Ерте орта ғасырлардағы қазақстан
1 тарау. Ерте орта ғасырлардағы мемлекеттер (6-9 ғ). Түрік қағанаты
Түрік қағанаты – жерімізде құрылған алғашқы ерте феодалдық мемлекеттердің бірі. Қағанат оңтүстік шығысында Қытаймен, оңтүстік батысында парсылармен шектесіп жатты. Түрік қағанатының негізгі құрамы түркі тілдес халықтардан тұрады. Олардың басым көпшілігін теле (тирек) тайпалары құрады. Теле – түркі тілдес тайпалардың ортақ атауы. Қытай шежіресі бойынша “теле” сөзінен “түрік” атауы қалыптасқан. Алғаш рет түрік этнонимі туралы 542 жылғы қытай жылнамасында жазылған. 552 жылы Түрік қағанаты құрылып, 603 жылға дейін өмір сүрді.
Түрік қағанатының негізін салушы – Бумын қаған. Ол жужандарды жеңген жеңісі үшін “елхан” деген атаққа ие болған. Бумын 552 жылы қаза болып, орнына баласы Қара-Еске қаған болды. Қара-Еске қағанның бастауымен түріктер Орхон өзенінің жоғарғы жағындағы Букрат тауларында аварларды екінші рет жеңді. Ал 552-554 жылдары Мұқан қаған кезінде жужандар түріктерден бас көтерместей болып жеңілді. Осы кезден бастап түріктер Ұлы Даланың шығыстағы қожасына айналды. Түріктер Орта Азияның ішкі аумақтарына жасаған жорықтарында эфталиттерден қатты қарсылық көрді. Түріктер эфталиттерді он жылдан кейін, 563-567 жылдары жаулап алды. 6 ғасырдың 70 жылдары Түрік қағанаты солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін үстемдік етті. 6 ғасырдың екінші жартысында түріктердің билігі Азияның біраз аймағын қамтыды. Сөйтіп, Қытай, Иран, Византия сияқты ірі мемлекеттерге өздерінің саяси ықпалын жүргізген күшті мемлекеттің біріне айналды.
Түріктер негізінен көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Қыстаулары тау бөктерлеріндегі шатқалдарда немесе Іле, Шу, Талас, Ертіс, Сырдария бойындағы тоғайлы жерлерде орналасты. Тараз қаласы маңынан түрік кезеңіне жататын қыстақ-кенттер табылған. “Күлтегін” жазба ескерткішінде де қала туралы сөздер кездеседі. Түріктердің алғашқы кездегі мәйітті өртеп жерлеуі отқа табынушылықтан туған.
Кең байтақ жерді алып жатқан Түрік қағанаты саяси жағынан бір орталыққа бағынған күшті мемлекет бола алмады. 581 жылы қағанаттың өз ішінде соғыстар басталды. Бұл жағдайды пайдаланған Қытай және басқа да мемлекеттер түріктерге шабуылдады. 603 жылы Түрік қағанаты Батыс және Шығыс Түрік қағанаты болып екіге бөлінді.
сұрақтар
1. Түрік қағанатында тайпааралық соғыс қашан басталды:
2. Түрік қағанатындағы наным-сенім:
3. Түрік тайпаларының қыстақ-кенттері қайдан табылды:
4. Түрік тайпаларының қыстаулары орналасты:
5. Түріктер Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз бойына қашан үстемдік етті:
6. Түріктердің эфталиттерді жаулап алған кезі:
7. Алтай тайпаларын бағындырған қаған:
8. Қытай билеушілерінің түріктерге төлеген салығы:
9. Мұқан қаған тұсында түріктерді қалай атады:
10. Қара-Еске қағанның аварларды жеңген жері:
11. “Елхан” атағын алған түрік қағаны:
12. Түрік қағанатының өмір сүрген жылдары:
13. 545 жылы түріктердің бейбіт қатынаста болған мемлекеті:
14. Түрік этнонимінің қытай жылнамаларында белгілі болған уақыты:
15. Қазақстан аумағында құрылған алғашқы феодалдық мемлекет:
16. Қай жылы араб қолбасшысы Күтейба ибн Мүслим Шашты басып алды:
Батыс Түрік қағанаты (603-704 жылдар)
Қазақстан аумағында 603 жылы Батыс Түрік қағанаты құрылды. Батыс Түрік қағанатының орталығы Шу өзені бойындағы Суяб қаласы болды. Жазғы ордасы Мыңбұлақта орналасты. Ол Жамбыл облысында Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты.
Он тайпа бес нушеби және бес дулу тайпаларына бөлінді. Шегу мен Тон қағандар тұсында қағанаттың саяси билігі күшейді. Шегу қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін, батыстағы шекараны Тарым өзені мен Памир тауына дейін жеткізді. Тон қаған Орта Азиядағы басқару жүйесін қайта құрған. Халқының құрамы алуан түрлі тайпалардан тұратын қағандықта 630 жылдан бастап билік үшін талас басталды. Нушеби тайпасының қолдауымен Ешбар Елтеріс 634 жылы билікті иеленді. Ешбар Елтеріс елді басқаруды қайта құрып, “он-оқ бұдун” жүйесін енгізді. Қағанның он түменнен тұратын әскери жасағы болды. Дулу мен нушеби арасындағы 640-657 жылдардағы тартыс қағандықты мүлде әлсіретті. Осыны пайдаланған Қытай әскері 659 жылы Жетісуға басып кірді.
Батыс Түрік қағанатының басқару жүйесінде қаған – жоғарғы билеуші және әскербасы болып саналды. Жоғарғы лауазымды қаған руынан шыққан ақсүйектер иеленді. Оларға ябғу, шад, елтебер атақтары берілді. Ал сот істерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Жергілікті жерлерде қағанның негізгі тірегі бектер болған. Қарапайым халықты “қара бұдундар” деп атаған. Түрік қоғамында “тат” сөзі құл деген мағынаны білдіреді.
Қағанаттағы негізгі шаруашылық – маусымды жайылымға негізделген жартылай мал шаруашылығы болды. Қалалардың дамуында соғдылықтардың рөлі басым болған. 7 ғасырдың бас кезінде түріктер жаппай отырықшылана бастады.
Ал Шығыс Түрік қағанаты 682-744 жылдары өмір сүрді. Құтлық (Елтеріс), Қапаған қағандар тұсында қағанат қуатты мемлекетке айналды. Аумағы – Қазақстан, Орталық Азия, Шығыс Түркістан, Оңтүстік Сібір. Даңқты қолбасшы Тоныкөк түркі халқының жауынгерлік даңқын асқақтатты. 741 жылы Білге қағаннан кейін қағанат әлсіреп, ыдырай бастады.
сұрақтар
1. Қытаймен тиімді шарт жасасқан Шығыс Түрік қағаны:
2. Шығыс Түрік қағанатының өмір сүрген жылдары:
3. “Қаған жасыл жібектен желбегей шапан киген” – деп жазған:
4. Түріктер жаппай отырықшылана бастады:
5. Батыс Түрік қағанатындағы негізгі шаруашылық:
6. Түрік қоғамында құлдықтың болғандығын аңғартатын дерек:
7. Салықтың “қанмен өтейтін” түрі:
8. Сот істерін атқарушылар:
9. Қағанаттағы жоғарғы билеуші және әскербасы:
10. Қытай басқыншыларын жеңген қаған:
11. 659 жылы Жетісуға басып кірген мемлекет:
12. Ешбар Елтеріс қаған енгізген жүйе:
13. Билік үшін талас басталды:
14. Тон қағанның одақтасы болған ел:
15. Орта Азиядағы басқару жүйесін қайта құрған билеуші:
16. Шегу қағанның билік құрған кезі:
17. Батыс Түрік қағанатының алғашқы билеушісі:
18. Батыс Түрік қағанатының халқы:
19. Батыс Түрік қағанатының орталығы:
20. Қазақстан аумағында 603 жылы құрылған мемлекет:
Түргеш қағанаты (704 -756 жылдар)
Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрген. Үлкен ордасы – Суяб қаласы, кіші ордасы – Іле өзені бойындағы Күнгіт қаласы болды. Қағанаттың негізгі жер аумағы Жетісу болды. Сонымен қатар қағанаттың жері Шаш (Ташкент) қаласынан Бесбалық, Тұрфан қалаларына (Шығыс Түркістан) дейінгі аралықты қамтыды. Алғашқы қағаны – Үшлік. Түргештер сары және қара түргештер болып бөлінген. Олар Шу, Талас, Іле өзендерінің бойында өмір сүрген.
Сұлу қаған кезінде үш жақты күрес жүрді. Біріншіден, батыста арабтардың шапқыншылығы күшейді, екіншіден, шығыста Қытай қауіп төндірді. Үшіншіден, Шығыс Түрік қағанаты Жетісудағы ішкі қайшылықтарды пайдалануға тырысты. Сұлу қаған шығыстағы жағдайды әскери келісімшарт жасаумен қатар, құдандалық жолмен шешуге тырысқан. Сұлу қағанның шайқастарға тікелей өзі қатысуына және үнемі жеңіске жетуіне байланысты арабтар оған “Сүзеген”, “Мүйізді қаған” деп ат қойған. 751 жылы түргештер Таразға жақын жердегі Атлах қаласында көмекке келген арабтар және қарлұқтармен бірлесіп, қытай әскеріне күйрете соққы берді. Қытайлардың аман қалған бөлігі Жетісудан біржолата кетуге мәжбүр болды. Алайда жікке бөлінушілік тоқтамай, қағандық біржола әлсіреді. Бұл жағдайды пайдаланған қарлұқ көсемдері 756 жылы Түргеш қағанатын құлатып, билікті өз қолдарына алды.
Түргештер көшпелі және жартылай көшпелі мал өсірумен, жартылай отырықшы егін салумен шұғылданды.
сұрақтар
1. Соғдылықтардың Жетісуға көптеп келе бастаған уақыты:
2. Орта Азияда өмір сүрген иран тілдес халық:
3. Түргеш теңгелері соғылған қала:
4. Түргештерде шаруашылықтағы негізгі мәселенің бірі:
5. Түргеш қағанаты құлады:
6. Атлах шайқасында бірігіп шайқасты:
7. 748 жылы Суябты жаулап алды:
8. Сұлудың орнына келген қаған:
9. Соғды жерінен арабтар қуып шығарылды:
10. Арабтардың Сұлу қағанға қойған аты:
11. Сұлу қағанның Тоқарстандағы арабтарды жеңген жылы:
12. Сұлу қағанның шығыстағы жағдайды жақсартуда қолданған тәсілдері:
13. Орданы Суябтан Талас қаласына көшірген қаған:
14. Түргештер туралы алғашқы деректер:
15. Түргеш қағанатының негізгі жер аумағы:
16. Түргеш қағанатының орталығы:
17. “Соғдылықтардың ішінде түрікше сөйлемейтіндері жоқ” – деп жазған ғалым:
18. Түргеш мемлекетінің әлсіреуі нәтижесінде …… жылы Қарлұқ қағанаты құрылды:
19. Үшлік хан қай мемлекеттің қағаны болған:
20. Араб басқыншыларына қарсы шайқаста Сұлу қаған бірлескен ел:
Қарлұқ қағанаты (756-940 жылдар)
Араб тарихшысы әл-Марвази қарлұқтардың құрамында тоғыз тайпа болған деп жазған: үш жікіл, үш бескіл, бұлақ, көкеркін, тухси. Бұдан басқа лазана мен фаракия рулары аталады. Қарлұқ тайпаларының негізгі топтасқан жері – Алтай тауынан Балқаш көліне дейінгі аралық. Алтай тауынан Сырдарияның орталық ағысына дейінгі аймақты алып жатқан қарлұқтар 756 жылы түргештерден билікті алып, өз мемлекеттерін құрды. Қағанат орталығы – Суяб қаласы. 840 жылы қарлұқтар қырғыздармен бірігіп, Ұйғыр қағанатын жеңді. Осы жеңістен кейін Испиджаб қаласының билеушісі Білге Күл Қадыр-хан өзін қаған деп жариялайды. Самани әулеті мұсылман дінін тарату сылтауымен “ғазауат соғыс” жариялап, Испиджабты басып алады. Қала билеушісі саманилерге алым-салық төлеп тұруға міндетті болды. Саманилер Таразды басып алып, қалада мешіт салдырды. Саманилерге қарсы күресті Базар Арслан мен Оғұлшақ (Білге Күл Қадыр-ханның балалары) жүргізген. Қарлұқтардың арабтарға қарсы күресі 2 ғасырға жуық мерзімге созылды. Қарлұқ қағанатын ішкі тартыстар мен билік үшін күрес әлсіретті. Осыны пайдаланған Қашғардың түрік билеушілері 940 жылы Баласағұнды басып алды. Қағанат талқандалды. Баласағұнды екі жылдан кейін Сатұқ Боғра хан (Арсланның баласы) қайтарып алады. Осы ханның кезінде қарлұқтар арасында ислам дінін қабылдау басталды.
“Худуд әл-алам” қолжазбасында: “қарлұқтар тұрған аймақ – халық неғұрлым жиі қоныстанған және ең бай жерлер. Қарлұқтар елінде 25 қала мен қоныс бар” деп жазылған.
Қарлұқтарда аталарының зиратының басына тастан жасалған балбалдарды қою кең тараған. Түрік жазбаларында “Батыр ерлерін балбал етіп қойды” деген жазу табылды. 7-8 ғасырлардан құлпытас орнату дәстүрі дами бастады. Орхон-Енисей, Талас-Шу өзендері бойынан табылған түрік жазуларының ішіндегі ең атақтылары – “Күлтегін” мен “Тоныкөк” жазбалары. Бұл ескерткіштер Қарлұқ қағанатының кезінде түрік жазуының жаңа түрде дами бастағанын көрсетеді.
сұрақтар
1. Түрік жазуларының ішіндегі ең атақтылары:
2. Зират басына қойылатын тас мүсіндер:
3. Қарлұқтардың қыстаудағы баспаналары салынды:
4. “Қарлұқтар тұрған аймақ ең бай жерлер” – деп жазылған қолжазба:
5. Қарлұқтардың қосалқы шаруашылығы:
6. Қарлұқтардың қыстауларда тұрақтаған уақыты:
7. Қашғардың түрік билеушілері басып алған Қарлұқ қағанатындағы қала:
8. Қарлұқтардың арабтарға қарсы күресі созылды:
9. Саманилердің діни ықпалы тараған аймақ:
10. Қарлұқтарға “ғазауат соғысын” жариялап, шабуылдады:
11. Қарлұқтардың Ұйғыр қағанатына қарсы күресі созылды:
12. Қарлұқтардың мемлекет құрып, күшейе бастағанын көрсететін дерек:
13. Қарлұқ қағанатының өмір сүрген мерзімі:
14. Қарлұқтардың Жетісуға жылжу себебі:
15. Қарлұқ тайпаларының негізгі топтасқан жері:
16. Қарлұқтарды “ежелгі түріктер” деп жазған:
17. 7-ғасыр басындағы қарлұқтар құрамындағы тайпа саны:
18. Қай тайпа 756 жылы Түркеш қағандығын құлатып, билікті өз қолына алды:
Оғыз мемлекеті (9 ғасырдың соңы – 11 ғасырдың басы)
IX ғасырдың аяғы – X ғасырдың басында Сырдарияның орта және төменгі ағысында Оғыз мемлекеті құрылды. Орталығы – Янгикент қаласы (Жаңа Гузия). Махмуд Қашғаридің дерегі бойынша, оғыздар алғашында 24 тайпадан тұрған. Бұл оғыздардың жаңадан әр үрлі тайпалардан қалыптаса бастаған кезі. Әл-Марвази оғыздардың 12 тайпасы ғана жайлы жазады. Бұл кезең оғыз тайпаларының бір-біріне қосылып, халықтық халықтық дәрежеге көтеріле бастаған мезгілі болып есептеледі.
Оғыздардағы жоғарғы билік иесі – жабғу. Жабғудың мұрагері инал деп аталды. Оны атабектер тәрбиеледі. Әскербасы сюбашы деп аталған. Жабғудың кеңесшілері күл-еркін деп аталды. “Оғызнама” дерегінде көрсетілгендей, жабғу өзінің жерін 12 аймаққа бөліп басқарған.
Оғыздар қарлұқ, қимақ тайпаларымен бірігіп, Еділ мен Жайық аралығындағы печенегтерді жеңеді. 965 жылы оғыз жабғуы Киев князі Святославпен Хазарларға қарсы әскери одақ құрды. Нәтижесінде Хазар қағанаты талқандалды. Орыс жылнамаларында 985 жылы князь Владимирдің оғыздармен одақтасып, бұлғарларға жорық жасағаны туралы айтылады. X ғасырдың соңы мен XI ғасырдың басында Әли жабғудың кезінде мемлекет жағдайы күрт нашарлады. Үздіксіз соғыс пен шектен тыс cалынған алым-салық оғыздардың наразылығын туғызды. Жент қаласын салжұқтар басып алады. Алайда қала тұрғындары салжұқтарды Женттен қуып шығады. Әли жабғудың мұрагері Шахмәлік тұсында Оғыз мемлекеті күшейді. Ол 1041 жылы Хорезмді жаулап алады. Алайда 1043 жылы салжұқтардың қолынан қаза тапты. Қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан біржола ығыстырады. Ақырында XI ғасырдың басында Оғыз мемлекеті құлады.
Сырдарияның төменгі ағысында Жанкент, Жуара, Жент атты қалалардың орналасуы оғыздардың отырықшылығын дәлелдейді. Ал Сырдарияның орта ағысындағы Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ, Сауран қалалары туралы Махмуд Қашғари жазған.
сұрақтар
1. XI ғасырда оғыздарды Сырдария, Арал бойынан ығыстырған тайпа:
2. Оғыздардың күзгі жайылымдары туралы дерек қалдырды:
3. Оғыздарда елтірі беретін қойлар көп өсірілетін аймақ:
4. Жанкент, Жент, Жуара қалалары орналасты:
5. “Түрік қолөнердің барлық түрін өзі істейді…” деп жазған тарихшы:
6. Шахмәлік Хорезмді жаулап алды:
7. Салжұқтар басып алған қала:
8. 985 жылы оғыздар шабуылдаған ел:
9. Оғыздардың Киев князімен бірігіп, Хазарларды талқандаған жылы:
10. Оғыздардың қарлұқ және қимақтармен бірігіп жеңген тайпасы:
11. Оғыздар жеріндегі аймақтар саны:
12. Оғыздардағы шонжарлар кеңесі:
13. Оғыздардағы жоғарғы билік иесінің лауазымы:
14. Оғыздар 24 тайпадан тұрған деп жазған ортағасырлық ғалым:
15. Оғыз мемлекетінің аумағы:
16. Жетісуда Қарлұқ қағанаты құрылғаннан кейін оғыздар ығысты:
17. Хазарларға қарсы соғыста Киев князі Святослав кімдермен одақ құрды:
Қимақ қағанаты (9 ғасырдың соңы – 11 ғасырдың басы)
9 ғасырдың соңында қимақ тайпасының атымен Қимақ қағанаты құрылды. Қағанат Қазақстанның солтүстік-шығыс, орталық аймақтарын алып жатты. Орталығы – Имақия, екінші астанасы – Алакөл жағасындағы Карантия болды. Парсы тарихшысы Гардизи қимақтар құрамында жеті тайпа болғандығын жазған. Олар: эймур, байандур, татар, ланиказ, ажлар, имек, қыпшақ. Ең атақтылары – қимақтар мен қыпшақтар. Қағанат билеушісі – “қаған”. Бұл атақтан екі саты төмен “ябғу” атағы болды. Жеке тайпа көсемдерін “шад-түтік” деп атаған.
10 ғасырдың басында қимақтар тоғыз-ғұздардың шекаралық қаласы Жамлекесті жаулап алды. Қимақтар Енисей бойындағы қырғыздарға да шабуылдап тұрған. Қимақтарға 10 ғасырдың екінші жартысында Қарахан мемлекеті шабуылдай бастады. Қарахандықтардың жорықтары 11 ғасырда жиілей түскен. Осы жорықтардың әсерінен Қимақ қағанаты әлсіреп, ыдырай бастады. Қимақ қағанатының құлауының екі себебі болған. Біріншісі – қыпшақ тайпасы көсемдерінің билік үшін таласуы. Екіншісі – сыртқы қайшылық.
Қимақтарда мал шаруашылығы басым болды. Махмуд Қашғаридің дерегі бойынша, малдан айрылғандар жатаққа айналып, қолөнер мен балық аулауды кәсіп еткен. Қола айнадағы жазулар 9-10 ғасырларда қимақтардың ежелгі түрік жазуымен жазғанын көрсетеді. Қимақ шонжарлары 10 ғасырда ислам дінін қабылдай бастады.
сұрақтар
1. Қимақтардың исламды қабылдаған уақыты:
2. Қимақтардың жазу құралы:
3. Қимақтарда жатаққа айналғандардың кәсіптері:
4. Қимақтарда мал шаруашылығының басым болғандығын жазған парсы тарихшысы:
5. Қимақ қағанатының құлауының себептері:
6. 10 ғасырдың екінші жартысында қимақтарға шабуылдаған мемлекет:
7. Қимақтар жаулап алған тоғыз-ғұздардың шекаралық қаласы:
8. Қимақтардың саяси өміріндегі беделі күшті топ:
9. Қимақтарда “шад-түтік” лауазымы берілді:
10. Қимақтарда қағаннан екі саты төмен атақты иеленуші:
11. Қимақтар құрамындағы тайпа саны:
12. Қимақ қағанатының өмір сүрген мерзімі:
13. Қимақтардың ішінде қыпшақтар болғандығы туралы жазды:
14. Қимақтардың Монғолияның солтүстік-батысын мекендеген мерзімі:
Жартылай көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара әсері
Орта ғасырдың басында қалалық өмір қалыптаса бастаған. Қалалар мен жартылай көшпелілердің арасында мәдени және экономикалық байланыстар дамыған. VI-IX ғасырларда Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісудың оңтүстік-батыс аймақтарында қалалық мәдениет дамыған. Оңтүстік Қазақстанда отырықшылық мәдениеттің орталығы Отырар, Йасы, Сауран, Сығанақ, Құлан қалалары болған. Жетісу аймағында Тараз, Талхир, Алмалық, Қойлық қалалары орналасқан. Қытай жылнамасында Испиджаб қаласының аты кездеседі. Бұл қала Махмуд Қашғаридің жазбаларында Сайрам деп аталған.
Қалалардың құрылысы 3 бөліктен жасалған. Бұл қала тұрғындарының әлеуметтік теңсіздігін көрсетеді. Қаланың орталық бөлігінде бай-шонжарлар тұрған. Орталық бөлікті қоршай орналасқан екінші бөлікте тұрмысы орташа қалыптағы қала тұрғындары, қолөнер шеберлері орналасқан. Үшінші бөлік екіншінің сыртынан қоршай орналасқан. Мұнда егіншілер мен кедейлер тұрған.
Қолөнер бұйымдарын жасауда түріктер кісе белдік жасауға ерекше көңіл бөлген. Ер адамдардың күнделікті тұтыну құралдарын өзімен бірге алып жүруіне ыңғайлы бұйымдары болған. Түріктер кен қорыту ісімен V ғасырдан бастап айналысқан.
Қала санының өсуі сауданың жандануына үлкен әсерін тигізді. Сауда негізгі үш бағытта жүргізілді: халықаралық сауда, қалалардың өз аумағындағы сауда, және қалалықтардың дала халқымен сауда байланысы. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өткен. Жол бойында орналасқан Суяб, Тараз, Испиджаб арқылы сауда керуендері жүрген. Жібек жолының тармақтары Испиджабтан Фарабқа, одан Түркістан арқылы Орталық Қазақстанға қарай созылған.
сұрақтар
1. Кангу Тарбан деген түрік бірлестігінің теңгелері табылды:
2. Иран, Византиямен сауда келіссөздерін жүргізген түрік қағаны:
3. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы өтетін аймақ:
4. Cауданың жандануына әсер етті:
5. Түрік кезеңінде түсті металдар өндірілген аймақ:
6. Түріктер кен қорыту ісімен айналысқан кезең:
7. Түріктер қолөнер бұйымдарын жасауда ерекше көңіл бөлді:
8. Киіз үй туралы жазылған деректер:
9. Қыстақ-кент тұрғындарының негізгі шаруашылығы:
10. Қалалардың құрылыс жүйесінің бөліктері:
11. Қазіргі Сайрам қаласының бұрынғы атауы:
12. 6-9 ғасырларда қалалық мәдениет дамыған аймақ:
13. Қалалық өмір қалыптаса бастады:
Архитектура және өнер.
Жерімізде сәулет өнерінің тамаша ескерткіштері көптеп кездеседі. 7-8 ғасырларда басталып, бітпей қалған Ақыртас ғимараты төртбұрышты кесек тастардан қаланған. Білеулі ғимараты Қазақстан мен Қарақалпақстан шекарасында орналасқан. Құдық үстіне салынған құрылысты парсыша “сардоба” деп атайды. 6-9 ғасырларда Мырзашөл керуен жолының бойына салынған екі сардоба белгілі. Екі сардобаның құрылысы және күмбездері киіз үйдің жобасына ұқсайды.
Дың ескерткіштері қаза болған адамды жерлеген жерге тұрғызылған. Олар Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай, Маңғыстау жерлерінен көптеп табылды. Ақбешім, Суяб қалаларынан будда ғибадатханаларының орындары табылған (7-8 ғ.ғ.). 9 ғасырдың екінші жартысынан бастап ислам дінінің архитектуралық құрылыс жүйесі салына бастаған. Баба-Ата қаласы орнынан мешіттің қалдығы табылған. Балбал (мүсін тас) қаза болған қолбасшы, атақты адамдардың басына қойылған. Балбал тастар Орталық Қазақстанда, Жетісуда өте көп кездеседі. Қолданбалы өнер түрлеріне балшықтан жасалған терракота, көркем керамика және ұсақ пластика жатады. Терракоталарда адамның бет-әлпеті, шашы, киімі бейнеленеді.
сұрақтар
1. Терракоталарда бейнеленеді:
2. “Әкем Қағанға балбық тіктім” деп жазған:
3. Ислам дінінің архитектуралық құрылысы салына бастады:
4. Будда ғибадатханаларының орындары табылған қала:
5. Дың ескерткіштері көп салынған кезең:
6. Құдық үстіне салынған құрылыс:
7. Ақыртастан кіші сәулет өнері:
8. Құрылысы аяқталмай қалған ғимарат:
9. 6-11 ғасырларда салынған екі сардобаны көрсетіңіз:
10. Будда ғимараттарының орны табылған қалалар:
Түріктердің рухани мәдениеті
Ежелгі түрік тайпалары көне түрік жазуымен жазған. Көне түрік әліпбиі 35 әріптен тұрады. Түріктердің әліпбиі өздерінің ру-тайпаларының таңбалары негізінде жасалған. Жерімізде түрік жазуының пайда болған мерзімі туралы жаңа пікірлер туды. Көне түрік жазуы б.з.б. 1 мыңжылдықтың ортасында қалыптасқан. Алматы, Павлодар облыстарының жеріндегі сақ тайпаларының обаларынан түрік тіліндегі жазулардың табылуы бұған дәлел болады. Талас, Іле, Сыр, Ертіс өзендері бойынан соңғы 30-40 жыл ішінде көне түрік жазуларының көптеген ескерткіштері табылды. Ислам дінінің таралуына байланысты араб жазуы түрік билеушілері арасында тез қабылданды. Бұл жағдай түрік жазуының өмірде қолдану аясын тарылта бастаған. Ел ішінде түрік жазуымен қатар соғды жазуы кең тараған.
Жазу өнерінің дамуына байланысты 8 ғасырда жазба әдебиет пайда болды. Түрік жазба әдебиетінің көне ескерткіштері – “Күлтегін” және “Тоныкөк” жазулары. “Қорқыт ата” мен “Оғызнама” – 8-9 ғасырларға жататын шығармалар. Бұл шығармалар 8 ғасырда ауызша айтылған, 11 ғасырдан бастап қағазға түсе бастаған.
Түріктердің зираттарынан табылған бұйымдар олардың о дүниелік өмірге сенуінің айғағы болып табылады. Олар отқа, табиғатқа табынған. Түріктер қаза болған адамның мәйітіне аты мен заттарын қоса өртеген. Сондай-ақ түріктер көк бөріге табынған. Балаға, бәйге аттарына тіл-көз тимеу үшін бөрінің тырнағын, көзін, тілін кесіп алып, тағып қоятын болған. Ұмай анаға отбасына шапағатын тигізеді деп табынған. Қазақстанның оңтүстігінде, Жетісуда мұсылман діні 8 ғасырдан бастап кең тарала бастаған.
сұрақтар
1. Көне түрік жазуының бүкіл халық игілігіне айнала бастаған кезеңі:
2. Мұсылман діні кең тарала бастаған кез:
3. Отбасына шапағатын тигізуші:
4. Тіл-көз тимес үшін тұмар ретінде тақты:
5. Түріктерде мәйітті өртеу ғұрпы білдіреді:
6. “Оғызнама” дастаны 6 ғасырда аударылды:
7. “Оғызнаманың” ескі нұсқасын бірінші жазып қалдырған тарихшы:
8. Қорқыт ата ескерткіші орналасқан жер:
9. 8-9 ғасырларға жататын әдеби шығарма:
10. Түріктердің жазба әдебиеті пайда болды:
11. Түрік жазуымен қатар ел ішінде кең тараған жазу:
12. Көне түрік жазуларының ескерткіштері табылған жер:
13. Көне түрік жазуы қалыптасқан мерзім:
14. Көне түрік әліпбиіндегі әріп саны:
