Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Текст лекций по полит. на каз..doc
Скачиваний:
4
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

6. Сайлау технологиялары

Бүгінде сайлау технологиялары – мұқият талдап жасалынған және дүние жүзінде нақты қолданылатын саяси технологиялардың бір түрі. Іс жүзінде тоқтаусыз жүріп жататын белгілі бір деңгейдегі билік органдарына сайлаулар өткізу процесі оларға дайындық жасау немесе өткен сайлаулардың нәтижелерін зерделеп, ой елегінен өткізу сайлау науқандарын ғылыми жағынан қамтамасыз ету және оны өткізу жөніндегі тиісті қызмет түріне деген тұрақты сұраныстар нарығын қалыптастырады.

Сайлаулар, менің пікірімше, қоғамды жаңартудың аса маңызды саяси технологиялардың бірі. «Сайлау» термині мемлекеттік органды қалыптастыру процедурасын немесе лауазымды адамға дауыс беру арқылы (әр мандатқа екі немесе одан да көп кандидат үміткер болған жағдайда) жүзеге асырылатын өкілеттік беруді білдіреді.

Сайлаулар арқылы атқарылатын әр түрлі қызметтер мен қызмет орындарының саны тым көп. Сайлау лауазымдық қызметтердің көпшілігін алмастыратын тетік ретінде мемлекеттің бүкіл деңгейін – орталықтан жергілікті деңгейге дейін, елдің президентінен немесе үкімет басынан жергілікті басқару басшыларына дейін қамтиды1.

Бұл жерде мына жағдайды атап айтқан жөн: сайлаулар қазіргі демократиялық қоғамдардағы саяси процестің ажырамайтын құрамдас бөлігі болып табылады. Олар үлкен саясатқа алғаш қадам жасайтын адамға парламенттің депутаты, губернатор немесе елдің президенті болу мүмкіндігіне жол ашады. Сонымен қатар сайлау кезінде қарапайым азаматтарды белсенді саяси өмірге тартады. Олар өздерінің мәнін, өмірдегі орнын, жоғары мемлекеттік органдардың жеке құрамына ықпал ету мүмкіндіктерін сезіне бастайды.

Сонымен бірге сайлауларға қолданылатын технологиялар әрбір елде, мемлекетте қолданылатын сайлауларды өткізу тәртібі мен әдісіне, осы процесті реттейтін құқықтық нормаларға, ережелер мен дәстүрлерге мейлінше тікелей байланысты болады. Құқықтық нормаларда: өкілетті органдарға кандидаттарға және сайланып қойылатын мемлекеттік лауазымдық қызметтерге қойылатын талаптар қалыптасады; сайлауларды өткізуді жүзеге асыратын билік органдарының қызметі реттеледі; сайлаушылар мен сайлау бірлестіктерінің мәртебесі анықталады; сайлау алдындағы үгіт жұмысын жүргізу және дауыс беру тәртібі, сондай-ақ дауыс беру нәтижелерін анықтау тәртібі мен оларға шағым жасау әдістері белгіленеді.

Осы нормалардың жиынтығы сайлау алдындағы күреске бүкіл қатысушылар іс-қимылының белгілі бір мәнін ашады, оларды бірыңғай сайлау тәртібі шеңберінде әрекет етуге ұмтылдырады. Әрбір елде осы елдердің тарихи, мәдени, саяси-әлеуметтік даму ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан сайлау нормаларының өзіндік ерекшеліктері болатынына қарамастан, сайлау жүйелері және олардың түрлері туралы айтуға мүмкіндік беретін кейбір ортақ принциптер бар. Әр сайлау жүйесінің нендей бір сайлау технологияларын қолдануға қатысты өз ерекшеліктері болады.

Сайлау жүйесі – бұл саяси билікті заңды түрде қалыптастыруды қамтамасыз ететін ережелердің, әдістер мен процестердің жиынтығы.

Осыған байланысты сайлау жүйесін кең мәнде де, тар мәнде де түсіну керек екенін айту керек.

Сайлау жүйесі кең мәнінде қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады. Осы қатынастар арқылы мемлекеттің сайлау органдары қалыптасады. Ал тар мәнінде сайлау жүйесі – депутаттық мандаттарды кандидаттар арасында сайлаушылардың дауыс беру нәтижелеріне қарай бөлу әдісі.

Сайлау жүйелері сан алуан, соған қарамастан оларды негізгі үш түрге бөлуге болады. Бұл – пропорциялық жүйе, мажориторлық жүйе, аралас жүйе.

Пропорциялық сайлау жүйесінің негізгі ұстанымы (принципі): парламенттегі депутаттық орындар партиялар ұсынған кандидаттардың тізіміне парламенттік сайлауларда берген дауыстардың санына қарай бөлінеді; мажоритарлық жүйеден айырмашылығы – сайлаушылар жеке кандидатқа емес, ұжымдық партия тізімдеріне дауыс береді; белгілі бір тізімге берілген барлық дауыс қосылады, соның негізінде жалпы қорытынды анықталады.

Пропорциялы жүйеде кандидаттарды ұсыну кезінде партия шешуші рөл атқарады, партиялардың басшылығы аталған тізімді жасайды. Осындай жүйемен сайланған депутат одан әрі сайлаушыларға емес, оны ұсынған партияға мейлінше тәуелді болады. Пропорциялы сайлау жүйесі Австрияда, Бельгияда, Грецияда, Италияда, Норвегияда, Финляндияда, Швейцарияда, Швецияда және басқа елдерде қабылданған.

Мандаттарды пропорциялы бөлу үшін сайлау квотасы әдісі жиі пайдаланылады. Сайлау квотасы – бір депутатты сайлау үшін қажет ең аз дауыс саны. Квота жеке округ үшін де, бүкіл ел үшін де белгіленуі мүмкін. Квота белгілеудің ең қарапайым әдісі сол округ бойынша берілген дауыстардың жалпы санын бөлінетін мандаттардың санына бөлу болып табылады. Мандаттарды партиялар арасында бөлу олардың квота мен алған дауыстарын бөлу арқылы жүргізіледі. Австрияның, Бельгияның, Швецияның, Швейцарияның парламенттері осы жүйе бойынша сайланады.

Мажоритарлық сайлау жүйесінің негізіне көпшілік дауыс алу принципі алынған1. Бұл жағдайда сайлаулар, әдетте, бір мандатты округ бойынша өткізіледі және көпшілік дауыс алған кандидат жеңген деп саналады.

Мажоритарлық сайлау жүйесінің екі түрі бар, олар: абсолютті дауыс көпшілігі және салыстырмалы дауыс көпшілігі.

Мажоритарлық сайлау жүйесінде дауыс беруге қатысқан 50 %+1 дауысты жинаған кандидат абсолютті көпшілік дауыспен сайланды деп саналады. Егер кандидаттардың бірде-бірі дауыстардың талап етілген санын жинай алмаған жағдайда сайлаудың екінші туры өткізіледі. Оған бірінші турда көпшілік дауыс алған екі кандидат қатысады. Екінші турда жеңіскер салыстырмалы көпшілік дауыс жүйесі бойынша анықталады. Абсолютті көпшілік дауыс жүйесі Австралияда, Ирландияда, Францияда және басқа да елдерде қолданылады.

Салыстырмалы көпшілік дауысқа негізделген мажоритарлық жүйе жекелей алғанда әрбір бәсекелесіне қарағанда көпшілік дауыс жинаған кандидат жеңіске жетеді деп санайды. Бұл жүйе қазіргі кезде Ұлыбританияда, Индияда, Канадада, АҚШ-та және басқа елдерде қолданылады.

Мажоритарлық сайлау жүйесі «жеңіскер бәрін» және аз дауыс алған кандидаттарға берілген дауысты да алады деген принцип бойынша жұмыс істейді. Жеңген кандидат партиялар активіне кірмейді, олардың өкілдері бір сайлауда жеңілсе, екінші сайлауларда жеңіп жатады.

Партияның емес, жеке кандидаттың жеңуін көздейтін мажоритарлық сайлау жүйесінде тәуелсіз кандидаттарды ұсыну мүмкіндіктері мейлінше мол. Әрине, мұндай жүйеде де белгілі бір партия сайлау алдындағы науқан кезінде кандидатқа қолдау көрсетеді. Бұл фактордың үлкен маңызы бар.

Мажоритарлық принцип партия басшылығы тарапынан қолдау таппаған және одан тәуелсіз, бірақ сайлаушылардың көпшілік даусын алып, жеңіске жете алатын кандидаттарға көп мүмкіндіктер туғызады.

Мажоритарлық жүйе пропорциялық жүйемен салыстырғанда әмбәбап. Оны парламантті сайлау кезінде ғана емес, жоғары мемлекеттік лауазым адамдарын, мысалы, президентті сайлау кезінде де қолдануға болады.

Қазіргі кезде дүние жүзінде мажоритарлық сайлау жүйесі үстем болып отырғанын айта кеткен жөн.

Аралас сайлау жүйесі пропорциялық және мажоритарлық жүйелерді біріктіруді көздейді. Ондағы мақсат – жекелей алғанда олардың әрқайсысына тән кемшіліктерді мейлінше азайту. Мұндай біріктіру болуы мүмкін, мысалы, егер ел парламентінің бір бөлігі пропорциялы жүйе бойынша, ал екінші бөлігі мажоритарлық жүйе бойынша сайланса. Бұған дәлел – Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасын сайлау. Мысалы, 450 депутаттың жартысы мажоритарлық жүйе бойынша, ал екінші жартысы саяси партиялардың пропорциялық өкілеттіктері жүйесі бойынша сайланады. Мұнда мажоритарлық жүйе тұрақты үкімет құруға жағдай жасайды, ал пропорциялық жүйе саяси партиялардың көпшілік бөлігінің сайлауға қатысуына, демек халықтың өзінің саяси еркін барынша толық білдіруіне мүмкіндік туғызады.

Аралас сайлау жүйесі дауыс беру процесінде былай жүзеге асырылады: әр сайлаушы екі бюллетень алады, тиісінше онда екі дауыс болады: ол бірімен нақты сол округ бойынша дауысқа түскен кандидатқа, екіншісімен саяси партияға, бірлестікке дауыс береді.

Мемлекеттік органдарға сайлау алдында және сайлау кезінде адамдардың ынталылығымен жасалынатын және жүзеге асырылатын сан алуан оқиғаларды түгелдей сайлау процесі деп айтуға болады. Сайлау процесінде басты орынды сайлау науқаны алады. Сайлау науқаны сайлау процесін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық, ақпараттық және үгіт-насихаттық шаралардың кешені болып табылады.

Әрбір сайлау науқанын саяси бәсекелестермен қатал күрес жағдайында оның бастамашылары жүргізеді. Өйткені сайлау науқанының басты мән-мазмұны халықтың ой-шабытын, ықылас-ниетін өзіне бұру жолындағы күрес болып табылады.

Бұқараға ықпал ету әдістерінің жиынтығы сайлау технологиясы деп аталады. Ол электораттың сайлау қарсаңындағы көңіл-күйіне әсер ету және оларды өз даусын белгілі бір кандидатқа беруге ұмтылдыру мақсатын көздейді. Сайлау технологияларының басты ерекшелігі – олар сайлаушылардың іс-әрекетін реттеп отыратын әлеуметтік-психологиялық тетіктерді іске қосуды мақсат етеді. Халық сеніміне, олардың құндылықтық ұстанымдарына, мүдделеріне, көңіл-күйлеріне, ұмтылыстары мен арман-тілектеріне көңіл бөлу. Сайлау технологияларына деген қазіргі көзқарастың ерекшелігі мынада: саяси күрестің практикалық тәжірибесін және ғылыми білімді іштей біріктіру қажеттілігін жете түсінеді. Өзін жақсы жағынан танытқан сайлау қарсаңындағы күрес әдістерін жақсы біліп қою ғана емес, нақты технологиялардың жетістіктерінің немесе сәтсіздіктерінің себептерін терең түсіну де маңызды. Алайда, мұндай түсіну, егер сайлау науқанын ұйымдастырушылар қажетті теориялық білімдерді меңгерген болса, ситуацияға тиісінше баға беруге қабілетті болса, жұртшылықтың жалпы көңіл-күйінің даму бағытын айқындай алса, адамдардың сана-сезімі мен түсініктеріндегі «осал тұстарды» анықтай алса ғана мүмкін болады. Осы айтылған факторларға ықпал жасау адамдардың көңіл күйін ұйымдастырушыларға қажетті бағытқа өзгерте алады. Бұл жағдай сайлау науқанын ұйымдастырушыларды саяси технологиялар бойынша маманданған, тиісті білім мен іскерлік-дағдыларды меңгерген, кәсіби жағынан білікті адамдардан көмек сұрауға мәжбүр етеді.

Қазіргі кезде көптеген елдерде сайлау науқандарын ұйымдастыру кәсібімен айналысатын адамдар шыға бастады, осы салаға маманданған агенттіктер құрылды. Мысалы, 1968 жылдан Парижде саяси науқандар жөніндегі кеңесшілерінің халықаралық ассоциациясы жұмыс істейді. Ресейде сайлау алдындағы науқандар кезінде саяси консалтинглік фирмалар құрылды. Ресейде саяси кеңес беру тарихының жарқын беттерін сайлау науқандары барысында жұмыс істеген, кандидаттардың сайлаушылармен кездесуін ұйымдастырған, сайлау штабының пайдалануына ағымдағы рейтингтер туралы мәліметтерді ғана емес, халықтың ниеттері, көзқарастары мен ұстанымдары туралы ақпаратты, аймақтар бойынша, елді мекендердің түрлері бойынша, кәсіптері бойынша, жас ерекшеліктері бойынша дифференцияланған ақпаратты да берген, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара бірлесіп жұмыс істеген және т.б. әр түрлі агенттіктерді тізімге кіргізді.

Осыған байланысты сайлауларда жеңіске, әдетте, бұрынғыша өз «адамдарына», партия немесе әкімшілік аппаратына арқа сүйеген кандидаттар мен партиялар емес, саяси кеңесшілерді жалдаған кандидаттар жеткенін атап айту керек.

Профессионалдардың қолындағы сайлау технологиялары олар қызмет көрсететін кандидаттың жағына электораттың едәуір бөлігін тартуға, олардың сайлау қарсаңындағы көңіл-күйін өзгертіп, кандидаттың басқалардан артықшылығын көрсетуге мүмкіндік жасайтын мейлінше қуатты қаруға айналады. Алайда, бұл сайлау технологиялары сайлау науқанының ғылыми негізделген стратегиясына сәйкес кешенді пайдаланылып саяси бәсекелестерінің іс-қимылын, сондай-ақ жаппай көпшілік санада болып жатқан нақты процестерді есепке алған жағдайда ғана мүмкін болады.

Айта кету керек, сайлау технологияларының тиімділігі – сайлаушыға әсер ету тәсілдері мен әдістерінің жай жиынтығы емес. Олардың негізінде электоралдық процестің, оның құрамдас бөліктерінің мәнін терең түсіну керек.

Айталық, мысалы, сайлау науқаны негізгі технологияларының бірі – кандидат имиджін жасау, көрсету1 және алға шығару. Әрине, бұл міндетті біршама ойдағыдай шешуге мүмкіндік беретін тәсілдер санын интуициялық деңгейде игеруге болады. Алайда, интуиция саяси ғылымның пәні емес екені белгілі, әйтседе, бұл ғылым интуицияны жоққа шығармайды да. Сондықтан кандидаттың имиджін қалыптастырумен айналыспас бұрын саяси көшбасшының тұлғалық болмысы деген не, ол басқа адамдардан несімен ерекше, оның тұлғалық құрылымы қандай, билік пен ықпал етудің психологиялық негізі неден тұрады, көшбасшының жаппай көпшілік сана мен іс-қимылға әсер ету тетіктері қандай және т.б. с.с. жөнінде жақсы біліп, игеру керек.

Қазіргі қазақстандық сайлаушының сайлау кезіндегі іс-әрекет мәнін түсіну аса маңызды. Түптеп келгенде, соңғы сөзді сайлаушылар айтады. Қазақстан халқының жағдайы, менталитеті бір-біріне ұқсамайтындығы соншалық, мұнда нендей бір технологиялық әдістерді ойдағыдай пайдалану мүмкін емес. Оның үстіне «кеше» ойдағыдай деп танылған әдіс «бүгін» үлкен сәтсіздікке ұшырауы мүмкін.

Ашығын айту керек, электоралдық процеске ықпал етудің кез келген технологиясы, кез келген әдістері мен тәсілдері егер олар сайлаушының дағдылы қалыптасқан саяси мәдениетіне, ой толғамдарына сәйкес келген жағдайда ғана дауыс беру нәтижесі тиімді болады.

Сайлау технологиялары әр алуан, соған қарамастан сайлаушыға әсер ету сипатына қарай оларды негізінен үш түрге: айқын, манипуляторлық және қарсы жақтың беделін түсіру технологиясына бөлуге болады.

Айқын технологиялар ең алдымен адамның ақыл ойына көңіл бөледі. Бұл технологияның көздеген мақсаты – дауысқа түскелі отырған кандидаттың бағдарламалары, тұлға ретіндегі мүдделері мен сайлаушылардың, «кандидаттың өзі сияқты адамдардың» мүдделеріне дәл келу аясы басқа кандидаттарға қарағанда кең екеніне сайлаушының көзін жеткізу. Бұл технологиялар демократиялық қоғамдағы сайлаудың мәні мен мақсаттарын белгілі дәрежеде түсінуге негізделген. Демократиялық қоғамдағы сайлаудың терең мәні, бұл қоғамның авторитарлық және тоталитарлық қоғамнан өзгешелігі мынада: демократиялық қоғамда сайлаушылар былай қарағанда, өздері елді басқаруды тапсырған адамдарды «жалдайды», тағы да қайталап, айтқымыз келеді, аса нақты бағдарламалар мен мәселелерді – көбіне-көп сайлаушыларды мазасыздандыратын мәселелерді шешу үшін «жалдайды», онда да барлық кезде емес және мүлде емес.

Әр түрлі сайлаушылар топтарының мүдделері мен пікірлерін репрезентациялау, олардың мүдделерін артикуляциялау – демократиялық қоғамдағы сайлаудың басты міндеттерінің бірі. Мамандар қазіргі заманғы демократиялық қоғамдағы сайлаудың үздік үлгісіне былайша сипаттама беріп жүр: кандидаттар (партиялар) сайлаушыларға түсінікті тұтас ұсыныстар пакетін ұсынады. Сайлаушылар ұсыныстарды салыстырып бағалайды, олардың өздерінің мүдделері мен сұраныстарына қаншалық сәйкес келетінін ескере отырып, кімге артықшылық беретінін шешеді.

Айқын технологиялар құрылымы мейлінше дәл жасалынған тұрақты қоғам жағдайында, барлық топтардың мүдделері артикуляцияланған қоғамда, ең ақырында, азаматтардың электоралдық мәдениеті барынша дамыған қоғамда тиімді болатынын айту керек.

Манипуляторлық технологиялар – сендіруге негізделген адамның сенімсіздік, үрей, қызғаныш, төзімсіздік, шыдамсыздық, прожекторлық, сын көзімен ойлауға қабілетсіздік, сайлау науқандарына қатысты мәселелерді жете білмеушілік және т.б. сияқты қал-жағдай мен эмоциялық сезімдерді пайдалану. Манипуляторлық технологиялардың нәр алатын негізгі қайнар көзі – елдегі ситуацияның тұрақсыздығы, әлеуметтік байланыстардың үзілуі (кеңес сұрайтын ешкімнің болмауы, шағын топтардың көшбасшысыз қалуы), қоғамдық бағдар-нысаналардың жоғалуы («не жақсы, не жаман» деп баға беру үшін іс бастауының болмауы), қол жетерлік бұқаралық ақпарат құралдарына іс жүзінде монополия орнату, азаматтардың саяси-электоралдық мәдениетінің төмен деңгейде болуы.

Егер осы жағдайлар шоғыры барынша кеңінен көрініс тапса, онда манипуляторлық тәсілдерді ашық түрде кеңінен пайдалануға болады. Егер ол ішінара ғана кездессе, адамның пайымсыздығын тудыратын тәсілдер пайдаланылады. Бұл тәсілдер қазір психология ғылымында бар.

Қарсыластың беделін түсіру әдістерін біршама шартты технологиялар деп атауға болады. Мұнда табысқа қол жеткізудің өзіндік негізгі шарты азаматтар «бұл одан да жаман» деген принцип бойынша дауыс берген кезде олардың түгел бәрінен көңілі қалуы.

Өкінішке орай, бәсекелестерімен күресте «лас технологиялар» деп аталатын әдістер жиі қолданылады. Бұл жағдайда әңгіме енді, шын мәнінде, бедел түсіретін материалдарды жинау туралы емес, саналы түрде фактілерді бұрмалау немесе олардың өңін айналдыру жөнінде болып отыр. Лас технологияларға, сондай-ақ сайлаушыларды сатып алу: сайлау округінде сайлаушыларды шатастыру мақсатында аты-жөні ұқсас кандидат қарсыластарды дауысқа түсіру; үгіт жұмысы заңмен тиым салынған күні бәсекелесуші сайлау бірлестіктері атынан листовкалар тарату; өз атын жасыра отырып, бәсекелестердің абыройын төгетін қарсы жарнамалар тарату және т.б.

Сайлау процесіндегі бәсекелестік үгітті кез келген кандидатқа «жақтаушы» және «қарсы» етеді. Демократиялық заң қарсы жарнамаға тиым салмайды, бірақ бәсекелестермен күресте бірде-бір кандидат және оның командасы аттап өтуіне болмайтын шекті белгілейді. Бұл күрес жалған фактілерге, әдейі арандатуға, заңды бұзуға негізделмейді. Осындай жағдайда ғана бәсеке күресі өзінің басты міндетін – лас істерімен өзіне кір келтірмегендерге, әр түрлі авантюраларға араласпағандарға, көпшілік сайлаушылардың ықыласына ие болғандарға жәрдемдесу міндетін орындайды.

Осыған байланысты сайлау технологиялары кандидат пен оның командасының әр түрлі бағыттағы іс-қимылынан тұратын, белгілі бір саяси мақсаттарға жетуді көздейтін сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізудің әдістері екенін атап көрсету керек. Бұл іс-қимылдардың тиімділігі, біріншіден, сайлау науқанының ұйымдастырушылары сайлау округіндегі жағдайды қаншалықты терең талдау жасай алғанына және сайлау науқанының стратегиясын осы жағдайға бара-бар етіп құра білуіне, екіншіден, олар науқанды өткізуге қаншалықты шығармашылық ізденіспен келгеніне (жұртшылыққа бірегей әрі олардың мүдделері мен арман-тілектеріне жауап беретіндей бірдеңе ұсына алуына) байланысты болады.

Тақырып соңында былайша қорытынды жасауға болады: қоғамның қалыпты жұмыс істеуіне, тұрақтылығына қол жеткізу және оны қамтамасыз ету үшін саяси технологияларды саяси қызметтің барлық субъектілеріне тиімді пайдалану өте маңызды. Саяси технологиялар мақсатқа қол жеткізу процесінде нақты мақсатқа жетудің белгілі бір тәсілдері мен құралдарын өз ретімен қолдану қажеттігін белгілейтін операциялардың бір ізділігі қалыптасып, орныққан кезде іске асырылады.

Осыған байланысты мына бір жағдайды атап көрсету керек: табиғатта абстрактылы өмірдің барлық жағдайына жарамды саяси технологиялар жоқ. Олардың әрқайсысы, бір жағынан, мейлінше нақты және бірегей, өйткені олар аса нақты мәселелерді шешу үшін әр түрлі саяси күштер мен құрылымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді көздейді. Екінші жағынан, әрбір технология өзінің мазмұны мен сипаты жағынан сан қырлы, жүзеге асыру жағдайы, орындаушылардың құрамы, саяси қызмет түрі және проблеманы шешу жөнінен көп аспектілі. Түптеп келгенде, саяси технологиялар саяси өзгерістердің нендей бір саласына бақылау жасау мен басқару тұрғысынан субъектілердің мүмкіндігін кеңейтеді.