- •1 Аңыз-әңгімелерді оқыту әдістемесі
- •1.1 Бастауыш сыныптардағы аңыздарды оқытудың ерекшеліктері
- •1.2 Аңыздардың тақырыптық ерекшеліктері
- •2 Аңыздарды оқытудың тәрбиелік мәні
- •2.1 Алдаркөсе аңыздары арқылы тапқырлыққа тәрбиелеу
- •1. Психологиялық дайындық.
- •«Т» кестесі
- •2.2 Жиренше аңыздары арқылы шешендікті үйрету
- •2.3 Асан қайғы аңыздары арқылы кемеңгерлікке баулу
- •2.4 Әбу Насыр әл-Фараби аңыздары негізінде даналыққа тәрбиелеу
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
2.3 Асан қайғы аңыздары арқылы кемеңгерлікке баулу
Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы (ХІҮ ғасырдың ақыры – ХҮ ғасырдың басы) –мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы Шиелі ауданы «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі Асан қайғы мазары делінеді [7].
Оның өмір сүрген тұсы Алтын орда және қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Асан қайғы шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады. Асанқайғының шығармаларын жинап, зерттеумен Ш.Уәлиханов, Г.П.Потанин, М.Ж.Көпеев, С.Сейфуллин, М.Әуезов тағы басқалар айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру XIX ғасырдың соңында басталды. Асан Қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған «көшпелілер философы» (Ш. Уәлиханов) атанған Асан қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік-дерек береді» (М.Әуезов) [8].
Асан қайғы Сәбитұлы XIV ғасырда ғұмыр кешкен, Алтын Орда, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған «дала философы», осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре-аңыздардың айтуынша Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саятшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқынын қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосысады, ой-пікір жарыстырып, тайталасып ержетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет-ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді. Әз Жәнібек (туған жылы 1342) Бүкіл Алаш жұртын билеген, Алтын Орда ханы Асан жырау сол Әз Жәнібекпен бірге талай-талай мәселелерді баскаруға, шешуге араласады. Әз Жәнібек өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. Алайда ордадан бөлінген рулар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асан қайғы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды. «Әз Жәнібек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының, Алтын Орда болашағын жете ойламайсың деп сөгеді».
«...Халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты – «Жерұйық». Бұл елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел ал асы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асанкайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады». Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отрымас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», - депті. Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық Ой Түндік, маңырап жатқан қой Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен», - деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үш кара» атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: «Тау-тасы кеш болганда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен», - депті. Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, ол тұзы ауыр екен; бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен», - депті. Сарысуды кешіп өтерде: «Мына шіркіннің екі жағы борбас екен. Баланың іші қуырылмайтын, пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен», - депті. Қаратауды көргенде: «Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ, жер азғыны мұнда екен», - депті. Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен», - депті. Шідерті өзенін көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп койғанда тоқтайтын, жылқынын қонысы екен», - депті. Өлеңті өзенін көргенде: «Тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы - май, Шідертінің шөбі – май», - деп жүре беріпті. Сілентіден өтіп Жалаңаштын тұсына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің», - депті. Есіл өзенін көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», - депті. Торғай өзенің көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен», - депті. Терісаққан өзенін көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен», - депті. Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін кара! Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен».
Екі Келес, бір Талас,
Бал татыған жерін-ай,
Ағайының аралас,
Тату екен елің-ай.
Желмаяға өңгертіп,
Алып кетер едім-ай,
Сыймаған соң алдыма,
Әттең, дүние, дедім-ай! -
депті. Асан қайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің», - депті.
- Ерейментауына қарап тұрып «Қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде кұлын тұрмас... панасы жоқ сары дала сықылды тау екен» дейді.
- Қарақойын - Қашырлы деген жерге келгенде «Бауырында бір жұтқын айдаһар бар екен, әйтпесе жылқы үзілмейтін жер екен» деп ескертеді. Бұл жерде бір үлкен көл бар екен, көлге жазда ыстықтап, қыста ықтап келіп түскен жылқы батып кететін түбі батпақ - құян болса керек».
- Батыста Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш кайтыпты. Екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» - деп сұраған екен. Сонда Асан бабамыз: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас» - деген екен.
- Шыңғырлауды көргенде: Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірдің» - деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап қунап кетейік», - депті.
- Жуалының қара топырақты, қыртысы құнарлы жерін көргенде: «жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер»дейді.
Шу өзенін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты... мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес» депті. Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», - депті. Ақмешіт тұсындағы (Қызылорда) жерді көргенде: «Ей Акмешіт жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол» - деп ескертіпті. Осы күнгі Мерке жеріндегі Аспараны көргенде «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер» деп жүріп кетіпті. Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жок, жайқалып тұрған нуы жоқ - түбі тұрақты қала бола қоймас», - деген екен.
Сайрам, Шымкент маңын аралағанда Асан әулие айтыпты:
- Екі бассаң - бір базар
Саудасы кызған жер екен.
Екі бассаң - бір мазар
Молдасы азған ел екен -
депті. Сөйтіп, Асан туралы аңыз «шұрайлы қоныс, нұрлы өлке - Жерұйықты таба алмапты» дейді. Ол туған жерін аттап кетпейді. Жиделібайсынды бөтен елден іздемейді, қазақ топырағынан іздейді [9].
Бастауыш сынып оқушыларына Асан қайғының Жерұйықты іздеуі туралы аңызды оқыту арқылы балаларды туған жердің табиғатын сүюіп қастерлеуге, отанымыздың сұлулығы мен байлығын паш етіп, мақтан тұтуға және оны аялап сқтауға үйретеміз.
Жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады («Қымыз ішіп қызарып, мастанып неге терлейсің, өзіңнен басқа хан жоқтай елеуреп неге сөйлейсің?»). Ертеңгі халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла, көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді («Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан, Қарағай басын шалмай ма?»). Асан Қайғы осы «ақ шортан» мен «қарағай» бейнесін келесі бір толғауында кеңірек ашып, орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегенділік танытады. Халық басына төнген бұл қауіптің зардабын, оның немен тынатынын да дәл болжайды («Ол күнде қарындастан қайыр кетер, Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер, Ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?»). Асан Қайғы Қаласының жыр, толғаулары негізінен үлгі-өсиет, мақал-мәтел іспеттес болып құрылады. Жырау ру-тайпалық одақтардың генеалогиясын, халықтық әдет-ғұрып, дәстүрлерді дәріптеп, өмір сүрудің мәні туралы, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, үлкенді сыйлап-қастерлеу, олардың ақылын алу, бір-бірімен босқа қырқыспау, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті, қарапайым, адал, шыншыл, иманды болуға шақырады («өлетұғын тай үшін, қонатұғын сай үшін, желке терің құрысып, бір-біріңмен ұрыспа»). Түсіністікпен үйлесімді өмір сүру үшін әр адам өзін-өзі жетілдіруі қажет, ізгілікті болу – бүкіл адамзат атаулының бәріне ортақ дейтін гуманистік тұжырым жырау шығармашылығының негізгі арқауы («Әділдіктің белгісі, біле тұра бұрмасауыл Ақылдының белгісі, өткен істі қумасауыл Жамандардың белгісі, жауға қарсы тұрмасауыл..»). Енді бір алуан жырлары тұрмыста түйген ой-тұжырым, болжау түрінде келеді («Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?»). Асан қайғы есімі тек қазақ халқына ғана емес, басқа да ағайын халықтарға (қырғыз, қарақалпақ, ноғай тағы басқа) кеңінен тараған. Бұл орайда жырау толғауларындағы жоғарыдағыдай философия және психология мәні зор қанатты сөздердің атқарған өзіндік рөлі ерекше [10].
Асан қайғы Қаласының философия дүниетанымы үш бағытқа бөлінеді:
1. Этикалық дүниетаным – ұлы жыраудың философия ойларының өзегін құрайды. Адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. Поэтикалық формамен берілген этикалық ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шығыс өркениетіне тән ерекшеліктермен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын айқындайды [10].
2. Поэтикалық зерде және философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау өз толғаулары арқылы толық дәлелдеп берді. Адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мәселелері Асан қайғы философиясының басты бағыттары.
3. Асан қайғы гуманизмі, адамға деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында Асан қайғы есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады. Оның ақындық ойы мен жыраулық философиясы өзінің танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді. Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи сатыларында Асан қайғы есімін үстемдікке, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы ұстанған ізгілік символына айналдырды. Асан қайғы Оқшы ата қорымына жерленіп, басына кесене тұрғызылған.
Асан қайғының нақ жерленген жері белгісіз. Екі дерек бар: біріншісі бойынша, Жезқазған облысының Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шиелі ауылынан 16 шақырым жерде жерленген екен. Асанқайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан ата кесенесі «Жеті әулие» қорымында [11].
Табиғат – бүкіл әлем. Адам табиғатта өмір сүреді, онымен тұрақты қатынаста болады. Адам, оның денесі мен рухани өмірі табиғатпен тікелей байланысты. Одан шығатын қорытынды- адам табиғатының бір бөлігі.[12]
Қазақ тарихында Сыр өңірі тарихының алар орны ерекше. Ежелгі заманнан бастап Сыр өңірі сан мың ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болғаны белгілі.Бұл топырақта есте жоқ ескі кезеңдерден-ақ бағы жетіп, базары қызған қырыққа жуық көне қалалар мен жарты ғаламды жалғастырған Жібек жолының арналы абағы сайрап жатыр. Сөйлете білсең оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы алуан түрлі ғибратты шежіре шертер еді [13].
Сыр бойы сырға бай. Онда сан ғасырлардан бергі аты әлемге мәшһүр ірі тұлғалар ғұмыр кешкен, атасақ санап тауыса алмаспыз. Әлі кұнге дейін зерттелмегендері қаншама десеңші. Бұл жәдігердің ең әсем әрі көрнектісі – Асан Ата мазары. Рас, кейбір әдеби зерттеулерде Асан қайғының жерленген жері туралы түрлі пікірлер бар. Бірақ, оның мазары Сыр бойында, дәлірек айтқанда осы Оқшы Ата қорымында жерленген. Асан ата кесенесі 1992 ж мемлекет қорғауына алынған. [14] «Дала данышпаны» ретінде танылған Асан қайғының рухани мұралары халық санасында сақталған. Асан қайғы жөніндегі аңыз- әңгімелер мен әр түрлі алуан деректерді біршама қалыпқа түсіріп, құнды пікірлер жазған академик- жазушы М.Әуезов болды. «Бұл тарихта болған адам. Бірақ, тірлік еткен заманы Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, дәлді кім еді, қай ортадан шығып еді, қандайлық еңбек, әрекет етіп, қандай өмір шегіп өтіп еді. Бұл жайынан ешқайсынан дәл дерек жоқ». [15] Асан қайғының саяси іс-әрекеттері төңірегінде қалам тартқан академик Ә.Марғұлан болды. Ғылым, «Асан қайғы» деп аталуы – халықтың қамын көп ойланған екендігін айтады. Қазақстан тарихына арналған кейбір еңбектерде Асан қайғы ХV-ХVI ғ.ғ өмір сүрген. Асан қайғы – ХIV ғасырдың екінші жартысы да Еділ бойында дүниеге келген ақын, философ, аңыз кейіпкері, үнемі халық қамын, елінің болашағын ойлап жүргендіктен, замандастары оны Асан атаны « қайғы» деген сөз қосып, Асан қайғы атап кеткен [16].
Шоқан Уәлиханов Асан қайғыны «дала данышпаны» деді. Әлкей Марғұлан «Асан Ата ХV ғасырда қазақ ұлысын біріктіру мәселесін қолына алған даланың ойшыл данасы» деп бағалады. Асан қайғы –көптеген нақыл сөздердің, афоризм, философиялық толғаулардың авторы. Асан қайғы туралы Мұхтар Әуезов былай деген «Тарихта болған адамдардың ішінде өмір сорабы, іс еңбегі халықтың нағыз ертегі болып, тек сол қалыпта ғана ой жадында сақтаған адамның бірі осы Асан қайғы». Асан қайғы – барша дала даналығын бойына сыйдырған және сайын сахарада ғаламат ғұмыр кешкен тамаша тұлға. Қазақ халқы өзінің тарихи жылында Асан есімін өктемдікке қарсылықтың символына айналдырған [13].
Қыдырып желмаямен дүние жүзін,
Асанның жұрт біледі айтқан сөзін.
Жатқызбай ойындағы қалың арман,
Атанып Асан қайғы содан қалған [17].
Асан танымындағы дүние көрінісі оның әлеуметік көзқарасының мінділігін анықтайды. Адам, қоғам, табиғат Асан үшін мызғымас бірлікте. Адамның қоғамға, табиғатқа қатынасы Асан болмысында ерекше айқындалады. Дүниенің жаратылысын Асан қайғы ақыл күшімен пайымдайды. Сондықтан Асан қайғы табиғаттың адамға қатысты фактор екендігіне ерекше мән берген. Асан қайғы табиғатты қоғамды, дүниені, адамның ара қатынастарын астастыра айшықтап, қоғамның даму заңдылықтарына философиялық тұжырым жасайды. Асан қайғы қоғамды, қоршаған табиғатты, жалпы дүниені тануда, олардың қастерлі қасиеттерін білуде, адам игілігіне жаратуда өзінің біліктілігімен ерекшеленеді.
Асанның дүниені тану, білу танымының негізінде жатқан идиялық мазмұнды күш халқына жайлы, тыныш өмір беретін қоныс іздеп, оны табу мақсаты жатыр. Сондықтан да Асанның дүние көрінісін сезінуі, толғануы, оның «жерұйық» мекенін іздеуде ашылған. Асанның Әбілқайыр ұлысынан Жәнібек пен Керейдің бөлінуіне қатты наразылық білдірмесе де олардың Монғолстанға емес, Жайық, Жем өзендерінің бойына қоныстануын қалаған болатын. Осы Моғолстаннан жер алуы туралы ғалым Ә.Марғұлан былай жазды: «Асан қайғының Жәнібек пен Керейді ертіп Қытайға барып Моғолстаннан жер алуы тарихта белгілі фактінің бірі. Ол іздеген «Жерұйық» шырайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқын тарих сақынасына сақтап қалу бағдарламасы. Асан Қайғы осы тарихи ойларын хандармен, сұлтандармен, билер мен, әсіресе Жәнібек ханмен араласып жүріп, іске асырмақ болмақ. Елі мен жұртының болашағы туралы қатты қайғырып толғанған абызды халық Асан Қайғы деп атаған. Асан Қайғы елінің сулы – нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып, «адамды жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін, мамыражай, еркін өмір сүруін» аңсады. Бұл мұратын жырау «Жерұйық» деп атады. М.Әуезов: «Асан жайындағы ең мағыналы әңгіме оның «Жерұйықты» іздеуі. Сонда жетсе ғана, мекен етсе ғана халқы бақытты болмақ», - деп жазды. «Асан қайғының аралаған жерлері – Моғолстан (Жетісу), Қыпшақ (Қаратау), Сарарқа (Торғауыт), Байсын (Әлеу). Ол ноғайлы заманындағы аласапыран бүлікшілік кезеңінде өмір сүрген үлкен ойшыл. [13]
Асанның Жерұйықты іздеуіне тағы бір себеп болған құбылыс, ол – үшінші Жәнібектің тастан сарай салдыруы немесе Астрахан қаласын қоршауы. Асан оған да өкпелі, ренжулі, себебі ол жерді жау алса ел бүлінеді. Асан жаңа қоныс іздеп жеті жыл жер Жерұйық деп аталатын мекенді табады. Асан қайғының аралаған жерлеріне қойған сындары мен анықтамалары сол өз дәуірінің, заманының нақтылы талап - тілектері мен халық қамынан туған болжамдар болса керек. Фольклорлық мәліметтер бойынша, Асан Қайғы Қазақстанның және Орта Азияның жерін желмаясына мініп көп кезген ақылдана болып суреттеледі. Оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ десе де болғандай.
Асанның танымдық қабілеті табиғаттағы заттардың қасиеттерін анықтауға, олардың адамға деген қатынынасын мөлшеулерге бағытталады. Қоршаған табиғаттағы заттық мәндерден олардың адамға, өмірге тигізетін әсерін, пайдалы- зиянды салдарларын пайымдап білген Асан көшпелі қоғамның әлеуметтік қайшылықтарын өзіндік «әрекеттік» пайыммен шешіп отырады. Асан Жерұйықты іздеуде деректер бойынша Ақ Ордадан бастап, жеті өзенге шейін сапар шегеді. Дүниенің төрт бұрышын арлайды. Оның барған жерлері өзіне ұнамайды. Түркі халықтарының көшпелі қоғам өркениетінің өкілдері арасында тарихта Асан қайғыға тең келетін тарихи тұлға жоқ. Асанның Жерұйықты іздеуін мифтік құбылыс деп қарастырып, өтірік аңыз ертегілер қатарына жатқызуға мүлде болмайды. Асан қайғы болса сезімдік таным мен түйсіктердің тоғысуынан жаңа мазмұнды қорытындылар шығарып отырды. Жерұйықты іздеу барысында Асан жүрген жеріндегі жақсы қонысқа, жаман қонысқа баға беріп отырды. Асан қайғы да сол Жаратушының мейірімділігіне үміт арту арқылы сабырлық сақтап, пендеге түсініксіз өзінің «кезбелік» философиясының жүйесін жасаған. Көшпелі өркениетті құтқару үшін Асан адамдарды табиғатқа, дүние құбылыстарына зер салуды айрықша насихаттайды. Асанның іздегені адамға жоғарыдан жіберілген алғашқы ақиқатты табу, соған көз жеткізу. Табиғат заңдылықтарының адам өміріне қатыстылығы жөнінде Асан пікірі нақтылы. Адамның адамгершілік қасиеттері табиғаттың әсемділік заңдылықтарынан тағылым алып, сусындап отыруы тиіс. Адами ізгілікті қасиеттердің қалыптасуының алғыштары табиғаттағы шынайы үйлесімдіктен, сұлулықтан бастау алады. Сондықтан да Асан эститикалық мәселелерді, олардың қоғамдағы көрінуі, шешілу бағамдарына тоқтала бермеген. Адамға аса қажетті көшу- қону процесінде кездесетін қолайсыз табиғат жәйттерін, әсіресе малға, қолайсыз болса да өмірдің басқа салаларына қажеттілігін дәлелдеп, анықтап отырған.
Табиғаттың биік сұлулығына, оның мызғымас пәктілігіне шек келтірмейді, тоқтам салмайды. Асанның сұлулыққа, әдімілікке қатынасы ерекше шынайылықпен, көркемділікпен бейнеленіп, адамды шабытқа бөлейді.Табиғат сұлулығын Асан эстетикалық сезімдер мен қабылдап, сол талғам тұрғысынан оларды бағалайды. Асанның эстетикалық талғамы шындықты бейнелеу арқылы оның белгілі бір дүниетанымдық көзқараспен сабақтастырады. Жалпы Асанның адами іліміндегі ұғымдар мен түсініктер түйіні мыналарға саяды: әділеттілік, ар – ұят, өзін - өзі тежеулік, ымырашылдық, сабырлылық т.б. Аққу әсемдіктің ең жоғарғы сатысы – ақсақтық деңгейге көтерілген, оны құрметтеушілік, қадірлеушілік адами парыз.
Аққу сұлулықтың, тазалықтың символы. Оны ерекше қасиет тұту парыз. Асан өзінің жан дүниесінің сұлулығын қоса суреттейді. Француз философы А.Камюдің «Данышпан өз мөлшерін білетін ақыл иесі» деген пікір қанағатшыл Асанға да қатысты. Асанның ойлау жүйесіне осындай халықтың табиғатпен күрделі идеялық қатынасын бейнелейтін ырымшыл үрдістер әсер еткен. Халықтың дүниеге идеялық қатынастарын Асан өз пайыммымен қорытып, оны жаңа деңгейге көтере білген. Асан табиғатпен бетпе – бет жүздесіп, оны жандандырады, адам кейпіне түсіреді. Жүрек түбінде жатқан ойларын ақтарады. Өзінің қалауын, тілегін табиғатқа осылай айту арқылы ол адамшылық парызын орындайды. Философиялық тұрғыдан пайымдасақ дүниедегі заттардың, құбылыстардың, процестердің қасиеттерінің мәнділігін арқау ету арқылы оларға тіке қарап, адамды, оның терең сырларын тануда. Асан ата – тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі халқының қастерлеп жүрген ұлы тұлғасы. Қазақ үшін Асан ата – халықтың қамқоршысы, батагөйі, данышпаны, елдің бірлігін, қамын,тыныштығын ойлаған қайраткер. Ол 1361 – 1470 жылдары өмір сүрген. Бір аңыздың айтуына қарағанда, Асан Қайғы Сарыарқада, Ұлытауда дүние салды деген сөз де бар. Бәрібір Сыр бойы аса киелі, әруақты панасы болып есептеледі. Ата қабірінің Шиелі жерінде бой көтеріп, алыстан айбарлы көрінуі, күнде басында болып, тағзым етуіміз – мақтанатын жай. Олай болса әлі күнге дейін жиналмай келе жатқан әулие мұралары толық жинақтау біздің және келер ұрпақтың парызы.
Асан қайғының бізге қалдырған мұрасы өте көп. Оқушыларды бастауыш сыныптардан бастап жырау мұраларымен таныстыра отырып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, өз жерін, елін қадырлей білу сезімдерін қалыптастырамыз.
