Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Трбие бесіктен баталады 2010 аз.doc
Скачиваний:
4
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
673 Кб
Скачать
☆

2 «Өзін-өзі тану» оқу пәнінің мазмұны – рухани-адамгершілік

Тәуелсіз Қазақстан үшін жалпы адамзаттық мәселе, рухани бай тұлғаны қалыптастыру мәселесі өзекті сипатқа ие болып отыр. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік-рухани қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеу үшін, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарды, әділдік пен өзара көмекті ғұмыр бойы мұрат тұтуға бет бұруы қажет. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде уақыт талабына сай болу С.А. Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» атты білім жобасының негізінде оқу жоспарына жаңа пәннің енгізілуінің қажеттілігін айқын аңғартып отыр.

Адамның өмірдегі орнын өзі белгілеу мәдениеті тәрбие мазмұнының маңызды бөлігі болып саналады. Адамның өмірдегі өз орнын өзі белгілеу мәдениеті оны жеке өмірінің және жеке бақытының жауапты субъектісі ретінде сипаттайды. Тұлғаның қоғамдық сана-сезімінің дамуының белгілі бір сатысында, адам өзінің жеке басы үшін тек сыртқы мақсаттарды ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын да түсінеді. Ол өзіне-өзі тәрбиенің субъектісі ретінде қарай бастайды. Өзінің тұлға ретінде қалыптасуы, оның жеке белсендігінсіз мүмкін еместігін түсіне бастайды.

Өзін-өзі тәрбиелеу – адамның өз тұлғасын қалыптастыруға, өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне, өзін-өзі дамытуға, өз қабілеттерін өзі іске асыруға бағытталған мақсатты, саналы, жүйелі түрде өздігінен жүргізетін іс-әрекеті. Өзін-өзі тәрбиелеу тәрбие процесінің құрамды бөлігі және тұлғаның өзін-өзі дамытуындағы ең маңызды күш болып саналады.

Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу бір педагогикалық әдісте орналасып, тұлғаны қалыптастыру деген тұтас процестің екі жағы болып саналады. Әрбір педагог тек тәрбиенің заңдылықтарын біліп қана қоймай, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеудің әлеуметтік-психологиялық механизмдерін жақсы түсінуі керек.

Тұтас педагогикалық процесте әр балада өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттілік әр-түрлі жас кезеңдерінде байқалады. Осы қажеттілік әсіресе балалардың жасөспірімдік шағында анығырақ байқалады. Себебі, балалар осы шақтарында өздерінің жеке «Мен»-дерін үнемі іздеу үстінде болады, түрлі спортгық секциялар, үйірмелер, қызығушылықтары бойынша клубтарға қатысады. Дәл осы кезеңде олардың жеке күнделіктерін бастап өз ойларын жазулары, өз мінез-құлықтары мен сезімдерін бағалаулары, ұл балалар мен қыз балалар үшін арнап құрастырған сауалнамаларын қызыға толтырулары, түрлі заттарды әуестікпен жинастырулары кездейсоқ процесс емес.

Қазіргі кезде балабақшаларда, мектептерде міндетті түрде өзін-өзі тану сабақтары енгізілуде, өзін-өзі тану мектептері де бар. Өзін-өзі тәрбиелеу өте ұзақ және адамның бүкіл өмірі бойы жалғасатын процесс екенін айта кету қажет.

Өзін-өзі тәрбиелеу адамның жеке «Мен» – дігін жүйелі түрде зерттеуін, қажымас қайраттылықты, үлкен ерік-жігерлік күшті қажет етеді. Өзін-өзі тәрбиелеу мектебі адамнан көптеген күш-қайратты жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылықты, өзіне деген сын көзбен қарауды талап етеді.

Өзін-өзі тәрбиелеу адамның рухани қажеттіліктерін қалыптастыруға бағытталған. Адамның өзін-өзі жетілдіріп, өзімен жұмыс істеуінде кітаптардың маңызы зор. Өйткені, кітаптар бізді жақсы адам болуға ынталандырады, қызықты адамдармен таныстырады. Өзін-өзі тәрбиелеудің маңызды бөлігі – мотивтерді, ынтаны дамыту. Жақсы, ақ ниетті болуға талпынбай, адамзаттың білімдер байлығын, адамзат мәдениетін игеруге тырыспай жан-жақты тәрбиелі және білімді адам болу мүмкін емес. Психологиялық-педагогикалық ғылымдарда өзін-өзі тәрбиелеудің кең қолданылатын тәсілдері болып өзіне-өзі баға беру, өзіне-өзі бұйыру, өзін-өзі құптау, өзін-өзі түзету және т.б. саналады.

Өзін-өзі тәрбиелеу өзін-өзі бағалаудан басталады. Өзін-өзі бағалаудың негізін жеке адамның өзі қабылдаған құндылықтар жүйесі, тұлғаның жеке маңыздылықтар жүйесі құрайды. Өзін-өзі бағалау адамның өзін басқа адамдармен салыстыру арқылы қалыптасады, және осындай салыстыру табиғи түрде жүргізіледі де өте қызықты болды. Өзін-өзі нақты бағалау, өзін-өзі тәрбиелеудің мақсаттарын дұрыс құрастыруға мүмкіндік береді. Өзін-өзі бағалау жоғарлатылған, нақты, төмендетілген болуы мүмкін. Тұрақты және жаңа ақпараттар әсеріне, жинақтаған тәжірбиесіне, қоршаған адамдардың пікірлеріне байланысты өзгеріп отыратын бейімделгіш өзін-өзі бағалау түрі адамның дамуы мен тиімді еңбек етуі үшін ең қолайлы бағалау болып саналады.

Өзіне-өзі бұйыру дегеніміз адамның өзіне-өзі берген қысқа, үздік-үздік үкімі. Өзіне-өзі бұйыру адам өзін нақты бір іс-әрекет жасау керектігіне сендіріп, енді басқаша әрекет жасауға болмайды деп сезгенде ғана қолданылады. Бұйырықты түрде өзінен бір іс-әрекеттің орындалуын талап ету қажеті адамның өз кемшіліктерін анық көріп тұрып, бірақ сол жоспарланған істі орындауға күші жетпей тұрған кезде қолданылады. Өзіне-өзі бұйыру еріктік процеспен тығыз байланысты. Өзіне-өзі бұйыруда жаттығу үшін адам өзіне дауыстап бұйырық беріп оны қайта-қайта қайталап орындап отыруы қажет. Өз бұйырығын екі апта аралығында орындап жүрген адамда өз бұйырығын автоматты түрде орындау әдеті пайда болады.

Адамның өзін-өзі тәрбиелеуде өзін-өзі құптаудың маңызы зор. Адамның есінде өздерінің үлкен жетістіктерге жеткен кездері сақталып қалады. Адамның жетістіктері оған рухани, интелектуалдық, күш-жігерлік қорларының ішкі мүмкіншіліктерін айтып, өмірдің жаңа белестерін жеңе алатынына сенімділік. Кейбір өмірлік жағдайларда адам «өткенді ойлап» осындай жағдайдан қалай жол тауып шыққанын еске түсіргені абзал.

Өзін-өзі бақылау – адамның өз іс-әрекеттерін, психикалық процестер мен көңіл-күйлерін түсінуі, бағалауы және реттеуі. Бұл тәсіл адамға айналадағылармен сабырлы қарым-қатынаста болу іскерліктерін, басқа адамдардың кемшіліктеріне, әлсіздіктеріне, қателіктеріне шыдамды болуды үйретеді. Аталған тәсіл көмегімен адам шиеленіс жағдайларды реттеп, ұстамдылыққа, күрделі жағдайларда байсалдылық, сабырлық сақтауға үйренеді.

Өзін-өзі түзету адамға өз мінез-құлқын, кемшілікгерін, қателіктерін және басқа адамдарға деген қарым-қатынасын өзгертуге мүмкіндік береді. Өзін-өзі түзету адамның өзіне сын тұрғысынан қарауына байланысты болады.

Адамзат тарихында ұлы адамдарға өмірлік бағдарламасын нақты орындауға көмектескен өзін-өзі түзету мысалдары өте көп кездеседі. Өзін-өзі түзету өзін-өзі жетілдірудің тиімді тәсілдерінің бірі.

Педагогика теориясы мен тәжірибесінде тәрбие мазмұны ең маңызды және көкейтесті ұғымдардың бірі. Қазіргі тәрбие мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып, белгілі бір тарихи кезеңде қоғамдық сананың даму ерекшеліктеріне идеялық және құндылық ұстанымдарға байланысты жетіліп отырды.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формалары мен әдістері

Тәрбие процесi – бұл күрделi диалектикалық процесс. Тәрбие процесi әр уақытта динамикалық (қозғалысты) жылжымалы болады. Сондықтан педагогикалық ықпал бiр балаға жағымды ал екiншi балаға терiс ықпал етедi. Осыған байланысты тәрбие процесiнде баланың көңiл-күйiн психикалық жағдайын тұрған орнын ескерген жөн. Қазiргi педагогикалық теорияда тәрбие әдiсi ұғымы әлi де жете зерттелмеген мәселелердiң бiрi. Өйткенi бұл жөнiнде әр түрлi көзқарастардың бар екенi байқалуда. Бұған көптеген авторлардың тәрбие әдiсіне берген анықтамалардың өзi-ақ дәлел бола алады.

Тәрбие әдiсi ұғымы туралы анықтамаларға тоқталсақ. Осы анықтамаларға қарағанда шамасы әрбiр автор тәрбие әдiсi туралы ұғымды өзiнiң зерттеу жұмысының нәтижесiне сүйенiп түсiндiреді. Бiрақ әр түрлi анықтамалар бiр мақсатты көздейдi, бұл сананың дамуына баланың мiнез-құлық тәжiрибесiнiң қалыптасуына әдiстiң тәрбиелiк ықпал жасауы.

Сонымен, тәрбие әдiсi-бұл тәрбиешiлер мен тәрбиеленушiлердiң өзара байланыс iс-әрекеттерiнде балалардың адамгершiлiк, еңбек және тағы басқа қасиеттерiнiң қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсiлдерi. Қазiргi кездегi көпшiлiк арасында жүргiзiлетiн тәрбие жұмыстарының мақсаты, мазмұны әр адамға, оның ой-өрiсiне, сезiмiне, мiнез-құлқына ықпал жасауы тиiс. Бұл орайда тәрбиешінің рөлi өте зор. Өйткенi олар балалардың тәрбиесiне байланысты мiндеттердi шешедi және тәрбие әдiстерi мен тәсiлдерiн жетiлдiредi. Бұл мiндеттер тәрбиешіден сауаттылықты, iзденімпаздықты, өз iсiне асқан шеберлiктi талап етедi.

Оқу-тәрбиенi бiр-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды, олар өзара тығыз байланысты. Тәрбиенi күнделiктi сабақта тәрбиеленушінің бойына сiңiремiз. Оқу мен тәрбие егiз. Бала - шыбық, қалай исең солай майысады, оны тәрбиелеп, мiнсiз азамат етiп жеткiзудiң кiлтi бiрiншi –тәрбиеші, екiншi – ата-ана.

Тәрбие үшiн бiлiм беру, оқыту әдістемесінің өзiнiң көзқарасын, мәдениетiн өмiрлiк тәжiрибесiн келер ұрпаққа беретiн ересек адамның және бiлiмнiң маңызы аса зор. Мұның бәрi балалардың дамуын бағыттайтын және олардың қалыптасу ерекшелiктерiн анықтайтын ықпалдық күштер жүйесiн құрайды .

Тәрбие iсi екi жақты процесс болып саналады. Ол бiр жағынан педогогтың тәрбиелiк жұмысын қамтитын болса, екiншi жағынан осы жұмыстың объектiсi тәрбиешiнiң әсерiмен, оның мақсаты педагогтың ықпалымен жұмысқа бесене араласатын балаларды қамтиды.

Тәрбие жұмыстарының әдістері тәрбиенің мақсатына, принциптеріне және мазмұнына, балалардың жас және дербес ерекшеліктеріне, олардың тәрбиелік дәрежесіне байланысты. Тәрбие әдістері тәрбие жұмысының мақсаттары және мазмұнымен анықталады, ал мақсат әдістің бас критерийі. Барлық әдістер тәрбие мақсаттарын іске асыруға, оқушыларды мінез-құлықтың қоғамдық нормасына үйретуге, адамдармен қарым-қатынас жасауға және олардың іс-әрекетіндегі құнды тәжірибелерін пайдалануға бағытталуы қажет. Әдістерді іске асыру барысында тәрбиеші тәрбиеленушілерге педагогикалық ықпал жасайтын тәрбиенің тәсілдері мен құралдарын да қолданады.

Тәсіл әдістің құрамды бөліктері, әрбір әдістің тәсілдері болады. Мысалы: үйрету мен жаттықтыру әдістерінің тәсілдері нұсқау, көрсету, машықтандыру, тапсырма т.б. Тәрбие барысында әдістер мен тәсілдер арасында нақты шекара жоқ, өйткені ол құбылмалы, өзгергіш болып келеді.

Тәрбие құралдарына іс-әрекеттерінің түрлері, көрнекі құралдар, көптеген коммуникация құралдары, педагогикалық ықпал жасау құралдары (тәрбиеші, ата-ана, ересек адамдардың сөзі және олардың өнегесі) жатады. Тәрбие мақсаты жемісті болу үшін осы құралдарды тиімді пайдалану керек.

Педагогикалық процесті сауатты ұйымдастыру үшін тәрбиеші оның теориялық негіздерін түсініп, оның мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын, формалары мен әдістерін, тәсілдерін ажырата алуы қажет. Формалар мен әдістер педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекетінің қозғаушы күші болып табылады, соның арқасында жеке тұлғаның қалыптасуы жүзеге асады.

Педагогикалық ықпал ету тәсілдері – жеке тұлғаның қоршаған ортамен мақсатты әрекеттестігін ұйымдастыруға жағдай жасау. Сондықтан педагогикалық процесте жеке тұлғаның әрекеттестік жасайтын ортасы (табиғи, әлеуметтік, материалдық, рухани) және осы әрекеттестікті ұйымдастыратын іс-әрекеттің түрлері (қарым-қатынас, таным, ойын, еңбек сабақ т.б.) жатады.

Педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекеті мен қарым-қатынасы педагогикалық ықпал ету арқылы жүзеге асады. Оқу-тәрбие процесінің субъектілері әрекеттестігінің формалары мен әдіс-тәсілдер арқылы шешілетін белгілі бір мақсаттары мен міндеттері, тиісті мазмұны бар, логикалық тұрғыдан аяқталған, белгілі бір уақыт аралығындағы педагогикалық процесс.

Тұтас педагогикалық процесті ұйымдастыру формалары әдістер мен әдістемелік тәсілдер арқылы жүзеге асады. Тәрбие әдістері дегеніміз тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара байланысты іс-әрекеті. Педагогикалық процеске қатысушылардың тәрбие мақсаттарына бағытталған тәрбиеленушілердің белсенді іс-әрекетін ынталандырудың тәсілдері мен нақты әрекеті. Әдіс-тәсіл деген де ұғым бар. Әдістемелік тәсіл дегеніміз әдістің жеке көрінісі, әдіске қарағанда ол бағыныңқы сипатта болады.

Формалар, әдістер, тәсілдер сияқты ұғымдар шынайы педагогикалық процесте өзара тығыз байланыста болады біріншіден, олар бір-біріне тәуелді (формалар мен әдістер тәсілдер арқылы жүзеге асады);

Екіншіден, күнделікті тәжірибеде олардың арасында белгілі бір айырмашылық жоқ тәрбие әдістері мен тәсілдері әрдайым бірін-бірі алмастырып отырады: кей жағдайларда әдіс тәсілге айналады.

Педагогикалық әдебиеттер мен тәжірибеде тәрбие әдістерінің көптеген түрлерінің сипаттамасын кездестіруге болады. Тәжірибеде мақсат пен нақты жағдайларға сай әдістерді таңдап алу қиын, сондықтан оларды тәртіпке келтіру, яғни жіктеу қажет.

Жіктеу – арнайы белгілері арқылы құрастырылған жүйе. Әдістерді жіктеу олардың жалпы және өзіне тән, маңызды мен кездейсоқ, теориялық пен тәжірибелік жақтарын анықтауға көмектесіп, оларды дұрыс таңдап, нәтижелі қолдануға әсер етеді.

Жіктеуге сүйене отырып, тәрбиеші әдістер жүйесін түсініп қана қоймай, әртүрлі әдістер мен олардың түрлерінің қызметі мен өзіне тән ерекшеліктерін де жете түсінеді. Көптеген зерттеушілер әдістерді жіктеуде мына қағидаларға сүйенеді:

-жеке тұлға іс-әрекет нәтижесінде дамып қалыптасады;

-оқушыларды тәрбиелеу процесі өте күрделі іс-әрекет;

-жеке тұлғаның қалыптасып келе жатқан қасиеттері құрылысы жағынан күрделі.

-мақсатты жақтарын біріктіретін бағыттылық- интегративтік сипаттамасы негізінде жіктеу обьективті және ең ыңғайлысы болып есептеледі. Осы сипаттамаға сәйкес тәрбие әдістерін үш топқа бөлуге болдады:

  • жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері;

  • іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру әдістері;

  • мінез-құлық пен іс-әрекетті ынталандыру әдістері.

Жалпы педагогика ғылымында тәрбие әдістерін жіктеу 3 топқа бөлінеді.

1-топ Тәрбиеленушілердің іс-әрекеттеріндегі, қарым-қатынасындағы, мінез құлқындағы жағымды тәжірибені қалыптастыру әдістері: талап, қоғамдық пікір, үйрету, арнайы тәрбиелік ситуация.

Талап, мінез- құлық нормасының көрнісі, балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру. Талаптың ынталандыру және тежелу функциялары бар. Ынталандыру функциясы – бұл жұмысты бастау және аяқтау. Тежелу – басқа адамдардың жұмысына кедергі келтіретін әрекетті тоқтату.

Қоғамдық пікір – бұл ұжымдық талаптың бейнеленуі, ал талап – нақты міндет, оны іс әрекет процесінде орындау қажет. Ұжым мүшелерінің байымдауы, баға беруі – бұл қоғамдық пікір, ұжымның еркі мен күші. Ұжым тәрбие субъектісі, педогогтың тірегі.

Үйрету әдісі баланың орындағыштық, сыпайылық (инабаттылық), мұқияттылық, табандылық сияқты қасиеттерін қалыптастырады. Балалардың өмір тәжірибесі кеңейіп, санасы дамыған сайын, үйрету әдісі өзінің алғашқы маңызын жойып, басқа әдістермен бірігеді. Мысалы, бұл әдіске өте жақын жаттықтыру жатады.

Жаттықтыру әдісі – бұл түрлі ситуацияда балалардың моралдық тапсырмаларды орындауы. Жаттықтыру әдісінің ұжымның мүддесімен, талаптарымен қабысуы қажет. Мысалы, кез-келген тәрбиелік шараларды мезгілінде бастау балаларды тәртіптілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үйрету және жаттықтыру әдістерінің тәсілдері: нұсқау көрсету, машықтандыру, тапсырма.

2-топ Жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері (ұғым, байымдау – пікірін айту, баға беру, сендіру). Бұл топтың әдістері: саяси, этикалық әңгіме, әңгімелесу, пікірталас, өнеге.

Әңгіме – бұл балалардың санасын қалыптастыру әдістерінің бірі. Балалар әңгіме әдісінде саяси, этикалық, эстетикалық мәселелерді талдауға белсене қатысады, олардан тиісті қорытынды шығару үшін ойланады, ақылға салып түсінеді. Әңгіме әдісі кез – келген мәселеде ұқыпты дайындықты талап етеді. Әңгіме әдісін іске асыру үшін мыналарды ескеру керек:

  1. Тақырыптың көкейтестілігі, яғни өмірге қажеттілігі балалардың мүддесіне жауап беруі тиіс.

  2. Әңгіменің мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес баяндалуы қажет.

  3. Әңгіменің тақырыбына сәйкес техникалық құралдарды тиімді пайдаланған жөн.

  4. Тәрбиеленушілер үшін әңгіме тартымды, қызықты болуы керек.

3-топ Мадақтау және жазалау әдістері. Өткізілетін тәрбиелік шаралардың сапасын және тиімділігін арттыру үшін, кейде, адамгершілік тәрбиесінің әдістері көмектесуді қажет етеді. Бұл жағдайда мадақтау және жазалау әдістері пайдаланылады. Мадақтау тәрбиеленушіні іс-әрекетінде және мінез-құлқында белсенділікке ынталандырады. Жазалау баланың өзінің теріс мінездері үшін ұялтады, оның теріс қылықтарын тежейді.

Мадақтау – бұл баланың жағымды мінез-құлқын ынталандыру құралы. Егер бала өзінің жетістігін және ұжым алдындағы жауапкершілігін сезе білсе, онда мадақтаудың құндылығы арта түседі, орынсыз мадақтаудан балада менмендік, тәкаппарлық, дандайсушылық туады. Сондықтан мадақтау үшін жеткілікті мәліметтер керек.

Жазалау – бұл балаға қоғамдық талап қою, оның мінез-құлқында байқалатын теріс қылықтарды тежеу тәсілдері. Жазалау үшін оның шындығын толық білу, сонымен бірге ұжым пікірі жазалау жағында болғанда ғана баланы жазалауға болады. Күдіктеніп немесе ұжымның пікірінсіз жазалауға болмайды.

Сонымен, әрбір тәрбие әдістерінің мақсаты балаларды адамгершілік көзқарасқа сендіре білуге, жеке және қоғамдық өмірдегі мінез-құлық нормаларын меңгеруге үйретеді.

Сананы қалыптастыру әдістері. Бала тәрбиелеу оның дүниеге келген сәтінен басталады. Бірақ әлеуметтік тәжірибені саналы түрде меңгеру кешірек қалыптасады. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбие тәрбиеленушінің тәрбие барысында қалыптасуға тиіс мінез-құлық ережелерін игеруіне ықпал етеді. Жеке тұлғаның қасиеттерінің мәнін түсіне келе баланың жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік көзқарастары, түсініктері, сенімдері, мұрат-мақсаттары қалыптасады.

Тәжірибесі мол тәрбиешілер өз жұмыстарында ұмыт болған адамгершілік-имандылыққа, Абайдың қара сөздеріне, халық педагогикасының амал-тәсілдеріне көптеп сүйенуде. Этикалық тақырыптағы әңгімелер, түсіндірмелер, түсініктемелер, этикалық әңгіме-сұқбаттар, ақыл-кеңестер, мысалдар кеңінен қолданыс табуда.

Этикалық тақырыптағы әңгіме, көбіне, балабақшада, төменгі және орта сыныптарда қолданылады. Ол адамгершілік мазмұндағы деректер мен оқиғаларды әсерлі де қызықты етіп айту. Жақсы әңгіме тәрбиеленушілерге мінез-құлықтың адамгершілік нормаларын түсінуге көмектеседі, сезімге әсер етеді.

Этикалық әңгіменің нәтижелі болуы мынаған байланысты:

  • әңгіме мазмұнының балалардың жас ерекшеліктері мен олардың әлеуметтік тәжірибесіне сәйкес болуы;

  • әңгіменің қызықты, әсерлі, түсінікті болуы, онда адамгершілік ой-пікірлермен қоса мысалдардың, жағдайлардың болуы;

  • әңгімені оқу барысында әңгіме сұқбаттың жүргізілуі, балалардың әңгімені талдауға ат салысып, өздерінің ой-пікірлерін білдіре алулары өте маңызды;

  • әңгімеге қоса суреттерді пайдалану; әңгімені дұрыс қабылдауда музыканың орны да ерекше;

  • мазмұндама тілінің әдеби сауатты болуы.

Түсініктемені тәрбиеленушілерге мінез-құлықтың адамгершілік нормаларын түсіндірудің қажеттілігі туындаған жағдайда ғана қолдану керек. Түсініктеме көбінесе сендіруге негізделеді. Сендіру тәрбиеленушінің психикасына астыртын әсер етіп, іс-әрекеттің мақсаттары мен мотивтерін қалыптастырады. Ол ақыл кеңес, есіне түсіру, тілек-ұсыныс түрінде қолданылады.

Айтылған әдістермен қоса кейде насихат сияқты әдіс қолданылады.Тәрбиеленушінің бойындағы жағымды қасиеттерге сүйену: абырой, ар-намысы мен ұяты сияқты насихатты дұрыс қолданудың алғы шарттарын қалыптастырады. Бұл әдістің педагогикалық нәтижелілігі тәрбиешінің беделіне, оның жеке қасиеттеріне байланысты.

Сананы қалыптастырудың аталған әдістерін (әңгіме, түсініктеме, сендіру, насихат) ретсіз қолданғанда ол үгіттеуге айналады. Мұндай жағдайларда олар балалар бойында кері әрекет ету ниетін оятады.

Этикалық әңгіме-сұқбат дегеніміз – адамгершілік мәселелерді тәрбиешілер мен балаларлардың бірігіп жүйелі де бірізді талқылау түрі. Әңгіме-сұқбаттың жай әңгіме мен нұсқаудан айырмашылығы онда тәрбиеші балаларларды өз ой пікірлерін, көзқарастарын, бағаларын білдіруге шақырады. Этикалық әңгіме-сұқбаттың мақсаты – адамгершілік түсініктерді тереңдету мен бекіту, білімді қортындылау, адамгершілік көзқарастар мен сенімдер жүйесін қалыптастыру.

Үлгіге негізделген әдіс. Үлгі балалардың қандай да бір үлгіге еліктеуіне негізделген. Бұл – санасыз еліктеуден саналы еліктеуге, бейнені көшіруден өзіндік бағытын қалыптастыруға, сырттай еліктеуден іштей еліктеуге ұмтылу.

Іс-әрекетті ұйымдастыру мен мінез-құлық тәжірибесін қалыптастырудың әдістері. Әдет, мінез-құлықтың белгілі бір түрі – балаларлар тәрбиесінің нәтижесі. Жеке тұлғаның тәрбиелілігі оның түсініктері мен сенімдерінен басқа нақты істері мен әрекеттері арқылы көрінеді. Сондықтан іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру тәрбиелік процестің өзегі болып есептеледі.

Іс-әрекеттер арқылы әдеттер қалыптасып, жағымды мотивтер дамиды. Әдістер арқылы балалар өмірін мінез-құлық, қарым-қатынастар тәжірибесін біртіндеп жинала бастайтындай етіп ұйымдастыруға болады. Балаларлардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру пайдалы істер арқылы жүзеге асады, ол істер барысында балалар басқа адамдармен жан-жақты қатнасқа түседі.

Басты әдістердің бірі – жаттығу, жаттығудың мәні белгілі бір әрекетті автоматты түрге айналғанға дейін қайта-қайта орындау, соның нәтижесінде тәрбиеленушінің жеке тұлғалық қасиетінің өзегі болатын дағдылар мен әдеттер қалыптасады. Адамның әдеттерді қалыптастыруға қабілеті болмаса, дамуында жылжу болмайды.

Жаттығуларды орындауда талап ету әдісі қолданылады. Бұл әдіс тәрбиеленушінің белгілі бір іс-әрекетіне дем беріп немесе тежеп, жекелік қасиеттерді қалыптастырады. Талап түріне қарай тура немесе жанама болып бөлінеді. Тура талап етуге бұйрық ету, анықтық, нақтылық тән. Жанама талаптар ақыл-кеңес, өтініш, мақұлдау сияқты түрлері арқылы беріледі.

Жаттығу түрлерінің бірі – үйрету, дағдыландыру әдісі. Бұл интенсивті орындалатын жаттығулар. Белгілі бір әдетті тез және жоғарғы деңгейде қалыптастыру үшін үйретуді қолданады.

Жаттығу әдісі тапсырма беру әдісінің негізін құрайды. Тапсырманың орындалуын тапсырма берген адам бақылайды.

Жаттығу мен үйретудің бір түрі – тәрбиелік жағдайлар әдісі. Тәрбие жүйесі педагогикалық жағдайлардан тұрады, ал олар нәтижелі болу үшін тәрбиеші арнайы жағдайлар құрастырады. Ондай да жағдай шындыққа ұқсас болу қажет. Жағдайдың кез-келген түрінде балалар шешім қабылдай алуы керек. Көбіне топ саяхаттар мен ойындар кезінде құрастырылады.