- •Хан Кененің ұлт үшін бейбітшілік жолындағы күресі
- •1.1.Қазақстан XIX ғ. 20 – 40 жылдарында
- •1.2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық көтеріліс
- •1.3. Кенесары хандығының ішкі құрылысы
- •2. Кенесары Қасымұлының құқықтық реформалары
- •2.1. Кенесары ханның басқару жүйесінде жүргізген реформалары
- •2.2. Кенесарының сот және сот жүргізу ісі жүйесінде жүргізген реформалары
- •2.3. Кенесарының салық жүйесінде жүргізген реформалары
- •2.4. Кенесарының әскер жүйесінде жүргізген реформалары
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер.
1.2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық көтеріліс
Өзінің көлемділігі мен маңызы бойынша көп күш жұмсауымен және табандылығымен ерекшеленетін 1837 – 1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс, XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының ұзақ уақыт бойы кең қамтыған ең маңызды көтерілісі болды. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің ХVIII – ХІХ ғасырларда орын алған көтерілістерден айырмашылығы бұл көтеріліске қазақ жүздерінің барлығының дерлік қатысуы еді. Барлық ру күреске бірден жұмыла қатыспағанымен, бұл көтеріліс өзінің алғашқы жылдарында – ақ кең құлаш жайып, бүкіл халық көтерілген көтеріліске айналды. Көтерілістің бүкіл халықты қамтуы, кең етек алып, саяси сипатының айқын көрінуі Кенесары көтерілісінің өзіне тән ерекшелігі деп айтсақ қателеспесіміз анық [3.150 б.].
Кенесары Қасымұлы (1802 – 1847) - әскери қолбасшы, Абылай ханның немересі және қазақ хандығының соңғы ханы.
Көтеріліс бұл қазақ хандығын біріктіріп, бостандығын қорғаудың соңғы мүмкіндігі еді. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алып, Қазақ даласына қарулы топтар жіберуі, олардың бейбіт ауылдарға қысым көрсетуі көтерілістің басталуына тікелей әсер етті.
1837 жылы қараша айында бірінші Актау бекінісінде шаруа казактарымен қақтығыс болды. 1838 жылы мамыр айында Ақмола бекінісін қоршауға алып өртейді. Оны аға сұлтан полковник Қоңырқұлжа Құдаймендиннің жасағы мен старшина Карбышев басқаратын қаруланған гарнизон қорғайтын. Кенесарының әскері бекіністі жаулаған кезде жаудың біраз әскерлерін тұтқындап, қару-жарақтарын иеленеді. 1838 жылдың аяғына қарай Кенесары Кіші жүз жеріндегі Торғай өзенінің маңына қоныс аударады. Орынбордың генерал-губернаторы граф В.А. Перовский көтерілісшілермен арақатынасты бейбіт жолмен шешуге тырысып, жылдың аяғында В.А. Перовскийдің Кенесарымен уақытша бітім жасасуға қолы жетеді. Ол бітім бойынша Кенесары бастаған көтерілісшілер шекара шебіне шабуыл жасамауға уәде береді. Бұл келісім өз күшін 1842 жылға дейін сақтайды [4. 51 – 52 б.].
1841 жылдың қыркүйегінде қазақтың үш жүзінің ықпалды билері, сұлтандары Кенесары Қасымұлын қазақ жерінің ханы етіп сайлады. Хандық басына келген соң Кенесары қазақ жерлерін азат ету жолындағы күресті бұрынғысына қарағанда неғұрлым батыл жалғастырды.
1841 жылдың күзінде көтерісшілер Қоқандықтардың бірнеше бекіністеріне шабуыл жасады. Хиуа хандығы болса Кенесарымен өзара қолайлы одақ құруға әзір болды. Азаттық күрестің белсенді кезеңі 1843 жылы маусымда Оралдан арғы шетті аймақта орналасқан тұрақты әскери күштерді қолдана отырып, I Николай Кенесарыға қарсы үлкен әскери жорыққа рұқсат береді. 1844 жылы Кенесары елді мекенді жақсы білу арқасында басты қолмен кездеспей А. Жантөрин сұлтан отрядын талқандайды. Көтерілісті басу үшін Орынбардан полковник Дуниковскийдің отряды шықты, ал Сібір тобын генерал Жемчужников басқарды. Кенесары патша әскерлерінен құтылып отырды. Патша үкіметін соғыстың ұзаққа созылатыны алаңдатты. Сонымен қатар Орынбор губернаторы В.А. Перовский мен Сібір губернаторы В.Д. Горчаков арасында Кенесарыға қарсы күрес жолы жөнінде әр – түрлі көзқарас болды.
Кенесарыға елшілік жіберіліп, шарт қояды. Үкімет белгілеген аймақ шегінде көшіп – қонуға рұқсат етіледі. Патша елшілері мақсатына жетпей кері қайтарылады. Кенесары орыс бекіністері жойылып, алынған жерлер қазақтарға қайтарылған жағдайда ғана Ресей протекторатын қабылдауға келісетіні туралы жауап қайтарады.
Үкімет бекіністер салып Кенесары ханды Орынбор өлкесінен ығыстырады. Көтеріліс орталығын Ұлы жұзге көшіруге мәжбүр болады. Ал Сібір көтерісшілер аймаққа келетінін болжап, Вишневский басқаратын зеңбірегі бар едәуір күштер жібереді.
1846 жылы Кенесары Балқаш маңына қоныс аударады. Осы жылы Кенесарыға қолдау көрсетуші Ұлы жүздің Саурық батыры қырғыздардың батыры Жаманқораны өлтіреді. Оған жауап ретінде қырғыздар Саурық батырдың ауылын шауып, Саурық батырды өлтіріп, мал – мүлкін тонап кетеді. Бұдан кейін қазақ – қырғыз арақатынастары ауырлай түседі. Патша үкіметі болса туысқан екі халықты бір – біріне айдап салып, екі жақты да әлсіретіп барып, осы өңірге өз әскерін кіргізудің қолайлы жолдарын қарастырады. 1847 жылы Кенесары хан 10 мың сарбазымен қырғыз жеріне басып кіріп, оларды Қоқан езгісіне қарсы қазақтармен бірігіп күресуге шақырады.
Соңғы шайқас Кекілік – Сеңгір деген жерде болады. Кенесарыны сарбасздарымен үш жақтан Қоқан, Қырғыз манаптары мен Вишневскийдің отряды қоршауға алады. Бірақ сол ұрыста Сыпатай Әлібекұлы мен Рүстем Төренің кері шегінуі жағдайды ауырлатады. Сол шайқаста Кенесары 32 қазақ сұлтанымен тұтқынға түседі. Кенесары қырғыз манаптарының қолынан қаза табады.
Ұлт азаттық көтерілістің жеңілуінің себептері: қазақ халқының бірікпеуі, көтерілісті көбіне өз аймақтарында қолдап басқа аймаққа ауысқанда әлсіреуі; кейбір ру басыларының Ресейді жақтауы; Кенесары өзін қолдамаған ауылдарды шабу халықтың наразылығын келтіріп көтеріліс күшін әлсіретіп отыруы; басқа хандықтармен күресте әскери күштің тең болмауы болып табылады [5. 142 – 192 б.].
Кенесары Қасымұлының көтерілісінің басталу себептерін авторлар әртүрлі түсіндіреді. Алайда, көпшілігі көтерілістің басты себебі үкіметтің отаршылдық саясаты қарсылық деп көрсетіп бұл қозғалысты Кенесарының ғана есімімен байланыстырады. Шын мәнінде, бұл оқиғаның басы Қасым төренің есімімен, Уәли ханның бәйбішесінен туған Ғұбайдолланың қимылдарынан басталатындығын орыс тарихшылары да атап өткен. Ол көтерілістің басталуына басынан себепші болған – патша үкіметінің Орта жүзде хандық билікті құртып, ресейлік әкімшілік басқаруды іске асыра бастауы, яғни жерге бөліп басқару жүйесі арқылы қазақ даласын отарлау. Шохан Уәлиханов Кенесарыны бүлікшілердің ішіндегі ең ержүрек деп сипаттай келе, қозғалыстың басты себептерін төмендегідей анықтайды: «хандық билікті жою, даланы округтерге бөлу, «қырғыздарды» басқару үшін сібірлік әкімшілікті кіргіздіру немесе жаңа тәртіптерді орнату толқуларсыз өтпеді». Кейіннен Кенесарының тұтқында болып, еріксіз оның ауылдарымен көшіп жүруге тура келген, қазақтардың өмірімен жете танысқан барон Услар «Отечественные записки» журналында жарияланған «Төрт ай қырғыз даласында» атты еңбегінде төмендегідей бағамен, 1822 – жылы Сібір қазақтарын басқару жөніндегі «Уставтың» қазақтардың көтерілісіне әсер еткендігіне көңіл аударады: «Жаңа Уставты қабылдау кейбір қырғыз сұлтандарының наразылығын тудырды. Шынына келегенде, бұл құжат далада қалыптасқан еркіндіктің түп тамырына балта шабады, бүкіл халықтың өміріндегі салдарлары ауыр болады» [6. 65 б.].
Көтеріліске түрткі болған себептердің бірі – округтерді ұйымдастыру арқылы қазақтарды жан - жағынан қысып, құнарлы жер шаруашылығына, шұрайлы мал шаруашылығына тиімді аймақтарға орыс - казак шаруаларының ауыз салуы болды.
Ақылды әкімшілердің мақсаты, әсіресе, барлық бұратаналар жөнінде, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан сенімін, күнделікті үйреншікті қылықтарын жасанды әдіспен құрту емес, ақылмен оларды өмірдің тамаша құбылыстарына, бейбіт азаматтыққа бағыттау [7].
Қазақтарды «жабайылар» ретінде қараған патша үкіметі ресми шешімдер қабылдап, қазақтардың балаларын құлдыққа сатуды да теріс көрмеген. 1819 – жылы Александр I – ші ортаазиялықтарды ғана емес, қазақ балаларын да сату жөнінде арнайы заң шығарған. Мысалы, XIX – ғасырдың басында тек Гурьев қаласында бір айдың ішінде 100 баланы сатып жіберген[8].
Сонымен, келтірілген әртүрлі мазмұндағы мәліметтер Кенесары көтерілісінің басты себептері тек патша үкіметінің 1822 – жылғы Уставқа сәйкес округтер құру ғана емес, оның алғы шарттары анағұрлым кең екендігін байқатады. осы мәселелерді біршама толықтыра сипаттағанымыздың негізі түсінікті деп ойлаймыз: көтерілістің әбден қайнаған жылдарында оның әлеуметтік құрамына, қозғалыстың басты мақсаттарының үш жүздің иелігінде біршама өзгеріп отыруына, қазақ шонжарларының арасындағы іріткіге біз жоғарыда көтерген мәселелер өз әсерін тигізбей қоймағаны белгілі.
