Тоғызқұмалақ ойынының қағидасы, заңдылықтары
Ережеде тақтада ойналатын зияткерлік ойынға қатысты, әрі ойын барысында кездесетін барлық жағыдайды ескере бермейді және ұйымдастыру мәселелерінің барлығын қамти алмайды. Ереженің бабымен толық реттелмейтін жағыдайлардың шешімі, ережеде қаралатын ұқсас жағыдайлардың негізінде жарыстың Бас төрешілер алқасының жиналысында қабылданады. Ереже төрешілердің қажетті құзыретке ие, ой-білімі жеткілікті және үнемі нақты болатына сүйенеді.
Тоғызқұмалақ ойынының мәні – адамға үйлесімді (гармониялық) тәрбие беру, кез-келген жанның ақыл-ойын шыңдау, ми қызметін дамыту және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру.
Тоғызқұмалақ-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған баға жетпес сыйы, рухани құндылығы, аманаты. Бұл ойын ең жетілген спорт түрлерінің бірі ретінде адамзатты жаңа шыңдарға жетелейтін ойы кең, рухы биік, саналы тұлғаларды тәрбиелеудің қуатты құралы бола алады.
Заңдылықтары:
- тоғызқұмалақ ережелерін қолданудың бір ізділігін қамтамасыз ету, жарыс өткізу
жүйесін бір қалыпқа келтіру;
- спорттық шеберлікті және зияткерлік қабілетті арттыру;
- ұлттық ойынды халық арасында кеңінен насихаттау және ары қарай дамыту.
Ойыншы ұстанымы
Ар-ұждан – бұл ойыншының басты ішкі адамгершілік қасиеті, оның айбыны, ізгі жаны және таза ары.
1. Өз отанының адал азаматы болу.
2. Шығармашыл, өз ойлары мен істерінде дербес, іс-әрекеттері мен ниеттерінде игілікті де парасатты болу.
3. Қандай жағыдай болмасын сыпайылық пен кішіпейілділік танытып, өзін-өзі ұстай білу, белгіленген қоғамдық тәртіп ережелері мен жеке адамдар қарым-қатынастарының қағидаларын сақтау.
Тоғызқұмалақ сөздігі
- «Тоғызқұмалақ тақтасы» - тең екі бөлікке бөлінген 18 тік отаудан және 2 көлденең қазаннан тұратын арнаулы тақта.
- «Құмалақ» - ойында пайдаланылатын шар пішінді эат.
- «Отау» - тоғызқұмалақ тақтасындағы құмалақтар орналасатын арнайы ұяшық.
- «Қазан» - ұтып алынған құмалақтар салынатын көлденең отау.
- «Бастаушы» - ойында алғашқы жүріс жасайтын ойыншы.
- «Қостаушы» - бастаушыдан кейін жауап жүріс жасайтын ойыншы.
- «Арт» - бірінші отаудың атауы.
- «Тектұрмас» - екінші отаудың атауы.
- «Ат өтпес» - үшінші отаудың атауы.
- «Атсыратар» - төртінші отаудың атауы.
- «Бел» - бесінші отаудың атауы.
- «Белбасар» - алтыншы отаудың атауы.
- «Қандықақпан» - жетінші отаудың атауы.
- «Көкмойын» - сегізінші отаудың атауы.
- «Маңдай» - тоғызыншы отаудың атауы.
- «Тұздық» - қарсыластың жағынан ұтып алынған отау.
- «Атсырау» - ойын соңына қарай жүрістің таусылуы.
- «Тақ сандар» - екі санына қалдықпен бөлінетін сандар.
- «Жұп сандар» - екі санына қалдықсыз бөлінетін сандар.
- «Ашық отау» – тақ санды құмалақтар жатқан отау.
- «Жабық отау» – жұп санды құмалақтар жатқан отау.
- «Табысты жүріс»-ұтысқа ие болған жүріс.
- «Табыссыз немесе кезекті жүріс» - ұтысқа ие болмаған жүріс.
- «Диаграмма» - тоғызқұмалақ тақтасының қағазға немесе тақтаға түскен сұлбасы.
- «Тур» - ойынның реттілігі.
- «Бланк» - жазу қағазы.
- «Блиц» - шапшаң ойын.
- «Прогресс коэффициенті» - даму немесе өрлеу коэффициенті.
