Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Ааа Елеупова.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
433 Кб
Скачать
☆

1 Бастауыш сыныпта экологиялық тәрбие берудегі, экологиялық мәдениетті қалыптастыру

1.1 Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие берудің педагогикалық негіздері

Қоғамның дамуы табиғатпен тығыз байланысты. Ғылыми-техникалық прогрестің даму барысында қоршаған орта мен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қарама-қайшылығы арта түсуде. Осы қарама-қайшылық негізінде табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, табиғи жүйенің өзін-өзі реттеп отыру ырқынан шығып кетті. Демек, адам баласы өмір сүріп отырған қоршаған ортаны бүкіл ғалам бойынша өзгеріске ұшырату қаупі төнді.

Сонымен бірге, қазіргі кезде адам мен табиғат арасындағы қарама-қайшылықтарды шешіп, жол табу және жастарға экологиялық тәрбие беру педагогика мен мектептің басты борышына айналуда.

Оқушыларға экологиялық тәрбие беру жалпы білім берудің бір тармағы ретінде оқушыны жан-жақты дамытуға, оның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге бағыттайды. Кезінде орта ғасыр ғұламалары Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, Қ.А. Яссауи, М. Қашқари, А. Иүгінеки, С. Бақырғани және т.б. өз шығармаларында табиғатты аялап, қорғауға байланысты көзқарастарын білдіріп, жаратылыстану жайында бағалы пайымдаулар мен ғылыми тұжырымдар жасаған. Мәселен, Әл-Фараби «Ғылымдардың шығуы туралы трактатында» табиғаттану ғылымдарының шығу төркінін, себептерін ашып көрсетуге тырысады [7].

Оқушыларға экологиялық тәрбие беру мәселесін шешуде прогресшіл педагогтарымыздың орны ерекше.Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, Г.Песталоций, А.Гумбольдт классикалық педагогикада баланың табиғатпен қатынасы арқылы білім беру, тәрбиелеу, дүниетанымын қалыптастыру заңдылықтарын негіздеді. Чех халқының атақты педагогы Я.А.Коменский «Тәрбиенің негізі – табиғат, ал адам табиғаттың бір бөлігі және оның заңдылықтарына бағынушы»,- деді. Француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо өзінің педагогикалық еңбектерінде «Баланы табиғатпен байланыста тәрбиелеу керек, табиғат баланың ересектігінен бұрын бала болғанын қалайды», - деп жазды. Ол тәрбиенің үш қайнар көзі: «табиғат, адамдар, заттар» деп есептеді [8].

ХІХ ғасырдағы орыс ағартушылары В.Г. Белинский, Н.Н. Герцен,Л.А.Добролюбов, Д.И.Писарев т.б. мектепте табиғатты немқұрайлық оқытуға және оған мейірімсіздік қатынасқа қарсы шықты [9].

Н.Н.Герцен жас баланың жан дүниесін қалыптастырудағы табиғаттың маңызын көрсете отырып: «Біз адам дүниесін табиғат дүниесінен тас қабырға арқылы бөліп тастауға әдеттендік, бұл әділетсіздік»,-деді [10]. Д.И.Писарев патриотизмді қалыптастырудағы табиғаттың мәнін ерекше бағалап, «өз денесін сүю және қорғауға адамға тән қасиет болғаны сияқты, дәл солайша өзінің балалық шағының 1-ші күнінен үйренгендерін, жақсы көрген сол адамдарды, сол жерді, сол өмір құрылымы мен ұғымды қорғауда оған тән қасиет», - деген болатын [11]. Орыс ағартушылары жас ұрпаққа табиғат туралы сапалы білім беру және адамның табиғи мінез-құлқын айқындайтындықтан, моральдық сапалардың қалыптасуына әсер ететіндіктен айрықша мән берді.

Белгілі философтар В.Г. Афанасьев, В.В. Журавлев, А.Г. Спиркин, Г.С. Смирнова, А. Қасабеков, Ж. Алтаев т.б. жасөспірімдерге экологиялық білім мен тәрбие беруде «қоғам-адам-табиғат» арасындағы дүние-танымдық сана формаларын саралау тұрғысынан қарастырады. Себебі, адамның тұрмыс-тіршілігінің әлеуметтік мәнге ие болуының нәтижесінде санасы дамып, жетіледі. Сана – адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқын реттеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Ол әрекетінен көрініс табады. Жеке адамның басқа адамдармен – табиғи ортамен көрініс табады. Жеке адамның басқа адамдармен – табиғи ортамен қарым-қатынаста болып, сана-сезімінің дамуы, өзіне басқа адамдарға қоршаған заттық дүниеге көзқарас-пікірінің қалыптасуы жеке адамның жетілдірудің негізгі факторы болып саналады. Сонымен, адамның ақыл-ойы мен сана-сезім бірлігін дәлелдейтін тұжырым жеке тұлғаны экологиялық проблемаларға жаңама көзқараспен қарауға бағыттады [12].

Психологтар А.А.Люблинская, М.Мұқанов, Қ. Жарықбаев, т.б. өз еңбектерінде оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру жұмысы, қоршаған ортамен қарым-қатынаста психологиялық жас ерекшеліктерін ескергенде ғана нәтижелі болады деген пікірлер айтқан [13]. С.Л. Рубенштейн әрбір жеке адамның қоршаған ортамен байланысының басты компоненттерінің бірі қарым-қатынас деп санайды. Ол табиғатқа адамгершілік қатынасын қалыптастыру, мінез-құлық нормаларын қалыптастыру екенін көрсете отырып, «басқа адамдармен жарамды қатынасқа ену, басқа адамдардың адамша тіршілік етуіне жағдай жасай білу тек толы бағалы адамның ғана қолынан келуі мүмкін, ал ол дегеніміз дүниеге, өмірге, табиғатқа мың дос қатынастағы адам», - дейді[14].

Оқушылардың адамгершілік қасиетін дамытып, оларды парасаттылыққа тәрбиелеуге экологиялық тұрғыдан келудің де маңызы зор. Балалардың мейірімділік, қайырымдылық, аяушылық, мүсіркеушілік және басқа гуманистік ерекшеліктерін дамыту бағытында табиғатпен сырласу жеткіліксіз болса, олар парасаттылық тәрбие алуда белгілі бір мөлшерде қысым көру мен шектеушілікке душар болады.

Табиғат арқылы экологиялық тәрбие берудің маңызын бағалай келіп, А.Е. Тихонова «табиғатты эмоциялық сезіммен қабылдау, оған деген эстетикалық қатынастың бастапқы негізі болып саналады. Мұғалімнің маңызды міндеті эстетикалық сезімді байыту ғана емес, сонымен бірге табиғатқа адал қатынастағы адамгершілік-эстетикалық жағын дамытуды, оның сұлулығын молайтуға ұмтылдыруда болып табылады», - деді [15].

Сондықтан да адамның табиғат сұлулығына қатынасы эстетикалық қатынас деп қана емес экологиялық аспектідегі адамгершілік-эстетикалық қатынас деп қарастырған жөн. Табиғат пен көркем шығармалар арқылы бейненің ішкі үйлесімдігі экологиялық пен эстетикалық үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Демек, табиғатқа эстетикалық қатынасты оған деген адамгершілік қатынасты, «эстетикалық тәрбиені экологиялықтан бөліп қарастыруға болмайды».

Табиғат – сұлулықтың мәңгі бақи таусылмас қайнар көзі, ол эстетикалық тәрбие берудің ең маңызды құралдарының бірі саналады. Ал, бұл экологиялық тәрбиемен іштей жалғасып, табиғаттың күйзеліп, күйреуіне қарсы тұратындай адамның қалыптасуына ықпал етеді. Қандай жұмыстың болса да, «экологиялық жағы» еске алынбаса, табиғат пен адам арасындағы зат алмасуды заңды түрде үйлестіріп отыратын, еңбекке үйрету мен тәрбиелеу саласында орны толмас олқылықтар пайда болады.

Ч.Дарвин «Түрлердің шығуы» деген еңбегінде органикалық дүниенің дамуына байланысты көптеген экологиялық байқауларын келтірген [16]. Дегенмен, ғылымда «Экология» деген ұғымды алғаш айтқан адам Эрнест Геккель. Ол «Экология» деген сөзге анықтама беруге тырысты. 1866 жылы немістің табиғат зерттеушісі Эрнест Геккельдің өмірге енгізген «экология» сөзін дәлме-дәл аударғанда «үй туралы ілім, тұрақ (мекен) туралы ғылым», деген грек сөзінен шыққан [17]. Келесі бір экологиялық сөздікте «экология (гректің ойкос – үй, мекен, тұрақ және логос – білім, ғылым, зерттеу деген екі сөзінен құралған) – қоршаған ортаны қорғаудың ғылыми негізі, тірі организмдердің өмір сүру жағдайларын, олардың өзара қатынастарын, табиғи ортамен байланыстарын зерттейтін ғылым».

Экологияның танымал сөзге айналғаны соншалық, оны не болса соған – тазарту ғимараттарын салуға, жерді пайдалануды аймақтық деңгейде жоспарлауға, қағазды қайта өңдеуге, көкөністерді органикалық тыңайтқыштарды пайдалана отырып өсіруге айдар етіп таға салатын болды. «Осы іс-әрекеттің әрі аса қажет екендігіне ойынды әдеттегі талай сыннан өткен ережелер бойынша жүргізбей, табиғат заңдарын сорақылықпен бұзғанымыз үшін табиғаттың өзі үкімімен бізге берер соққысын жеңілдету мен лайықты аз жазаны аз да болса кешеуілдетуге тырысуымыз жатыр», - деп атап көрсеткен болатын Америка экологы Р.Риклефс.

Жоғарыда айтылғандардан шығаратын қорытынды айқын: адамдарды құтқару жолындағы әрекетті табиғаттың тіршілік ету және даму заңдылықтарын оқып үйренуден бастау қажет.

Экологиялық тәрбие жұмысы балалардың жас ерекшеліктеріне сай және табиғатқа жақын қарым-қатынаста жүргізілсе ұтымды болатындығына К.Д. Ушинский назарын аударған. Оның «Детский мир», «Родное слово» атты кітаптарында табиғат және онда тіршілік ететін хайуанаттар мен құстардың тіршілігі, адам және оның еңбегі жөнінде көптеген деректер келтіріледі. Ол адам мен табиғат арасындағы қатынасты педагогикалық аспектіде қарастырып, «Табиғат даусын ата-аналар да, қоғам да, тәрбиешілер, заң шығарушылар да аяғына дейін тыңдауы тиіс. Табиғатпен егесу жақсы емес, адамға тек оның заңдылықтарын білу және олардың күшін пайдалану ғана қалады», - дейді. Ол табиғаттың тәрбиелік күшіне берік сене отырып, оны «ой ұрығы», «ұлы тәрбиеші» деп бағалады. Өзінің жастық шақ өмірінің негізінде қорытынды жасай отырып: «Мейлі мен педагогикада тағы деп атаңдар, бірақ өзімнің өмірлік әсерімнен жер бетінің әсем көріністерінің баланың жан дүниесін дамытуда ересек мол тәрбиелік мәні, ықпалы бар, тіпті ойымен тәрбиесінің ықпалынан да бәсекелесуі қиын деген терең шешімге», - келдім деген болатын [18].

Р.Г.Лемберг, А.С.Макаренко, Ш.Т.Шацкий т.б. өздерінің еңбектерінде адамның табиғи ортаға деген қарым-қатынасының қалыптасуы күнделікті қызмет барысында жүзеге асатынын атап көрсеткен.

Табиғаттағы эстетикалық түйсінуге балаларды жүйелілікпен, мақсаттылықпен тәрбиелеу идеясын Н.Н. Рыбников, В.А.Сухомлинский т.б. еңбектері арқылы негізделді. В.А.Сухомлинский «табиғат адам оны танып білгенде себеп-салдарын байланыстыра ой-жеткізуде ғана тәрбиенің қуаты қайнар көзі бола алады», - деп табиғаттың заңдарын жете меңгеруге ғана, табиғаттың жай-күйін түсінетіндігіне ерекше мән береді. Ол баланың бойына табиғатқа сүйіспеншілік сезімін дамытуды ешнәрсеге айырбастауға болмайтын эстетикалық, адамгершілік «эстетикалық тәрбиені экологиядан бөліп қарастыруға болмайды» [19].

Бар өмір тіршілігі табиғатпен араласып өтетін, оның аясында өскен халқымыздың туған жерге қатынасы туралы халықтық педагогикада, ақын-жырауларымыздың, ағартушыларымыздың даналық сөздеріне қанып өскен Ш. Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың еңбектерінде табиғатқа көзқарастарының ғылыми әрі тәрбиелік мәні мол. Ш.Уәлиханов туған халқының табиғатпен қатынасындағы әдет-ғұрыпын, дәстүрін, этикасын зерттей отырып, қазақтар арасындағы сенім олардың табиғатты шексіз қадірлеуінен туған», - табиғаттың сұлулығын тану адамдарға рухани күш беретіндігін айтқан болатын.

А.Құнанбаевтың қара сөздеріндегі философиялық ой-пікірлері, оның табиғат заңдылықтарын терең пайымдау алумен бірге оған байланысты ғылыми көзқарастарын танытады. Ол табиғаттың бір байлығын адам баласының ауызына тосып, таусылмас азық болып отырғандығын көрсете келіп, «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз», - деп өсіп келе жатқан ұрпақты табиғат ананы аялап сүйе білуге үндейді [5, 58б.].

Қазіргі экологиялық мәселелер бүкіл адамзат баласын ойландырып отырған кезде халқымыздың бұл салада қалдырған тағылымдық та, тәрбиелік те мәні зор асыл мұраларына көңіл бөлу керек. Халықымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі және оны көздің қарашығындай сақтап келуі жайында қазіргі ұрпаққа өнеге-үлгі боларлық жыл мұралар, даналық ұғымдар, мақал-мәтел, нақыл сөз, аңыз әңгіме арқылы жетіп отырған. Осындай әрбір асыл мұраның өзінде қаншама терең ой, әрі тәлім-тәрбие өнегесі жатыр. Сондықтан да әрбір ұстаз, әр тәрбиеші өзінің күнделікті жұмысында халықтық педагогиканың асыл маржанына үнемі көңіл бөліп, әрі оны пайдаланып отырса, оқушылардың экологиялық түсінігінің қалыптасуына ықпалын тигізеді.

Аңыздардағы Қорқыт бабаның жерді бүлдіріп қаза беруден сақтандырып, «...уы шығып кетер», - деп безектеді, Асанқайғы атамыздың халқына жайлы қоныс іздеп, желмаясымен жеті жыл кезуі, тіпті М. Әуезовтың Америкаға барған бір сапарында сол жақта тағдыр талабымен тұрып жатқан Әбілсәмәд деген қазақтың қонақ үйге іздеп келіп: «Сыр ағып жатыр ма?» – деп сұрауының өзі туған жерге, туған жер табиғатына деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Халқымыз табиғаттың кейбір туындыларын «киелі», «қасиетті» деп ұғып, оларды жоюға болмайтынын уағыздаған. Сонымен бірге табиғат пен адамды біртұтас, бірінен-бірін бөлуге болмайды деп қараған. Сондықтан адам табиғаттың өз керегін ғана алып, қалғанына еш уақытта зиянын тигізбеген Ш.Уәлиханов: «табиғат пен адам: өзіңіз айтыңызшы, тіршілікте одан ғажап, олардан құпия не бар? – дей келе қазақтар киеге үлкен мән береді. Табиғаттағы кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажетті заттарды киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырымын жасап тұру, адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі», - деп атап көрсеткен.

Халық табиғаттағы өздері қастерлеген жерлерді «Әулие бұлақ», «Әулие ағаш» деп атап, оларды көздің қарашығындай қорғап, «Бұлақ көрсең көзін аш», «Аққуды атпа», «Құстың ұясын бұзба», «Көк шөпті жұлма» деп өсиет етіп отырды. Ал қарлығаш, аққу, ұлар т.б. құстар жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастауы, игіліктің иесі, сұлулықтың символы деп ұясын бұзуға, балапанын алуға, өлтіруге мүлде рұқсат етпеген.

Ертедегі табиғат жайындағы нақыл сөздер, өнегелі өсиеттер, жырау мен ақындар жырларындағы ойлы пікірлер – экологиялық тәрбие беруде және экологиялық мәдениетін қалыптастыруда өте құнды құрал. Ертеден қалған:

«Көзіңді қалдыр бұлақ көзін аша жүр,

Ізіңді қалдыр жақсы істен мұра шаша жүр,

Өзіңді қалдыр бақша өсіріп, жаса нұр – деген өсиетінде зор мағына жатыр.

Табиғат – ананың сырларын бойға сіңіріп алмайынша онымен тең отырып сөйлесу қиын. Ең бірінші, табиғатты – туған анаңдай түсіну, екінші, табиғатқа – туған бабаңдай табыну, үшінші, табиғатты туған ұлыңдай қорғауың қажет. Түсінбей тұрып табыну, табынбай тұрып қорғаудың қисыны жоқ. Табиғат пен адамзат баласы дүниенің бірінсіз-бірі тұл болатын – ажырамас бөлшектері. Адам үшін жері мен суы, орманы мен тасы, жануары мен өсімдіктері тіршілік ететін басты көздері болса, табиғат үшін адам оның бағбаны іспеттес.

Бүкіл түркі дүниесінің бабасы Қорқыт Ата «Қаратауларың бұзылмасын, саялы ағаш сынбасын, қанаттарың қырқылмасын», - деген қасиетті сөздері – туған жер табиғатын аялауға шақырған аталы ұғымдар. Мысалы: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Сулы жер – нулы жер», «Жері байдың елі бай» - деген сөздер бала санасына сіңіп, адамгершілік өлшем қалыптасады.

Белгілі ғалым-эколог И.Д.Зверев «педагогикалық практиканың негізгі жағдайында барлық оқу пәндерін экологияндыруға байланысты мұқият ойланып істелген жұмыстар қажет» - деп пәндерді экологияландыруға басты назар аударды [20].

Қазіргі кезде мектептегі экологиялық тәрбие беру саласында себептен гөрі сандарға көбірек көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде табиғат пен қоғамда орын алатын күрделі байланыстарды талдаудың орнына, адамзат бар күшін табиғатты ұтымды пайдаланбаудың жағымсыз салдарын жоюға жұмсауда.

Экологиялық тәрбие беру жұмысы жанұяда, балалар бақшасында, мектепте, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, жұмыс істеуге көшкен кезде де үздіксіз жүргізілген жағдайда адам санасында табиғатты қорғап, оның байлықтарын сақтау жөніндегі тиянақты көзқарасты қалыптастырып, жүйелі білім беруге болады.

Экологиялық білім проблемасын әдіснамалық жағынан жүйелік талдау тәсілі және іс-әрекет теориясы арқылы түсінуге болады. Адам, қоғам, табиғат арасында алуан түрлі байланыс және тәуелділік бар. Қоғамның түріне, өндіруші күштерімен өндірістік қатынастарының тұрпатына қарай адам мен табиғаттың өзара қатынасы үздіксіз өзгеріске ұшырады. Бастапқыда үлесімді болған бұл қатынас қазіргі ғылыми техникалық төңкеріс дәуірінде күрт өзгерді. Бір жағынан қоғамның артып адам илігіне жаратылса, екінші жағынан табиғатта келеңсіз көріністер етек алды.

Қоғам мен табиғат арасындағы өзара қатынаста қайшылық туды. Адамның өндіруші іс-әрекетінің салдарынан ауа мен басейіндері ластануда. Жер қыртысы топырағының және ландшафтының құрамы өзгеруде. Кейбір аймақтарда су ресурстары, орман алқаптары сирек, жер қойнауындағы қазба байлықтары қоры кеміп келеді. Өсімдіктермен жануарлар түрлерінің саны азайуда. Бұған «Табиғат байлығы таусылмайды» деген пайдакүнемдік көзқарас және табиғатты іске жаратудың ғылыми негізінің жасалмауы себепші болады. Табиғақа жағымсыз әсер жалғаспауы үшін қоғам мен табиғаттың ара қатынасының түрлерін, ұстанымдарын және заңдылықтарын зеріктеп, жалпы теориясын жасайтын ғылымға қажеттілік туады. Бұл ғылым әлеуметтік экология деп аталады [10,26б.]

Экология - биология ғылымының бір саласы, ол тірі ағзаның ортамен қарым-қатынасын зертейді, оның бастапқыда биологиялық (классикалық) экология деп аталуыда сондықтан өзінің даму барысында өзге ғалымдар тәрізді экологиялық салалану және бірігу бағытында жүзеге асырылды. Адамның биосфераға, биосфераның ортамен байланысын зерттейтін биосфера экологиясы қалыптасты. Адам эколологиясы биоэлементтік тіршілік етуші ағза ретінде табиғи және қоғамдық ортамен қатынасын зерттейді. Ақырында зеріттеу пәні анықталғанымен атауы тұрақтанбаған. (натурсоциология, ноология, ноогения). әлеуметтік экология пайда болды. Бұл- келешегі зор ғылым. Тұжырымдап айтқанда, қоғам мен табиғат арасындағы байланыстың даму ұмтылысын, құрылымын және заңдылықтарын зерттейді.

Қазіргі кезде әр барлық дәстүрлі ғылымдар экологияландырып экологиялық проблемалар әлеуметтік, экономикалық, техникалық, педагогикалық, т.б. жақтарынан зерттеуде [6, 36б.]

Экологиялық проблеманың педагогикалық зерттеу арқылы бірнеше жаңа ұғымдар қалыптасты, олар: «Экологиялық білім», «Экологиялық сауаттылық», «Экологиялық мәдениет», «Экологиялық этика», «Экологиялық сана», «Экологиялық ойлау», «Табиғатқа экологиялық қатынас». Бұлар-мазмұнында ортақ құрамдас бөліктері бар айқас бірі екіншісінің салдары болып табылатын сабақтас ұғымдар.

Экологиялық сана – қоғамдық және жеке адам санасының бір бөлігі, адамның табиғатпен өз ара қатынасындағы білімі, сенімі және дағдысының жиынтығы.

Экологиялық ойлау- табиғаттағы алуан өзгерістердің бір-бірімен, экологиялық форматтармен себеп-салдар байланысын ашып түсіну. Ойлау арқылы экологиялық заңдылықтар жүйесі және оның құрылымының күрделілігі анықталады, жаңа заңдылықтарды игерілуге жол ашылады.

Экологиялық сауаттылық- жас өспірімдерді табиғат қорғаудың ғылыми негіздерімен қаруландыру 1970 жылдардан бастап бұл мәселеге барлық пәндерді оқытуда, солардың ішінде биологияны оқыту үрдісінде баса назар аударылып келеді.

Экологиялық этика- айналадағы табиғи ортамен қарым- қатынастағы мінез- құлық нормалары мен ережелерін білу және сақтау.

Экологиялық мәдениет- күрделі ұғым әдістемелік әдебиеттерде оның мазмұны мен көлемі әртүрлі деңгейде айқындалып бір ізге түспей келеді.

Экологиялық мәдениет- табиғатты танып білу, пайдалану және жаңартумен байланысты іс-әрекет түрлерінің мәдениеті.

Жеке адамның экологиялық мәдениеті дегеніміз- табиғатты аялау талабына сай келетін білім, іскерлігі және дағдысы, іс-әрекетке әзірлігі мен оны жүзеге асыруы.

Келтірілген анықтамаларға қарағанда экологиялық мәдениет қалыптастырудың мақсаты- «адам, қоғам, табиғат» жүйесінде үйлесімділік орнату, табиғи сақтау, молайту, және тиімді пайдалану да жауапкершілік сезімін туғызу. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру- аса күрделі үрдіс, идеология, саясат, құқық, ғылым, өндіріс, өнер, ағарту салаларының бірлесе жұмыс істеуі арқылы жүзеге асады.

Экологиялық мәдениетпен этиканың құрамына мыналар кіреді: табиғат пен қоғам заңдылықтарын білу; табиғатты қорғау қажеттілігін түсіну; табиғатқа тигізетін өзінің салдарын болжалай білу; табиғатпен қарым-қатынасында заңды ережелерді сақтау.

Оқушылардың экологиялық санасы, ойлау сауаттылығы, этикасы және мәдениеттілігі экологиялық білім берумен тәрбиесінің нәтижесінде қалыптасады.

Көптеген зерттеулер жүргізу нәтижелерінен, экологиялық білім берудің мақсаты, мектеп оқушысын айналасындағы ортаға жауапкершілік пен қарауға үйрету.

«Жауапкершілікпен қарау»- әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық және басқа жақтарынан саралауға болатын кең ұғым.

Педагогикалық тұрғыдан бұл ұғымның мазмұнына кіретіндер: а) табиғи ортада адамның өзін калай ұстау керектігін түсінуі; ә) табиғаттың халық қазынасы екенін сезіну; б) табиғатқа тигізетін өз әрекетінің салдарын көре білу; в) табиғатпен қарым-қатынасын жаратыластану және ізеттілік білім тұрғысынан негіздеп түсіне білу [7,45б.].

Экологиялық білім берудің қазіргі заман педагогикасының теориясымен практикасында үш үлгісі (моделі) қалыптасып келеді. Бірінші- көп пәнді үлгі. Мұнда дәстүрлі пәндердің мазмұнына жеке білім, тақырып енгізіледі. Және бұрыннан бар тақыраптардың мазмұны экологиялық мәліметтермен байытылады. Екіншісі- бір пәнді үлгі, орта мектептің оқу жоспарына арнайы экология курсын енгізу арқылы жүзеге асады. Үшінші- аралас үлгі. Мұнда экологиялық білімнің жеке мәселелері дәстүрлі пәндерде қарастырылып, соңынан сол пәндерді біріктіріп, қорытындылайтын арнайы пән бойынша оқытылады.

Адамның, қоғамның және табиғаттың өзара быйланыс зардабын биологиялық айналымы арқылы жүзеге асып, жаратылыстану ғылымдары мен байланысты экологиялық ұғымдар жүйесін туғызады. Оларға жататындар: тірі ағза, экологиялық жүйе (экожүйе), экологиялық факторлар, биосфера. Тірі ағза заталмасу және тірі материяны сипаттайтын өзге белгілерімен ерекшеленеді. Жердегі барлық тіршілік етушілердің биологиялық жүйесінен биосфера құралады.

Тірі ағзалардың өзара бейорганикалық табиғатпен әрекетесуінің нәтижесінде пайда болған қауымдастықты экологиялық жүйеге жатқызады. Ағзаларға әсер ететін экологиялық факторлардың абиотикалық биотикалық антропогенді түрлері бар. Заттардың биохимиялық айналымы дегеніміз-аттардың табиғаттағы алмасуы мен ауысып өзгеруінің айналымды үрдісі. Адамның табиғат заңдарын ескермейтін өндірістік қызметінің әсерінен экожүйе бөліктерінің арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Экологиялық апатқа жол ашылады. Оларға: жерден алынатын қазба байлықтардың азаюы, жер климатының біртіндеп жылынуы, атмосферадағы озон қабатының сиреуі, топырақта зианды заттардың жиналуы, өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің азаюы, т.б. жатады. Осыдан табиғат, адам және қоғамның бір-біріне екі жақты әсері жөнінде экологиялық білімнің жалпы білім құрамына міндетті түрде енгізілу қажеттілігі туады.

Экологиялық білім берудің екінші мазмұны- жас өспірімнің бойында экологиялық құндылықтарды қалыптастыру.

Мұның мәнісі: оқушыда экологиялық сана орнығуын қамтамасыз ету. Әр оқушы табиғатты тұтасынан алғандағы қоғамның және жеке адамның алуан түрлі қажеттілігін өтейтін қазына байлық деп түсінуі керек [8,85б.]

Оқушы табиғаттың құндылығын экономикалық жағынан да бағалай білу тиіс. Бұл әсіресе тәуелсіз Қазақстанның нарыққа бет бұрған шағында аса қажетті қасиеттің бірі.

Экологиялық білім мен тәрбие берудің үшінші бөлігі- экологиялық этиканың қалыптастыру, табиғатпен қарым-қатынастағы шектеулермен ережелер жүйесі жөнінде білім беру. Ұзақ жылдар бойы табиғатқа қарым-қатынастың пайдалану – тұтыну тәсілі үстем болып келді. Пайдалануды ғана көздеген алып құрылыстар, өндірістермен игерулер жүзеге асырылады. Осыдан барып Арал қасиеті Семей полигоны туындады. Әлемдік денгейде алғанда мұндай экологиялық апатты жақындататын адам әрекеті қаншама. Мұның салдарын адамзат кештеу болсада түсініп, экологиялық проблемаларға айналады. Табиғатпен қарым-қатынасты реттейтін нормативтік құжаттар және ережелер, келісімдер қабылданды. Бұлардың біреулері –халықаралық, екіншілері- одақтастық, үшіншілері-Қазақстан денгейіндегі экологияның кезек күттірмейтін мәселелерін қамтиды [9,69б.]

Осылардың мазмұнын оқушыларға жеткізу арқылы, айналадағы ортаға қарым- қатынаста нормалар мен ережелерді бұзбауға үйрету де – экологиялық білім мен тәрбиенің маңызды міндеті. Мұның өзі табиғатты сақтап, келесі ұрпаққа жаралған күйінде қалдыруға жағдай туғызады.

Экологиялық білімнің төртінші бөлігі- табиғатты білумен қорғаудың іскерліктері мен дағдылары.

Қоғам мен табиғат арасындағы өзара әрекетті түсіну, экологиялық құндылықтарды білу, табиғаттағы құбылыстарды арасында насихаттау , табиғатты қорғау, еңбек істеу, жердің жасыл жамылғысын сақтау және молайту т.б. [21].

Талданған салалардағы білім, іскерлік және табиғи заң оқушының табиғатқа жанашыр сезімін, экологиялық санасын, ойлауын, мінез-құлқын, мәдениетін және іс-әрекетін қалыптастыруға бағытталады. Бірақ олар өздігінен және пәннің шеңберінде жүзеге аспайды. Сондықтан экологиялық білімді пәнаралық байланыс туындатып, үздіксіз жүйелі жүзеге асырған жөн. Ол үшін мұғалімдерге экологиялық білім мен тәрбие берудің педагогикалық негізін жетік білу қажет.

Үшінші мың жылдық табалдырығын аттаған сәтте қоғамның аса маңызды функцияларының бірі білім берумен тәрбие ісінің алға қойған мақсаттары да жаңара түсуде. Бүгінгі күнгі тәрбиенің алдындағы міндеті- бұл жан-жақты, мәдениетті (поликультурный) жеке тұлғаны қалыптастыру. Жан-жақты мәдениетті тұлғаны қалыптастыру, ең алдымен әрбір адамның туған этностың рухани- адамгершілік мәдениетін, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіру мәселесіне тығыз байланысты. Қәзіргі кезде халық педагогикасының идеяларын тәрбие үрдесінде пайдаланудың мәні зор, әрі оған қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер тууда. Белгілі ғалымдарымыз С. Қалиев, Ш. Майғаранова, Г. Нысанбаева және т.б. өздерінің «мектептегі тәрбие жұмысының теориясымен әдістемесі» атты еңбектерінде: «Бірінші кезектегі артықшылық бағыт жалпы адамзаттық құндылықтарға сүйенген болуы керек. Тұтас педагогикалық үрдістің бәрінде ешқандай құрсақ мүмкіндігі қалдырылмастан, оқушылардың рухани байлығын арттыру үшін әр халықтың жетістіктері мен алуан түрлі мәдениетін пайдалану керек. Жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруде біріктіруші бастама тәрбиенің маңызды құралы ретінде ана-тіліне берілуі тиіс» , - деп айтып көрсетеді [11,102б.].

Яғни, бұл пікір бойынша, халықтың тәрбиедегі мол тәжірибесінің, ана тілінің тазалығынсыз жан-жақты мәдениетті және жалпы адамзаттық құндылықтарды саналы түрде бағалай білетінін және тұлға қалыптастыру мүмкін емес. Ал, белгілі ғалым С. Ғаббасов «халық педагогикасы мен психологиясы методологиясының бірінші сатысын- биологиялық индивит- десек, оған жүйенің- жүрек тәрбиесімен негіздің-1- ші және 2- ші кезеңдері-қамтылытын болса, ал, оның екінші сатысында Жүйенің- Ақыл тәрбиесімен, Негіздің- 3-ші, 4- ші, 5- ші, 6- шы, 7- ші кезеңдері қалыптасып, сананың ашылуымен жетілуін жеделдетеді. Ең күрделі де, жұмбағы мол кезеңдері»,-дейді.

Автордың негізгі идеясы құрсақ тәрбиесінің мәнінің зор екендігін таныту және болашақ аналарға құрсақ тәрбиесін жүзеге асыру арқылы жалпы адамзаттық құндылықтарды игеретін толық адамды тәрбиелеу маңызын ұқтыру.

Құрсақ тәрбиесі туралы ата-бабаларымыз аз айтпаған және оған зор мән берген. Құрсақ тәрбиесінен кейін сөз болатын мәселе ол отбасындағы сәби жерге шыр етіп түскен сәттен бастап қолға алынуы тиіс. Тәрбие түрлері. Яғни, олар, дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, экологиялық және тәрбиелер. Халқымыздың адам тәрбиелеу тәжірибесін сөз еткенде ең алдымен, дене тәрбиесіне тоқталуымыздың өзіндік мәні бар. Себебі алғаш сәбидің дене тәрбиесі қолға алынып, содан соң ғана еңбекке, ойынға үйрету басталатыны белгілі.

Дегенімен, бұл тәрбие түрлерінің барлығының негізі жоғарыда сөз еткен құрсақ тәрбиесі кезеңінде қаланатының естен шығармағаныңыз жөн. Саналы толыққанды азамат болып қалыптасуы үшін жан тәрбиесі мен тән тәрбиесі қатар жүруі қажет. Жан тәрбиесінің өзі осы тән тәрбиесіне шығады.

Өмірдің негізгі тіршіліктің көзі- еңбек ете білудің көшпелі ата-бабаларымыздың тұрмыс- тіршілігінде алатын орны ерекше, маңызы зор болған. Сондықтан, олар келер ұрпағын еңбексүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуді өздерінің басты міндеті деп есептеген. Әрі еңбектің бейнесі мен зейнетін терең түсінген халқымыз балаларын еңбекке тәрбиелеуді отбасынан, сәби шағынан бастаған. Қазақ халқы еңбекке үйретуде ұл баламен қыз балаға өзіндік тәсілдермен келген. Мал бағу, баптау, аң аулау, ұлын батырлыққа, батылдыққа, шапшаңдыққа, ептікке, көрегендікке, қол өнер мен айналысу барысында тәрбиелеген. Ал, қыз баланы нәзіктікке, сұлулықты тануға, сүюге, еңбекті қадірлеуге баулыған. Сонымен қатар оларды аналарымыз қиын да қызық еңбек түрлеріне- өрнек тоқу, кесте тігу, киім пішу арқылы тәрбиелей білген қарапайым күнделікті тіршілік боп есептелетін төсек жиюдың өзіне үлкен мән беріп «Қыздың жиған жүгіндей» деп түсінген. Қазақ халқының еңбек пен өнерді егіз деп есептегені белгілі.

Адамның қабілетін дамыту үшін дене, еңбек тәрбиесіне қоса ақыл-ой тәрбиесі қажет. Қазақ халқы ақыл-ой тәрбиесін жүзеге асыруда көбіне үлгі-өнеге әдісін пайдаланған. Фольклорлық шығармалар арналған. Мысалы, ауыз әдебиетінің айтыс жанрын, оның ішінде жұмбақ айтысын ерекше пайдаланған. Сол арқылы баланы тапқырлыққа, шешендікке баулаған. Денсаулығына бірінші мән беріп, салауатты өмір сүруге, ақылды, парасатты болуға үндеген.

Ата-бабаларымыз бала бойында сәбилік шақтан бастап қоршаған ортаға, табиғатқа деген көзқарас, құрмет сезімін қалыптастырып отырған. Сонғы онжылдыққа дейін адамгершілік тәрбиесінің ішінде қарастырылып келген эколгоиялық тәрбие мәселесі қазір ауқымды мәселеге айналуда. Оның себептері де аз емес. Халықтың бала тәрбиелеудегі сан ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесіне қол үзбей, үнемі басшылыққа алып отырсақ, мүмкін, қазір экологиялық ауыртпашылықтар тумаста еді деген ой келеді. Мұндай дағдарыстың пайда болуы адамдардың экологиялық сауатсыздығының нәтижесі деп қоршаған тіршілік ортасын ата-бабаларымыз біздерге сан ғасырлар бойы бүлдірмей, ластамай, көркейтіп, қоректендіріп жеткізді. Ал, біздер келешек ұрпаққа не қалдырмақпыз?...

Сондықтан экологиялық тәрбие беруді отбасынан, балабақшадан бастап, мектепте жалғасып табуы тиіс. Бүлдіршіндерге экологиялық тәрбие берудің мақсаты – оларды туған жер табиғатын сүюге, аялауға, жанашырлықпен қарауға, жалпы жаупкершілікке тәбиелеу. Табиғат-зор байлық, ол адам тіршілігінің көзі. Отбасында экологиялық тәрбие беруде халқымыздың тиым сөздерінің қолдануының маңызы зор. Бірақ, «үйтпе», «бүйтпе» деп шектеу мақсатында емес, балаға ол сөздердің ертеден аталарынан қалған өсиет екендігін, себептерін күнделікті тіршіліктен сәби жасына лайықтап мысалдар келтіре түсіндіріп, санасына сіндіріп, әдетке айналдырып, дағдыға қалыптастыруымыз тиіс [12, 36б.] .

Үйде гүлдер отырғызуды дәстүрге айналдырып, оны күтіп-баптауға баланы баулу, көктемде ағаш, көшет отырғызғанда бүлдіршінде ертіп жүріп, қатыстыру, үлгі-өнеге көрсету арқылы біз экологиялық тәрбиенің негізін қалыптастырсақ, мектеп табалдырығын аттаған шақта экологиялық мәселеге деген көз қарастың ірге тасы қаланбақ. «Экологиялық тәрбиенің көрсеткіші ретінде жалпы адам заттық мораль өлшемдеріне сәйкес келетін адамның табиғаттық ортаға көзқарасы жөніндегі практикалық әрекетін атауға болады. Нәтижесінде экологиялық білім мен тәрбие экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсаттарына сәйкес келеді» - дей келіп, С. Қалиев, Ш. Майғаранова, жоғарыда аталғанды ескере отырып, экологиялық білім мен тәрбиенің төмендігі міндеттерін бөліп алуға болады: [22].

1. Жетекші идеяларды, негізгі түсініктер мен ғылыми фактілерді меңгеру арқылы адамның табиғатқа, әсіресе оның заңдарына ықпал етуі.

2. Қоғамның материалдық және рухани күштерінің қайнар көзі ретінде табиғаттың көп қырлы құндылығын түсіну.

3. Табиғатты тиімді пайдалануда біліктермен дағдыларды меңгеру, қоршаған ортаның жайын бағалай білушілік қабілетті дамыту, «оны жақсарту жөнінде дұрыс шешім қабылдай білу», -деп бұл бағыттағы міндеттерді нақты көрсетіп берген.

Сонымен қорыта келгенде, балаларға экологиялық тәрбиені құрсақтан бастап, отбасында қалыптастыру мектепте экологиялық мәдениетін қалыптастыруға жалғаса және халықтық педагогиканың бай тәжірибесі тиімді пайдаланса, жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру мүмкіндігі зор болмақ.