Қаңлылардың діні.
Қаңлылар табиғат күштеріне, ата-баба әруағына сиынған. Әр жылдың маусым айында барлық тайпалар жиналып, ата-бабаларына шектік беріп отырған. Олардың бір бөлігі будда дінін қабылдады. Көп құдайға табынушылық болды. Сонымен қатар қаңлылар жұлдыздар арқылы түрлі болжамдар жасап отырған.
Қаңлы тайпалық бірлестігі б.з.б. I ғасырдың ортасында ыдырады.
Сонымен қаңлы тайпаларында сонау ерте кезден бастап мемлекеттік дәрежесіне дейін көтерілген тайпа бірлестіктері болды деп айтуға болады. 3. Ғундар. Ғунну державасынның құрылуы.
Біздің заманымыздан бұрын I мыңжылдықтың екінші жартысынан бастап Евразияның этникалық- саяси тарихында Орталық Азияның көшпелі тайпаларының рөлі күшейе түсті. Осы өңірде, Байкалдан Оңтүстікке таман және Ордосқа дейін созылып жатқан далалық және шөлейт аудандарда қарабайыр малшаруашылығымен шұғылданған этникалық жағынан әр түрлі тайпалар көшіп жүрді. Солардың басты бір тобы ғұндар еді.
Қазақстанның Онтүстік және Жетісу жерлерінде ғұндар б.з.б. II-I ғ.ғ. келе бастаған.
Ғұндар жайлы тарихи деректерді көрнекті Қытай тілінің мамандары Н.Я. Бичурин мен Н.Кюнердің еңбектерінен білеміз. Ал олардың тарихын жазуға еңбек еткен ғалымдар А.Н. Бенрштам, Л.И. Гумилев, Н.И. Конрад. Қазақ ғалымдарының ішінде соңғы кезде К.М. Байпаков айналысып жүр.
Б.з.б. IV-III ғасырларда Қытайдың солтүстік шекарасында тұрған тайпалар топтасып, тайпалық екі бірлестік құрды. Олардың біріншісі Сюнну (Хунну немесе ғұндар); екіншісі дунху бірлестіктері деп аталды. Сюнулар (ғұндар) өз заманындағы, көршілес елдердің тарихына ықпал жасады.
Сонымен Қытай жылнамаларымен археологиялық зерттеулерге қарағанда, б.з.б IV-III ғасырларда Қытайдың Солтүстігінде Байкалдан Ордосқа дейінгі аралықты мекендеген күшті ғұн тайпаларының бірлестігі құрылды. Олар өздерімен көрші жатқан халықтарын басып алумен қатар Қытай жерінде дүркін-дүркін шабуыл жасап тұрған. Бұл жағдай Қытай патшасының наразылығын туғызып отырды. Сөйтіп, ғұндар мен Қытай өкіметінің арасында бір-біріне алма-кезек жасалған ұрыс-талас, соғыстар олардың ұрпақтарының арасында 300 жылдан астам уақытқа созылған.
Жылнамалар бойынша, ғұн тайпаларының бірігіп саяси күшейген кезі б.з.б. 209 жылы Мөде ханның билік жүргізген мезгілі. Оның жасаған әскери реформалары ғұндарды қуатты мемлекетке айналдырған. Олар өздерінің оңтүстігіндегі дунхуларды талқандап, быт-шытын шығарды. Олардың аман қалғандары Монғолия, Маньчжурияға дейін қашып бас сауғалауға мәжбүр болады. Ғұндар мұнымен де қанағаттанып қоймай б.з.б. 203-202 жылдары Саян-Алтай таулары және жоғарғы Енисей жеріне дейін шабуыл жасап, Қытайдың хань әулетінің негізін салушы (б.з.б. 202 ж.) Лю-банды б.з.б. 200 жылы жеңіп, оларды өздеріне бағынышты етеді. Қытай императоры ғұндардың Шаньюіне (ханына) қыз беріп, алым-салық төлеп тұрған. Сөйтіп, Байкал көлінен Тибет тауына дейін Шығыс Түркістанның Хуанхэ өзінінің Орта ағысына дейінгі аралықты алып жатқан ұлан-байтақ жерде «Ғұн державасы» пайда болды. Ғұндардың саяси, қоғамдық құрылысы.
Мемлекеттің басында ұлы Сенгир (Шаньюй) тұрды. Оның билігі дара және мұрагерлік болды. Әдетте ол тағын үлкен ұлына немесе інісіне өсиет етіп қалдырған.
Шаньюй барлық ғұндарға тиесілі жерлер және бүкіл мемлекет территориясына билік жүргізуге құқылы болды. Сонымен бірге, Шаньюй ол территорияны сақтауға, қорғауға міндетті болды. Оның соғыс жариялауға, бітім жасауға, армияны басқаруға құқысы болды. Жоғарғы сот билігі де Шаньюйдің қолында шоғырланды.
Ғұн мемлекетінде Шаньюйден кейінгі екінші орында оның балалары және жақын туыстары тұрды. Бұданбасқа Шаньюйге туменбасы, жүзбасы, онбасылар бағынышты болды. Ғұндар 24 рудан құралды. Әр руды ақсақалдар басқарды. Ақсақалдар мемлекет ісін талқылау үшін бір жылда 3 рет құрылтай өткізіп отырды.
Ғұндарда жақсы ұйымдастырылған әскер болған. Мұның негізгі тез жүретін атты әскер болды. Атты әскердің қаруы садақ пен жебе еді. Олар садақтарының сыртын сүйекпен қаптаған. Жебелердің екі түрі болған. Әсіресе, ұшқыр, ауыр ұңғырлы сауыт бұзар жебені темірден жасаған. Ұзын семсерлері ат үстінде жүріп соғысуға ыңғайлы. Ондай семсерлер Қазақстанда Ақтөбе Шаушықұм, Жамантоғай қорымдарынан табылған.
