Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция 2015 іс жүргізу.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
171 Кб
Скачать
☆

1.2 1917-1940 Жж. Қазақстандағы іс жүргізудің кеңестік жүйесінің

қалыптасуы

Қоғамдағы ірі саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалармен тығыз байланысты мемлекеттік басқару және мемлекеттік іс жүргізу салалары кеңестік мемлекетте де маңызды рөл атқарды. Бұны ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы кеңестік мемлекеттік жүйенің даму тарихынан анық көруге болады. 1920 жылы ұйымдастырылған кеңестік басқару институты мен мемлекеттік мекемелер жүйесі кеңестік қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады және осы үдеріспен қатар патшалы империяның іс жүргізу реформасы да өзгеріске ұшырады. Соған қарамастан, ол кеңестік басқару жүйесін бекітіп, оның нақты бейнелеу құралына айналды.

Қазақстанда кеңестік мемлекеттік аппарат ұйымдастырылып, басқару жүйесі қалыптасу жағдайында бір мемлекет аясында топтасқан түрлі ұлт өкілдерінің өзара қатынасу мәселесі өткір мәселеге айналды. Бар мәселе төменгі билік апаратындағы қазақ тілін білмейтін орыс қызметкерлері жергілікті қазақ халқының мұқтажына қарай қызмет көрсете алмады. Әсіресе, толығымен немесе басым бөлігін қазақтар құрайтын болыстарда жағдай күрделі еді.

Бұл мәселенің шешімін табу оңай болмады. Тіл мәселесі күрделі ұлттық мәселесінің бірі болғандықтан Орталық билік осы мәселеде өзіне тиімді саясат жүргізуге бар күш-жігерін салып бақты. Басқарудың негізіне оңтайлы ойластырылған принциптер алынып, басқару тетіктері икемделуге өте қолайлы болды. Мемлекеттік аппаратта өзара қатынасу тілдері болып қазақ және орыс тілдері қатар танылды. Жер-жердегі ахуалды оңтайландыру мақсатында іс жүргізуге қазақ тілін ендіру шараларын қолға алу қажеттігі туды. Күн тәртібіне кеңес органдарының іс жүргізуін қазақ тіліне көшіру, органдарды қазақ қызметкерлерімен толықтыру туралы мәселесі қойылды.

Жер-жердегі ахуалды оңтайландыру мақсатында іс жүргізуге қазақ тілін ендіру шараларын қолға алу қажеттігі туды. Осы жағдай жөнінде «Кеңестік аппаратты жергілікті халықтың тұрмысына бейімдеу, оны еңбекші халыққа жақындастыру және оларды белсенді құрылысқа, жергілікті төменгі кеңестер жұмысына тарту барлық қазақ халқының рухани, саяси және шаруашылық дамуына толықтай және мүмкіндіктерді аса тыңғылықты қамтамасыз ететін қажетті жағдайлар ең алдымен кеңес органдарының іс жүргізуін қазақ тіліне көшіру және органдарды қазақ қызметкерлерімен толықтыру туралы мәселесін алға шығарды», делінген [67, 94 б.].

Сондықтан кеңес органдары іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру бойынша іс-шараларын қолға алуға 1921 жылы кірісті. Бір жағынан, жоспарлы түрде басшылықтың болмауы, екінші жағынан, осы жұмысты жүзеге асыруда тәжірибенің жоқтығы салдарынан бастамалар көп жағдайда нәтиже бермеді. 1922 жылдың соңына дейін жалғасқан іс-шаралар айтарлықтай нәтижелі болмаса да, бір шаралардың өте қажетті екенін, екіншілерінің мақсатсыздығын көрсетіп, тұтастай алғанда іс жүргізуді басқару ісінің ажырамас бөлігі ретінде енгізу және қазақ қызметкерлерін аппаратқа аудармашы ретінде емес, басты негізгі жұмыстарға тарту қажеттігін айқындар берді. Аудармашылық жұмысты қосалқы техникалық жұмыс деп таныған. Расында осы уақытта іс жүргізудің маңыздылығын дұрыс түсініп, оны қажетті деңгейде ұйымдастыруды қазақ зиялылары қолға алған да. Сондай алғашқы шаралардың бірі кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында негізгі заң актілерін қос тілде жариялау, қазақтарды кеңестік аппаратқа тарту шаралары жүзеге аса бастайды. Азамат соғысы салдарынан ұзаққа созылған бұл үдеріс соғыс аяқталғаннан кейін осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру жұмыстары қолға алынады.

1923 жылдың жазынан бастап мемлекеттік органдардың іс жүргізуін қазақ тіліне көшірудің әзірлік жұмыстары қолға алынды. Мемлекеттік мәні бар маңызды іс алғаш Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті (Қазатком) қарамағында ұйымдастырылған ҚазАКСР-де іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру туралы Ерекше кеңес кіріседі. Ерекше кеңестің 1923 жылғы 20 шілдедегі отырысына қатысқан С. Сәдуақасов пен Лобанов бірінші кезекте уездерді қазақша іс жүргізуге көшіру мәселесін көтереді. Уездер бойынша қазақтардың үлес салмағы татарлармен салыстырылып, келесі статистикалық мәліметтер талқыға салынады. Көрсеткіштерді кестеден көруге болады (Кесте 1) [67, 95 б.]

Кесте 1 – Қазақстанның уездері бойынша қазақтардың үлес салмағы

Уез атауы

Қазақтар саны (%)

Татарлар саны (%)

Барлығы (%)

Темір уезі

85,6

1,0

86,6

Шалқар уезі

92,5

0,8

93,3

Ырғыз уезі

98,6

0,8

99,4

Торғай уезі

99,3

-

99,3

Орда уезі

90,2

2,0

92,2

Таловский уезі

97,6

0,9

98,5

Жаңғалы уезі

98,5

1,3

99,8

Теңіз уезі

88,3

0,3

88,6

Жамбейіті уезі

98,3

1,3

99,6

Калмыковский уезі

73,0

2,8

75,8

Гурьев уезі

88,5

0,5

89,0

Адай уезі

97,9

-

97,9

Зайсан уезі

80,2

0,3

80,5

Қарқаралы уезі

97,0

0,3

97,3

Барлығы

91,8

1,0

92,7

Аталған уездерде қазақтардың сандық көрсеткішінің басым екенін ескере отырып, Ерекше кеңес қазақ ауылдық кеңестерімен тек қазақша қатынастар жасасып, болыстық аткомдардың мәжілістері хаттамалары қазақша жүргізілуі тиіс деген шешімге келеді. Уездік аткомдарда отырыс хаттамалары қазақша жазылып, губерния орталықтарымен барлық қатынас түрлері қазақша орындалуы тиіс еді. Аткомдар аппаратындағы орыс қызметкерлері 1924 жылдың 1 қаңтарына дейін қазақтармен ауыстырылды. Білікті сауатты қазақ болмаған жағдайда Ішкі істер халық комиссариатының (халкомат) бағдарламасына сәйкес болыстық атком хатшыларының арнайы курстары арқылы жүзеге асыру көзделеді. Губерниялық аткомдарда қатынасудың мынадай тәртібі белгіленеді: Бөкей, Орал, Ақтөбеде қатынас тек қазақша; ал қазақша іс жүргізуге көшкен уездік аткомдармен қазақша жүргізіліп, губерниялық атком отырысы хаттамалары қос тілде жүргізіледі. Илек, Орал, Ақбұлақ, Ақтөбе, Атбасар, Ақмола, Черлакск үш губерниясы екінші санаттағы басқару аппаратына жатқызылып, оларды іс жүргізу мәселесі кейінге қалдырылды.

Қалған уездер мен губерния орталықтарында губерниялық және уездік аткомдар, сондай-ақ уездік аткомдар қазақшаға көшкен болыстық аткомдармен қазақша қатынасуы туралы шешім қабылданады.

Негізі, қазақша іс жүргізудің осындай жүйелі тәртібін іске асыру бірден мүмкін болмады. 1923 жылы 2 тамызда төменгі аппараттарда қазақ тілін енгізу туралы мәселе бойынша жергілікті жерлердің өкілдерімен Қазатком Төралқасының Ерекше кеңесі өтеді. Кеңеске Төралқа мүшелері – П. Журевский, С. Сейфуллин, С. Сәдуақасов, А. Айтиев, Ә. Жангелдин және Орал, Ақтөбе, Ақмола, Семей, Бөкей, Қостанай губернияларынан Қазатком мүшелері қатысады. Кеңесте С. Сейфуллин өз қызметкерлерімен өткізген жергілікті кеңестерде Қазатком қарамағында тұрақты комиссия құру идеясын ұсынады. Ол сөзінде: «Қазақша іс жүргізуді жоғарыдан да және төменнен де қатар жүргізу қажет. Ол үшін Қазатком, облыстық комитет, Әділет, Ағарту, Ішкі істер, Қаржы халкоматтарының өкілдерінен тұратын комиссия құрылуы қажет. Жеке ұлттарға қатысты бұл мәселенің шешімі жалпы Федерацияның ортақ ісі. Жалпы мемлекеттік қордан қаражат сұрауға талпынып көру қажет, сосын ғана өлкелік және жергілікті бюджеттерден іздестіру керек», - дейді [67, 95-96 бб.]. Қазатком осы шараға басшылық етудің әдістерін жасау мақсатында 29 тамызда құрамында бес адамы бар тұрақты Орталық комиссия құру жөнінде қаулы қабылдайды. Жер-жерде, Орынбор губерниясынан өзге барлық губерниялық аткомдар қарамағында комиссиялар құрылады.

БОАК-нің Төралқасы 1924 ж. 14 сәуірде «Ұлттық облыстар мен республикаларда мемлекеттік органдардың іс жүргізуін жергілікті тілдерге көшіру шаралары туралы» қаулысын қабылдады. Қаулыға сәйкес ұлттық облыстар мен республикаларда кеңес аппаратын жергілікті халықтың тұрмысына бейімдеу, жергілікті халықты белсенді кеңестік құрылысқа тарту мақсатында барлық мемлекеттік органдардың немесе олардың жеке бөліктерінің іс жүргізуін тиісті жергілікті тілдерге біртіндеп көшіру көзделді. Жалпы федералдық деңгейде осы мәселені қарайтын БОАК сессиясының кеңесіне қатысу үшін өкіл ретінде Нұрмақов қажетті материалдармен Мәскеуге жолданады. Ұлттар Кеңесіне берілген баяндамада: «Кезек күттірмейтін және мемлекеттік органдардың кейінгі уақыттардағы қызметіне негіз болатын (мемлекеттік органдарды қазақ қызметкерлермен қосымша штатпен толықтыру, курстар ұйымдастыру, т.б.) кейінге қалдыруға болмайтын шаралар. Оларды Қазақ Республикасының Мәскеудің нақты қаржысынсыз жүзеге асыруға шамасы жоқ... Сізден Орталық іс жүргізу комиссиясы, Қазатком Төралқасы берілген материалдарды қарастыруға, жақын арада көзделген шараларды жүзеге асыруға қажетті қаражатты бөлуге қатысты шараларды мүмкіндігінше іздестіруді сұрайды», - делінген [67, 97 б.]. Іс жүзінде жоспарланған кеңес БОАК сессиясы аясында өтпеген.

«Ұлттық облыстар мен республикаларда мемлекеттік органдардың іс жүргізуін жергілікті тілдерге көшіру шаралары туралы» қаулының бастамасы да, алғашқы үш тармақшасы да шынымен де автономиялық ұлттық республикалар мен облыстардағы жергілікті халықтың мүддесін қорғауға бағытталған, Алайда 4-тармақтағы жергілікті тілдерге іс жүргізуді көшіру РКФСР орталық органдарының жұмысын қандай жағдай болмасын қиындатпауы тиіс, олармен қатынасу орыс тілінде жүргізілу қажеттігі жергілікті халықтардың қос тілді меңгеруге міндеткерлігін мойындатып отыр. Демек, мұның астарында біріншіден, орыстандыру саясатының жалғасатыны, екіншіден, Орталық биліктің саясаты барлық ұлттық аймақтарда еш кедергісіз іске асырылуы жатыр.

Қазақстанда бұл жобаны жүзеге асыру бойынша көзделген ұйымдастыру шаралары оны іске асырудың, нақтырақ қандай әдістерді қандай бағытта және қалай дұрыс қолдану мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Іс жүргізудің зерттеу мақсаттарына сәйкес және зерттеуге алынған объектінің өзіндік ерекшеліктеріне қарай түрлі зерттеу әдістері қолданылды. Зерттеу барысында алдымен мекеме қызметінің жалпы бағыттарымен танысу, оның мекемелер жүйесіндегі орны мен рөлін, қызметінің негізгі мазмұнын, мекеменің өзге мекемелермен өзара қарым-қатынастарының сипаты мен формаларын айқындау жүргізілді. Ұйымдық құрылымды талдау, функцияларды және штат құрамын талдау әдістерін зерттеудің негізгі элементтерін құрады.

1923 жылы іс жүргізу мәселесі бойынша ең маңызды құжат «Іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру туралы» декреті қабылданды. Декрет Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдері мемлекеттік тілдер ретінде танылуын, барлық заң және үкімет актілерінің қос тілде қабылдануын заңды түрде бекітті. Алайда іс жүзінде қазақша іс жүргізуге көшуде де, кеңес органдарын қазақ қызметкерлермен толықтыруда да іс жүргізуді білетін және аппараттарда арнайы ведомстволық жұмыстарды орындай алатын білікті қазақ мамандары жетіспеді. Есепке алынған жеке губерниялардағы қазақша жаза білетін, қандай да білімі бар қазақтардың саны өте аз болды. Көпшілігі мұғалімдер өз мамандығы бойынша кеңес аппаратында жұмыс істесе, қалған қазақ зиялылары өз шаруашылықтарында қалуды жөн санаған. Жергілікті аппараттарда жалақының өте аздығы, уез немесе губерния орталығында жұмысқа бара қалғанның өзінде органдардың материалдық жағдайының төмендігі олардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алмады. Ал мекемедегі жұмыс іс жүргізу техникасын білумен қатар жұмыстың мәнін білуді де қажет етті.

Осы мәселеде Орталық іс жүргізу комиссиясы 1924 жылы болыстық хатшыларды даярлау курстарының жүйесін бекітіп, жер-жерде түрлі сала мамандарын даярлау курстары ұйымдастырылды. Мүмкіндігінше қазақ қызметкерлерінің санын арттыру үшін практиканттар да даярланды. Дегенмен қаражаттың жетіспеуінен нәтиже бермеген бұл шара қазақша іс жүргізуді шапшаң дамытуға оң ықпал ете алмады.

Іс жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ендіруді Қазақстанда іске асыру қолға алынды. Бүкілодақтық құжаттану және мұрағаттану институтының тапсырмасымен жүйенің Негізгі ережелерінің орнықтылық деңгейін тексеру мақсатында ғылым, мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларында отыз мекемеде оны күнделікті қолдану тәжірибесі бойынша сауалнама жүргізіледі. Сауалнама қорытындысы бойынша мекемелердің бірі іс жүргізу үдерістерін механикаландыру және автоматтандыру, екіншісі, хаттарды құрылымдық бөлімшелерге жеткізуді, конверттерді ашуды автоматтандыру, үшіншісі, поштамен жіберілетін құжаттарды өңдеуді автоматтандыру қажет дегенді айтады. Он сегіз мекеме жүйені іс жүзінде өзін-өзі ақтады деп есептейді. Ал арнайы әдістеменің жоқтығынан жүйені ендіру тиімділігін анықтау мүмкін болмаған. Тек Балқаш тау-металлургия комбинатында ғана құжаттарды айналмалы жеткізу орнына пошта тарату әдісін ендіру нәтижесінде жылына 6000 сом үнемделген. Іс жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесінде негізгі бөлігін құрайтын ұйымдық-өкімдік құжаттардың мемлекеттік стандарттарының да орны ерекше.

Іс жүргізуді ұйымдастыру барысында мемлекеттік аппаратты арзандату, сол арқылы экономикалық жағынан күшті әкімшілік-аумақтық бірліктерді құруды көздеген Орталық билік Қазақстанда дәстүрлі бірліктерді, яғни ауылдар мен болыстарды қысқартып ірілендірді. Жүргізілген саясат нәтижесінде еліміздегі 549 болыстың саны 379-ға қысқарды. Негізінен қазақша іс жүргізуге көшіруді себеп етіп, жоспарлы түрде ұйымдастырған осы саясаттың нәтижесінде орыс болыстарының саны қазақтардан 20 пайызға артық болған. Мұндай жағдайда қазақша іс жүргізу мәселесін түпкілікті шешу де мүмкін емес еді. Нәтижесінде Орталық комиссияның қызметі 1926 ж. тоқтатылып, қызметі жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссариатына жүктелді. Партиялық және кеңестік жұмыс шоғырланған бұл мекеме іс жүргізу мәселелерімен айналысуға мүдделілік танытпады. Орталық биліктің қысым көрсету саясаты құжаттарды барынша саяси және идеология мақсатында пайдалануға күш салды. Бүкіл іс жүргізу құжаттары бірыңғай құрылған Мемлекеттік мұрағат қорының құрамына енгізілді. Социализмді орнату концепциясының толық үстемдік етуі үшін басты назар жоспарлау, есебін жүргізу, бақылау функцияларын құжаттауға бағытталды. 1930-шы жж. Мәскеудің өктем де қатал саясатынан тайсалмай республикалық билік органдары орыс тілімен қатар қазақ тілінің де қолданылу аясын кеңейтуге тағы да ұмтылып, ҚАКСР заңдар жинақтарының басылымын ретке келтіруде қазақ тілінің үстемдігін жоғарылатуға ұмтылды. Алайда бұл шара нәтижесіз қалды. Қызыл режим орталықтандыру арқылы басқарудың авторитарлы әдістерімен басқарудың жаңа формасына көшті. Бұл үдеріс Ресейдегі іс жүргізу саласына да өз салдарларын тигізді. 1930-шы жж. басқарудың, іс жүргізудің ғылыми-теориялық мәселелерімен айналысатын Мәскеудегі Оргстрой, Басқару техникасы институты қысқартылып, мамандарды репрессия шарпи бастады.

Қорыта келгенде, 1917 жылғы Қазан төңкерісі шын мәнісінде. Ескі буржуазиялық аппаратты күйретіп, бұқара халық тартылған жаңа мемлекеттік аппаратты қалыптастырды. Бүкілресейлік Кеңестер съезі мемлекеттік биліктің жоғарғы органы болып құрылды. БОАК атқарушы билік орган ретінде съездер арасында тұрақты органы болып сайланды. Алғашқы үкімет – Халық Комиссарлар Кеңесі елді басқару үшін ұйымдастырылып, мемлекеттік басқарудың жекелеген салаларын басқару жаңа құрылған он үш халкоматқа жүктелді. Социалистік принципке негізделген «кеңестік мемлекет» басқару ісін жаңаша ұйымдастыру мақсатында 1917 жылы 11 қарашада заңды түрде ескі помещиктерді, дворяндарды жаңа басқару ісінен аластатты. БОАК мен ХКК-нің «Сословиелер мен азаматтық шендерді жою туралы» декретімен бекітті. Басты қателік осында еді. Себебі кеңестік мекемелерге жұмысқа тартылған арнайы білім жоқ солдат, жұмысшылар жұмыс тимділігіне қол жеткізе алмады. Ең алдымен басқару, сонан соң іс жүргізу деңгейі бірден төмендегені байқалады. Құжаттау мәдениеті төмен деңгейде қала берді. Билікте тәртіп пен жауапкершілікті арттыру мақсатында алғаш «заңдарды бекіту және жариялау тәртібі туралы» декрет қабылданды. 1918 жылы 2 наурызда «мемлекеттік мекемелердің бланкілері формасы туралы» Халық комиссарлар Кеңесінің қаулысы қабылданды, онда құжаттар бланкілерінің міндетті деректемелері бекітілді. Мұның өзі іс жүргізуге биліктің аса көңіл бөлгенін, әрі осы саланы реттемей басқаруды ұтымды ұйымдастыру мүмкін еместігін дәлелдеп берген еді. Сондықтан да іс жүргізуді реттеу және ұтымды жетілдіруге аса көңіл бөлініп, «Орталық билік өкімдерін дәл және жедел орындау және кеңсе сарсаңдығын жою туралы» қаулы қабылданды.

Кеңестік мемлекетке билік жүргізуді басқарудың икемді құралына айналды. Социализмді орнату концепциясының толық үстемдік етуі үшін басты назар жоспарлау, есеп жүргізу, бақылау функцияларын құжаттауға бағытталды. Мәселен, 1921 жылы ақпанда Мемлекеттік жалпы жоспарлау комиссиясы құрылып, оған салалардың және жеке кәсіпорындардың перспективалық және ағымдық дамуын ескере отырып, ортақ шаруашылық жоспарды әзірлеу міндеті жүктелді. Осылай жоспарлау құжаттарының қалыптасуы жүйеге келтіріліп, жоспарлау саласын қажетті деңгейге көтеруге ықпал етті.

Биліктің екінші бір көздегені – шаруашылықты басқарудағы маңызды әрі тимді құрал – статистикалық құжаттарды пайдалану. Статистика органдары Ресейде 1918 жылы, Қазақстанда 1920 жылы орталық және жергілікті жүйелерімен қалыптасады. Экономиканың жағдайы мен перспективалық дамуын зерттеумен айналысатын статистика органдары қызметінде статистикалық құжаттарының салмағы арта түсті. Бухгалтериялық құжаттар өзіндік ерекшеліктері бойынша алдыңғы құжаттарға қарағанда, анағұрлым бірізделген болуы тиіс еді. Себебі қаржы құралдарының қозғалысын тіркеп, бейнелейтін болғандықтан, олар маңыздырақ еді. Бухгалтериялық құжаттарды бір жүйеге келтіруде зерттеушілер патшалық Ресейдің, батыс еуропалық елдердің тәжірибесін жинақтап, басқарудың барлық деңгейінде есепке алуды дұрыс ұйымдастыру, құжаттардың есептік формаларын жетілдіру мәселесімен айналысты. Кадр құжаттарды да мемлекеттің мүдделеріне, оның ішінде кадр саясатына сай жасалып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байлнысты болды. Жұмысқа қабылдау, кадрларды іріктеу және орналастыру, еңбек тәртібін нығайту істерімен байланысты пайда болған кадр құжаттарының дамуы өте қызықты. Жұмысқа қабылдауда анкеталық форма енгізіліп, нақты сұрақтар бойынша демографиялық мәселелері, еңбек өтілімі туралы, туыстары, ескі және қызыл іскердегі қызметі, отбасы жағдайы туралы мағлұматтар алынды. Қазақстанда 1923 жылдан бастап, сауалнамаға руы туралы мағлұмат та енгізілді.

1930-шы жылдардағы Мәскеудің өктем де қатал саясатынан тайсалмай республикалық билік органдары орыс тілімен қатар қазақ тілінің де қолданылу аясын кеңейтуге ұмтылып отырған. Оған дәлел ретінде 1934 жылғы Қазхалкомның 13-қаңтардағы №37 «ҚАКСР заңдар жинақтарының басылымын ретке келтіру және жеткізу туралы» қаулысына сәйкес ҚАЗАКСР заңдар жинақтары мәтіндерімен қоса орыс және қазақ тілдерінде қатар жарияланып, оларды уақтылы жер-жерге жеткізуді қайта ұсынғанын атап көрсетуге болады [67, 113 б.]. Алайда, бұл шара да нәтижесіз қалды. Қызыл режимнің мемлекеттік деңгейде ішкі саясатының етегін тарылтып, оның белгілі күштеу, қысым көрсету әдістерімен нақты бағыттарын айқындады. Ол орталықтандыру арқылы басқарудың авторитарлы әдістерімен басқарудың жаңа формасына көшті. Бұл үрдіс Ресейдегі іс жүргізу саласына да өз ықпалдарын тигізді. 1930-шы жылдары Басқару және іс жүргізудің ғылыми-теориялық мәселелерімен айналысатын Оргстрой, Басқару техникасы институты қысқартылды. Репрессияның алғашқы толқыны осы сала мамандарын да шарпи бастады.

Осы кезеңде басқарудың қатаң орталықтанған командалық жүйесі қалыптасып, күшейе түскен болатын. 1936 жылы КСРО Конституциясы саяси жүйеге айтарлықтай өзгерістер әкеліп, іс үргізуге қатысты жоғары билік органдарының құрылымында да өзгерістер орын алды. Әр басқару құрылымы үшін құжаттардың нақты түрін жариялау өкілеттігінің қатаң жүйесі бекітілді. Мұның өзі жоғарғы билікте жаңалық болып қабылданып, онда құжаттау үдерістерін ретке келтірді. Іс жүргізу басқарудың ажырамас бөлігіне айналған кезде оның жағдайы мен дамуына баға беруде жалпы елдегі басқару жүйесінің сипатын анықтады.

1937 жылы 26 наурызда Қазақ КСР-нің Конституциясы қабылданды. Осы конституцияға сәйкес, Қазақстан автономиялы республикасы одақтық республика болып жарияланды және ол жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті деп аталды. Социалистік мемлекетте «Әр кімнен қолынан келгеніне қарай, әр кімге – еңбегіне қарай» деген принципті басшылыққа алынуы белгіленді. Қазақстан өз еркімен қосылған одақтық кеңестік социалистік республикалар одағына бірікті.

Билік жүйесіне келсек, автономиялы Қазақстанның заң шығарушы, басқару және бақылаушы органы – Орталық Атқару Комитеті жойылды. Жаңа Конституция бойынша билік бөлініске түсіп, заң шығару құқығы жаңа құрылған орган – Жоғарғы Кеңеске берілді. Мұндай өкілеттіктен Кеңестер сиезі, Орталық Атқару Комитеті және Халық Комиссарлар Кеңесі шектетілді. Жоғарғы Кеңестің қабылдайтын заңдары Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы мен хатшысының қолдары қойылғаннан кейін жарияланып отырды. Төрағаның екі орынбасары тағайындалды, Жоғарғы Кеңес сессияларын оның Төралқасы жылына екі рет шақырып отырды.