3. Ж. Аймаутовтың этнопедагогика жөніндегі көзқарасы.
(1889-1931)
Ұзақ жылдар бойы « Ұлтшыл әдебиет өкілі» деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса, қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдарының саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми зерттеу еңбектерін жазумен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған тұлға.
Ж. Аймауытов өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт бағдарын 1918жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми –қоғамдық « Абай» атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: « … қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді»,-деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды өзінің тыныс- тіршілігінің өмірлік арқауы етіп алады. Осы журналдың 1918 жылғы 1,2-сандарында Ж. Аймауытовтың « Тәрбие» атты көлемді мақаласында тәлім – тәрбиелік ой-пікірлері ғылыми тұрғыда терең баяндалған.
Ж.Аймауытов: « Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен»,-дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын дене тәрбиесі және жан тәрбиесі болып бөлінетіндігін көрсетеді.
Ж. Аймауытов балаға әсер ететін медресе және тәрбиеші деп санайды… «Кейде,-деп жазды ол,- белгісіз себептермен күшті ықпал ететін, әсер туғызатын жағдайлардың да болуы ықтимал. Ол замандастары( құрбы құрдастары), туған ауылы, өскен ортасы, оның діні, тілі һәм басқа да нәрселер» деп, тәрбие мәселесіне ықпал ететін факторларды тізбектеп талдайды. Ол ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. « баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт- жас күнінде көрген өнеге. Ол өнеге әке шешесінің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата –ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. « Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қыталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектілікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол әрине, ата-ананың тәрбиесі.
Ж. Аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандардан өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалын, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.
Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесінде туған елдің әдет ғұрпы мен салт санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады», – деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.
Ж.Аймауытовтың педагогика ғылыми саласындағы жүйелі ой пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған « Тәрбиеші жетекші» атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Ж.Аймауытов « Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі – дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдіспен табан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер… Дидактика мұғалімге жалпы жол –жоба көрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды», – деп, оқыту, білім беру әдісінің қатып – семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс -әрекет екенін дұрыс атап өтеді.
Ж. Аймауытов білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: « Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жаралғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның баолық толқындарыын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі», – деп, оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани – мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екенін, оны жан жақты және терең меңгеру қажеттігін баса көрсетеді. Бұл пікір ұлт тілінің абыройын көтеру жөніндегі бүгінде жүргізіліп жатқан шаралармен үндес, өзінің өзектілігін жоймаған, жаңара жандана түсетінін дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Ж. Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгеніне, өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін еместігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеу қажеттігін баса айтады.
