- •1 Әдебиeтке шoлу
- •Күрдeлiгүлдiлeр тұқымдaсынa және Inula тyысынa жaлпы сипaттaмa
- •Inula туысына сипаттама
- •1.1.1 Inula helenium l. Өсімдігі туралы жалпы шолу
- •1.1.2 Эколого-фитоценотикалық талдау және биік андыздың Іле – Алатауында таралуы мен өсімдіктер жабыны
- •Биік андыздың тіршілік циклы және өсу ортасы.
- •Inula helenium l. Өсімдігінің өсу ортасы
- •2.2 Зерттеу әдістері
- •Зерттеу материалдары мен әдістері
- •2.1 Зерттеу объектісі
- •Зерттеу нәтижелері және талқылау
- •3.1 Биік андыз (Inula helenium l.) популяциясының Іле – Алатау ұлттық паркі аумағында таралуы
- •Шөптесін өсімдіктер
- •3.2 Биік андыз (Inula helenium l.) өсімдігі дамуының жылдық динамикасы, популяциясының қазіргі жағдайы
- •Қорытынды
- •Белгілер мен қысқартулар
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Қосымша
1.1.1 Inula helenium l. Өсімдігі туралы жалпы шолу
Inula helenium L. – Биік андыз, қара андыз – күрделігүлділер тұқымдасына, андыз туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Биік андыз көне дәрілік өсімдіктер қатарына жатады. Бұл өсімдікті ертеде Гиппократ, Диоскорид, Плиния кең қолданған. Плинийдің жазуы бойынша, Зевс пен Леданы Паристің алып қашуы Троян соғысына себепші болған екен. Зевс пен Леданың қызы Еленаның көз жасынан биік андыз өскен деседі.
Айта кету керек, 1804 жылы андыздың тамырында инулин химиялық зат ретінде ашылған. Қант диабетімен ауыратын адамдарға инулин қант және крахмалдың орнына беріледі [24].
Морфологиялық сипаттамасы
Сабағы. Биіктігі 2,5 метрге дейін жетеді. Сабағы тік, қысқа қатты түктері бар, жоғары бөлігі жапырақтанған.
Жапырақтары. Жертаған және төменгі сабақты жапырақтары дөңес-эллипс тәрізді, ұзындығы 15-50 см, ені 10-25 см, жиектері біртекті емес тісті, беткі жағынан аздап қыртысты, қылшықты, астыңғы жағы барқыт-киіз тәрізді;
Себеттері. Аса көп емес, ірі, диаметрі 4-8 см, гүлсидамы ірі, шоқ немесе қалқанға жинақталған; гүлдің тап түбіндегі кішкене жапырақтары кең ланцет тәрізді, орауыштарының ұзындығы 2-4 см, көптеген жапырақшалары бар.
Гүлдері. Алтын-сары түстес, жиектері тіл тәрізді, тар сызықты, ұзындығы 25-30 мм, ені 1,5-2 мм, аяқ жағы қатаң үш тісті, түтік тәрізді гүлдері кері конус тәрізді, ұзындығы 10-15 мм, айдардан қысқа немесе онымен бірдей, жоғарғы бөлігінде бес тісшелері бар.
Тұқымдары. Призма тәрізді, ұзындығы 3-5 мм, қоңыр, жұмсақ, қоңыр-ақ айдарларымен, олар тұқымдарынан 2-3 есе ұзын.
Биологиясы. Маусым, шілде айларында гүлдеп, тамыз, қыркүйек айларында жеміс береді [20].
Тамыры. Тамыры жуан, қысқа, етжеңді, тамырынан көптеген жанама тамырлар тарамдалған. Тұқымдары арқылы және тамыр атпалары арқылы көбейеді.
Таралуы. Кавказда, Орта Азияда, ТМД-ның еуропалық бөлігінің орман және орманды-далалы зонасында, Батыс Сібірде, Жерорта теңізінде таралған.
Сурет 1. Inula helenium L. ареалы [25]
Өсу орны. Өзен жағалуында, ылғалды жайылымдарда, жер асты суы шығатын жерлерде, бұталар арасында, жапырақты ормандарда, ауыл шеттерінде өседі.
Химиялық құрамы. Тамырсабағының құрамында 44%-ға дейін инулин, псевдоинулин, инуленин, сапониндер, эфир майы (4,3%-ға дейін), алантолактон (C15H20O2) (геленин), қарамай, шырыш, дигидроалантолактон (С15Н23О2), изоалантолактон (С15Н20О2), тетрагидроалантолактон, эвдасмадиен – 4, фриделин, даммарадиенилацетат, даммарадиенол, стигмастерин, β-ситостерин, глюкозид-β-ситостерин, γ-ситостерин, проазулен, фитомелан, полиендер және басқа да ацетиленді қосындылар, пектиндер, камфора, балауыз, шайыр, Е витамині, сірке және бензой қышқылы, жоғары алифатикалық көмірсудың бірі нонакозан бар. Липидтер құрамындағы қышқылдар: линолды 63,7, линолды 4, миристинді 0,6, пальмитин 17,5, стеарин, олеин 7,9, пальмитооленді 0,7 [26].
Шөбінде эфир майы (3%-ға дейін), аскорбин қышқылы және Е витамині анықталған [60].
Жапырақтарында –дубильді заттар (9,32%), лактондар (1,19%), фумар, сірке, пропион қышқылдары, фенолды қосындылар, көмірсулар және туыстас қосындылар: инозит. Сесквитерпеноидтар: алантолактон, изоалантолактон, алантопикрин. Витаминдер: С, Е [58].
Тұқымында – 22,3% май қышқылы бар.
Гүлшоғырында – флавоноидтар: кверцетин, 3-метилді кверцетин эфирі.
Тамыр және тамырсабағының құрамында:
күл – 6,23%;
макроэлементтер (мг/г): К – 14,50; Са – 7,40; Мg – 1.90; Fe – 0.50.
микроэлементтер (КБН): Mn – 0.11; Cu – 0.38; Zn – 0.27; Co – 0.11; Cr – 0.04; Al – 0.40; V – 0.15; Se – 10.00; Ni – 0.14; Sr – 0.15; Pb – 0.05; I – 0.13; B – 14.40 мкг/г [27].
Шикізатты жинау және сақтау. Дәрілік мақсатта андыздың тамыры және тамырсабағын қолданады, тіршілігінің екінші жылында жиналады. Өсімдіктің барлық жер асты бөлігін тамыз-қыркүйек айларында немесе ерте көктемде, алғашқы жапырақтар пайда болғанда жинайды. Шикізатты жинау кезінде тамыр жүйесін сабақтан шамамен 20 см радиуста, 30 см тереңдікте сабағынан ұстап, ірі тамырларын сындырып алмай топырақтан шығарады. Өсімдіктің жаңаруы үшін 10 м² жерде бірден кем емес тұқым беретін өсімдікті тиіспей қалдыру керек. Одан басқа биік андыздың эксплуатациясы кезінде келесі ережелерді сақтау керек: бір жерде дайындауды 5 жылда бір рет жүргізу керек, бұл кезде 30% тұқымды өсімдіктерді түрдің жаңаруы үшін қалдыру керек. Қазылған шикізатты топырақтан сілкіп алып, тез суға жуып, сабақтарының қалдықтарын негізінен кесіп, тастай салады, жіңішке түптерін жояды. Тамырсабақтарын және қалың тамырларын бірнеше бөліктерге ұзынынан қалыңдығын 1-2 см, ұзындығын 10-15 см етіп кеседі. Зиянкестермен зақымдалған және қарайған тамыр және тамырсабақ бөліктерін тастайды.
Андыздың тамыр және тамырсабақтарын 2-3 күн ашық ауада құрғатады, ал ылғалды ауа-райы кезінде – бастырманың астында құрғатады. Одан кейін жылы, жақсы желдетілген ғимараттарда немесе кептіргіштерде шикізатты 5 см-ден қалың емес жұқа қабатпен қойып, шикізатты жылытуды 40⁰С-тан асырмайды. Егер жылу кептіргішіне қояр алдында шикізат кеппесе, кептірудің алғашқы температурасын 30-35⁰ С-тан жоғарылатпау керек. Бүтін тамыр мен тамырсабақтарды кептіруге болмайды, сонымен бірге, температураны 50⁰ С-тан жоғарылатпау керек, себебі, бұл жағдайда шикізат буланып және қарайып кетеді. Ауа-райы жақсы кезде оны күн астында кептіреді, күн батқанда бетін жауып қояды. Кептірудің соңын тамырдың сынғыштығына қарап анықтайды. Шикізаттың жарамдылық мерзімі 3 жыл. Кепкен тамырлар сыртынан сұр-қоңыр, кескенде сарғыш-ақ түсті, қоңырқай жылтыр нүктелердің болуымен сипатталады. Шикізаттың өзіндік ароматты иісі бар, дәмі татымды, ащы.
Ірі жапырақтары өскенде немесе сабақтар пайда болғанда, көктемде уақытында дайындалмаған шикізаттың тамыры және тамырсабағы болбыр, босаң болады, ал уақытында жиналған, бірақ ұзақ кептіру кезінде шикізаттың табиғи бояуы өзгереді. Мұндай шикізат сапасыз болып есептеледі.
Фармакологиялық қасиеттері. Өсімдік қақырық түсіретін, қабынуға қарсы әсерге ие, тәбетті арттырады, ішектің перистальтикасын азайтады, асқазан сөлінің секрециясын төмендетеді. Халықтық медицинада зәрді айдайтын және ішек құртына қарсы қолданады. Андыздың негізгі биологиялық активті заты алантолактон және онымен бірге жүретін эфир майының терпеноидтары болып саналады.
Медицинада қолданылуы. Жер асты бөлігі. Қайнатпасын – бронхит, бронхиальді астма, өкпелердің қабынуында, эмфиземада, өкпелердің туберкулезінде, асқорыту трактісінің аурулары кезінде (жоғары секрециялы гастриттерде, энтероколиттерде, инфекциялық емес іш өту кезінде, тәбеттің болмауы кезінде), бауыр аурулары кезінде, сонымен бірге, тері аурулары кезінде (экзема кезінде, нейродермит және басқа дерматоздарда, тері аллергиялық процесс брохиальді астмамен немесе ішек құртты инвазиямен байланысқан жағдайларда және ауыр жазылатын жаралар кезінде) қолданады. Халықтық медицинада – ішек құрты инвазиясы кезінде, аурулы және жүйелі емес етеккір кезінде, қаназдықта, бүйрек ауруларында, геморрой, қант диабеті кезінде қолданады. Тұнба – өкпелердің қабынуында, бронхиттерде, трахеиттерде, суық тию кезінде, жоғары қан қысымы кезінде, геморройда және әр түрлі тері аурулары кезінде қан тазартатын зат ретінде қолданады. Қайнатпа – өкпелердің ауруы кезінде, гастриттерде, колиттерде, холециститтерде, асқазанның жарасы ауруы кезінде және панкреатиттерде, гипертоникалық аурулар кезінде; сырттай шаю ретінде – ауыз қуысы және тамақтың қабыну процесстері кезінде; ванна және жуыну түрінде – тері аурулары кезінде. Жақпа май – экзема және терінің қышуы кезінде. Шырын – жөтел және бронхиальді астма кезінде. Балғын тамыр және тамырсабақтарының эссенциясын гомеопатия кезінде қолданады. Болгар халық медицинасында тұнбасын – жүрек соғуында, бас ауруларында, эпилепсия, коклюште қолданады. Практикалық медицинада қайнатпасы – неврозда, қант диабетінде,иатеросклерозда, қарын асты безі ауруларында, ингаляция – өткір респираторлы инфекциялар кезінде, балық майы және вазелин қосындысында – полиарттриттер кезінде, гинекологияда – альгодисменореяда, аменореяда, ерте туудың алдын алу мақсатында, гипоменструальді синдром кезінде, тұнба (бал қосып) – жүкті әйелдер үшін жалпы күш беретін, сергіту үшін, стоматологияда – пародонтозда, катаральді және жаралы гингиво-стоматитте қолданылады.
Дәрілік формалары, қолдану әдісі және дозасы. Андыздың тамыры және тамырсабақтарының қайнатпасын (Decoctum rhizome et radix Inulae helenii): 16 г (1 ас қасық) шикізатты эмальді ыдысқа салып, 200 мл ыстық қайнаған су құяды, бетін жауып, қайнап тұрған суда жиі араластыра отырып 30 мин қыздырады, бөлме температурасында 10 минут бойы суытып, қалған шикізаттың суын сарқиды (сығады). Алынған қайнатпаның көлемін қайнаған сумен 200 мл-ге дейін жеткізеді. Дайын болған қайнатпаны салқын жерде 2 тәуліктен аса сақтамайды. Жылы күйінде ½ стаканнан күніне 2-3 рет тамақ ішерден 1 сағат бұрын қабылдайды. Бал немесе тосап қосып ішуге болады.
Аллантон (Allantonum) – биік андыздың тамырынан жасалған препарат. Құрамы сесквитерпенді лактондар суммасынан тұрады. Сұрлау-сары жұмсақ консистенциялы, дәмі ащы, әлсіз ароматты иісі бар. Суда ерімейді, спиртте қиын ериді. Аллантон асқазанның сілемейлі қабығындағы қан айналуды күшейтеді, жараның жазылу процесін күшейтеді, байланысқан тұз қышқылының санын арттырады және пепсин мөлшерін азайтады, ол аурудың өтуі барысында оң әсер етеді. Препарат тәбетті арттырады, дене массасының артуына жағдай жасайды, әсіресе әлсіреген ауру адамдарда. Асқазан және он екі елі ішектің жарасы аурулары кезінде қолданады. 1 таблеткадан күніне 3-4 рет тамақтан 30 минут бұрын қабылданады. Емдеу курсы әдетте 4-6 апта. Бір уақытта басқа да жараға қарсы препараттар тағайындауға болады. Емделудің алғашқы күндері асқазан аймағында аурудың өршуі, асқазан қыжылы байқалуы мүмкін. Бұл құбылыстар әдетте өздігінен жүзеге асады. Аллергиялық реакциялар кезінде препаратты қабылдау тоқтатылады. бір Орамада 0,1 г-нан 100 дана таблеткалар түрінде шығарылады.
Андыздың тамыры және тамырсабағының шырынын балмен араластырып (1:1), жөтел және бронхиальді астма кезінде қолданады.
Андыздың тамыры және тамырсабағынан тұнба: 20г шикізатты 400 мл салқындатылған қайнаған суда 8 сағат тұндырады. ½ стаканнан күніне 4 рет тамақтан 30 минут бұрын қабылдайды.
Андыздың тамыры және тамырсабағынан қайнатпа:100г балғын шикізатқа 1 л су құйып, 4 сағат қайнатады, одан кейін сүзгіден өткізеді. Тері аурулары кезінде ванна және шайынулар түрінде қолданады.
Андыздың тамыры және тамырсабағынан тұндырма. Тұндырманы спиртте немесе арақта (1:10) 15-20 тамшыдан күніне 3 рет қабылдайды. Он екі елі ішектің жарасы ауруы кезінде тұндырманы 1 ас қасықпен ішеді, одан кейін 2-3 ас қасық шошқа майын қабылдайды.
Андыздың тамыры және тамырсабағынан ұнтақ: аз дозада (пышақтың ұшындай) тамақтан бұрын күніне 3-4 рет қабылдайды.
Қолдануға болмайтын жағдайлар және жағымсыз әсерлері: андызды жүрек-қантамыр жүйесінің, бүйректің ауыр аурулары кезінде, жүктілікте қолдануға болмайды. Биік андыздың препараттарын тек дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек. Артық дозаланған жағдайда улану белгілері пайда болуы мүмкін [28].
Жылқыларды андыздың 4,2 кг, қойларды 1,8 кг мөлшерде қоректендіру жануарлардың өліміне әкеледі. Улану белгілері: сілекей ағу, жалпы әлсіздік, тәлтіреушілік, жүрек қызметінің әлсіреуі, тыныс алудың баяулауы, комалық жағдай.
Басқа салаларда қолданылуы. Тамыры және тамырсабағынан маталар үшін көк бояу алынады (тұнбаны калий карбонатымен немесе калий сілтісімен араластырып). Тамырсабағын арақ өндірісінде шараптарды бояу және ароматизациялау үшін, кондитерлік өнімдерді консервілеуде шикізат ретінде қолданылады. Дәмдеуіш ретінде зімбілдің орнына қолдануға болады. Қазақ ұлттық ветеринариясында тамырсабағымен жылқылардың маңқа ауруын емдеген. Балды өсімдік. Декоративті мақсатта да қолданылады. Биік андыздың бақшалық формаларын парктердегі, орман парктеріндегі, тас жол және темір жол бойындағы ылғалды жерлерде отырғызады. Андыздың тамырсабағын диабетикалыық тамақтану өнімдерін жасау үшін, ал оның құрамындағы эфир майларын сусындарды, кәмпиттерді ароматизациялау үшін, парфюмерияда – крем, лосьон, сабындар дайындауда қолданады. Алғашында андызды дәрілік шикізат алуда кең қолданса, қазіргі таңда декоративтік өсімдік ретінде де жиі қолданылуда [29].
Сурет 2, 3. Inula helenium L. өсімдігінің морфологиялық көрінісі [30].
