Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
01 диплом.docx
Скачиваний:
4
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
165 Кб
Скачать
☆

1.1 Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректер және зерттелуі

Мемлекет жайлы, оның пайда болу себептері, мәні, мемлекетті басқарудың түрі мен тәсілдері төңірегіндегі ой-толғамдар, ғылыми зерттеулер мен пікірталастар мыңдаған жылдардан бері үздіксіз жүріп келе жатыр.

Қазақ хандығының құрылуы барысы туралы ортағасырлық мұсылман деректері мен халық ауыз әдебиетінің материалдарында мәліметтер кездеседі. Жазба дерек мәліметтерінің өзін мәселеге қатыстылығына қарай шартты түрде мәселеге тікелей қатысты және жанама қатысты деп екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы деректерге – Қазақ хандығының құрылуы барысын тікелей баяндайтын тарихи шығармалардағы мәліметтер жатса, екінші топқа – мәселені тікелей қамтымаса да, XV ғасыр ортасындағы, яғни Қазақ хандығының құрылуы қарсаңы мен құрылуы барысындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан, Мауереннахр аумақтарындағы саяси оқиғалар мен этникалық үрдістерді баяндайтын мәліметтер жатады.

Хандықтың құрылуы туралы Қазақ ғылымы мен мәдениетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, халқымыздың тұңғыш тарихшысы - Мұхаммед Хайдар Дулатисыз тану мүмкін емес. Күні бүгінге дейін Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеушілердің, тіптен түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеген европалық ғалымдардың қай-қайсысын алсақ та, оған жүгінбей, еңбегіне соқпай кете алмасы анық екені белгілі. Мұхаммед Хайдар Дулатидың (1499-1551жж. өмір сүрген) «Тарих-и Рашидиінде» [2] Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп Жетісудың батыс жағындағы Шу өзені мен Қозыбасы тауы аралығына орналасуы, Керейдің хан сайлануы, көшіп келгендердің «қазақтар» деген атауға ие болғандығы, Әбілқайырға наразы ру-тайпалардың Керей мен Жәнібек хандарға қосылуы, аз уақытта қазақтардың саны 200 мыңға жетуі, Әбілқайыр ханның өлімінен кейін оның мұрагерлері арасында тақ үшін таластардың болғандығы, оның мұрагері Шайх Хайдарға қарсы көршілес елдер билеушілерінің бірігіп күрес жүргізуі, олардың ішінде қазақ билеушілерінің болуы және тағы басқа Қазақ хандығының құрылуына тікелей қатысы бар мәліметтер баяндалады.

XV ғасыр ортасындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан, Мауереннахр аумақтарындағы саяси оқиғаларды баяндайтын шығармаларға мынадай мәліметтер жатады. Олар мыналар: Масуд бен Осман Кухистанидың «Тарих-и Абулхайр-хани» [25], Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» [26], Қадырғали Жалайрдың «Жылнамалар жинағы» [27], Әбілғазының «Түрік шежіресі» [28] және тағы басқа шығармалар жатады. Бұл деректердегі мынадай мәліметтердің: XV ғасыр ортасындағы Әбілқайыр хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, «көшпелі өзбектердің» этникалық құрамы, 1457 жылғы Әбілқайыр ханның қалмақтармен соғысы және оның қорытындысы, Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы, оның темір ұрпақтарымен қарым-қатынасы, Шахрух өлгеннен кейінгі жылдардағы (1447 жыл) Мауереннахрдағы қалыптасқан саяси жағдайлар және тағы сол сияқтылардың Қазақ хандығының құрылуына жанама түрде тигізер көмегі бар.

Жазба деректерден басқа халық ауыз әдебиетінің материалдарында да Қазақ хандығының құрылуы көрініс береді. 100 томдық «Бабалар сөзі» атты[23] жинаққа «Ақжол бидің өлімі» жөніндегі тарихи аңыз – әңгіме енген екен. Әңгімеде Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себептері, екі ханды қолдаған қазақ ру-тайпалары туралы құнды мәліметтер кездеседі. Жалпы алғанда, Қазақ хандығының құрылуын мәселеге тікелей және жанама қатысты дерек мәліметтері мен ауыз әдебиетінің мәліметтерін бір-бірімен толықтыра, салыстыра отырып қарастыру көп ғылыми нәтижеге қол жеткізеді.

Қазақ хандығының құрылуы мәселесі тарих ғылымында XIX ғасырдың 60-шы жылдарынан бері зерттелініп келеді. Сол жылдардан қазіргі күндерге дейінгі 150 жылдай аралықта тарихшылар осы мәселені зерттеуде көп еңбек сіңірді, көптеген сұрақтарға жауап тапты, тақырыпқа қатысы бар тың мәселелерді күн тәртібіне көтерді.

Шартты түрде мәселенің зерттелуін төрт тарихнамалық кезеңге бөлуге болады.

Бірінші тарихнамалық кезең – ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасы мен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы аралығын қамтиды. 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зерновтың «Исследование о Касимовских царях и царевичах» атты[7] зерттеуінің екінші бөлімінің жарыққа шығуымен және онда алғаш рет Қазақ хандығының құрылуы жөнінде тарихи деректердің айналымға енгізілуімен, мәселе тарих ғылымында күн тәртібіне қойылды деп санауға болады. Ал ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына таман, кеңес Одағында қоғамдық ғылымдарға маркстік-лениндік методологияның үстемдігі орнап, тарихқа таптық тұрғыда қараудың белең алуы тарих ғылымы үшін бір кезеңнің аяқталып, жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Соған байланысты біз қарастырып отырған мәселені зертттеу барысында да теориялық және методологиялық тұрғыда өзгерістер болады.

Мәселенің екінші тарихнамалық кезеңі ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары аралығын қамтиды. Бұл кезеңнің басты ерекшелігіне маркстік-лениндік методологияға сай барлық тарихи оқиғалар мен зерттеулер тек таптық тұрғыда қарастырылып, соған сай тұжырымдар мен қорытындылар жасалды. Қазақ хандығының құрылуы мәселесі де осындай көзқарастар негізінде зерттеледі.

Үшінші тарихнамалық кезең – сол ғасырдың 50-80-ші жылдары аралығын қамтыды. Осы үшінші тарихнамалық кезеңнің басты ерекшелігі – тарих ғылымына идеологияның үстемдік құрған кезеңі болса да, мәселемен осы жылдары арнайы мамандығы бар, кәсіби зерттеушілердің айналысуы жатады.

Қазақ хандығы құрылуының соңғы тарихнамалық кезеңіне өткен ғасырдың 90-шы жылдары мен қазіргі кезеңге дейінгі зерттеулерді жатқызамыз. Соңғы тарихнамалық кезеңнің басты ерекшелігі – бірнеше ондаған жылдар бойы тарих ғылымына үстемдік келген идеолгоияның күшін жойып, тарих пен тарихи процесстерді таптық тұрғыда емес, керісінше одан да кең ауқымды ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырудың орныққаны жатады.

Бірінші тарихнамалық кезеңдегі зерттеулерге В.В. Вельяминов-Зерновтың[22], М. Тынышбаевтың[23] және орыс зерттеушілерінен В.В. Радловтың, Н.А.Аристовтың, И.И Крафтың, В.В. Бартольдтың, Ш.Құдай-бердіұлының, Л.П. Чулошниковтың еңбектері жатады. Осы кезеңдегі мәселенің зерттелуіне, оның негізгі бағыттары мен пікірлері және тұжырымдарын былайша қорытындылауға болады.

- 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зернов еңбегінің екінші бөлімі жарыққа шығуымен және онда Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мәліметтердің орыс тіліне аударылып ғылыми айналымға енгізілуімен Қазақ хандығының құрылу тарихы мәселесі күн тәртібіне қойылады.

- Деректе айтылатын Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі – Қазақ хандығының құрылуындағы басты оқиға ретінде қабылданды, оны ешбір зерттеуші теріске шығармайды.

- Шәкәрім Құдайбердіұлының ғылыми айналымға енгізген ауызша мәліметі Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі схемамен сәйкес келіп, оны мазмұндық жағынан байыта, толықтыра түседі.

- ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін хандықтың құрылуын зерттеушілер «Қазақ Одағы» деп атап, одан әрі саяси, әрі этникалық мәндер берсе, М.Тынышбаев[28] оны «Қазақ хандығының қалыптасуы» және «Қазақ хандығының құрылуы» деген сөздермен өзгертіп, «Қазақ одағын» жіктейді.

- Қазақ хандығының құрылуы мәселесі осы тарихнамалық кезеңнің соңына таман жалпы мәселелер шеңберінен шығарылып, жеке тақырыпқа айналады.

- Қазақ хандығының құрылуы жалпы алғанда Алтын Ордасының тарихымен, нақты алғанда оның бір бөлігі болып саналатын Шибан Ұлысының ыдырауымен тікелей байлаыстырады.

- Керей мен Жәнібек хандарды қолдаған ру-тайпалар бір сәтте құрылмаған, олар бөлініске дейін бірнеше ондаған жылдар бұрын пайда болған.

- Хандықтың құрылған жылы деп кезінде В.В. Вельяминов-Зерновтың шамамен шартты түрде ұсынған 1456 жылы осы тарихнамалық кезеңде «Тарих-и Рашидидің» дерегі ретінде қабылдана бастайды да, барлық зерттеушілер осы жылды нақты атап көрсете бастайды.

- Осы тарихнамалық кезеңде ортағасырлық дерек мәліметтерінің бірталайының ғылымға белгісіз болуы себепті Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысы бар бірнеше оқиғалардың даталары қате беріледі. Олар мыналар:

а) Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісі 1452, 1456 жылдары болған делінеді;

ә) Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылы – 1465-66 жыл деп түсіндіріледі.

Жалпы, осы кезеңдегі зерттеушілер Қазақ хандығының құрылуы тарихнамасының іргесін берік қалыптастырады. Әлі күнге дейін осы бірінші кезеңдегі тарихнамалық пікірлер мен тұжырымдардың көбі өздерінің ғылыми құндылықтарын жоғалтпай келе жатыр.

Қазақ хандығы құрылуына қатысты С.Асфендияров[29],К.А. Пищулина[9],Т.И.Сұлтанов[6],М.Қ.Әбусейтова[30],В.П.Юдин[13],И.В.Ерофе-еваның [24] секілді белгілі шығыстанушы-ғалымдар мәселені терең зерттеуге күш салады. Олардың пікірлері мен тұжырымдары мәселенің тарихнамалық базасын кеңейтіп, байыта түседі.

Қазақ хандығының құрылуының тарихнамасындағы қазіргі кезең 1991 жылдан басталып, күні бүгінге дейін жалғасуда. Осы кезеңде Қазақ хандығының құрылуы мәселелері бұған дейінгі тарихнамалық кезеңде есімдері аталған Т.И. Сұлтанов[19], К.А. Пищулина[9], М.Х. Әбусейтова-лардың[30] зерттеулерінде жалғаса берсе, олардың қатары өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап жаңа есімдермен толыға түседі. С.Жолдас-байұлы[31], З.Қинаятұлы[18], Б.Кәрібаев[15] сынды тарихшылар өз зерттеу-лерінде тың ойлар мен пікірлер айтып, мәселенің тарихнамасын байыта түседі.

Қазақ мемлекеттігінің тарихын ғылыми таным биігінен дәуірлегенде біз басты методологиялық ұстанымдарға мемлекеттік тәуелсіздік, аумақтық орналасуы, қоғам мүшелерінің еркіндігі, биліктің тармақталуы, заңның әділдігі мен қолданылуы, жеке тұлғаның тарихтағы ролі, елдің ішкі-сыртқы бәсекеге қабілеттілігі мәселелерін жатқызамыз.

Кез-келген тарихи дәуірлеудің әлқиссасы зерттелмек оқиғаның, құбылыстың қашан, қай кеңістікте, қалай дүниеге келгенін анықтаудан басталады. Қазақ мемлекетінің пайда болу тарихы бұл өлшемнен тыс тұра алмайтыны баршаға түсінікті. Оның үстіне қазақ мемлекетінің тарихын Орда-Ежен алғашқы ханы болған Ақ Ордадан, Орыс ханнан бастауды дәйектеген зерттеулер жарық көргені және бар. Теориялық-методологиялық тұрғыдан дәйексіз әрі ақиқатқа апаратын ұмтылыс емес. Өйткені Ақ Орда мемлекеті империялық дағдарысы асқынған Алтын Ордадан бөлініп шыққанымен өзінің, халқының тәуелсіздігін қорғай алмады, бірде Әбілқайырға, бірде Тоқтамысқа, бірде Ақсақ Темірге бағынышты күн кешіп, мемлекеттік шекарасы қалыптаспай, этникалық тұтасуы аяқталмай, тарих сахнасынан түсіп қалған саяси құрылым.

Оңтүстік Қазақстан мемлкеттік педагогикалық институтының ұйымдас-тыруымен Қазақ хандығының 550 жылдыға арналған "Қазақ хандығы – Мәң-гілік ел идеясы: тарихи тағдыры мен тағылымы" атты халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференциясы өтті[20]. Конференция материалдарында Қазақ хандығының 550 жылдығы дегенде бірқатар басын ажырата қарайтын мәсе-лелер де жоқ емес екендігін көрсеткен мақалалар жарияланды.

Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік құрылымның пайда болуы мерзімі-нің көрсеткіші бола алмасы анық. Қазақстан аумағындағы мемлекеттілікке сақтар мен Үйсін дәуірінен бастар болсақ кемінде екі жарым мың жыл деп айта аламыз. Көрші туысқан халықтар солай қарап та келеді. Мысалы қыр-ғыздар өз мемлекеттігінің екі мың екі жүз жылдығын атап өткені белгілі. Ал ортағасырлардағы Қазақ хандығының тарих сахнасына дербес мемлекет ретінде пайда болып қалыптасуы мен бүгінгі қазақ халқының тәуелсіз елінің дербес қазақ атауымен белгілі болуы тұрғысынан алғанда біз мерекелеп отырған мерей жылмен сәйкес келеді. Сол ортағасырлардағы мемлекеттікті құрған және нығайтқан хандардың тарихы ерекше зерттеуді ғана емес, олардың тұлғасын тану жұмыстары қазақ халқының салт-дәстүр, дүниетанымдарымен біртұтас байланыста кешенді қарастыруды қажет етеді. Бүгінге дейін бұл бағытта негізінен сыңаржақты бағалаулар басымдық танытып келгені шындық.

«Тарихи Рашидидегі» [2] Қазақ Хандығының пайда болуы туралы екін-ші мәлімет 1546 жылы жазылған бірінші дәптерде де бар. Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуі Есен-Бұға хан тұсында болғандықтан «Есен-Бұға ханға әмірлердің қарсылығы және сол кезде болған оқиғалар туралы баяндау» деген бірінші дәптер тарауында бұған арнайы тоқталып өтеді. «Тарихи Рашидидегі» екінші мәліметте Қазақ Хандығының Шу мен Қазыбасы аймағында құрылғандығы, сондағы қазақтардың саны 200 мыңға дейін жеткендігі және қазақ хандығының билік құра бастаған жылы туралы бірінші мәліметте кездеспейтін фактілер бар. Сондай-ақ Қазақтар және Қазақ Хандығы туралы мәліметтер 1537-1538 жылға дейін, яғни Бұйдаш ханға дейін келтіріледі. ал екінші дәптердегі мәлімет 1513 жылға дейін, яғни Сұлтан Сайд ханның Қасым хан ордасына баруымен шектелген болатын [2,110]. Шығармадағы бір мәселе туралы айтылған екі мәліметті салыстыра отырып, соңынан жазылған мәліметті автор арнайы жазған дейміз және Қазақ Хандығының құрылуы туралы ең құнды, ең басты мәлімет деп санауға болады.

Керей мен Жәнібек хандар Мин Шилу (Мин патшалығының хроникалық жазбалырнда кездесетіндігін Бонн университетінің магистр зерттеушісі Нұрлан Кенжеахметтің мақаласында көрсетеді[32]. Ол бұрын Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығында қол­данылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орталық Азияда ғана қолданылды. Синолог-қытайтанушы ғалымдардың пікірінше, қытай деректемелерінде ең алғаш «қазақ» этнонимі мәнчжүрлік Цин империясының (1644-1911) XVIII ғасыр­дың алдындағы Орталық Азиядағы халықаралық қатынастарына байланыс­ты ізденістер кезінде табылды. Француз шығыстанушысы Пол Пеллио (1878-1945) Цин деректемелерінде кезігетін қытайша Хасакэ этнонимі түрікше «қазақтың» дыбыстық аудармасы емес, моңғолша Хасэктың-қазақ этнонимінің моңғолша аты дыбыстық аудармасы екенін тілге тиек етеді. Мин патшалығының әйгілі орда хроникасы Мин шилу (Мин патшалығының нақты хроникалық жазбалары, бұдан былай – МШЛ) деректемелерінде Мин ордасы дипломатиялық қатынас орнатқан елдерден сырт, өздері естіп-білген елдер, тіпті, қиырдағы шағын иеліктер туралы егжей-тегжейлі деректер хатталған. Мин шилу – Қытайды 1368 жылдан 1644 жылға дейін билеген, Мин патшалығы деген атпен белгілі болған мемлекеттің 15 патшасының күнделікті шынайы тарихын баяндайтын 3045 томдық мұрағаттар жинағы. Оған енген мазмұндар Қытайдың күнделікті дипломатиялық қимыл-істерінен, әкімшілік-жарлықтарынан құралған бірінші материалдар болып табылады. Өкінішке қарай, синолог ғалымдар осыған дейін қазақтар туралы естеліктерді МШЛ жазбаларынан кезіктірмеген. МШЛ деректе­рінде Қазақ хандығы туралы мәліметтер кездеседі. Бұл деректердің синолог ғалымдардың назарына ілінбеуінде екі түрлі себеп жатты: біріншіден, этноним құрамында күрделі, екі түрлі оқылатын иероглифтің болуы; екіншіден, қазақтардың әу баста жай ғана өзбек немесе өзбек-қазақ деп аталғанын ескермеуі. Керей мен Жəнібек хандар тұсындағы олар негізін қалаған мемлекетке МШЛ Қазақ хандығы атауын қолданбайды. Мин патшалығының орда тарихшылары Қазақ хандығымен іргелес басқа елдерді де олардың қосалқы аты бойынша немесе өздерінше атайды. Мысалы, Ақ Орданы Тохума (Тұқмақ), Темір Әулеті мемлекеті мен Мұхаммед Шайбани мемлекетін Самарқанд, Моғолстанды Бешибали (Бешбалық) немесе Илибали (Елбалық) деп атайды. Осы себептер салдарынан МШЛ-дегі қазақтар туралы деректер тарихшылардың назарынан тыс қалып қойған. МШЛ-де 1453 жылы Асыбе (Өзбек), 1532 жылдан бастап Эцзибе-Хасинь деген мемлекет хатталады. Тұңғыш қазақ ханы Жәнібек МШЛ-де Чжанибе деп аталса, Шайбани ұлысының негізін қалаған Шайбани хан (1451-1510) Самарқанд ханы Ша-и-бе (Шаһибек) делінеді де: «Самарқанд ханы Шаибе қатарлылар Махэйма хочжэ (Мұхаммед Қожа) қатарлы елшілерді жіберіп, жылқы, түйе және басқа тартулар сыйлады. (Ордамыз) оларға дәрежесі бо­йынша торғын-торқа сыйлады» (МШЛ, Мин Уцзун шилу, цзюань). Шаибе – Шаһибек хан, Шайбани әулетінің негізін қалаушы Шайбани ханның енді бір аты, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабында Шаһибек хан деп аталады.

Өзбек атауы парсыша немесе шағатайша хатталуы бойынша аударыл-ғаны анық. Мин Инцзун патша Цзинтай жылнамасының 3 жылы 12 ай цзичоу күні (қаңтардың 10 жұлдызы 1453 жылы) Мин патшалығы ордасына 121 мемлекеттен және иеліктен елшілер келеді. Зерттеуші Н.Кенжеахмет МШЛ-дегі мәтіннің аударма-сында ол төмендегідей көрсетілгендігін айтады:

«Құмыл чжуншунь (адал) ваны (ханы) Дао-вадашили (Давадашир) мен тоумусы (әмірі) Тотобухуа (Тохтобуға), Илибали (Елбалық) жерінің ханы Есяньбухуа (Есен-Бұға) мен ханшайымы Худу-судань (Құтлық Сұлтан хан-ым), әмірі Шэла (Шыра), Тұрфан жерінің ханы Емили хучжэ (Имин Қожа) мен ханшайымы Гу-ва-эр сутань (Гаухар сұлтан), әмірі Мама миэрза (Мамай мырза), Чалыш жерінің ханшайымы, Емили хучжэның қарындасы Даламэнь (Даулат Сұлтан ханым), әмірі Далабе-эрдэ (Дәулетберді), Тохума (Тұқмақ) жерінің ханы Булахай (Әбілқайыр), Сайлань (Сайрам) жерінің әкімі Гэлай-тань (Керей Сұлтан), Баданьша (Бадахшан) жерінің әмірі Сулутань махэйму (Сұлтан Махмұд), Сулутанья (Сұлтания) жерінің әмірі Су-эр бу Савэнь, Асы-бе (Өзбек) жерінің ханы Джанибе (Жәнібек), Шэливаньнайдин (Ширван) жерінің ханы Сутань Али (Сұлтан Әли), Аламула (Варамула) жерінің ханы Сайни-абудин (Зайн әл-Абидин) мен оның ұлы Адэханьша (Һажи Хан Шах), сондай-ақ, Кашмир, Қарақожа, Телимань (Термиз), Саолань (Сауран) қатар-лы 121 жердің әкімдері патшалығымызға елші жіберіп, жылқы тарту етті. Оларға қонақасы беріліп, алтын-күміс, киім-кешек, тон силанды».

МШЛ дерегіне сүйенсек, Тұқмақ елі 1415 жылдан бастап аталады. Он­дағы Тұқмақ туралы мәлімет 1456 жыл­ға дейін созылады 1447 жылы Тұқ­мақ елі-нің Махэйма (Мұхаммед) деген патшасы Мин патшалығына елші жіберіпті. Тарихи деректерде, 1431 жылы Әбілқайыр хан Екритупте Тоқа-Темірлік кіші Мұхаммед ханның ұлдары Махмұд ханмен және Ахмед ханмен шайқасады. Әбілқайыр Орда-Базарды басып алады. Алайда, көп ұзамай Мах­мұд пен Ах-мед өз билігін қайта қалпына келтіреді. Екри-туп немесе Айкри-тув топо-нимін тарихшылар әр жерден іздей­ді. Ортағасырлық түркі тілінде екри немесе айкри «йір» деген мағына бере­тінін ескерсек, мұны Йір-туп немесе Айр-тув деп жаңғыртуға болады. Қазіргі Ұлы­таудың маңындағы Айыртау деген жер. Орда-Базарды қазақ ғалымдары Кен­гір өзені алабына, Ұлытау өңіріне телиді. Мин Шилу-да кезігетін Тұқмақ ханы осы Мұ­хаммед хан болуы мүмкін. Қы­тайға жібер­ген елшілер жолына бірта­лай уа­қыт кететінін ескерсек, Мұхам­мед­хан елшілерін Әбіл­қайыр шапқын­шы­лы­ғынан сәл бұрын Қытайға жіберген. Әбіл­­қайырдың билігі Орталық Қазақ­станда орнаған соң, ол МШЛ-де 1453 жыл­дан Тұқмақ ханы деп атала бастайды.

Ақ Орда шығыс деректерінде Тұқмақ деп аталудан сырт, Өзбек ұлысы немесе Өзбекстан деп те аталды. Өкінішке қарай, Өзбек немесе Өзбекстан атауын қазір көбінесе Әбілқайыр хандығына теліп жүр. Тарихшылардың көбі 1446 жылы Әбілқайыр Сығанақты басып алған соң, бүкіл Дешті Қыпшақ оның қол астына бірікті деген көзқараста. Осы арада ескерте кететін жайт, 1428 жылы Әбілқайыр Чимги Тұрада (қазіргі Ресейдегі Түмен қаласының маңында) хан тағына отырғаннан бастап, 1446 жылы Сығанақты басып алғанға дейін оның билігі Барақ ханның бұрынғы иелігіне жүрмеген. Оны Мұхаммедхан билеген.

МШЛ хроникасындағы деректердің ерекшелігі мынада: Мин патшалығы-ның орда ұлықтары жіберген елдердің нақты жағдайын олардың елшілері келгенді анықтап, біліп отырған. Мысалы, Құмыл арқылы келетін елшілерді алдымен Цзяюйгуань қамалының (Мин патшалығының батыс шекара қақпа-сы, Құмылдың шығысында) маңында бірер ай кідіртіп, олардан өз елі туралы нақты мәліметтер алған соң, астанасы Пекинге қарай жөнелткен. Олардың билеушілерін өз тілдеріне қарай ван (хан немесе патша), тоу-му (әмір немесе елағалары) деген қатаң дәрежемен атаған. Сондықтан, Әбілқайыр Сығанақты басып алған соң, Сыр бойында немесе Жетісуда тәуелсіз Қазақ хандығының өмір сүргені шындық. Өйткені, қытайлар Жәнібек ханды тегіннен тегін Өзбек патшасы немесе ханы деп атамайды. Жәнібек ханның елшілері Мин патша-лығы ордасына өздерін Өзбек ұлысынан келгендігін мәлімдеген. МШЛ дере-ктеріне сүйенсек, Әбілқайыр хан тұсында Өзбек атауы тек Барақ хан ұрпақ-тарына тән болған секілді. МШЛ дерегіне сүйенсек, Керей мен Әбу Саид-Жәнібектің мұсылманша аты 1447 жылы Мин патшалығына Моғолстан мемлекетінің атымен елші жібереді. МШЛ-де оларды Моғолстан ұлысының әмірлері (тоу-му) деп атайды: «Құмыл чжуншунь ваны (адал ханы) Давада-шир мыңбасы Махмұд, т.б., Илибали ұлысының тоумулары (әмірлері) Гэлай (Керей) мен Буса-и (Әбу Саид) қатарлылар мыңбасы Әли, т.б. жіберіп жылқы тарту етті. (Ордамыз оларға) түсті ақша, торғын-торқа сыйлады, сондай-ақ, Махмұд қатарлыларға патша жарлығы мен түсті ақша табыс етіп, оны Адал ханға және Керей, Әбу Саидке жеткізуді ұйғарды». Ал Цзяцзин жылнама-сының 11 жылы екінші ай цзичоу күнгі (19 Наурыз, 1532) орда естелігінде Эцзибе-Хасинь елінен Мин патшалығы ордасына елші келеді: «Тұрфаннан Сұлтан Мансур, Тяньфаннан (Арабиядан) Жалал ад-Дин, т.б., Самарқандтан Сұлтан Әбу Саид, т.б., Құмыл вэйынан (қорғаныс орнынан) мұрагер тұтық Мир Махмұд, т.б., сондай-ақ, Эцзибе-Хасинь қатарлы елдер елшілер жіберіп тарту-таралғы сыйлап, алғыстарын білдірді, жиыны 400-ден астам адам келді». Эцзибе-Хасинь елі туралы жоғарыдағы деректе былай ескертпе беріледі: «Эцзибе-Хасинь еліне келсек, олар мұсылман татарлар. Көптен бері елші жіберіп, тарту-таралғы сыйламаған, қазір елуден астам адамын жіберіпті, Тұрфан тайпалары олардың атын жамылып келген болуы мүмкін» Осыдан Мин патшалығының орда тарихшыларының Эцзибе-Хасинь туралы көп мәліметтер білмейтінін аңғаруға болады.

Қазақтар туралы деректер батыс­тағы темірлік, шайбанилік немесе шығ-ыстағы Моғолстандық тарихшы­лардың еңбектерінде өте қысқа, көмескі түр-де ұшырасады. Әрине, аталған тарихшылар тарихи оқиғаларды өз елінің пайдасына бола бұрмалап немесе жауларын жек көрінішті етіп, үзік-үзік ауызекі әңгімелер мен аңыздар бойынша ғана жазады. Абд ар-Разақ Самар-қандидің мағлұматы бойын­ша, Жәнібектің әкесі Барақ хан 1429 жылы Моғолстанда Сұлтан Махмұд оғлан дегеннің қолынан қаза табады.

Тарихшылар 1429 жылды Барақ­тық Ақ Орданың немесе Барақ­тық Өзбек-станның жойылу жылы деп қарас­тырады. Осы тұстағы тарихи шығар­маларда Барақ ханның ұрпақтарының тағдыры туралы ештеңе айтылмайды. Тек бір ғасырдан астам уақыттан соң, яғни 1542-1546 жылдары Мұхаммед Хайдар Дулати «Алла жақсы біледі» деген тіркестерді қолдана отырып Жәнібек пен Керейдің тағдырын баян­дайды. «Тарих-и Рашидиде» Керей мен Жәнібекке ілесіп келген жұртты «өзбек-қазақ» деп атағаны, осы елді Керей ханнан кейін Бұрындық хан, онан соң Қасым хан басқарғаны туралы жазылады:

«Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды.

Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бас­тады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. Алла жақсы біледі. 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді», деді. Жәнібек ханның ұлы Қасым сұлтан билік басына келген соң, «Дешті Қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскерінің саны миллионнан астам адам болды. Жошы ханнан кейін бұл жұртта одан құдіретті хан болған жоқ», дейді тағы бірде Мұхаммед Хайдар Дулати. Ал «Бабырнаме» кітабында Қасым хан туралы[26,56-64]: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде үш жүз мыңға жуық адам бар еді», деп атап өтеді. Иә, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының Орталық Азия саяси сахнасында шешуші фактор болғанына еш дау жоқ. Поляк тарихшысы Матвей Мехов­скийдің (1457-1523) латын тілінде жазған «Екі Сарматия туралы трактат» тарихи-географиялық шығармасына сүйенсек, Қазақ хандығы сол тұста-ақ Еуропаға мәлім бола бастаған. Матвей Меховский Едігенің немересі Оқас немесе Уаққас (1428-1447) туралы деректер келтіріп, татарларды беске бөлген: Волганың ар жағындағылар, Перекоп (Қырым), Қазан және Ноғай; осы төрт ордада өз патшалары болған, патшасы жоқ бесіншісін – Қазақ деп атайды. Автор аталмыш шығармасын 1517 жылы жазған. Осыған орай, ол жоғарыдағы бөлініс осыдан (яғни 1517 жылдан) 70 жыл бұрын болған (яғни 1447 жыл) еді деп ескертеді. Шайбани әулеті 1500 жылдары оңтүстікке Самарқанд жаққа кеткен соң, МШЛ мұрағатында Шайбанилер Самарқанд хандары деп атала бастағаны айтылады. Тағы бір МШЛ деректерінде кезігетін Самарқанд бастабында Темір әулеті билеген тұтас Мавараннахрды меңзесе, кейін Мұхаммед Шайбани тұсында Шайбани мемлекетін меңзейді. Парсы деректерінде Шайбани әулеті жалпылай Шайбани ұлысы, Шайбани өзбектері немесе жай ғана өзбектер деп аталды. Алайда, осы әулетті құрушы Мұхаммед Шайбани өз елін өзбек деп атамаған немесе атағысы келмеген, бұл аталмыш терминнің тарихи және қазіргі қолданылысы арасындағы айыр­­­машылықты нақты көрсететін факт. Мавараннахр тұрғындары мен парсы­лар солтүстігіндегі көршілерін жал­пы­лай өзбек деп атаған. Олардың ұғы­мында өзбек атауы еуропалықтар қол­дан­ған татар атауы секілді көшпелі тобыр, қират­қыш күш ретінде белгілі болды.

Өзбек-Қазақ этнонимінің шығу тарихын анықтауда Шахрухтың орда тарихшысы Абд ар-Разақ Самарқандидің (1413-1482) «Матла ас-садайн ва маджама ал-бахрайн» («Екі бақытты жұлдыздың шыққан жəне екі теңіздің қосылған жері») атты еңбегінің ролі ерекше. Өз еңбегінде автор Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық тұрғындарын жалпылама атаумен өзбектер, елін - өзбектер елі, Өзбек ұлысы, ал билеушілерін - Өзбек елінің патшасы деп жиі атайды. Абд ар-Разақ Самарқанди еңбегінде 1440-41 жылдан бастап қазақ болған өзбектер Шахрухтың қол астындағы Мазандаран өлкесін шапқаны жайлы деректер кезігеді. 1447-48 жж. Шахрух әмірлеріне Дешті Қыпшақ жағынан келетін өзбек-қазақ жасақтары туралы мәлімет беріп тұру туралы жарлық шығарады. Қазақ атауының өзбекпен қосарлана аталуы Барақтық Өзбекстан ыдырағаннан кейінгі тарихи шындықтың куәсі. Еліміз тарихында белгілі тарихи тұлғалардың оның ішінде хандарымыз бен билеріміздің сол дәуірлердегі өзге елдер билеушілері мен ақылмандарынан кем болмағанын, керек болса кейбір тұстарда асып отырған жақтарын бүгінгі ұрпақ ақыл таразысынан өткізіп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Болашақтағы тарихи тұлғатанулық бағыттардағы кешенді зерттеулерге нысан боларлық хандарымыздың кейбір тағылымды істері туралы кеңірек зерттеулер керек. Өз кезегінде ол жұмыстар жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеуде өзекті болмақ. Осындай мерей жылдарға арналған ғылыми зерттеу конференция-ларында ғалымдардың терең талқылауларынан өткізілген материалдарды бүгінгі шығармашыл педагогтар пайдаланса артық болмайды. Ол үшін белгілі тарихи тұлғалар төңерегінде ғалымдардың пікірлерін ортақтыққа қарай тоғыстыру керек. Сондай ортақ пікірлерді ойға ала отырып білім берілуі және ғылыми еңбектер жариялануы керек. Сонда қазіргі уақыттағы тұлғатану бойынша қоғамдық пікірлерде орын алып отырған кейбір таластар азая түседі.

Қазақ тарихында хандардың саны біршама. Ал солардың ішінде Керей мен Жәнібек хандардың негізін салған елімізді іргелі мемлекеттер қатарына қосқан үлестері де әрқилы. Ел тағдырының шешуші кезеңдерінде басын бәйгеге тіккендерін ел жады өшірмей сақтап келеді. Алайда кешегі тарихымызда сол хандардың сіңірген еңбектерін бағалау кенже қалған тақырып. Оған кешегі кеңестік идеология аз зиянын тигізбегені зерттеушілер еңбектері арқылы белгілі. Таптық көзқарас үстем болып тұрған тарихты бағалау методологиясы хандарға объективті баға беруді мүлдем мақсат етпегені белгілі. Қазақ хандарын «шынжыр балақ, шұбар төстер» ретінде бағалаулар беріп, негізінен көп жағдайда тек Ресей империясы саясатына байланысты тұстарда ғана еске алып келгені де жасырын емес. Соның ішінде академиялық еңбектерде де аз көңіл бөлініп келді. Яғни осы бағыттарда ғылыми зерттеулер жасай түсуде методологиялық, тарихнамалық және деректанулық бағыттарда айқындай түсетін өзекті мәселелер бар. Әсіресе, төл тарихи дереккөздерде сақталған материалдарды деректанулық тұрғыдан сараптаудан өткізуде атқаратын шарулар да жетерлік. Қазақ фольклоры арқылы жеткен деректерді пайдалануда әлі де сыни қарауды қажет етеді. Кейбір деректерге кешенді тұрғыдан зерттеулер жүргізгенде ғана нәтиже-лерге ие болтынымыз анық. Яғни тек тарих ғылымы ғана емес әдебиет, этнографиялық, дүниетанымдық тұрғылардан зерделеп ғана объективті мағлұматтарға қол жеткізуге болады. Кері жағдайда шатасуларға жол беріледі. Тағы бір айқындықты қосымша керек ететін жайттардың арасында қазақ хандарының іс әрекеттеріне баға беруде «тарихты саясаттандыру үрдісі» басымдық танытып келе жатқаны дер едік. Ал хандардың жеке адам ретіндегі дүниетанымы мен ұстанған ұстанымдарын қоса бағалау жетіспейтіндей. Осы ойларымызға мысал ретінде Керей мен Жәнібектен кейінгі олардың ұрпақтары Бұрындық пен Қасым дәуірінде орын алған оқиғаларға өзіміздің байқаған кейбір ой-тұжырымдарымызды ортаға салғанды жөн санаймыз. Біз көпшілік зерттеулерде Қасым ханның атағы мен даңқы ерекше болғанын білеміз. Тіпті Бұрындық хан болып тұрған мезгілде де оның беделі арта түскен сұлтан болғаны туралы тарихшылардың ой түйіндері бар. Алайда неге олай болды деген сауалдарға жауап аз. Жай адамға Бұрындық қауқарсыз билеуші сияқты көрінеді. Әсіресе, Керей мен Жәнібек тұсындағы саясатты жалғастырушы, Қазақ хандығының шекараларын ұлғайтқан ханның беделінің өзінің көзі тірісінде-ақ төмендеуі ерекше назар аудартады. Хандық билігінің соңғы тұсында Көшпелі өзбектер мемлекетінің ханы Әбілқайыр ұрпақтарымен болған соғыстарда Мұхаммед Шәйбанға қарсы тегеуірінді соғыстар жүргізе қоймаған оған былайғы халық қатты наразы еді. Ал Қасым дәл сол уақытта тарих аренасына шыққан тұлға. Әйтсе де айбарлы да, жауынгер Бұрындықты Мұхаммед Шәйбаниге тікелей соғысты қатал жүргізуге әсер еткен факторларды білмей, оны «қауқарсыз хан» ретінде сыңаржақ бағалауға болмайды деп санаймыз. Оған себеп болған жайттарды анықтау керек сияқты. Олай деуімізге мүмкіндік беретін мағлұматтар да жоқ емес еді. Деректерге қарағанда Бұрындық өз қызын сол Шәйбан әулетіне ұзатқан болатын. Мұхаммедтің ағасына. Яғни құдалар. Қанша жерден саясат үшін солай болған дегенімізбен тектілік мәселелері де естен шықпағаны белгілі. Қала берді хандар да пенде. Хандар да перзенттерінің болашағына бейтарап қараған десек тағы жалаң да жалған пікір болар еді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]