- •Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың
- •2. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттері
- •3. Қазақстан Республикасы қаржы секторының ағымдағы ахуалына талдау және даму үрдістері
- •1. Қаржы секторының негізгі ішкі құрылымдық проблемалары және даму үрдістері
- •2. Қаржы нарығының және қаржы ұйымдарының сыртқы бәсекеге қабілеттілігі
- •2013 – 2014 Жылдардағы Халықаралық менеджментті дамыту институтының Ғаламдық бәсекеге қабілеттілігі индексінің «қаржы» көрсеткіші
- •Бэк-ке мүше елдердің сақтандыру секторының мөлшерін салыстыру
- •3. Қазақстан Республикасы қаржы нарығының жұмыс істеуі үшін сын-қатерлер
- •Қор биржаларында саудаланатын бағалы қағаздардың саны (бағалы қағаздар/эмитенттер)
- •«Инвесторларды қорғау» индикаторының негізгі параметрлерін салыстыру
- •4. Қазақстан Республикасының қаржы секторын 2030 жылға дейін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
- •1. Қаржы секторын дамытудың басымдықтары
- •2. 1-Міндет: әлеуетті күйзелістер туындаған жағдайда қоғам мен мемлекеттің қаржы жүйесінің орнықтылығына қолдау көрсетуге шығасыларын азайту
- •3. 2-Міндет: экономикалық ықпалдасу және жаһандану жағдайларында қаржы секторының тиімділігін арттыру
- •4. 3-Міндет: инфрақұрылымды жетілдіру және қаржы жүйесін сапалы дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасау
- •5. 4-Міндет: қаржы секторы өсуінің ресурстарын, оның ішінде экономика қажеттіліктеріне жауап беретін қаржы өнімдері есебінен кеңейту
- •6. 5-Міндет: теңгерімделген экономикалық ортаны ұстап тұру және экономикадағы кредиттік тәуекелдерді төмендету
- •5. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырудың күтілетін нәтижелері
- •6. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру болжанып отырған нормативтік құқықтық актілердің және бағдарламалық құжаттардың тізбесі
4. 3-Міндет: инфрақұрылымды жетілдіру және қаржы жүйесін сапалы дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасау
1. Банктік тәуекелдерді барынша азайту мақсатында бизнес процестерді автоматтандыру.
Қазақстандық қаржы ұйымдарының бизнес процестерді тиімді орналастыру және оларды автоматтандыру мәселелеріне жеткіліксіз көңіл бөлуі шетелдік бәсекелестер алдындағы олардың бәсеке қабілеттілігінің осалдығына себепші болды.
«Кредиттік нарық параметрлерінің жай-күйі және болжамы» атты тоқсан сайын зерттеу жүргізу шеңберінде сұхбаттасу кезінде банктерден алынатын ақпаратқа сәйкес бизнес процестер жүйесін барынша тиімді ұйымдастырумен үйлестірілетін барынша сапалы ақпараттық жүйелердің болуы Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін шетелдік банктердің маңызды ерекшелігі болып табылады. Бұл фактор шетелдік банктердің қазақстандық нарықта өктемдік саясатын жүргізу кезіндегі олардың маңызды бәсекелестік артықшылығы бола алады.
Осылайша, операциялық тәуекелдердің айқындылығын арттыру және оларды барынша азайту мақсатында менеджменттің халықаралық сапа стандарттарын енгізу және сапа стандарттары бойынша ішкі бағдарлардың болуы қажет. Қаржы ұйымдарының бизнес процестерін ұйымдастыру деңгейін арттыру қажет, ол ойдағыдай енгізілген жағдайда, қаржы ұйымы тиімділігінің көрсеткіштеріне, оның орнықтылығына, ашықтық дәрежесіне, шығындардың төмендеуіне, сондай-ақ олар көрсететін қызмет сапасына оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, банк секторының қызметі туралы шынайы ақпарат алу және оны талдау үшін пайдалану әрі банк қызметіне тән тәуекелдерді ерте сатыда анықтау мақсатында Кредиттік тізілімді жаңғырту жұмысы жалғастырылатын болады. Жаңғыртылған Кредиттік тізілімді енгізу қарыздар бойынша кіріс ақпаратты жинау, бақылау, өңдеу және бір көзден жиынтық есептер алу рәсімдерін оңтайландыруға, бағдарламалық қамтамасыз етудегі іркілістерге және адам факторына байланысты операциялық тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.
2. Төлем қызметтері нарығының инфрақұрылымын дамыту.
Экономикалық қызметтің айқындылығын арттыру мақсатында тиісті технологиялық инфрақұрылымды дамыту және осы төлемдердің экономикалық тиімділігі үшін жағдайлар жасау арқылы қолма-қол жасалмайтын бөлшек төлемдердің үлесін арттыру қажет.
Әлемдік практиканы және халықаралық стандарттарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының төлем кеңістігінде төлем жүйелерінің инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, қазіргі заманғы төлем тетіктері мен инновациялық шешімдерді енгізу міндеттерін шешуде мемлекеттің реттеуші және үйлестіруші рөлі сақталады. Қаржы секторының төлемдеріне жоғары технологиялық деңгейде қызмет көрсету үшін төлем жүйелерінің қызметін қолдау, жүйелік тәуекелдерді шектеу және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің көрсетілетін төлем қызметтерін жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Бөлшек төлемдер үшін технологиялық ортаны және инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Электрондық төлемдер тетіктерінің әлеуетін толық іске асыру және оңтайлы пайдалану үшін банктердің және төлем қызметтерін көрсететін өзге де ұйымдардың тиімді әрі сенімді түрлі жаңа көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен және бизнес субъектілерімен нарықтық өзара іс-қимылды кеңейтуге, электрондық іс-қимылды автоматтандыруға және жақсартуға бағытталған күштері қолдау табатын болады.
Төлем нарығының сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін төлем қызметтері нарығының субъектілерін мемлекеттік реттеу және бақылау жүйесін жетілдіру шаралары қабылданатын болады. Төлем қызметтерін көрсететін банктік емес ұйымдарға қадағалауды жүзеге асыру бойынша тиімді шешімдер іздеу жүзеге асырылатын болады және оларға көрсетілетін төлем қызметтерінің аясы айқындалады.
Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру шеңберінде 2016 жылы төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау жоспарланып отыр.
3. Сақтандыру бойынша деректердің статистикалық базасын жетілдіру.
Қазіргі уақытта бірқатар өзгерістерге ұшыраған сақтандыру нарығының инфрақұрылымы сақтандыру секторының толыққанды дамуын сақтандыру бойынша толыққанды және шынайы статистикалық базаны қалыптастыру жолымен қамтамасыз етеді. Бұл сақтандырудың ерікті түрлері бойынша сақтандыру тарифтерінің барабар және негізделген мөлшерлерін қалыптастыруға және сақтандыру жағдайлары мен төлемдері бойынша жалпы статистиканы ескере отырып, барабар резервтердің қалыптасуына мүмкіндік береді.
Осыған байланысты сақтандыру шарттарының барлық параметрлері бойынша статистика жинауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін СДБҚ ақпараттық жүйелерінің ішкі процестерін одан әрі жетілдіру қажет. Бұдан басқа, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында СДБҚ базасында сақтандырудың барлық кластары үшін сақтандыру тарифтерінің актуарлық есептері үшін, сондай-ақ өмірді жинақтаушы сақтандыру үшін қайтыс болудың актуарлық кестелерін жасау үшін статистикалық ақпаратқа талдауды жүзеге асыратын тиісті бөлімше құру қажеттілігі туындады.
Сонымен қатар, сақтандыру бойынша дерекқордың мемлекеттік дерекқорлармен өзара іс-қимыл қажеттігі бар, себебі мүліктік және жеке сақтандыру шарттарын жасау кезінде жеке тұлғалар бойынша дербес деректер пайдаланылады. Осыған байланысты, нақты уақыт режимінде ақпарат алу мүмкіндігімен жеке тұлғаларды есепке алу бойынша мемлекеттік дерекқорға қол жеткізу мүмкіндігі қаралатын болады.
4. Автосақтандырудың өңірлік жүйесін құру.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырудың инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында, сондай-ақ БЭК шеңберінде Қазақстан Республикасының ықпалдасу жағдайларында Ұлттық мотор бюросын құру мәселесі қаралады.
Ұлттық мотор бюросының негізгі мақсаты автосақтандырудың өңірлік жүйесі шеңберінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша міндеттемелерге кепілдік беруді және талаптарды реттеуді қамтамасыз ететін болады.
Осындай мақсаттармен БЭК шеңберінде халықаралық келісімдер жасасу қажет, онда залалдарды реттеу тәртібі, сақтандыру ұйымдары мен сақтандыру полистерін өзара тану критерийлері, кепілдік қорының көлемі, сақтандыру тарифтерін біріздендіру және жауапкершілік көзделетін болады.
5. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамыту.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі сақтандырудың міндетті түрлерін ғана жабатын болады. Кепілдік беру жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру ұйымы тәуекелдерінің деңгейіне байланысты міндетті жарналардың сараланған мөлшерлемелер жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ міндеттемелерді толық жабу тұтынушыларды барынша тұрақты сақтандыру ұйымын таңдауға ынталандырмауына байланысты кепілдік және өтемақы төлемдері бойынша лимиттер белгіленеді.
6. Дауларды сотқа дейін реттеу институтын – қаржы омбудсманын құру және сақтандыру омбудсманының өкілеттіктерін кеңейту.
2007 жылы сақтандыру омбудсманын және 2011 жылы банк омбудсманын құру сақтандыру ұйымдары/банктері және олардың көрсетілетін қызметтерін тұтынушылар арасындағы өзара қатынастарды реттеу тетігін құруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге бағалы қағаздар нарығының және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің көрсетілетін қызметтері тұтынушылары омбудсмандарды реттеу схемасымен қамтылмай қалды.
Шет елдерде қаржы омбудсманы институты табысты жұмыс істейді, ол азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау арқылы бүкіл қаржы нарығы тұтынушыларының құқықтарын қорғаумен айналысады, сонымен қатар қаржы нарығының реттеушісі ретінде тұжырымды мәселелерді шешуге бағытталған функцияларды жүзеге асырады.
Қаржы жүйесіне сенімділікті арттыру мақсатында қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың, оның ішінде әлеуетті инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін қаржы нарығында дауларды сотқа дейін реттеу институтын – қаржы омбудсманын құру арқылы жетілдіру ұсынылады. Осы институтқа сақтандырудың міндетті және ерікті кластары бойынша тиісінше, банктік қызмет көрсетудің барлық шарттары бойынша дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі банктік және сақтандыру омбудсмандарының өкілеттіктерін кеңейте отырып, салалық омбудсмандар қосылатын болады.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржылық көрсетілетін қызметтер стандарттарын әзірлеуге, қаржылық көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтау мониторингіне, халықтық қаржылық сауаттылығын арттыруға, ал қаржы омбудсманы – қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржы ұйымдарына жеке шағым-талаптарын сотқа дейін тәуелсіз және әділ реттеуге баса назар аударады.
Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру шеңберінде 2016 жылы қаржы омбудсманының қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы мәселені қарау жоспарланып отыр.
7. Қор биржасының ресми тізімі құрылымының және эмитенттерге қойылатын листингтік талаптардың реформасы.
Бағалы қағаздардың отандық нарығының тартымдылығын арттыру және қор нарығында саудаласатын құралдар желісін ұлғайту мақсатында листинг құрылымына және листинг талаптарына қолданылатын тәсілді айтарлықтай өзгертуді қажет етеді. Эмитенттердің бағалы қағаздарын Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне қосуға және онда болуына арналған түйінді талаптар Мәскеу және Лондон қор биржаларындағы листинг талаптарының үлгісі бойынша сауда-саттық жүргізуге және инвесторлар алдындағы ақпаратты (ақпараттық листинг) ашуға ыңғайлы болуға тиіс.
Қазақстан қор биржасы эмитенттерді қатаң саралаудан және листинг санаттары бойынша бағалы қағаздар шығарудан кетіп, көбінесе эмитенттер туралы ақпаратты ашатын сауда алаңының функциясын атқаруы тиіс, ал инвесторлар өз кезегінде биржа ашқан ақпаратты басшылыққа ала отырып, өз бетінше шешім қабылдайды.
Бұл ретте, листинг санаты капиталдандыру және эмитенттің кірістілігі критерийлеріне қатысты емес инвестор үшін сауда-саттық жүргізуге ыңғайлы талаптармен (айналыста бағалы қағаздардың болуымен) қалыптасуға тиіс.
Мәселен, листинг құрылымында бағалы қағаздардың екі өзгеше тобын, атап айтқанда үлестік бағалы қағаздарды және борыштық бағалы қағаздарды көздеу қажет.
Үлестік бағалы қағаздар үшін листингке қосылу бойынша рәсімдердің толық тізбесі сақталады, ал борыштық бағалы қағаздар қор биржасының ресми тізіміне айналысқа рұқсат берудің оңайлатылған рәсімінен өтетін болады.
8. Бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының шоғырландырылған ақпараттық жүйесін және бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының баға белгілейтін ұйымын құру.
Бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығының айқындылығын арттыру мақсатында бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында бағалы қағаздармен мәмілелер (операциялар) туралы ақпаратты ашуды қамтамасыз ету қажет.
Бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының шоғырландырылған ақпараттық жүйесін құру бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында эмитенттердің бағалы қағаздарымен мәмілелердің айқындылығын және ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның ауқымдарын бағалауға және осындай мәмілелерді қадағалау тетіктерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының баға белгілейтін ұйымын құру инвесторларға бағалы қағаздары биржадан тыс нарықтың алаңында айналыста жүрген және бағалы қағаздардың осы нарығында сатылатын эмитенттер туралы толық ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беріп, мәмілелер бойынша контрагенттер іздеуді жеңілдетеді, бұл сондай-ақ бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының өтімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының баға белгілейтін ұйымын құру Қазақстанның қор биржасының базасында, сол сияқты Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі базасында жүзеге асырылуы мүмкін.
9. Жергілікті рейтинг агенттіктері нарығын дамыту.
Әлемде кредиттік рейтинг агенттіктері қаржы нарығының маңызды элементіне айналды. Осы ұйымдардың қаржылық қызметтерін эмитенттер бағалы қағаздарды шығарған және орналастырған кезде, жеке және инстутиционалды инвесторлар инвестициялық стратегияны қалыптастырған және бағалы қағаздарды сатып алған кезде, сондай-ақ мемлекеттік органдар реттеу мақсатында, мысалы банктік реттеуде, банктік портфельдердің тәуекелділігін бағалау және банктер төлем қабілетсіздігінен қорғау үшін сақтауы тиіс капиталдың мөлшерін айқындау үшін пайдаланады.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында рейтингілік бағаларды беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер нарығында Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch сияқты халықаралық рейтинг агенттіктерінен басқа, жергілікті рейтинг агенттіктері жұмыс істейді.
Өз кезегінде, жергілікті рейтингілік агенттіктерінде рейтингілік бағаларды беру тәжірибесі жеткіліксіз дәрежеде пысықталды, осының салдарынан олардың рейтингілік бағаларды беру жөніндегі әдістемесі бірдей емес және жетілдіруді қажет етуі мүмкін.
Осыған байланысты қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мақсатында жергілікті рейтингілік агенттіктері берген рейтингілік бағаларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі пайдаланбайды.
Алайда Қазақстан Республикасындағы эмитенттердің барлығы кредиттік рейтингілерді беру үшін халықаралық рейтингілік агенттіктерді тарту мүмкіндігіне ие бола алмайды, себебі олардың көрсетілетін қызметтерінің құны біршама жоғары болып табылады.
Кредиттік рейтингілік агенттіктерінің ішкі нарығын дамыту қажет. Олардың өзінің клиенттік базасын өсіру және өзінің клиенттеріне көрсетілетін қызметтердің үлкен тізбесін ұсыну үшін оларға барынша кең өкілеттіктер беруді қажет етеді. Сонымен бір мезгілде олардың өкілеттіктерін кеңейте отырып, рейтинг агенттіктерінің қызметін реттеу, бағалау және қадағалау және қаржы ұйымдарын реттеуде олар берген рейтингілік бағаларды тану тетіктерін енгізу мүмкіндігін, сондай-ақ рейтинг агенттіктерінің рейтингілік бағаларды ұсыну жауапкершілігін арттыруды қажет етеді.
10. Алматы қаласы жетекші қаржы орталығы ретінде.
Әлемдік қаржы орталықтарының озық тәжірибесін негізге ала отырып, АӨҚО-ның құқықтық өрісі қызмет аясын, көрсетілетін қызметтерді, қатысушыларды, уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мақсаттарын, міндеттері мен құзыретін кеңейту бөлігінде қайта қаралады. АӨҚО дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа жоспарын әзірлеу қажеттілігі қаралатын болады. Нарыққа қатысушылар үшін қолданылып жүрген жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтай отырып, бизнес жүргізу және капитал тарту үшін инвестицияларды отандық қор нарығына шоғырландыру мен тартуға ықпал ететін жаңа талаптар енгізу мүмкіндігі қаралады.
АӨҚО дамыту жөніндегі кеңес құрылады, оған мемлекеттік органдардың, қаржы нарығының, бизнестің, жұртшылықтың және жергілікті атқарушы органның өкілдері кіреді. Кеңестің қажетті құжаттарын уақтылы әзірлеу үшін Кеңестің жұмыс органдарын құру мүмкіндігі қаралады.
Болашақта, АӨҚО-да Boston Consulting Group-нің «Алматы Өңірлік Қаржы Орталығы ретінде» есебіне сәйкес мынадай қызметтердің кең спектрі көрсетілетін болады: қаржы, аудиторлық, заң, консультациялық, жетекші қаржы орталықтарының үлгісімен рейтингілік көрсетілетін қызметтер. Исламдық қаржыландыру перспективті бағыттардың бірі ретінде қаралатын болады.
АӨҚО дамуы мыналарға бағытталады:
1) қаржылық инфрақұрылымды дамыту (заманауи нарықтық инфрақұрылым, қатысушылар мен инвесторларға жағдайлар жасау, әртүрлі қаржы құралдарын ұсыну, тиімді реттеу жүйесін енгізу, ақпараттық және желілік технологиялар секторын дамыту);
2) Алматы қаласын өңірдегі ірі, серпінді дамитын, бәсекеге қабілетті мегаполиске айналдыру (қаланың брендін және имиджін қалыптастыру бойынша белсенді маркетинг саясаты, инфрақұрылымды және туризмді дамыту, тіршілік етудің жайлы жағдайлары мен деңгейі, экологиялық жағдайды жақсарту, қаланы абаттандыру);
3) бизнес ортаны құру (оның ішінде қолайлы іскерлік және инвестициялық ахуалды, заңнаманың икемді жүйесін, тартымды салықтық талаптарды, тиімді құқық және сот жүйелерін және шетелдік ойыншыларды тартуға бағытталған басқа да ынталандыру шараларын қалыптастыру жөніндегі мәселелерді қарау);
4) қаржы нарығының және АӨҚО-ның түйінді салалар бойынша бәсекеге қабілеттілігін арттыру: адами фактор, бизнес орта, нарықтарға қол жеткізу, инфрақұрылым, жалпы бәсекеге қабілеттілік, сондай-ақ осындай жұмысқа жетекші талдау орталықтары мен сарапшыларды тарта отырып, бәсекелестік позицияларды, стратегиялық мамандануды, одан әрі дамудың сценарийлерін айқындау және АӨҚО дамуының балама мүмкіндіктерін тану;
5) GFCI рейтингілік бағалауында Алматы қаласының қаржы орталығы ретіндегі позициясын жақсарту;
6) алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен тәжірибе мен ақпарат алмасу саласында тығыз ынтымақтастықты орнату және қолдау;
7) корпоративтік басқаруды және тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауды жетілдіру, сондай-ақ халықтың қаржылық білімінің деңгейін арттыру арқылы оларды қаржы нарықтарына тарту;
8) Дүниежүзілік Банкінің Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде, Doing Business және басқа да рейтингілерде Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіштерін жақсарту.
Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасы Үкіметімен және басқа да мүдделі тұлғалармен қатар аталған іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде және тікелей қатысатын болады.
Ұлттық қаржы нарықтарын дамыту үшін ортақ артықшылықтар мен мүмкіндіктерді анықтау жолымен мемлекеттердің арасында ынтымақтастықты кеңейте және тереңдете отырып, Қазақстан Республикасының халықаралық және өңірлік диалогтарға, форумдарға және конференцияларға қатысуы шеңберінде АӨҚО-ның дамуындағы ұлттық мүдделерді, әсіресе Орталық Азияда алға бастыру жалғастырылатын болады. Таяу шетел елдерінен инвесторлар мен эмитенттерді тарту мақсатында қаржылық қызметтер көрсету бойынша шекараларды кеңейту мүмкіндігі қарастырылады, бұл АӨҚО-ға Орталық Азияда қаржы орталығы ретіндегі позицияларын нығайтуға көмектеседі.
Қазақстан қаржы нарығының айтарлықтай ішкі көздері (жеке отандық инвесторлардың активтері де, мемлекет ресурстары да) оларды жұмылдыру және одан әрі экономиканы қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Оларды тарту және отандық қаржы нарығын дамыту мүдделерінде пайдалану жөніндегі мәселелер пысықталатын болады.
Осылайша, АӨҚО-ны құру және одан әрі дамыту, стратегиялық перспективада халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, бәсекеге қабілетті Алматы қаласының қаржы орталығын дамыту үшін және оның Азияның он алдыңғы қатарлы қаржы орталықтары тобына енуі үшін қажетті жағдайлар жасау жөніндегі стратегиялық міндетті іске асыруға бағытталған кешенді шаралар қабылданады.
11. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы және Орталық Азиядағы исламдық қаржылық хаб ретінде Алматы қаласын дамыту.
Исламдық қаржыландыруды одан әрі дамыту исламдық қаржы құралдарын кеңейту, исламдық өнімдер нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру және оның қатысушыларының қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасау, отандық бағалы қағаздар нарығына өз қызметін исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес жүзеге асыратын эмитенттер мен инвесторларды тарту бойынша ынталандыру шараларын қабылдау бағытында жүзеге асырылады.
Исламдық қаржыландырудың әлеуетін толыққанды пайдалану үшін мына мәселелер:
1) отандық заңнаманы салық салу, исламдық қаржыландыру институттарын пруденциялық қадағалау, исламдық қаржы институттары үшін тіркеу кедергілерін жою бөлігінде исламдық қаржыландыру ерекшеліктеріне қарай одан әрі бейімдеу;
2) исламдық өнімдермен жұмыс істеу тәжірибесі бар кадрлардың тапшылығын қысқарту;
3) халықтың және бизнестің қаржылық сауаттылығын және исламдық қаржыландыру өнімдері туралы хабардар болуын арттыру қаралатын болады.
Сонымен бірге, исламдық қаржыландыруды реттеу үлгісін түбегейлі, оның ішінде институционалдық қағидаттан бас тартып, оларды кім ұсынатындығына қарамастан, исламдық қаржы құралдары мен өнімдерін функционалдық реттеуге көшуді қайта қарастыру қажет.
Исламдық қаржыландыруды дамытатын ел ретінде Қазақстан Республикасының имиджін арттыру мақсатында исламдық қаржы өнімдерінің промоушені және оларды жылжыту, жаңа исламдық банктерді ашу, исламдық банктік емес және микроқаржы мекемелерін ашу арқылы, сондай-ақ исламдық капитал нарығын дамыту жолымен Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен инвестицияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі.
Осы процеске Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі ықпал ететін болады, бұл дамыған исламдық банк жүйесі бар ДСҰ-ға мүше елдер үшін отандық нарыққа жол ашады.
Халықаралық стандарттарды зерделеу және енгізу мақсатында халықаралық исламдық қаржы ұйымдарымен (Islamic Financial Service Board, Islamic Liquidity Management Centre, International Islamic Financial Market, Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions, International Islamic Rating Agency, General Council of Islamic Banks and Financial Institutions) өзара іс-қимылды жасасуды және Малайзия рейтингілік агенттігімен (RAM Holding) ынтымақтасуды жандандыру бойынша шаралар қабылданады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында және Орталық Азияда исламдық қаржыландыруды дамыту бойынша көшбасшы ретіндегі Қазақстан Республикасының позициясы күшейтіледі. Алматы қаласы исламдық қаржыландыруды енгізуге және дамытуға байланысты мәселелер бойынша конференциялар, форумдар, семинарлар және басқа да іс-шараларды өткізу орталығына айналады.
Исламдық қаржыландыруды дамыту бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Исламдық қаржыландыруды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы қайта қаралып, өзектілендірілетін болады.
12. Микроқаржы ұйымдарының қызметін дамыту.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес микроқаржы ұйымдары үшін өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, осы ұйымдарды бақылау мен қадағалау шеңберінде алынған ақпараттың негізінде олардың қызметін жетілдіру мақсатында микроқаржы ұйымдарының жаңа көрсетілетін қызметтерін енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ жаңа тиісті реттеушілік талаптарды енгізу қажеттілігі қаралатын болады.
Микроқаржы ұйымдарын одан әрі дамыту үшін ұйымдардың жаңа ұйымдық-құқықтық нысандары және микроқаржы ұйымдары секторында өзін-өзі реттеу институтын енгізу көзделуі мүмкін.
Қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістерді 2016 жылдан бұрын емес (2016 – 2020 жылдары), яғни өтпелі кезең аяқталғаннан кейін қарау жоспарланып отыр.
