- •2)Қазақстан аумағындағы Тас дәуірі - Палеолит, мезолит, неолит дәуірлері.
- •11)Оғыз мемлекеті этносаяси тарихы,шаруашылығы,мәдениеті.
- •16 Моңғолдар мемлекетінің құрылуы. Шыңғыс-хан шапқыншылығы.
- •21) XIII ғасырдың ортасында Моғолстан мен Ақ Орда мемлекеті
- •23 )Әбілхайыр хандығы мен Ноғай ордасы п.Б. Тарихы
- •25 )Қазақ хандығының құрылуы.
- •26)Алғашқы билеушілері Қасым мен Бұрындық
- •27)Қазақ хандығының қалыптасуының аяқталуы.Қазақ этнонимі.
- •28)Хақназаор хан мен Тәуекел хан
- •31 )Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресі.
- •35)18 Ғ. 1 жартысы Қазақсытн ішкі саяси және әлеуметтік жағдай
- •36 )Кіші жүз қазақтарының Ресей бодандығын қабылдау.
- •38) Абылай және оның билігінің нығаюы.
- •39)Сырым Датұлы бастаған көтеріліс
- •43) Патша өкіметінің аграрлық саясаты. 1867-1868 жж. Реформалар.
- •56) Бірінші дүние жүзілік соғыс және Қазақстан. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс.
- •1916 Жылғы ұлт-азаттық қозғалыс.
- •57)Қазақ зиялыларының қызметі. Қазақ,Айқап журналдары
- •59) Қазан төңкерісі және Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы.
- •60)Қазақстан саси партиялар ме нқоғамдық қозғалыстар
- •61 )Азамат соғысы.Әскери коммунизм
- •67 )Кіші қазан саясаты.Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру .
- •68) Индустрияландыру
- •69) Қазақ акср – інің құрылуы.
- •72 )Майдандағы қазақстандықтар.
- •73)Соғыс кезіндегә еңбек ерліктері
- •76 )Соғыстан кейін республика экономикасын қайта құру.
- •77)Тың және тыңайған жерді игеру
- •83) Қазақстандағы «қайта құру» саясаты (1985-1991 жж.).
- •84) Желтоқсан оқиғасы (1986 ж.)
43) Патша өкіметінің аграрлық саясаты. 1867-1868 жж. Реформалар.
XIX ғасырдың 60 жылдарының орта шенінде Қазақстанның Россия қол астына қарауы аяқталды. Патша – өкіметі қазақ даласын тупкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жүргізіп, қазақтың елдік этникалық ұйтқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектеп, оларды губернияларға, округтерге теліп, ұлтанды елді тұтастықтан айырды. Рас, олар мұның бәрінің бірден жүзеге асыра қойған жоқ, патша өкіметі оны кезең – кезеңімен іске асырды. Оның алғашқысы – 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған ел билеу, жүйесіндегі протектораттық дәуір (кезең), яғни күшті мемлекеттің әлсіз мемлекетке формальды түрде болса да қамқорлық жасау саясатын жүргізу болды. Бұл кезде патша өкіметі ел билеудің бұрынғы хандық жуйесін сақтап, оның ішкі тірлігіне араласпай, қазақ елін өзіне жағынып бағынышты болған хандар арқылы басқарды. Патша өкіметінің қазақ елінің басына тәуелділік ноқтасын біржолата кигізуі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Сөйтіп, патша өкіметінің отаршылдық саясатының екінші кезеңі басталды. Бұл кезде ол әскер күші арқылы елдің ішкі тірлігіне араласып, жергілікті шаруаларды қонысынан қуа бастады. Олардың орнына ішкі Россиядан жоқшылыққа ұшыраған орыс босқындарын әкеп орналастырды.
Отарлаудың осы әскери - әкімшілік кезеңінде әскери бекіністердің іргесі қалана бастады. Оларды тұрақтандыру үшін шекаралық белгілермен бөлді. Біртіндеп бекіністер Қазақстанның ішкі аймақтарына тамыр жайды.XIX ғасырдың 60-жылдары қазақтардың басқару жүйесін өзгерту үшін И.И. Бутков басқарған комиссия құрылды. Қазақ даласы екі облысқа бөлу жоспарланды. Бүл усыныс қабылданбады. 1865 жылы Ішкі істер министрлігі кеңесінің мүшесі Гирс басқарған Дала комиссиясы құрылды.
1865 жылы 5 маусымда II Александр бұйрығымен қазақ жерін зерттеу сұрақтары дайындалды: жерді иелену түрлері, сот ісі, ағарту ісі, салық, діни мәселе т.б Патша өкіметінің қоныстандыру саясаты.
Патша өкіметінің аграрлық саясатының ажырамас бөлігі қоныстандыру саясаты болды. Помещиктер мен империалистік буржуазияның мүдделеріне сай келген қоныс аудару мәселесіне патша өкіметі XIX ғ. екінші жартысынан бастап қатты назар аударды. Өйткені, Россияда басыбайлықтың (крепостниктік) жойылуы және әлеуметтік-әкімшілік жөніндегі реформалар аграрлық мәселені толық шешкен жоқ, Россияның орталық аудандарында шаруалардың толқулары тоқмады. Осындай жағдайда патша өкіметі шаруалардың назарын революциялық қозғалыстан аудару үшін бірқатар шаралар қолданды. Қоңыс аудары саясаты сол шаралардың бірі еді. Сібірді, Қазақстанның солтустік, батыс, орталық және оңтустік шығыс аудандарын отарлау арқылы патша өкіметі Орталық Россиядан шаруаларды қоныс аудартып, жаңа жерлерде солар арқылы өзіне әлеуметтік тірек жасамақ болды.
Әскери-әкімшілік отарлау саясаты Россиядан шаруалардың қазақ жеріне ағылып келуіне жол ашты. Қазақ даласын отарлау саясатын іске асыру жолында Жетісудың бірінші әскери-губернаторы Г.А. Колпаковскийдің бастауымен 1868 жылы «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер» бекітілді. Осы ереже бойынша қоныстанушы әр жанға 30 десятина жер беріліді. Қоныс аударушылар 15 жыл мерзімге алым-салықтан, рекруттық (әскери міндет) міндеткерліктен босатылды. Мұқтаж отбасыларына «керек-жарақтар алу үшін» ақшалай (100 сом) көмек берілді.
Сонымен, «Село тұрғандары мен мещандардың өз еркімен қоныс аударуы туралы» 1889 жылғы ереже Россияның орталық губернияларынан Қазақстанға қоныс аудару қозғалысын ішінара ашып берді және самодержавиенің жалпы аграрлық саясатының мәнді жақтарының бірі болды.Аграрлық саясатты жүзеге асырушылардың бірі-Сібір темір жол комитеті болды (1892 ж. құрылды)..Сөйтіп, патша самодержавиесінің Қазақстан территориясын отарлауға бағытталған және дамып келе жатқан Россия капитализмнің мүдделерін бейнелеген аграрлық саясаты XIX ғасырдың екінші жартасында осылайша жүзеге асырылды
44 )XIX ғ. Қазақстандағы экономикалық қатынастар,Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныстануы.
XIX ғ. екінші жартысында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де тауар айналысының өсуін шапшаңдатты. Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының ұлғаюына патша өкіметінің салық саясаты үлкен ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы, олардың өнімдерінің бір бөлігін рыноктар арқылы саудаға салуға мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айналды.
70–80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан базарларына Ресейден мата көп келетін болды. Сонымен бірге күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар (самауыр, қазан, шалғы, орақ, кетпен, ошақ, балта, пышақ, т. б.) көтеріңкі бағамен сатылды. Қазақстан бұл тауарларға айырбасқа мал мен мал шаруашылығында өндірілетін шикізат берді. Қазақ халқы айырбас шартының қандайына болса да келісуге мәжбүр болды, өйткені ол өзіне қажетті тауарларды еш жерден сатып ала алмайтын еді және шаруашылығының артық өнімдерін тиімді өткізе алмады.
Ресей саудагерлері Қазақстанда сауданың жаңа түрін – жәрмеңкелік сауданы енгізді. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан ордасы жанынан ашылды. Кейіннен Ақмола облысы Тайыншакөл, (Петропавл маңында), Константиновск (Ақмола), Петровск (Атбасарда) және 50 ден астам ұсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. 1848 жылы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесі, ал кейіннен Шар (Семей облысы), Қарқара (Жетісу), Әулиеата (Сырдария облысы), Ойыл, Темір (Орал облысы) жәрмеңкелері жұмыс істеді.
Қазақстанда сауда капиталының пәрменді түрде енуімен өлкеде сауданың тұрақты формалары: дүкендер, көтерме сауда қоймалары көбейді.
XIX ғасырдың 80–90 жылдарында Қазақстанда өсімқорлық сауда жаппай тараған кез еді. Өлкеде тауар айналымы өскен сайын өсімқорлықпен қатар, банктер мен басқа да кредит мекемелері беретін қарыздардың капиталистік формалары орын ала бастады.
Қазақстанда капиталистік түрдегі сауда-саттықтың күшеюі жергілікті сауда буржуазиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Осы кезде, Қазақстанда 30дан астам қалалар мен 400 казак-орыс поселкалары пайда болды. Қалаларда әскери адамдар, құрметті азаматтар мен саудагерлер, қазақ ұлықтары тұрды. Қала халқының көпшілігі кедейленген шаруалар мен майда кәсіпорындарының жұмысшылары болатын.
XIX ғасырдың аяғында Ресей капиталистері Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырып, мұнда өздерінің қаржыларын әкеле бастады. Жер мен шикізат арзан еді, жұмысшылардың жалақысы төмен болды. Мұның өзі банк мекемелерінің ашылып, олардағы ақша айналым қатынастарын күшейтті. 1871 жылы Қазақстанда алғашқы ашылған банктердің бірі – Петропавлдағы негізгі капиталы 40 мың сом болатын қалалық қоғамдық банк еді. 1875 жылы Ташкентте Мемлекеттік банк бөлімшесі құрылды.
Табиғи қазба байлықтарға өте бай Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі өлкенің өнеркәсіп өндірісінің маңызды саласы бола бастады. 1896 жылы бір ғана Қарқаралы уезінде 70-ке жуық шағын мыс, 170 күміс-қорғасын, 3 темір т. б. рудниктері жұмыс істеді. XIX ғасырдың аяғында Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауында балық аулау кәсіпшіліктері капиталистік кәсіпорындарға айналды. Шымкент пен Түркістанда негізінен мақта тазалайтын бірнеше зауыт істеп тұрды. Арал теңізінде, Павлодар уезіндегі Қарабас көлінде, Орал облысы Басқұншақ кәсіпшілігінде тұз кен орындары ашылды.
XIX ғ. 70-ші жылдары ішкі Ресейден Қазақстанға темір жол тартыла бастады. 1874–1876 жылдары Орынбор темір жолы салынып, ол Торғай облысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды.
Сонымен, капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі өлкеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың патриархалдық-феодалдық қатынастарының ыдырау процесін жеделдетті. Елде өнеркәсіптің жаңа салаларын туындатып, қоғамдық еңбек бөлінісіне және жұмысшы табы кадрларының шығуына себебін тигізді.
Ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы
Жетісуда егіншіліктің дамуына XIX ғасырдың 70–90 жылдарында Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер ықпал етті. Қоныстандыру екі кезеңде болды. Бірінші кезеңде 1877 жылы Тоқмақ ауданына (Солтүстік Қырғызстан) шэньси дүнгендерінің бір тобы келді, 1881–1883 жылдары, Санкт-Петербург шартына сәйкес, Іле өлкесінен ұйғырлар мен дүнгендердің негізгі көпшілігі қоныс аударды.
Қоныстанушылардың жаңадан 5 болыс: Жаркент және Кетпен (қазіргі Панфилов ауданының аумағында), Ақсу-Шарын (Ұйғыр ауданында), Малыбай (Шелек ауданында), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында) болыстары құрылды.
Жетісуда ең жақсы жерлер казактардың пайдасына тартып алынып қойғандықтан, ұйғырлар мен дүнгендер қолдан суландырылмайынша егіншілікке онша жарамды болмаған учаскелер алды. Облыстың село халқын жерге орналастыру жөнінде 1882 жылы Жетісу облыстық басқармасы белгілеген ережелер негізінде дүнгендер мен ұйғырлар әрбір еркек адамға 10 десятинадан жер алуға тиісті еді. Алайда 1885 жылы қоныстанушыларға үлесті жер бөліп беру қолға алынған кезде, әрбір еркек адамға 4–5 десятинадан ғана жер бөлініп беріліп, 1892 жылдың 1 қаңтарынан бастап оброктық алым – салық салынатын болды.
Селодағы және қаладағы ұйғыр мен дүнген халықтары өздерінің әкімшілігі, мешіті және оны басқаратын дінбасы бар қауымдарға бөлінді.
Қоныстанушылардың кедейленген бөлігі алғашқы кездерде өздеріне берілген үлесті жердің шағын учаскелерін ғана игере алды. Соның нәтижесінде қауымдар ішінде өзінше бір арендалық қатынастар қалыптасып, қауымның кедей мүшелері өздерінің үлесті жерлерін немесе олардың едәуір бөлігін қауымның әлді мүшелеріне беріп отырды, ал өздері «арендаторларға» күнделікті жұмысшылар (мердігерлер) ретінде өнімнің бір бөлігін алатын болып жалданды. Бұл үлесті жерлер формальды жағынан әлі де бұрынғы иелерінің атында болып қалғанымен, іс жүзінде олар жаңа қожайындардың толық иелігіне көшетін.
Сөйтіп, қауымдардың жоғары бай топтары, дінбасылар және дүнген, ұйғыр қауымдарының селолық әкімшілігінің өкілдері қауымның көптеген мүшелерінің үлесті жерлерін өз қолдарына шоғырландырып, ірі жер иелеріне айналды.
Қауымдық жерлердің село байларының қолына шоғырлануына дүнгендер мен ұйғырлардың шет кәсіпке кетуі де себепші болды. Алған жерлері құнарсыз болып, жұмыс көлігі мен ауыл шаруашылық құралдары болмаған кедейлер алым-салықтар төлеу жөніндегі жеңілдік берілген мерзім біткеннен кейін мүлдем күйзелді, өздерінің үлесті жерлерін жаппай тастап, қалаларға жалдама жұмысшы және ауыл шаруашылық батырақтары болып табыс іздеп кетті.
Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Дәнді дақылдар ішінде бидай басым болып, жердің жартысынан астамына бидай егілді.
Ұйғырлар сондай-ақ мақта өсірумен және ішінара жібек құртын өсірумен де айналысты. Дүнгендер мен ұйғырлар май дайындау үшін зығыр мен күнжіт, қыша екті. Кейіннен темекі өсіріп, оны жергілікті рынокта тиімді етіп өткізе бастады.
Жетісуда қоныс аудару қоныстандырушыларға да әсер етпей қойған жоқ. Егер бұрын ұйғырлар мен дүнгендер шаруашылығында ағаш сабандар мен басқа да добал құрал-саймандар қолданылып келсе, енді олар темір соқаларды, тырмаларды, сеялкаларды, т. б. пайдаланатын болды, жаңа ауыл шаруашылық дақылдарын: сұлы, темекі, картоп, помидор және басқаларын егуді игерді. Байырғы халықтар – қазақтар мен қырғыздардың әсерімен дүнгендер мал шаруашылығымен айналыса бастады.
Ұйғырлар мен дүнгендердің тарихи тағдырлары Ресейдің бір бөлігі ретіндегі Қазақ өлкесі халықтарының тағдырымен тығыз астасып кетті.
45 )1905–1907 жылдардағы орыс революциясына Қазақстан халқының қатысуы.Қазақстан еңбекшілерінің 1905–1907 жылдардағы ереуілдері орыс халқының революциялық күресімен тығыз байланысты еді.1905 жылы ақпанда Орал, Перовск, Түркістан, Шалқар теміржолшылары өздерінің экономикалық жағдайларын жақсарту талабын қойған ереуіл жасады. 1904 жылы пайда болған Сібір социал-демократиялық одағы, оның Омбы, Орынбор, Саратов комитеттері Қазақстан жерінде революциялық жұмысты күшейте түсті.1905 жыл Қазан айындағы Бүкілресейлік ереуілдің әсерімен Қазақстанның барлық қалаларында шерулер, митингілер мен жиналыстар болып өтті. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан және қазақтардан шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Қарқаралыдағы 1905 жылғы 15 қарашадағы үлкен саяси митингке қазақтардан, татарлардан, орыстардан және басқаларынан тұратын 400-дей адам қатысты. Олар патша өкіметіне қарсы бірқатар талаптар қойды, отаршылық әкімшілікке қарсы күресуге шақырды. Кейіннен Қарқаралы оқиғасының басшылары қуғынға ұшырады. А. Байтұрсынов Орынборға, Ж. Ақбаев Якутияға жер аударылды. Патша өкіметі 1905 жылы 17 қазанда елдегі революциялық қозғалысты басу мақсатында арнайы манифест қабылдады. Бірақ бұл жоғары мәртебелі манифест жұмысшы қозғалысын бәсеңдеткен жоқ, қайта кейбір жерлерде күшейте түсті. Қазақ жұмысшылары мен шаруалары патша өкіметіне орыс жұмысшыларымен және қоныстанған шаруалармен қол ұстаса отырып қарсы шықты. Қазақ шаруалары ең алдымен жер, су үшін, теңдік, бостандық пен тәуелсіздік үшін күресті. 1905 жылы жазда Семей, Торғай және Орал облыстарында жер үшін толқулар болды. 1906 жылы 6 қаңтарда патшаның арнаулы жарлығымен Ақмола және Семей облыстарының бүкіл аумағына соғыс жағдайы енгізілді. Солтүстік Қазақстанға Меллер-Закомельскийдің жазалау экспедициясы әкелінді. 1905–1907 жж. болған революциялық қозғалыстармен байланысты Қазақстан жұмысшыларының кәсіподақ ұйымдары бой көтерді. Алғашқылардың бірі болып Оралдағы теміржолшылардың кәсіподағы (1905 ж. қараша) құрылды, оған Н. Смуров, Н. А. Покатилов және Н. И. Ульянов басшылық жасады. 1905–1906 жж. Орынбор-Ташкент теміржолшыларының кәсіподағы ең ірі ұйым болып саналды. Оның 6 мың мүшесі болған. 1905 жылы желтоқсан айында I Мемлекеттік Думаны шақыру туралы патша үкіметінің жарлығы шығып, оған Қазақстаннан 9 депутат, оның ішінде 4 қазақ сайланды.
46) Қоныс аудару саясаты (XIX ғ. 1870–1880 жж.)
XIX ғасырдың 70-жылдары орыс және украин шаруаларын қоныстандыру басталса, 80-жылдары қарқынды жалғасты. Алғашқы қарашекпен қоныстары 1879 жылы Көкшетау уезінде пайда болды.
Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковскийдің ұсынысы бойынша 1868 жылғы «Шаруалардың Жетісуға көшуі туралы Уақытша ережелер» қабылданып, ол 1883 жылға дейін қолданылды.
1886 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының көші-қонды басқару ережесі қабылданды. Бұл құжат бойынша әрбір ер адамға 10 десятина жер берілді, қоныстанушылар 5 жылға дейін салықтан босатылды, кейін 5 жылда салықтың жартысын ғана төледі.
«Ауыл тұрғындарын өз еріктерімен жаңа жерге көшіру және бұрынғы көшірілген топтар туралы арнайы ережесі» 1889 жылдың 13 шілдесінде қабылданып, қоныстандыру тек алдын ала Ішкі істер министрлігінің және мемлекеттік жер иеліктері министрлігінің рұқсаты арқылы іске асырылды. Бірақ патша жаппай қоныстандыру үрдісін бақылай алмады. Шаруалардың өздігінен көшуі жалғаса берді. 1891–1892 жылдары егіннің шықпауынан орыс шаруалары еуропалық Ресейден шығысқа қашып, қазақ жерлеріне қоныстанып алды.
Ережеде қоныстанушылардың аудандары нақты Томск және Тобыл губерниялары, Жетісу, Ақмола және Семей облыстары деп көрсетілді. 1891–1892 жылдары заң Торғай және Орал облыстарына да тарады. Шаруалардың қоныс аударуы қазақ көшпелілерінің жерлерін тартып алу есебінен жүрді. Қоныс аударушы шаруалар арқылы отарлау Сырдария облысына да тарады.
Қазақ жерінің Сібірмен және Приволжьемен темір жол арқылы жалғастырылуы, Қазақстанға орыс қоныс аударушыларына қолайлы жол ашты. Нәтижесінде орыс шаруалары құнарлы жерлерге қоныстанса, қазақтар сусыз, нашар жерлерге көшірілді. Қазақ өлкесінің демографиялық жағдайы да өзгерді. 1897 жылғы жалпы санақ бойынша өз жерінде қазақтардың жалпы мөлшері 87,1%-ға кеміді. Қоныс аударушылар көбінесе стратегиялық маңызды аудандарға көшіріліп, мылтықпен қаруландырылды.
Патша үкіметінің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда жүзеге асырған əкімшілік реформалары қазақ елінің саяситəуелсіздігін біржола жойғанымен, бұл реформалар көп ұзамай-ақ патшалық əкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне тереңдеп еніп, оны игеріп алып кетуге əлі де болса əлсіз екендігін көрсетіп берді. Мұны жақсы түсінген патшалық əкімшілік ХІХ ғасырдың 60-жылдарының орта тұсынан бастап Қазақстанды отарлаудың «ең сенімді» жолына түсті. Ол Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту еді. Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылды. Қазақстан тарихнамасында бұл қоныс аудару саясаты үш кезең бойынша бөліп қарастырылады. І кезең ХІХ ғасырдың 70—80 жылдар аралығын қамтиды, ол 1889 жылғы 13 шілдедегі жарлық шыққанға дейін созылды. ІІ кезең ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан 1905 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды. ІІІ кезең 1906 жылдан 1916 жылдар аралығын қамтиды. Қазақстанға орыс жəне украин шаруаларын қоныстандыру ХІХ ғасырдың 70-жылдарының соңы 80-жылдардан бастап қарқынды жүргізілді. Қоныс аударудың алғашқы кезеңі өз еркімен қоныс аударған шаруалар қозғалысымен анықталып, патша үкіметі өз еркімен қоныс аударғандар жағдайын реттеу мақсатына бірқатар жеке заң-актілермен, нұсқаулар қабылдады. Онда көзделген мақсат — қоныс аударуды үкімет өз қадағалауына алып, оған көмек көрсету болды. Оған алдын ала дайындық шаралары жасалды. Мəселен, Жетісу облысы əскери губернаторы Колпаковский бастамасы бойынша Жетісуға шаруалардың қоныс аударуы туралы «Уақытша ереже» əзірленді. Бұл құжат 1868 жылдан бастап 1883 жылға дейін күшін сақтады. «Уақытша ереже» бойынша орыс қоныс аударушыларына (ерлерге) 30 десятина жер беру, 15 жылға алым-салық жəне түрлі міндеткерліктерден босату, 100 сом мөлшерінде көмек беру жəне басқа жеңілдіктер анықталып, көрсетілді. Қоныс аударған шаруалар жағдайына қатысты оларға жасалатын жеңілдіктер туралы жаңа ережелер ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан дайындалды. Оларда да жаңа келіп қоныс тебушілер үшін берілетін жеңілдіктер сақталды, тек жер мөлшері аздап төмендеді. Айталық, 1886 жылғы дайындалған: «Түркістан генерал-губернаторын басқару туралы Ереже» бойынша 10 десятина (ерлерге) жер беру, қоныс аударушыларды алым-салық жəне міндеткерліктен 5 жылға дейін босату, кейінгі жылдары алымды тек жартылай төлеу жеңілдіктері сақталды. Сонымен, қорыта айтқанда, орыс шаруаларын қазақ өлкесіне қоныстандыра отырып, қазақ халқын шаруашылыққа жарамды жерінен айыру процесімен бір мезгілде отарлаушы əкімшілік жүйесінің жаңа жағдайға байланысты одан əрі жетіліп, нығая түскендігін, сондай-ақ отарлау ісінің құрамды бөлігі қазақтарды орыстандыру, шоқындыру шараларының да жүйелік, мақсаттылық сипат алғандығын байқаймыз.
48) Бөкей Ордасының құрылуы Исатай мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс.
Бөкей Ордасының құрылуы (1801 ж.)XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Еділ мен Жайық өзендерінің сағасындағы жерлерге көшіп барды да 1801 жылы Ішкі немесе Бөкей (өздерінің бірінші ханы Бөкейдің есімімен) Ордасының негізін қалады. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы әскери бекіністі шептердің іш жағында орналасқандықтан «Ішкі» деп аталды. Ішкі Орда қазақтарының рулық-тайпалық құрамына адай, байбақты, беріш, жаппас, есентемір, ноғай, жетіру, масқар, серкеш, тана қызылқұрт, кете, таз, төлеңгіт, ру – тайпалары енді. Патша үкіметі қазақтардың Жайық сыртына көшуіне рұқсат бере отырып, қайта қоныстандыру мәселесін ұйымдастыруды орыс тағына жан -тәнімен берілген, шекаралық патша шенеуніктерінің нұсқауларын екі етпей орындайтын сенімді адамға тапсыруды мақұл көрді. Таңдау Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанға түсті. Патша шенеуніктерінің сипаттауынша Бөкей «жоғары мәртебелі таққа шын берілген» адам болған. Көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру барысында Бөкей өз мүдделерін ұмытқан жоқ. Кіші жүз тағына отыру мүмкіндігі мен беделі жетіспей жүрген ол орыс билеушісінің сенімін пайдаланып, Жайықтың оң жағалауында өз хандығының негізін қалауды ниет етті.1812 жылдың басында патша үкіметі Бөкейді «Ішкі қырғыз-қайсақ ордасының ханы» етіп ресми түрде бекітті.1815 жылғы 12 мамырда орданың негізін қалаушы Бөкей дүниеден өтті. Ол көзі тірісінде-ақ хан атағын мұра ету құқығын өз ұрпақтарына ғана бекітіп берген еді. Өлер алдындағы өсиетінде хандық билігін сол кезде 14 жастағы баласы Жәңгірге қалдыратынын айтқан болатын. Жас Жәңгір кәмелетке толғанша орданы Шығай биледі. Жәңгір хан өкімет билігін қолға алған соң отаршыл әкімшіліктің өзіне жүктеген міндеттеріне сай қазақтардың өмірі мен тұрмысының және дәстүрлі ел басқару жүйесінің кейбір бағыттарына батыл түрде өзгерту енгізе бастады. Жәңгір көшпелі халықты отырықшыландыру мақсатымен олардың егін егуіне жан-жақты қолдау көрсетті. Орыс хуторлары мен деревняларының үлгісі бойынша тұрақты қоныстар салуға көңіл бөлді. Жәңгір хан өз ордасынан бастап ауылдарда мектептер, училищелер мен мешіттер ашты. Ол патша өкіметі мен жергілікті қазақ ақсүйектерінің мүдделерін ұштастыру саясатын жүргізді. 1827 жылы Нарын құмы Жасқұс шатқалындағы қонысты орда орталығы етіп жариялады. Ол әлеуметтік-экономикалық бағытта Ішкі Ордада феодалдық тәртіп орнатты. XIX ғ. 30 ж. ортасында Ішкі Орданың тұрғындары хан мен оның айналасындағылар патша әкімшілігінің аяусыз қанаушылығына ұшырады.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі (1836–1838 жж.)Қазақ халқының азаттық күресінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің маңызы зор.Ішкі Ордада көтерілістің алғашқы толқыны 1827–1829 жылдары болып өтті. Қазақ ауылдары Оралдың арғы жағына қайта орала бастады. Өткір жер дауы, салықтық езгі, әлеуметтік қысым, отаршылдық қанау 1836 жылы көтеріліске әкелді. Көтерілісті белгілі батыр Исатай Тайманұлы мен ақын Махамбет Өтемісұлы басқарды.1836 жылдың ақпанында Ішкі Орда қазақтарының Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды. Оған сылтау болған Исатайдың хан ордасына шақырылуы еді. Ол барудан бас тартты және өзінің ауылдарын қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен лагерін жинады.Хан мен оның айналасындағылар жала жабуға көшті. Барымта кезінде біреулер бақташы шалды өлтірген болатын. Қарауылқожа жүргізген тергеу ісі Исатайдың және оның жақтастарының өлімге қатыстылығын дәлелдеуге тырысады. 1836–1837 жылдары 15 қарашада таң алдында Тастөбе елді мекенінде көтерілісшілер мен жазалаушылардың арасында кескілескен соғыс болды. Шайқаста көтерілісшілер жеңіліп, орасан көп малдары қырылды, ондаған адам қаза тапты. Бірақ аздаған қосынмен Жайықтың сол жағасына өтіп Исатай мен Махамбет құтылып кетеді.Енді көтеріліс Жайықтың сол жағасында жалғасады. 1838 жылғы 12 шілдеде Кіші жүз жеріндегі Қиыл өзенінің бойында көтерілісшілердің жазалаушылармен кезекті шайқасы өтіп, осы ұрыста Исатай мерт болады.Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің негізгі қозғаушы күші көшпелі рулар болды. Қозғалыстың стихиялығы, нақты бағдарламасының болмауы, ұйымшылдықтың жетіспеуі жеңіліске әкелді.Махамбет Өтемісұлы халық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Ол жалынды жырлары арқылы халықты патша үкіметі мен отаршылық билікті жақтаған хандарға қарсы күреске шақырды
49) Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыс (1837–1847 жж.)
Орта жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы бағытталған бас көтерулері 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталады. Осы күрес 1837 жылы жазда Абылай ханның немересі, Қасымның баласы Кенесары бастаған жаңа, қуатты бас көтеруге ұласты.Кенесары күресті екі майданда – патшалық Ресей мен Ортаазиялық хандықтарға қарсы, әсіресе қазақ халқының бір бөлігін құлдықта ұстап отырған Қоқанға қарсы жүргізуге шешім қабылдайды. Қарулы көтерілістің алдында Қасым мен Кенесары тарапынан Орта жүз жерлеріндегі бекіністер жүйесін алып тастауды талап етіп, Сібір басшыларының атына хаттар жазылған еді, бірақ олар жауапсыз қалды.1837жылдың көктемінде Кенесары азғана жасағымен Ақмола округінің шекарасына келіп жетті. Қазақтар оның туының астына жаппай ағыла бастады. Жекеленген жасақтардың басында Кенесарының жақын туыстары Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай тұрды. Көтерілістің алғашқы сатысында өздерінің мүдделерін көздеген, Кенесарыдан қорыққан орыс қызметіндегі сұлтандар мен билердің бір бөлігі де қосылды.Кенесары 1837 жылы жазда Чириковтың жазалаушы отрядын талқандады, сөйтіп қол астына Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы және Баянауыл округтерінің аумақтарын қаратты. 1838 жылдың басында бытыраған қазақ жасақтары Кенесарының қол астына бірігеді. Көктемде ол Батыс Сібірдің губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы қарсылық хатымен елшілік жібереді, қазақ жеріндегі бекініс пункттерін жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етеді. Сұлтанның жіберген өкілдерін жазалаушылар орта жолда ұстап алады, бұдан кейін Кенесары Ресейге қарсы белсенді қимылдарын қайта жалғастырады.1838 жылдың жазында көтерілісшілер әскер старшинасы Симоновтың отрядын талқандайды. Кенесарының жасағы Ақмола бекінісінің түбінде шоғырланады. 7 тамызда бекініске қиян-кескі тіке шабуыл басталады, барлық құрылыстар өртеліп жіберіледі. Бұдан кейін күз бойы қазақтар партизан күресін жалғастырады, Ресейге жақтас сұлтандардың ауылдарын тонап және байланыс тораптарын үзіп приказдарға, пикеттерге және разъездерге жүйелі шабуыл жасайды. Күзде Кенесарының ауылдары Жоламан батыр бастаған Кіші жүздің жасақтарымен бірігу мақсатында Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойына өте бастайды.1841 жылы қазақ мемлекеттігінің қайта жаңғыруына байланысты азаттық күрестің жаңа сатысы басталады. Ұлытаудағы қазақ рулары өкілдерінің кеңесі 1841 жылы жазда Кенесарыны хан етіп сайлады. Кенесары хан орталық үкіметті нығайтуға және күресті жалғастыру үшін мықты тылды құруға бағытталған бірқатар әкімшілік пен сот реформаларын жүргізді. Хан маңында оның жақтастары кірген кеңесші орган – Хан кеңесі құрылады. Салық жинауға, әскери дайындыққа, мәмілегерлік істерге жауап беретін қызметтер ұйымдастырылады. Даладағы әскери қимылдар 1843 жылы қайта жанданды. Полковник Бизановтың басшылығымен 5000 адамнан тұратын отряд Сахарная бекінісінен, басқа отрядтар Омбыдан, Қызылжардан (Петропавловск) және Қарқаралыдан шықты. Тобыл өзені жағынан патша үкіметіне берілген сұлтан Ахмет Жантөриннің қазақ жасағы да шықты. Кенесары шайқастарда Бизановтың отрядын әбден титықтатып барып, 1843 жылдың қыркүйегінде оны Орскіге шегінуге мәжбүр етті. 1847 жылы Кенесары жасақтары қырғыз шекарасына жақындады. Мұнда олар орасан зор қиындықтарға кездесті. Жергілікті жерді білмеу, қырғыздармен арадағы жаугершілік, қырғыз, қоқан және орыс отрядтарының біріккен әрекеттері жеңіліске себеп болды. Кенесарының соңғы шайқасы Пішпекке таяу жердегі Кекілі тауында өтті. Тау ішінде қазақтарды қоқан және қырғыз әскері қоршап алады. Кенесары тұтқынға түседі. Өлім алдында ол тағы бір рет қырғыз манаптарына жаулықты тоқтатып, ортақ жауға қарсы бірігіп күресу үшін күштерді біріктіруді ұсынады, алайда бұл жолы да қырғыз манаптары оның ұсынысын қабылдамайды.
50) Орал, Торғай облыстарындағы көтеріліс (1868–1869 жж.)
«Уақытша ереженің» енгізілуі Орта жүзде қарсылыққа кездеспеді, сөйтіп көтеріліс негізінен Кіші жүзді қамтыды. Зерттеуші Н. А. Середа Орал облысындағы ашу-ызаның себебі «халық пен реформаларда» емес, қазақтарды сұлтандар арқылы басқару әдісінде деп білді. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған факторлардың бірі үкіметтің фискалдық саясатының қатайтылуы еді. Оның үстіне қатардағы көшпелілер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Мұның өзі патша өкіметінің қазақ қоғамының артықшылықтары, топтары жөніндегі қамқоршылық саясатының көрінісі болды; салықтар мен басқа да міндеткерліктердің күрт көбейтілуі Орал, Торғай облыстарында халықтық бой көрсетулердің басталуына түрткі болды.Патша «Уақытша ережені» мақұлдағаннан кейін үкіметтің бірден дерлік жүзеге асырыла бастаған салық саясатына қазақтардың наразылығы 1868 жылғы қарашаның аяғына қарай қарулы қарсылыққа ұласты. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын тамаша білген көтерілісшілерге қарсы қимылдаған шағын казак шолғыншылары олардың тегеурінін әлсірете алмады.Қарулы бой көрсетулер шектес екі облыстың бірқатар аудандарында бір мезгілде дерлік болуы себепті тұрақты бөлімдер аз болған кезде қазақтардың нақты күштерін ұтымды бөлу қиын болды. Оның үстіне көтерілісшілер өздерінің бытыраңқы жасақтарын үкіметтің өзін-өзі қорғайтын күштерімен жеткілікті қамтамасыз етілген ірі әскери-тірек бекеттеріне қарсы емес, қайта қазақ ауылдарына казак отрядтарының қорғауымен жасырынып жүрген жеккөрінішті старшындарға, болыстарға қарсы бағыттады.Көтеріліс Орал облысының солтүстік-батыс аудандарын, атап айтқанда, бұрынғы халық көтерілістері бойынша да отаршылдыққа қарсы қозғалыстарға белсене қатысқаны аңғарылған жауынгер табын, шекті руларының қоныстарын кең қамтыған. Бұл жолы да табындар реформадан кейінгі кезеңдегі отаршылдыққа қарсы күреске елеулі үлес қосты. Отаршылдық өкімет орындары көтерілістің шектес екі далалық облыс аумағына қанат жаюының шын мәніне бойлап жатпай, мұның себебін барлық уақытта хиуалықтардың ықпалы деп білді.
XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін Хиуа үкіметі Ресейге барынша адалдық көрсетіп, онымен ең алдымен өзара тиімді сауда қатынастарын жасап отырды.
Маңғыстаудағы көтеріліс (1870 ж.)«Уақытша ереже» Маңғыстауда 1870 жылы енгізілді. Патша әкімшілігі Маңғыстаудың негізгі халқы – адай руы «Уақытша ережені» күрессіз қабылдамайды деп қауіптенді және оны жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды күтті.Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869–1870 жылдар үшін шаңырақ алымын жаңа тарифке сәйкес дереу енгізуді талап етті; көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозашы түбегінің балықшы жатақтары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатуға тырысқан Рукиннің ойланбай жасаған әрекеттері жер-жерде көтерілістің басталуына себеп болды. Көтерілісшілердің жетекшісі Иса Тіленбаев қалың бұқараға басшылық етуде шеберлік және жазалаушылармен келіссөздерде дипломатиялық әдептілік танытты. Көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станицасына, Александровск фортына шабуыл жасады, алайда олар сәтсіздікке ұшырады. Патшалық өкімет орындарын көшпелілердің батылдығы қорқытты, мұның өзі оларды қосымша әскери көмек сұрауға мәжбүр етті; Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертті. Қозғалысты басуға басшылық жасау қолына шоғырландырылған граф Кутаисов «ең жабайы, дөрекі және жауынгер қазақтарды» тыныштандырудың өз жоспарын ұсынды. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмады, мұның өзі саны жөнінен болмашы жазалаушы отрядтардың халық қарсылығының негізгі ошақтарын тұншықтыруына мүмкіндік берді; қазақ шаруаларының рулық тар өрістері мүдделері отаршыл империяның әскери құрамаларының өзінің ұйымдасуы жағынан едәуір кем түскен көтерілісшілер жасақтарындағы тұрақтамаушылықты туғызды. Көтеріліс шағын сипатта болғанымен, оның географиялық шеңбері тым ауқымды болды – бүкіл дерлік Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның бір бөлігі қазақ шаруаларының бой көрсетулерімен қамтылып, «Уақытша ереженің» жүзеге асырылуын қиындатты
53 )Қазақстандағы XIX ғ. 60–90 жж. әкімшілік-саяси реформалар 1867–1868 жж.
1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі істер министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Ш. Уалиханов Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік билік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді.1867 жылы наурызда Қазақ жерін, Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д. А. Милютин бастаған ерекше комитет құрылды. Нәтижесінде II Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша Ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы уақытша Ережені» бекітті.1867–1868 жылдары реформаның негізгі мақсаты «Қазақ даласының XIX ғасырдағы Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды. Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір, әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі – Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан, Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал– губернаторлықтарының құрамына кірді. Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден тұрды.Әкімшілік басқарма әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарында шоғырландырған әскери губернаторлар тұрды.1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ереже» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады. Оның міндетіне билер сотының шешімін орындату кірді. Ауыл старшындары өзінің құзырында болыстық басқармалардың міндеттерін орындады.Ескі экономикалық және идеологиялық жағынан тұтас, туыстыққа негізделе біріккен әкімшілік-рулық ұжымдардың орнына «Уақытша Ережені» енгізудің нәтижесінде жасанды бірліктер пайда болды. Осының бәрі қоғамдық билік жүйесінің дәстүрлі базасына әсер етті. Сондықтан тоқырауға ұшырады, оның маңызы, беделі және қажеттілігі төмендеді.
1886–1891 жж. әкімшілік реформалар.1886 жылдың 2-маусымындағы Түркістан өлкесін басқару туралы ереже. III Александр патшаның Түркістан өлкесін басқару туралы 1886 жылғы 2 маусымда қол қойған Жарлығы кең-байтақ өлкені басқарудың бүкіл құрылымына реформа жасауды бастап берді. Жаңа ережеге сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына үш облыс: Сырдария, Ферғана, Самарқанд кіргізілді. Кейініректе, 1897 жылы, Жетісу облысы да жаңа генерал-губернаторлықтың құрамына берілді. Облыстардың билігі әскери губернаторларға берілді. Халық саны 800 230 адам, жер көлемі 353 430 шаршы шақырым болатын, көршілес Жетісу облысы 6 уезден: Верный, Қапал, Лепсі, Пішпек, Пржевальский және Жаркент уездерінен тұрды.1886 жылғы Ереженің негізгі өзегі бүкіл жер қорын мемлекеттің меншігіне беру болды, ол қазақтардың экономикалық әл-ауқатының негізгі нысаны – мал шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялап, жергілікті халықты жерін беймерзім жалға берушілер деп қараған үкімет, соңғыларына «мал жаюға, топырақ және тас, балшық жинауға» құқық бере отырып (253-бап), номадтардан құнарлы алаптардың алып қойылуын тездетті, ол XX ғасырдың басында столыпиндік аграрлық реформалардың жүргізілуімен аяқталды. 1886 жылғы Ереженің отаршылдық бағыты салық жүйесінен де өз көрінісін тапты. Ол 1867 жылғы Уақытша ереженің баптарын қайталады; әр түрлі міндеткерліктердің көлемін көбейтті. Мысалы, шаңырақ алымы 4 сомға дейін көбейтілді. Сот құрылымындағы өзгерістер Ережеде көрсетілген жаңалықтардың іске асырылуын заң тәртібімен қамтамасыз етуге тиіс болды және ол рыноктық қатынастарға тартылған әлеуметтік жіктердің мүдделерін қорғауды көздеді. Негізгі үш сот инстанциясы – бітістіруші судья, облыстық сот және үкіметтік Сенат отаршылдық тәртіптер енді ғана орныға бастаған жағдайларда қоғамның тіршілігін құқықтық жағынан қамтамасыз етуді реттеген бұрынғы заң ережелерін жоққа шығарды
54)XIX ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениет пен ғылым. Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі мал шаруашылығымен, егіншілікпен, үй кәсіпшілігімен және қолөнермен байланысты еңбек құралдары болып табылады. XIX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады. Ең көп таралған қару түрі үш метрлік «сойыл», одан соң «шоқпар» болды. XIX ғасырдың орта шеніне дейін аң аулау кезінде садақ қолданылды.Көшпелі қазақтардың негізгі тұрғын үйлері көші-қонға ыңғайлы киіз үйлер болатын. Қазақтың киіз үйлері олардың үлкендігімен, яғни тігілген киіз үйде қанат деп аталатын кереге санымен анықталатын. Қанаттар саны 4 қанаттан 12 қанатқа дейін және одан да көп болатын. Сыртқы түрі бойынша күмбез тәрізді және шошақ болып келетін. Қысқы қыстаулар орналасқан өзендердің аңғарлар мен тау шатқалдарына қазақтардың киіз үйлері тұрақты үлгімен салынатын. Бұлар жер бетіне киіз үй сияқты етіп тастан (шошала), қамыстан (доғара) тұрғызылған құрылыс түрінде, тік бұрышты жеркепе және жертөле, жер бетіне тік бұрышты етіп салынған шым үй және саз балшықтан домбаздалған соқпа там болды. Дәстүрлі ағаш жәшіктер – кебежелердің, көрпе-төсек жинауға арналған жүкаяқтардың және ескіден келе жатқан төс-ағаштардың орнына, қазақтардың тұрмысында әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын, көлемі әр түрлі сандықтар пайда болды.
Ұлттық киім. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Сонымен бірге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестемен сәнделетін.
Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарларының терілерінен тігілетін ішік жатады. Өте кең таралған және бәрінің қолы жететін қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Барлық жастағы еркектердің қыста киетін аяқ киімі ішінде киіз байпағы бар, аласа да жалпақ өкшелі, ұзын қонышты саптама етік болды. Ересек еркектердің бәрі шашын тықырлап алдырған, басына тақия, тебетей киетін. Қазақстанның бүкіл аумағында қазақтардың ең көп таралған қыстық бас киімі «тымақ» болды.
Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қыздардың немесе жас келіншектердің көйлектері пішімі жөнінен де, матасы жағынан да жасы үлкен әйелдердің көйлектерінен өзгеше болған. Ол етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілді. Жеңі жең ұшына қарай тарыла берді. Әйелдердің былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп, алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем әшекейленіп отырды. Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Әйелдің жасына және оның отбасындағы жағдайына қарай олардың бас киімдері де ерекшеленіп отырды. Жаз кезінде қыздар түрлі-түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол зеркестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей — «қасаба» деп аталды. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешек ақ мақта-матадан дайындалған.
Қазақ әдебиеті. XIX ғасырда орыс ғалымдары мен қазақ зиялыларының жекелеген өкілдері ақындар, суырыпсалма жыршылар, жыраулар туралы мәліметтер жинап, тіпті олар шығарған әндер мен жырлардың мәтіндерін жазып ала бастады. Ақындар мен жыршылардың кейбіреулері өз туындыларын жазып отырды. Соның арқасында олардың өлеңдерінің түпнұсқа мәтіні сақталып қалған. XIX ғасырдың ортасынан бастап жекелеген ақындардың өлеңдері мен жырлары жариялана бастады. Бұл жекелей поэзиялық шығармашылықтың айқын көрініс тапқан және дами бастаған дәуірі болды.
XIX ғасырдың басында өмір сүрген Шал, Көтеш, Жанкісі жыраулар өз толғауларында әлеуметтік теңсіздікті, хандардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеген.
Кедей ортадан шыққан Көтеш ақын (1745–1818) өмір бойы жоқшылық тауқыметін тартты. Оның шығармашылығының басты сарыны – кедейдің азапты өмірін көрсету, әділетсіздікті әшкерелеу.
Шал ақынның (1748–1819) шығармашылығы болған оқиғаға ақындық шабытпен сол сәтте үн қосуымен сипатталады. Олар қазақ халқының тарихындағы жекелеген оқиғалармен байланысты. Онда арнау өлеңдер мен мысқыл өлеңдері көп. Шал шығармашылығының негізгі тақырыбы – адам өмірі оның мәні, мораль, этика, дін мәселелері.
Музыка өнері. Қазақ халқының тұрмысы мен қоғамдық өмірі және еңбек әрекетімен біте қайнасқан рухани мәдениетінің етене саласы музыка болды. Дәстүрлі орныдаушылық – жеке ән салу мен аспапты жеке тарту кең тараған, әнді қосылып айту сирегірек; шығармалардың негізгі түрлері — ән мен күй. Жиырмадан аса әр түрлі музыкалық аспаптар болған, олардың бір сарынды ғана дыбыс шығаратын кейбіреулері – шертер, жетіген, саз сырнай, кепшік, шаңқобыз, даңғыра, асатаяқ және басқалары музыка өнерінің кәсіби талаптарына сай келмей, біртіндеп құри берген. Ал дыбыстық сапаларын жетілдіруге келетін басқалары музыкалық аспаптар тобын құрады. Олар: домбыра – ағаштан жасалған, шертіп ойналатын екі ішекті аспап, шанағы сопақша, кейде жазық формалы болып келеді; қобыз немесе қылқобыз – тостақ тәрізді толық ағаш шанақты және мойыны ішіне қарай иілген ыспалы қос ішекті аспап; сыбызғы – ағаштан, іші қуыс қамыс-қурайдан немесе металл түтіктен жасалған, 4–6 саусақ басар ойыңы бар ұзынша үрмелі аспап; дауылпаз – сырты тері жарғақпен қапталған ағаштан немесе металдан жасалған кішкене қазан түріндегі соқпа аспап.
XIX ғасырдың бірінші жартысындағы музыка өнері өткен замандар туындыларының таңдаулы үлгілерін сақтау және олармен сабақтас халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты жаңа шығармалар жасау негізінде дамыды. XIX ғасырдың музыкалық мәдениетінде 1836–1837 жылдардағы феодализм мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов пен оның ең жақын серігі, ақын әрі жыршы Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс елеулі із қалдырды.
Шығармашылық жолын сол жылдары бастаған болашақ халық композиторы Құрманғазы Сағырбаев (1806–1879) өзінің алғашқы шығармаларының бірі — «Кішкентай» күйін Исатай Тайманов көтерілісіне арнады. Көтеріліске қатысқан ол бұл күйінде халықтың отаршылдық бұғауынан азат болуға деген тегеурінді талпынысын көрсетті. Одан халық қайғысының, жеңіліс күйінішінің үні естіледі. «Кішкентай» күйінің музыкасы өзінің тебірентетін тегеурінді бейнелілігімен, композициясының айқындығымен, көркемдік техникасының күрделілігімен тамаша таланттың өсіп келе жатқанын көрсетті. Ол халықтың қалың ортасында өсті және қажырлы еңбегімен кейіннен халықтың кәсіби музыкалық мәдениетінің классикалық шыңына көтерілді.
