Замандасқа
Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас! Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас! Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң, Тендік тиер, ешкім күйе жаға алмас. Шөлдеп тапқан судан басын ала алмас, Шөлдемеген суға басын сала алмас. Жаста білген, басқа сіңген тәлімің Өзің өлмей сүйегіңнен қала алмас. Жаста жақсы мінезді іздеп ала алмас Онда біздей хайуан тіпті жаралмас! «Іс Құдайда, ерік біреуде» дегенмен, Біз қозғалмай, жау жабдығын жаба алмас. «Құдай жазды, менде не бар» дегенмен, Мұның бос сөз, һешнені өкпең қаба алмас.
Өлең жанры:саяси лирика
Ақынның заман тақырыбына арнаған өлеңінің бірі.Замандастарын оқуға,білімге шақырады. Он бір,он екі буынға құрылған.1915-1916 жылдары жарық көрген.
Жыбырлақ
Көңілім қорқақ, Тілім шорқақ, Мінсіз емес бозбала! Өнерім аз, Сен өнерпаз, Тапқан лаж, қозғалма!.. Аттап кетсең, Таппай сөксең, Қиянат маған, өте обал. Жүйрік жасқа, Замандасқа Қас қылмасқа қолымды ал! Ақын емес, Ақылды емес, Мақұл да. емес адаммын. Ауа қонса, Қисық болса Айыбы қанша қаламның? Сынға салдым, Шынға салдым, Жас талапкер өзіңе! Сынағанда, Шулағанда, Қисығын айт өзіме! Көкірегі ашық, Көпке ғашық, Анық менің құмарым. Айналмаса, Ойланбаса, Иланбаса жырларым...
Өлеңнің жанры:көңіл-күй лирикасы
Ақын өз өлеңдерінің мәнін түсіндіреді,сынға ұсынады.Шалыс ұйқасқа құрылған.Өлең құрылысының сонылығымен ерекшеленеді.1915-1916 жылдары жазылған.
Маңым
Жақсыға айтып базына, Көңіл тілім сарнайды. Қайғы сызға сөйлесең, Еш құлағын салмайды. Ұйықтап жатыр, «әй» десең, Әсте ұйқысы қанбайды. Қопсыз қоңыр шолағым Жұрт бәйгесін шалмайды. Жапалаққа жем берсем, Тірі тышқан алмайды. Алаламай тең көрсем, Бір бүкпесі қалмайды. Жігерліге сөз айтсам, Жылдамырақ андайды; Жігерсізге қисайтсам, Ат пен киім таңдайды. Қанағатсыз қара жер Жан біткенді жалмайды. Қайырымы жоқ қара кер Құр зорлығын жалдайды. Көңіл, өмір жеп - жеңіл, Бір басымды алдайды. Жалған - жалын, мен - көмір, От жанудан танбайды. Көзі соқыр, көңіл мұз, От жауса да жанбайды. Маған біткен қиын құз Лаулап жанып, қаулайды.
Өлең жанры: көңіл-күй лирикасы.
Заманға сөз арнаған өлеңдерінің бірі әрі бірегейі. Жеті-сегіз буынды өлең. 1915-1916 жылы жазылған өлеңдердің қатарында.
Шым-шытырық
Алған - берген, Қалған - өлген, шым - шытырық қу заман. Жаулаған да, Даулаған да, сұм құзғындай шулаған. Бозбала аусар, Ақылы жансар, қартаймастан алжиды. Замғиды да, Қан құйды да, Алжиды да - шалжиды. Биі әділсіз, Ер кәдірсіз, Қыз да әзілсіз - біркелкі. Досың күлсе, Дұшпан үрсе, Басып жүрсе - өз еркі. Ащы көңіл, Тұщы өмір, Төсек темір, бар ма дос? Қайғы баптап, Оңды шақтап, Сырғанақтап - жүрмін бос.
Өлеңнің жанры: саяси лирика.
Заманның бейнесі суреттеледі. Антонимдерді шебер пайдалану арқылы өлең бейнесі ашыла түседі. 1915-1916 жылдары жазылған.
Жаңылғаным
Жалғанды «жазықты» деп жамандадым, Ол жазықтан өзімді амандадым. Ойладым да отырдым ел табуға, Заманнан жақсы досты таба алмадым. Үш буынды өмірдің бәрі заман, Жирендірген жұрт сөзі оны маған. Кінә, салып, ойсызға иек сүйеп, Орынсызға ұрынған өзім жаман. «Адам таза, өмір қу, тиме!» деген Ездің ісі өз көңілін билемеген. Жамды, жарық дүниені жалғаншы Әлдекімге соқтығып кимелеген. Кінә менде, кеп менде, жазық менде, Байлап, шешу жазықты қазық менде. Уақытша жан қонақ біздің тәнге. Адал, арам жегізер азық менде.
Өлең жанры:көңіл-күй лирикасы
Ақын бұл өлеңінде айналасындағы адамдардан медет таппай,бір сәт адасып қалғандай жаңылғанын жырлайды.Дос таппаған көңілдің жалғызсырағанын жеткізеді.Бұл өлеңі де1915-1916 жылдары жазылған өлеңдерінің қатарында.Метафораларды шебер пайдаланады.
