, ол ата тектiк жаратылыс. Ал, әлеуметтiк тұрғыдан алсақ, бұл үлкен қоғамдық мәнге ие болатын күрделi процесс. Марксизм адамды материалистiк тұрғыда, оны нақтылы тарихи жағдай шеңберiнде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда, марксизм бойынша адамды тек табиғат жаратылысы деп қана түсiнуiмiз керек. Сонымен бiрге, адам ұзақ уақыт тарихи дамудың, қоғамдық қатынастардың жиынтығы деп түсiнемiз. Бұдан келiп алдамға тән қасиет – еңбек екендiгi белгiлi болады. В.И. Ленин «Философия дәптерлерi» деген еңбегiнде «адам деген ұғым – өзiн жүзеге асыруға тырысқандық» – деп көрсеттi. Демек, әрекетшiлдiк, белсендiлiк, еңбек адамға тән негiзгi қажеттiлiк. В.И. Лениннiң «тарих адамдар әрекетiнен құрылады» деген сөзi де бар.
Адам құқығы. Адам құқығы саяси қатынастар жүйесiн бекiтетiн, индивидке белгiлi бiр бостандықтар мен әлеуметтiк игiлiктердi беруге кепiлдiк беретiн қалыптар мен қағидалар жиынтығы.
Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30-тамызда қабылдаған Конституциясының 1-бабында мемлекетімізді құқықтық және әлеуметтiк мемлекет деп жариялады. Осы баптың өзiнде мемлекеттiң ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айтылған. Осы нормаға байланысты Қазақстан Республикасында адамның құқықтық мәртебесi анықталынады.
Адам құқығы деп демократиялық қоғаммен кепiлденген, әрбiр жеке индивид немесе қауымдастықтың жақсы өмiр сүруі, халықаралық, ұлттық стандарттарға сәйкес келетiн тиiмдi әлеуметтiк жүйенi айтамыз. Адам құқықтарының проблемалары мәңгiлiк тақырыптар қатарына жатады. Ежелгi дүниеден қазiргi уақыттағы азаматтық қоғамда адам – ең жоғарғы құндылық ретiнде мемлекеттiк билiктiң үстемдiгiнен қорғауды талап етедi. Адам құқықтарын мемлекет тараптарынан қорғау немесе адамның құқықтары туралы көзқарас алғашқы рет заң түрiнде АҚШ-тың Вирджиния штатында 1776 жылы қабылдаған Конституцияда, одан кейiн 1781 жылы қабылдаған АҚШ-тың Конституциясында және 1789 жылы Францияда қабылданған адам мен азаматтың құқықтары туралы Декларацияларда көрiнiс тапты.
Қазiргi уақытта құқықтық, әлеуметтiк мемлекеттiң қоғамдағы атқаратын қызметтi, ол – адам құқықтары мен бостандықтарын мойындау және оның жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып саналады. Әрине адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде, әр мемлекет өзiнiң саяси бағытына байланысты, осы актiлердiң күшiн ұлттық құқықтық актiлерден жоғары санайды. Оған дәлел ҚР Конституциясының 4 және 8 баптарын айтуға болады.
Адам құқықтарын бекiткен алғашқы құжаттарда адамның құқықтары мен бостандықтары екi тұрғыдан қарастырыла бастады:
бiрiншiсi, адамның өзiне туа бiтетiн құқықтар мен бостандықтары. Бұл құқықтар адамнан ажырамайды, оның табиғи болмысына байланысты пайда болады және бұл құқықтардың орындалуы мемлекетке байланысты.
екiншiсi, ол мемлекеттiк билiк бекiтетiн құқықтар.
Бiрақ қоғамдағы болып жатқан өзгерiстерге сай адам құқықтары мен бостандықтары қоғамдық өмiрдiң әр түрлi салаларға бөлiнуiне байланысты топтастырылады, яғни адамның құқықтары мен бостандықтарын әлеуметтiк белгiлерiне байланысты бөлу. Осы негiзге байланысты адам құқықтары төрт топқа бөлiп қарастырылады: жеке немесе табиғи құқықтар, саяси, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени құқықтар. Адам құқықтары мен бостандықтарының маңызды тобы әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтар. Бұл құқықтар мен бостандықтар адамның басқа категориядағы құқықтары мен бостандықтарының негiзiн қалап, олардың жүзеге асырылуына мүмкiндiк тудырады. Осы құқықтар адамдар өмiрiнiң маңызды салалары – меншiкке, еңбек қатынастарына байланысты пайда болып, адамдардың материалдық, табиғи-денелік, рухани сияқты әлеуметтiк сұраныстар мен мүдделерiн бiлдiрiп отырады. Әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтардың нақты жүзеге асуы қандай да мемлекеттiң әлеуметтiк сипатын ашып көрсетедi.
Әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтарды бекiткенде әр мемлекет өзiне тән жолды таңдайды. Мысалға, ҚР-ның Конституциясында осы топтағы құқықтарға ерекше көңiл бөлсе, Францияның Конституциясында саяси құқықтар мен бостандықтардың үстемдiгi байқалады. Сонымен қатар, әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтар экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пактiде бекiтiлген. Осы пактiге сәйкес өркениеттi мемлекет белгiленген құқықтар шегiнен төмендемеуге тиiс.
Адам құқықтары мен бостандықтарының бекiтiлуi барысында мемлекет тарапынан оның жүзеге асуын қамтамасыз ету мiндеттi туындайды. Әрбiр құқықтың маңыздылығы, тек оның жүзеге асырылуына немесе сақталуына кепiлдiлік қамтамасыз етілгенде ғана артады. Бiз Кеңестер Одағы Конституцияларына тоқталатын болсақ, онда адам құқықтар мен бостандықтарының негiзгi түрлерi бекiтiлген, бiрақ кепiлденбеген, сондықтан бұл құқықтардың жүзеге асуы көптеген қиыншылықтарға ұшыраған болатын. Сондықтан қазiргi уақыттағы мемлекеттер құқықтар мен бостандықтарды қамтамсыз етудiң негiзгi механизмдерiн конституция деңгейiнде бекiтуге тырысады.
Әлеуметтiк мемлекеттегi адамдардың құқықтарының қамтамасыз етiлуi негiзiнен әлеуметтiк саясатты жүргiзу арқылы жүзеге асырылады. Мемлекетте жүргiзiлетiн әлеуметтiк саясаттың конституциялық негiздерiне келесi элементтер жатады:
адамның денсаулығы мен еңбеген қорғау;
кепiлдiк берiлген еңбек ақы төлеудiң ең төменгi шегiн белгiлеу және оны төлеу;
отбасыға, ана мен балаларға, мүгедектер мен қария адамдарға мемлекеттiк көмек көрсету;
әлеуметтiк қызмет жүйелерiн дамыту;
мемлекеттiк зейнетақы мен жәрдемақыларды бекiту.
Қазақстанның әлеуметтік-саяси құрылымы. Қазақстанда саясаттың жаңа субъектілерінің қалыптасу көздері мен әлеуметтік базалары.
Әлеуметтік құрылымның болу мен даму механизмдері адамның іс-әрекеті жүйесінде жасырулы. Адамдар тіршілік ету үшін белгілі бір қоғамдық, ең алдымен өндірістік қатынастарға түседі, топтарға бөлінеді, кооперацияланады, функцияларын бөледі. Топтардың қалыптасу процесі үшін әлеуметтік айырмашылықтардың терең көзі ретіндегі еңбектің қоғамдық бөлінуі маңызды болып табылады. әлеуметтік құрылым – бұл адамдардың беделіндегі, өмір сүру жағдайындағы және өмір сүру тәсілдері ретінде бейнеленген жүйе.
Қоғамның келесі әлеуметтік жіктелуі кең таралған:
адамдардың бөлінуі нәтижесінде қалыптасатын әлеуметтік–таптық құрылым (таптар, касталар, сословиелер, әлеуметтік топтар, олардың қабаттары);
әлеуметтік–этникалық құрылым, яғни адамдардың белгілі бір территорияға, экономикаға, мәдениетке, дәстүрлерге, психологиялық ерекшіліктері және т.б. арқылы бірігуі негізінде пайда болған адамдардың тарихи қауымы – тайпа, ру, халық, ұлт, этностар.
мекендердің негізгі түрлерін құрайтын (қала, макрополис, агломерация, ауыл, т.б.) территориялық құрылым;
жаспен, жыныспен белгіленетін (ерлер, әйелдер, жастар, балалар, «жұмыс жасындағы» адамдар, зейнеткерлер) демографиялық құрылым;
отбасылық-тұрмыстық құрылым, көрші қауымдастықтар, ата-аналар мен балалар, сондай-ақ, некелік пен некесіз байланыстар мен қатынастар. Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіби, білім беру, діни және т.б. құрылымдарды бөлуге болады.
Қазіргі Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік құрылымның дамуы кездейсоқтылығымен, анықсыздығымен, аморфтілігімен сипатталады. Алғы шетке меншіктік және әлеуметтік теңсіздік мәселесі қойылады. Ол таптық қарама-қайшылық және қақтығыстармен сипатталады.
Экономиканың тұрақтануы және экономикалық заңдылықтар еркіндігін заңдастыру, әлемдік нарыққа өту негізгі әлеуметтік қауымдастар арасындағы қатынастар құрамы мен сипатына маңызды өзгерістер әкеледі. Қазіргі қоғамның негізгі сипаттамасы болып оның әлеуметтік поляризациясы, кедейлер мен байларға бөлінуі табылады.
Дәстүрлі әлеуметтік топтардың жойылуы, меншік, табыс, билік құрылымына ену, перспектива сезімі, топтық әлеуметтік мобильділік формаларына байланысты жаңа топшылык интеграция жүріп жатыр. Жаңа әлеуметтік құрылымды қалыптастыру үрдісі үш жол бойынша жүргізілуде:
Жеке меншік формаларының плюрализациясы негізінде жаңа әлеуметтік қауымдастықтардың қалыптасуы;
Мемлекеттік меншік формаларының трансформациясы және дәстүрлі кластық-топтық қауымдастықтардың жағдайының, шекараларының, сандық-сапалық сипаттамаларының өзгеруі мен шекаралық, маргианалдық қабаттардың қалыптасуы;
Әртүрлі жеке меншік формаларының өзара қатынасы негізінде қабаттар мен страталардың қалыптасуы.
Қазір жаңа қабаттар өзінің құрамы, іс-әрекет түрлері, даму перспективасы тұрғысынан әртүрлі. Олардың болашақтағы дамуы, мінез-құлқы, өмір сүру салты меншіктің жаңа формаларын заңдастыруға байланысты болады.
Лекция-6. Қазіргі саяси жүйелер. Саяси режимдер
Саяси жүйе түсінігі. Саяси жүйе теорияларын жасаудағы концептуалды тәсілдер. Саяси жүйенің құрылымы мен элементтері. Саяси жүйе қызметтері.
Конституция - қоғамның негізгі заңы. Егеменді Қазақстан Республикасының Конституциясы. Саяси жүйенің жіктелуі және оларды салыстырмалы талдау. Қазақстан Республикасының саяси жүйесі.
Қазіргі саяси ғылымдағы саяси режимді интерпретациялау. Саяси режимнің элементтері мен белгілері.
Саяси режимнің түрлері. Тоталитаризм және оның әралуандығы. Авторитаризм: түрлерінің жіктелуі.
Демократия және оның әралуандығы. Демократияның қазіргі формалары. Полиархия. Қауымдастық демократия. Делегативті демократия. Демократияны негіздеу.
Қазақстандағы саяси режим, оның модернизациясы.
Саяси жүйе түсінігі. Саяси жүйе теорияларын жасаудағы концептуалды тәсілдер. Саяси жүйенің құрылымы мен элементтері. Саяси жүйе қызметтері. Жүйе ұғымын ХХ ғасырдың 20 жылдары ғылымға енгізген Л. Фон Борталанфи (1901-1972ж.ж.) болып табылады. Жүйе өзара байланысты болатын элементтердің біртұтас жиынтығы, оның бір элементі өзгеріске ұшыраса, онда барлық тұтастық өзгереді. Жүйе сыртқы және өзінің ішкі элементтерінің талаптарына жауап беру арқылы дамиды.
Дүниедегі барлық нәрсе белгілі бір жүйеге бағынып, өзара байланыстағы элементтердің жиынтығынан тұрады. Жүйе арқылы құбылыстар бір-бірінен ажыратылады және тұтастық ретінде бір-бірімен әрекетте болады.
Жүйе тұрақтылықтың, беріктіктің белгілі бір қорына ие болуы керек. Бұл қор жүйенің қызметінің, реакциясының, бейімделу деңгейінің көрсеткіші болып табылады.
Саяси жүйе теорияларын жасаудағы концептуалды тәсілдер. Қазiргi заманда саяси жүйенiң өзгеруiне назар аударатын бiрнеше тәсiлдер қалыптасты: жүйелiк, құрылымдық-функционалдық, коммуникативтi. Соның ішінде, Д. Истонның жүйелік моделiне тоқталсақ. Д. Истон саяси жүйенi қоғамның көпшiлiк бөлiгiмен байланысты, оның негiзiнде қоғам шешiмдер қабылдайтын әлеуметтiк өзара әрекеттер мен институттар деп анықтады.
Д. Истонның саяси жүйе моделi теориялық негiзi төрт базалық категорияны өзiне қамтиды: 1) «саяси жүйе»; 2) «қоршаған орта»; 3) «реакция»; 4) «керi байланыс». Бұл модель бойынша саяси жүйенiң әрекет етуi 4 кезеңдi қамтиды. Бiрiншiден, бұл «кiрiс», сыртқы ортаның саяси жүйеге талап пен қолдау формасында ықпал етуi. Екiншiден, әлеуметтiк талаптардың балама шешiмдерге айналуы, үкiметтiң белгiлi бiр көңiл бөлулерi болып табылады. Үшiншiден, бұл «шығыс», шешiмдердiң қабылдануы және оның практикалық шаралар формасында таратылуы. Төртiншiден, үкiметтiң қызметiнiң нәтижесi сыртқы ортаға «керi байланыс» арқылы ықпал етедi. Саяси жүйе сыртқы ортадан тұрақты импульстердi алып отыратын «ашық жүйе» болып табылады. Оның негiзгi мақсаты жүйенiң өмiр сүруi мен тұрақтылығын ортаға бейiмделуi арқылы сақтау.
Д. Истон өз моделiн талаптар мен қолдаулардан тұратын «кiрiс» және керi байланыстын бастапқы жолы болып табылатын «шығыс» факторына бөлдi. Ол талаптардың өзiн ортадан келетiн сыртқы және жүйенiң өзiнен туындайтын iшкi талаптарға бөлдi. Талаптар сипаты жағынан алуан түрлi болады.
Жеткiлiктi қолдауларсыз саяси жүйе тиiмдi де сенiмдi түрде қызмет ете алмайды. Талап импульстары мен қолдау импульстары жүйеге ретiмен келiп тұруы қажет, олай болмаған жағдайда, ол дағдарысқа ұшырап қызмет етуiн тоқтатуы мүмкiн. Әр қилы импульстардың шамадан тыс артуы, ол қолдаулардың жеткiлiксiз көлемi режімнiң өз легитимдiлiгiн жоғалтуына алып келеді. Бұқара халықтың әртүрлi талаптарынан келiп түсiп жатқан талаптарға деген көзқарас көп жағдайда саяси жүйенiң түрiне байланысты. Легитимдi, демократиялық жүйелер мұндай сұраныс талаптарды өз қызметiн қалыпты атқарудың қажеттi шарты деп түсiнедi. Халық әдетте, өздерi ықпал ете алатын, өз сұраныстары мен қажеттiлiктерiн қанағаттандыра алатын саяси топтар мен лидердi қолдайды.
Атап айтсақ, жүйеден шығу барысында легитимдi, мiндеттеушi саяси шешiмдер мен оларды iске асыру әрекетi орын алып, саяси жүйенiң қызмет нәтижесi әртүрлi форма мен мазмұнға ие болуы мүмкiн. Әрине, айтылған импульстар қолдаумен тығыз байланысты және саяси жүйенiң түрiне қарай ерекшеленедi.
Жүйеден шығу барысында әртүрлi деңгейдегi нақты жағдайға сәйкес шешiм қалыптасады. Саяси шешiмдi iс-жүзiне асыру ұйымдастырылады. Жүйеден шығу барысында, саяси және ұйымдық қызмет бiртұтас қызмет түрiне бiрiгедi. Бүкiл ұйымдық қызметтiң мақсаты – қабылданған саяси шешiмдi жүзеге асыру. Бүкiл саясаттың табысты болуы iстi ұйымдастыруға байланысты.
Талаптар мен қолдауды артикуляциялауды әртүрлi күштеу топтары мен саяси партиялар атқарады. Егер олардың қызметi шектетiлетiн болса, онда саяси жүйенiң бейiмделу мүмкiндiгi әлсiрейдi. Талаптарды електеудің белгiлi бiр каналдары бар, олар мәдени және құрылымдық болып екiге бөлiнедi. Құрылымдық түрiне партия, жоғары қабат, парламентаризм жатады. Мәдени реттеуге саяси қалыптар, құндылықтар, түсiнiктер, көзқарастар жатады. Сондықтан мұнда саяси әлеуметтендiру рөлi басым. Сондықтан да елімізде саяси партиялар рөлін арттыру маңызды.
Керi байланыс қоғамдағы шиеленiстердi шешудiң бiрден-бiр көзi, ол билiктiң саяси жүйеге түскен талап-тiлектердi реттеу қабiлетiне байланысты. Керi байланыс саяси жүйенiң өзiнiң мақсатына қаншалықты жеткендiгiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Қазақстан Республикасында саяси жүйе керi байланысын және саяси жүйенi ақпараттармен қамтамасыз ететін құрылымдарды нығайту шаралары жүргізілуде.
К. Дойч саяси жүйе өз мақсатына жетуi үшiн мына төрт факторға тәуелдi деп есептейдi:
жүйенiң ақпараттармен жүктелуi;
саяси жүйе реакциясының жылдамдығы;
саяси жүйенiң жаңа фактiлерге тез, әрi сапалы жауап қайтаруы;
мақсатты нақты белгiлеу.
Демек, саяси жүйе қызметiнiң тиiмдiлiгi қамтамасыз ететiн факторларға айналымдағы ақпараттардың жеткiлiктiгi мен сапасы, жүйенiң сыртқы ықпалдарға жауап қайтару жолдары мен формалары, сонымен қатар ұжымдық әрекет арқылы бiлдiру, оның нәтижесiнiң бастапқы мақсатқа сәйкес келуiн жатқызуға болады.
Саяси жүйе деп елдiң саяси өмiрiне қатысушы мемлекеттiк, партиялық және қоғамдық ұйымдар жиынтығын түсiнемiз. Бұл жүйе қоғамның барлық элементтерiнiң интеграциялауын, оның бiртұтас саяси билiк арқылы орталықтан басқарылуын қамтамасыз етедi. Уақыты мен орнына қарай саяси жүйе әртүрлi мазмұнда болады, өйткенi жүйенiң басты компонеттерi саяси режімнiң (авторитарлық, демократиялық, диктатуралық), саяси жүйенiң типтерi (президенттiк, парламенттiк), билiк қатынастары (партия, үкiмет) және қоғамдық саяси репрезентация (плюрализм, корпоратизм) сияқты формаларына түрленедi. Кез-келген жүйе төмендегiдей сипатта болады: бөлшектерден тұрады, бөлшектер бiртұтас бүтiндi құрайды, жүйелердiң шекарасы болады.
Сонымен, қоғамның саяси жүйесi деп билiк жүргiзiп, қоғамда тұрақтылық пен тәртiптi қамтамасыз ететiн әлеуметтiк топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтiн ұйымдар мен мекемелердiң жиынтығын айтамыз.
Саяси жүйенiң құрылымы мен қызметтері, түрлері. Саяси жүйе құрылымына мыналар енеді: 1. саяси институттар; 2. саяси қатынастар; 3. саяси ережелер; 4. саяси мәдениет.
Саяси институттарға мемлекет, саяси партиялар, кәсiподақтар, кооперативтер, жастар, әйелдер т.б. ұйымдары мен бiрлестiктерi жатады.
Саяси қатынастарға таптардың, этникалық бiрлестiктердiң, тұлғалар мен қоғамның, азамат пен мемлекеттiң арасындағы қатынастар кiредi.
Саяси ережелер саяси институттардың өзара бiрлесiп әрекет етуiн қамтамасыз етедi және саяси жүйенiң ережелiк негiзiн құрайды.
Саяси мәдениет деп белгiлi бiр қоғамда немесе әлеуметтiк қауымдас-тыққа тән саяси сана мен iс-әрекеттердiң ұқсастық жиынтығын айтады.
Саяси жүйе бiрнеше қызметтердi атқарады (Г. Алмонд).
Белгiлi бiр әлеуметтiк топтың немесе көпшiлiк халықтың саяси билiгiн қамтамасыз етедi.
Саяси жүйе қоғамдық қатынастарды реттейдi, мүдделердi артикуляциялайды.
Саяси жүйе бiрiктiру, топтастыру қызметiн атқарады.
Экономиканың қалыпты жұмыс iстеп дамуына жағдай жасайды.
Үкiмет қызметi: шешiм қабылдау және өзiндiк басқару.
Қоғам мүшелерiн iшкi және сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғайды.
Әр елдiң саяси жүйесi бiр-бiрiне ұқсамайды, дегенмен ұқсастық жақтарын табуға болады, сөйтiп саяси жүйе топтастырылады. Саяси жүйе әртүрлi негiздерде жіктелiнедi:
елдiң экономикалық даму деңгейiне;
саяси өмiр формасының даму деңгейiне;
қоғам типiне;
саяси мәдениет типiне байланысты.
Сонымен бірге, марксизм саяси жүйенi жiктеуге негiз етiп өндiрiс тәсiлi мен қоғамның таптық құрылымын алды. Марксизм қоғамды бес формацияға бөлді: алғашқы қауымдық, құлиеленуші, феодалдық, капиталистік, коммунистік.
Американдық ғалымдар экономиканың өсу сатысы концепциясы бойынша адамзаттың даму тарихын мынадай бес сатыға бөледi: 1 дәстүрлi қоғам; 2 өтпелi қоғам; 3 алға жылжу қоғамы; 4 индустриалдық қоғам; 5 постиндустриалдық қоғам.
Сонымен бiрге саяси жүйенi басқару тәртiбiне қарай: демократиялық, авторитарлы, тоталитарлы деп те бөледi.
Конституция - қоғамның негізгі заңы. Егеменді Қазақстан Республикасының Конституциясы. Саяси жүйенің жіктелуі және оларды салыстырмалы талдау. Қазақстан Республикасының саяси жүйесі.. Конституция ұғымы ежелгi Грецияда қалыптасты. Ол кезде «Конституция» деген сөз «саяси құрылыс» ұғымын бiлдiретiн. Сонымен бiрге, «Конституция» сөзi латынның constitutio орнату, бекiту деген сөздерiнен шыққан. Ал, Рим империясы заңдарында императордың құқық көздерiне арналған түрлi нұсқаулар мен жарлықтарды бiлдiрдi. Орта ғасырда феодалдық еркiндiк туралы құжаттар осылай аталатын. ХVІІ ғасырда Францияда бұл ұғым рента шартын бейнелейтiн. Кейiнiрек бұл ұғым ерте грекше ұғымға қайта оралып, құқықты бейнелейтiн құрылым мағынасына көштi. Ұлы француз революциясы тұсында «Конституция» ұғымы «мемлекеттiң жай-күйi» ұғымын танытты.
Ең алғаш рет конституциялық типтегi актiлер Англияда пайда болды. Бiрақ бұл заңдар мемлекеттiң iшкi өмiрiнiң басты жақтарын, қоғамдық құрылысты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын реттейтiн бiртұтас актiлер бола алмады. Сондықтан да Ұлыбритания мен жаңа Зеландияда жазбалы конституциялары жоқ мемлекеттер болып табылады. Оның жазбалы емес конституциясына ХІІІ-ХХ ғасырлар арасында қабылдаған көптеген актiлерi жатады. Бұлардың барлығы бiр-бiрiмен байланысы жоқ, белгiлi бiр жүйеге келтiрiлмеген, сондықтан тұтас актi ретiнде қалыптаспаған.
Алғаш рет жазбалы конституция АҚШ-та пайда болды. Ол 1787 жылы қабылданып, осы уақытқа дейiн қолданып келедi. Еуропа елдерiнде жазбалы конституция Польша мен Францияда 1791 жылы қабылданды.
Конституцияны ұлттық құқықтың басқа көздерiне қарағанда қоғам мен мемлекетте ең жоғарғы заңдық күшi бар құқық нормаларының жүйесi, адам мен қоғамның, екiншi жағынан адам мен мемлекеттiң арасындағы қатынастар негiзiн, мемлекеттiң өзiнiң ұйымдастыру негiздерiн, адам мен азаматтың негiзгi құқықтарын, бостандықтарын, мiндеттерiн, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару буындарын ұйымдастыру мен реттеушi Негiзгi Заң ретiнде тұжырымдаймыз. Сонымен бiрге, Конституция елiмiзде қолданылып жүрген барлық заңдардың iргетасын қалайды. Ал, ағымдағы заңдар осы конституциялық қағида қалыптарын әрi қарай дамытушы күш ретiнде есептелiнедi.
Конституция үш негiзгi қызметтердi атқарады: заңдық, құқықтың басты қайнар көзi; саяси, мемлекеттiң құрылысын айқындау; идеологиялық, адам мен адамның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
Конституциялық құқықтың қоғамдық қатынастардың реттiлiгiнiң дамуын сипаттайтын әлемдегi мынадай үш үрдiстi (тендецияны) атап өтуге болады:
Конституциялар, жалпы конституциялық құқықты әлеуметтендiрудiң көрiнiс беруi;
Конституциялық құқықты демократияландыру;
Конституциялық құқықты интернацияландыру.
Қазақ мемлекеттiгiнiң жарты мың жылдық қалыптасу тарихы бар. Өз Ата Заңымыздың болуы мемлекеттiгiмiздiң негiзгi белгiсi болып табылады. Тарихи даму жолында Қазақстанның барлық Конституциялары (олар бесеу) ХХ ғасыр шегiнде қабылданған. Олардың үшеуi кеңестiк дәуiр Конституциялары: лениндiк (1926ж.), сталиндiк (1937ж.), брежневтiк (1978ж.). Қалған екеуi (1993ж. және 1995ж.) мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгi алғаннан бергi кезде қабылданған.
Бiрiншi, Қырғыз Кеңестiк Социалистiк Республикасының 1926 жылы 18-ақпанда қабылданған Конституциясы. Бұл Конституция ҚАКСР Орталық Атқару Комитетiнiң қаулысымен бекiтiлiп, РКФСР Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Комитетiне бекiтуге жiберiледi, бiрақ онда қаралмайды. Сондықтан ол iс-жүзiнде қолданылмайды.
Екiншi, 1937 жылы 26-наурызда қабылданған ҚКС Республикасының Конституциясы. Ол төтенше Бүкiлқазақ съезiнiң қаулысымен бекiтiлдi. Бұл Конституция 11 тараудан және 124 баптан тұрады. Онда: қоғамдық құрылыс, мемлекеттiк құрылыс; мемлекеттiк өкiметтiң жоғарғы ұйымдары; мемлекеттiк өкiметтiң жергiлiктi ұйымдары; бюджет; сот және прокуратура; азаматтардың негiзгi құқықтары мен бостандықтары; сайлау жүйелерi; елтаңба, ту, астана; конституцияны өзгерту тәртiбi белгіленген.
Үшiншi, 1978 жылы 20-сәуiрде Қазақ КСР Конституциясы бекiтiлдi. Ол 10 бөлiмнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрады. Бұл Негiзгi заңның өзектi мәселелерiне – жалпыхалықтық мемлекеттi, мемлекет құрылысының қағидаларын, қоғамның саяси жүйесі бөлiктерiнің мызғымастығын дәрiптеу, ең негiзгi қоғамдық саяси ұйым ретiнде Коммунистiк партия үстемдiгiн заңдастыру қарастырылған. Ол шаруашылықтың социалистiк жүйесi мен өндiрiс құрал жабдықтарына қоғамдық меншiктi орнатты.
Төртiншi, 1993 жылы 28-қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесiнiң тоғызыншы сессиясының 12 отырысында жаңа Конституция қабылданды.
ҚР Конституциясының негізгі қағидалары. 1995 жылы 30 тамызда қазақстандықтар бүкiлхалықтық референдумда қолдап дауыс берген Конституция елiмiзде демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтiк және әлемге ашық мемлекет құруға негiз қалап бердi. Ата Заңды референдум арқылы қабылдау ең демократиялық тәсiл болып табылады. Әлемдiк тәжiрибеге жүгiнсек, Франция, Италия, Болгария, Румыния және т.б. бiрқатар елдердiң Конституциялары референдум жолымен қабылданған.
ҚР жаңа Конституциясы ең алдымен адамның негiзгi құқықтары мен бостандықтарын бекiттi. Бұл әрбір азаматының құқығы мен еркіндігін қорғауға бет бұрудың маңызды саяси басымдылыққа айналуы жаңа дүниеге келген егеменді елдің тұрғындарын барынша біріктіруге, қоғамның саяси өмiрiне демократиялық қағидаларды ендiруге мүмкiндiктер жасады. Өйткенi, азаматтарымыздың көбiсi – 60 пайызы өздерiнiң құқықтары мен еркiндiгiне ерекше мән беретiндiгiн әлеуметтiк зерттеу нәтижелерi де көрсетiп отыр.
Көптеген посткеңестік мемлекеттер сияқты Қазақстанда тоталитарлық режімнен орталықтанған саяси кеңістікті мұраға алған болатын. Енді осы жағдайда демократиялық саяси институттарды көп ұлтты мемлекетте енгізу мақсаты мен міндеті тұрды. 1995 жылғы ҚР Конституциясы негiзiнде елiмiзде демократиялық саяси институттар өмiрге келдi, атап айтсақ, билiктiң тармақтарға бөлiнуi, билiктiң жоғарғы ұйымдарының сайланбалы болуы, президент, парламент институттары және көппартиялық жүйе т.б. Парламент Қазақстан халқының демократиялық қалаулары мен қажеттіліктерін жариялаушы, жүзеге асырушы органға айналуы тиіс болатын. Сонымен бірге, Қазақстанға президенттік басқару жүйесіндегі қуатты мемлекеттік биліктің қажет екендігі мойындады.
Конституция азаматтарға ерiктi және жалпыға ортақ сайлауларда ел Президентi мен Парламент, маслихат депутаттарын сайлау құқығын бердi.
Заң негiзiнде азаматтарымыз өз қалауы бойынша бiрлестiктер құруға құқығы бар. ҚР саяси партиялар туралы Заңы бойынша азаматтардың кәсiптiк, нәсiлдiк, ұлттық, этностық және дiни белгiлерi бойынша саяси партия құруға жол берiлмейтiндiгiн бiлгенiмiз жөн. Бұл поликонфессиялы, полиэтникалық күрделi қоғамымызда тұрақтылық пен келiсiмдi сақтау үшiн қажеттiлiк болып табылады.
ҚР жаңа Конституциясы негiзiнде саяси жүйе институттарының орнықтылығы, олардың сыртқы және iшкi өзгерiстер кезiнде тиiмдi жұмыс iстеу мүмкiндiгi қалыптасты. Негiзгi Заңымыз қоғамымызда саяси және мемлекеттiк тұрақтылықты қалыптастырды, одан маңызды еш нәрсе жоқ. Қоғам өмiрiнiң кез келген саласына жүргiзiлген реформа нәтижесi қоғамда қалыптасқан саяси ахуалға тәуелдi. Тиiмдi, қолайлы саяси ахуал, яғни саяси тұрақтылық реформа тиiмдiлiгiнiң негiзгi кепiлi. Бiз қазiргi кезде қоғам өмiрiнiң кез келген саласында жүргiзiлген реформалар нәтижелерiн көрiп отырмыз.
Қазақстан Республикасы жаңа азаматтық қоғам құру идеясын қолға алып отыр. Бұл полиэтникалық Қазақстанның әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілетін күрделі іс. Өйткені, азаматтық мәдениет өте мықты іргетасқа сүйенгені абзал. ҚР Конституциясы елімізде азаматтық қоғамның мына қағидаларын да ендіруде:
1 алдымен жеке бастың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы, ол адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді негізгі бағдар ретінде қарастырады. Қоғамдағы барлық заңдар жүйесі, соттар қызметі, ішкі істер басқармалары осы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс.
2 ешкімнің басқадан заң алдында артықшылығы, басымдылығы, биіктігі болмауы керектігі азаматтық құндылық ретінде мойындалады. Шыныменде әділ соттың алдында хан да, қара да бірдей болуы керектігі жөнінде өткен заманда қазақтың дәстүрді мәдениетінде де айтылған болатын. Бұл теңдік принципі қоғамдағы әділеттілікті орнату үшін керек негіз болады деген ойдамыз.
3 жеке меншіктің болуы, қорғалуы, әкеден балаға берілуі жөніндегі құқық азаматтық қоғамның жетекші қағидасының бірі деп есептеледі, әрі заңымыз оны бекітеді.
4 азаматтық қоғамның мемлекеттік органдар мен аппаратының қызметін бақылау жүйесін орнату. Бұл бақылаудың төмендегі деңгейден (ұжымнан) мемлекеттің ең жоғары сатысына дейін жүргізілуі шартты.
Конституция азаматтық қоғамның негізгі қағидасы сөз бостандығын, әркім пікірін, ойын білдіргені үшін қудаланбауын қамтамасыз етеді. Тек ол қоғамның моралдың қалыптарына, азаматтардың ар-ұятына, абыройына нұқсан келтірмейтін сипатта болуы керек.
Қоғамдағы мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға әрбір азаматтың қатысуға құқы болуы керек, оған ешқандай шектеулер қойылмауы шарт, яғни бұл әлеуметтік жіктелудің болмауын қадағалау, заңның биіктігін мойындау, азаматтық теңдіктің көрінісі болып табылады. Бұл тұрғыда елімізде көптеген игі істер жүргізілуде. Көптеген қайшылықтар мен жанжалдар сотта шешілуі қажеттілігі айтылуда. Тек сол соттың жемқорлықтан алыстау болуы мен болмауы көптеген саяси және әлеуметтік процестердің бағыт-бағдарын анықтайды.
Заң ар-ұждан бостандығын, яғни діни көзқарастар бойынша қудаламауды да қамтамасыз етеді. Ол жағынан елімізде жүзден аса діни ұйымдардың заңды түрде тіркелгенін айта аламыз. Еліміз дін мәселесі бойынша өз позициясын анықтап, зайырлы қоғамды құру мақсатын білдіріп отыр. Конституцияда бекiтiлген зайырлы мемлекет қағидалары әлемде дiни қақтығыстар өршiп отырған кезде өте күрделi поликонфессиялы елiмiзде дiни келiсiм мен түсiнiстiк орнауына мүмкiндiк беруде.
Қазақстандағы 1993 жылы қабылданған Конституция ұлттық-этникалық және азаматтық параметрлерді дамытуға үлкен екпін берді. Осыдан келіп көптеген орыс тілді ағайындар (400 мыңдай) өздерінің тарихи отанына қоныс аударды. Бұл әлеуметтік тарихи қажеттіліктен туындаған, өзіндік заңдылығы бар құбылыс болатын. Ешқандай ұлттық, этникалық болмысына байланысты азаматтарды қуғындаудың, шектеудің көрінісі байқалмаған еді.
Ал, енді ауыспалы, өзгермелі кезеңнен кейін Қазақстандағы әртүрлі халықтардың өкілдері 1995 жылдан бастап біртұтас елімізде азаматтық етенелесуге, бірыңғай күйге, ұстанымға бет бұрған сияқты. Бұл жалпы қазақстандық отаншылдықты туындататын, оны бекіте түсетін жағдай. Әсіресе, 1995 жылы жаңарған Конституция Қазақстанда басқа халықтардың өкілдеріне біршама сенімділік орнатты, олардың өздерін біртұтас мемлекеттің азаматы деп сезінуге ұмтылдырды. Алғашқы ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыстан кейін, бұл әрекеттерді өркениетті ел боламыз ба деген ойдан туындаған қадамдар деп түсінуге болады.
Сайып келгенде елiмiздiң ертеңi, оның демократиялық, құқықтық жолмен дамуы бүгiнгi жастардың қолында. Сондықтан болар ҚР Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Егер бiз құқық идеялары салтанат құратын өркениеттi қоғам орнатқымыз келетiнi рас болса, онда әр бiр азамат мектеп қабырғасында жүргенде-ақ құқықтың қарапайым бастауларын бiздiң қарапайым есеп-қисапты бiлгенiмiздей игерiп алуға тиiстi» – деп атап көрсеттi. Мұнда екi мәселеге ерекше назар аударған жөн:
1 құқықтық бiлiм беру жүйесiн дамыту, оған отбасын, бiлiм беру саласын, БАҚ-ын тарту;
2 шетелдiк ғалымдардың жастарды әлеуметтендiруде iс-әрекеттiң маңыздылығын атап айтуы ойландыруы қажет. Өйткенi бала санасында айтқан сөзден гөрi, көрiп отырған iс-әрекет қатты әсер етедi, әрi ұмытылмайды. Демек, күнделiктi iс-әрекетiмiзде заң бұзу әрекетiнен аулақ болуымыз тиiс.
Қорытындылай келе айтарым, қоғамымыз жетiле түсу үшiн демократия қағидаларының қалыптасуы шарт. Бұл әлеуметтiк, этникалық, мәдени проблемаларды өркениеттi тұрғыда шешудi талап етедi, адам тұлға болып дамуына жағдайды қалыптастыруды сұрайды. Мұның өзi азаматтарымыздың санасы жаңа ХХІ ғасырға сай құқықтық сипатта қалыптасуымен байланысты. Бұл өте жауапты мiндетті орындау барлығымыздың азаматтық және кәсiби парызымыз деп санаймын.
Қазіргі саяси ғылымдағы саяси режимді интерпретациялау. Саяси режимнің элементтері мен белгілері. Саяси режім ұғымы ұзақ уақыт айтыс-тартыс объектiсi болған. Француз саясаттанушылары М. Дюверже мен А. Ориу бұл ұғымды ұлттық және халықтық егемендiкпен байланыстырған. М. Дюверже саяси режімді кең мағынада басқару құрылымы, адамзат қоғамының түрi ретiнде қарастырады. Ал, тар мағынада М. Дюверже саяси режімді билiктiң жоғары органдарының қалыптасу сипатын, тәсiлiн және бұл процеске саяси партиялар мен қысым топтарының қатысуын анықтаушы ұғым ретiнде қарастырады. Американ саяси әдебиеттерiнде саяси режім мен саяси жүйенi бiрiктiру анық сезiледi. Ал, тағы бiр американ саясаттанушысы К. Бекстер саяси режімді басқару жүйесi деп есептейдi. В. Лакердiң саяси сөздiгiнде саяси режім басқару формасы мен партиялық жүйе деп сипатталған. Немiс заңгерi Е. Левенштейн режімді партиялар санымен, француз ғалымы К. Бюрдо үкiметке оппозицияның бар-жоқтығымен, Е. Хамауи мемлекет органдарының конституциялық өзара қарым-қатынасымен байланыстырса, американ ғалымы Д. Истон режімді басқару стилi және тәртiп пен реттеулердiң жиынтығы, аргентиналық автор Н. Ботана билiк шоғырлану мен бөлiсудiң қызмет процесi деп бiледi. Ал, Р. Скратовтың саяси сөздiгiнде саяси режім француздың regime – басқару формасы деген сөзiнен шыққан деп жазылған. Батыс саясаттану ғылымында саяси режім ұғымы көбiнесе мемлекеттiк аппарат құрылымы мен қызметiн сипаттауға пайдаланылады.
Саясаттану оқулықтарында саяси режімнің классификациясы өлшемі ретінде мына кестедегі негіздер де ұсынылады.
Саяси режім ұғымының мәнi мен көлемiн анықтайтын өлшемдер мыналар:
мемлекет басшысының саяси басқару жүйесiндегi рөлi, саяси қызметi, орны;
өкiлдiлiк мекемелердiң қалыптасуының тәсiлi мен тәртiбi;
заңшығарушы және атқарушы ұйымдар арасындағы, сонымен бiрге олардың орталық және жергiлiктi ұйымдары арасындағы қарым-қатынас;
өкiлдiлiк ұйым палаталары арасындағы қарым-қатынас;
мемлекеттегi жаншу және күштеу ұйымдарының жағдайы мен қызметi;
үстемдiк етушi таптың мемлекеттiк емес ұйымдарының рөлi;
саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстардың жағдайы, ықпалы, қызметi.
азаматтардың құқығы мен бостандығының таратылуы.
М. Дюверженiң саяси режімдері:
ағылшын;
американдық;
орыс;
бiр және көппартиялық.
М. Дюверже саяси режімді партия жүйесiне, сипатына тәуелдi жiктейдi (жаппай, элитарлы), олардың жарғысына байланысты (ерiктi, қатал) және революциялық, консервативтi, диктаторлы саяси режімдерді атап өтеді.
А. Ориудiң саяси режімдері:
президенттiк (АҚШ);
парламенттiк (Италия);
директория;
классикалық тәртiп (Батыс);
авторитарлы.
А.Ориу дамушы елдердiң саяси режімін былай жiктейдi:
парламенттiк (плюралистiк партиялық жүйе, жария оппозицияның болуы);
президенттiк (атқарушы билiк басым).
«Конституциялық құқық және саяси институттар» монографиясының авторлары жiктемесi:
өкiлдiлiк түрлерi – ультраөкiлдiлiк, тiкелей өкiлдiлiк, жартылай өкiлдiлiк, тiкелей өкiлдiлiк, жартылай тiлелей өкiлдiлiк;
дамушы елдердегi саяси режімінің түрлерi- президенттiк (әскери және азаматтық), парламенттiк (квазипарламенттiк, парламенттiк);
басқа жiктемесi – социалистiк, прокапиталистiк, бейтарат бағыт (белгiсiз тәртiп).
Саяси режимнің түрлері. Тоталитаризм және оның әралуандығы. Авторитаризм: түрлерінің жіктелуі. Авторитаризм – (латынның «auctoritas» – билік деген сөзінен шыққан), демократиялық емес саяси режімнің бірі. Күшті жеке билікпен (диктатурамен) сипатталынады, яғни биліктің азғана адамдар тобының қолына жиналуы, (Современная энциклопедия).
Авторитаризм – саяси тәртіп, бұнда бір түрдің немесе топтың өз басшысымен билікке ұмтылысы. Авторитаризм қоғамдық құрылысы ауысып жатқан елдерде, тағы да ұзақ дағдарыста болып жатқан қоғамда пайда болады. Берілген шарттар, авторитарлық саяси режімнің орнату факторы болады.
Өз сипаттаумен ол тоталитаризммен демократияның арасында орнала-сады. Тоталитаризммен оның автократиялық заң мен шектелмейтін билік сипаттамасы демократиямен – автономия бар болуы, мемлекет пен басқарылмайтын қоғам салаларымен ұқсайды.
Мысалға XX ғасырда көп авторитарлық мемлекеттерде легитимация мақсатымен ұлттық идеология және формальды билік бақылайтын сайлау көп қолданған. Көптеген Азиядағы, Африкадағы және Латын Америкасындағы авторитарлық режімдер өздерінің өмір сүруін ұлттық бостандықпен және азаттықпен ақтайды.
Авторитаризмге тән сипаттар:
билiктiң бір саяси көсем немесе белгiлi бiр топ қолына шоғырлануы;
бiртұтас идеологияның мiндеттi болмауы;
саяси билiктiң негiзгi аргументi күштеу емес, бедел болып табылады;
демократияның кейбiр элементтерiнiң (сайлау, парламенттiк күрес) болуы;
мемлекет тиым салмаған нәрсенiң бәрi азаматтар үшiн рұқсат;
репрессиялық аппараттың болмауы;
мемлекеттiң қоғам өмiрiнiң барлық саласын бақылаудан бас тартуы;
көппартиялықтың сақталуы;
билiк құрылымдары сайлау нәтижесi бойынша құрылады, бiрақ әдiлетсiз сайлау;
БАҚ-ның әр түрлiлiгiнің сақталуы;
Идеологияның әр түрлiлiгi формалды болса да сақталған.
Авторитарлы режімнің ерекшеліктері:
авторитарлы режімде билiктi алып жүрушi бiр адам немесе адамдар топтары болып табылады;
авторитаризмге шексiз билiк тән, ол азаматтардың бақылауынан босатылады;
авторитарлы режім күшке арқа сүйейдi;
авторитаризм билiк пен саясатты монополиялайды және саяси оппозицияға жол бермейдi;
авторитаризм қоғамды тұтас бақылаудан белгiлi бiр деңгейде бас тартады. Саяси емес салаға, ең алдымен экономикаға араласуды шектейдi;
элитаны билiкке әкелу жоғарыдан шешiледi, саяси электоралды бәсекеге жол жоқ.
Қазіргі әлемде авторитаризмнің сақталып қалуына көп жағдайлар себеп болып келеді, олар:
азаматтық қоғамның дамымағандығы;
экономиканың артта қалуы;
дамушы қоғамдардағы биліктің шиеленістік тәсілі.
Авторитаризм түрлері. Авторитарлы саяси режім әлемде ең көп тараған режім болып табылады. Оның түрлерi де өте көп. Бұл монархия, деспоттық, диктаторлық режімдер, әскери хунталар, басқарудың популистiк формасы т.б. Авторитарлы басқару формасы өзiн тануға тек күштеу арқылы ғана емес, сонымен бiрге жаппай манипуляциялау, сонымен бiрге әр түрлi гуманды тәсiлдердi қолдану арқылы да жетедi. Бiрнеше ғасырдан берi олар легитимацияның дәстүрлi және харизматикалық тәсiлдерiне арқа сүйеуде. ХХ ғасырда легитимация мақсатында ұлттық идеология қолданып келдi.
Азия, Африка және Латын Америкасының көптеген авторитарлы режімдерi өздерiнiң өмiр сүруi мен бағыттарын ұлт азаттығы мен қайта өрлеуi қажеттiлiгiмен ақтап отырды. Екiншi дүние жүзiлiк соғыстан кейiнгi көптеген авторитарлы режімдер өтпелi сипатқа ие болды. Олар тоталитарлы немесе демократиялық режімдерге бағдар ұстанды. Мәселен, Ф. Кастроның 1959 жылы орнаған авторитарлы режімі коммунистiк бағдарды ұстанды, сөйтiп тоталитаризмге өттi. Ал, кейбiр мемлекеттерде Чили, Таиланд, Аргентина, Оңтүстiк Кореяда ол демократияға өттi.
Авторитарлы режімнің ең танымал классификациясын неміс саясаттанушсы Дирк Берг-Шлоссер ұсынды. Ол авторитаризмді мына түрлерге бөлді:
1 Дәстүрлі абсолюттік монархия (мысалы, Эфиопия 1947ж. дейін, Непал 2007ж. дейін, Марокко, Сауд Аравиясы, т.б. ).
2 Олигархиялық типтегі дәстүрлі авторитарлы режімдер. Латын Америкасы елдеріне тән (мысалы, Гватемала, Никарагуа 1979ж. дейін).
3 Жаңа олигархияның гегемондық авторитаризмі (мысалы, Камерун, Тунис, Филиппин Ф. Маркос тұсында 1972-1985жж.).
4 «Социалистік бағдар» елдері (мысалы, Алжир, Бирма, Гвинея, Мозамбик, Венесуэла, Танзания, т.б.).
5 Әскери режімдер (мысалы, Египеттегі Г.А. Насердің режімі, Аргентинадағы Х. Перонның режімі, Ирак, Перу және т.б. елдердегі режімдер).
Тоталитаризм ұғымы, белгілері мен түрлері. Тоталитаризм (латының «totalis» – бүкіл, тұтас, жаппай деген сөзінен шыққан) – мемлекеттің қоғам өмірінің барлық саласын толық (тотальды) бақылауына негізделген саяси режім. Тоталитаризм ұғымы алғаш рет 1923 жылы Джованни Амендолдің Муссолини режіміне берген сыни сипаттамасында қолданылған. 1929 жылы «Таймс» газеті бұл терминді Кеңес Одағында қалыптасқан режімге қолданды. 1931 жылы Муссолини «Фашизм доктринасы» атты мақаласында тоталитаризмді азаматтарына күшті ықпал ететін мемлекеттік идеология және де адамдар өмірінің барлық аспектілерін мемлекет бақылайтын қоғам деп жазды. Италия (Муссолини) мен Германия (Гитлер) режімдеріне қолданылған тоталитаризм ұғымын, фашизм мен ұлтшылдықты жақтаушылар жағымды, ал қарсыластары жағымсыз сипаттаған болатын.
Тоталитаризм теориясы ХХ ғасырдың 40-50 жылдары қалыптасты. Тоталитаризмді теориялық тұрғыда алғаш зерттеген Ф. Хайектің «Құлдыққа барар жол» (1944ж.) және Х. Арендтің «Тоталитаризм көздері» (1951ж.), американ саясаттанушылары К. Фридрих пен З. Бжезинскийдің «Тоталитарлы диктатура және автократия» (1956ж.) атты еңбектері болды. Соңғы еңбекте КСРО-дағы сталиндік, Германиядағы ұлтшылдық, Италиядағы фашистік тоталитарлы режімдер эмпирикалық салыстыру әдісі арқылы зерттелді және тоталитаризмнің мына белгілері ұсынылды:
бүкіл саяси жүйені жаппай бір идеология құрайды;
мемлекеттік аппарат пен жасырын полиция біріккен және диктатор басқаратын бір партияның болуы;
мемлекеттік аппарат рөлінің өте жоғары болуы, мемлекеттің қоғам өмірінің барлық саласына енуі;
бұқаралық ақпарат құралдарында плюрализмнің жоқ болуы;
ақпарат түсетін каналдарда, сонымен бірге орта және жоғары оқу орны бағдарламаларында қатал идеологиялық цензураның болуы. Тәуелсіз ақпаратты жариялағаны үшін жазалау;
мемлекеттік үгіт-насихаттың жоғары рөлі, тұрғындардың жаппай санасын манипуляциялау;
дәстүрді, дәстүрлі моралды жоққа шығару («жаңа қоғам» орнату);
күштеу құрылымдары тарапынан жаппай репрессия мен террордың болуы;.
жеке азаматтық құқық пен бостандықты жою;
экономиканы орталықтан жоспарлау;
билеуші партияның әскери күштерді толық бақылауы;
экспансиялық әрекетті қолдау;
құқыққорғау саласын әкімшілік бақылау;
азаматтық қоғамды толық жою.
Тоталитаризм – көсемнің билігіне бас ұрып, ресми бір идеологияға бағынатын, қоғам мен жеке адамға билік тарапынан толық және қатаң бақылау орнатылған мемлекеттік құрылыс.
Тоталитарлық режім жағдайында мемлекеттің бүкіл билігі көсем бастаған (диктатор) ат төбеліндей аз ғана топтың қолына өтеді, демократия принциптері сақталмайды, азаматтық қоғам жойылады, адамдардың құқығы мен бостандығы аяққа тапталады, күштеу, қорқыту, үрейлендіру, бұйыру тәсілдері арқылы адамдар рухани езгіге салынып жанышталады. Қоғамның барлық саласы түгел, оның ішінде әрі адамның жеке тіршілігі, отбасы мемлекеттің толық бақылауында болады.
Тоталитарлық жүйе орнаған мемлекеттердің әрбірінде өзіндік ерекшеліктер болады. Саясаттану ғылымы тоталитарлық жүйені үш топқа бөліп қарайды:
Біріншісі, коммунистік тоталитаризм. Бұл режімде адамдар жеке-меншікке ие бола алмайды, нәтижесінде, жекелікке (индивидуализм) шектеу қойылып, ұжымдық сананың дамуына кеңінен жол ашылады.
Екінші түрі – фашизм. Мұндай жүйе бір кезде Италияда орнады. Ерекшелігі – халықты демократияға қарсы болуға, жауынгерлік рухқа, нәсілшілдікке, шовинизмге тәрбиелейді.
Үшінші топқа ұлтшыл-социализмді жатқызады. Бұл идеологияны III Рейх, яғни Гитлер салған болатын. Оның бойында фашизмнің де коммунистік тоталитаризмнің да ұстанымдары бар. Ерекшелігі – әлемдегі барлық халықтардың арасынан бір нәсілдің өкілдерін ғана жоғары санап, мемлекетті тек сол ұлттың өкілдерімен ғана құрауға ұмтылуында. Мұндай саясат Германиядан басқа елдерде үкімет ұстанымы деңгейіне көтеріле алмағанымен, белгілі бір партия, топ өкілдерінің ұраны ретінде жиі көрініс беріп отырды. Атап айтқанда, венгрлердің «Айқыш жебе» партиясы, румындардың «Темір гвардия» партиясы арасында болды.
Демократия және оның әралуандығы. Демократияның қазіргі формалары. Полиархия. Қауымдастық демократия. Делегативті демократия. Демократияны негіздеу. Демократия ұғымы мен алғышарттары. Әлемдегi биліктердің барлығы дерлiк өзiнiң демократиялық табиғаты туралы айтады. Көбiнесе бұл демагогия, бiрақ негiзсiз де емес, өйткенi тiптi қатал әскери тәртiптiң өзi де халық үндеуiне көңiл аударуға мәжбүр болады. Нәтижесiнде «демократия» грек тiлiнде «халық билiгi» мағынасын иеленiп, өте кең ауқымды мәнге ие болады. АҚШ президентi Линкольн «демократия- халық билiгi, халық сайлаған және халық үшiн» – деп жазды.
Демократия қалыптасуы үшiн бiрқатар экономикалық, әлеуметтiк, мәдени, дiни, сыртқы саяси жағдайлар керек.
