Эссе үлгісі аргументативті эссені құрылымы бойынша жазу үлгісі
Теледидар жаңалықтарынан қызыл кітапқа енген жануарлардың азайып бара жатқаны туралы жаңалықты естідіңіз. Қалай ойлайсыз, қызыл кітапқа енген жануарлардың азайғаны дұрыс па?
І.Кіріспе
Кіріспе сөйлемдер |
Қолына мылтық ұстағандар киікті қынадай қырып, біреу арзан етке, екіншісі тегін ақшаға қарық болса, бұл күндері пысықайлар ақбөкеннің мүйізін сыртқа сатып, пайда табуды кәсіпке айналдырғаны өкінішті. Өкінішке орай бұл соңғы кезе жиі кездесуде.
|
Тезис |
Шынымен де еш қиянаты жоқ жануар жер бетінен жойылып кете бере ме?
|
ІІ.Негізгі бөлім
1-азатжол |
|
Пікір |
Сағым далада сайран салып жүрген ақбөкендер қайда екен кешегі? Сарыарқаның рахатына батып жүрген мөлдір көзді асыл жануарымыздың қазіргі күндегі тыныс-тіршілігі қандай деңгейге жетті екен? Осы бір сұраққа кей адамдар қапаланып жүрсе, ендігі бірі қапаланбақ түгілі сол киелілеріміздің санын азайтуға ортақтасып жатқандай. Біз бұны тек құлақпен естіп қана жатқан жоқпыз, көзімізбен көріп, қатігездіктің куәгері болып та жатырмыз. |
Аргумент |
Бұған дәлел: республикамыздың оңтүстік аймағында көлігінің жүксалғышында өлі ақбөкен тиеп бара жатқан бес браконьер ұсталған. |
Сараптама |
Жазиралы жерімізде тарсылдаған мылтықтың даусы, қан-қан болып жатқан сағым дала, маңырағанда жүректі қынжылтатын ащы дауыстар - бәрі-бәрі қазақтай қарапайым халықтың көкірегінде сайрап жатса да, адамдардың біразы бірыңғай теріс бағытқа ұмтылып бара жатқандай. |
2- азатжол |
|
Пікір |
Киікті қазақ киелі жануар деп есептейді. Ел арасында оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Киіктің қаншалықты киелі екендігін кім білсін, бірақ өте ақылды және қандай табиғи ортада болмасын, тез бейімделіп кететін жануар екендігі анық. |
Аргумент |
Қазақстан көлемiнде қалған ақбөкен саны 2003 жылы 20 мыңға азайып кетсе, 2013 жылы 187 мыңға жеттi. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Дегенмен, «Қызыл кiтапқа» тiзiмге енгiзiлген ақбөкендердi қорғау өзектi мәселе болып тұр. |
Сараптама |
Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады. Егер ақбөкендердің басқа түз тағыларынан ерекшеліктері болмаса, ежелгі мамонттармен бірге құрып кетер еді. |
Ііі. Қорытынды
Нақты шешім |
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, ақбөкендерге қол салмау керек екенін әрбір қазақ біледі. Әйтсе де, бұл айтылған ережелер кейбірінің жүректеріне жетпеген секілді, |
Ұсыныстар |
сондықтан қазіргі заңдағы ақбөкендерді қорғау ережелерін қатайту керек деп ойлаймын. Заманамыздың тыныштығын осы бастан ойлауымыз қажет. Егер де біз жануарларымызды көзіміздің қарашығындай сақтайтын болсақ, сайын дала сайыпқырандарының саны артары сөзсіз. (259 сөз.)
|
Эссе үлгісі
Жастар рухани жүдеу емес пе?
Бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылатын осы жайдың елдің келешегіне әсер ететіні сөзсіз. Жалпы рухани жүдеулік жайлы айтқанда жастардың кітап оқымайтыны, театрға бармайтыны және қазіргі көркемөнер дүниелерінің құлдырап кеткені тілге тиек етіледі.
Шынында да, қазіргі жастар кітапты аз оқиды. Өйткені, техникалық прогресс күшейіп кетті. Ақпарат көп, жан-жағымыздың бәрі экран, керек ақпаратты саусақпен түртіп алып отырмыз деген ақталу сөз, сылтау аргументтермен түсіндіріледі. Бұл –адам қорқатындай жағдай.
Кесір-кесапатты көріністері қазір әдебиеттен, жалпы рухани жағдайлардың мешеулігінен, өнеріміздегі кемшіліктерден, сол кемшілікті Батысқа еліктеу арқылы толтырамыз деген әбігер әрекеттерімізден көзге бадырайып анық байқалып тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Байтал түгіл, бас қайғы» деген заман болды. Біздің тұрмысымыз, жейтін нанымыз, киетін киім-кешегіміз, күнделікті пайдаланатын жарығымыз, дәрі-дәрмегіміздің бәрі шешімін таппаған мәселе болғаны шындық. Сол жағдайда кітап оқу, жалпы руханият мәселесі өте қатты күйзеліске ұшырады. Ол — қоғамның өте нәзік әрі күшті құбылыстары. Ең алдымен, әдебиетіміз, өнеріміз өркениеттің нәзік тұстары соққыны бірінші қабылдайды және содан зардап шегеді. Қазір жағдайымыз ептеп жақсарды. Бірақ барлық салалар дамып жатқанымен, руханият мәселесінде осы кесел терең із қалдырды да біздің психологиямызға шөгірдей кіріп кетті. Біз осыдан құтыла алмай, өзіміздің мәдени руханияттағы ізденіп оқитындай менталитетімізден айырылып қалдық. Сондықтан да керемет ақын Мұқағалидың өлеңдерін,Ғабиттің, Әбдіжәмілдің кітаптарын іздеп оқитын жастардың бүгін «Менің ұрпағым кітап оқыса да, оқымаса да өзінің нанын тауып жесе болар, әйтеуір аман болса болды» деген керенау торға еніп кеткендігі осы. Бұл- үлкен тарихи құбылыс. Тарихи негізі бар мәселе. Бірақ саналы ел, өсеміз, өркендейміз деген ел бұл керенаулықтан, кезінде жіберіп алған қателіктен құтылу керек.
Бұл жерде мәселенің астары екі жайда: көркемдікте және ұлттық мүддені жоғары қоя білуде. Қазір жастар Голливудтың техникалық деңгейі жоғары болғанымен, моральдық жағынан жүдеу киноларына құмар, ондағы адам өлтіру, зорлық-зомбылыққа құрылған идеология біздің санасы енді қалыптасып келе жатқан балалар мен жастарымызға әсер етуі зор болғандықтан, олардың адами қалыптасуына өте зиянды. Сайлаубай Жұбатырұлы: -Қазіргі кинода «Қыз Жібек», «Көксерек», «Менің атым Қожа» сияқты ұлттық рух жоқ. Баланы армандатпайды, алдағы күнге жетелемейді. Тіпті «Көшпенділердің» өзі ұлттың жыртысын жыртпайды деген пікірі көпшіліктің түйінді ойы деп есептеймін.
Эссе тақырыптарының бағыттары:
Қазақстан (рәміздер, тарихи мағлұматтар, жәдігерлер, географиясы, қалалары)
Салауатты өмір салты
Жас ұрпақтың тәрбиесі
Салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар
Туған жер тарихы
Экология мәселелері
Ұлттар достастығы
Спорт, туризм (көрікті жерлер)
Достық қарым–қатынас
Табиғат
Ақпарат көздері
Білім
Отбасы
Мектеп өмірі
Ғаламтор жүйесі
Қазақстанның өткені мен келешегі
Қазіргі қоғам
Миграция
Экология
Жастар мәселесі
Туризм
Театр
Қоғам және интернет
Ғылым және этика
Өнер және әдебиет
