2. Шарттың орындалуын қамтамасыз ету
2.1 Шарттың орындалуын қамтамасыз ету ұғымы
Шарттың орындалуын қамтамасыз ету ұғымына анықтама беретін болсақ ол қанадай-да бір екі тараптың өзара келісіп шарт жасасу барысында шарттың орындалуы үшін алдын-ала жасалатын шаралар. Шарт бойынша құқықты жүзеге асыру құқық субъектісінің, яғни несие берушінің ырқында ғана емес, борышкердің де еркіне, жасаған әрекетіне байланысты. Өйткені борышкерде шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті әрекеттерді жасауға міндетті. Шарттан (атап айтқанда, шартқа негізделген) басқаның әрекетіне құқық туындайды, яғни міндет емес талап етуге құқық береді, бұл несие берушіде болады. Бірақ, жалпы ереже бойынша, борышкер несие берушіні қандайда бір әрекетті орындауға мәжбүрлей алмайды, қайта шартта көрсетілген міндетті орындауға борышты. Бұл ережеге кірмейтін бірден бір жағдай, ол — жеке-белгілі бір заттарға қатысты міндеттемені заттай орындауға мәжбүрлейтін меншік құқығын және өзге заттық құқықты қорғау тәсілдерінен туындайтын мүмкіндік.
Жалпы ережеге сәйкес шарт бойынша әрекет жасау міндетті адамның еркіне байланысты, ол міндеттемелік қатынастар бойынша орындауға белгілі бір қауіптілік беріп, шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін алдын-алу шараларын жасайды. Сонымен қатар несие беруші, шарттық қатынастар бойынша борышкердің шартты орындамауына байланысты, борышкерден шығындардың орнын толтыртуын талап етуге құқылы. Кез келген шартты орындау, жалпы ереже бойьшша, несие берушінің заңда көзделген жағдайларда оның мәжбүрлеу тәртібінде орындалуын немесе шарттың бұзылуынан туындаған залалдың орнын борышкер өз мүлкі есебінен толтыруын талап ету құқығымен қамтамасыз етіледі[45].
Заңнамада немесе шартта көзделген жағдайларда шарттың орындалуын қамтамасыз етудің жалпы шараларына қосымша (шарттың орындалмауынан болған залалды өз мүлкі есебінен төлеу жөнінде борышкерге жүктелетін жауапкершілік түрінде) шарттың орындалуына септігін тигізетін ерекше амалдар пайдаланылады. Міне осы амалдар азаматтық құқықта шарттың орындалуын қамтамасыз ететін әдістер деп аталады.
Азаматтық құқықта шарттың орындалуын қамтамасыз ететін әдістерге заңда немесе шартта көзделген, борышкердің шарт талаптарын тиісінше орындауына ынта беретін және несие берушінің мүдделерін қорғауды жеңілдететін, мүліктік сипаттағы арнаулы шаралар жатады.
Бұл шаралар, әдетте, мына мақсаттарды көздейді: борышкердің жауапкершілігінің ауқымын ұлғайту және залалдың барлық мөлшерін немесе оның бір бөлігін өндіруді оңайлату — бұл шараларға мерзімді өткізіп алғандық үшін өсімақы немесе шартты орындамағандық немесе тиісінше орындамағандық үшін айыппұл жатады; борышкердің жауапкершілігін үшінші жаққа тарату және оларды орындауға жауапты адамдар қатарына тарту - бұл шараларға, атап айтқанда, кепілдік және кепілдік беру жатады; несие берушіге белгілі бір затгар есебінен өз талаптарын артықшылықпен қанағаттандыруға құқық беру ("адамға емес, заттың құнына сенемін") — бұл шараларға, мысалы, кепіл зат жатады; борышкер шартты орындаудан бас тартқан жағдайда несие берушінің қайтарылмайтын аванс алуы — бұл шараларға кепілақы мен кепілдік жарна жатады; борышкердің қарсы, әдетте, ақшалай талапты орындағанына дейін несие берушінің затты немесе өзге мүлікті беру жөніңдегі шартты орындамауына құқық беру - бұл шараларға мүлікті ұстап қалу жатады.
Бұл жерде айта кететін бір жағдай — шарттың орындалуын қамтамасыз ету әдістерінің тізбесі тұрақсыздық айыппұл, кепілзат, кепілдік, кепілдік берушілік, кепіл немесе мүлікті ұстап қалу сияқты дәстүрлі тәсілдермен шектелмейді. Борышкерді шартта көзделген өз міндетін тиісінше орындауға ынталандыратындардың барлығы, сөзсіз, егер заңды болса, шарттың орындалуын қамтамасыз ету әдістеріне жатады. Жалпы шарттың орындалуын қамтамасыз етуге міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің жалпы ережелері қолданылады, өйткені міндеттеменің өзі шарттан туындайды. Негізінен аталған дәстүрлі әдістермен қатар шарттың орындалуын қамтамасыз етудің басқа да көптеген конструкциялары болуы мүмкін, олар қамтамасыз етуші шаралар ретінде заңнамада әдейі көзделуі де (мысалы, кепілдік жарна, қаржыландыру шарты бойынша ақша талабынан қайту туралы жағдайды пайдалану), заңнамада көзделмей шартта белгіленуі де мүмкін.
Шарттың орындалуын қамтамасыз ету әдістерінің акцессорлық сипатын қарастырайық. Шартты қамтамасыз ету әдістері, жалпы ереже бойынша, қамтамасыз етілетін шарт талаптарына қатысты қосымша (акцессорлық) болып табылады, яғни оның заңдылығына және заңдық күшіне тәуелді болып келеді. Бірақ бұған банк кепілдігі жатпайды, оның қамтамасыз етілетін шарт талаптарының заңдылығына тәуелсіздігі заңдастырылған, бұл банк кепілдігін берудің кәсіпкерлік сипатына және соған ілеспе кәсіпкерлік қауіпке негізделген[56].
Шарттың орындалуын қамтамасыз ету әдістерінің негізгі (басты) талаптарға қосымша сипаты бірталай жерде көрініс табады.
Біріншіден, тек заңды шарттық талаптар, яғни заңды негізде туындаған талаптар ғана қамтамасыз етіледі.
Екіншіден, қамтамасыз етуші шарт талап ету құқығын беруге көнгенде және көптеген жағдайларда осы негізгі шарт бойынша аударғанда негізгі шарттың тағдырына ілеседі.
Үшіншіден, негізгі шарттың тоқтауы, ол қандай негізде тоқтаса да, әдетте, қамтамасыз ететін шарттың тоқтауына әкеп соғады.
Төртіншіден, негізгі шарттың заңсыз болуы оны қамтамасыз ететін шарттың заңсыздығына әкеп соғады, ал бұл норма императивтік, ол өзгедей шарттық салдарлардың болуы мүмкін екендігін қарастырмайды. Ал, қамтамасыз етуші шарттың заңсыздығы қамтамасыз етілетін шарттың заңдылығына еш әсерін тигізбейді, бұл басты шарттың тағдырының қосымша шарт тағдырына тәуелді еместігін көрсетеді.
Негізгі шарттың тағы бір артықшылығы сонда, ол қамтамасыз етуші шарттың тоқтаған-тоқтамағандығына тәуелді емес. Бірақ бұл ережеге кепіл затын ломбардтардың сатуы және жылжымайтын мүлік ипотекасының заттарын соттан тыс мәжбүрлеп сатқызудың кейбір жағдайлары кірмейді, бұл заң шығарушының кепіл берушілер мүдделерін мамандандырылған кәсіпкерлік ұйымдардың — кепіл ұстаушылардың қиянатынан қорғау ниетінен туындаған.
